Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Жана КИКБ.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

6.2. Сақтандыру компанияларының қызметін басқару және реттеу ерекшеліктері

Қаржы нарығының аса маңызды делдалы – сақтандыру ком­паниясы. Сақтандыру нарығында сақтандыру қорын қалыптас­тыру және қолдану процесі жүзеге асырылып, экономикалық қатынастар пайда бола отырып, жеке, топтық және ұжымдық қызығушылықтар (мүдделер) туады.

Сақтандыру компаниясы сақтандыру қорының қызмет етуі­нің тарихи анықталған қоғамдық формасы болып табылады. Нарықтық экономикаға өту, оның рөлін, ұйымдық құрылымын және экономикалық қатынастар жүйесіндегі орнын анықтайды. Ол елдің шаруашылық өмірінің толық құқылы субъектісіне айналады.

Сақтандыру компаниясы – коммерциялық ұйым, ол өзінің қызметін лицензия негізінде сақтандыру келісім-шарттарын жасау және орындау бойынша жүзеге асырады. Қазақстанда сақтандыру ұйымдары, олардың құрылтайшылары мен акцио­нерлері заңды және жеке тұлғалар, Қазақстан Республикасының резидент және резидент емес тұлғалары болып табылатын ак­ционерлік қоғам формасында құрылады. Сақтандыру ұйымы­ның құрылтайшысы мемлекет те бола алады, бірақ, ол тек Қа­зақстан Республикасының Үкіметі ретінде ғана болады. Соны­мен қатар, жарғылық капиталының 50%-нан астамы мемлекет меншігіндегі ұйымдар құрылтайшылар және акционерлер бола алмайды.

Сақтандыру компаниясының жарғылық капиталы тек қана ұлттық валютада төленеді. Сонымен қатар, мұнда тартылған акция мен қарыздық қаражаттарды қолдануға тиым салынады. Оның құрылуына рұқсатты Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жө­ніндегі Агенттігі мынадай қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін береді:

  • сақтандыру ұйымын құруға рұқсат алу үшін өтініш;

  • құрылтайшылық құжаттар;

  • сақтандыру ұйымын құру туралы шешім;

  • құрылтайшылар туралы мәліметтер және т.б.

Сақтандыру қызметін жүзеге асыруға лицензия алу үшін, Агенттікке мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

  • лицензия беру туралы өтініш;

  • нотариалды куәландырылған мемлекеттік тіркеу және статистикалық карта туралы көшірме куәліктер;

  • нотариалды куәландырылған құрылтайшылық құжаттар­дың көшірмелері;

  • жарғылық капиталдың минималды көлемін толық тө­ле­генін растау және меншік капиталы көлемі бойынша минималды талаптарды орындауы туралы құжаттар;

  • басқару қызметіндегі жұмысшылар туралы мәліметтер;

  • сақтандыру ережелері;

  • ішкі аудит қызметі туралы ереже.

Сақтандыру ұйымдары өз ресурстарын сақтандыру жарна­лары есебінен қалыптастырады және жинақталған қаражаттарды инвестициялық салымдарды жүзеге асыруға бағыттайды. Қазақ­станда сақтандыру компанияларының инвестициялық портфелін диверсификациялануын шектеу бойынша нақты талаптар бар, онда бағалы қағаздардың қандай түрлерінде салымдарға лимит­тер бар екендігі көрсетілген.

Сақтандыру компаниясына тән ерекшеліктердің бірі – қара­жаттарды тартудың ерекше формасы – сақтандыру полисін сату. Олар алынған табысты біріншіден, басқа компаниялардың обли­гациялары мен акцияларына және мемлекеттік бағалы қағаздар­ға салады. Сонымен қатар, олар мемлекет пен кәсіпорындарға ұзақ мерзімді несиелер береді.

Қазақстан Республикасы аумағында сақтандыру ұйымдары «өмірді сақтандыру» және «жалпы сақтандыру» салалары бо­йынша лицензия негізінде жұмыс істейді. «Жалпы сақтандыру» саласындағы қызмет «өмірді сақтандыру» саласындағы қызмет­пен бірлесе және кездейсоқ жағдайлар мен ауруларды, меди­циналық сақтандыруды қоспағанда, жинақтаушы сақтандыру формасында жүргізіле алмайды.

Негізгі қызметтен басқа сақтандыру ұйымдары мынадай қызметтерді орындайды:

  • инвестициялық қызмет;

  • жинақтаушы сақтандыру келісім шартына сәйкес қарастырылған сома шегінде өзінің сақтанушыларына займдар беру;

  • сақтандыру ұйымдарының қызметін автоматтандыру үшін ерекше бағдарламалық қамтамасыз етуді сату;

  • сақтандыру бойынша арнайы әдебиеттерді сату;

  • өзінің қажеттіліктері үшін алдын-ала сатып алынған немесе сақтандыру келісім-шартының қорытындысына байланысты өзінің иелігіне түскен мүлікті жалға беру немесе сату;

  • сақтандыру бойынша консалтинг;

  • сақтандыру немесе қайта сақтандыру облыстарында біліктілікті жоғарылату мақсатында оқытуды ұйымдастыру және жүргізу;

  • сақтандыру агенті ретінде сақтандыру делдалы.

Сақтандыру ұйымдарының қызметін қадағалауды төлем қа­білеттілігі мен қаржылық тұрақтылық нормативтерінен тұратын осы ұйымдар үшін пруденциалдық нормативтерді бекіту жолы­мен Қазақстан Республикасының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау бойынша Агенттік жүзеге асырады. Сақтандыру ұйымдарының жеке келісім-шарттары бо­йынша максималды міндеттемелер көлемі қызмет етуші сақ­тандыру келісім-шарттары бойынша өз міндеттемелерін орын­даумен байланысты сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру үшін ғана берілген меншік капиталы мен сақтандыру резервтері сомасының 10%-ынан аспауы керек.

Сақтандыру ұйымдары сақтандырушылар одақтары мен ас­социацияларына біріктірілуі мүмкін. Қазақстан Республикасын­да әдістемелік және ұйымдастыру ақпараттарын беру, сақтан­дыру бойынша нормативтік және заңды актілер жобаларын да­йындауға қатысу, сақтандыру қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылатуға арналған семинарлар мен курстарды ұйымдас­тыру, сақтандырушылардың қаржылық тұрақтылығын нығайту бойынша ұсыныстарын құрастыру және т.б. үшін сақтанушылар Одағы құрылған. Бірақ, қазіргі уақытта Ресейде көптеген компанияларды біріктіретін 50 кәсіби салалық одақтар мен ассо­циациялар қызмет еткенде, Қазақстанда тек сақтандыру ұйымда­рының бір ғана кәсіби одағы қызмет етеді. Олардың көбісі мамандандырылған, мысалы медициналық сала сақтандырушы­ларын ғана біріктіреді. Ел ауқымында сақтанушылардың қызы­ғушылықтарын бейнелейтін негізгі ұйым құрамында 350 сақтан­дыру компаниясы ретінде Бүкілресейлік сақтандырушылар ода­ғы болып табылады.

Қазақстанның сақтандыру ұйымдарын филиалдар, өкілдіктер және еншілес компаниялар құруы мүмкін.

Қазақстандық сақтандыру нарығының дамуындағы маңыз­ды жай болып шетелдік сақтандыру ұйымдарының қызметтеріне деген қатынас болып табылады. ҚР-сының «Сақтандыру қыз­меті туралы» заңында ҚР-сының аумағындағы ҚР-сының рези­денті емес сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының филиалдарын, сонымен қатар резидент емес сақтандыру бро­керлерінің өкілеттіктері мен филиалдарын ашуға тиым салын­ған. Мұндай филиалдардың қызметін қадағалау қиын, өйткені олар дербес емес және шетелге ақша аудару көзі болуы мүмкін.

Сақтандыру компаниялары қызметінің негізгі мәселелерінің бірі олардың көп бөлігінде қажетті сападағы білікті маман­дардың аз болуы болып табылады. Бүгінгі күні қаржы нары­ғында кәсіби сақтандыру делдалдарының рөлі көрнексіз және елеусіз. Одан басқа сақтандыру нарығында жаңа қатысушылар – актуарийлер пайда болды. Осыған байланысты ҚР-сында осы қызметте сақтандыру нарығының кәсіби қатысушыларының қо­ғамдық бірлестіктері –бірінші кезекте сақтандырушылар Одағы­ның белсенді қатысуымен сақтандыруға сәйкес мамандарды оқыту жүйесін ұйымдастыру қажеттілігі пайда болды. Бұдан басқа сақтандыру нарығына деген қызығушылықтың өсуімен байланысты берілген мамандықтар бойынша мамандандырылу жүргізуде үлкен рөлді жеке институттар атқарады.

Дамыған сақтандыру нарығына сақтандыру агенттері мен брокерлер белсенді түрде қатысатын болып саналды.

Сақтандыру агентіі - берілген өкілеттілігіне сәйкес сақтандыру ұйымдары атынан және оның тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын жасау жөіндегі делдалдық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға немесе заңды тұлға

Сақтандыру ұйымы сақтандыру келісімі бойынша қабылданған міндеттемелерді, сол сақтандыру ұйымы­нан алынған өкілдіктің шегінде оның атынан сақтандыру агенті жасаса, егер өзі тікелей қабылдап алған болса, сақтандыру ұйымы орындауы керек.

Сақтандыру брокері - сақтандыру және қайта сақтандыру сұрақтары бойынша консультациялық қызметтi, өз атынан және сақтанушының тапсыруымен сақтандыру шарттарын жасасу жөнiндегi делдалдық қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға

Кез келген мемлекеттің заңында брокерлік қызметтің ли­цензиялану барысы көрсетілген, осы қызметтің тәртібі мен шарттары, брокердің атқаратын ісі, құқығы мен міндеті анық­талған. Сақтандыру брокерінің құрылтайшылары мен қызмет­керлері бір мезгілде сақтандыру ұйымының лауазымдық қыз­метін атқара алмайды. Қазақстан Республикасының «Сақтан­дыру қызметі туралы» заңы бойынша сақтандыру брокері болып саналмайтын сақтандыру ұйымына немесе оның қызметкер­леріне, сондай-ақ резидент емес ұйымдарға сақтандыру брокер­лігін құруға және қызмет етуге қатысуына рұқсат етілмейді. Оның үстіне, Қазақстан Республикасының резиденті емес сақ­тандыру брокеріне республика территориясында филиалдар мен өкілдіктер ашуға да рұқсат жоқ.

Қазақстанның заңдылық іс-тәжірибесінде тұңғыш рет ак­туалдық қызмет деген түсінік ендіріліп отыр. Актуарий – сақтан­дыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлей алушылық және қаржылық тұрақтылығының қажетті деңгейін қамтамасыз ету мақсатымен сақтандыру және қайта сақтандырудың келісім­шарты бойынша міндеттемелердің мөлшерін экономикалық-математикалық есептеулермен байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке адам. Актуарийдің негізгі міндеті компанияның өзіне алған міндеттемесін орындауды жеткілікті түрде қамта­масыз ете алатын төлей алушылық деңгейін бір қалыпта ұстауға арналған ұсыныстар дайындау болып табылады.

Актуарий - сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының қажетті төлемқабілеттігі мен қаржылық тұрақтылық деңгейін қамтамасыз ету мақсатында, сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша міндеттемелер мөлшерінің математикалық есептеулерін жүзеге асыруға байланысты қызметті атқаратын жеке тұлға Оған ие болу үшін «Сақтандыру туралы» Заңда көрсетілмеген, құқықтық норма­тивтік актілерге сілтеме жасалынатын біршама шарттар қажет.

Актуарийдің қызметі сақтандыруды қамтамасыз ету процесінің барлық құрыстырушыларының мониторингісі мен сақтанушы­ның алдындағы міндеттерге байланысты резервтердің жеткілік­тігі үшін сақтандыру ұйымдарын үнемі тексеріп отыруды қарас­тырады.

Өкілетті мемлекеттік органның тиісті лицензиясының негі­зінде сақтандырушы және қайта сақтандырушы ұйымының аудиті бойынша қызмет ететін аудитор немесе аудиторлық ұйым сақтандырушы нарықтың кәсіпқой қатысушысы бола алады. ҚР-ның «Сақтандыру қызметі туралы» заңы бойынша сақтандыру ұйымдары әр жыл сайын өзінің жұмысына аудит жүргізіліп, оның қорытындысын шығарып отыруға және көшір­месін ҚР-ның Ұлттық банкіне тапсырып отыруға тиіс. Міндетті түрдегі сыртқы аудитпен қатар сақтандыру компания­сының заң бойынша өзінің құрылымында лицензиялауға жатпайтын ішкі аудит қызметі де болуы міндетті. Ішкі аудит компаниясының ішкі саясаты бойынша анықталады, бірақ бұл жағдайда өкілетті мемлекеттік органның талаптары да ескеріледі.

Өзара сақтандыру қоғамы – Қазақстанның қаржы нарығы­на жаңадан қатысушы сақтанушылар бірлестігі. Оның қызметі «Сақтандыру қызметі туралы» Заңмен және ҚР-ның Азаматтық Кодексінің «Өзара сақтандыруының» 845-ші бабымен реттеліп отырады. Ол өзінің мүшелерінің мүліктері мен мүліктік мүдде­лерін сақтандырады, бірақ жұмыс істеу тәртібі сақтандыру (қай­та сақтандыру) ұйымдары үшін белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілетін коммерциялық ұйым емес.

Сақтандыру пулы – бұл белгілі тәуекелдіктерді бірлесе отырып сақтандыратын сақтандыру компанияларының бірлес­тігі. Оның жұмысы бірлесе сақтану принципіне құрылады. Әрбір компания пулға сақтандырылған тәуекелдіктерін қосады, пулда жинақталған жарналардан (сыйлықтардан) белгілі үлесін алады, ал шығындар болатын болса, соншалықты көлемдегі үлесін де төлеп отыруға жауапты. Пулдар шетелдерде авия­циялық, атомдық, әскери тәуекелдіктерді, жауапкершіліктерді т.б. сақтандыру барысында кеңінен тараған.