- •1‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •2. Тілдің шығуы туралы қазіргі және өткен кезең ойшылдарының, тілші-ғалымдардың пікірлерін салыстырып, ұстанған теорияларының мәнін айқындаңыз.
- •2 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 2 Тіл дыбыстарының психофизиологиялық аспектісі
- •§ 2 Тілдің актив және пассив лексикасы
- •4 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 1 Тіл дыбыстарының акустика-артикуляциялық сипаты
- •§ 2 Сөйлеу тіліндегі фонетикалық процестер
- •4 Лексикалық жүйедегі парадигмалық және синтагмалық қатынастар.
- •5 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жқмыстар
- •Құбылмалы көл
- •Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі мен құрамы
- •6 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 1 Сөз формасы және сөзжасамдық модельдер
- •7 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Найман-Ана
- •Тіл біліміндегі функционалды грамматика мәселесі
- •8 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркесі және сөйлем синтаксисі
- •Салыстырмалы-тарихи тіл білімі
- •Дүние жүзі тілдерінің генеологиялық жіктелімі
- •10 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Дене мүшелері атаулары
- •Дүние жүзі тілдерінің типологиялық жіктелімі
- •12 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Птицы-символы
- •Жазудың шығу тарихы, дамуы және теориясы
- •Қазіргі қазақ тіл біліміндегі антропоөзекті бағыттың қалыптасу мен дамуы
- •Қазақ тіл білімінде қолданбалы лингвистиканың қалыптасуы мен дамуы
- •Негізгі әдебиеттер:
- •Қосымша әдебиеттер:
- •Сөздіктер:
- •Глоссарий
- •Пән бойынша әдістемелік нұсқаулықтар
- •Пән бойынша орындалатын тест тапсырмалары
- •86. Ұғым дегеніміз –
- •87. Сема дегеніміз –
8 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
Іс-әрекеттің созылыңқылығын, дүркінділігін, кенеттен үзілуін, шапшаң орындалуын сипаттайтын тілдік бірліктерді айқындап, талдау жасаңыз.
Күн сайын көкжиектен көтеріліп Күн шығады. Бүкіл әлемге шұғыла шашады. Таң атады. Біз мұны күнде көреміз. Сондықтан күннің әр жолы қалай шығып, қалай батып жатқанына жөнді мән бермейміз. Олай болса, ертеңгі шығатын күннің де онша-мұнша көзге шалына қоймайтын өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан адамзат сан мыңдаған жылдар бойы бұл киелі құбылысты тамашалаудан жалықпай келеді. Күннің шығуын әрбір тарихи ұрпақтың суретшілері әр түрлі етіп бейнелеуі де тегін емес. Тіпті бір күнде салынған құдіретті Күннің екі суреті де бір-біріне ұқсамайды ғой.
Табиғаты сезімтал жандар қашанда әрбір Күннің, әрбір секунд Уақыттың өзіндік ерекшеліктерін мүлт жібермей, жазбай таниды. Мұндай жандар басқалардан гөрі көбірек көре біледі, жақсырақ ести біледі, айқынырақ сезе біледі.
Аспан әлемі маған бас көтермей оқи беруге болатын ғажайып қызық кітаптай боп көрінуші еді. Сол кітапты оқып жатып, Арман ауылына саяхат жасам кетемін. Сонау қиял жетпес жұлдыздарға да талай мәрте барып қайттым.
Мен сан қилы қиялға беріліп жатырмын. Қазір жұрттың бәрі қалың ұйқыда. Адамның күні ертең істейтін жұмысы да, алдағы мақсаты да, көңіліне ұялаған арманы да сұмдық көп қой. Әйтсе де, адамдар соның бәрін ұмытып, тәтті ұйқыға беріледі.
Таң қылаң бере бастады ма, аспандағы бұлт ыдыраңқырады ма, әйтеуір, түні бойы қап-қара боп тұрған терезе жақ бозамықтануға айналды. Иә, әлемге тағы бір жаңа Күн шығып келе жатса керек. Өмірде күн сайын соны көруден артық қуаныш жоқ. Жұрттың бәрі одан тек шапағат күтеді. Әрбір таң арай шашып атқан сәтте біреулерге қуаныш сыйласа, енді біреулерге реніш ала келуі де ықтимал. (Келімбетов Н. Жарлы емеспін, зарлымын).
Дәріс 9
Қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркесі және сөйлем синтаксисі
Дәріс жоспары:
1 Синтаксис және оның зерттеу нысаны.
2 Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері мен түрлері.
3 Жай сөйлем және құрмалас сөйлем синтаксисі.
4 Қазақ тіл біліміндегі функционалды синтаксис мәселесі.
5 Мәтін лингвистикасы және дикурс мәселесі.
1 Синтаксис және оның зерттеу нысаны. Сөйлеу коммуникациясы тілде синтаксис жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта қазақ тілінің синтаксис саласы сөз тіркесі синтаксисі, жай сөйлем синтаксисі және құрмалас сөйлем синтаксисі болып зерттеледі. Жалпы түркі тілдерінің грамматикалық құрылымына қатысты М.А.Казем-Бектің «Общая грамматика турецко-татарского языка» атты еңбегінің «Сөз тіркестері» деген бөлімінде сөздердің байланысу, тіркесу амалдарына тоқталып өткен. 1894-1897 жылдар аралығында жарық көрген «Қазақ-қырғыз тілдерінің қысқаша грамматикасы» атты еңбегінде П.М.Мелиоранский синтаксистің біраз мәселелерін сөз етеді. А.Н.Кононов сөз тіркесінің байланыстары туралы да бірқатар тұжырымдамалар жасаған. Ол «Түрік тілінің синтаксисі» жөнінде жазған еңбегінде сөз тіркестерінің байланысу түрлерін меңгеру, қиысу және қабысу деп бөледі және олардың сөз таптарына қатысы туралы айтылады.
Қазақ тіл білімінде сөз тіркесі және сөйлем синтаксисі мәселесі Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, С. Жиенбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, С.Исаев, К.Аханов, Т.Сайрамбаев, Р.Әміров, М.Серғалиев, А.Айғабылов, О.Күлкенованың еңбектерінде қарастырылған болатын.
Синтаксистегі негізгі ерекшелік ̶ сөздердің тіркесімділігі. Синтаксистің зерттеу нысандарының бірі ̶ екі немесе бірнеше сөздің бағыныңқы-басыңқылық сипатта келуі, сөйлеу коммуникациясында сөздердің өзара тіркесімділік құрай алу қабілетін айқындау. Сөздің синтаксистік мағынасы оның лексикалық мағынасына қарағанда шектеулі болады. Өйткені тілдік коммуникацияда сөздің бір ғана мән-мағынасы қолданысқа түседі. Мұны синтаксистік тіркесімділік деп атайды. Жалпы тіл білімінде тіркесімділіктің екі түрі көрсетіледі: лексикалық және синтаксистік. Қазақ тіл білімінде синтаксистік тіркесімділік мәселесі Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Р.Әмір, М.Серғалиев, С.Исаев, Т.Сайрамбаев, Ж.Жакупов, З.Ерназарова сынды ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады. Синтаксистік тіркесмділікті синтаксистік конструкциялар түзеді. Бұл жөнінде З.Ерназарова: «Сөйлем құрылысын сөздің лексика-семантикалық мәні анықтамайды, сөздер арасындағы семантика-синтаксистік қатынастар ̶ синтагмаларды анықтайды, сөйлемді құрастырушы компоненттердің сөйлеу мақсатына қарай қолданысқа енуімен байланысты сөйлемнің ең кіші бірлігі ретінде синтаксема алынады», ̶ деп жазады (1,19). Синтаксистік тіркесімділік заңы бойынша басыңқы сыңардағы сөз бағыныңқы сыңардағы сөздердің белгілі бір қосымшалармен келуін керек етеді. Айталық, басыңқы қызметтегі сабақтас етістік бағыныңқының табыс септігінде тұрып, тура обьектіні білдіргенін қалайды. Мысалы: кітапты оқыды, сабақты айтты, атасын тыңдады т.б.
Тіркесімділіктің бір түрі ̶ лексикалық тіркесімділік. Лексикалық тіркесімділікте лексикалық және семантикалық шектеулердің болатындығын тіл фактілері айқындап отыр. Семантикалық шектеулік тұрғысынан алғанда тіркесімге түсетін сөз мағыналары өзара семантикалық және логикалық байланысқа түсуі тиіс. Қазақ тіл білімінде лексикалық синтагматика мәселесін арнайы қарастырған Ғ.Хасанов лексикалық тіркесімділікті екіге бөледі: еркін және байлаулы лексикалық тіркесімділік. Лексикалық синтагматика ̶ сөздің өзіндік мағынасының ұғымдық және заттық, сезімдік тұрғыдан үйлесе алуы деген сөз. Мысалы: жарымжан көңіл, сараң бай, иманды адам, көргенді қыз тіркестерінде барлық макросемалар үйлескен синтагматика арқылы жүзеге асады (2,14-15).
2 Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері мен түрлері. Сөз тіркесі құрамындағы сөздер бір-бірімен өзара мағыналық және синтаксистік байланысқа түсуі қажет. Сөздердің синтаксистік байланысы аналитикалық және синтетикалық тәсілдерге негізделеді. Сөздер аналитикалық тәсіл арқылы байланысқанда ешбір қосымшаның жалғануын қажет етпейді, сөз тіркесі құрамындағы сөздер орын тәртібі, интонация арқылы байланысады. Сөздер интонация арқылы байланысқанда дауыс ырғағы мен әуеніне ереше назар аударылады. Зере сабақ басталар күнді асыға күтті деген сөйлемнің мәнін айқын түсіну үшін дауыс екпінін дұрыс қою керек. Ал орын тәртібі арқылы байланысқа түскен сөз тіркесінің құрамындағы сөздердің орын тәртібі қатаң сақталады.
Қазақ тіл білімінде сөз тіркесінің негізін құрайтын басыңқы сыңардың мағыналық қасиетіне қарай топтастыруда ерекшеліктер бар. Мәселен, К.Аханов, М.Серғалиев есімді сөз тіркестері, етістікті сөз тіркестері және үстеулі сөз тіркестері деп жіктесе, М.Балақаев, Т.Сайрамбаев есімді сөз тіркестері, етістікті сөз тіркестері және ортақ басыңқы сөз тіркестері деп көрсетеді. М.Балақаевтың пікірінше, ортақ басыңқы сөз тіркестері есім сөз бен көмекші етістіктің табыс септікті сөзді меңгерген түріне тән (3, 591). Мысалы: сабақты жақсы береді, өткен өмірін еске түсірді т.б. М.Балақаев сөз тіркесінің құрылымдық типологиясын жасауда зат есім мен етістіктің алатын орны ерекше деп көрсетеді. Басыңқы сыңары зат есім мен етістіктен болған сөздер бағыныңқы сыңардағы сөздермен тіркес құрауында белгілі бір заңдылыққа сүйенеді. Етістік қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөз табы ретінде өзінің лексика-грамматикалық және жалпы категориалдық мағынасына қарай зат есім, үстеу, еліктеуіш сөздер мен көсемше формалы сөздермен тіркеседі. Сол себепті етістікті немесе есімді сөз тіркестері болсын, ең алдымен, сөздердің грамматикалық сипатына қарай, мағынаның жақындығы мен ортақтығына қарай әртүрлі тәсілдер арқылы байланысқа түседі.
Есімді сөз тіркесінің басыңқы сыңарлары зат есім, сын есім, сан есім мен есімдіктерден құралады. Есімді сөз тіркестері сөз таптарымен үш түрлі құрамда тіркесім құрай алады:
1 түрлі сөз таптарының тіркесі арқылы: кең үй, тоғыз студент т.б.
2 бір сөз табына кіретін сөздердің тіркесі арқылы: темір күрек, бұл өзі т.б.
3 бір сөздің қайталануы арқылы: даңқымен даңқты, пысықтың пысығы т.б.
3 Жай және құрмалас сөйлем синтаксисі. Сөйлемнің өзіне тән тілдік белгілері болады. Бірінші белгі ̶ құрылымдық белгі. Қарым-қатынастың негізгі бірлігі ретінде жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің өзіне тән құрылымы болады. Екінші белгі ̶ семантикалық, яғни предикативтілік. Предикативтілік сөйлем мазмұнын шындық болмыспен байланыстырады. Предикативтіліктің ажырамас бөліктерін шақ, жақ категориясы мен модальдылық құрайды. Предикативтіліктің тағы бір қасиеті ̶ интонация. Интонация сөйлемнің құрылымы мен мазмұнын, айқындайды және сөйлеушінің субьективтік қатынасын білдіреді (4,629).
Бір сөзден немесе бірнеше сөз тіркесінен құралған, өз алдына дербестігі бар шындық болмыс туралы сөйлеушінің ойы жай сөйлем деп аталады. Құрмалас сөйлем деп екі не одан да көп предикативтік компоненттердің өзара лексика-семантикалық, грамматикалық тәсілдердің көмегімен мағыналық, құрылымдық, интонациялық біртұтастық жасап бірігуі арқылы күрделі ойды білдіруге қызмет ететін коммуникативтік түрін айтамыз (4, 690).
Қазақ тіл білімінде алғаш рет құрмалас сөйлем мәселесіне назар аударған А.Байтұрсынов болатын. Ғалымның «Тіл – құрал» атты еңбегінен бастау алған құрмалас сөйлем мәселелері C.Аманжолов, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Қ.Есенов, Р.Әміров сынды белгілі ғалымдардың зерттеу еңбектерінде ғылыми негізде талданып, сараланған. Т.Қордабаев құрмалас сөйлемге «екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралатын құранды категория» деп қарайды. Ол құрмалас сөйлемнің негізгі белгілерін төмендегідей көрсетеді:
- құрмалас сөйлемнің әрбір компоненті, мейлі ол тиянақты болсын, сөйлемдік мағынаға ие болуы, бір ойды қамтуы керек.
- құрмалас сөйлем компоненттерінің білдіретін мағыналары бір-біріне жақын, қандай да болмасын белгілі бір дәнекерлер арқылы ұштасып жататын желілес күрделі ой болады.
- құрмалас сөйлем құрамына енетін әр компонент, мейлі ол тиянақты болсын, мейлі тиянақсыз болсын, жалпы сөйлемге тән қасиеттерге ие болуы шарт (5, 10).
4 Қазақ тіл біліміндегі функционалды синтаксис мәселесі. Бүгінгі таңда жай және құрмалас сөйлем синтаксисі мәселелері антропоөзектік бағыт негізінде функционалды аспект тұрғысынан зерттеле бастады. Бұл бағытта зерттеу жүргізген ғалымдардың қатарына Ж.Жақыпов, З.Ерназарова, Т.Ермекова, Ф.Оразбаева, Д.Әлкебаева, Б.Сағындықовты жатқызуға болады. Қазіргі тілтанымда кеңінен өріс алып отырған антропоөзектік ұстанымға орай, сөйлемді таза грамматикалық сипатта ғана емес, функционалдық бағыт тұрғысынан да қарастыру белең алып отыр.
Қазіргі қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлем синтаксисі құрылымдық-семантикалық және функционалды-семантикалық бағытта қарастырылып келеді. «Құрылымдық зерттеуде байқала бермейтін тілдік құбылыстар тілдің мәтін түзудегі функциясын зерттеу барысында айқындала түсетіні мәлім болып отыр. Қандай да болмасын белгілі бір мәтін ойдың жемісі, ойдың дамуы болғандықтан, ойлаудың формаларымен тығыз байланысты. Біліктілігі жоғары деңгейдегі авторлардың шығармаларында ой бір-бірімен жалғасып, бірінен-бірі өрбіп жатады. Мұның өзі мәтінді біртұтас ерекше жұйе ретінде тілден тысқары түрлі жайттармен тығыз байланыста қарастыруды қажет етеді» дей келе, «функционалды синтаксистің басты міндеті ̶ тілді орамды етіп, байланыстыра сөйлеудегі синтаксистік құралдардың қызметін айқындау» ̶ деп көрсетеді (6, 3).
Тілдің қарым-қатынас құралы ретіндегі негізгі қызметі синтаксис арқылы жүзеге асады, сондықтан коммуникативті синтаксис сөйлемдерді құрылымдық тұрғыдан емес, олардың мазмұны, семантикасы тұрғысынан зерттейді. Синтаксис ойлаумен, қарым-қатынас үдерісімен жəне сөйлеу жағдаятымен тікелей байланысты. Тіл-тілде синтаксистік құрылымның өзіндік ерекшеліктері бар. Функционалдық синтаксис тілде өтініш, тілек, таң қалу, сүйсіну сияқты сезімдердің берілу амалдарын сипаттауға мүмкіндік береді. Функционалдық синтаксис сөйлеу процесіндегі синтаксистік бірліктердің қызметін қарастырады, соған сәйкес сөйлемнің типтері де нақтыланады.
5 Мәтін лингвистикасы және дискурс мәселесі. Жалпы тіл білімінде мәтін мәселесі үстіміздегі ғасырдың 70-80 жылдарына дейін сөйлем деңгейінде қарастырылып келді. Жүргізілген соңғы лингвистикалық зерттеулер бойынша, лексикалық және грамматикалық категориялардың семантикалық ерекшеліктерін сөйлем негізінде толық ашу мүмкін еместігі дәлелденіп, соның негізінде мәтін лингвистикасы қалыптасты.
Тілтанымда мәтінге берілген анықтамалар көптеп кездеседі. Берілген анықтамалардың бір-екеуіне тоқталып өтсек: «Мәтін – жазба құжат түрінде толық аяқталған ойды білдіретін, әдеби тұрғыда өңделген, тақырып лексикалық, грамматикалық, логикалық, стилистикалық байланыстардың әртүрлі типтерімен біріккен, күрделі фразалық бірліктерден тұратын, белгілі бір мақсаты бар сөйлеу шығармашылығының туындысы» (7,18). «Мәтін – жүйелі, тұтас, тиянақты қалыптасқан және мағыналық жақтан өзара байланысқан сөйлемдердің бірізділігі, коммуникацияға қатысуға тән сөйлемелік бірізділігі, жазу үлгісіндегі ауызша сөйлеу шығармашылығы» (8, 54). Сонымен, мәтін – автордың интенциясына сәйкес белгілі бір коммуникативті мақсатты жүзеге асыратын, иерархиялы-семантикалық құрылымға негізделген күрделі мазмұнды тұтастық.
Мәтін лингвистикасына қатысты жалпы тіл білімінде И.Гальперин, С. Гиндин, З.Тураева, Л.Бабенко, А.Залевская, Г.Солганик, Ю.Левицкий, Л. Поповская сынды ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Зерттеу еңбектерінде мәтіндегі автордың интенциясы мен прагматикасы, мәтінтүзімдегі лексикалық, морфологиялық және синтаксистік деңгей бірліктерінің қызметі, мәтін құрылымы, тілдік бірліктердің жұмсалымдық қызметі, мәтін типологиясы мәселелері қарастырылады.
Қазақ тіл білімінде мәтінтану мәселесіне қатысты зерттеулер өз негізін А. Байтұрсынов, Қ.Жұбанов еңбектерінен алады. Бұл туралы Б.Шалабай мынадай пікір айтады: «А.Байтұрсынұлы мәтінді «шығарма сөз» деп атап, сөйлеудің бірлігіне жатқызады. А.Байтұрсынұлы шығарманың тақырыптан, ал мәтін мазмұнының үш мүшеден, яғни аңдату, мазмұндау, қорытындыдан тұратынын көрсетеді. Сондай-ақ мәтіннің қатысымдық қызмет тудыруға негіз болатынын, айтушының ойының өзге үшін бағытталатынын алғашқылардың бірі болып айтты» (9, 24).
Қазақ тіл білімінде мәтін лингвистикасы теориясына қатысты академик Р.Сыздық, Б.Шалабай, Г.Смағұлова, З.Ерназарова, Г.Әзімжанова, Д.Әлкебаевалардың, газет мәтінін қарастырған Б.Момынова, Қ.Есеновалардың; көркем мәтінді жеке зерттеу нысаны ретінде С.Құнанбаева, Ж.Қайшығұловалардың жүргізген ғылыми зерттеулерін айта аламыз.
Қазақ тілтанымында мәтін лингвистикасы ғылым саласы ретінде академик Р.Сыздықованың еңбектерінен бастау алады. Атап айтқанда, «Абай шығармаларының тілі», «ХҮ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы», «Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің тілі», «Абайдың сөз өрнегі», «Жазушы және сөз мәдениеті», «Сөз құдіреті» атты іргелі зерттеулерінде мәтін тілінің көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін сөз етеді.
Сөйлеу формасына қарай мәтіннің ауызша және жазбаша түрі көрсетіледі. Жазбаша мәтін алдын-ала ұйымдастырылған, көру әрекеті арқылы қабылданатын, қабылдаушы жақтың қатысуынсыз жүзеге асады. Ауызша мәтін тыңдау әрекеті арқылы қабылдауға негізделетіндіктен, түсінбегенін қайта сұрау мүмкіндігі, сөйлеушінің сөйлеу үдерісіндегі қолданылатын ым-ишарат белгілерінің тыңдаушыға әсері, тыңдаушының әңгімеге араласуы сияқты тілдік белгілерін атап өтуге болады.
А.Бабенко, Ю.Казарин «Лингвистический анализ художественного текста» атты еңбегінде мәтін талдаудың лингвоцентристік және антропоцентристік түрлерін көрсетеді. Лингвоцентристік тәсіл ̶ мәтінді талдаудың дәстүрлі тәсілі саналады. Лингвоцентристік тәсілдің нысаны – тіл және мәтін. Лингвоцентристік тәсіл көркем мәтіннің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық, стилистикалық бірліктерін қарастыруға негізделеді.
Антропоцентристік тәсіл – мәтіннің интерпретациясына байланысты автор позициясы мен оқырман позициясы қамтылады. Бұл тәсіл арқылы мәтінтану төмендегідей бағыттарға бөлінеді:
- прагматикалық (А.Баранин);
- жанрлы-стильдік (М.Бахтин, М.Кожин);
- танымдық тәсіл (В.Дейк, Т.Виноградов);
- деривациялық (Е.Кубрякова, Л.Мурзин);
- коммуникативтік (Г.Золотова, Н.Болотнова);
- психолингвистикалық (Л.Выготский, А.Леонтьев).
Танымдық тәсіл – соңғы он жылдыкта ғылыми парадигманың ізімен алдыңғы орынға шықты. Мұнда тіл әлемнің тілдік бейнесі ретінде қаралады. Нысаны: автор – мәтін – мәтіннен тыс болмыс (10, 114). Психолингвистикалық аспект тұрғысынан алғанда, мәтін ̶ адамның сөйлеу әрекетінің нәтижесі. Психолингвистердің мәтін лингвистикасына қатысты назар аударатын мәселесі – мәтінді қабылдау мен түсіну әрекеті. Мәтін психологиялық жағынан өзіндік табиғатына сай адамның ойына бағытталады және осы қасиеті негізінде оқырман өз таным-түйсігіне қарай қабылдайды. Г.Смағұлова: «Егер мәтін адамның сөйлеу әрекетінің жемісі болса, онда мәтін лингвистикалық мағынамен қатар ұғымдық категориялармен бірге (грамматика, логика), онтологиялық (философиялық) категориялармен де байланысты болады», – дейді (11,45). Прагматикалық аспектіден мәтін авторының обьективті болмыс пен маұмұнға қатынасы сипатталса, онтологиялық тұрғыда ̶ мәтіннің болмысы, алатын орны қарастырылады.
Г.Әбікенова мәтін типтерін төмендегідей жіктеп көрсетеді:
Стиль түрлеріне қарай: |
ғылыми, көсемсөз, іскери, көркем мәтін |
Ақпаратты тасымалдау түрі бойынша: |
ауызша, жазбаша, электронды т.б. |
Көлеміне қарай: |
макромәтін, микромәтін, күрделі синтаксистік тұтастық т.б. |
Қарым-қатынас тақырыбы мен сөйлеу тәсіліне қарай: |
гуманитарлық, тарихи, танымдық, аргументтік т.б. |
Берілу тәсіліне қарай: |
диалог, монолог, полилог |
Кесте 1. Мәтін типологиясы.
Тіл білімі дамуының кейінгі кезеңінде дискурс теориясына байланысты ғылыми зерттеулер жүргізіліп келеді. Дискурс мәселесіне байланысты зерттеу жүргізген шетелдік ғалымдар қатарынан Т.Гивон, А.Кибрик, А. Ван Дейк, Н.Хомский, Л.Выготский, Т.Ахутина; қазақ тіл білімі бойынша Н.Уәли, Г.Смағұлова, Д. Әлкебаева, Г.Бүркітбаева, Ж.Кеншінбаева сынды ғалымдардың зерттеулерін атап өтуге болады.
Дискурс теориясының қалыптасуында Франц Бае және В.Матезиустың ғылыми зерттеулері маңызды рөл атқарады. Дискурсқа қатысты негізгі ғылыми зерттеулер француз және ағылшын-американдық лингвистикалық мектептері жүргізген болатын. Ал ХХ ғасырдың орта шенінде дискурс теориясы кеңестік тіл білімінде мәтін лингвистикасы аясында қарастырыла бастады.
Дискурс – айтушының аялық білім жүйесі мен интенциясын қамтитын коммуникативті құбылыс ретінде танылады. Жалпы алғанда, дискурс ұғымы мәтін ұғымынан кең келеді, себебі дискурс сөйлеу әрекетінің өзі және оның нәтижесі «мәтін» саналатын коммуникативті-когнитивті құбылыс.
Егер мәтіннің өзара тұтастығы мен бүтіндігі сияқты белгілер мәтінтүзімнің формалды және семантикалық заңдылықтарымен байланысты болса, онда дискурста бұл ерекшеліктер ойлау мен сөйлеу әрекетінің когнитивті және прагматикалық мәнімен сәйкес келеді. Т.М.Николаев өзінің «Словарь терминов лингвистики текста» атты өздігінде дискурсқа «мәтін тұтастығы мен бүтіндігі, мәтіннің ауызша формасы, диалог» сияқты белгілердің тән екендігін атап өтеді.
Сондай-ақ, дискурста коммуникативтік ситуация, интеракцияға қатысушылар мен тілдік материалдар тоғысып жатады. Мұнда айтушының вербалды мінез-құлқы, яғни дауыс ырғағы, интонация, пауза, ым-ишарат сияқты деңгейлерді қамтиды.
Ю.С.Степанов барлық мәтіндер жиынтығын қарастыра келіп, әрбір мәтіндер жүйесіне тән ерекше өзіндік лексикасы мен грамматикалық жүйесі, өзіне тән сһздік қоры, сөзді қолданудың өзіндік ережелері мен синтакисі, өзіндік аялық білім жүйесі тән екендігін атап өтеді [13,44]. Осыған сәйкес, қазіргі тіл білімінде дискурстың мынадай түрлері қалыптасқан: әскери дискурс; газеттік дискурс; іскери дискурс; балалық дискурс; өнертану дискурсы; магиялық дискурс; масс-медиа дискурсы; ғылыми (академиялық) дискурс, парфюмерлік дискурс; педагогикалық дискурс; поэтикалық дискурс; публицистикалық дискурс; жарнамалық дискурс; спорттық дискурс; техникалық дискурс; террористік дискурс; феминистік дискурс; көркем дискурс; экономикалық дискурс; электрондық дискурс; этикалық дискурс.
Мәтінтүзімнің негізгі құралы ретінде тілдік жүйе, тілдік таңбалар жүйесі маңызды роль атқаратыны белгілі, дискурс та тілдік жүйемен өзара тығыз байланыста келеді. Өзара байланысты төмендегі схемадан көруге болады:
Құрал
Тілдік
жүйе
Демек, дискурс – мәтінтүзімнің негізгі шарты, яғни процесс болса, мәтін – дискурстың нәтижесі, ал тіл – мәтіннің түзілуіне негіз болатын дискурстық әрекеттің маңызды құралы саналады. Коммуникативтік тұрғыдан алғанда дискурс коммуниканттардың дүнитанымдық жүйесімен, ал прагматикалық тұрғыдан коммуниканттардың сөйлеу әрекеті үстіндегі тілдік таңбаларды қолдануымен байланысты.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, дискурс құрамына мәтін мен түрлі экстралингвистикалық факторлар (сөйлеуші мен тыңдаушының қоршаған орта туралы білімі, өзіндік пікірі мен құндылықтар жүйесі), ақпаратты қабылдау мен оны түсіну сияқты маңызды элемменттер енетін коммуникативті-когнитивті құбылыс ретінде танылады.
Әдебиеттер:
1 Ерназарова З.Ш. Қазақ сөйлеу тілі синтаксистік бірліктерінің прагматикалық негіздері. ̶ Алматы, 2002.
2 Хасанов Ғ.Қ. Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы. ̶ Алматы, 2009.
3 Сайрамбаев Т. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі. – Алматы, 1991.
4 Қазақ грамматикасы (Фонетика. Сөзжасам, Морфология. Синтаксис).
̶ Астана, 2002.
5 Қордабаев Т. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі. –Алматы, 1995.
6 Жақыпов Ж.А. Қазақ тілінің функционалды синтаксисі (контекст проблемасы). ̶ Алматы, 1999.
7 Гальперин И.Р. Текст как объект лингвистического исследования. ̶ Москва, 1981.
8 Тіл білімі сөздігі // Ред. басқ. Э.Д.Сулейменова. –Алматы, 1998.
9 Шалабай Б, Ахметова М. Мәтін лингвистикасының негізгі мәселелері // Тілтаным № 1. – Алматы, 2002.
10 Бабенко Л.Г., Казарин Ю.В. Лингвистический анализ художественного текста. ̶ Москва, 2003.
11 Смағұлова Г. Мәтін лингвистикасы. ̶ Алматы, 2002.
12 Әбікенова Г. Көркем шығармадағы мәтінтүзім мәселелері. Семей, 2010.
13 Степанов Ю. Альтернативный мир. Дискурс. Факт и принцип причинности. (Язык и наука конца XX века. Сб. статей). ̶ Москва, 1995.
♦ Тапсырма:
Күрделенген жай сөйлемнің тілдік табиғаты.
Құрмалас сөйлем синтаксисі теориясының дамуы.
Тіл біліміндегі мәтін және дискурс мәселесі.
Ж.Жақыпов және функционалды синтаксисі мәселесі.
Құрмалас сөйлем компоненттері арасындағы функционалдық қатынастар.
Функционалды синтаксис мәселесі, зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеті.
♦ Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
Сөйлемге тән тілдік белгілерді атаңыз.
Сөздердің байланысу түрлерін атаңыз.
Сөздердің байланысу тәсілдерін атаңыз.
Жай сөйлем және оның түрлері туралы түсінік.
Жай сөйлемнің өзіндік ерекшеліктері мен түрлері.
Құрмалас сөйлем және оның түрлері туралы түсінік.
Мәтін және оның өзіндік белгілерін көрсетіңіз.
Дискурс және оған тән белгілерді атап көрсетіңіз.
Құрмалас сөйлемнің өзіндік ерекшеліктері мен түрлері.
Сөз тіркесі, еркін және тұрақты сөз тіркесінің айырмашылығы.
Дискурс, тіл және сөйлеу тілінің өзара байланысын айқындаңыз.
♦ СӨЖ тақырыптары:
1 А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбановтың мәтінтанымдық көзқарастары.
2 Р.Сыздықтың еңбектеріндегі күрделі синтаксистік тұтастық мәселесі.
3 Лексикалық және синтаксистік синтагманың табиғаты мен оның зерттелуі.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Смағұлова Г. Мәтін лингвистикасы. – Алматы, 2002.
Әлкебаева Д. Қазақ тілінің прагмастилистикасы. – Алматы, 2007.
Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисі. – Алматы, 1999.
Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар. –Алматы, 2016.
Ермекова Т. Қазіргі қазақ тілінің құрмалас сөйлемі. – Алматы, 2011.
Хасанов Ғ. Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы. ̶ Алматы, 2009.
Кәріпжанова Г. Көркем мәтінді лингвистикалық талдау. Павлодар, 2009.
Әмір Р., Әмірова Ж. Құрмалас сөйлемдер қазақ тілінің грамматикалық, функционалдық жүйесінде. –Алматы, 2009.
9 – дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыс
Мәтіндегі сөздердің өзара байланысу тәсілдерін айқындай отырып, сөз тіркесінің түрлерін айқындаңыз.
Мен ауылға қайтқанда Әбдірахман Есімбектікінде қалып қойып еді. Менің артымнан іле-шала келіп Беркімбайдың үйіне түсіпті. Қымыз ішкен адам ұйықтап қалған екем, екінді әдетінде далаға шықсам, ауылдың сыртындағы белесте ішінде Қажыбай ақсақал бар, бірталай адам сөйлесіп отыр екен. Мен де келдім. Әңгіме Әбдірахман турасында екен, жақындап келгенімде-ақ «Әбдірахманның өзі шынымен бұзылған ғой» деген Қажыбай қарттың сампылдаған даусы құлағыма сап ете қалды. Өзі сөзшең адам бірінен соң бірін тізбектетіп, не бар пәлені Әбдірахманның үстіне үйіп отыр. Оларды мұсылман деуге болмайды. Айтатыны ылғи құдайға қарсылық сөз (Майлин Б. Шұғаның белгісі).
Мәтіндегі бейвербалды бірліктердің мәні мен атқарып тұрған қызметіне назар аударыңыз.
Жиренше қабағын бір шытып, қозғалақтап қалды. Абай енді байқады, әкесі сөзін аяқтап келеді екен.
̶ Қодар сұмның қылығы сырт елдің алдында менің бетіме салық болса, осы елге, өз еліңе келгенде, осы отырған бәрімізге салық. Мынау отырған сендерге салық! ̶ деп, аз тоқтап, Сүйіндікке қадалып отырған жалғыз көзін енді төрдегі Байсалға аударды. Одан өзінің оң жағында отырған Бөжейге қадалды.
Бірақ Бөжей мен Байсал мызғыған жоқ. Өзге отырғанның барлығы сөздің салмағы мен түйінін өз арқаларынан сезгендей боп қозғалақтап, түйін боп бекініп, түйіліп алған көрінді. Отырғандар осы күйді танып қалды. Құнанбайдың бұлай беттеп алғанда қайта оралар қайырымы жоқ, оны бәрі біледі. Не айтысып, шарпысып кету бар. Немесе іштен қоштамаған уақытта Байсал, Бөжейдің бір тәсілі: міндет, мысалды Құнанбайдың өзінен бастатып, артын өзіне тастап кететін әдеті бар-ды. Жан күйер жер болмағанда, олар осы соңғы мінезді көп қолданатын. Екеуі де тіс жарып, сөйлемейтін. Бірақ Құнанбайдың мына сөзі үндемеске де қоймайды, үндеуге де жібермейді. Дел-сал етті. Үй іші бірталай уақыт үнсіз отырды (М.Әуезов).
Құрмалас сөйлемдерді теріп жазып, бағыныңқы баяндауыш тұлғасына қарай таңдап, мағыналық түрлеріне қарай ажыратыңыз.
Жылымықтан көбесі сөгіліп, сірісі босаған қар қылп-қылп етеді. Жентек қарды көзіме басып, жып-жылы күн шуағына шомылып көңілді қайттым (Т.Жұртбай). Өзінің мүддесін оңай шешу үшін заңды аттап, бегіленген жолды бұзып, қылмыстық жолға барады. Жәутіктің ойы кейде бұлттан шыққан қырандай жарқ етіп бой тастайды, кейде құйылып алдына қайтып келеді (Х.Ерғалиев). Нияз телміріп ұзақ қарады, Ләззат оның көз шарасынан бар сырын ұғып тұрған еді (Т.Ахтанов). Шынында, елу жыл отасқан ерлі-зайыптылардың арасында нендей сөз болуы мүмкін? Әңгіменің бәрі айтылған, сарқылған. Кемпіріне оқта-текте ғана тіл қатады. Онда да көкірегіне жиналған запыранды төгу керек болғанда, күшаладай божып тұрған ашу кемерінен асып кеткенде, басқаға соқтыға алмай Күлайша байғұсқа дүрсе қоя беретіні бар (Қ.Жұмаділов). Көгілдір үйрек шын мәнінде өжет еді, бірақ әлі қауырсыны қатпаған жас болатын. Көгілдір үйрек қалың құрақ ішінен құрт-шабақ аулайды, бір мезгіл жиекке шығады, ұяластары жиекте күншуақтап жатыр, көгілдір үйрек олардан аулақтау кетіп, өзіне құмдақ жер таңдап алды (С.Бақбергенов).
Үлгі бойынша берілген сөйлемдердің сөйлемге тән белгілерін анықтаңыздар.
Сөйлемдер |
Сөйлемге тән белгілер |
|||
|
предикативті қатынас |
модальды қатынас |
мақсат-мәнді қатынас |
Интонация |
Келіншегінің сырын алғашқыда Еламан да түсінген жоқ. |
Бұрынғы өткен шақ, болымсыз түрі |
Ашық рай |
Хабарлы |
Хабарлау, баяндау
|
-Бар! Осы қазір жылқыдан бір үйірді өзің Мұқатайдың ауылына айдап апар! Айыбыңның өтеуі – сол. Тез жөнел! – Бәрін де көріп, бәрін де біліп тұрмын. Жүрек қынжылып, жүрек жылағанмен не пайда? Адам қолымен істелген істің қашанда орны толар ма? Осы кеште Тәкежан ауылының шеткі лашығы – Иіс кемпірдің үйінде сары уайым еді. Өзіне шақ күнкөрісі, өзіне шақ қуанышы бар, әйелі бар жылы үйге Бағлан ұзақ тұрақтай алмады. Құрдастық қалжыңдар күлдірсе де, Жомартты жадырата алмады.
Бағыныңқы сыңардың жасалу үлгісі бойынша бос орындарды толтырыңыз.
Жасалу жолдары |
Шартты |
Себеп |
Мезгіл |
Қимыл-сын |
Мақсат |
Қарсылықты |
-ған, -ген + кезде, шақта, уақытта |
|
|
|
|
|
|
-са, -се + жіктік жалғауы |
|
|
|
|
|
|
Дәріс 10
