- •М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті
- •5В010300- Педагогика және психология
- •Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі
- •Пәннің оқу-әдістемелік кешені Курс – ііі
- •Орал, 2015 ж.
- •2. Курс бағдарламасы (sillabus).
- •2. Пәнді оқу бағдарламасы.
- •3. Ожсөж мазмұны:
- •4. Ожсөж мазмұны:
- •4. Сөж мазмұны:
- •7. Ожсөж мазмұны:
- •8 Кредит сағат
- •9. Ожсөж мазмұны:
- •10 Кредит сағат
- •10. Ожсөж мазмұны:
- •10. Сөж мазмұны:
- •15. Ожсөж мазмұны:
- •16. Ожсөж мазмұны:
- •16. Сөж мазмұны:
- •17. Ожсөж мазмұны:
- •18 Кредит сағат
- •18. Ожсөж мазмұны:
- •18. Сөж мазмұны:
- •3. Пән бойынша тапсырмаларды орындау және тапсыру кестесі
- •4. Пәннің оқу-әдістемелік қамтылу карта
- •5. Дәрістер кешені.
- •Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
- •Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
- •Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
- •Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
- •Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
- •Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
- •Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
- •Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
- •Пән бойынша әдістемелік нұсқау.
- •Курстық жобалардың әдістемелік нұсқауы.
- •Студенттердің өзіндік жұмыстарына қажет материалдар. Курс бойынша рефераттардың тақырыптары:
- •Сараман барысына әдістемелік нұсқау.
- •Студенттің сарамандық жеке жоспары
- •Студенттердің білімін тексеру және бағалау.
- •Студенттердің білімін тақырыптар бойынша тексеру сұрақтары
- •12. Сабақтарда қолданылатын бағдарламалы және мультимедиялық құралдар.
- •13.Арнайы жабдықталған аудиториялар мен лабороториялар:
5. Дәрістер кешені.
№1 дәріс тақырыбы: «Жалпы білім беретін мектептегі тәрбие жұмысының әдістемесі» курсының пәні мен міндеттері.
Мақсаты: тәрбиелеу технологиясы және мұғалімнің педагогикалық шеберлігі арасындағы байланысты көрсету.
Жоспары:
«Жалпы білім беретін мектептегі тәрбие жұмысының әдістемесі» курсының пәні мен міндеттері, оның маңызы.
Тәрбие және тәрбиелік жұмыс.
Тәрбие ұғымының оқытудан айырмашылығы.
Тәрбие процесінің ерекшеліктері.
Тәрбие жұмысының әдістемесі – түрлі оқу-тәрбие мекемелерде, балалар бірлестіктері мен ұйымдарда тәрбиелеу үрдісін ұйымдастырудың ерекшелектерін зерттейтін, білім немесе тәрбие мекемелерінде тәрбие жүйесін құруға және оның тиімділігін арттыруға, нақты тәрбиелік әдістемелер немесе технологияларды қолдануға бағытталған ұсыныстарды беретін тәрбие теориясының бөлімі.
Тәрбие- адамның рухани дамуы және оны қоғамдағы өмір мен еңбекке даярлаудың мақсатты бағытталған үрдісі.
Тәрбие әлеуметтік бақыланатын әлеуметтену ретінде - бұл адамдардың қоғамда біртіндеп бейімделуіне, оның әлеуметтенуі жүретін топ немесе ұйымның мақсатының спецификасына сәйкес адамның бөлінуіне жағдай жасауға мүмкіндік беретін саналы және мақсатты түрде адамды өсіру. Тәрбие қоғамның әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени жағдайымен, этникалық және әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерімен тығыз байланысты нақты тарихи құбылыс. Әрбір адам, әсіресе балалық шағында, жастық шағында әлеуметтенудің обьектісі ретінде танылады. Тәрбие әлеуметтік институт ретінде қоғам мүшелерін саналы түрде әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруына қажетті жағдай жасау үшін пайда болды.
Технология (грекше techne-шеберлік, іскерлік; lodos- сөз, ілім) - объектінің күйін, қасиетін, формасын өңдеудің, жасаудың, өзгертудің әдістерінің жиынтығы.
Тәрбие технологиясы - нақты тәрбиелік нәтижеге бірізділікпен, белгілі тәсілмен қол жеткізуде қолданылатын іс-шаралар жиынтығы.
Бүгінгі таңдағы тәрбие тұжырымдамалары философиялық ілімдер және психологиялық теориялар негізінде жасалуда. Олар: психоаналитикалық теория. (А.Гезелл, З.Фрейд, А.Фрейд, Э.Эриксон), когнитивті теория (Ж.Пиаже, Д.Дьюи), іс-әрекет теориясы (Д.Локк, Д.Уотсон, Б.Скиннер), биологиялық (генетикалық) теория (К.Лоренц, Д.Кеннел), әлеуметтік-синергетикалық теория (Л.С.Выготский, П.А.Флоренский), гуманистік психология (А.Маслоу, К.Роджерс және т.б.). Гуманистік педагогиканың басты құндылығы - өз өмірінің, тарихтың, мәдениеттің субъектісі ретіндегі адам.
Гуманистік тұрғы баланы, оның қабілеттері мен өзін-өзі дамытуға құқығын, педагогикалық үрдістегі қарым- қатынастардың субъект-субъектілі сипатын басты құндылық ретінде таниды. Гуманистік педагогикадағы тәрбиенің мақсаты - өзін-өзі рухани және дене жағынан дамытуға, өзін-өзі жетілдіруге және өзін-өзі іске асыруға қабілетті мәдениетті адамды қалыптастыру.
Тәрбие үрдісін ізгілендірудің ұстанымдары:
- баланы сол күйінде қабылдау, оған тұрақты жағымды қарым-қатынасты қалыптастыру;
- әрбір баланың бойында жеке абырой сезімін және оны құрметтеуді көрсету;
- тұлғаның ешкімге ұқсағысы келмеу құқығын ұғыну және оны тану,
- өз еркімен таңдау құқығын беру;
- баланың тұлғасын емес, оның іс-әрекетін, мінез-құлқын бағалау;
- әрбір баланы «сезіну» (эмпатия) қабілетіне ие болу, бала тұрғысына ену іскерлігі;
- баланың жеке-психологиялық және тұлғалық ерекшеліктерін (жүйке жүйесінің типі, темпераменті, қабылдау, ойлау және есте сақтау ерекшеліктері, қабілеттері, қызығушылықтары, қажеттіліктері, мотивтері, бағытталуы, ұжымдағы мәртебесі, өзін-өзі бағалуы, мен-концепциясының қалыптасу деңгейі, белсенділігі және т.б) есепке алу.
Тәрбие үрдісінің нәтижелілігіне педагогтың шеберлігі, оның тұлғалық ерекшеліктері, тәрбиешінің тәрбиеленушілерге қатынасы ерекше әсер етеді. Тәрбие технологиясына спецификалық қасиеттер тән. Олар: мақсат қою; тәрбиелеу кезеңін қайта өндіру мүмкіндігі; кері байланыс; бағалау және бақылау; түзету. Педагогикалық технологияларды құру - өте күрделі үрдіс. Жалпы педагогикалық үрдіс бірнеше кезеңдерден тұрады: педагогикалық технологияның басты идеясын таңдау және негіздеу, технологияның мақсаттық тұжырымдамасын жасау және міндеттерді жобалау; тәрбиенің мазмұнын жобалау; тәрбиенің мазмұнын, әдістерін, формаларын интеграциялау; оқу-тәрбие үрдісінде технологияны іске асыру құралдар жүйесін құрастыру, оқушылардың жетістіктерін, тәрбиелілік деңгейін, тұлғаның қасиеттерін бақылау және бағалау жүйесін жасау.
Тәрбие технологияларының тиімділігі олар жүзеге асырылатын педагогикалық жағдайларға да тәуелді. Олар: педагогтың жеке ерекшеліктері (эрудиция, тұлғаның қайталанбастығы, мәдениеті, қызығушылықтары және т.с.с.), тәрбиеленушілерге көзқарасы (педагогикалық такт, оптимизм), педагогтың кәсібилік деңгейі (тәрбие заңдылықтарын, бала психологиясын білуі, диагностикалау әдістерін меңгеруі) және материалдық жағдайлар (сыныптың күйі, құрал-жабдықтардың жеткілікті саны және т.б.)
Тәрбие технологиясының сипаты балаға деген көзқарасқа тәуелді болып табылады. Сол арқылы технологияның түрі таңдалады: ынтымақтастық, еркін тәрбиелеу, авторитарлы немесе тұлғалық бағдарлы.
Тәрбие ұғымы кең мағынада әлеуметтік қоғамдық тарихи тәжірибені беру үрдісі. Тәрбие ұғымы кең мағынада әлеуметтік қоғамдық құбылыс ретінде барлық тәрбие салаларын қамтиды. Жанұя, мектепке дейінгі мекеме, оқу-тәрбие орындары, еңбек ұжымы ақпарат құралдары, баспа орындары т.б.
Тәрбие үрдісінің өзіндік ерекшіліктері бар:
Тәрбие үрдісі көп факторлы үрдіс.
Тәрбие ұзақ мерзімге созылатын үрдіс.
Тәрбие үрдісінде бірнеше қайталау болады.
Нәтижесі өте елеусіз.
Болашаққа бағытталған үрдіс.
Жеке тұлғаның қалыптасуы үздіксіз және күрделі үрдіс. Озық педагогикалық, психологиялық ойларды ұтымды әдіс-тәсілмен қолдана отырып, жас жеткіншектің ұлттық сана сезімі, имандылық қадір-қасиетін қалыптастыру. Ұлттық ой-парасатын нығайту мақсатымен дарынды балаларды анықтау. Олардың қабылдауын дамытуға жан-жақты жағдай жасау. Мемлекет заңдарын білу және оған сый құрметтпен қарау және оны жүзеге асыруға ынталы болу. Ұлттық ойын, дене шынықтыру түрлерін кең қолдана отырып жастардың дене тәрбиесін дұрыс жолға қою. Сонымен қатар басқа ұлттық өкілдерін, жастардың өзара сыйластық, достық негізде өмір сүруіне ықпал жасау.
Бүгінгі күннің талабына сай ұрпақ тәрбиесінің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін және ұйымдастыру жүйесінің ірге тасын қалайтын негізгі қағидалар бар:
Тәрбиенің мазмұны оның жүзеге асыратын әдіс-тәсілдерінің негізі: адамгершілік,имандылық, ізгілік, елжандылық.
Үздіксіз тәрбиенің негізі ұлттық тәлім-тәрбие.
Жас ұрпақты іс-әрекетпен қарым-қатынас арқылы тәрбиелеу.
Тәрбие жұмысының барлық буынында ана тілін пайдалану.
Педагогикалық жағдайды зерттей отырып, педагогика тәрбиенің заңдылықтарын ашады. Заңдылық - педагогикада ғылыми нормативтік реттеуші қызметін атқара отырып, тәрбиенің заңдылықтарын ескеріп, принциптерді қалыптастырады (принцип - негізгі талаптар).
Адамның дамуы екі өзара байланысты үрдісті - оқытуды және тәрбиелеуді ұйымдастыруды талап етеді. Бұл екі үрдістің әр түрлі міндеттері бар, сондықтан бір бірімен қиылысса да, кейде уақыт бойынша қатар келсе де олар бір бірінен ұйымдастырудың әдістері және формасы жағынан үлкен айырмашылықтары бар.
Тәрбие үрдісі - бұл белгіленген мақсатқа жетуге бағытталған тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің дәл сол тиімді өзара әрекеті (ынтымақтастығы).
Тұтастық педагогикалық үрдісте тәрбие үрдісі маңызды орын алады. Сондықтан педагогикалық үрдіс бөлімінде берілген білімдер жиынтығы тәрбие үрдісіне де тікелей қатысты. Тәрбие үрдісінде бір мезгілде сананы қалыптастырудың, сезімдерді дамытудың, мінез-құлық дағдылары мен әдеттерін қалыпқа түсірудің маңызы зор. Бұған тәрбиеленушілердің интеллектуалдық өрісіне (олардың санасына), эмоциялық өрісіне (олардың эмоциялары мен сезімдеріне) және еріктік өрісіне (олардың әрекеттеріне, мінез-құлқына) жүйелі және жоспарлы ықпал еткен кезде қол жетеді. Егер осы компоненттердің біреуі түсіп қалатын болса, тәрбие өз мақсатына жете алмайды, ол біржақты сипатқа ие болады. Сондықтан тәрбиеге қойылатын талаптардың бірі - тұлғаға жан-жақты ықпал жасау, санаға, сезім мен мінез-құлыққа бір мезгілде әсер ету.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар:
Тәрбие дегеніміз не?
Қоғамның дамуындағы тәрбиенің рөлі қандай?
Тәрбиенің ерекшеліктерін атаңыз?
„Оқыту”, „оқу”, „білім беру”, „тәрбие”, „тәрбиелеу” ұғымдарының айырмашылығы қандай?
Педагогикалық шеберлік дегеніміз не?
Педагогикалық техникаға не жатады?
Әдебиеттер тізімі: [ № 1-9 ]
№2 дәріс тақырыбы: Тәрбиенің жалпы заңдылықтары мен әдістері
Мақсаты: Тәрбие үрдісінің жалпы заңдылықтары және әдіс-тәсілдерімен таныстыру.
Тірек ұғымдар: Тәрбие заңдылықтары, түрлері, әдістері, тәсілдері, құралдары.
Жоспары:
1. Тәрбие процесінің заңдылықтары
2. Өзін-өзі тәрбиелеу мен қайта тәрбиелеу
3. Тәрбие әдістері, тәсілдері мен құралдары
4. Тәрбие әдістерінің жіктелуі және таңдап алу шарттары
Заң – шынайы дүниенің жалпы, қажетті, мәнді, салыстырмалы тұрақты және қайталанатын байланыстарды көрсетуі, ал олар өз кезегінде тиісті жағдай болғанда дамудың сипатын, бағытын және нәтижесін анықтайды. Заң мен заңдылық арасында өзгешелік бар. Негізінен олар бір типті, бір дәрежедегі ұғымдар, себебі оларда шындықтың ішкі байланыстары және дамуы көрсетіледі. Сонымен бірге заң заңдылықтың белгілі бір жағы іспетті. Ал заңдылық сол шындықтың аясындағы заңдардың ісінің жиынтық нәтижесі сияқты. Заңдылық қажетті үрдіс болып, онда заңдардың тұтастай жиынтығы іс атқарады.
Заңдылық – қандай да бір үрдістің кезеңінде немесе қоғамдық өмірдің кез келген аясындағы объективті түрде бар, қайталанатын, мәнді байланыстағы құбылыстар. Тәрбие заңдылықтары нақты жағдайда заңдардың әрекетінің көрінісі ретінде қарастырылады, яғни тәрбие үрдісінің компоненттерінің құрамдас бөліктерінің арасындағы объективті, мәнді, тұрақты, қайталанатын байланыстары.
Тәрбие заңдылықтары: тәрбиенің қоғамдық мұқтаждық пен талаптарға үйлесімділігі; тәрбие, оқыту, білім беру және жеке дамуы процесстерінің өзара тәуелділігі; жеке адам қарым-қатынасы мен тәрбиесіндегі іс-әрекеттің анықтаушы ролі; тұтас тәрбие процесіндегі мақсат, мазмұн, әдістер мен тәрбие формаларының бір-біріне тәуелділігі т.б.
Тәрбие процесінің негізіне қоғамдық өмірдің объективтік сұраныстарын, адамның әлеуметтік мәнін және табиғи жаратылысын көрсететін заңдылықтар жатады. Жалпы заңдылықтар осы үрдістің маңызды, барынша ірі компоненттерінің байланыстарын көрсетеді. Ал жүйе ішіндегі компоненттердің (бірліктерінің) байланысын анықтайтын заңдылық жеке (нақты) заңдылық деп аталады. Тәрбие үрдісі жалпы педагогикалық үрдістің бөлігі ретінде осы үрдістің заңдылықтарына бағынады.
Тәрбиелеу тәжірибесі үшін тәрбие үрдісінің кейбір бірліктерінің тәрбие сапасына ықпал жасайтын заңды қатынастар пәрменділігімен байланыстыру қажет.
Тәрбиелеу пәрменділігі мыналарға байланысты:
1) қалыптасқан тәрбиелік қатынастарға;
2) әрекеттерді ұйымдастыру мен оған қойылған мақсаттардың бір-біріне үйлесуіне;
3) тәрбиелік әсердің әлеуметтік тәжірибесі мен сипатының (бағыттылығы, мазмұны) тәрбиеленушілерге ықпал етуіне;
4) объективті және субъективті факторлар әрекетінің байланысына;
5) тәрбиелеудің және өзіндік тәрбиенің қарқындылығына;
6) педагогикалық өзара әрекеттегі тәрбие процесіне қатысушылардың белсенділігіне;
7) тәрбиемен ұштасушы дамыту және оқыту процестерінің пәрменділігіне;
8) тәрбиелік ықпалдың сапасына;
9) тәрбиелеушінің «ішкі жан дүниесіне» әсер ету қарқындылығына;
10) тәрбиеленушілердегі сөздік және сезімдік процестердің даму деңгейі мен педагогикалық әсер етудің үйлесуіне;
11)тәрбиеленушілердің өзара бір-бірімен қарым-қатынасының қарқындылығы мен сапасына байланысты болады.
Өзінің тұлғалық сапаларын өзі жетілдіру және кемшіліктерін жою мақсатындағы оқушының іс-әрекеті өзін-өзі тәрбиелеу деп аталады.Бұл өзгерістер қоршаған ортамен өзара қатынас барысында жүреді.
Өзін-өзі тәрбиелеу оқушы тұлғасын жан-жақты тәрбиелеу мен дамытуға ықпал етеді. Мысалы, оқушы дамуы мен қалыптасуына байланысты өзінің тәртібі мен мінез-құлқындағы кемшіліктері мен іс-әрекетіндегі сәтсіздіктеріне сын көзбен қарап, оларды болдырмаудың тиімді жолдарын іздестіреді.
Тұлғаның сапалық қасиеттерінің қалыптасуының шын деңгейін есепке алмай жалпылама жүргізілген тәрбие жұмысының салалары тәрбие міндеттерін шешуде кемшіліктердің орнын толтырады.
Педагогикалық талаптарды мойындауға мәжбүр болған оқушы тек сырт көзге ғана тәртібін жөндеген түр білдіреді де, өзінің теріс қасиеттерін жасыра түседі.
Жасөспірімдік шақтағы бала өзбетіндікке ұмтылуын байқатады. Ол тәрбиенің пәрменсіз обьектісі болғысы келмейді, өз мінез-құлқын өзі анықтайтындай әрекет иесі, тәрбиенің субьектісі болуға ұмтылады. Егер тәрбиешілер осыны еске алмай, оның құқығын шектесе, оқушының педагогикалық талаптарға қарсылығын тудырады.
Қыздар мен бозбалалар өзін-өзі тәрбиелеуге саналы түрде ұмтылады. Тәтібі мен мінез-құлқының пісіп жетілу шағында берік сенім мен адамгершілік мұраттары қалыптасады.
Әдіс дегеніміз - алға қойылған мақсатқа жетудің жолы, амалы, тәсілі, айласы. Тәрбиелеу әдістері - тәрбиелеушілер мен тәрбиеленушілердің өзара байланыстағы іс-әрекетінің тәсілдері. Бұл іс-әрекет тәрбиелеудің міндеттерін шешуге бағытталған.
Тәрбие тәсілі, амалы (прием) - жалпы әдістің бөлігі, жеке дара әрекет (әсер ету), нақты жақсарту. Тәсілдер, әдетте, әдістерді белгілі бір жағдайларда нақты пайдалануды қамтамасыз етеді. Мысалы, жазалау тәсілдері - ескерту, айыптау, сөгіс; сендіру, нандыру тәсілдері - иландыру, түсіндіру, баяндамалар; мадақтау тәсілдері - мақұлдау, мақтау, сыйлық беру т.б.
Тәрбие құралдары - іс-әрекеттің түрлері, көрнекі құралдар, көптеген коммуникация құралдары, педагогикалық ықпал жасау құралдары (мұғалім, ата-ана, ересек адамдардың сөзі, олардың өнегесі т.б.) жатады. Оқушы тұлғасы қалыптасуының бас-қарылуын қамтамасыз ету - тәрбиенің негізгі құралдарын толық және тиімді пайдалану, яғни тәрбиедегі шешуші роль атқаратын нәрсе оқшауланған құралдар емес, керісінше, олардың үйлесімді құрылған жүйесі екенін практика көрсетіп отыр. Тәрбие құралдары - бұл тәрбиелеу тәсілдерінің жиынтығы. Мысалы, еңбек - тәрбие құралы, бірақ еңбекті көрсету, бағалау, жұмыстағы қателіктерді көрсету бұлар тәсілдер болады.
Әдістердің жіктелуі (классификация) - бұл анықталған белгілерге қарай құрылған әдістер жүйесі. Жіктелуге сүйене отырып, педагог тек әдістер жүйесін анық көріп, танып қоймай, ол әр түрлі әдістерінің өзіне тән белгілерін, орнын жақсы түсінеді.
Кез келген әдістің жіктелуі олардың жалпы негіздері мен белгілерін анықтаудан басталады. Қазіргі педагогикада ондаған жіктеме белгілі, себебі әдістер жүйесінде жіктелудің логикалық негізі анық емес.
Қазіргі кезде классификацияның негізіне бағытталғандық - интегративті сипаттама алынуда. Ол өзіне тәрбиелеу әдісінің мақсаттық, мазмұндық және процессуалдық жақтарын бірлікте енгізеді. Осыған орай тәрбие әдісінің үш тобын бөлуге болады:
Тұлғаның санасын (ұғымы, түсінігін, пікірін, нанымын, баға беру) қалыптастыру әдістері (баяндау, түсіндіру, дәріс, иландыру, пікірталас, өнеге, баяндама, әңгіме).
Іс-әрекеттерді ұйымдастыру және қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін (іскерлік, дағды, әдет, ерік, мінез) қалыптастыру әдістері /жаттығу, үйрету, педагогикалық талап, қоғамдық пікір, тапсырма, тәрбиелеушілік жағдаяттар/.
Іс-әрекетті және мінез-құлықты ынталандыру (стимулдау) әдістері (жарыс, мадақтау, жазалау).
Тәжірибеде үнемі тұратын міндет - әдістің біреуін ғана қолданбай, тиімдісін, нәтижелі болатынын таңдау. Тиімді деп - қойылған мақсатқа көп күш-қуат жұмсамай жететін неғұрлым пайдалы жолды айтамыз.
Тәрбиелеу әдісін таңдауды анықтайтын жалпы жағдайлар: тәрбиенің мақсаттары және міндеттері, мазмұны; тәрбиеленушілердің жастық ерекшеліктері; ұжымның қалыптасқан деңгейі; тәрбиеленушінің жекелік және тұлғалық ерекшеліктері; тәрбиелеудің жағдайы; педагогикалық шеберлігінің деңгейі; тәрбиелеу уақыты; күтілетін нәтиже, қорытындылар.
Көзқарастарды, ұғымдарды, сенімдерді қалыптастыру үшін тұлғаның санасын қалыптастыру әдістері деп жалпы атпен аталатын әдістер қолданылады.
Этика тақырыбындағы баяндау - бұл адамгершілік мазмұны бар нақты деректер мен оқиғаларды эмоционалды түрде айтып беру.
Түсіндіру - тәрбиеленушіге эмоционалды-сөзді әсер әдісі.
Мектеп тәжірибесінде түсіндіру адам психикасына еніп, іс-әрекеттің себептерін тудыратын және тұлғаға жалпы әсер ететінін сендіруге сүйенеді. Түсіндіру адамдардың қатынасын және мінез-құлқын дұрыс бағалауды оқушыда қалыптастыруға көмектесуі керек.
Сендіру (внушение) тәрбиеленушіге белгілі бір шешім қабылдату жағдайында пайдаланылады. Сендіру басқа тәрбие әдістерінің әсерін күшейту үшін қолданылады.
Иландыру (увещевание) өтінішті түсіндірумен және сендірумен қатар қолдану арқылы жүзеге асырылады. Иландырудың тиімділігі мұғалімнің беделіне көп байланысты. Иландыру өз мақсатына жету үшін жақсы жақтарға сүйеніп, мақтауды қолданып, абыройына сұраныс жасаған дұрыс.
Әңгіме (беседа) тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің пікір алысуға екі жақты кірісуін керек ететін жүйелі және бірізді әдіс түрі. Әңгіме мақсаты - оқушыларда адамгершілік түсініктерін тереңдету және бекіту, білімді жалпылау және нақтылап орнықтыру, адамгершілік көзқарастары мен нанымдар жүйесін қалыптастыру.
Әңгіменің нәтижелігі бірнеше маңызды шарттарға байланысты:
Әңгіменің проблемалы болғаны маңызды. Тәрбиеші шәкірттерін үйреншікті емес сұрақтар қоюға ынталандырады, сол сұраққа жауапты оқушылардың өздерінің табуына көмектеседі.
Әңгіме алдын-ала дайындалған, жауаптарын айтып қойған даяр сценарий бойынша өтпеуі тиіс. Оқушыларға өз ойларын баяндауға мүмкіндік беру қажет, оларды басқалар ойларын сыйлауға, оған дұрыс көзқарас нышанымен қарауға үйрету керек.
Әңгімені дәріске айналдыруға болмайды.
Әңгіме құралдары тәрбиеленушілердің эмоционалды тәжірибесіне жақын болғаны абзал.
Әңгіме кезінде барлық көзқарастар мен пікірлерді анықтап, оларды салыстыра білудің маңызы зор.
Әңгімеге дұрыс жетекшілік - тәрбиелеушінің оңды шешімге өз бетімен келуіне арқау.
Пікірталас - бұл жоғары сынып оқушыларының пайымдауын (пікір айтуын), баға беруін, сенімін қалыптастыру әдісі. Пікірталаста тақырып бойынша оқушы өзінің көзқарасын, ойын дәлелдейді.Сонымен бірге басқаның пікірін тыңдауға үйренеді, келісу немесе таласу пікірлер де пайда болады. Пікірталасқа мұғалім де, оқушылар да дайындалады. Оның тақырыбы және сұрақтары күні бұрын хабарландырылады.
Пікірталас оқушыларды қателіктер мен жалған көзқарастармен күресуге үйретеді. Пікірталастың құндылығы сонда, ол оқушылардың ойлану сезімін оятады, талаптандырады, ал бұл дұрыс идеяларды ұстауға, қателіктерден бас тартуға мүмкіншілік береді. Пікірталастың соңында басқарушы оқушылардың жауабын жинақтайды, талдайды, баға береді, қорытады.
Өнеге - өте күшті тәрбие әдісі. Бұл әдіс мына заңдылыққа негізделеді: көру арқылы қабылданатын құбылыстар тез әрі ешбір қиындықсыз санада бекиді. Сонымен бірге кітаптағы, кинодағы бас кейіпкерлерді, тарихи тұлғаларды, атақты ғалымдарды, саяси майталмандарды т.б. өнеге ету үлкен тәрбиелік мәнге ие. Өнегенің психологиялық негізі - еліктеу. Оның арқасында адамдар әлеуметтік және адамгершілік тәжірибе жинақтайды.
Айта кету керек, тәрбиешінің өз өнегесін, тәрбиеленушілерге қатынасын, іскерлік қасиеттерін, жеке басының қадірін мысал етуі тәрбиенің дұрыс жүргізілуіне әсерін тигізеді. Тәрбиеші өз тұлғасымен, қадір-қасиетімен жүйелі және бірізді әрекет жасаса, өзін өнеге етудің оңды әсері ұлғая түседі.
Тұлғаның тәрбиелілігін тек қана сөзі емес, сонымен бірге істеген ісі, қылығы сипаттайды. Тәрбиеленушілердің іс-әрекеттеріндегі, қарым-қатынасындағы, мінез-құлқындағы жағымды тәжірибені қалыптастыру әдістері: талап, қоғамдық пікір, үйрету, жаттықтыру, арнайы тәрбиелік жағдаят, тапсырма.
Талап - мінез-құлық нормасының көрінісі, балаларды әлеуметтік тәжірибеге қатыстыру. Талаптың ынталандыру және тежелеу функциялары бар. Ынталандыру функциясы - бұл жұмысты бастау және аяқтау. Тежелеу - басқа адамдардың жұмысына кесел келтіретін әрекетті тоқтату.
Қойылу формасына қарай талаптар мынадай болып бөлінеді: 1) тікелей талап (жеке, нақты, дәл, түсінікті); 2) қосымша (кеңес, өтініш, сенім, қолдау т.б.); 3) талап - кеңес; 4) ойын түріндегі талап; 5) сенім арқылы талап; 6) талап-өтініш; 7) талап-ишара; 8) талап-қуаттау; 9) позитивті (жағымды) және негативті (жағымсыз, мысалы қорқыту).
Қоғамдық пікір - бұл ұжымдық талаптың бейнелеуі, ал талап - нақты міндет, оны іс-әрекеті процесінде орындау қажет. Ұжым мүшелерінің байымдауы, баға беруі - бұл қоғамдық пікір, ұжымының еркі және күші. Ұжым тәрбие субъектісі, педагогтың тірегі.
Үйрету, жаттықтыру - бұл мінез-құлық нормасына сәйкес оқушыларды қажетті дағдыға, әдетке төселдіру. Тәрбие үйретуден басталады. Мысалы, баланың мезгілімен жатуы, өз мүліктерін, жұмыс орнын тәртіпке келтіріп ұстауы т.б.
Үйрету әдісі баланың орындағыштық, сыпайылық (инабаттылық), мұқияттылық, табандылық сияқты қасиеттерін қалыптастырады. Балалардың өмір тәжірибесі кеңейіп, санасы дамыған сайын, үйрету әдісі өзінің алғашқы маңызын жойып, басқа әдістермен бірігеді. Мысалы, бұл әдіске өте жақын жаттықтыру әдісі.
Жаттықтыру әдісі - бұл әр түрлі ситуацияда оқушылардың моральдық тапсырмаларды орындауы. Жаттықтыру әдісінің ұжымының мүддесімен, талаптарымен қабысуы қажет. Мысалы, кез-келген тәрбиелік шараларды мезгілінде бастау оқушыларды тәртіптілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Оқушылардың өндірістік бригадалары, шефке алу жұмыстары оқушыларды борыштық сезімге, жауапкершілікке жаттықтырады.
Үйрету және жаттықтыру әдістерінің тәсілдері: нұсқау көрсету, машықтандыру, тапсырма.
Жаттығу нәтижесінің ұтымды болуы мына жағдайларға байланысты: 1) жаттығулар жүйесі; 2) оның мазмұнына; 3) жаттығулардың мүмкіндікке сай болуына; 4) көлеміне; 5) қайталау жиілілігіне; 6) бақылау мен түзетуге; 7) тәрбиеленушінің өзіндік ерекшелігіне; 8) топтық, жеке және ұжымдық жаттығулардың үйлесімділігіне; 9) жаттығудың мотивтік негізіне және ынталандыру істеріне.
Тәрбиелеуші ситуация жеке адамның жағымды әрекеттерінің және қылықтарының қалыптасуына ықпал етеді. Бұл әдіс тәрбиешілер және тәрбиеленушілер арасындағы қарым-қатынасқа қолайлы жағдай жасайды. Сынып, мектеп біріншілігіне жарыс ұйымдастыру топқа, ұжымға және оқушыға (мектепті көгалдандыру, сыныпты, дем алатын орындарды дайындау, яғни безендіру т.б.) тапсырма беру тәрбиелеуші ситуацияда іске асырылады.
Өз еркімен таңдау ситуациясының тәрбиелік мәні өте зор. Мысалы, екінші адамға тұрып орын беру немесе үндемей қалу, шынын айту, немесе жалған сөйлеу т.б. Мұндай ситуацияларда балалар көп ойланады, толғанады.
