- •1‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •2. Тілдің шығуы туралы қазіргі және өткен кезең ойшылдарының, тілші-ғалымдардың пікірлерін салыстырып, ұстанған теорияларының мәнін айқындаңыз.
- •2 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 2 Тіл дыбыстарының психофизиологиялық аспектісі
- •§ 2 Тілдің актив және пассив лексикасы
- •4 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 1 Тіл дыбыстарының акустика-артикуляциялық сипаты
- •§ 2 Сөйлеу тіліндегі фонетикалық процестер
- •4 Лексикалық жүйедегі парадигмалық және синтагмалық қатынастар.
- •5 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жқмыстар
- •Құбылмалы көл
- •Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі мен құрамы
- •6 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 1 Сөз формасы және сөзжасамдық модельдер
- •7 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Найман-Ана
- •Тіл біліміндегі функционалды грамматика мәселесі
- •8 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркесі және сөйлем синтаксисі
- •Салыстырмалы-тарихи тіл білімі
- •Дүние жүзі тілдерінің генеологиялық жіктелімі
- •10 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Дене мүшелері атаулары
- •Дүние жүзі тілдерінің типологиялық жіктелімі
- •12 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Птицы-символы
- •Жазудың шығу тарихы, дамуы және теориясы
- •Қазіргі қазақ тіл біліміндегі антропоөзекті бағыттың қалыптасу мен дамуы
- •Қазақ тіл білімінде қолданбалы лингвистиканың қалыптасуы мен дамуы
- •Негізгі әдебиеттер:
- •Қосымша әдебиеттер:
- •Сөздіктер:
- •Глоссарий
- •Пән бойынша әдістемелік нұсқаулықтар
- •Пән бойынша орындалатын тест тапсырмалары
- •86. Ұғым дегеніміз –
- •87. Сема дегеніміз –
6 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
§ 1 Сөз формасы және сөзжасамдық модельдер
Берілген үлгіге сәйкестендіріп білу, жол, ақ сөздерінен өрбіген сөзжасамдық ұясын түзіңіз.
Үлгі: жел, желбегей, желбезек, желбірет, желдей, желдендір, желсіз, желкек, желкем, желкен,желп, желпі, желпігіш, желпілдек, желік, желіктір т.б.
Берілген сөздерге морфемдік талдау жасаңыз: түсінік, гүлзар, оқытушы, көрермен, азанда, етпетінен, оқулық, тұрақты, араласу, сүйкімді, қатысты, гүлді, кітаби, басқар, ұшқыш, ағартушы, сүзгіш, келімсек, егіншілік, білімпаз, білдірмекші, баспагер, бейтарап, беймезгіл, наразы, ақылгөй, тезірек, сазгер.
Этимологиялық сөздіктің көмегімен берілген сөздердің о бастағы түбірін айқындаңыз: утром (утро, утренний), азанда (азан, азанымен), оқулық (оқытушы, оқырман), землянка (земля, земляной), овсянка (овес, овсяный), тыңдарман (тыңдау, тыңшы), hand (hahdle, handy), ұйымдастыру (ұйым, ұйымшыл), өріс (өру, өрбіту).
Берілген сөздердің омонимдес түбірлерін айқындаңыз: бас, басшы, бастық, басқару, басқызу, бастырт; водить, вождение, вода, поводок, водный, наводнение, заводить; қыс, қыстық, қыстыр, қысқа, қысқы, қысқарту, қысу;
Сөздің аналитикалық формасын синтетикалық формадан ажыратыңыз: мая-мая, қызылша, басқыш, қызыл алма, жұлдызша, тутұғыр, айлық, ҚазҰУ, жайдары, темір жол, сары май.
Берілген сөйлемдерден неологизмдерді теріп жазып, оларды сөзжасамдық сипаты тұрғысынан талдаңыз.
Демек, Қазақстан және оның қанатын кеңге жайған ұлттық компаниясы ядролық шикізат өндірісінде ғана емес, сонымен бірге, әлемдік сирек металдар рыногында да көшбасшы болуға талпынып, нақты жоспармен жұмыс істеп жатыр деуге толық негіз бар.
«Қазақстан» ұлттық арнасынан әр жексенбінің кешінде берілетін «Сыр-сұхбат» бағдарламасының ендігі тележүргізушісі ‒ Жандарбек. «Айқын», 31 шілде, 2014 жыл.
Әрине, тележобалардың дәстүрлі әдеті бойынша, ол кезде бағдарлама атауы құпия сақталған. «Айқын», 31 шілде, 2014 жыл.
«Мызғымас бауырластық ‒ 2014» оқу-жаттығуына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінен Аэроұтқыр әскерлерінің батальон басқармасы, десантты-шабуылдау ротасы қатысады. «Ана тілі», 6 тамыз, 2014 жыл.
Марс атмосферасындағы электрондардың ең үлкен тығыздығы шамамен 130 шақырым биіктікте, ғаламшар бетінің орташа деңгейіндегі толық қысымы 6,5 ‒ 2,0 миллибар, яғни жер бетіндегі қысымнан 160 есе аз. «Ана тілі», 6 тамыз, 2014 жыл.
Осыдан алты жыл бұрын Аспанасты елі «Көрікті мекен» дейтін қазақ халқы жайлы тамаша туынды түсіріп, оны елімізде тұшынып көрген едік. «Егемен Қазақстан», 12 наурыз, 2011 жыл.
Айтарлықтай табиғи ресурстарға және өор адами әлеуетке ие бола отырып біздің өңір жаһандық экономикалық үдерістердің және әлемдік геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналып отыр, деп атап көрсеткен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев. «Егемен Қазақстан», 18 қараша, 2008.
Дәстүрлі сән-салтанатпен жүздесу орны болып табылатын дендросаябақта «Жас жұбайлар» аллеясы пайдалануға берілді. «Қазақ әдебиеті», 29 қыркүйек, 2011.
Дәріс 7
Тілдің морфологиялық құрылымы мен жүйесі
Дәріс жоспары:
1 Сөз құрамы, морфема және оның түрлері.
2 Грамматикалық ұғымдар: грамматикалық мағына, форма және категория.
3 Грамматикалық категория және оның түрлері.
4 Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары.
5 Сөз таптары және оның морфологиялық құрылымы.
1 Сөз құрамы, морфема және оның түрлері. Тілдің барлық саласының зерттеу нысаны сөз болғанмен, әрқайсысы түрлі аспект тұрғысынан қарастырылады. Морфологиялық аспект бойынша, сөз дегеніміз ̶ сөйлем құрауға негіз болатын мағыналы бөлшек, тілдік жүйедегі грамматикалық мағыналардың түзілуіне ұйытқы болатын тілдік бірлік (1, 24). Морфология пәнінің зерттеу нысаны ̶ сөз формаларының парадигмалық жүйесі мен сөз формаларының ортақ белгілеріне қарай топтастырылған грамматикалық категориялар. Сөздің морфологиялық құрамы сөйлеу үдерісіндегі сөздің морфемалық бөліктерден құралуына байланысты. Сөздің морфологиялық құрылымы үш бөліктен тұрады: түбір морфема, негіз морфема және қосымша морфема. Сөз құрамындағы әрбір морфеманың білдіретін мағынасы мен атқаратын қызметі бар. Сөз түбіріне жалғанатын қосымша морфемалар лексикалық, лексика-грамматикалық және грамматикалық мағыналар үстейді. Түбір морфема ̶ ары қарай бөлшектеуге келмейтін тұлғалық, әрі мағыналық дербестігі бар тілдік бірлік К.Аханов негіз бен түбірдің айырмашылығы сөздің лексика-грамматикалық топтарына байланысты деп көрсетеді. Түбір морфема бірнеше сөз таптарының жасалуына ықпал етсе, негіз морфема лексика-грамматикалық топ формаларына ортақ болады. Мысалы: көз (түбір), көзде (негіз, етістік), көзсіз (негіз, сын есім).
Қосымша морфема ̶ түбір морфемаға жалғанып, белгілі бір лексика-грамматикалық мағынаны иеленетін формалар. Қазақ тілінде қосымша морфема жұрнақ және жалғау болып бөлінеді. Жұрнақтың өзі білдіретін мағынасы мен атқаратын қызметіне байланысты сөз тудырушы және сөз түрлендіруші жұрнақтар деп жіктеледі. Сөз тудырушы жұрнақтар түбір сөзге жалғану арқылы таза лексикалық мағына үстейді. Мұны тіл білімінде деривациялық мағына деп атайды. Ал сөз түрлендіруші немесе функционалды-грамматикалық жұрнақтар өзі жалғанған сөзге лексика-грамматикалық мағына үстейді, яғни сөздің лексикалық мағынасын түбегейлі өзгертпей, сәл де болса мағыналық реңк үстейді. Мысалы: кілем – кілемше, ұзын – ұзынша, құлын – құлыншақ, қызыл – қызылырақ, қызылдау, әке – әкетай т.б. Мағынаның бұл түрі реляциялық мағына деп аталады.
Қазақ тілінде жалғаудың төрт түрі көрсетіледі: көптік, септік, тәуелдік және жіктік. Ә.Ибатов жалғауды сөз жалғастырушы жұрнақтар деп те атайды. Жалғаулар өзі жалғанған түбір не негіз морфемаға таза грамматикалық мағына үстейді. Жалғаулардың атқаратын қызметі мен білдіретін мағынасы сөйлеу үдерісіндегі жұмсалымдық сипатына сәйкес болады. Агглютинативті типті тілдерде сөз құрамы түбір мен қосымша морфемалардан тұрады.
Нөлдік форма – сөйлеу процесінде сөздің формалық қөрсеткіші түсіп қалғанымен, ол тұлға білдіретін грамматикалық мағынаның сақталып қалуынан және сөздердің өзара арнайы грамматикалық көрсеткіші грамматикалық байланысына негізделіп қалыптасқан, грамматикалық мағынасы сөйлеу кезінде ғана анықталатын форма (2,50).
Бір тілдегі грамматикалық мағына мен сол мағынаның берілу амал-тәсілдері – сол тілдің грамматикалық құрылысы деп аталады. Грамматика екі салаға бөлінеді: морфология және синтаксис. Морфологияның негізгі нысаны – морфтар мен морфемалар. Морф немесе морфема – сөз формасының ең қысқа мағыналы бөлшегі. Морфемалар үш түрлі белгісіне қарай ажыратылады: білдіретін мағынасының сипатына қарай, сөз ішіндегі орны мен сөз ішіндегі атқаратын қызметіне қарай. Құрамына қарай морфемалар үшке бөлінеді: түбір морфема, негіз морфема және қосымша морфема. Түбір морфема – сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең түпкі негізі. Негіз морфема сөз ішінде бөлшектеуге келеді де, оның әрбір компоненті белгілі бір мағынаны білдіреді. Морфема сөз бен сөз формасының құрамды бөлігі, морфема сөз ішінде ғана, сөз ішіндегі единица ретінде қолданылады. Сөз – тілдің номинативті единицасы, сөйлем – тілдің коммуникативті единицасы, ал морфема – тілдің құрылымдық единицасы, яғни лексика-грамматикалық мағына білдіруші құрал.
Жалпы морфема атаулы үш түрлі мағынаны білдіреді: заттық мағына, дериватитві мағына және релятивті мағына. Заттық мағына – сөздің (морфеманың) белгілі бір ұғымды білдіру мағынасы. Ондай мағынаны түбір және негіз морфема иеленеді. Деривативті мағыналы морфемалар заттық мағынаны нақтылай түсумен бірге ол мағынаны толықтыра, нақтылай түседі. Релятивті мағыналы морфемалар сөз ішіндегі қатынасты айқындайтын, әрі сөз түрлендіруші жұрнақтар арқылы алынатын мағына.
Аффикстік морфема қатарына префикс, постфикс, инфикс, интерфикс, трансфикс, конфикс жатқызылады. Префикс – түбірдің алдынан қолданылатын аффикс. Постфикс – сөз түбірі мен сөз негізінен кейін жалғанатын аффикс. Екі түбір немесе екі негіздің басын қосып, жалғастырушы аффиксті интерфикс деп атайды. Трансфикс ‒ семит-хамит тілдеріне тән аффикс түрі. Бірыңғай дауыссыз дыбыстан құралған сөз түбірін жарып кіретін дауысты дыбыс.
2 Грамматикалық ұғымдар: грамматикалық мағына, грамматикалық форма және грамматикалық категория. Тілдегі әрбір сөз дербес лексикалық мағынаны иеленумен қатар, жалпы грамматикалық мағынасы болады. Грамматикалық мағына ‒ сол сөздің лексикалық мағынасының жалпылануы немесе сөйлеу үдерісінде түрлі грамматикалық тұлғалардың жалғануы арқылы алынатын мағынаның түрі. Грамматикалық мағына – сөзге әр түрлі тұлғалардың үстелуі арқылы түрлену нәтижесінде алынады. Тіл-тілде грамматикалық мағыналар грамматикалық формалар арқылы беріледі. Бір сөз бірнеше формаларды иеленуі мүмкін. Мысалы: орындық, орындықтың, орындыққа, орындықпен, орындықтар, орындығың т.б. Сөз формасы деп сөздің лексикалық мағынасына үстелетін грамматикалық мағыналардың формаларын айтамыз. Бірнеше грамматикалық мағынаны иеленген грамматикалық формалар бір сөздің бірнеше формасын құрайды.
Грамматикалық мағынаның түрлері. Грамматикалық мағына жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындау мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялды грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына. Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы алынатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп атаймыз (3,419). Жалпы грамматикалық мағына грамматикалық формасыз алынады. Жалпы грамматикалық мағына сөз таптарының семантикалық сипаты болып табылады. Себебі сөздерді сөз тобына топтастырғанда сөздердің ішкі семантикалық жақтан жаұындығы, ортақтығы негіз болады. Сөздерді топтастырудың семантикалық принципі жалпы грамматикалық мағынаға негізделеді.
Категориялды грамматикалық мағына сөзге түрлі грамматикалық формалардың жалғануы арқылы алынады. Осы грамматикалық формалардың жалғануы арқылы белгілі бір сөз топтарының түрлену жүйесін айқындауға болады. Мәселен, зат есімді сөздер тобына тәуелдеу, көптеу, септеу жүйесі тән болса, етістіктерге жіктелу жүйесі тән. Осылайша, категориялды грамматикалық мағына белгілі грамматикалық сөздер тобының түрлену жүйесін, парадигмалық сипатын, грамматикалық және лексика-грамматикалық жүйесін айқындап береді.
Сөздің сөйлеу үдерісінде өзге сөздермен тіркесуі, байланысқа түсуі (негіз сөз бен көмекші сөз, орын тәртібі, интонация т.б.) негізінде қатысты грамматикалық мағына туындайды. Қатысты грамматикалық мағына арқылы сөздің сөйлемде атқаратын қызметіне байланысты сөздерді топтастырудың синтаксистәк принципін құрайды. Сонымен, тілдегі сөздерді сөз табына топтастырғанда жоғарыда аталған жалпы грамматикалық, категориялды грамматикалық және қатысты грамматикалық мағыналар негіз болады.
Түрлі грамматикалық мағыналарды білдіретін сөз формаларын грамматикалық формалар деп атаймыз. Сөз формаларының екі түрі бар: синтетикалық және аналитикалық формалар. Енді осы формаларға жеке-жеке тоқталайық.
Сөздің синтетикалық формалары. Сөздің синтетикалық формалары аффиксация тәсілі және ішкі флексия тәсілі аркылы жасалады. Аффиксация тәсілінің дүние жүзі тілдерінің грамматикалық құрылымына сәйкес префикс, инфикс, интерфикс, конфикс, суффикс, трансфикс, приставка сияқты түрлері кездеседі.
Үндіевропа тілдерінде сөздің синтетикалық формалары түбір морфема құрамындағы дыбыстардың алмасуы, яғни ішкі флексия тәсілі аркылы жасалады. Мысалы: man ̶ men, foot – feet т.б. Ішкі немесе сыртқы флексиялар сөзге грамматикалық мағына үстейтін морфологиялық формалар саналады.
Сөз түбірін немесе сөз негізін бөліп-жарып кірігіп, түбір немесе негіз ортасына қосылатын аффикс (4, 225). Инфикс немесе интерфикс тәсілі роман-герман тобындағы тілдер жүйесіне тән.
Ал префикс тәсілі сөз түбірі алдына жалғанып, сөздің лексикалық, лексика-грамматикалық мағынасының өзгерісіне әкеледі. Префиксация тәсілі орыс тілінде приставка түрінде танылады. Мұндағы префикс және приставка терминдері өзара синонимдес терминдер қатарын құрайды. Жалпы префикс тәсілі үндіевропа тілдері семьясына тән грамматикалық ерекшелік. Мәселен, орыс тілінде сөз түбірі алдына жалғанатын в, ис, на, по, с, у (вход, исход, находить, поход, сходить, уход) деривативті мағыналы жұрнақтар болса, с, на, про (делать – сделать, писать – написать, читать – прочитать).
Сөздің аналитикалық формалары. Сөздердің аналитикалық формасы негіз сөз бен көмекші сөздің тіркесінен, сөздердің қосарлануы, сөздердің орын тәртібі, дауыс ырғағы және интонация арқылы алынады. Көрсетілген тәсілдердің барлығы грамматикалық мағынаның алуынуына негіз болады. Мәселен, тыңдап отыр, жинап жүр, барып жүр деген тіркесімдер бір сөздің аналитикалық формасын құрайды, бұл аналитикалық форманттар негіз сөзге тіркесіп, құрылымдық жақтан осы шақтық форманы, семантикалық тұрғыдан созылыңқылық мән үстейді. Демек, көмекші сөз атқаратын грамматикалық қызметі жағынан сөз түрлендіруші морфема сияқты қызмет атқарады. Аналитикалық конструкция лексикалық жағынан да, грамматикалық жағынан да ажыратылмайды. Өйткені буду читать, .... деген формадағы келер шақтық мағына жалаң буду көмекші етістігімен емес, читать деген атауыш сөзбен тіркесуі арқылы беріледі.
Грамматикалық мағына жасалу тәсілі мен білдіретін мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына болып жіктеледі. Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы алынатын мағына жалпы грамматикалық мағына деп аталады. Жалпы грамматикалық мағына грамматикалық формасыз ішкі семантиканың абстракциялануы арқылы қалыптасып, сөздердің семантикалық ортақтығы мен жуықтығы негізінде бір грамматикалық топтарға топтастыруға негіз болады. Осыған орай, жалпы грамматикалық мағына сөздерді сөз табына топтастырудың семантикалық принципін құрайды. Мысалы: тас, құм, өзен, көл ‒ заттық мағынаны; қызыл, жасыл, жақсы, жаман ‒ сындық мағынаны, жүр, күл, сөйле, тыңда ‒ қимылдық мағынаны, яғни жалпы грамматикалық мағынаны иеленуіне орай зат есім, сын есім және етістіктер жүйесіндегі сөздердің тобын құрайды.
Грамматикалық форма арқылы алынатын мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп аталады. Категориялық грамматикалық мағына грамматикалық формала арқылы беріліп, сол арқылы белгілі грамматикалық топтағы сөздердің түрлену жүйесі болып табылады, соның нәтижесінде сол грамматикалық топтағы сөздердің грамматикалық немесе лексика-грамматикалық категориясын құрауға негіз болады. Мәселен, сөздердің көптік, септік, тәуелдік жалғаулары бойынша түрленуі; сындық мағынаны иеленетін сөздердің шырай жұрнақтарын қабылдауы, қимылдық мағынаны иеленетін сөздердің жақ, шақ, етіс тұлғалары бойынша түрленіп, белгілі бір грамматикалық категорияны құрауын айтуға болады. Осылайша, категориялық грамматикалық мағына белгілі грамматикалық сөздер тобының түрлену жүйесін, парадигмалық сипатын айқындайтын сөздерді сөз табына топтастырудың морфологиялық принципін құрайды.
Грамматикалық мағына сөйлеу үдерісінде өзге сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі, орын тәртібі, интонация арқылы беріліп, сөздердің сөйлемдегі атқаратын қызметіменбайланысты болып келеді. Мұны тіл ғылымында қатыстық грамматикалық мағына деп атайды (418). Қатыстық грамматикалық мағына сөздердің сөйлемде атқаратын қызметімен байланысты болғандықтан, сөздерді сөз табына топтастырудың синтаксистік принципін құрайды. Сонымен, тілдік жүйедегі сөздерді сөз табына топтастыруда семантикалық, морфологиялық және синтаксистік принциптерді басшылыққа аламыз.
Грамматикалық форма ‒ грамматикалық мағынаны білдіретін грамматикалық тұлғалар. Ешбір грамматикалық тұлғасыз да грамматикалық мағына беріледі. Арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ, белгілі грамматикалық мағынаны білдіретін нөлдік форма бар.
Грамматикалық категория ‒ екі немесе бірнеше грамматикалық мағынаның белгілі бір грамматикалық формалар жүйесі арқылы берілуі. Грамматикалық категорияны танудың басты шарты кемінде екі грамматикалық мағынаның болуы; сол грамматикалық мағыналардың өзара тектес, ыңғайлас болуы; сол грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық формалардың болуы және бәрінің жинақта келе белгілі парадигмалық жүйе құрауы. Мәселен, салт-сабақтылық категориясы етістік түбірдің таза семантикалық тәсілі арқылы көрінетін, әрі табыс септік формасы арқылы тура обьектіні қажет етуі немесе қажет етпеуі арқылы грамматикалық категория қызметін атқарады.
Грамматикалық категориялар негізінде белгілі бір обьективтік болмыс, шындық жатыр. Мәселен, етістікке қатысты шақ категориясын алайық. Іс-әрекет белгілі бір уақыт пен кеңістікте жүзеге асырылады. Кеңістік пен уақытқа байланыссыз бірді-бір қимылдың, іс-әрекеттің болуы мүмкін емес. Себебі, бұл адам баласы өмір сүретін қоршаған ортаның шындығы болып табылады. Белгілі бір іс-әрекеттің айтушы тарапынан уақытпен, мезгілмен байланыстырылуы және грамматикалық формалар арқылы жүзеге асуы негізінде шақ категориясы туындаған. Бұдан тілдегі грамматикалық категориялардың шықдық болмыс негізінде қалыптасқандығын байқаймыз, тіл дамуының барысында белгілі бір сөз табының грамматикалық немесе лексика-грамматикалық түрлену жүйесін түзген.
3 Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары. Сөздің өн бойында лексикалық және грамматикалық мағына болады. Грамматикалық мағына тіл-тілде әр түрлі грамматикалық тәсілдер арқылы, атап айтқанда, аффиксация тәсілі, ішкі флексия тәсілі, қосарлану тәсілі, көмекші сөздер тәсілі, сөздердің орын тәртібі тәсілі, екпін тәсілі, интонация тәсілі арқылы беріледі.
Аффиксация тәсілі. Түбір не негіз морфемаға қосымшалар жалғану арқылы грамматикалық мағынаның алынуы аффиксация тәсілі деп аталады. Аффиксация тәсілі көбінесе түркі тілдері жүйесіне тән. -шық, -қыш, -ла жұрнақтары сөз түбіріне жалғанып ойыншық, ұшқыш, тазала деген сөздерде лексикалық (деривациялық) мағынаны иеленеді, түбір не негіз морфемаға көптік, септік, тәуелдік және жіктік жалғаулары жалғанып грамматикалық (реляциялык) мағынаны білдіреді. Үндіеуропа тілдері жүйесінде аффиксация тәсілі түбірдің фонемалық құрамының өзгеруіне алып келеді. Мысалы: день ̶ дня, ходить ̶ хожу, даю – даёшь, писать – пишут, man – men т.б. Орыс тілінде көптеген аффикстер бірден бірнеше мағынаны білдіре алады: гост+ям деген сөздегі -ям аффиксі әрі барыс септігінің, әрі зат есімнің көпше түрін білдіреді. Түркі тілдері жүйесінде де бірнеше грамматикалық мағынаны білдіретін аффикстер кездеседі. Мысалы: бардық, оқыдық, сөйлескенбіз, көреміз дегендегі қосымша аффикстер әрі жақтық, әрі көптік мағынаны білдіреді. Орыс тілінде түбір мен қосымшаның бір-бірімен әбден жымдасып, кірігуі тіл білімінде фузия құбылысы арқылы түсіндіріледі.
Ішкі флексия тәсілі. Грамматикалық мағынаны алудың келесі бір тәсілі – флекция тәсілі. Тіл білімінде флексия тәсілінің екі түрі бар: ішкі флексия және сыртқы флексия. Ішкі флексия тәсілі − түбірдің дыбыстық құрамының өзгеруі арқылы грамматикалық мағынаны білдіру тәсілі. Ішкі флексия тәсілі көбіне үндіеуропа, семит-хамит тілдері жүйесіне тән. Араб тілінде сөз түбірі тек дауыссыз дыбыстардан құралатыны белгілі. Осы дауыссыз дыбыстардан тұратын түбір морфемаға дауысты дыбыстардың кірігуі арқылы сөздің лексика-грамматикалық және грамматикалық мағынасы өзгеріп отырады. Мәселен, ktb «кітап», kutub «кітаптар», каtава «жазды», aktub «мен жаздым, uktub «сен жаз»; сол сияқты ағылшын тілінде foot «аяқ», feet «аяқтар»; орыс тілінде убирать – убрать, посылать – послать, ходить – хожу. Демек, түбір құрамына енген жеке дыбыс немесе түбір құрамындағы дыбыстың түрленуі аффикстің қызметін атқарып тұр. Дегенмен, үндіеуропа тілдері жүйесіне сыртқы флексия құбылысы да тән. Сыртқы флексия тәсілінде аффикстер сөз түбірінен кейін жалғанады: книга, книги, книге, книгу, книгой, о книге т.б. Алайда жоғарыда аталған семит-хамит және үндіеуропа тілдері жүйесіндегі аффикстің сөз түбірінің құрамына еніп, онымен бірге жымдасып, кірігіп кету ерекшелігіне сәйкес флективті (қопармалы) типті тілдерді құрайды.
Қосарлану тәсілі. Екі сөздің бір-біріне қосарлануы не бір сөздің қайталануы арқылы грамматикалық мағынаны алуға болады. Қосарлану тәсілі түркі тілдері жүйесінде кең тараған, әрі сөйлеу тілінде жиі қолданылады. Мысалы: қып-қызыл алма, мая-мая шөп, саба-саба қымыз, үлкен-үлкен тастар т.б. Мұндағы грамматикалық формалар көптік, әрі күшейткіш мағынасын үстеп тұр.
Көмекші сөздер тәсілі. Тілде негізгі атауыш сөздермен бірге көмекші сөздер де болатыңдығы белгілі. Мәселен, жаз+у+ға келдім, жаз+ғалы отырмын дегенді жазу үшін келдім деп те айтуға болады, яғни мұндағы мақсаттық мағынаны не аффикстердің (барыс септігі, көсемше жұрнағы) қызметімен, не көмекші сөздердің қызметімен де беруге болады.
Көмекші сөздердің түрлері көп. Олардың білдіретін мағыналары да алуан түрлі. Көмекші сөздердің бірі ретінде жалғаулықтар сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырады (тыңдайық та қайтайық); септеуліктер сөйлем мүшелерінің бағыныңкылық қатынасын білдіреді (үйге дейін, жұмыстан соң); демеуліктер негізгі сөзге сұрау, шектеу, күшейту, күдіктену мағынасын үстейді (барды ма? сен ғана, келмеді-ау, сөзің сөз-ақ екен, айтыпты-мыс). Көмекші етістіктер негізгі етістіктерге тіркесіп, түрлі грамматикалық мағыналарды иеленеді. Мысалы: айта берді, сөйлеп жатыр – істің созылыңқылығын, айта қойды, селк ете түсті – істің тездігін, шапшаң орындалғанын білдіреді. Сол сияқты көмекші сөздер тәсілі роман және герман тілдерінде қолданылатын артикльдер белгілілік пен белгісіздік, жекеше және көптік мағынасын, сондай-ақ тек (род) категориясын бір-бірінен ажырату үшін қолданылады. Мәселен, ағылшын тілінде tһе compass − белгілілік, a/an compass − белгісіздік мағынасын иеленеді.
Екпін тәсілі. Тілдегі екпіннің жылжымалы түрі грамматикалық тәсіл ретінде қызмет атқарады. Екпіннің бірінші буыннан келесі буынға жылжуы орыс тілінде лексикалық және грамматикалық мағынаның туындауына әкеледі. Егер екпін мука сөзінде бірінші буынға түссе, «қайғы, мұң» мағынасын білдіреді, екінші буынға түсіп «ұн» деген жаңа лексикалық мағынаны иеленеді. Окна сөзінде екпін бірінші буынға түссе жекеше, екінші буынға түсіп көптік мағынаны иеленеді.
Интонация тәсілі. Интонация тәсілі фразаға, сөйлемге қатысты болады, интонацияға қарап фраза не сөйлемнің сұрау, хабарлау, бұйыру, пайымдау, тұжырымдау немесе көтеріңкі мәнді иеленіп тұрғанын айқындауға болады. Мысалы: Бүгін емханаға бардың ғой (пайымдау). Бүгін емханаға бардың ғой ғой? (сұрау) т.б. Сөйлемдегі ой (логикалық) екпінінің түсуіне байланысты оның мән-мағынасы әр түрлі болуы мүмкін. Сіз дәрігерге тексерілуге келдіңіз бе? деген сөйлемдегі қолданылатын ой екпініне байланысты жауап та әр түрлі болуы мүмкін: −Иә, мен (тексерілуге келдім). −Иә, тексерілуге келдім. −Жоқ, тексерілуге келмедім.
Қорыта айтқанда, тіл-тілде грамматикалық мағыналарды білдірудің тәсілдері әр түрлі. Соған байланысты грамматикалық тәсілдер үлкен екі топқа бөлінеді: синтетикалық тәсілдер (аффиксация, ішкі флексия, екпін, қосарлану тәсілдері) және аналитикалық тәсілдер (көмекші сөздер, сөздердің орын тәртібі, интонация тәсілдері). Аналитикалық немесе синтетикалық тәсілдердің басымдығына орай дүние жүзі тілдері аналитикалық және синтетикалық типті тілдер болып жіктеледі.
Синтетикалық тәсіл – сөздің грамматикалық мағынасының сөздің өз ішінде қолданылған амалдар арқылы білдіруі болса, аналитикалық тәсіл – сөздің грамматикалық мағынасының сөздің өз ішінде емес, сол сөзден тыс қолданылған амалдар арқылы білдірілуі.
4 Грамматикалық категория және оның түрлері. Грамматикалық категория – біртектес грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық формалардың жиынтығы. Грамматикалық категорияның түзілуіне қойылатын негізгі шарттар:
- біртектес грамматикалық мағына мен грамматикалық формасының болуы;
- грамматикалық мағыналардың парадигмалық түрлену жүйесін құрауы тиіс;
- грамматикалық мағына өзара қайшылыққа негізделгенмен, екі я одан да көп мәндес мағыналар жиынтығынан түзілуі тиіс.
Кез келген грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық категорияның құрамында болады. Тіл-тілде грамматикалық категориялардың көптік, септік, род, жақ, шақ, рай, етіс, вид категориялары кездеседі. Белгілі бір грамматикалық категорияның дүние жүзіндегі барлық тілде болуы шарт емес. Ол грамматикалық категория бір тілде болғанымен, екінші тілде болмауы мүмкін. Мысалы, орыс тілінде бір вид (совершенный вид, несовершенный вид) категориясы неміс, француз тілдерінде кездеспейді, сондай-ақ түркі тілдері жүйесіндегі тәуелдік категориясы славян тілдерінде жоқ. Грамматикалық род категориясы орыс, неміс, француз тілдерінде бар, бірақ ол ағылшын тілі мен түркі тілдерінде ұшыраспайды.
Грамматикалық категориялар морфологиялық және синтаксистік категориялар. Грамматикалық
Ескерту: Сөз табы жүйесіне тән грамматикалық категориялар туралы толық мәліметтерді әдебиетер тізімінде көрсетілген еңбектерден қарауға болады.
Әдебиеттер:
1 Момынова Б., Саткенова Ж. Қазақ тілі морфологиясы. Есімдер. ̶ Алматы, 2007.
2 Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ана тілі, 1991.
3 Маманов Ы. Қазақ тіл білімі мәселелері. – Алматы: Арыс, 2007.
4 Хасенов Ә. Тіл білімі. – Алматы: Санат, 1996.
5 Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы. – Алматы, 1953.
♦ Тапсырма
Морфологиялық және синтаксистік категориялар.
Дүние жүзі тілдеріндегі сөздің морфологиялық құрылымы.
Қазақ тіліндегі префикстермен келетін сөздер ерекшеліктері.
Қазақ тіліндегі ішкі және сыртқы флексия туралы түсінік беріңіз.
Тілдік жүйедегі морфема, түбір морфема, негіз және қосымша морфема.
Зат есімнің лексика-семантикалық және сөзжасамдық ерекшеліктері.
Сын есімнің лексика-семантикалық және сөзжасамдық ерекшеліктері.
Сан есімнің лексика-семантикалық және сөзжасамдық ерекшеліктері.
Етістіктер жүйесіне тән грамматикалық категориялар жүйесі, өзіндік ерекшелігі.
♦ Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
Грамматикалық ұғымдарға не жатады?
Грамматикалық мағына, грамматикалық форма дегеніміз не?
Грамматикалық мағынаның берілу түрлері мен тәсілдері қандай?
Әлем тілдеріне тән грамматикалық категориялар туралы баяндаңыз.
Дыбыстардың алмасуы немесе ішкі флексия арқылы грамматикалық мағынаның өзгеруі.
Зат есім жүйесіне тән көптік, септік және тәуелдік категориясы туралы баяндаңыз.
Сын есім жүйесіне тән шырай категориясының түрлері мен тілдегі атқаратын қызметі туралы түсінік беріңіз.
Етістік жүйесіне тән шақ, жақ, рай және етіс категориясы туралы түсінік беріңіз.
♦ СӨЖ тақырыбы:
1 Аналитикалық және синтетикалық типті тілдер жүйесі.
2 Қазақ тілі етістіктеріне тән грамматикалық категориялар жүйесі.
3 Қазақ және орыс тіліндегі қимылдың өту сипаты категориясының көрінісі.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Маманов Ы. Қазақ тіл білімі мәселелері. – Алматы, 2007.
2 Қазақ грамматикасының өзекті мәселелері. – Алматы, 2007.
3 Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. – Алматы, 2007.
4 Жұмсалымды грамматика. Монография-оқулық. – Алматы, 2016.
5 Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. – Алматы, 1980.
6 Момынова Б. Саткенова Ж. Қазақ тілі морфологиясы. Есімдер. – Алматы, 2007.
