Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
жобалау әдістемесі оқулық.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

5. Жобалаудың білім берудің жаңа нәтижелерін қалыптастырудағы ролі

Бүгінде посткеңестік кеңістікте ғана емес, батыстың алдыңғы қатарлы дамыған елдерінде де білім беру жүйесін жаңғырту өзекті мәселеге айналып отырғаны белгілі. Зерттеушілердің айтуынша, экономикалық дамудың жаңа факторы ретінде инновациялық үдеріспен бірге өрлеп келе жатқан білімділікке сұраныс қалыптасуда, бұл экономика әлемде білімділік экономикасы деп аталуда. Европалық Экономикалық бірлесу және даму ұйымының (ОЭСР) көптеген елдерде жүргізген зерттеулері қорытындысында білім саласы «білім индустриясына» айналуы тиіс дей отырып, «білім беру жүйесінің өзі де білім алуы, одан әрі дамуы керек», өйткені, «білім нәтижелерін жақсарту үшін жүйелердің өздері тиімді» болуы қажеттігі атап айтылған. Европаның табысты болуының кілті – білімдар экономикаға тікелей байланыстылығы көптеген талдаулар арқылы дәлелденген.

Халықаралық ұйымдар, соның ішінде, Европалық білім қауымдастықтары да жаңа білім парадигмасының білім беру нәтижесіне бағдарлылық мазмұнын алға қоюда. Мысалы, біздің еліміз толық мүшесі болып қабылданған Болон процесі барлық деңгейлердегі білім беру ұйымындағы оқытудың қалыптасқан нәтижелері – білім, білік, дағдыға – қоса құзіреттілік сапаларының қарастырылуын жаңа парадигма туғызып отырған жаңа қажеттік деп бағалайды.

Білім алушының білім, білік, дағдыларымен қатар, құзіреттілік сапаларының болуын қажет ететін тенденциялар қазіргі заманның «білім алу заманына» айналып келе жатқанын көрсетеді. Соған сай білім үрдісінде «білім беруден – білім алуға», «оқытудан – оқуға» көшу парадигмасы білім беру жүйесі ресурстарын қайта қарау талаптарын қойып отыр. Олар: білім беру мақсатын, күтілетін нәтижелерін нақтылау; білім беру процесін басқару әдістері мен технологияларын жаңарту, білім мазмұны мен білім беру үрдісін ұйымдастырушылық – ресурстық тұрғыдан қамтамасыз ету.

Біздің еліміздің білім беру саясатын айқындайтын «Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» және басқа да құжаттарындағы білім беру жүйесін дамыту талаптары интеллектуалды ұлтты қалыптастыру туралы нақты міндеттерінен туындап отыр. Олар төмендегі бағыттарды қамтиды: біріншіден, интеллектуалды еңбектің мәртебесін көтеріп, жастардың білімділікке, парасаттылыққа, Отан мен халыққа қызмет етуге деген қарым-қатынасын өзгерту; екіншіден – ұлттық интеллектінің діңгегін құру, ол үшін халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын білімді, жаңаша ойлайтын, қабілеті мол азаматтар қалыптастыру; үшіншіден – білім, ғылым және инновациядағы серпілісті қамтамасыз ету. Бұлардың барлығы да жаһандық әлемдегі білім беруді дамытудың негізгі факторы адами капитал рөлін арттыру, адами ресурстарға деген жаһандық бәсекелестіктің өсуі және жаңа «технологиялық толқын» талаптарына жауап беруді қамтамасыз ету мақсаттарын көздейді. Соған сай, білім беруді жаңғырту, оны қаржыландыруды тұрақты түрде арттыру арқылы 2020 жылдарға қарай білім берудің жаңа сапасын қамтамасыз ететін жаңа жүйені қалыптастыру міндеттері нақтыланды.

Осы міндеттер бүгінгі таңда еліміздің білім беру мазмұны мен нәтижелерін жаңартуды қажет етеді. Адам капиталын дамытуды көздейтін жаңа экономикалық қатынастардың нығаюы мен әлемдік өркениетке ықпалдасу үдерісі білім берудің құндылықтарын жаңғыртуға ықпал етуде. Білім саласындағы жаңа құндылықтар ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының барлық буындарына арналған мазмұнында айқындалған. Ондағы негізгі өзгерістер білім берудің жаңа нәтижелері ретінде білім алушылардың құзыреттіктерін қалыптастыру белгіленуінде. Мысалы, 2008-2009 жылдары талдауға ұсынылған Жалпы орта білім беру стандартының 5 бөлімінде орта білім беру мақсаты – «білім алушылардың түйінді және пәндік құзыреттерін қалыптастыру арқылы олардың танымдық қабылеттерін, алған білімдерін оқу және өмірлік жағдаяттарда шығармашылықпен пайдалана алуын, өзін-өзі дамыту мен өзіндік басқаруын қамтамасыз ету» деп сипатталған. Аталған құжаттың 5.5 бөлімдегі «базалық білім мазмұны және әр білім саласы бойынша түйінді және пәндік құзыреттерді кіріктіру арқылы күтілетін нәтижелерді анықтауға бағдар болып табылады», «түйінді құзыреттер әр білім саласының алатын орнына сәйкес пәнаралық сипаттағы қабілеттер ретінде алдымен оқу пәндері арқылы қалыптасып, дамиды. Түйінді құзыреттерге: ақпараттық құзырет; коммуникативтік құзырет; проблемалардың шешімін табу құзыреттері жатады» деген жолдар еліміздегі білім нәтижелерінің жаңа сапасын қамтамасыз етудің нақты қадамдарын көрсетеді.

Сонымен қатар, Стандарттардың «Білім беру процесін ұйымдастыру ерекшеліктері» туралы бөлімінде білім беруді ұйымдастыруға қойылатын жаңа талаптар белгілеген. Мысалы, 9.4 бөлімде: «Білім алушылардың жеке және топпен өз бетінше іс-әрекетін жүзеге асыру үшін білім беру үдерісі білім, білік және құзыреттердің кіріктірілуін қамтамасыз етуі тиіс. Білім беруді ұйымдастыруда білім алушылардың жетекші іс-әрекеті ретінде олардың өзбетінше зерттеу жүргізулері негізінде субъективті жаңалық ашуларын жүзеге асыратын тақырыптық және пәнаралық жобалар басымдық танытады» делінген. Ал, 9.5 бөлімдегі «Мұғалім мен оқушы арасындағы серіктестік қатынаста құрылған оқу ортасы білім беру процесіне қатысушылардың іс-әрекеттерінің өнімділігін қамтамасыз етеді. Бұл жерде мұғалім ұйымдастырушы ретінде сыныптағы оқушылардың жеке білім беру траекториясын іске асыруды қамтамасыз етеді, олардың сыныптан тыс оқу-іс-әрекеттерде бағдарлануына көмектеседі, өз бетінше білім алу дағдыларын дамытуға жағдай жасайды, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді» деген міндеттер педагогикалық жүйелердегі білім беру процесін басқарушы педагогтардың жаңа әдістерді меңгеру ғана емес, алдымен осы бағытта қалыптасқан ой - пікірлерінің, жалпы педагогикалық біліктіліктері мен құзыреттіліктеріндегі жаңа сапалық өзгерістерді қажет етеді.

Осылайша, жалпы қоғамдағы үдерістердің инновациялық сипат алуы және өзгерістердің басты ресурстары ретінде адам капиталы белгіленуі білім беру жүйелеріндегі барлық салаларды жаңаша ұйымдастыру талаптарын қоюда. Қазіргі таңда білім беруді дамыту бағыттарын көрсететін бірнеше маңызды факторларды атауға болады. Олар:

  1. Жаңа білімді «туындату», немесе жаңа білім түзілімдерін құрастыруға (бұрын тек мұғалім ғана жаңа білім көзі бола алатын) көптеген адамдардың, ұжымдардың қатысуына байланысты педагогтардың ролінің, сонымен қатар, білім беру мазмұнының өзгеруі;

  2. Педагогтардың бойында өз әрекетін интеллектуалдық тұрғыдан қамтамасыз ететін жаңа құзыреттіліктерін дамыту қажеттігі;

  3. Қазіргі заманда өмір сүру барысында кез келген адамның құзыреттік сапаларын бірнеше рет жаңартып отыру қажеттігін түсіну;

  4. Бүгінгі білім берудің жекеленуге бағытталуы, яғни, әрбір білім алушы педагогтар мен тьюторлардың көмегімен, өзіндік білім алу траекториясын құрастыра алуы талап етілуі;

  5. Педагогикалық жүйелерді басқарушылардың қатарында жаңа проблемаларды шеше алатын, ойлау мен инновациялық әрекет етудің жаңаша үлгілерін жасай алатын адамдар болуын қажет етуі.

  6. Ғылыми білімнің мектептегі сабақ–сыныптық, университеттердегі дәрістік–семинарлық формада жаттанды түрде берілуін өзгерту қажеттігі.

«Мак Кинзи» компаниясының кеңесшісі, ағылшын зерттеушісі М.Барбер «білім беру нәтижесін түбегейлі өзгертудің басты үш факторы бар, олар: педагогтық қызметке соған лайық адамдардың келуін қадағалау, оларды оқытушылық қызметін тиімді жүргізуге қажетті деңгейде даярлау және әрбір білім алушыға сапалы білім беруге қолайлы жағдай туғызу. Кез келген білім беру ұйымындағы білім сапасы онда жұмыс істейтін оқытушылар сапасынан жоғары болуы мүмкін емес деген. Ол сонымен қатар, өзінің көптеген елдерде жасалған зерттеулеріне сүйене отырып, «әлемдегі нәтижесі жоғары білім беру ұйымдарын басқарудағы бәріне ортақ қасиет - ұйым жұмысындағы сапалы өзгерістерге қол жеткізудің бірден бір факторы педагогтарды дамытуға қажетті жағдайлардың жасалуы» дейді.

Бүгінде түрлі деңгейлердегі педагогикалық жүйелерде көптеген инновациялық бағыттар пайда болып, жеке педагогтар тарапынан жаңа білім беру мазмұнын көздейтін оқулықтар мен бағдарламалар, оқытудағы ақпараттық - комуникативтік, интерактивтік технологиялар ретінде ендірілуде. Дегенмен де, заман талабынан туындап отырған білім берудің жаңа құзыретттілік нәтижелерін қалыптастыру педагогикалық ұжымның түгелдей теориялық дайындығын, әдістемелік және технологиялық тұрғыларын терең меңгеруін қажет етеді.

Білім берудің барлық деңгейлерінде жаңа білім нәтижелерін қалыптастыруды педагогикалық ұжымдардағы өзгерістердің өзегі деп қарастырсақ, ұйымның оны қамтамасыз ететін инфраструктурасы, ресурстары болуы тиіс. Өйткені, жаңа нәтижелеріне бағытталған өзгерістер мазмұны білім беру ұйымын басқарушылардың қалыптасқан көзқарасын, ойлау әрекеттерін өзгертуді, жаңа құзыреттіліктерін дамытуды талап етеді. Сонымен қатар, педагогтардың ойлау мен іс – әрекеттік дағдыларын, мотивациялары мен ұстанымдарын, басқару стилі мен әдістері өзгертуі тиіс.

Педагогикалық ұжымды дамытуға қажетті өзгерістер. Кез - келген ұйым, соның ішінде білім беру ұйымы институционалдық сипатта болғандықтан, сондықтан оған қажет болатын өзгерістер деңгейі ұжымда қалыптасқан қарым - қатынастарға байланысты жасалады. Педагогикалық ұжымға қатысты қарастырсақ, ондағы ұйымдастырушылық өзгерістерді білдіретін, біріншіден, ұжымның өзіндік ерекшеліктері, білім беруді ұйымдастыру тәжірибесі, педагогикалық дәстүрлері, әлеуметтік - психологиялық жағдайлары, т.б., екіншіден, ұжымның ішкі ұйымдастырылу тәртібі, педагогтардың кәсібилігі және жалпы деңгейі, ұжымның құрылымы, ондағы қарым - қатынастар, т.б.

Қалыптасқан ұжымдық құндылықтар ұйымның мүшелеріне белгілі бір дәрежеде еркіндік пен сенімділік береді. Білім беру ұйымдарын дамыту өзгерістері қалыптасқан құндылықтардың өзгеруіне әкелетіндіктен, оларды енгізу ұйым мүшелерінің мақұлдауын қажет етеді. Сондықтан, ұйымдастырушылық өзгерістердің табысты жүзеге асырылуы оны ең әуелі сол ұжымдағы адамдардың дайындығын қамтамасыз еткен жағдайда ғана мүмкін болады.

Педагогикалық ұжымның жаңа талаптарға сай өзгерістерін қамтамасыз ету ұйымдастырудың жобалауға негізделген жаңа моделін жасауды қажет етеді. Өйткені, педагогтарды бірлескен шығармашылық жұмыстарға тарту, олардың мүмкіндіктерін анықтай білу және пайдалану, өзгелермен қарым – қатынас жасау, проблемаларды талдау мен шеше білу жолдарын меңгеруде жобалау әрекеттерін ұйымдастыру тиімді болады.

Педагогикалық ұжымда жүзеге асырылатын жобалау әрекеті ең алдымен, педагогтардың құзыреттілігін дамытуға бағытталса, олар оқыту барысында білім алушылармен жаңа субъектаралық қарым - қатынастар орнату арқылы білім берудің жаңа сапасын қамтамасыз етеді деп күтіледі.

Білім беру ұйымдарын дамытуда жобалауды жүзеге асыру тәжірибеде әлі де аз кездеседі, бүгінде бұл жұмыс педагогтарды дамыту қызметі негізінен әдістемелік семинарлар арқылы жүргізіліп отыр. Соған байланысты, педагогтарды жобалау қызметіне тарту олардың нақты іс - әрекетін жобалау арқылы өз тәжірибелері негізінде жүргізілуі тиіс.

Осылайша, педагогикалық ұжымдарда жаңа құзыреттілік нәтижелеріне сай мақсаттық - бағдарлы өзгерістерді жүзеге асыру үшін педагогтармен жобалау қызметін ұйымдастыру қажеттілігі және осы мақсатта ұжым мүшелерінің арнайы құзыреттіліктерін қалыптастыру міндеттері отыр.

Педагогикалық ұжымды жобалау әрекетіне тікелей қатыстыру арқылы оқытудың негіздемелері:

  • жобалау барысында негізгі міндеттер қатысушылардың ойлау және іс - әрекеттерінің нәтижесі ретіндегі жобалар арқылы жүзеге асырылады;

  • жобалауға қатысушылардың ойлау әрекеттері мен тәсілдерін өзгертуге мүмкіндік беріп, өзара тиімді қарым – қатынастар қалыптастыруға ықпал етеді, ал өзара түсіністік жағдайында ұйжымды жаңарту жұмыстары нәтижелі болады;

  • жобалау ұжымның әрбір мүшесі үшін құндылықтары мен қабілеттерінің, дағдылары мен ішкі сенімдерінің өзгеруіне ықпал етеді;

  • жобалау педагогтарға жаңа іс - әрекет түрлеріне қатысуға, оларды игеруге мүмкіндік береді, сонда - ғана олардың бойында өзгерістер жасауға қабілеттілік пайда болады;

Сөйтіп, қазіргі заман талаптарына сай болу үшін білім беру жүйелеріне қажет іс - әрекеттер: оқытудың жаңа идеялары, әдістері мен технологиялары, білім беру инфраструктурасының жаңартылуы, т.б. жобалауды игеру нәтижесінде мүмкін болатын өзгерістер.

Педагогикалық ұжымдағы адам ресурстарының жаңа сапасын қалыптастыру мақсатындағы өзгерістер ең әуелі, педагогтардың инновациялық мүмкіндіктерін дамытуға бағытталса, оның нәтижесі білім берушілермен қарым - қатынастың өзгеруіне әкеледі.

Осылайша, педагогкалық ұжымды арнайы дайындау арқылы олардың педагогикалық қызметін жаңаша ұйымдастыруына қажетті құзыреттілік сапалары қалыптасады деуге болады.

Жобалау әрекетін жүзеге асыру оны ұйымдастыратын адамдардың құзыреттілігінің жоғары болуын талап етеді, өйткені, ұйымдағы педагогтардың жобалауды өз тәжірибелеріне ендіруі үшін қолайлы жағдай қалыптастыру қажет.

Педагогтардың құзыреттілігін дамыту олардың оқытудағы жобалаудың мазмұны мен әдістерін меңгеру, оның тиімділігін бағалау көрсеткіштері мен өлшемдерін жасай білуді меңгеруіне тығыз байланысты.

Ол үшін, алдымен, педагогтардың жоба жетекшілері ретіндегі арнайы құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған бағдарламасының мазмұнын, соған орай, күтілетін нәтижесін құрастыру керек. Олар төмендегі құзыреттіліктер болып анықталады:

  • жаңа нәтижелерге бағытталған оқыту үрдісін жобалай білу және оны жүзеге асырылу жолдарын жасай білуі;

  • оқушылардың жобалау қызметін ұйымдастыра білу;

  • жобалардың тиімділігін бағалай білуі;

Одан кейін, бағдарлама бойынша жоспарланған оқыту мен тәжірибені ұштастыру барысында жобалау әдістерін игерген педагогтардың аталған құзыреттіліктерінің қалыптасу деңгейі олардың жұмыс өнімдері, немесе, күтілетін нәтижелері - жасалған жобаларға сараптама беріледі. Сараптама бірнеше деңгейлерде ұйымдастырыла алады: берілген өлшемдерге сәйкес өзіндік сараптама, жобалау қызметін ұйымдастырушы сараптамасы, немесе, басқа ұйымнан шақырылған тәуелсіз сараптамашы- маман бағасы.

Жобаларды бағалаудың бүгінгі күні бірнеше өлшемдері мен көрсеткіштері қалыптасып отыр, олардың ең көп пайдаланылатыны төмендегі бағалау картасы:

Өзектілігін бағалау. Жобалау оқытуда белгілі бір қиындықтар туғызып отырған проблемаларды анықтап, оны тиімді шешуге бағытталған болуы тиіс. Осындай проблемалық бағыттарды айқындау, талдау жасау арқылы негіздеу және шешу жолдарын ұсыну, жобалау маңызды мәселеге бағытталғанын көрсетеді.

Өлшемдері болуын бағалау. Жобалау нәтижесі қалыптасқан жағдайды өзгертетін, не жетілдіретін болуы керек. Ол үшін алдын ала анықтау алуды қажет ететін сұрақтар: 1) жобаның қандай көрсеткіштері нәтижелер деп есептеледі; 2) оларды қандай параметрлер арқылы өлшеуге болады және олар немен өлшенеді?

Қолжетімдігін бағалау. Жобалаудың қолжетімдік стратегиясын жүзеге асыру оның күтілетін нәтижелерінің алдын ала анықталуы және оны орындау жолдары мен механизмдерінің нақты кезеңдері мен алгоритмінің жасалуынан белгілі болады.

Шынайылығын бағалау. Жобалауды іске асыратын лайықты адамдар тобы белгіленуі, жобалаудың мазмұны мен технологиясы, қажетті ресурстары анықталуы. Осы әрекеттердің болуы жобалаудың шын мәнінде жүзеге асырылуына мүмкіндік жасайды.

Уақыт шектеулерінің белгіленуін бағалау. Бұл жобалау қызметінің басталу және аяқталу мерзімдерін, орындау барысындағы аралық кезеңдерді және әрбір аралық кезеңнің мақсаты мен күтілетін нәтижелерінің нақты белгіленуінен көрінеді.

Болуы мүмкін күтілетін кедергілермен тәукелелдік дәрежесінің анықталуы. Жобалау барысында осыған ұқсас тәжірибелерді зерттеу және талдау арқылы алдын ала болжау әрекеттеріне сүйене отырып, болуы мүмкін кедергілер мен қиындықтардың, одан шығатын жолдардың алдын ала белгіленуі.

Жобаның өміршеңдігін бағалау. Оның мәнісі жоба жетекшілерінің алдына қойылған міндеттерді орындап, жобаны жасағаннан кейінгі жағдайын анықтау болып табылады. Бұл жоба әрі қарай жалғасуы мүмкін бе, ол үшін қандай ресурстары бар, қандай ресурстар қажет? Міне, осы талдаулардың болуы жобаның өміршеңдігін көрсетеді.

Берілген талаптарға сай педагогикалық ұжымның дамуын қамтамасыз ететін мақсаттық - бағдарлы жобаларды ұйымдастыру және оның тиімділігін аталған көрсеткіштер арқылы бағалау жобалаудың тиімділігін қамтамасыз етеді.

Қорыта келе, жаңа білім беру нәтижелері мазмұны жағынан білім, білік, дағдыларға бағытталған дәстүрлі білім беру шеңберінен шығып, адамның тұлғалық сапаларын әрекеттік тұрғыдан қалыптастыруды көздейтін жаңа талаптар білім беру ұйымдарының өзгерістерін қажет ететіні белгілі болды. Сондықтан, педагогикалық ұжымдарда болашақ өзгерістердің алдын – ала дайындық жүргізілуі тиіс. Өзгерістердің алдын – ала дайындық дегеніміз қол жеткен нәтижелерді талдау барысында болашақ жағдайды ілгері көре білу, соған сай жүйенің дамуын қамтамасыз ететін ресурстарды алдын – ала даярлай білу дегенді білдіреді.

Алдын – ала даярлық педагогикалық ұжымның тұрақты дамуына мүмкіндік береді, өйткені, бұл жағдайда төмендегі қызметтер жүзеге асырылады: педагогикалық ұжымды дамытудағы нақты жаңа өзгерістер алдын – ала белгіленеді; ұжым мүшелерінің бірлескен әрекеттері барысында аталған өзгерістерді қамтамасыз етуге қажетті құзыреттіліктер анықталады; педагогтар бойында жүзеге асыруға қажетті кәсіби құзыреттіліктерін арттыратын жобалау арқылы оқыту бағдарламасын құрастырылады және жүзеге асырылады. Сөйтіп, жобалау негізінде педагогтар құзыреттіліктерін қалыптастыру олардың өзгерістер жағдайында нәтижелі жұмыс жасауына қажетті инновациялық мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді.

Сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Білім берудің нәтижелеріне қойылатын жаңа талаптардың әлемдік деңгейде қарастырылуы

  2. Қазақстанда білім берудің жаңа нәтижелері айқындалуы

  3. ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарындағы білім берудің жаңа нәтижелері.

  4. Жаңа білім нәтижелерін қамтамасыз етуде педагогтарға қойылатын жаңа талаптар.

  5. Педагогикалық ұжымды білім берудің жаңа міндеттерін жүзеге асыруға теориялық, әдістемелік және технологиялық дайындау жолдары.

  6. Педагогикалық жобалау негізінде педагогтардың арнайы құзыреттіліктері және оларды дамыту.

  7. Педагогикалық жобалаудың жаңа білім нәтижелерін қалыптастырудағы ролі.

  8. Педагогикалық ұжымдағы жобалау нәтижелерін бағалау.

  9. Глоссариймен жұмыс