Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Учебник Гигиена-каз_.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
10 Мб
Скачать
☆

3. Қалалар мен ауылды елді мекендерді жоспарлауға қойылатын гигиеналық талаптар.

3.1. Қаланы жоспарлау және салу.

Қала келесі тұрғын (селитебті), өндірістік, коммуналдық-қойма, сыртқы транспорт, тұрғындардың демалысына арналған қала шетіндегі орындар мен нысандар сияқты, негізгі функционалдық зоналарға бөлінеді. (6.1- сурет). Қалада қолайлы гигиеналық жағдайларды жасау үшін функционалдық аймақтардың өзара тиімді орналасуы ең маңызды болып табылады.

6.1-сурет. Қаланың негізгі функционалдық аймақтарының өзара орналасуы

1-селитебті аумақ; 2-өндірістік аумақ, 3- коммуналдық-қойма аумағы, 4-сыртқы транспорт аумағы, 5-жасыл желек аумағы, 6-санитарлық қорғаныш аумағы, 7-өзен ағысының бағыты, 8- негізгі желдердің бағыты.

Қаланың селитебті аумағы тұрғын аудандарды, қоғамдық орталықтарды (әкімшілік, ғылыми, білім беру, медициналық, т.б.) және жасыл желектерді орналастыруға арналады. Ол үшін, жасыл желектері көп, су көздері жақын орналасқан, таза, қолайлы жер телімдері таңдап алынады. Өндірістік аумақты, елді мекен аумағындағы су көздерін өндірістік ағызынды сулармен ластамау үшін, өзен ағысының бойымен тұрғын аумақтан төмен, белгілі қашықтықта және тұрғын аумақтың ық жағына орналастырады.

Жел басым (жиі) қарама-қарсы бағытта соғатын аудандарда, адамдар тұратын аудандарды желдің тұру бағыты бойынша өндіріс өнеркәсіптерінің оң және сол жақтарына орналастырады. Селитебті және өндірістік аумақтардың арасында оларды бөлетін аумақ - санитарлық қорғаныш аумақ- орналастырылуы тиіс, оның өлшемі ластаушы заттар көздерінің зиянды әсер ету сипатына байланысты болып, 50- 1000 м дейін жетеді. Қажет болған жағдайда, аумақтың өлшемін кеңейтеді. Санитарлық қорғаныш аумағын абаттандырады және көгалдандырады. Осы аумақтарда шаң мен газға тұрақты америкалық үйеңкі, арша, канадалық бәйтерек, итшомырт, қызыл аюбадам, бозарша, долана, ақ акация, тал сияқты, өсімдіктер түрлерін отырғызған дұрыс. Санитарлық қорғаныш аумағының 40% кем емес бөлігі көгалдандырылуы тиіс.

Селитебті аумақтың негізгі құрылымдық элементі ықшамаудан болып табылады. Ықшамаудан 6-20 мың адамға есептелген, оның құрамында тұрғын үй ғимараттары, күнделікті қолданылатын мекемелер (бөбекханалар, бала бақшалар, мектептер, спорт кешендері, азық түлік дүкендері, асханалар, кір жууға қабылдайтын орындар, т.б.), сол сияқты саябақтар, тұрғындардың күнделікті демалу үшін шағын бақтар (6.2-сурет) болады. Оның ауданы 20-50 га құрайды. Ықшамаудандардың шекаралары магистральдар немесе тұрғын көшелер, көлік жүретін жолдар мен табиғи шекаралар болып табылады.

6.2 - сурет. 10000 тұрғынға арналған ықшамауданды жоспарлау.

Құрылыс ауданы-10-12%

1-тұрғын үй ғимараттары, 2—3 мектептер, 4-қарттарға арналған пансионат, 5-жеміс бағы, 6-ықшамауданның қоғамдық орталығы,7-бақ, 8-гүлзар, 9-стадион, 10-коммуналдық- шаруашылық кешен, 11-театр

Жақсы тұрмыс жағдайларды қамтамасыз ету үшін және шу, діріл деңгейлерін төмендету мен ауаның шаңмен, автокөліктерден бөлінетін ластаушы заттармен ластануын төмендету мақсатында, тұрғын үйлер мен балалар мекемелерінің негізгі бөлігін ықшамауданның қақ ортасына орналастырады Тұрғын үйлердің қабаттары неғұрлым көп болса, ықшамауданның соғұрлым үлкен ауданы жасыл желектер отырғызуға, дене шынықтыру мен демалысқа арналған қондырғылар орнатуға пайдалану мүмкін, алайда үйлерге күн сәулесінің жарығының түсу және желдетілу жағдайлары нашарлайды, сондықтан ғимараттардың арасындағы қашықтық жеткілікті болуы керек: ғимараттардың алдыңғы жақтарының арасы олардың биіктіктерінен екі еседен кем емес, ал екі бүйірлерінің арасы - 10-15 м болуы қажет. Ықшамауданның басқа ауданында жасыл желектер отырғызылады (ықшамаудан ауданының 40% кем емес), тұрғындардың барлық жас топтарында байқалатын гиподинамияның алдын алу үшін, үлкен маңызы бар балалар алаңдары мен дене шынықтыру қондырғыларын орналастырады.

4-6 ықшамаудандарды тұрғын ауданға - ауданы 80-400 га жерді алатын, құрылымдық элементіне біріктіреді. Оның шекараларын жалпы қалалық маңызы бар магистарльды көшелер мен жолдар бойымен, сол сияқты табиғи және жасанды нысандар (өзендер, каналдар, жасыл желектер, темір жолдар, т.б.) арқылы жүргізеді. Адам тұратын аудандарда қоғамдық орталықтар болады, оларда аудандық және қалалық қоғамдық мекемелер, емханалар, ауруханалар, спорт қондырғылары, супермаркеттер, кинотеатрлар, кітапханалар орналасады.

3-қабатты ғимараттардан құралған адам тұратын аудандағы құрылыстың ең жоғары тығыздығы 28% аспауы, ал көп қабатты үйлерден тұратын аудандарда - 25% аспауы керек. Басқа ауданы көшелер, шағын бақтар, бульварлар, алаңдар үшін пайдаланылады.

Қолайлы микроклимат жағдайлары мен инсоляция көбінесе, құрылыс жүйесіне - ғимараттардың аумақта орналасуына, олардың ұзындығына, пішініне және өзара орналасуына байланысты болады. Құрылыс жүйелерінің бірнеше түрлерін ажыратады: біртұтас, тұйық, қатарлы, периметральды, тізбектік және топтық (6.3-сурет).

6.3-сурет. Ықшамаудандардың құрылыс жүйелері: а-периметральды, б-тізбектік, в-топтық.

Біртұтас жүйеде квартал аумағындағы үйлер көшелердің бойымен және кварталдың ішінде жаппай тұрғызылады. Тұйық жүйеде ғимараттар барлық периметр бойымен үздіксіз салынады, ал квартал ішінде аулалар орналасады. Біртұтас және тұйық құрылыс жүйелері гигиеналық тұрғыдан өте қолайсыз болып табылады, себебі, бұл жүйелерді қолданғанда, күн сәулесі аз түсетін, желдетілуге мүмкіндіктері жеткіліксіз, жасыл желектері жоқ деуге болатын, құдықтар тәрізді аулалар түзіледі. Құрылыстың мұндай түрлері бұрынғы жүз жылдықтарда жиі қолданылатын. Қазіргі кезде жарықтың жақсы түсуі мен желдетілуді қамтамасыз ететін, құрылыс жүйесінің ашық түрі пайдаланылады. Оның ішінде ең жақсысы тізбектік құрылыс жүйесі болып саналады, бұнда үйлердің арасындағы қажетті ара қашықтық сақталып, олар бір-біріне паралель орналасады. Периметральды құрылыс жүйесінде аралары ашық ғимараттарды көшелердің периметрі бойынша орналастырады. Топтық құрылыс жүйесінде, ғимарат топтарының арасында ашық араларды ұйымдастырып, ғимараттарды жекелеген аумақтарда топтап салады.

Көшелердің орналасуы мен өлшемдеріне де назар аудару керек, себебі бұл көрсеткіштер, негізінен, қала инсоляциясын, ауа массаларының айналымын, шудың деңгейі мен қаланың санитарлық жағдайын, адамдардың қозғалыс қауіпсіздігін және көлік ағынын т.б. анықтайды. Негізінен, көшелерді жоспарлаудың екі жүйесі қолданылады: радиалды және шахмат тәрізді. Радиалды жүйеде барлық көшелер, радиус тәрізді, қаланың шетінен орталығына қарай келіп қосылады және бір-бірімен айналып жүретін жолдармен қиылысады. Шахмат тәрізді немесе тік бұрышты жүйеде түзу көшелер бір-бірімен перпендикуляр орналасады. Сонымен қатар, жүйелердің аралас түрлері де қолданылады. Жақсы инсоляцияны қамтамасыз ету үшін, орта ендіктерде көшелерді меридиан бойымен орналастыру тиімді, ал жақсы желдетуді қамтамасыз ету және микроклимат жағдайларын жақсарту үшін, көшелерді елді мекендердегі желдердің басым тұратын бағыты бойынша орналастырады. Егер, шаңды және ыстық желдер басым болса, көшелерді олардың бағытына бұрыштай немесе перпендикуляр орналастырады.

Көшелер, олардың функционалдық мақсатына қарай, көліктердің жылдам жүруіне арналған көшелер, жалпы қалалық және аудандық маңызы бар магистральды көшелер, жергілікті маңызы бар көшелер мен жолдар, адам тұратын, өндірістік және қоймалар орналасқан аудандардың көшелері, көлік өтетін жерлер, жаяу жүргінші жолдары деп бөлінеді. Көліктердің жылдам жүруіне арналған жолдар мен жүк көліктері жүретін жолдарды селитебті территориядан тыс, санитарлық-қорғаныш аумағында орналастыру қажет. Селитебті аумақтарда көліктердің жылдам жүруіне арналған жолдарды тек тоннельдер мен эстакадаларда, жаяу жүргінші мен жергілікті қозғалыс жолдарынан және шу деңгейі шектен аспайтындай, оқшау жағдайда, орналастыру қажет. Көліктердің жылдам жүруіне арналған жолдардың жүргінші бөлігінің шетінен тұрғын үйлер аумағына дейінгі қашықтық 50 м кем болмауы керек. Көшелердің келесі ені ұсынылады: жалпы қалалық мәні бар, көлік қозғалысы үздіксіз магистральды көшелерге - 75 м, көлік қозғалысы реттелінетін көшелерге - 60 м, аудандық мәні бар, магистральды көшелерге - 35м, көп қабатты тұрғын үйлер аумағындағы көшелерге - 25 м, бір қабатты тұрғын үйлер аумағындағы көшелерге - 15 м.

Қазіргі кездегі қалалардағы 1000 тұрғынға 150-180 және одан да көп жеңіл автокөліктерден келетін, автокөліктермен жоғары қамтамасыз етілу жағдайында, тұрғын аудандарда, осы аудандарда тұратын адамдардың автокөліктерінің тұрақты сақталуы қамтамасыз етілуі керек, ал гараждар мен автотұрақтар тұрғын аудандардың шетіне және магистраль аралығындағы территорияларында, тұрғындардың демалыс орны мен балалардың ойын алаңдарынан қашық жерлерде салынуы қажет.

Жасыл желектер - тұрғын аудандардың міндетті түрдегі құрамдас бөлігі болып табылады. Олар, қаланы көркейтіп, қала тұрғындарын табиғатқа жақындатады және олардың денсаулық жағдайына қолайлы әсер етеді. Жасыл желектер қала микроклиматының адамға әсерін жеңілдетеді. Ағаштардың жапырағы күннің ыстық сәулелерінен қорғайды, ал шөптесін өсімдіктер қалың өскен топырақ, аз қызады (асфальттың температурасы 50ºС жеткен кезде, газоны бар топырақтың температурасы 20ºС аспайды). Жасыл желектер арасында ауаның температурасы 1-3 градусқа төмендеу болады. Көгалданған аумақ сол территориядағы ауа температурасын ғана емес, сонда орналасқан ғимараттардағы бөлме төмпературасын да төмендетеді. Бұдан басқа, ағаштар мен мен бұталардың жапырағы және газон шөптері, суды буландыра отырып, ауаның ылғалдылығын жоғарылатады.

Жасыл желектер желден қорғайды, шаң бөлшектерінің зат беттеріне қонуына жағдай жасайды және шаңның, тіпті кейбір газдардың да, біраз мөлшерін ұстап қала алады. Олар қоршаған ортаны оттегімен байытуда және түзілген көміртегі диоксидін сіңіруде үлкен рөл атқарады. Орташа көлемдегі ағаш 24 сағатта үш адамның тыныс алуына қажетті оттегінің мөлшерін қалпына келтіреді. Ағаштар ауаның иондану деңгейін және теріс зарядталған жеңіл иондардың санын арттырады, сонымен қатар, ауру тудыратын бактериялардың дамуын тежейтін немесе жоятын фитонцидтерді бөліп, қоршаған ортаны сауықтырады. Ағаш-бұта тектес өсімдіктер шудың деңгейін төмендетеді. 8-10 метрлік жасыл желектердің жолағы шу деңгейін 5-7 дБ төмендете алады.

Қалаларда көшелердің бойымен міндетті түрде ағаштардың отырғызылуы, ықшамаудандар мен тұрғын аудандарда шағынбақтар мен бақтардың, саябақтардың, орманды-саябақ зоналарының ұйымдастырылуы қарастырылады. Есептеулер көрсеткендей, қаланың селитебті аумағында, әдетте, территорияның 20-25% ғимараттар, 20-22% - көшелер, алаңдар, т.б. алуда, ал аумақтың қалған, шамамен, 50 % - көгалдандырылуы қажет. Қалаларда 1 тұрғынға жасыл желектердің 100-150 м2 келуі керек.

Қала маңы аумағындағы жасыл алап елді мекен үшін таза ауаның резервуары болып табылады. Тұрғындардың тиімді демалуында, ені 5-10 км болатын, орман-саябақ белдеуі маңызды рөл атқарады. Мұнда жаз және қыс мезгілдерінде де демалушыларға барлық жағдайлар жасалуы керек, сонымен қатар, жоғары деңгейдегі санитарлық жабдықталуы (сумен қамтамасыз ету, канализация, қалдықтарды жою, т.б.) қарастырылуы қажет. Орман-саябақ аумағы селитебті аумақпен ыңғайлы және жылдам жүретін көліктер көмегімен байланысады.

Коммуналдық-қойма аумағы сауда қоймаларын, көкөністер мен жемістерді сақтауға арналған қоймаларды, көліктерге қызмет көрсететін кәсіпорындарды (депо, автотұрақтар), тұрмыстық қызмет көрсету мекемелерін (кір жуатын орындар, т.б.) орналастыруға арналған. Оны тұрғын ауданнан тысқары, көбінесе өндірістік мекемелердің санитарлық-қорғаныш аумағында орналастырады.

Сыртқы транспорт аумағында жолаушылар және жүк тасымалдайтын темір жол бекеттері, порттар, кемежайлар, т.б. орналастырады. Тұрғын ауданды теміржол желісінен 100 метрлік санитарлық қорғаныш аумағы арқылы бөлуді ұсынады. Жаңа теңіз және өзен порттары тұрғын аудандар аумағынан тыс, 100 м кем емес қашықтықта орналастырылады. Әуежайлар үшін санитарлық қорғаныш аумағы олардың кластарына байланысты 5-30 км дейін болуы керек.

3.2. Ауылдық елді мекендердің жоспарлануы және құрылыс салынуы ерекшеліктері. Ауылдың жоспарлануы, құрылысы мен абаттандырылуы, қала құрылысындағыдай гигиеналық қағидаларға негізделген, бірақ мұнда ауыл жағдайларының ерекшелігі ескеріледі (құрылыс тығыздығы 5-6 %, ал елдің тығыздығы 1 га жерге - 20-25 адамнан аспайды). Ауылды жоспарлау барысында екі негізгі аумаққа бөледі: қоғамдық орталығы бар, тұрғын аудан аумағына және өндірістік аумаққа.

Ертеректе тұрғын үй ғимараттарын көлік магистралінің бойымен орналастыру кең таралған болатын. Бұл ауыл ауданының ұзаққа созылуына себеп болып, оның екі шетінің бір-бірімен өзара байланысына, сонымен бірге мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуде және санитарлық-техникалық абаттандыруда қиындықтар туғызды. Қазіргі кезде, тұрғын үй ғимараттары мен оларға жанасатын үй жанындағы учаскелерден және көшелерден тұратын, тұрғын кварталдар түріндегі ықшамдалған құрылыс, өзінің тиімділігін дәлелдеді. Осы кварталдарда, сонымен бірге, мәдени-тұрмыстық және емдеу-алдын-алу мекемелері, барлық тұрғындардың пайдалануына арналған жасыл желектер (саябақтар, шағынбақтар, бақтар), көшелер орналасады. Ықшамдалу нәтижесінде су құбырын, канализацияны, орталық жылу, газдандыру жүйелерін орнату, тротуарлар мен көшелерді орналастыру жеңілдетіледі және арзанға түседі.

Ауылдың орталық бөлігінде, әкімшілік мекемелері, пошта байланысы, клуб, асхана, дүкендер, қонақ үйлер, т.б. орналасатын, қоғамдық орталық ұйымдастырылады. Мектептер, бала бақшалар мен бөбекханаларды, аурухана мекемелерін қоғамдық орталық пен автомагистральдардан шеткері орналастыру қажет. Су көздерінің ластануын болдырмау үшін, тұрғын үй ғимараттарын олардан 100 м қашықтықта орналастыру керек.

Өндірістік аумақта барлық шаруашылық нысандары мен өндірістік кешендер (жөндеу-механикалық шеберханалары, мал жемін дайындайтын цехтар, мал бордақылау фермалары, қосалқы өндіріс орындары) орналастырылады.

Өндірістік аумақ химиялық және биологиялық ластаушы заттардың, сол сияқты шу, шаң, түтін, жағымсыз иістер мен шыбындардың көзі болып табылатындықтан, оны тұрғын үй зонасына қатысты ық жағынан, жергілікті жердің бедері бойынша және өзен ағысының бойымен төменірек орналастыру керек. Тұрғын аумағы мен өндірістік аумақ арасында санитарлық-қорғаныш аумағы жасалады, оның ені зияндылық деңгейі мен қауіптілік көзіне байланысты анықталады. Тұрғын аумаққа ең жақын қоймалық орындарды, олардан соң жөндеу шеберханаларын, одан ары – мал және құс шаруашылық құрылыстырын, мал көңін сақтау және ауру малдарға арналған оқшаулау орындарын орналастырады. Тұрғын үйлер ғимараттары мен кішігірім мал шарауашылық фермалары (400-800 мал басына) арасындағы ара қашықтықтың ені 200-300 м болуы керек, ал мыңдаған мал басы бар, ірі фермаларға арналған санитарлық-қорғаныш аумағы 3-5 км дейін созылады.

Ауылдар мен жеке үй-жайлардың сумен қамтамасыз етілуі су құбырларын салу немесе, қызмет көрсету радиусы 100 м аспайтын, қоғамдық құдықтар жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі.

Жекелеген үйлерді жылы сумен жабдықталған, жуылатын әжетханаларымен салу керек. Ағызынды суларды жою және тазарту үшін, үйлердің үй маңындағы учаскелерінде жер астындағы сүзу алаңшалары немесе сүзгі құдықтарды жабдықтау тиімді.

4. Қалалық шу. Шудың тұрғындарға қолайсыз әсер етуінің алдын алу. Коммуналдық шу адамның денсаулығына қолайсыз әсер ететін кең таралған физикалық факторлардың бірі болып табылады. Шу, адамға жағымсыз, кедергі жасайтын, жиілігі мен қарқындылығы әр түрлі, дыбыстардың жиынтығы болып табылады. Шудың пайда болуы негізінде серпінді денелердің механикалық тербелістері жатады, нәтижесінде тербелістегі дененің бетімен тікелей жанасқан ауа қабатында, оның уақытпен кезектесіп жүретін және серпінді бойлай толқын түріндегі таралатын, қоюлануы (сығылуы) мен сиретілуі пайда болады. Шығу тегіне байланысты шу - табиғи, тұрмыстық, өндірістік, өнеркәсіптік, транспорттық, әуе және көше шуы, т.б. болып бөлінеді.

Табиғи шулардың деңгейі, әдетте, төмен болады және адамның көңіл-күйіне әсер етпейді (6.1- кесте). Мысалы, жапырақтардың сыбдыры, теңіз толқындары шуының деңгейі 20 дБ аспайды. Тұрмыстық шу тұрғын үй бөлмелерінде пайда болады, ол теле-, радиоқұралдардың, тұрмыстық жабдықтардың жұмыс істеуімен, адамдардың сөйлесуімен, аспаптарда ойнауымен, құрылыс жұмыстарын жүргізуімен т.б. байланысты. Тыныш пәтерлерде ол 40 дБ аспайды. Радио, теледидарларды қосқан кезде, шу деңгейі өте күшейіп, ауыру сезімінің табалдырығына (100-110 дБ) жақындайды.

Өндірістік шу, өндіріс орындарындағы машиналар мен механизмдердің жұмыс істеуі кезінде туындайды. Мекеме территориясынан тыс аумақтарға таралатын өнеркәсіптк шу компрессор бекеттерінен, құрылыс және металлургиялық мекемелерден туындайды.

6.1 -кесте

Әр түрлі көздерден туындайтын шудың деңгейлері, (дБА).

Шу көздері

Шу деңгейі

Шу көздері

Шу деңгейі

Шусыз бөлме

0

Жеңіл автокөлік қозғалатын көше

70-80

Жапырақтардың сыбдыры

10

Жүк көлігі

70-90

1 м ара қашықтықтағы сыбырлап сөйлеу

20

Дөңгелекті трактор

96 дейін

1 м ара қашықтықтағы қалта сағатының соғуы

20

Шынжыр табанды трактор

106 дейін

Тыныш пәтер

30

Дауыс сөндіргіші жоқ мотоцикл

100

Әдеттегі тұрғын үй шуы

50

Дауыс сөндіргіші бар мотоцикл

82-85

Ақырын сөйлеу

40

Трамвай

80-90

1 м қашықтықтағы әдеттегі сөйлеу

50-60

Троллейбус

70-76

1 м қашықтықтағы қатты сөйлеу (лектор)

70-80

Балалардың ойыны

90-95 дейін

Ән айту

67-92

Жедел жәрдемнің сиренасы

100

Емшектегі баланың жылауы

80

Көшедегі дауыс зорайтқыш

90-96

Пианинода ойнау

90

Винтті ұшақ

120 дейін

Электракустикалық аппаратурадан шығатын музыка

115

Автомобильдің сигналы

80-100

Радиодан берілетін қатты музыка

80

100 м қашықтықтағы реактивті ұшақ

120

Ең қатты дауысы қосылған радиоқабылдағыш немесе телевизор

100

Жолаушылар, жүк пойызы

90-92

Лифт есігінің тарсылдап жабылуы

78

Зымыран қозғалтқыштары, жарылыстар, қарудан ату

175-210 дейін

Көше шуы, көлік және көшенің барлық басқа шуларының (адамдардың сөйлеуі, жаяу жүргіншілердің аяқтарының сыбдырлауы, жол реттегіштерінің ысқырығы, т.б.) жиынтығы болып табылады. Көше шуының негізгі көзі - көліктер болып табылады, олар қаланың жалпы шуының 80% құрайды. Автокөліктерден таралатын шудың деңгейі 70-90 дБ құрайды, темір жол транспорты шу деңгейін 90-100 дБ дейін жоғарылатуы мүмкін. Соңғы жылдары, көптеген көлік қозғалыстарының артуына (сағатына 6000 машина дейін), көліктің жүк көтергіштігі мен қуатының жоғарылауына, қозғалтқыштың жылдамдығының жоғарылауына байланысты, қалалардағы шу деңгейлері 10-15 дБ өсті.

Ең күшті шу - 100-105-тен 120 дБ дейін - ұшақтардың ауаға көтерілу кезінде және қонар алдында туындайды. Авиациялық шу түнгі уақытта адамдарды ұйқысынан оятып қана қоймай, сонымен бірге, қорқыныш, үрей сезімдерін де туғызуы мүмкін. Әуежай аумақтарында тұратын тұрғындарда нәрестелердің өлі туылуы және туа біткен аномалиялар жоғары болатындығы көрсетілген. Авиациялық шу, сонымен қатар психикалық аурулар санының жоғарылуына да әкеп соғады.

Әдетте, қалалық шу түнгі уақытта аз болып, күндіз күшейеді. Алайда, дискотекалар, мейрамханалар, қатты дыбысты шоу-бағдарламалар кейде түнгі де, кешкі уақытта да, күшті және тітіркендіретін шулардың көзі болып табылады.

Шудың адам ағзасына әсері, оның күші мен жиілігіне, дыбыстың қысымына, амплитудасына, уақыт бойынша таралуына, адамға әсер етуінің режиміне және шудың шығу тегіне қатысты сипатына байланысты (ХΙ-тарау).

Шудың психофизиологиялық қабылдануы маңызды, кейде тіпті шешуші роль атқарады. Ол, дыбыстың күшінен басқа, шудың сипатын анықтайтын көзіне және адамның шу әсер еткен кездегі жұмыс түріне байланысты болады. Мысалы, белгілі бір жағдайларда адамның сыбыры мен қорылдауы, қатты сөйлесу мен музыкаға қарағанда, көбірек мазасын алуы мүмкін. Көшеде жүргенде қолайсыз әсер етпейтін шу, демалу және ой еңбегімен айналысу кезінде кедергі келтіреді.

Шу тікелей немесе жанама түрде адамның тіршілік үшін маңызды барлық мүшелері мен жүйелеріне түгелдей әсер етеді. Шудың ағзаға өзіне тән - есту мүшесіне, сонымен бірге, өзіне тән емес те - орталық, шеткі жүйке жүйелеріне, жүрек қан-тамырлары, эндокриндік, асқорыту, т.б. жүйелеріне әсері байқалады. Шудың әсер ететін деңгейіне байланысты әр түрлі реакциялар байқалуы мүмкін. 30 дБ дейінгі шу қолайсыздық туғызбайды. 40-60 дБ шу деңгейінің өзі-ақ адамның ақпаратты синтездеуі мен талдауға байланысты жұмылдыруды талап ететін, ой еңбегіне зиянды әсер етеді.

Жайсыздықты сезінуге, мазасыздануға, жұмыстың, демалыстың, ұйқының бұзылуына шағым пайда болады. Көру- және есту сигналдарына қимыл реакцияларының жылдамдығы төмендейді, рефлекстердің күші төмендейді. Шудың деңгейі 40 дБ жеткенде-ақ ұйқы бұзылады. Ұйқының бұзылуына себеп болатын шудың табалдырықтық деңгейі, әсіресе, қарт адамдарда төмен (30 дБ және одан да төмен) болады. Балаларда ол жоғарырақ болып, 50 дБ дейін жетеді. 50 дБ шу деңгейі кезінде ұйқтап кетуге дейінгі кезеңі 1 сағатқа дейін созылады, ал терең ұйқы уақыты 60% дейін қысқарады. Ұйқының бұзылуы демалудың тиімділігін төмендетеді және үнемі шаршағыштықтың дамуына, жұмысқа қабілеттілігінің төмендеуіне және түрлі ауруларға шалдығудың жоғарлауына әкеп соғады.

65-90 дБА деңгейіндегі шу шеткі жүйке жүйесінің қозғыштығын жоғарылатады, АКТГ (адренокортикотропты гормон) қанға түсуін жоғарылатуымен, кортикостероидтардың деңгейінің көтерілуімен, қалқанша бездің қызметін ынталандыруымен сипатталатын, гипоталамо-гипофиздік-адреналинді жүйенің түрлі деңгейдегі айқын реакцияларын туғызады.

Бас ауыруы, ашушаңдық, көңіл күйдің тұрақсыздығы, тәбеттің жоғалуы, жүрек айну, ойлау қабілетінің төмендеуі байқалады. Бастапқыда, негізінен, функционалдық өзгерістермен сипатталатын, жүрек-қан тамырлар жүйесі жұмысының бұзылуы байқалады. Тамыр соғуы мен артериялық қан қысымының тұрақты болмауы тән, жүрек тұсында жағымсыз сезінуге, жүректің қатты соғуына шағым туады. Бұдан кейін гипертония, жүректің ишемия ауруы, миокард инфарктысының туындауына себеп болатын, вазоконстрикция құбылыстары тұрақтылау бола бастайды.

Асқазанның жиырылу қабілеті және ішектің перистальтикасы нашарлайды, ас қорыту бездерінің секреторлық қызметі бұзылады. Қаланың шулы аудандарында тұратын тұрғындар, басқа аудандарда тұратындарға қарағанда, жүрек-қан тамырлары жүйелерінің ауруларымен - орта есеппен 20%, ал жүйке жүйесінің ауруларымен - 18-23% жиі ауырады.

Шудың осы деңгейлерінде есту анализаторының тұрақты турде зорлануы байқалады, бұл дыбыстың есту табалдырығының 10-25 дБ жоғарылуына әкеледі және сөздерді түсінуде қиындықтар тудырады. Қажуды ұлғайтып, зейін қоюды нашарлатып, рефлекторлық реакциялардың жылдамдығын төмендетіп, дыбыс сигналдарын бүркеп, шу жарақаттануға жағдай жасауы мүмкін. Мысалы, автобус салонындағы шу (75-85 дБА дейін) немесе автокөлік кабинасындағы қарқынды шу (80-85 дБА) жүргізушінің жүйке жүйесіне әсер ете отырып, көшедегі жарақат алу қаупін жоғарылатады. Шусыз жерде демалу кезінде есту өткірлігі қайта қалпына келеді.

Шудың жоғары - 90-110 дБА дейінгі деңгейлері, әсер ететін шудың шамасына байланысты болады, есту қабілетінің уақытша бұзылуына немесе қайтымсыз кереңдікке әкеп соғады. 120-130 дБА шу құлақтың кіреберіс-ұлу мүшесіне әсер етіп, ауыру сезімін тудырады, ал 130 дБА жоғары болғанда, ганглийлердің жасушаларына оларды жоятын тікелей механикалық әсер етеді. 150 дБА деңгейдегі шу өлімге әкелетін барожарақатқа әкеп соғады, бұдан қорғану үшін шудан қорғайтын шлем мен костюм кию қажет. Ондай шу азғана биіктікте ұшып келе жатқан реактивті ұшақтың астында, зымыран ұшыратын орынға жақын жерде (175 дБ дейін және одан жоғары), жарылыстар кезінде пайда болады.

Елді мекендерді қалалық шудың зиянды әсерлерінен қорғау үшін, шудың әсер ету ұзақтығы мен сипатын ескере отырып, әр түрлі бөлмелерге, аумақтарға және адамның түрлі тіршілік жағдайларына арналған шудың шекті дыбыс деңгейі (дБА мен есептелетін) мен октавалары бойынша дыбыс қысымының деңгейлерін (дБ мен есептелетін) нормалайды (6.2-кесте).

Қалалық тұрғын үй құрылысының техникалық және архитектуралық-жоспарлау шешімдерін, санитарлық нормаларға негіздей отырып, түрлі аумақтар мен бөлмелердегі шудың деңгейлерінің шектен аспауын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндей етіп, дайындайды.

Қалалық коммуналдық шудың қолайсыз әсерлерінің алдын алу бойынша шаралар жаңа салынатын немесе реконструкцияланатын қала (ықшамауданның) құрылысының жобасын дайындау кезінен-ақ басталып жүргізілуі қажет.

6.2 - кесте

Әр түрлі аумақтар мен бөлмелердегі шудың рұқсат етілген деңгейлері

Аумақтардың аталуы

Шудың эквивалентті деңгейі, дБА

Күндіз, 7-ден 23 сағатқа дейін

Түнде, 23-тен 7 сағатқа дейін

Елді мекеннің селитебті аумағы

55

45

Реконструкцияланатын тұрғын үй құрылысы

60

50

Әуежайлар мен аэродромдар жанындағы тұрғын үйлер құрылысының аумағы

65

55

Демалыс пен туризм аумақтары

50

30-35

Санаториялық-курорттық аумақ

40-45

30-35

Үйлер қабырғасының жанындағы көшедегі қозғалыс

50

40

Тұрғын үйлердің аумағы

55

45

Тұрғын үй бөлмелері

40

30

Сыныптар мен аудиториялар

50

40

Ауруханалар мен санаторийлердің палаталары

35

25

Кафе, ресторандардың залдары

55

«Шу картасы» деп аталатын, карта құрастырылады, онда қала аймағында келешекте болуы мүмкін шу көздері мен қаладағы шудың таралу жолдары және деңгейлері белгіленеді. Бұрыннан тұрған қалаларда осы сияқты шу карталарын елді мекеннің әр түрлі орындарында шуды жоспарлы түрде өлшеу арқылы жасайды. Шу картасының ШРЕД мөлшерімен сәйкестендірілуі қаладағы акустикалық қолайлы жағдайлар үшін күресу жолындағы міндеттерді нақтылауға көмектеседі.

Көше шуының алдын алу бойынша шаралар келесі негізгі бағыттар бойынша жүргізіледі: шудың пайда болу себептерін жою немесе шуды шығару көзінде әлсірету; шудың күшін оның таралу жолында әлсірету және шуды тікелей одан қорғау нысанында әлсірету. Бұл шаралардың ішіндегі ең тиімдісі, шудың пайда болу себептерін жоюға немесе шудың әсерін оның шығару көзінде әлсіретуге бағытталған шаралар болып табылады. Мысалы, шудың көп мөлшерде төмендеуіне шуды аз шығаратын көліктерді жасау және шығару нәтижесінде қол жеткізуге болады. Алайда, мұндай шешімдер барлық уақытта мүмкін болмайды

Сондықтан, шу деңгейлерін таралу жолдарында төмендетуге бағытталған шараларды жүзеге асыруы маңызды болып саналады, олар архитектуралық-жоспарлау және құрылыс-акустикалық - 2 топқа бөлінеді. Елді мекендерді міндетті түрде зоналарға бөледі, тұрғын үйлерді шу көздерінен алыстататын, тұрғын үй аумағына ықшамаудандар салады, магистральды және жоғары жылдамдықты жолдар қаланың шетіне, ал шу шығаратын өндірістік мекемелері - тұрғын аумақтан тысқары жерге шығарылады, темір жолдар, вокзалдар, әуежайлар санитарлық нормаларда бекітілген ара қашықтықта орналастырылады.

Сол сияқты құрылыс–акустикалық шараларды - экрандармен қорғануды қолданады. Экран ретінде, шудан қорғану үшін талаптары төмендетілген ғимараттар, шудан қорғалған тұрғын үй ғимараттары, жер бедерінің жасанды немесе табиғи элементтері (жыралар, ойпаттар, биік төбешіктер, жол жағасындағы тіреуіш, қоршайтын және шудан қорғайтын қабырғалар), көгалдандыру жолақтары қолданылады. Шудан қорғалған ғимараттардың құрылысын жоспарлағанда, ұйықтайтын бөлмелерді көшеге қарама-қарсы бетте орналастырылуын қарастырады.

Шудан қорғану кезінде ғимараттарда дыбысты оқшаулау (дыбыс энергиясының қоршаудан өту үрдісі кезінде әлсіреуі) мен дыбысты сіңіру (дыбыстың сіңірілуі есебінен дыбыс энергиясының әлсіреуі) кеңінен қолданылады. Дыбыстық оқшаулау мақсатында бұрында кеңінен қолданылып жүрген бір қабатты пәтераралық қабырғалардың орнына, көп қабатты қабырғаларды қолданады, терезелерді екі қабат етіп жасайды және тамбуры бар есіктерді орнатады. Соңғы кездері дыбыс оқшаулайтын желдеткіш терезелер қолданылуда, бұлар дыбысты оқшаулап қана қоймай, бір мезгілде терезе астындағы қабырғадағы саңылауға орнатылған желдеткіштің көмегімен бөлмені желдетуге мүмкіндік береді. Минералды мақта, гипс, армирленген шыны-талшық, поропласт, ұяшықты бетоннан жасалған дыбыс сіңіретін қаптауыштарды қолданады.

Әкімшілік шаралардың маңызы үлкен болып табылады, ал кейде ол негізгі орын алады. Оларға көшеде жүретін көліктердің сигналдарын шектеу, жеңіл және жүк тасымалдайтын көліктердің белгілі бір көшелерде қозғалысын реттеу, пәтерлер мен көше шуларын 23 - 7 сағат аралығында және демалыс күндерінде де шектеу, сонымен бірге, бұл уақыт аралығында кейбір көшелерде автокөліктердің қозғалысына тыйым салу, көшелер, алаңдар мен шағын бақтардағы дауыс күшейткіш құралдардың дыбысын шектеу, т.б. сияқты шаралар жатады.

Тұрғындарға гигиеналық тәрбие бермей, шумен күресу мүмкін емес. Үлкендердің денсаулығы мен олардың еңбекке қабілеттілігінің жоғары болуына, балалардың сабақ үлгерімі, жақсы, сергітетін ұйқы, тиімді демалыс (әсіресе, өндірістік шудың әсерінен кейін), көтеріңкі көңіл-күй болуы үшін, акустикалық қолайлы жағдайдың маңызын әркім түсінуі керек және оларды қалыптастыруға өз күшін салуы тиіс.

VII- ТАРАУ. ТҰРҒЫН ҮЙ ГИГИЕНАСЫ

Адам өз өмірінің көп бөлігін үйде өткізеді, сондықтан адам үшін тұрғын үйдің атқаратын ролі ерекше. Үй адамды климаттық факторлардың (ыстықтан, желден, атмосфералық жауын-шашындардан) қолайсыз әсерлерінен қорғайды, оның ой еңбегімен айналысуына, бала тәрбиесі, демалуы үшін, еңбекке қабілеттілігін қайта қалпына келтіруіне және жеке басының гигиенасын сақтауға қолайлы жағдайлар туғызады. Жақсы тұрғын үй адамның денсаулығына, оның эмоционалдық жағдайына, жұмыс қабілетіне және барлық тұрмыс тіршілігіне қолайлы әсер етеді.

Тұрғын үй адамның қолымен жасалған жасанды, әлеуметтік орта болып табылады, оның әр түрлі – физикалық, химиялық, биологиялық факторлары адамның денсаулығына әркелкі әсер етеді. Мысалы, тұрғын үй ішінде әсер ететін физикалық факторларға микроклимат, бөлмелерге күн сәулесінің түсуі және жарықтанғандығы, техногенді электромагниттік сәулеленулер, шу, вибрация жатады. Химиялық факторларға сыртқы атмосфералық ауамен түсетін ластаушылар және үйдің ішіндегі әр түрлі көздерден бөлінген ластаушы заттар кіреді, ал биологиялық факторларға түрлі микроорганизмдер және олардың тіршілік үрдістерінің өнімдері жатады.

Қазіргі кездегі, қала құрылысының қарқынды өсуі жағдайында, құрылыс тығыздығының жоғарылауына, аэрацияның төмендеуіне, тұрғын үйлердің маңында зиянды нысандардың орналасуына, құрылысқа уландыратын қасиеттері толық зерттелмеген әр түрлі композит-материалдарды пайдалануына, құрылыстардың жасыл желектерді азайтуына, т.б. байланысты өзгерген ортаның адамның денсаулығына зиянды әсер ету қаупі едәуір жоғарылайды.

Тұрғын үйдің адамның физиологиялық және әлеуметтік қажеттіліктеріне сәйкес келуі бірқатар жағдайларға, атап айтқанда:

  • елді мекендегі гигиеналық жағдайға, оның ішінде, құрылысты салу әдісіне және санитарлық тұрғыдан абаттандыру дәрежесіне;

  • тұрғын үй ғимараттарынан тұратын ықшам ауданның гигиеналық жағдайына;

  • тұрғын үй ғимаратының түріне, қолданылған құрылыс материалдарына, ғимарат бөліктерінің құрылысына;

  • пәтердің ішкі жоспарлануына, бөлмелердің құрамы мен олардың өлшемдеріне;

  • бөлмелерге күн сәулесінің түсуі мен жарықтануына;

  • микроклиматтық жағдайлар мен жылытуға;

  • ауаның тазалығы мен желдетілуіне;

  • үйдің санитарлық жағдайына байланысты болады.

Осы аталған барлық мәселелерді тұрғын үй гигиенасы зерттейді. Тұрғын үй гигиенасының негізгі міндеттері, адамның тұрғын үйі ғимараттарында болуы кезінде салауатты және қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған тиісті гигиеналық нормативтер мен ұсыныстарды ғылыми тұрғыдан негіздеу мақсатында тұрғын үй жағдайының тұрғындардың денсаулығы мен тұрмысына тигізетін әсерін зерттеуден турады.