Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
kitap.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1 Мб
Скачать
☆

Шоқан уәлиханов

(1835 – 1865)

Сауатын мұсылман мектебінде ашып, артынан орысша оқыған, 1847-1853 жылдар Омбыдағы Кадет корпусында білім алған Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов – әскери шенді қызметкер болғанына қарамастан тарихта артына мол мұра қалдырған ағартушы ғалым ретінде бағаланатын оқшау тұлға. Шоқан қазақ сахарасындағы ақсүйектер отбасынан шыққан. Ол атақты Абылай ханның тікелей ұрпағы. Кадет корпусында оқуға қол жеткізе алуының негізі осында. Жаратылысынан қабілетті, тума талант Шоқан кадет корпусындағы негізгі мамандыққа қатысты әскери сабақтармен қатар жағрапия, тарих, батыс, орыс әдебиеттері мен философия, физика мен математика, шетел тілі тәрізді пәндерді де бар ынтасымен оқып, ерекше меңгереді.

Өзінің ізденгіштігінің, зеректігінің нәтижесінде азаматтық позициясы тез қалыптасып жетілген Шоқанды қараңғылыққа шырмалған, езгіде отырған туған халқының тағдыры ерекше толғандырады. Сондықтан қызметтік тапсырманы орындай жүріп ел тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты құнды мәліметтерге мән береді.

Қызмет бабына орай қазақ даласының көп жерін аралағанда, Ыстықкөлге саяхат жасағанда, Қытайдың Құлжа, Қашқар қалаларына сапар шеккенде халық мұрасының үлгілерін қағазға түсірген. Шоқан қырғыз еліне, Ыстықкөл аймағына саяхатқа шыққанда, Омбыдан бастап жол-жөнекей Семей, Аягөз, Ақсу, Қапал, Шелек, Қарқара жерлерін мекендеген қазақ елінің бай тарихи-мәдени мұраларына, этнографиясына назар аударады, мүмкіндігінше жазып алады. Қырғыздың «Манас» эпосының «Көкетай ханның асы» атты тарауын тұңғыш рет қағазға түсіреді. Ыстықкөл сапарының нәтижесінде «Қырғыздар туралы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделіктері», «Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы» атты еңбектерін жазады. Құлжа, Қашқарға сапары негізінде «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы», «Жоңғария очерктері» атты еңбектері сол дәуір үшін Ресей ғылымында аса маңызды жаңалық, құнды зерттеу болып табылды.

Өзінің бар білімін туған халқын оятуға арнаған, ағартушылық жолмен өркениетке жеткізуді көздеген ұлы ғалым отыз-ақ жыл өмір сүріп, 1865 жылы Алтынемел асуының маңында дүниеден озды. Зираты сол жерде.

Қ.Алпысбаев

Ыбырай алтынсарин

(1841 – 1889)

Ұлттың ғылым-білімге көзін ашқан екі данасы, рухани тұлға тұтып ұлықтар екі ұстазы бар. Олар – Ыбырай мен Ахмет. Бірі – кирилше, яғни орыс әліпбиі бойынша бала оқытуды бастап, ұлттық мектеп тәрбиесінің негізін салушы Ыбырай Алтынсарин де, екіншісі – араб қаріптері бойынша, исі түркі жұртының жаңа әліпбилеріне негіз болған қазақ жазуын дүниеге әкеліп, қазақ-түркі тіл білімінің тұжырымдарын жасап, түркі тілтануының атасы атанған Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ қана емес, еңбектеріне өзге жұрттар да бас иген ұлтымыздың бұл екі тұлғасын бүгінгі ұрпақтың да, келер ұрпақтың да қастерлеуі парыз.

Көне сөзде ең сауапты іс – кісіге хат таныту болып саналады екен. Сондықтан да «Бір әріп үйреткенге қырық күн сәлем бер» деген. Ал, бұл екі ғұлама – әріп қана емес, күллі ғылым-біліміміздің, XIX-XX ғасырлардағы оқу-тәрбиеміздің негіздерін жасап, қабырғаларын қалап бергендер.

Бүкіл славян әлемі өз алфавиттерінің негізін салған Кирилл мен Мифодийді ерекше құрметтейді. Қаншама заманнан бері, саясат қалай өзгерсе де, олар жасаған алфавит қаншалықты жетілдірілсе де, аттарына кіршік жуытпай, дақ салдырмай аялап келеді. Олардың есімдері қасиетті әулиелер санатында. Жыл сайын құрметпен атайды, әрқилы мерекелік шаралар жасап, ғылыми мәслихаттар өткізеді. Олар орыс әріптерін өздері жоқтан ойлап тапқан жоқ. Басқаның көне жазуынан алып, бейімдеді. Осыдан басқа олардың ешбір еңбегі жоқ. Ал біздің қос ұстазымыз қаншама мұра қалдырды, қаншама нұсқалар жасап берді.

Бұл істе Ыбырай Алтынсарин – алғашқы ізашар тұлға. «Өнер білім бар жұрттар» көш бойы ғана емес, дәуірлік уақытқа озып кетіп, дәуірлеп тұрған шақта, жүрегінде қастерлі істің қасиетті оты жанған Ыбырайдың алдында, қазақты салбөкселіктен сергітіп, самарқаулықтан серілту, білім қақпасының есігін аштырып, күнкөрерлік кәсіпке баулу мұраты тұрды. Ыбырайдың алдында өз тілінде оқыту тәжірибесі де, оқу-құралдары да, мұғалімдер де, тіпті мектептің өзі де жоқ еді. Оған сол жоқтың бәрін жасауға, ұйымдастыруға, табуға – жоқтан бар жасауға тура келді. Ыбырай – оқу-ағарту ісінің үлкен ұйымдастырушысы, қоғамдық қайраткер бола жүріп сол мақсатқа бар өнерін, бар қабілетін орайлы пайдалана да білген адам. Ол болайын деп емес, болатын ешкім болмаған соң, еріксіз өнер өресіне де қол созған. Ағартушы-ұстаз қолға алған абзал ісін мақсатқа жеткізу жолында жазушылық, аудармашылық, ақындық, журналшылық, этнографтық, тіпті мәмілегерлік қабілеттерін де барынша пайдалана білген.

«Егер пайдалы істі бастамасаң, ешқашан да ештеңе болмақ емес» деп қиын да болса тәуекелге бел буған ұстаз өзін ұлылық биігіне көтерген үлкен істің алғашқы қадамын Торғай қаласында аттады. Қазақ жерінің қақ ортасында тұрып, ғылым шырағын тұтатып, білімге шақырған дала қоңырауын қақты. Бұл 1864 жылдың 8 қаңтары еді. Бұл оның Торғай қаласында Орынбор бекінісі комендантында аудармашы бола жүріп, жергілікті тұрғындардан қаржы жинап, мектеп құрылысын да өзі басқарып, төрт жыл бойы дамыл таппай, тағатсыздана күткен арманды күні болатын. Содан Торғай облыстық мектептер инспекторы дәрежесіне дейін көтерілген ол ұлан-ғайыр өңірде (қазіргі Қостанай, Ақтөбе, Ресейдің Орынбор, Қорған, Челябі облыстарын қамтиды) жаңа оқу орындарын ашу жолындағы үлкен ұйымдастыру жұмыстарына қызу кірісіп кетті.

Ыбырай Алтынсариннің елі үшін жасаған еңбегі ұлт есінде мәңгі қалмақ. Оның есімімен өзі іргесін қалаған Торғай қазақ орта мектебі, Арқалық педагогикалық институты, Алматыдағы педогогикалық академия, ауыл, аудан, бірнеше қалалардағы көшелер аталады. Ескерткіштер мен мұражайлар бар. Ыбырай шығармалары әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Көптеген шығармалары қазақ әдебиетінің тозбас қазынасына жатады. Әсіресе «Қазақ хрестоматиясы» – ұлттық мектеп оқулықтарының бастауы, сыныпты үлгісі болып табылады. «Кел, балалар, оқылық» атты өлеңі күні бүгінге дейін мектеп оқушыларының әнұранындай болып келе жатыр. Ыбырай Алтынсарин туралы Ғафу Қайырбеков «Дала қоңырауы» атты дастан, Жайсаңбек Молдағалиев «Таза бұлақ» атты роман жазды. Оған арналған өлеңдер мен әндер, еңбектерінен ғылыми зерттеулер жазылып келеді.

С.Шүкірұлы

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]