Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
жобалау әдістемесі оқулық.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

2. Жобалаудың теориялық негіздері.

Жобалаудың философия, мәдениеттану, әлеуметтану және психология ғылымдарының әдіснамасында орын ала бастауы оны гуманитарлық тұрғыдан қарастыруды қажет етеді. Бүгінгі ғылыми әдебиеттерде жобалау – «алда болуы тиіс нәрсенің өте қысқаша және өте нақты сипаттамасын жасау қызметі» деп түсіндіріледі, бұл жерде ең маңызды нәрсе – бір нәрсенің болашақ сипаты туралы, оның қолжетімдігі туралы мақсаттық -құндылықтық ұстаным болуы. Басқаша айтқанда, адамның ойлау әрекетінің қалыпты шеңберінен шыға алуы – трансценденттенуі – ойлау қызметінің дамытушылық функциясы іске асырылады. Жобалаудың осы тұрғыдан алғанда төмендегі қызметтерін атап көрсетуге болады:

−нәтижелік өнім ретінде белгілі бір жобаны орындаудың мақсатына сай нәтижелік көрсеткішін бере алады;

− қоршаған ортаны не белгілі бір объектіні зерттеудің, немесе жаңартудың ғылыми-тәжірибелік әдісі бола алады;

− технологиялық мәдениетке тән инновациялар тудырудың бір түрі ретінде қолданылады;

− басқару әрекетінде ұйымды дамыту қызметін атқара алады.

Жобалаудағы жүйелік тұрғы жаратылыстану ғылымының танымдық парадигмасынан пайда болды. Әлеуметтік тұрғыдан қарастыру жобалаудың адам қызметінің қазіргі заманға тән конфликтілері мен белгісіздік жағдайындағы ситуацияларды шешуді көздейтін жобалаудың жаңа тұжырымдамасын жасауға негіз болды. Сонымен қатар, қоғамдық санадағы әлеуметтік көзқарастың болуы «әлеуметтік жоспарлаудың», «әлеуметтік құрастырудың», «әлеуметтік басқарудың» негізіне адам әрекеттері алынып, оның барлық әлеуметтік қызметтердің объектісі болуына ықпал етті.

Жобалау тарихы техникалық саладан бастау алатыны, басқа салаларға одан кейін көше бастағаны белгілі. В.М. Розин оның эмпирикалық сипатын анықтай отырып, жобалаудың «құрастыру» ісіне қатысты екенін, «бұйымды» алдын - ала кескіндеу және оның нобайы мен детальдарын дәл есептеу арқылы жасалатынын атап өтеді. Ал «құрастыру» әрекетінің бірте - бірте жетілдірілуі мен дамуына орай, жоспарлау мен дәлдік есептеулерге қатысты семиотикалық және ойлау әрекеттері де күрделене бастады, бірақ алғашқы жобалау әрекеттерінің ерекшелігі олардың ішкі үрдістер сипатында болуы еді. Жобалаудың өз алдына бөлек салаға айналуы оның «үлгісін құрастырушылар» мен «бұйымды жасаушылардың» әрекеттерінің бөлінуінен басталды. В.М.Розин «құрастыруды» өзара байланысты төмендегі бөліктерге:1) интеллектуалдық (семиотикалық) құрастыру (жобалаудың өзі), және 2) бұйымды жобаға сай жасау (жобаны жүзеге асыру) әрекеттеріне бөліп қарастырды. Мысалы, педагогикада жобалау қызметінің «идеядан –соңғы нәтижеге дейінгі» толық цикл жобаны таңдау, құрастыру ғана емес, идея берушілер мен жобаны құрастырушылардың жобаны тәжірибеге ендіруге де тікелей араласатын болғандықтан, педагогикадағы жобалау қызметінің құрылымы күрделірек болады. Оны инновациялық жобалау тәжірибесінен айқын көруге болады.

Жобалаудың ғылыми негізіне «жоба», «жобалау», «жобалық», «жобалаушылық» сияқты осы ұғымнан туындайтын түсініктер алынады. «Жобалау» – (орыс тілінде «проектирование»), латынның projektus – алға қарай тастау, алға жүру деген түсінікті береді, оның мағынасы алдағы уақытта болатын құбылыстың бейнесін жасауға қатысты ғылыми және инженерлік әрекеттермен байланысты айқындалады. Адам еңбегіне қатысты өнімдердің барлығы да алдын ала жобалау арқылы жасалатын болғандықтан, осы тұрғыдан қарастыру жобалауды жоба құру үрдісі, яғни, белгілі бір объектінің болашақтағы бейнесін алдын ала құрастыру үрдісі дей аламыз.

Жобалау қызметінің алғашқы кезеңдерінде жобаны ғылыми-негізделген, дәл есептелген күйінде жасалатын, үнемі технологияда пайдалана беруге болатын белгілі бір нәрсенің нобайы деп түсіндірілген болатын. Одан кейінгі кездерде жобалаудың кең таралуына байланысты оның өнімнің арзандауын қамтамасыз ететен экономикалық тиімділігі, халықтың көп бөлігіне жеткілікті болатын әлеуметтік тиімділігі, өнім сапасы мен тұтынушылар мәдениетін көтеруді көздейтін мәдени тиімділігі күтілетін болды.

Осылайша, тәжірибенің өзгермелілігі бүгінгі қоғамның атрибутына айналып, оны басқару мен ұйымдастырудың өзгермелі жағдайларына сай жобалау қызметі қалыптаса бастады.

Жобалау ұғымын зерделеу үшін әлеуметтік жүйелердегіі жобалау феноменіне терең назар аудару қажет. «Феномен – гр.phainomenon – таным мен тәжірибедегі ерекше құбылыс туралы философиялық ұғым. Әлеуметтік жүйелерде жобалау қызметінің кеңінен тарай басталғанына қарамастан, оның алатын орны ғылыми түрде бүгінгі күнге дейін жеткілікті дәрежеде негізделмеген деуге болады. Сонымен қатар, жобалау қызметіне қызығушылықтың өсуі оның баршаға түсініктілігінен, немесе жеткілікті зерттелгендігінен емес, оның көпфункционалдық және көпқырлылық сипатынан дей аламыз.

Жобалау феноменіне қатысты дәстүрлі ғылыми көзқарас қазіргі заманның қайта жаңғыртуларды батыл да жедел жүргізу талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқан тәжірибеге тікелей ықпал ете алмады, сондықтан жобалау әрекеті таза ғылымилық емес, тәжірибелік - бағдарлы ғылым контекстіне енгізілді. Осылайша, жобалау ғылымилықтың жаңа түрінің негізгі әдісі ретінде ұсынылды, оны кейбір авторлар тәжірибелік - бағдарлы ғылым деп атаса, әдіснамалық бағдарды ұстанушылар «бағдарламалық -жобалық» ұғымын ендіру арқылы түсіндіреді.

«Тәжірибелік–бағдарлы ғылым» ұғымын білдіретін термин ретінде М.А.Данилов «бағдарламалық–жобалық тұрғыны» енгізіп, оның қарастыратын пәнін «белгіленетін, сипатталатын, қайта жаңғыртылатын практикалық әрекеттер жүйесі» деп, мақсатын «белгілі бір жүйені және оның мазмұнын дамыту» деп көрсеткен болатын. Бұл жерде әлеуметтік–мәдени құбылыстарды зерттеуде классикалық түрлермен қатар қолданылатын ғылымилықтың жаңа тұрпаты қалыптасып келе жатқаны туралы айтуға болады. Дәстүрлі сипаттағы тарихилық, дамытушылық және тәжірибедегі жаңартушылық принциптерімен бірге жобалау принципі білім берудегі кешенді проблемаларды ғылыми тұрғыдан талдаудың басты әдіснамалық міндеттерінің бірі болып қалыптасып келеді.

Тәжірибелік–бағдарлы педагогикалық ғылым «...ендігі жерде жекелеген психологиялық–педагогикалық феномендердің өзін зерттеумен қанағаттанбауы сөзсіз; бұл зерттеулер енді кешенді түрде жүргізілуге тиіс. Осының өзі жобалау қызметінде көптеген нақты зерттеулер мен білім беру саласындағы жобалауды, адамның өмір бойы алатын үздіксіз білімнің бағдарламалары мен технологияларын, бағалаудың эксперттік жүйесі мен оның тиімділігін бағалау құралдарын қамтитын бірнеше күрделі объектілердің синтезделуін талап етеді».

Ғылымилықтың дәстүрлі түрімен салыстырғандағы жаңа түрінің айырмашылығы – жобалауды ұйымдастыру мен одан әрі қарай жүзеге асыру барысындағы ғалымдар мен практиктердің нақты білім беру алаңында жүргізетін бірлескен әрекетінде, сонымен қатар, осы қызметті қолға алуды бастаушылар – практик адамдар екенінде болып отыр.

Тәжірибелік-бағдарлы ғылымның тағы бір ерекшелігі – көппәнділігінде, (полидциплинарность), ол білімдік және пәндік салалардың бірнеше түрлерінің өкілдерін бірлесе отырып білім беру тәжірибесін интегративтік сипатта дамытуға қатысуын қажет етеді. Білім берудегі ғылымилықтың жаңа көппәнділік тұрпатын негізге ала отырып, зерттеушілер жобалаудың екі түрін атап көрсетеді. Олар: психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік-педагогикалық.

Біріншісі, психологиялық–педагогикалық түрі – білім беру үрдісін жобалауға тән, яғни «оқыту–әрекеттің тәсілдерін меңгеру, қалыптастыру–әрекеттің жасалған түрін меңгеру, тәрбиелеу – есею мен әлеуметтену». Екінші әлеуметтік-педагогикалық түрінің объектілері ретінде білім беру институттары мен білім берудің түрлі орталары алынып, олардың әрқайсысында атқаратын қызметтеріне сәйкес үрдістер жүргізіліп отырады.

Егер таным бұған дейін өмір сүріп келген, зерттеушінің пікіріне тәуелсіз белгілі бір объект туралы шынайы білім алуға бағытталған болса, жобалау дүниеге бұдан бұрын болмаған жаңа объект әкеледі. Осы мағынада олардың айырмашылығы шығармашылық пен оның айнадағы бейнесіне ұқсас болады.

Өткен ғасырдың екінші жартысында көптеген зерттеушілер «жобалау» ұғымын кеңінен қолдана отырып, оның болашақты көздейтін мәніне көңіл аударғанымен, жобалау қызметінің өзіндік мәні мен құрылымдық компоненттерін терең қарастырмайды. Солай бола тұра, сол кездерден бастап «жобалық сана», «жобалық тұрғыдан ойлау», «жобалау онтологиясы», «жобалау тұрғысы», «жобалау технологиясы», «жобалау әдістері», т.б. осы сияқты көптеген жаңа ұғымдардың енгізілуі арқылы адам танымында жаңа бір саланың жүйесі пайда болып келеді.

Жобалау феномені туралы қалыптасқан теория мен тәжірибелерді қарастыру барысында, оның төмендегі іргелі зерттеулер мен идеяларға негізделгені анықталды. Олар:

жобалау қызметін бүгінгі таңда өзекті болып отырған ұйымдастырушылық мәдениеттің жобалық - технологиялық жаңа түрі тұрғысынан қарастыру идеясы;

жобалауды ой - әрекет жүйесі әдіснамасы негізінде қалыптасатын басқару қызметі ретінде жүзеге асыру идеясы;

әлеуметтік салаларды дамыту мақсатына сай жобалауды ресурстарды тиімді ұйымдастыру қызметі ретінде пайдалану идеясы, т.б.;

Аталған идеялардың әрқайсысын бөлек қарастырайық. Индустриалдықтан кейінгі деп аталатын әлеуметтік қоғамның күшті ықпалымен ұйымдастырушылық мәдениеттің жобалық - технологиялық жаңа түрі пайда болуда. Оның негізінде ғылым мен өнер, адам психологиясы мен оның әлеуметтік ортамен, қоғаммен қарым -қатынасын жобалау тұрғысында қарастырылу белең алып келеді. Сөйтіп, жобалау қазіргі заманға тән ойлаудың стильдік қасиетіне, бүгінгі күн мәдениетінде адамның шығармашылық әрекеттерінің барлық қырларын қамтитын басты типтік белгісіне айналып келеді.

Бүгінде әлеуметтік - қоғамдық ғылымдар саласында жобалау кеңінен зерттеле бастады. Ол негізінен жобалау қызметінің әлеуметтік контекстінде қаралып, әлеуметтік болжау мен жоспарлауға қарама–қарсы қойылуынан байқалады. Бұл жерде бір топқа әлеуметтік жобалауды болашақта жетуді көздейтін идеалдық түрдегі алдын ала жасалатын рескрептивтік модель деп есептейтіндер алынса, келесі топ өкілдері әлеуметтік жобалау –әлеуметтік объектінің болашақта қажет болатын бейнесі деп санайды. Үшінші топ өкілдері жоғарыда келтірген түсініктерді жинақтай отырып, әлеуметтік жобалау әлеуметтік басымдық әрекеттер болуы тиіс, өйткені ол белгілі бір әлеуметтік ортаны идеалдарға сәйкес қайта жаңғырту қызметін атқара алады деп түсіндіреді. Сонымен қатар, олар әлеуметтік-педагогикалық жобалаудың ғылыми контекстін жасаудың өзектілігін ұсынады.

Жобалауды ой - әрекет жүйесі әдіснамасы негізінде қалыптасатын басқару қызметі ретінде жүзеге асыру идеясы. Жобалау әуел бастан техникалық объектілердің құрылымдық қамтамасыз етілуіне қатысты қызметтер атқарды. 70-жылдардың басында жобалау теорияларының тенденцияларын зерттеу барысында ғалымдар әлеуметтік, әлеуметтік-психологиялық жүйелерде, соның ішінде білім беруде жобалауды қолдануға болатынын атап көрсетті. Осы кездері әрекет теориясының негізінде қоғамдық жүйелерді жаппай жобалаудың әдіснамалық негіздерін құрастыра бастады. Осылайша жүйелі ой - әрекеттері әдіснамасы негізінде әрекеттің күрделі жобаларын жасау құралдары пайда болды. Жобалаудың эпистемологиялық тәсілі ретінде 50-жылдары Москвадағы логикалық үйірмеде құрастырылған мазмұндық -генетикалық логика алынды.

Жүйелі ой - әрекеттері әдіснамасы негізінде жобаланған әрекетті имитациялық - ойын түрінде көрсетудің әдістемесі – ұйымдасқан әрекеттік ойындар – бүгінгі күні алдыңғы қатарлы ресейлік менеджмент тәжірибесінде кең қолданыста жүрген «ОДИ – организационно -деятельностные игры» – «ұйымдастырушылық - әрекеттік ойындар» атымен белгілі әдістеме жасалды. Аталған жүйелі ой - әрекеттері теориясына сай жобалау қызметінің дамытушылықты көздейтін идеясы тұжырымдамалық және технологиялық түрде дәлелденген. Осыған орай, жүйелі ой - әрекеттері әдіснамасы дамыту принциптерін табиғи немесе әлеуметтік ортада болып жатқан үрдістердің кейбір көріністері ретінде емес, қоршаған ортаны түсінуді ұйымдастыратын орта ретінде қарастырылуын ең алдымен талап етеді. Аталған принципке сәйкес дамытудың жалпы сипаттамасы белгілі бір жүйенің осы кездегі жағдайымен салыстырғанда жобаланып отырған болашақ жағдайының басым тұрған құндылық екенін мойындауды білдіреді. Бұл жерде жобалаушыға даму қадамдарын жүзеге асырушы «белсенді агент» позициясы беріледі, оның санасында өзінің мақсаттық - құндылықтық ұстанымдары негізінде болашақтың бейнесі пайда болады және бекітіледі.

Осылайша, жобалаудың ең басты операционалдық ерекшелігі – оның қайта құрулар мен жаңғыртуларға бағытталғандығында, «жобалау белгілі бір объектіні жаңа түрге айналдырып, оны қайта жаңғырту қызметін атқарады». Осыған сәйкес, жобалаудың басқарудың ерекше қызметі ретінде дамытудың маңызы зор екені дәлелденуде.

Әлеуметтік жүйелерде «қазіргі өркениеттік дағдарысқа рефлексия» ретінде өндірістік қызмет салаларында (әкімшілік басқару, өндіріс технологиялары т.б.) және өндіріспен байланысы жоқ салаларда – театр, бейнелеу өнері, әдебиет, философия, жаратылыстану ғылымы және педагогикада жалпы ғылыми және арнайы сипаттағы әдіснамалық проблемаларға қызығушылық пайда болды. Жекелеген және бөлек - бөлек сипаттағы өзгерістерді көздейтін дәстүрлі әрекеттерге қарағанда жаңа әдістердің ерекшелігі пәнаралық байланыстарды және тұтастықты көздейді. Олар бір жағынан, дәстүрден тыс әдістер, екінші жағынан – адамның жеке тәжірибесіне бағытталған әдістер.

Осылайша, басқарудың субъективтік факторларына сай жаңа қоғамдағы қайта құрудың барлық күрделі құрылымдарында олардың жүйелік байланыстарын сақтап және жүйелік қасиеттеріне сүйене отырып, жобалаудың мүмкіндіктерін талдау, ұйымдастырушылық қызметінің мәнін ашу қажеттігі бар деп есептеледі.

Күрделі жүйелердегі жобалау стратегиялық бағдарға сай жүйе құрылымдарының өзгермелі жағдайларда дамуына мүмкіндік береді, атап айтқанда:

жүйені белгілі бір қызметтері, қарым -қатынастары және қасиеттері деңгейінде жетілдіріп отырады;

жүйенің жаңа қарым - қатынастарын, қасиеттерін және икемділігін қалыптастыратын қосымша қызметтерді дамытып отырады;

тұтас құрылым құрамында пайда болатын жаңа жүйелердің қызметі мен орнын қарастырады;

белгілі бір қызметтердің, қарым –қатынастардың және қасиеттерінің өзгерістерге түсуіне сәйкес жүйенің түрленіп отыруын қамтамасыз етеді;

Көрсетілген бірінші және екінші қызметтер арқылы жүйенің типтік ұқсастығы қамтамасыз етіледі, жобалау нәтижелерінің алдын ала белгіленетіндігі де осыдан болады.

Жобалау қызметінің негізі болып табылатын «жоба» түсінігінің өзі де ғылымда түрліше қарастырылғанан көруге болады. Философиялық тұрғыдан қарастырушылар оны рухани қайта жаңғыру әрекеттері нәтижесі десе, әрекеттік тұрғыдан қарастыру жоба –жобалаудың мақсаты мен нәтижесі деп түсіндіреді. Жалпылай келгенде, жоба – «белгілі бір уақыт ішінде жүргізілетін, нәтиженің сапасына нақты талап қойылған, ұйымдастыруға қажетті құралдары мен қолжетімдік ресурстары айқындалған белгілі бір жүйені мақсатты түрде өзгерту» деген пікірге сай дей аламыз, өйткені бұл жобаның мақсаты мен нәтижесін көрсетеді.

Трансформациялық үрдістің кездейсоқ сипатын болдырмау үшін басқарудағы жобалау қызметі жүйенің түрін өзгерту қызметін атқара алады. Бұл жердегі жобалаудың атқаратын ролі – дәстүрлі тұтастық ішінен жаңа құрылымның қызметі мен орнын анықтау болып табылады. Сонымен қатар, жаңа құрылымның қолданылуына қажетті жағдайлар жасалмаса, онда ол іске де аспауы мүмкін. Жаңалықтың әкімшілік нұсқауларымен жүйеге ендірілуі нәтижелі болмайтыны тәжірибеде дәлелденіп жүргені белгілі.

Жүйе элементтерінің сандық көрсеткіштеріне белгілі бір мақсатпен ықпал ету олардың сапалық өзгерістеріне әкеледі, соған орай, біртіндеп қасиеттері өзгереді, одан кейін қарым -қатынастары, одан әрі жүйенің қызметтері өзгереді. Осы тұрғыдан қарастыру бірте - бірте жүйенің өзін - өзі ұйымдастыруын, ішкі және сыртқы байланыстары мен қарым - қатынастарын қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік салаларды дамыту мақсатына жобалаудың сай ресурстық ұйымдастыру тиімділігін пайдалану идеясы. Өзгермелі ортада құрамындағы элементтердің күрделі, әрі көпжақты өзара байланысы мен өзара әрекеттесулері жағдайында күрделі жүйелердің жоғары деңгейдегі тиімді қызметін қамтамасыз ететін тетіктерді күні бұрын дәл анықтау мүмкін емес. Сонымен қатар, басқаруды қатаң тәртіпте ғана ұстау әдісі оның жұмысын баяулатып, өзіндік дамыту, жаңа жағдайларға бейімделу мүмкіндіктерін тежейді. Ал, алдын - ала белгіленген мақсатты нақты бағдар ретінде пайдалану күрделі жүйелердің икемділігін және өзіндік ұйымдастырылуын, оның барлық деңгейлердегі кіші жүйелерінің іс - әрекеттеріндегі дербестікті дамытудағы түрлі қатынастардың өзара үйлесімділігін қамтамасыз ететін құрал болып табылады.

Жүйелік тұрғыдан басқарудың ұйымдастырушылық құрылымын қалыптастырудың басты ерекшелігі – ондағы басты жауапкершілік қызметтік міндеттерді атқару емес, қойылған мақсатқа жетуді көздейтін жобалау қызметін реттеу болып табылады. Күрделі жүйелер құрамындағы кіші жүйелерде нақты мақсатқа жету жолдарының мазмұндық түрлілігіне байланысты басқару жүйесі компоненттерінің мақсаттық - бағдарлы құрылуы қызметтік бағдарлылыққа қарағанда тиімді екені сөзсіз.

Жүйелерді басқарудағы мақсатқа бағдарлы ұйымдастырушылық құрылым қалыптастырудағы жобалаудың мәнісі әрбір кіші жүйенің басқару құрылымы мен деңгейлеріне дербес мақсат пен міндеттер қоюда болып табылады, ал бұл мақсат - міндеттердің реттелген жиынтығы үлкен жүйенің мақсатын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сөйтіп, қазіргі замандағы күрделі әлеуметтік жүйелерді, соның ішінде білім беруді жаңғыртуға қатысты өзгерістердің қарқынды жүргізілуіне байланысты ендіріліп жатқан жобалау - әлі де теориялық зерделеу, оны білім саласында одан әрі пайдаланудың жолдарын айқындау қажеттігі бар жаңа қызмет.

Сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Жобалауға тән белгілер қандай?

  2. Жобалау категориясын айқындайтын ұғымдар мен түсініктер.

  3. «Жобалау» түсінігінің мәні.

  4. Жобалауды теория мен тәжірибеде пайдалану идеялары

  5. Жобалаудың тәжірибелік–бағдарлы ғылым ретінде қарастырылуы.

  6. Жобалауды ұйымдастырушылық мәдениеттің жаңа түрі ретінде қарастыруға мысал келтіріңіз.

  7. Жобалауды жүйелі ой - әрекет әдіснамасы негізінде қалыптасатын басқару қызметі ретінде қарастыру мүмкідігін мысал арқылы дәлелдеуге тырысыңыз.

  8. Жобалауды әлеуметтік салаларды дамыту мақсатына сай ресурстарды тиімді ұйымдастыру қызметі ретінде қарастыру мақсатында белгілі бір мақсатты ала отырып, оның ресурстарын мақсатқа сай ұйымдастыруды жобалаңыз.

  9. Жобалау қызметінің жүйені дамытуда тиімді механизм екенін өзіңіз білім алатын, не жұмыс істейтін білім беру ұйымын мысалға ала отырып дәлелдеп көріңіз.

  10. Осы бөлім бойынша қандай ұғымдарды глоссарий құрамына енгізуге болатынын анықтап, анықтамалық сөздікті жалғастырыңыз.