Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
жобалау әдістемесі оқулық.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

5. Педагогикалық әрекеттерді жобалау технологиясы

Педагогикалық жүйелердің инновациялық өзгерістері мақсаттық жобалау арқылы жүзеге асырылады. Бұл жаңа қызметтің өзіне тән орындалу алгоритмі мен технологиялық циклы, өзіндік ерекшеліктері болғандықтан, оны ұйымдастыру барысында белгілі бір тәртіп пен ережелер қатаң сақталуы тиіс. Соған орай, «технология» түсінігінің мәні жобалау әрекетін тұтастықпен және бірізділікпен орындаудағы ережелер мен нормалардың жиынтығы және олардың сабақтастығы деп қарастырылады.

Жобалаудың басталуынан аяқталғанға дейінгі біртұтас технологиясы төмендегі кезеңдер мен іс– шараларды қамтиды:

Бастапқы кезең. Бұл кезеңде атқарылатын жұмыстар: жобалау объектісінің қазіргі жағдайын талдау, диагностикалау, бағалау: орын алып отырған қайшылықтар мен кемшіліктерді анықтау; осы бағыттағы ғылыми –зерттеулерді талдау; проблеманы теориялық негіздеу; жобаны ресурстармен қамтамасыз ету. Бұл кезеңнің нәтижесі – жобалаудың қажеттігін анықтау, оны ақпараттық –материалдық ресурстармен қамтамасыз ету, тиісті жағдайлар туғызу.

Негізгі кезең. Бұл кезеңде атқарылатын жұмыстар: жобалау мақсатын айқындау; мақсатқа қол жеткізетін жолдарды болжау; жобаның шектелу аясын белгілеу; жобалау идеясын тұжырымдау, немесе, тұжырымдамасы; жобаның тұтас бағдарламасын, жоспарын жасау; бақылау түрлерін анықтау. Екінші кезеңнің нәтижесі – объектінің құжаттық жобасын жасау, олар: тұжырымдамасы, моделі, бағдарламасы, жоспары.

Жүзеге асыру кезеңі. Бұл кезеңде жобаны жүзеге асыру жолдары, оны байқаудан өткізу орындалады. Нәтижесі –жүйенің жаңа сапаға өткендігін назарға алу.

Қорытынды кезең. Бұл кезеңде атқарылатын жұмыстар: жобаны және оны эксперименттік байқаудың сапалық нәтижелерін бағалау; жобаның тиімділігін тәуелсіз эксперттердің бағалауы; пайда болған проблемаларға сыни рефлексия жасау; жобаның нәтижелерін қорытындылау, түзетулер енгізу. Бұл кезеңнің нәтижесінде жобаға қажетті өзгерістер ендіріледі.

Жобалау технологиясы желілік түрде ұйымдастыруды қажет етеді. Өйткені, педагогикалық мақсат қою, мотивациялар мен құндылықтық ұстанымдарында қалыптасқан түсініктерді өзгерту қатысушылардың іс – әрекет дағдыларын өзгертуден басталады. Ол үшін барлық дербес және ұжыммен орындалатын қызметтердегі әркімнің өзіндік дамуы мен ұжым дамуындағы ортақ мүдделерді айқындап, тиімді әрекеттерге жетелейтін жағдайды қалыптастыру қажет болды.

Жобалау әр адамның ұжымдағы ролі мен жауапкершілігін арттыруды көздейтін болғандықтан, иерархиялық – жоғарыдан төмен қарай басқару жүйесінің орнына жобалық командаларға негізделген өзара желілік байланыста болатын шағын топтар құрылды. Соған орай, бұрынғы құрылымдағы басқарудың негізгі құралы – қатаң бақылаудың орнына педагогикалық қызметкерлердің өзіндік тәртіпке, тапсырылған істі орындауға деген мотивациялық - стимулдық орта тудырылды. Қатаң бақылау мен әкімшілік әрекеттер қолдау көрсету, бірлесе орындау, нәтижені өзіндік бағалау әрекеттерімен ауыстырылады.

Жобалау технологиясы ұйымдастыру әрекеттерінің жаңа түрін қалыптастырады, оларға тән ерекшеліктер:

  • жаңа қажеттіктерді қанағаттандырады;

  • проблемалардың шешімін табу жолдарында дәстүрлі тұрғыға қарағанда елеулі айырмашылықтар болады;

  • дамытушылыққа бағытталады.

Инновациялық өзгерістер жағдайында білім беру ұйымында жүзеге асырылатын жобалау технологиясына төмендегідей талаптар қойылады:

  1. Жобаның икемділігі;

  2. Жобаның күтілетін нәтижесі инновациялық өзгерістерге әкелуі;

  3. Өзгерістің тиімділігі мен оны орындауға кеткен шығындардың сәйкестендірілуі;

  4. Жоба барысында болуы мүмкін қолайсыздықтарды есепке алу;

  5. Жобалау барысында ұжымда құрылымдық өзгерістер жасау мүмкіндігін қарастыру.

Бұдан көрініп тұрғандай, басқарудағы жобалау әдістерінің қалыптасқан ұйымдастыру мен басқарудан өзгешелігі аз емес. Атап айтқанда, дәстүрден тыс әдістер:

  • желілік ойлау дағдыларын қалыптастыру;

  • шығармашылық белсенділікті көтермелеу;

  • жобаны жүзеге асырудығы топтық (командалық) бірлестіктер.

Олардың қажеттігі келесі факторлармен айқындалады: жобаның матрицалық құрылымы; жұмыс барысының уақытшалық сипаты; шешуін қажет ететін проблемалардың негізінен пәнаралық және интегративтік сипатта болуы; педагогтарды мен білім алушылардың шығармашылық әлеуетін желілік сипатында нығайту қажеттігі тууы; шешілуі қажет проблемалардың негізінен стандарттық қалыптан өзгеше болуы.

Басқарушыларды жоба жетекшілері ретінде арнайы дайындағаннан кейін, олардың алдына өздері қызмет істейтін ұйымды дамытудағы өзекті проблемаларды анықтау, оны шешуге арналған мақсатты жобалар құрастыру, жүзеге асыру, нәтижесін талдау және бағалау міндеті қойылдаы. Ол үшін, ең алдымен, сан алуан инновациялардың ішінен педагогикалық жүйелердің түбегейлі өзгерістерін қамтамасыз ете алатын ең негізгі бағытты таңдай білу, жүйені мақсаттық – бағдарлы дамытудың жүйеқұраушы элементі болып табылатын инновациялық жобаны анықтай білудің маңызды екені түсіндіріледі.

Мақсаттың айқын болуы кез – келген әрекеттің ең басты тетіктерін анықтап, соған күш салуға мүмкіндік береді. Тәжірибеде жиі кездесетін оқыту мен тәрбиелеу, білім беру ұйымдарын басқару қызметтеріндегі қиындықтар мен кемшіліктер негізінен педагогикалық әрекеттерді басқарушылардың іс–әрекеттің мақсатын нақты түсіне алмауынан және мақсаттың дәл анықталмауынан болатыны белгілі. Соған орай, мақсаттық – бағдарлы жобалардың негізгі міндеті – жүйенің барлық компоненттерінің қызметтерін күтілетін нәтижеге сәйкес ұйымдастыру болып табылады.

Педагогикалық жүйелердің барлық деңгейлерін мақсатты дамыту мен оның бағдарламаларын жасау басқарудың инновациялық технологияларын тиімді қолдануды қажет етеді. Бұл қызметтерді жобалау технологиясы арқылы жүзеге асыру жаңа адами ресурстарды сырттан тарту емес, қолда бар ресурстардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды көздейді. Жобалау әрекеті басқару құрылымына белгілі бір деңгейде өзгерістер ендіруді қажет етеді, оны ұйымдастыруда жаңа өзгерістерге түсетін объектілер қатарына басқару құрылымы мен басқару әрекеттерінің бағдарлық жүйесі жатады.

Жобалау әрекетін ұйымдастыру арқылы білім беру ұйымдарындағы даму өзгерістері жүзеге асырылады.

Жобалау технологиясын нақты проблемаларды шешуде жүзеге асыру арқылы педагогтардың ізденістік - шығармашылық белсенділігін арттыруда, білім беру ұйымының пайдаланылмай жүрген түрлі ресурстар көзін анықтауда маңыздылығы анықтауға болады. Сондай - ақ, ұйымдастырушылық жұмыстар барысында басқарудың қалыптасып қалған иерархиялық моделі өзгертіліп, жаңа бөлімшелер құрылады, тиімсіздігі анықталып отырған қызметтік, құрылымдық салаларды қайта құру, ішкі өзгерістер, т.б. жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

Осылайша, педагогикалық жобалауға дайындық барысында:

  1. Жағдайды талдау: түрліше диагностикалау арқылы проблеманың пайда болуы мен сипаттамасы жасалады;

  2. Проблеманы шешудің түрлі жолдары қажеті ресурстар және жүзеге асыру мүмкіндіктерін бағалау тұрғысынан қаралады;

  3. Мақсатқа сай нәтиже беретін тиімді жолдар жоба ретінде таңдалады;

  4. Жобалауды тәжірибеде ұйымдастырудың тәсілдері мен оны жүзеге асырудың материалдық - техникалық, қаржылық, құқықтық-нормативтік шарттары мен ресурстары анықталады.

Жағдайды талдау үшін ең алдымен берілген жағдайды қарастыру аясы шектелуі керек, ол үшін проблемаға қатысы бар субъектілерді, қалыптасқан жағдай кімдер үшін қиындық тудырып отырғанын белгілеу, қиындықтың мәнісі неде екенін, оның пайда болуы мен тәжірибеден орын алу себептерін анықтау қажет.

Талдау пәніне қарастырылатын педагогикалық жүйенің, ішкі сипаттамалары: құрылымы, қызметі, байланыстары, ішкі және сыртқы ортаға қатысты сипаттамалары жатады. Бұл жұмыстардың барлығы жобалау алды зерттеу кезеңін құрайды.

Бұнда бастапқы кезең талаптарына сай жобалау жұмысы кіші жүйе құрылымының өкілдерінен құрылған шығармашылық топтар құрудан басталып, педагогикалық ұжымды инновациялық дамытуды жобалау алды зерттеулер мен қалыптасқан жағдайды талдау негізінде жұмыстың қажеттігін анықтап, жобаның тұжырымдамасын құрастырды.

Нақты жобадан мысал. Тақырыбы: «Педагогикалық ұжымның инновациялық мүмкіндіктерін дамытуды жобалау». Қысқаша тұжырымдамасы: «Қазіргі педагогикалық жүйелерді дамыту ондағы педагогтардың инновациялық өзгерістерді қабылдауға, жүзеге асыруға, нәтижелерін талдай, бағалай білуіне байланысты. Сондықтан, педагогикалық жүйелерді дамытудың маңызды факторының бірі – ондағы адам ресурстары ретіндегі педагогтардың инновациялық мүмкіндігінің жеткілікті деңгейде болуы. Педагогикалық ұжымның инновациялық деңгейі оның жаңа идеялар мен жобаларды, инновациялық технологияларды жүзеге асыру мүмкіндігінен көрінеді. Осыған сай, білім беру ұйымдарының жүйелі өзгерістерін жүзеге асыру үшін ондағы педагогтардың инновациялық мүмкіндерін арнайы дамыту қажет.

Тәжірибеде орын алған түрлі жаңа бағыттардың ішінен педагогикалық жүйелердің жаңа өзгерістерін қамтамасыз ете алатын негізгі бағыт, жүйенің адам ресурстарын дамыту болып табылады. Соған орай, педагогтарды инновациялық дамыту жүйенің жаңа өзгерістерін қамтамасыз ететін жүйеқұраушы элементі бола алады және осы бағыттағы инновациялық жобаны жүзеге асыру ұжымның одан кейінгі даму сатыларында өтуге мүмкіндік береді».

Одан әрі ұсынылған проблеманы шешуде бұрыннан бар амалдардың белгілі бір себептермен нәтиже бермейтіні негізделеді, немесе, жаңа жағдайлар туындағаны нақтыланады. Осыдан соң, жаңа жағдайларға сай өзгерістерді жүзеге асырудың мақсаты мен міндеттерін анықталып, жобалау технологиясының келесі кезеңіне өтеді.

Осылайша, педагогикалық ұжымның инновациялық мүмкіндіктерін дамыту жобасын жүзеге асыру жолдары белгіленеді.

Педагогикалық ұжымның бұл бағыттағы проблемалары мен оны шешу жолдарын, мақсаттары мен күтілетін нәтижелерін айқындау нәтижесінде жобалау болжамы белгіленді.

Болжам бойынша, егер, педагогикалық ұжымды инновациялық дамыту жұмыстарының мазмұны, әдістері мен түрлері оның әрбір кезеңінің мақсатына сай педагогтардың жаңалықтарға көзқарасын дамыту, оларды қабылдай алуы мен жаңалықтарды меңгеруін ұйымдастыру; ұйымдағы педагогтардың жаңашылдық деңгейі мен педагогтардың шығармашылық белсенділігін арттыру; өзара қарым қатынастарын дамыту педагогикалық психологиялық, ұйымдастырушылық ресурстық тұрғыдан қамтамасыз етілсе, онда педагогикалық ұжымның инновациялық мүмкіндіктерін дамыту тиімді жүзеге асырылады.

Осы болжамға сай, ұжымның инновациялық өзгерістерге даярлық көрсеткіштері төмендегі сапалардан тұрады деп белгіленді:

  1. Педагогтардың жаңалықтарға көзқарасы, оларды қабылдай алуы;

  2. Жаңалықтарды меңгеруге және қолдануға даярлығы;

  3. Ұйымдағы педагогтардың жаңашылдық деңгейі;

  4. Педагогтардың шығармашылық белсенділігі;

  5. Өзара қарым қатынастарының деңгейі.

Оны тәжірибеде жүзеге асыру кезеңдері анықталып, күтілетін нәтижелері төмендегідей белгіленді:

Дайындау кезеңінде – педагогикалық ұжымның инновациялық өзгерістерге мотивациялық даярлығы;

Ұйымдастыру кезеңінде – теориялық даярлығы;

Жүзеге асыру кезеңінде – тәжірибелік даярлығы;

Бақылау бағалау кезеңінде – күтілетін деңгей мен қалыптасқан деңгейлердің сәйкестігін анықтау, сәйкестендіру.

Одан соң, шығармашылық топ әрбір кіші жүйе құрылымында талқыланған педагогикалық ұжымды инновациялық дамыту жобасын ұйымдастыру бағдарламасын педагогикалық кеңеске ұсынып, бекітілген соң жүзеге асыру жұмысы басталды.

Жобалауды жүзеге асыру оны кезеңдерге бөліп, және әр кезеңнің нәтижесін белгілеуді, соған сәйкес бақылап, бағалап отыруды қажет етеді. Осыған орай, барлық кезеңдерде дәстүрлі басқаруға тән емес өзгеше жұмыс түрлері пайдаланылады.

Жобалау арқылы педагогикалық ұжымның инновациялық мүмкіндіктерін дамыту үшін, ұйым ішінде оқу мен тәжірибені ұштастыруға жағдайлар туғызылды. Олар ұжым жағдайында тұрақты түрде қызмет істейтін арнайы семинарлар мен практикалық жұмыстың тәжірибелік алаңдары ретінде ұйымдастырылды.

І. Дайындық кезеңі.

Мақсаты: педагогикалық ұжымды инновациялық өзгерістерге мотивациялық даярлығын қамтамасыз ету. Мазмұны:

1. Педагогикалық ұжымның инновациялық өзгерістерге мотивациялық даярлық деңгейі диагностикалау.

2. Ақпараттық база төмендегіше құрастырылады:

  • Білім беру саласындағы жаңалықтар базасы жасалады;

  • Тақырыптық семинарлар жүргізілді, әдебиеттермен, жаңа әдістемелермен қамтамасыз етіледі; 

  • Педагогтарды өз проблемалары бойынша қалалық семинарлар, ашық сабақтар, облыстық институттың курстары мен теориялық семинарларына жүйелі қатысуы ұйымдастырылады.

3. Университеттен таңдалған ғылыми жетекшілермен және кеңесшілермен байланыс жасалып, оларды семинарларға тарту, инновациялар туралы ғылыми ақпараттармен танысу жүзеге асырылады.

4. Инновациялық жаңалықтар мен технология түрлері педагогтардың қажеттіктері бойынша таңдалады.

5. Педагогтар, сонымен қатар, өз пәндері бойынша білім алушылардың қажеттіктері бойынша ізденістік инновацияларды таңдауға да жағдай туғызылады.

6. Жобаны жүзеге асыруда болуы мүмкін кедергілерді, сәйкессіздіктер мен кері нәтижелеріне болжау жасалады.

7. Білім алушыларды, ата-аналарды жоба жұмысымен таныстырып, жұмысқа белсенді қатысуға мотивациялау жүргізіледі.

ІІ. Ұйымдастырушылық кезең

Мақсаты: педагогикалық ұжымның инновациялық мүмкіндіктерін дамытуды теориялық қамтамасыз етуге даярлық жұмысын жүргізу.

Мазмұны:

  1. Иерархиялық түрдегі әдістемелік қызмет құрылымына өзгерістер енгізу: матрицалық шығармашылық зертханалар, тәжірибе алаңдарын, филиалдар, ғылыми – кеңесшілік топтар құрылады;

  2. Педагогтардың ғылыми - әдістемелік, инновациялық білімдерін толықтыру үшін тақырыптық семинарлар мен тренингтер жүргізіледі;

  3. Педагогтардың зерттеушілік сапаларын дамыту, зерттеу тақырыптары бойынша іс тәжірибелерін жүргізуге жағдай туғызылады;

  4. Ғалымдармен байланыстар нығайтылып, жеке және топтық кеңес беру, семинарлар өткізу үшін филиалдық жұмыстар басталады;

  5. Педагогтарды ынталандыру ережелерін құрастырылды;

  6. Өзара шараларға, сабақтарға қатысу, дөңгелек үстел, жобаларын қорғау, шығармашылық есептер тыңдау, презентациялар жоспар бойынша орындалады.

ІІІ. Жүзеге асыру кезеңі

Мақсаты: педагогикалық ұжымның инновациялық өзгерістерге жүзеге асыруын қамтамасыз ету.

Бұл кезеңнің мазмұны:

  1. Педагогикалық ұжымның инновациялық мүмкіндіктерін дайындық кезеңі бойынша аралық диагностикалау;

  2. Бағдарлама бойынша теориялық білімді Д.Колб әдісімен тақырыптық семинарлар, іскерлік ойындар, практикумдар, тренингтер түрінде жүргізу, оны келесі семинарға дейінгі аралықта тәжірибеде бекіту, талдау, әріптестерімен талқылау;

Бағдарлама бойынша практикалық, ғылыми - әдістемелік жұмыстарды төмендегі бағыттарда жүргізу: сабақтарға қатысу, талдау сияқты дәстүрлі әдістемелік қызметтер; сонымен қатар, матрицалық түрдегі шығармашылық зертханалар, тәжірибе алаңдары, филиалдар, ғылыми – кеңесшілік топ; оқу зертханаларында тәжірибелік жұмыстарды шыңдау;

Ұжымдағы іс әрекеттердің мазмұндық өзгерістері: сыныпішілік, сыныптаралық, ұжымдық жобалар жасалуы; білім беру жобаларымен қатар, тәрбиелік, әлеуметтік мәнді жобалар жасалуы; білім алушылар мен педагогтар және ата- аналардың қатысатын бірлескен жобалар пайда болуына жағдайлар туғызу;

Басқару құрылымының өзгеруі, матрицалық құрылымдар пайда болуы, педагогтар ұжымының, білім алушылардың, ата – аналардың түрлі тақырыптадағы инновациялық жобаларға белсенді қатысуы.

IV. Бақылау -бағалау кезеңі

Мақсаты: Педагогикалық ұжымның инновациялық дамытудағы күтілетін деңгей мен қалыптасқан деңгейлердегі сәйкессіздіктерді анықтау.

Мазмұны:

1.Педагогикалық ұжымның инновациялық дамытудың қорытындыларын бағалау көрсеткіштері:

  • Педагогтардың жаңалықтарға көзқарасы, оларды қабылдай алуы;

  • Жаңалықтарды меңгеруге даярлығы;

  • Ұйымдағы педагогтардың жаңашылдық деңгейі;

  • Педагогтардың шығармашылық белсенділігі;

  • Өзара қарым қатынастарының деңгейі.

2. Педагогикалық ұжымның инновациялық дамытудан күтілетін деңгей мен қалыптасқан деңгейлердегі сәйкессіздіктердің себептерін анықтау

3. Педагогикалық ұжымның инновациялық дамытуды одан әрі жалғастыру бағдарламасын жасау.

Берілген параметрлер мен өлшемдер бойынша педагогикалық ұжымның жобалау қызметі нәтижесіндегі көрсеткіштерді салыстыру арқылы күтілетін деңгей мен қалыптасқан деңгейлердегі сәйкессіздіктерді анықтауға болады. Ол үшін педагогикалық ұжымда жүргізілген сауалнамалар мен құрастырылған жобалардың нәтижелері жинақталады. Сонымен қатар, олардың өлшемдері түрліше болғанымен, нәтижесін есептеудің коэфициенті зерттеу қорытындыларын жүйелеу үшін өзара сәйкестендірілді.

Нәтижелік көрсеткіштер төмендегі бағалар бойынша анықталады: Мысалы, толық сәйкес – 3 балл, ішінара сәйкес – 2 балл, сәйкес емес – 1 балл. Жобаның сәйкестік формуласы: К = Кф : Км. Аталған нәтижелерді бағалауда төмендегі коэфициенттік көрсеткіштер пайдаланылады: өте төмен –  К < 0,45; төмен– 0,45 < К < 0,65; жеткілікті– 0,65 < К < 0,85; қажетті – К > 0,85.

Осы коэфициенттердің әр ұжым бойынша мақсаттық бағдарлы жобалардан бұрынғы және одан кейінгі көрсеткіштері тәжірибелік эксперимент барысында эксперименттік және бақылау топтарында анықталып, салыстырылады.

Жобаны ұйымдастыру және жүзеге асыру ұжымның басқа мүшелеріне түрткі болатын «белсенді топтар» құруды қажет етеді және олар уақытша жұмыс топтары ретінде ұйымдастырылып, белгілі бір жобалау қызметі аяқталғанда таратылуы тиіс деген тұжырымы дәлелденді. Ол жобаның тиімділігі оның өлшемдері арқылы, педагогикалық ұжымның белгілі бір жетістіктерінің көрсеткіштері негізінде дәледеніп, оын ұйым тәжірибесіне ендіру аяқталған соң, шығармашылық топ таратылды.

Жобалауды ұйымдастыру барысында педагогикалық жүйені басқару матрицалық, немесе иерархиялық – матрицалық түрде ұйымдастырылуы, көптеген шығармашалық және зертханалық топтар мен филиалдардың көлденең басқарылуы қажет болды. Сөйтіп, аталған түрлі қызметтер уақытша басқару құрылымдары арқылы жүргізілді. Оның басты ерекшелігі – басқарудағы дәстүрлі және жүйелік элементтер мен басқарушы органдар арасындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді мақсатқа сай үйлестіре отырып, мақсаттық бағдарлы іс-әрекеттерді ұйымдастыруы.

Жобалау технологиясын жүзеге асыру жоба жетекшілері ретіндегі басқарушылардың үйреншікті іс - әрекеттері мен қажеттіктеріне өзгерістер ендіреді. Басқарушылардың арнайы дайындықтан өтуі кез келген деңгейдегі семинарлар мен тренингтерде берілген жобалау технологиясын пайдалана отырып, проблемаларды анықтауда, шешімін табуда ұжымдық әрекеттерді ұйымдастыра алуына мүмкіндік береді.

Өйткені, олар енді тек әрекетті жоспарлау, бақылау, бағалау ғана емес, педагогтардың шығармашылық белсенділіктерін көтеру, жүйелі және желілі ойлауға үйрету қызметтерін атқаруы тиіс болады. Осы мақсатта дәстүрлі басқарудағыдай әкімшілік жиналыстары орнына семинарлар мен тренингтер жүргізіледі. Семинарларда жобалау тұжырымдамасы мен жоспарлары, жоба барысында пайда болған проблемаларды талдау, шешім қабылдау, жобалардың жүргізілуін бақылау, бағалау жүзеге асырылады.

Бұл өзгерістер иерархиялық түрдегі жоғарыдан төмен қарай басқарудың орнына, басқарылатын кіші жүйелердің, немесе элеметтердің әрқайсысының мақсатын орындауды көздейтін жүйеааралық «көлденең» байланыстардың болуына негізделеді.

Әкімшілік жиналыстан семинар мен тренингтердің негізгі ерекшелігі –оларды басқарушы ғана талдап, қорытынды жасамайды, талдау мен шешім қабылдау ұжымның барлық мүшелерінің қатысуымен орындалады. Сондықтан, педагогтардың шығармашылық белсенділіктерін көтеру, жүйелі және желілі ойлауға үйрету рефлексиялық іскер ойындар арқылы да жүзеге асырылады.

Бірлескен ұжымдық әрекеттер негізінде жобалардың іске асырылуы жариялылық пен белсенділік жағдайында орындалып, олар өз кезегінде ұжым мүшелерінің нәтижелі қызмет атқаруға, ортақ мүддені іске асыруға қызығушылықтарын арттыратыны сөзсіз.

Сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Педагогикалық әрекеттерді жобалау технологиясының кезеңдеріне сипаттама беріңіз

  2. Иновациялық үрдістерді жобалау технологиясына қойылатын талаптар.

  3. Педагогикалық жобалауға дайындық мазмұны

  4. Педагогикалық ұжымның инновациялық мүмкіндіктерін дамыту жобасы негізінде оның барлық кезеңдерін қамти отырып, берілген үлгімен өзіңіз үшін өзекті тақырыптағы жоба құрастырыңыз және оны топпен талқылыңыз.

  5. Жобаны бағалау көрсеткіштерін жасап, өз жобаңызды бағалаңыз.

  6. Жобалаудың дәстүрлі әдістемелік шаралардан айырмашылығын мысалдар арқылы ажыратыңыз.