- •1‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •2. Тілдің шығуы туралы қазіргі және өткен кезең ойшылдарының, тілші-ғалымдардың пікірлерін салыстырып, ұстанған теорияларының мәнін айқындаңыз.
- •2 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 2 Тіл дыбыстарының психофизиологиялық аспектісі
- •§ 2 Тілдің актив және пассив лексикасы
- •4 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 1 Тіл дыбыстарының акустика-артикуляциялық сипаты
- •§ 2 Сөйлеу тіліндегі фонетикалық процестер
- •4 Лексикалық жүйедегі парадигмалық және синтагмалық қатынастар.
- •5 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жқмыстар
- •Құбылмалы көл
- •Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі мен құрамы
- •6 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 1 Сөз формасы және сөзжасамдық модельдер
- •7 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Найман-Ана
- •Тіл біліміндегі функционалды грамматика мәселесі
- •8 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркесі және сөйлем синтаксисі
- •Салыстырмалы-тарихи тіл білімі
- •Дүние жүзі тілдерінің генеологиялық жіктелімі
- •10 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Дене мүшелері атаулары
- •Дүние жүзі тілдерінің типологиялық жіктелімі
- •12 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Птицы-символы
- •Жазудың шығу тарихы, дамуы және теориясы
- •Қазіргі қазақ тіл біліміндегі антропоөзекті бағыттың қалыптасу мен дамуы
- •Қазақ тіл білімінде қолданбалы лингвистиканың қалыптасуы мен дамуы
- •Негізгі әдебиеттер:
- •Қосымша әдебиеттер:
- •Сөздіктер:
- •Глоссарий
- •Пән бойынша әдістемелік нұсқаулықтар
- •Пән бойынша орындалатын тест тапсырмалары
- •86. Ұғым дегеніміз –
- •87. Сема дегеніміз –
Дүние жүзі тілдерінің генеологиялық жіктелімі
Дәріс жоспары:
1 Генеологиялық жіктелім туралы түсінік.
2 Түркі тілдерінің генеологиялық жіктелімі.
3 Үндіеуропа тілдерінің генеологиялық жіктелімі.
1 Генеологиялық жіктелім туралы түсінік. Тіл ғылымында дүние жүзі тілдерін топтастырудың екі түрлі үлгісі қалыптасқан: генеологиялық және типологиялық жіктелім. Тілдердің генеологиялық жіктелімі − әлем халықтарының тілдері туыстастығына, шығу тегіне, даму жағдайларының ортақтығына қарай топтастырылады. Туыс тілдердің фонетикалық, лексикалық және грамматикалық құрылымында ұқсастықтар мен сәйкестіктер, ортақ жайттар көптеп табылады. Тілдік жүйеде орын алатын осындай фоно-морфо-семантикалық ортақ белгілер дүние жүзі тілдерін, ең алдымен, ірі-ірі семьяға, ол семьяларды өз ішінен ірі-ірі топтарға, ол топтарды тармақтарға, ал тармақтар жеке-жеке тілдерге бөлінеді. Осы жеке тілдер өрбіген ең алғашқы тіл жүйесі ататіл деп атайды. Тілдерді туыстық тұрғыдан топтастыру ХІХ ғасырдың басында қалыптасқан. Дүние жүзіндегі тілдерді салыстырмалы-тарихи зерттеулер негізінде іштей бірнеше туыстас топтарға бөліп қарау – көптен келе жатқан ғылыми дәстүр. Дегенмен, күні бүгінге дейін тілдерді генеалогиялық жақтан топтастырудың әлі де шешімін таба алмай жүрген мәселелері жоқ емес. Бұған себеп, біріншіден, дүние жүзі тілдерінің бәрі бірдей толық зерттелмегендігі болса, екіншіден, тіл бірліктерінің күрделілігі мен сан қырлылығына байланысты. Мәселен, үндіеуропа, түркі тілдері біршама толық зерттелінген тілдерге жатса, америка үндістерінің тілдері, жапон, корей тілдері әлі де болса жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Тіпті зерттелген, грамматикалық, дыбыстық жүйесі біршама жақсы анықталған тілдер семьясын ғылыми тұрғыдан толық, әрі жан-жақты зерттелген деп айтудың өзі қиын.
Түркі тілдерін генеологиялық, тарихи, фонетикалық, лексика-семантикалық, грамматикалық ерекшеліктеріне байланысты топтастыру мәселесі белгілі дәрежеде дұрыс шешілсе де, оның әлі де зерттей түсетін, толықтыра, жетілдіре түсетін жақтары баршылық. Бұл салада салыстырмалы-тарихи зерттеулердің рөлі ерекше.
2 Түркі тілдерінің генеологиялық жіктелімі. Түркі тілдерін алғаш генеологиялық тұрғыдан классификация жасаған ғалымдардан: И.Н.Березин, Н.И.Ильминский, В.В.Радлов, Н.А.Аристов, Н.Ф.Катанов, Ф.Е.Корш, А.Н.Самойлович т.б. есімдерін атауға болады. Кеңес түркологтарынан бұл салада С.Е.Малов, В.А.Богородицкий, И.А.Батманов, Н.А.Баскаков, А.Н.Кононов т.б. еңбектерін, шетел түркітанушыларынан М. Рясянен, К.Г.Менгес, Т.Текин т.б. ғалымдардың аттарын атауға болады.
Қырғыз тіліндегі дауыстылардың созылыңқылық қасиеті (аа, ээ, оо, уу,үү), қазақ тілінен гөрі алтай, хакас, тува тілдерімен жақындастырады. Мысалы: тоо ̶ тау, таруу ̶ тары. Қазіргі қазақ тіліндегі еріндік дауыстылар о, ө, ұ, ү дыбыстарының Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде жуан варианты u, o түрінде, ал жіңішке варианты ü, ö түрінде таңбаланған. Көне түркі тілінде сөз басында келетін ө дауысты дыбысы қазіргі түркі тілдерінің біразында сақталған. Көне түркі тіліндегі өл сөзі якут, түрікмен, түрік, өзбек, құман, ноғай, әзербайжан, ұйғыр, қарашай-балқар, хакас, тува және қазақ тілдерінде өл тұлғасында беріледі.
Созылыңқы дауысты дыбыстар алтай, қырғыз, гагауз, түрікмен, тува, хакас, шор, якут тілдерінде кездеседі. Көрсетілген тілдерде созылыңқылық фонемалық дәрежеге жеткен. М.Томанов түркі тіл біліміндегі созылыңқы дауыстылардың екі түрін жіктеп көрсетеді: алғашқы немесе түркі негіз тілінен келе жатқан және кейіннен қалыптасқан созылыңқы дауысты дыбыстар. Түрікмен және якут тіліндегі созылыңқы дауыстылардың алғашқы созылыңқылық деп танудың себебін М.Томанов былай түсіндіреді: «созылыңқы дауыстылармен айтылатын жалпы түркілік сөздер өзге түркі тілдерінде қысқа дыбысталатын дауыстылармен айтылады» (1, 336).
Түркі тілдерінің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін төменде берілген тілдік деректерді салыстыра отырып көруге болады:
Алтай |
кöк |
кöл |
тöрт |
көп |
Әзербайжан |
көй |
көл |
дөрд |
көп |
Башқұрт |
күк |
күл |
түрт |
күп |
Қазақ |
көк |
көл |
төрт |
көп |
Татар |
күк |
күл |
дүрд |
күп |
Түрік |
кök |
göl |
dört |
ҫöp |
Якут |
күөх |
күөл |
түөрт |
күөп |
Берілген тілдік фактілерден байқайтынымыз, сөз басындағы ө дауысты дыбысы татар, башқұрт тілдерінде ү фонемасымен ө > ү дыбыстық сәйкестік түзеді.
Түркі тілдерінде дауысты о дыбысы әзірбайжан, түрік, түрікмен, ұйғыр, хакас, қазақ, ноғай, қарақалпақ, гагауз, алтай, шор, якут, қарашай-балқар тілдерінде сақталған. Мәселен, қазақ тіліндегі оқ сөзі қырғыз, ноғай, қарақалпақ, қарашай-балқар, түрікмен және алтай тілдерінде дәл оқ түрінде айтылса, якут, әзірбайжан тілінде ох, түрік, гагауз тілінде ок түрінде дыбысталады. Татар, башқұрт, чуваш тілдерінде дауысты о дыбысы у дыбысына айналады: о > у (2,24).
Көне түркі тіліндегі дауысты қысқа у дыбысы түрік, якут, шор, хакас, гагауз, қарайым, қырғыз, тува, құман тілдерінде сөз басында осы у түрінде дыбысталады. Мысалы: қуш (көне түркі тілі), куш (түрік), гуш (әзербайжан), қус (ноғай), қуш (қырғыз) т.б. Ал татар, башқұрт тілдерінде у дыбысы о-мен, чуваш тілінде ā-мен, қазақ тілінде ұ-мен келеді. М.Томанов қазақ тілінде сөз басында келетін ұ дыбысының көне түркілік у дыбысы, о және ғ дыбыс тіркесіне сәйкес келетіні жөнінде былай дейді: «Қазақ тілінде кейбір сөздердің басында айтылатын ұ көне түркілік оғ дыбыс тіркестерінің көрінісі, соның жалғасы. Дыбыс тіркесінің жуан айтылатын қысаң дыбысқа ауысу процесінде кей реттерде сөз құрамындағы қысаң дыбыстың түсіп қалуы да орын алған, мысалы: оғ(ы)л ̶ ұл. Ескі түркілік о дыбысы қазақ тілінде қысаңданып, қысқа айтылатын дәрежеге жеткен. Оғ дыбыс тіркесінің қазақ тілінде ұ-ға сәйкес келуін де ғ дыбысының түсіп қалуы, сөйтіп барып о дыбысының қысаңдануы деп қарауға болар еді. Мұны оқша сөзінің құрамындағы о дыбысының қазақ тілінде ұ-ға сәйкес келуі де, сол сияқты әдеби тіл мен диалектілер арасында ұшырасатын дыбыс сәйкестіктері де ұ ~ о, о~ұ дәлелдейді (3, 14).
Дүние жүзі тілдерін тіл білімінде генеологиялық тұрғыдан ірі-ірі алпыс шақты семьяға, ірі-ірі топтарға және кейбір жекелеген тілдерге бөледі: Үндіеуропа тілдері семьясы, Кавказ тілдері семьясы, Орал тілдері семьясы, Алтай тілдері семьясы, Палеоазиат тілдері семьясы, Америка үндістерінің тілдері, Австралия тілдері, Индонезия тілдері, Африка тілдері, Бушмен тілдері, Дравид тілдері семьясы, Банту тілдері, Папуа тілдері, Эскимос тілдері т.б.
Көрнекті түркітанушы Н.А.Баскаков түркі тілдерінің фоно-морфо-семантикалық ерекшеліктерін сол тілде сөйлейтін халықтардың тарихи даму, географиялық орналасу жағдаятымен ұштастыра отырып, ең алдымен, түркі тілдері жүйесін Баты ғұн және Шығыс ғұн тобы ретінде топтастырады.
Батыс ғұн тобы өз ішінен төрт топқа жіктеледі:
1 Бұлғар тобы: чуваш тілі жатады.
2 Оғыз тобы өз ішінен оғыз-бұлғар, оғыз-селжук және оғыз-түрікмен тілдері болып жіктеледі.
Оғыз-бұлғар тобы: гагауыз тілі, балқан түркілерінің диалектілері.
Оғыз-селжук тобы: азербайжан, түрік, қырым татарларының диалектілері.
Оғыз-түрікмен тобы: түрікмен, ... тілдері.
3 Қыпшақ тобы өз ішінен қыпшақ-бұлғар, қыпшақ-половец, қыпшақ-ноғай тілдері болып жіктеледі.
Қыпшақ-бұлғар тобы: татар, башқұрт тілдері.
Қыпшақ-половец тобы: қарайым, қарашай-балқар тілдері.
Қыпшақ-ноғай тобы: ноғай, қазақ, қарақалпақ тілдері.
4 Қырғыз тобы: өзбек, ұйғыр тілдері.
Шығыс ғұн тобы өз ішінен ұйғыр-оғыз тілдері және қырғыз-қыпшақ тілдері тобы болып бөлінеді.
Қырғыз-қыпшақ тобы: қырғыз, алтай тілдері.
Ұйғыр-оғыз тобы: тува, якут, хакас, шор, чулым, алтай, сары ұйғыр тілдері.
3 Үндіеуропа тілдерінің генеологиялық жіктелімі. Үндіеуропа тілдері семьясы Үнді жерінен бастап Азияның, Европаның біраз бөлігін, Америка, Австралия, Жаңа Зеландия тұрғындарының тілін қамтиды. Ең ірі тілдер семьясын құрайтын тілдер жүйесі өз ішінен жеті топқа және жеке үш тілге бөлінеді:
І. Славян тілдері тобы өз ішінен шығыс, оңтүстік және батыс болып үш тармаққа бөлінеді:
1 Шығыс славян тілдеріне орыс, украин, белорус тілдері жатады.
2 Оңтүстік славян тілдеріне болгар, македон, серб, хорват, словен тілдері кіреді.
3 Батыс славян тілдеріне чех, словак, поляк, кашуб, лучиж тілдері енеді.
ІІ. Герман тілдері тобы өз ішінен батыс, шығыс және солтүстік болып үш тармаққа бөлінеді.
1 Батыс герман тілдеріне ағылшын, нидерланд (голланд), африканер, фриз, неміс, идиш тілдері жатады.
2 Солтүстік герман немесе скандинав тілдеріне швед, дат, норвеж тілдері кіреді.
3 Шығыс герман тілдеріне остгот және вестгот аталатын өлі тілдер жатады.
ІІІ. Роман тілдері тобы өз ішінен батыс роман, орталық роман және шығыс роман тілдері болып бөлінеді.
1 Батыс роман тобына португал, гал, испан, каталон, провансал, француз тілдері жатады.
2 Орталық роман тобына итальян, сардин, ретороман тілдері жатады.
3 Шығыс роман тобын негізінен румын және молдаван тілдері құрайды.
V. Үнді тілдері тобына хинди, урду, бенгал, цыган тілдері кіреді.
V. Иран тілдері өз ішінен оңтүстік-батыс, орталық және шығыс иран тілдері болып жіктеледі.
1 Оңтүстік-батыс иран тілдері тобына парсы, тәжік тілдері жатады.
2 Орталық иран тілдері тобын курд, талыш, белудж тілдері енеді.
3 Шығыс иран тілдері тобына осетин, хорезми, ауған тілдері құрайды.
VІ. Балтық тілдері тобы (летто-литва): литва, латыш және көне прус тілі.
VІІ. Үндіеуропа тілдеріне жататын жеке тілдер: армян, грек және албан тілдері.
Әдебиеттер:
1 Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. –Алматы: Ғылым, 2002. – 616 б.
2 Жұмабаева Ж. Түркі тілдеріндегі еріндік дауыстылар // Тілтаным. ̶ Алматы, 2010. № 2.
3 Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. Фонетика. Морфология. ̶ Алматы, 1981.
♦ Тапсырма
И.Шмитд және толқын теориясы туралы баяндаңыз.
Тіл біліміндегі «тілдік одақ» теориясы туралы түсінік беріңіз.
Тіл біліміндегі алыс және жақын туыстас мәселесі туралы баяндаңыз.
Түркі тілдері жүйесіне тән фоно-морфо-семантикалық сәйкестіктер негізі.
Салыстырмалы-тарихи әдістің негізгі мақсаты мен міндеттері туралы түсінік беріңіз.
♦ Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
«Тілдер семьясы» терминінің дефинициясына түсінік беріңіз.
Тілдердің генеологиялық жіктелімі қандай принциптерге негізделеді?
Түркі тілдерінің генеологиялық жіктелімін жасаған турколог-ғалымдардың есімін атаңыз?
Тілдердің генеологиялық жіктелімі бойынша дүние жүзі тілдері қандай семьяларға бөлінеді?
Н.Баскаков түркі тілдерінің генеологиялық жіктелімін жасаған қандай тілдік ерекшеліктерді басшылыққа алады?
♦ СӨЖ тақырыптары:
Орал тілдері семьясы мен өзіне тән тілдік ерекшеліктері.
Кавказ тілдері семьясы мен географиялық орналасу жағдаяты.
Семит-хамит тілдері семьясы мен өзіне тән тілдік ерекешілктері.
