- •Алаштың ардағы
- •Алаштың ардағы
- •Ұлтты тану – ұрпақ борышы
- •Бойтұмар
- •Қазақстан
- •Қазақ жазуы
- •Елтаңба
- •Салт-дәстүрлер мен ырымдар
- •Баба дәстүр салт-дәстүрлердің түрлері
- •Қазақтың төл мейрамы
- •Қазақ ырымдары
- •Тыйым сөздер
- •Киіз үй атаулары
- •Қазақ халқының ұлттық киімдері
- •Ата тарих қазақ хандығының құрылуы
- •Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама
- •Бұланты шайқасы
- •Қазақстан ресей империясының құрамында
- •Алаш қозғалысы
- •Алаш автономиясының құрылуы
- •Кеңес үкіметінің орнауы
- •Ашаршылық
- •Саяси қуғын-сүргін
- •Қазақстан екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында
- •Тың көтеру
- •Желтоқсан оқиғасы
- •Тәуелсіздік
- •Атамұра
- •Күлтегін
- •Қожа ахмет иассауи кесенесі
- •Арыстан баб кесенесі
- •Айша бибі кесенесі
- •Бегазы – дәндібай мәдениеті
- •Бекет ата ескерткіш‐ғимараттары
- •Жаркент мешіті
- •Бәйтерек
- •«Тарих-и рашиди»
- •«Жамиғ ат-тауарих»
- •«Алпамыс батыр»
- •«Қобыланды батыр»
- •«Қозы көрпеш – баян сұлу»
- •«Алтын сақа»
- •Асанқайғы
- •Домалақ ана
- •Керей хан
- •Қазтуған жырау
- •Шалкиіз жырау
- •Қасым хан
- •Хақназар хан
- •Тәуекел хан
- •Қаз дауысты қазыбек би
- •Есет батыр
- •Бұқар жырау
- •Бөгенбай батыр
- •Әйтеке би
- •Қабанбай батыр
- •Әбілқайыр хан
- •Жәнібек тархан
- •Райымбек
- •Абылай хан
- •Кенесары
- •Махамбет өтемісұлы
- •Құрманғазы сағырбайұлы
- •Шоқан уәлиханов
- •Ыбырай алтынсарин
- •Ақан сері қорамсаұлы
- •Мәшһүр жүсіп көпеев
- •Әлихан бөкейхан
- •Кейкі батыр
- •Ахмет байтұрсынұлы
- •Халел досмұхамедұлы
- •Қажымұқан мұңайтпасов
- •Міржақып дулатов
- •Жанша досмұхамедұлы
- •Әміре қашаубаев
- •Оспан батыр
- •Мұстафа шоқай
- •Мағжан жұмабаев
- •Мұхтар әуезов
- •Қаныш сәтбаев
- •Әбілхан қастеев
- •Әлкей марғұлан
- •Жұмабек тәшенов
- •Бауыржан момышұлы
- •Қасым аманжолов
- •Дінмұхаммед қонаев
- •Күләш байсейітова
- •Ілияс есенберлин
- •Талғат бигелдинов
- •Рақымжан қошқарбаев
- •Нұрғиса тілендиев
- •Шәмші қалдаяқов
- •Мұқағали мақатаев
- •Әбіш кекілбаев
- •Нұрсұлтан назарбаев
- •Мұхтар мағауин
- •Мұхтар шаханов
- •Жүздердің кестесі
- •Хандар кестесі Қазақ хандығының хандары
- •Ұлт жаршысы «айқап» журналы
- •«Қазақ» газеті
- •«Егемен қазақстан» газеті
- •«Жас алаш» газеті
- •«Ана тілі» газеті
- •Атамекен
- •Баянауыл
- •Бөкей ордасы
- •Бөрітастаған
- •Бурабай
- •Бұланты
- •Қаратау
- •Қарқаралы
- •Қозыбасы
- •Ордабасы
- •Орынбор
- •Сарайшық
- •Сырымбет
- •Түркістан
- •Шымкент
- •Шыңғыстау
- •Анауыз бата
- •Алғыстар, ақ тілектер
- •Мақал-мәтелдер
- •Жақсы сөз – жарым ырыс
- •Атадан жеткен асыл сөз
- •Асыл сөз
- •«Зар заман»
- •«Ереуіл атқа ер салмай»
- •«Мен жастарға сенемін»
- •«Алаш ұраны»
- •«Абай жолы»
- •«Шұғаның белгісі»
- •«Құлагер»
- •«Көшпенділер»
- •Аташаңырақ
- •Дастархан
- •Отан – алтын бесік
- •Оқуға ұсынылатын әдебиеттер
- •IМазмұн
Отан – алтын бесік
Отбасына, дос-жаранға, қоршаған әлем, жан-жануарға деген ыстық ықыластан басталған махаббат сезімі Отанына, туған жеріне деген сыйластықпен ұласса, ол – адамның рухани деңгейінің биіктігі. Бауыржан Момышұлы «Опасызда Отан жоқ» десе, қарт Жамбыл:
Отаным десем, ойыма,
Шалқыған байтақ жер келер.
Отаным десем, ойыма,
Көгілдір тартқан көл келер.
Баурайы байлық, қойны құт,
Отаныма ешқашан
Мекен де болмас тең келер!-
деп, ел, туған жер құдіретін шалқи жырлаған. Тылсым дүние төсінде еркін тыныстап жатқан ерікті елге деген сый, махаббат сезімі әрдайым осылай тасқындаса керек. «Алтын ұяң – отан қымбат... Туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат» (Қазыбек би). Осы кір жуып, кіндік кескен жерді адамзат баласы әрдайым құрметтеп өтпек...
«О, айналайын, кең далам! Қазақ бауырым жайлаған алып далам! Мінеки, біздің тауларды екі жаққа ысырып тастап, ши менен көдеге ырғалып, ұшы-қиыры жоқ шексіз теңіздей көсіліп жатырсың. Кім біледі сенің қойныңда жатқан күшті! Жарықтық, сыртыңнан қарасаң, ешбір өмір белгісі жоқтай томсарып жатқаның жатқан. Бірақ, кешегі естен кетпес жазда соғыс басталып, жаулар жерімізге қол салғанда ...жел қанатты сәйгүліктер ыстық шаң көтеріп, дүбірінен әлем жаңғырықты.
Сонда кең далам күңіреніп, өзенім бұлқынып, тауларым сілкініп, өз елін атқа қондырды.
О, айналайын кең далам, тауларым, еліме күш, қуатты берген қасиетіңнен сенің айналайын!».
Туған жердің қадірін білмеген, оны құрметтемеген адамды ел азаматы деп айтуға болмайды. Батыр бабаларымыз туған жердің бір уыс топырағын жау қолына бермес үшін қасық қаны қалғанша күресті. Адамның тәні мен жанының тілегі, мақсаты бір болып, бір игілікке жұмылғанда ғана оның әрекеті өнегелі болады, олай болмағанда, рухани әлем мен әрекет арасында қайшылық туып, адам баласы қаскүнемдік іс істеп, сый-құрметтен айырылады.
А.Мұсабекова
АНА
Ананы сыйлау – парызың. Бұл сезім балаға нәресте кезінен сіңіріледі. Ол ананың – балаға, баланың – анаға деген ықылас, құрметі. Бұл, расында, ғажайып сезім! Ана балаға өмір берсе, бала анаға түгесілмес бақыт, қуаныш сыйлаған! Сондықтан да олардың бір-біріне деген сый-құрметінде шек жоқ.
Ананы мадақтау – адамгершілікті мадақтау. «Ерлер көктен түскен жоқ, әйел – оның анасы» дегендей, жаны жайсаң, көңілі дархан, дос дегенде ішкен асын жерге қоятын ақкөңіл, кеудесін елі үшін оққа тосатын батыр ерлер ананың тәрбиесінен шыққан, соның аялы алақанының жылуын, жанарының мейірімін көріп өскен. Ел қамын ойлап, дархан даланы дүбірлетіп өткен, тарих көшін батырлығымен, мәрттігімен әрлендірген Абылайлар мен Исатайлар, Махамбеттер мен Амангелділер де анадан туды ғой. Өткір тілді, ұтқыр сөзді, найзадай жарқылдаған билер менен шешендер де ана көрегендігінің кәусар бұлағынан сусындамады ма? Домалақ ана, Мұрын ана, Қаз дауысты Қазыбектің анасы Қарқабат ана сияқты жұртты аузына қаратқан әулие-аналар да дөңгелек дүниенің баға жетпес қазынасын жасаған жоқ па?! Осыдан кейін сен де: «Қадірлейік те, құрметтейік ғазиз Ананы, өйткені ол дүниедегі асылдардың асылы – өмірді, адамгершілікті сыйлады!» - дейсің ішіңнен.
Дүниені қан қақсатқан ақсақ Темір де ашынған ананың алдында, оның қаһарынан қорқып, дарға асайын деп жатқан баласын босатқан екен. Өзін ақылды санаған Шыңғысханның да ақыл сұрап кеңесетіні парасатымен ел басқарған әйелдер, ру билеген көсем аналар, батыр әйелдер, он саусағынан өнер тамған күйші әйелдер болған.
Әйел – аналардың кемел ақылына тәнті болған бабаларымыз тұрғызған тоғыз кесененің жетеуі Қазақстанда, олар: Сыр бойындағы Бикен Мұнара мен Сырлы там, Тараздағы Айша бибі мен Баба әже, Сарысу өңіріндеі Белең ана мен Болған ана, Шымкенттегі Домалақ ене мен Қарлығаш ана т.б.
Әйел болмаса, өмір де жоқ. Сондықтан әйел-ананы сыйлау, құрметтеу – ұрпақтардан ұласып келе жатқан ұлағатты қасиет. Шығыс әйелдерінің бойына иба-ізет қанымен, ана сүтімен сіңген. Ол ибалы бола жүріп, балалары үшін, отбасының бүтіндігі, елінің амандығы үшін өз басын қандай қиындыққа болса да салып жіберуге бар.
Кенесары–Наурызбай атты батырлардың әпкесі Бопай да ұлтының азаттығы үшін жасалған қанқұйлы көтеріліске белсене қатысушылардың бірі. Тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов: «Бопай Кенесарының барлық ірі шайқастарына қатысты және өзі де жау тобына партизандық жорықтар жасап отырды. Бопайсыз Кенесарының кеңестері өтпейтін және ол Бопайдың ақыл-кеңестеріне құлақ асты»,- деп жазған.
Ғұлама жазушы М.Әуезовтің алғаш қалам алғанда аузына ілінгені Ана аты болғаны да сондықтан. Оның «Адамдық негізі – әйел» деген туындысынан кейін жазушы Ғ.Мүсірепов қазақ әдебиетіне ананың киелі қасиеттерін ашатын бірнеше көркем туындыларды әкелді. Ана бейнесін жан-жақты сомдап, келер ұрпаққа үлкен өнеге қалдырды.
Ананың нәзік сұлулығына қоса қайрат, батырлығының да бір еркектен кем болмағанына қайран қаласың. Кир патшаның басын алып патшалық құрған Тұмар ханым, Шығыс әйелдерінің патшайымы Тұрқан қатын, Шыңғыс ханды бұлтартпаған Бөрте ханым, көркіне ақылы сай Қарашаш сұлу, Зере сынды терең ойлы, ақыл-айласы жаннан асқан аналар мен арулар бүгін де жалғасын табуда.
А.Мұсабекова
ӘКЕ
Әке – асқар тау. Отбасында әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке – бала үшін асқар тау. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі пәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың парызы болмақ.
Ақын Жарасқан Әбдірашевтың әке десе – ауылы, ауыл десе – әкесі есіне оралатын перзенттік жүрегі дамылсыз соққан.
Қашан да қамқор болған сан үмітке,
Өтермін сақтауменен салтыңды әсем.
Көнбей ме көңіл шіркін кәрілікке,
Өкпелеп қалмайсың ба “қартым” десем!
Ақын үшін, «бір ауылдың бәйтерегі» – өмірдің ащы-тұщысын халқымен бірге татқан әкесі. Сондықтан ол әкеден алатын тәрбие де салиқалы болмақ.
Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ. Сондықтан да әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу баланы тек жақсы болашаққа ғана әкеледі. «Әкеге бағыну – аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. Демек, әкені ренжітпей оның айтқанының үдесінен шығып отыру әрбір перзенттің басты парызы екен.
Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында» деп әкеге құрмет, қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырса, мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болуы сөзсіз. Әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі, руы, қала берді өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отырады. Әкенің мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбеккерлігінің бала тәрбиесіне ықпалы көп.
А.Мұсабекова
ДОС
Жақсы дос – жан азығы. Досқа деген сыйластық сезімі – әр адамның бойында бар қасиет. Сыйластық сезім достар арасында берік орын алса, адам ешқашан жалғыздық көрмейді. Достардың бір-біріне деген құрметі зор болса, ол қиындықтан шығуда да, өмірдегі мақсатына жетуде де үлкен демеу болмақ. Ел арасында айтылатын мына бір аңыз есімізге түседі:
Ертеде, елімізде жаугершілік жиі болатын кезде, қазақтың екі жауынгері төс қағысып дос болады. Кенет тұтқиылдан жаудың қалың қолы шабуыл жасап, елдің мал-мүлкін тонап, азаматтарын айдап әкетеді. Досының қолға түсіп қалғанын естіген екінші батыр, күздің қара суығын елеместен, өзенді малтып өтіп, жау жатқан жағаға келеді. Анталаған жау әскері оны бас салып ұстап, тұтқынның сұрауымен қолбасына алып келеді.
Жігіт қолбасына:
- Мен қолдарыңа түскен бір жауынгерге құн төлеп, сатып алуға келдім. Бірақ менің беретін мал-мүлкім жоқ, тек өмірімді ғана бере аламын. Өмірімді алып, досымды босатыңдар, - деп өтінеді.
Қолбасы:
- Жарайды, мен сені қыршыныңнан қимай-ақ қояйын. Маған сенің көздерің керек, екі көзіңді ойып аламын, - дейді оған.
- Ол да болсын, көзімді ал да, досымды босат, - дейді жігіт.
Жау жағы оның екі көзін ойып алып, досын тұтқыннан босатады.
Әлгі жігіт тұтқыннан босаған досының иығына қолын салып, күлімдеп келе жатқан екен.
Мұны көрген жаудың қолбасы: «Мынадай ерлері бар халықты бетпе-бет ұрыста жеңу қиын екен» деп шешіп, әскерлеріне шегінуге бұйрық берген дейді.
Досының өмірі, бостандығы үшін ер жігіт көзінен айрылғанына қапаланған да жоқ, керісінше, досының қауіптен құтылғанына риза. «Дос – қияметтік» деген сөз осындай қасиеттің көрінісі ретінде қалса керек.
Ерте заманның шешені әрі ойшылы Цицерон: «Достық өз бойына қаншама сан алуан пайдалы нәрселерді біріктірген десеңізші! Қайда барсаңыз да, ол сізге қызмет етеді, ол барлық жерде бар, ол ешқашан мезі қылмайды, ешқашан да орынсыз килігетін жері болмайды, ол сәттілікке жаңа сәулет береді, ол ортақтасқан сәтсіздіктер де көп мөлшерде өзінің уытын жоғалтады», - деген.
Достар сыйластығы бір-біріне қалтқысыз сенген, риясыз сенім сезіміне ие болған адамдардың арасында болады. Ол үлкен өмір жолынан өткен, тәжірибеде жинақталған, қиындықта сыналған сыйластық болса, анағұрлым берік болмақ. Қазақта «Киімнің жаңасы, достың ескісі жақсы» деп бекер айтпаған. Бала шағынан бір-бірінің мінезін, әдетін, ой-өрісін біліп өскен достар арасындағы сыйластықтың орны бөлек, ол анағұрлым берік әрі түбегейлі.
А.Мұсабекова
ҰСТАЗ
«Ұстаз» – құрметті сөз. Ол – адамдардың өмірге көзқарасын, бір-біріне деген сый, құрмет сезімін қалыптастыратын, білім мен тәрбиенің ұрығын шашатын, адамгершіліктің нұрын төгетін адам. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғамдық қайраткер, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз де орынды айтылған. Баланың бойындағы шынайы білім, біліктілік дағдылары, мінез-қалпы, шарапаттылығы жақсы ұстаздан қалған әдет болса керек.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, -
деген Абай сөзін өзінің өмір қағидасы еткен ұстаз әрдайым құрметті. Ол өзінің бойындағы бар аталық мейірімін, білімін, тәжірибесін алдындағы шәкірттеріне беріп, олардың рухани дүниесін байытады, өмірде неғұрлым адаспай, дұрыс жолмен жүруге дайындайды. Халықтың «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» дейтіні де сондықтан.
Шәкірт – ұстаздан дәріс қана емес, өмірлік ұлағат, тәрбие алады. Мәселен Абылай хан өзін Төле бидің, Шәкәрім, осы замандағы көптеген дарын иелері өздерін Абайдың шәкірттері деп есептеген.
Шәкірттің өмір сүрудің мәнін ұғындырып, оның қыр-сырын ашқан, адамдардың дүниелік түсінігін тереңдеткен ұстазға деген сый-құрметі де айрықша болса керек.
Ұстаз бен шәкірт арасындағы осындай өзара қамқорлық, сыйластық сезімі олардың бірлесіп атқаратын білім мен біліктілікті шыңдау әрекетіне жағымды ықпал етері анық.
А.Мұсабекова
ҚОНАҚ
Қонақ келсе – құт. Қазақ халқы сырттан келген қонағын құдайдай сыйлаған, оған аса жайлы болған.
Қазақ халқында сыйластықтың үлкен бір белгісі ретінде дәм-тұз беруге айрықша көңіл бөлінген. Мұндай салт бойынша жаңадан көшіп келгендерге ерулік, қыста соғым басын беру, келінге есік көрсету, үлкенге, алыстағы жекжатқа сыбаға беріп жіберу немесе оларды қонаққа шақыру рәсімдері жасалып отырады.
Қазақтар қонақты ақ жарқын қарсы алып, астың дәмдісін берген, өзі соған керемет рахаттанып қалатын болған. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты бұрынғы заң-ережелерде де қонақ күту жайында айтылып өткені белгілі. Мұнда «құдайы қонақты» күтіп, сыйлап жіберу, әгерәки қондырылмаған жолаушы жол бойы әлдеқандай апатқа ұшыраса, оған құн төлеу мәселелері дәйекті қарастырылған.
Қонақты құрметпен күтіп қана қоймай, оған сый беру де қазақтың әдетінде бар. Заман өзгерген сайын әрі елдегі экономикалық жағдайларға, әр жанұяның әл-ауқатына орай, мұндай алыс-берістің мағынасы мен көлемі өзгертіле де береді. Бірақ, қалай болғанда да, қазақтар, «Үйге кірген жыланның басына да ақ құйып шығарады» деген салт бойынша, қонақты жылы пейілмен қарсы алып, сыймен шығарып салуды үлкен көрегендік деп бағалаған. Күтпеген жерден қонақтап келген жолаушыдан ә дегеннен жөн де сұрамаған, дастархан жайып, ас-ауқатын берген де, тек қонақ аттануға жиналған кезде ғана: «Жол болсын, бұйымтайыңызды айтыңыз», - деген. Бұл – оның қонаққа жасаған үлкен әдебі. Жолаушы: «Әлей болсын!» - деп сөз бастап, өзінің не шаруамен келгенін айтқан. Қонақ тілегі әрдайым құрметпен қабылданып, үй иесі шамасы келгенше оның сұранысын орындауға, қажетін өтеуге тырысқан.
Пайғамбар хадистерінде үйіне қонақ келмейтін адамдарды «жаман адамдар» деп бағалау бар. Қонақжайлылық қасиеті бар, қонақты құрметпен сыйлайтын адам – пайғамбардың сүйікті құлы деп есептелген екен.
«Қонақ қойдан жуас», «Қонақ келсе, құт келер», «Құтты қонақ келсе, қой егіз табар», «Асыңа тойдырмасаң да, ақ ниетіңе тойдыр», «Көңіл кең болса, үйдің тарлығы да білінбес» деген мақал-мәтелдер қазақ халқының осындай қонақжайлылық сияқты тамаша ұлттық қасиетін айғақтайды.
А.Мұсабекова
ТУҒАН ЖЕР
Адамзаттың қоршаған ортаға тәуелділігі сол табиғаттың ен байлықтардың қайнар көзі және өмір сүру ортасы болғандығынан. Ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби айтқандай, адам бойында үш қабілет ерекше жаралған, олар – дене құрылысы, жан құмарлығы мен ой-парасаты. Осындай көзқарастың қалыптасу мен даму тарихына көз жүгіртсек, оның адам баласының табиғатты танып-білуімен тікелей байланыстылығын аңғарамыз. Адам мен табиғаттың, табиғат пен қоғамның арасындағы қарым-қатынас өмір сүрудегі аса қажетті алғышарттар болып саналады. «Табиғат біртұтас әлем, одан тысқары ештеме болуға мүмкін емес», - деген екен оқу-тәрбие мәселесіне көңіл бөлген философ, психолог-ғалым Ж.Аймауытов. Табиғат мейірімі, табиғат көркемдігі адам баласын да мейірімге бөлеп, ар тазалығын сақтауға бейімдеп отырады.
Табиғатта сезім бар, құлақ та бар,
Ренжітсең, күрсініп, жылап та алар.
Аяласаң, жаныңа шуақ тамар,
Қажығанда бойыңа қуат болар.
(Мәрзия Аяғанова)
Табиғат пен адамның мінезі де ұқсас. Табиғат мейір төксе, бар әлем құлпырып жүре береді. Адамның мейірімі де осындай. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады», - дегендей, жағымды сөз, әдепті қылық, пайымды әрекет адам жанын жадыратып, уайымын, қайғысы мен қасіретін ұмыттырады, жағдайын жеңілдетеді, өмірге құлшынысын арттырады. Халық өзін қоршаған табиғаттың мінез, әдет қалыптарын өзіне алады және мәңгіге алады.
Табиғат пен адам, егіз әлем ретінде, бірін-бірі күтуге, аялауға міндетті. Олар бір-біріне сый, құрмет жасауға тиіс болса, сол сыйластықтың және бір түрі – адамның табиғатқа деген пейілі.
Адам – табиғат перзенті. Ол суға, жерге, айға т.б. оларды жаратқан тәңірге табынады, жалбарынады. Жазушы А.Байтанаевтың: «Жұлдызды қайдан ұстауға болады?» деген әңгімесіндегі кішкентай Беріктің атасының сөзіне назар айдарайық.
«Е, жаратқан, сен көктесің, құдіретсің, ешкім саған шек келтіре алмайды. Жердегі пенделеріңе шарапатшы бол! Шаршағанды демей гөр, ашыққанды жебей гөр, теріс жолдағының санасына сәуле түсір! Жақсы ойлының тілегін оңғар! Пенде атаулының бейәдеп қылығы болса, кеше гөр, тәңірі, сен мейірімдісің ғой! Шарапат-шапағатыңнан ешкімді тыс қалдырма, хақ тағала! Әумин!».
Адамзат баласы өзінің ғана емес, бүкіл ғаламның аман-саулығы үшін жаратылыс алдында өзін борыштар сезінері хақ.
Тіршілікте төрт құдірет – Күн–ана, Жер–ана, ауа мен су болса, олардың біреуінсіз тіршілік тоқтайды. «Жері байдың – елі бай», «Туған жер – алтын бесік», «Жеміс – жерде, жеңіс – ерде», «Ауа – өмір тынысың», «Судың да сұрауы бар» деген мақалдар осы төрт құдіретті қадірлеуден туған. «Табиғаттың бізге жұмбақ сырлары көп таңданар» деп ақын Мұхтар Шаханов айтқандай, тісімен құс тістеген ақындар мен шешендер бүкіл қазына-байлықтың қымбаттысы – табиғат күйін ғибрат сөздеріне, толғау-термелеріне арқау еткен. Олар табиғат күйін адамның көңіл күйіне салғастыра жырға қосқан.
Рухани байлық табиғатқа деген сыйластықпен жасалмақ. Жас ұрпақтың бойына оны сіңіру, олардың қоршаған ортаға қарым-қатынасын, сол арқылы өмірге деген көзқарасын ояту, соған сай мінез-құлқын қалыптастыру – аға ұрпақтың міндеті. Қазақ халқының атадан балаға қалдырған даналығы – «көкті жұлма», «шөпті таптама» – табиғат көріністеріне үлкен жауапкершілікпен қарауы, туған жер табиғатының бұрынғыдан да жайнап, гүлденуіне ықпал жасауды мақсат еткені. Артына «Шипагерлік баян» атты ғылыми еңбек қалдырған Өтебойдақ Тілеуқабылұлы адамның өз ғұмырында міндетті түрде орындауға тиісті жеті шартты көрсеткен, оның төртеуі табиғатқа байланысты болған. Олар – «көктеп келе жатқан өскінге тиіспеу, көбеймелі жорғамалдарға тиіспеу, қарлығаштарға тиіспеу, көз ашпаған шикілікке тиіспеу». Бұл – табиғатты аялап сақтаудың да үлкен адамгершілік екендігін көрсеткен баба өсиеті. Көшпелі өмір, осылайша, қазақты табиғатпен етене байланыстырған. Өмір озған сайын адам табиғаттың тылсым күшіне, заңдылықтарына тереңдеп бойлаған.
Табиғатты ұмыту – өз басымызды ұмыту деген сөз. Имандылық пен мейірбандылық – өркениеттің белгісі. Жас бала табиғат тіршілігін тамашалай отырып, оны сүю барысында үлкен адамгершілік сезімге ие болады, өзін табиғаттың ажырамас бөлігі ретінде сезінеді.
Мен тимеймін, жасқанба,
Дос болайық, көбелек!
Жайнап тұрған бақшамда,
Гүлдерімді көре кет.
Тұтқиылдан састыра,
Жаңбыр жауса себелеп,
Тақиямның астына
Тығыла ғой, көбелек. (Асқаржан Сәрсеков)
Қандай нәзік сезім! Бала мен көбелек – табиғат перзенттері, олардың арасындағы сыйластық кімнің болса да өңіне күлкі, жүрегіне мейірім ұялатады.
С.Экэюпери: «Ең үлкен сән-салтанат – адамдардың қарым-қатынасының салтанаты» - деген екен. Бұл сөзді адам мен табиғаттың ара қатынасына байланысты да, адамдардың бір-бірімен көңіл жарастығын табуына байланысты да айтуымызға болады. Ондай жағдайда рахат күй кешеріміз анық. Жастарға да осылайша эстетикалық тәрбие беру, оларды табиғат байлығына сый-құрметпен қарауға тәрбиелеу – олардың бойында адамгершілік сезімін қалыптастыру, шарапатты болуға бейімдеу екендігінде дау жоқ.
А.Мұсабекова
ТӨРТ ТҮЛІК
Бабаларымыз төрт түлікке ерекше көңіл бөлген. Әрі ас-ауқаты, әрі киімі, әрі көлігі, қымызы – ем, әрі жегжат-жұратымен жасайтын алыс-берісінің көзі, байлығы болғандықтан, қазақ үшін осы төрт түлік мал аса қымбатты дүние болғаны белгілі. Қайда болмасын, бірін-бірі танысын-танымасын, кездесе қалған қазақ «мал-жан аман ба?» деп амандық-саулық сұрасқан. Қазақтар малды тек пайдаланып қана қоймаған, олардың бабын тауып бағып-күтудің де жай-жапсарын, қасиетін, ерекшелігін жақсы білген, сынаған.
Төрт түлік малдың ішіндегі ең қасиеттісі түйе болып есептелген. Ол қырық күн шөлге шыдамды, жүк артса – көлік, жесе – ет, ал жүні киімге жараған. Қазақтар түйенің жүнінен түйе жүн шекпендер киген, ол жеңіл әрі жұмсақ сырт киім болған. Түйенің күштілігі, жүйріктігі, шыдамдылығы сияқты түрлі қасиеттері бар, соған орай оны түрліше атайды (желмая, нар, аруана, жампоз, үлек, нарқоспақ т.б.). Асанқайғының шапқанда құстай ұшатын желмаясы естеріңізде болар. Ал түйе өзінің өсу жолында бота, тайлақ, буыршын, буырлыш, науша, бұзбаша, інген, атан, бура деп аталады.
Қазақтың қасиетті малдарының бірі – жылқы. Оны құлын, жабағы, тай, құнан, байтал, дөнен, бесті, бие, ат, сәурік (суйрік), айғыр деп атайды. Ал оның жүйріктігіне, тағы да басқа қасиеттеріне қарай әсіресе батырлар жырларында жорға, сужорға, жүйрік, тұлпар, қазанат, сәйгүлік, дүлдүл арғымақ деп атаған. Жылқы малын аса жоғары бағалаған қазақтар оны үлкен ас-тойларда жарысқа салып, бас бәйгесіне мол дүние беретін болған. Ер азаматтарға жасалатын сыйдың да үлкені ат мінгізіп, шапан жабу болған.
Жылқының жүрісіне дейін атаулары болған. Мысалы, аяң жүріс, жорға жүріс, жортақ жүріс, бүлкек желіс, бөкен желіс, шоқыта жүру, шабыс. Оның түсі де әртүрлі теңеулермен сипатталған: торы, күрең, жирен, ақбоз, боз, көк, шұбар т.б.
Сиыр малы момақан, қазақтар үшін көбінесе тамаққа жараған, ет, сүт, айран, қаймақ, май, құрт, ірімшік т.б. осы сиырдың берген берекесі болған. Сиырды кейде көшке де, егіске де пайдаланып отырған. Жалпы, қазақтар сиырды киімге жаратпаған, қонаққа сыйға тартпаған, тіпті түске кірсе де ауыртпалық деп жорыған, тіпті қазақта епетейсіз, икемсіз әрі денелі адамды «сиырдай» деп, сөйлемейтін адамды «аузын буған өгіздей», «мыңқиған бұзау сияқты» деп мазақтайтын тіркестер қолданылады. Дегенмен, сиыр да үйдің берекесі, айран-сүттің көзі, балаларының асыраушысы ретінде қадірлі мал болған. Сиыры жоқ үй ас-ауқаты жұтаң үй болып есептелген. Сиырды жасына қарай бұзау, торпақ, тана, тайыншща, қашар, құнажын, дөнежін, сиыр, өгіз, бұқа деп атаған.
Түйе мен жылқыны, өгізді көлік ретінде пайдаланады, шанаға, арбаға, малға жегеді, салт та мінеді.
Қой – төрт түлік малдың ішіндегі қазақтың ең сүйіктісі десе де болады. «Қойдың сүті – қорғасын, қойды құртқан оңбасын» дейтін қазақтың қой өсіруге ынта-ықыласы мол-ақ. Өзі майда, өсімтал, момақан, тез ет алып, қонақ кәдеге жарап отыратын, сүті майлы әрі жұғымды қой малын ата-бабамыз ерекше қастерлеген. Қой өсу жасына орай қозы, марқа, тоқты, бағылан, тұсақ, азбан, ісек, қошқар, саулық деп аталады.
Ешкі де қазақтар үшін өсімтал малдың бірі болғандықтан, қадірлі. Ешкінің еті жеңіл әрі сіңімді, сүті аса құнарлы болады. Ешкінің сүттісін арнайы ұстап, ана сүтіне жарымаған баланы ешкі сүтімен асырайды. Ешкінің серкесін әрдайым қойдың отарына қосып отырады, оның бүкіл отарды бастап, жайылымға апарып, әкелетін қасиеті бар. Дегенмен ешкіні қонаққа соймайды. Ешкі жеңілтек мал деп есептеледі де, мінезі ұшқалақ, шыдамсыз баланы (әсіресе қыз баланы) «ешкі құсап селтеңдеп» деп, ешкіге теңеп отыратыны бар. Ешкіні жасына қарай лақ, туша, бөрте, шыбыш, серке деп бөледі.
Төрт түлік малдың өзі қадірлейтін басын қазақтар басқаға бермеген, онда жұтаңдық орнап қалады деп есептеген. Әрбір рудың өз малына салатын таңбасы болған. Оны олар малдың құлағына, мүйізіне, жамбасына салатын болған.
Еңбекқор қазақ халқы мал өнімдерін өте орынды пайдаланып отырған. Шаруашылықта қолданылатын заттар – жылқының жалынан, құйрығынан жасалатын арқан, сиыр мүйізінен жасалатын тарақ, қой жүнінен жасалатын киіз, текемет, тоқылған сырт киім, түйе жүнінен тоқылған шекпен т.б. аса жоғары бағаланған. Тіпті түйенің шудасын да, қайнатып, емге пайдаланған. Кедей қазақтар қойдың жабағы жүніне жаңа туған нәрестені де орап, қыстан аман алып шыққан. Осындай аса құнды мал болғандықтан, қазақтар өз перзенттерін де «құлыным, қозым, қошақаным, ботам» деп, айналып-үйірілген, еркелетіп отырған.
А.Мұсабекова
