Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
kitap.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1 Мб
Скачать
☆

Баянауыл

Баянауыл шежіресі – Баянаула тауынан бастау алады. Бұл – Сарыарқаның солтүстік-шығысындағы жатаған тау. Батыстан шығысқа 40-50 шақырымға, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай 20-25 шақырымға созылып жатқан, биіктігі 600-1026 метр аралығындағы Жасыбай, Жанбақы, Торыайғыр, Жақсы Аула, Жаман Аула сілемдерінен тұрады. Тау шатқалдарындағы қазан шұңқырларда пайда болған Жасыбай, Сабындыкөл, Торыайғыр көлдері, табиғи үңгірлер, небір бейнелі жартастар, бұлақтар, бозтал, балқарағай, аққайыңды орман-тоғайы керім көріністі, таза ауа, мөлдір сулы – жанға дауа табиғи орта құрайды.

Осындай көркем жерде Павлодар облысының Баянауыл ауданы, оның орталығы Баянауыл кенті орналасқан. Павлодар қаласынан 210 км Сабындыкөл жағасында тұр. Баянауыл өңірінен қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, ғылымына ірі үлес қосқан Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтбаев сынды тұлғалар дүниеге келген.

Мұнда жиырмадан астам жадығаттық ескерткіштер, қола дәуірінен қалған оба-қорғандар, тастағы жазулар, таңбалар, үңгірлер бар. Өсімдіктері мен жануарлар әлемі де бай. Өсімдіктердің төрт жүзден астам түрі, аң-құстардың екі жүздей түрі мекендейді. Жасыбай көлінің жағасында демалыс орындары, Баянауыл саяхатшылар тұрағы жұмыс істейді. Өңірде табиғат байлығымен қатар кен байлығы да бар.

С.Шүкірұлы

Бөкей ордасы

Патшалық Ресейдің «бөліп ал да билей бер» саясатының және қазақ жұртының батыс өңіріндегі күйзелісті тұрмыс жағдайының қажетсінуіне байланысты өмірге келген аумақтық-әкімшілік басқару орталығы. Еділ-Жайық аралығындағы Нарын құмы 1771 жылы қалмақтар ауғаннан кейін бос жатты. Елдегі биліктілердің ішкі тартыстарынан халық күйзеліске ұшырап, қоныс аударатын қолайлы жер іздей бастады. Жұрт назары Нарын құмына ауды. Бұл жағдайды жақсы аңғарған Бөкей сұлтан батыл қимылға көшті.

Бөкей – Әбілқайыр ханның баласы Нұралыдан туған. Ол 1801 жылы Ресей патшасы І Павелдің Нарынды тұрақты қоныс етіп бекітіп беруін өтінеді. Бұл тілек сол жылы 11 наурыздағы патша жарлығымен қанағаттандырылады.

Бөкейді бұл іске ынталандырған – билік, соңына ерген жұртты шақырған – жер, ал патшаны иліктірген жағдай – кіші жүз қазақтарын екі иелікке бөлу, сөйтіп оны әлсірету болды. Бұған қоса, Еділ-Жайық аралығындағы сауда жолдары да қауіпсіздендірілетін болды. Бұл жағдай Ресейдің қазақ жеріне ықпалын нығайта түсті.

Бөкей хандығы, яғни Ішкі Орда осылайша 1801 жылы құрылды. Оның алғашқы ханы – Бөкей болды. Ордаға қарасты үй саны алғашқы 5 мыңнан 1825 жылы 10490 шаңыраққа жетіп, 50 мыңнан аса жанды қамтыды. Бөкей қайтыс болып, баласы Жәңгір ер жеткенге дейін, яғни 1815-1823 жылдары Орданы Шығай сұлтан басқарды. 1823 жылы хан тағына Жәңгір отырды.

Жәңгір хан басқару жүйесін өзгертіп, хан депутаты, хан кеңесі, старшын-есауыл, арнаулы тергеуші, іс жүргізетін кеңес тәрізді құрылымдар жасады. Әрбір ру басына өзіне берілген сұлтандар мен билерді қойды. Ру ішіндегі аталықтарды старшындар басқарды. Бұл ру басшылары мен старшындарды Орынбор шекаралық комиссиясы бекітті. Хандықтың әкімшілік орталығы – Орда қаласы 1826 жылы салынды. Тауарлы-ақша қатынасы біршама өркендеді. Егіншілік және басқа да кәсіпкерлікке жағдай жасалды. Мешіт-медрессе салынды. 1840 жылы бастауыш орыс-қазақ мектебі ашылды. Қазақ жеріндегі мамандандырылған мұрағат мекемесінің алғашқыларының бірі де, Бөкей ханның негіздеуімен осында ашылды. Әсіресе, Жәңгір хан тұсында Ішкі Ордада ағартушылық, мәдениет, ел басқару, кәсіпкерлікті дамыту істерінде елеулі жетістіктер болды.

Дегенмен, бұл шаралар да елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын түбегейлі шеше алмады. Әлеуметтік қайшылықтар өрши берді. Бұл Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліске соқтырды. Көтеріліс хан ордасын шайқалтқанмен, еш нәтежеге жеткен жоқ. 1845 жылы Жәңгір өлгеннен кейін мұндағы хандық билік жойылды да, Ішкі Орданы басқару жөніндегі уақытша кеңес құрылып, шенеуніктік билікке берілді.

Алаш қозғалысы тұсында Бөкей Ордасында екі басқосу өтті. Бірінші сиез 1917 жылдың 20-25 сәуір аралығында У.Танашевтің төрағалығымен, екінші сиез 1917 жылдың 10 қыркүйегінде зиялылар қауымының ұйымдастыруымен шақырылды. Екі сиезде де жергілікті басқару жүйесіндегі құрылымдық өзгерістерге байланысты маңызды шешімдер қабылданды. Россияның саяси жағдайы, Бөкей Ордасындағы саяси жағдай, жер мәселесі, сауда-саттық, білім беру, денсаулық сақтау т.б. мәселелер енгізілді.

С.Шүкірұлы

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]