Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
карым катынас лекция.docx
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
314 Кб
Скачать
☆

Негізгі әдебиеттер: [ 1, 2, 4, 5, 6, 8, 11,12,13] Қосымша әдебиеттер: [2, 3, 8, 13, 15, 16, 20, 22, 25]

Дәріс 6. Қарым-қатынас және топ мәселелерінің негіздері

Жоспары:

  1. Әлеуметтік психологияда адам топтары.

  2. Топтардағы «басқару психологиясы».

  3. Топтың түрлері. Топтағы адамдарды танып-білу.

  4. Топтағы адамдардың бір-бірімен үйлесімділігі.

Дәріс тезистері:

Сонау ерте замандардың өзінде-ақ жалғыз жүріп мақсат-мұратына жете алмайтын, айналасындағылармен бірлесіп өмір сүру адамдардың табиғи қажеті екендігін, тіпті өсіп-өнудің де мұнысыз мүмкін еместігін адамзат жақсы аңғарған. Шығыстың екінші Аристотелі атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби өз еңбектерінде жақсы адамдармен бірлесіп тірлік етіп, бас қосуды бақытқа жетудің басты шарттарының бірі деген екен.

Қазіргі әлеуметтік психологияда адам топтарының түрлерін көрсететін классификациясы бар. Мұны жан-жақты дәйекті, жүйелі де жетік деу қиын. Дегенмен, бұдан топтар туралы біраз мағлұмат алуға болады.

Топ дегеніміз бұл адамдардың тіршілік қажетін ету үшін бірлесу. Психология ғылымының айналысатыны көбінесе нақты топтар. Нақты топ дегеніміз адамдардың іс-әрекеті бір мақсатқа бағытталған, өздері белгілі бір кеңістікте азды-көпті мерзім ішінде аралас-құралас жүретін адамдар бірлестігі. Кез-келген адам бірнеше топтың мүшесі болуы мүмкін. Бірақ солардың біреуіне ғана жақын етеле болып жүреді. Топтарды алдымен үлкен (макро), шағын (микро), ресми және ресми емес, ұйымдасқан, ұйымдаспаған контактілі (адамдары ылғи жүздесіп жүретін топ), формалы (ресми түрде арнаулы бұйрық, жарлықпен құралған топ), формасыз (досжаран, семьялық топтар), жасанды, табиғи, шартты (қағаз жүзінде ғана біріктірілген), референттік деп бөлуге болады. Мәселен, әскери бөлімше, жұмысшылар бригадасы, сомолет экипажы реалды (нақты) топқа жатса, спорт алаңында, кино залында отырған көпшілік ұйымдаспаған топқа жатады. Бригада мүшелері студенттер тобы – ресми топ аталынса, бір семьядағы жолдастық, достық қатынастағы адамдар, ағайын-туыстар ұйымдасқан, ресми емес топ деп аталады. Топ екі адамнан бастап құралады. Қырыққа дейінгі топ шағын топ, мыңдаған, миллиондаған адамадардың тобын (саяси партиялар, ұлт, кәсіподақ, дени ұйымдар т.б.) үлкен топтар деп аталады.

Топтар ассоциация, корпорация деп те бөлінеді. Бұлардың ішінде референттік топтың мәні ерекше. Бұл - әр адамның қастерлеп, қадір тұтатын, оның тыныс тіршілігіне әр кез бағыт-бағдар сілтеп отыратын жүрек қалауымен таңдап алған тобы. Реалды, контакті топ топтың жоғары дәрежеде ұйымдасқан түрі – коллектив. Әрине, кез-келген топтың коллектив дәрежесінде көтеріле бермейтіні түсінікті. Коллективтің басты белгілерін тұнғыш көрсеткен А.С.Макаренко. Оның пікірінше коллектив – бұл мақсат – мүдделері, көз-қарастары ортақ қызмет үстінде – «біреуі барлығы үшін, барлығы біреуі үшін» деп қымылдайтын, белгілі дәстүр – салттары бар, өзін-өзі басқаруға шамасы келетін, демократиялық центролизм принципін ерекше қастерлейтін адамдар тобы. Қоғамдағы үлкенді-кішілі топтардың (семья, өндірістік бригада әскери бөлімше т.б.) көңіл күйімен тағамдарын, қоғамдық пікірлерін, дәстүрлері мен әдет-ғұрып, ерік-жігер, мінез өзгешеліктерінің көпшілікке ортақ жақтарын психология ғылымы зерттейді, психология осы айтылғандардың барлығын белгілі тарихи жағдайлардың, қоғамдық қатынастардың, адамдардың өмір сүруінің тұрмыс-салтының тікелей бейнесі ретінде қарастырылады.

Тарихи жасаушы – халық. Оның өмірі сан қилы әлеуметтік жағдайларда көрініп отырады. Тіпті біртектес қоғам адамдарының өзінде де салт-сана, дәстүр, құлық түрлеше жағдайда көрініп жатады.

Мәселен, іс-әрекетінің тұрмыс жағдайлардың ерекшеліктеріне қарай жұмысшы мен шаруаның, ерлер мен әйелдердің, балалар мен қарттардың көңіл-күй сезімдері, мінез ерекшеліктері, түсініктері наным-сенім, әдеттері бірдей болып келмейді.

Міне осы секілді ерекшеліктерді зерттеуде әлеуметтік психологияның объектісі болып табылады.

Коллективте әлеуметтік-психологиялық топтарды құруға олардың бір-бірімен қарым-қатынастарының еңбек жүйесінде дами көңіл бөлу қажет болады.

Бұл жерде қызметкерлердің ішінде коллективке тез сіңіп қоғамдық бастамаларды бірден қолдап кететін, жаңа жағдайларға шап-шаң үйренетін жандар кездестіргендігін ескерген дұрыс. Міне, осындай адамдардан еңбек коллективінің әлеуметтік-психологиялық тобы құрылса, оларға коллективистер деген ат беруге болар еді. Коллективте индивидуалистер (жеке жүретін адамдар) деген атқа ие болатын тағы бір топ кездесуі ықтимал. Ондай адамдар көбінесе істі өз бетімен шешуге, басқа адамдармен тез араласып кетуге икемсіз келеді. Сонымен қатар, кінәмшіл, өкпелегіш, өзін басқалардан жоғары қойып, өзгелерге кінә таға сөйлейтін, даңқ құмар адамдар да кездеспей қалмайды. Бұларға коллективте жүргізіліп жатқан әр түрлі шаралар және ұйымдастырушы – басшы адамдар ұнамайды. Бұлар өбінесе басшының, коллектив мүшелерінің активтілігін сынауға үйір келеді.

Коллективтегі адамдардың бір-бірінен қатынастарының табиғатын білудің де ұстаз үшін мәні зор. Топтағы адамадрдың бір-бірімен қатынастары да бірдей болмайды. Бір адамдар басқаларға қарағанда көбірек белгілі, беделді болады. Бұлар қарым-қатынас жасауға икемді, коллективке көбірек тартылады, ал енді біреулер топтың немесе коллективтің өзге мүшелерінің сирек араласады. Адам өз орнын жалбақтау, жарамсақтану және жағымпаздану жолымен емес, керісенше табиғи болмысымен ашық мінезімен табады. Коллектившіл адам басқалардың тез түсіне біледі. Сондай-ақ ол өз білгенін басқалармен риясыз бөлісуге әзір тұрады. Коллектив мүшелері көбінде бір-бірімен қарым-қатынаста болады. Дегенмен әркімнің өзгелерден бөлек, өзімен мүдделес, әңгімесі жарасып, шүйір келесі кететін бір жолдасы болады.

Коллективтегі кейбір адамдар ешкіммен қарым-қатынас жасамайды. Өйткені олар өзіне серік таба алмай қиналады. Бұдан осы адам коллективке қажетсіз деген ұғым тумайды. Ретті жерінде ол іске араласады, өзіне жүктелген міндетті жақсы атқарады. Мұндай адамның қарым-қатынасқа түсетін жолдасы басқа жерде болуы мүмкін.

Коллективте жұрт маңайына жуытқысы келмейтін адамдар да кездесуі мүмкін. Кейбір жекелеген адамдармен араласпай оқшау жүруі, сондай-ақ топ мүшелерінің оларды жолатпау себептері, біріншіден: оқшау қалған адамдардың орындайтын жұмыстарына селқос келетіндщігінен.

Мұндай адамдар коллективтің жетістіктері мен кемшіліктеріне қуанып, ренжіп те жатпайды, жұмыс барысы оларды ойландырмайды да. Бұлардың жұрттан қашықтауының тағы бір себебі – оның өзі достасуды қаламайды, бойын аулақ салып жүреді, жоластық қарым-қатынас немқұрайлылық көрсетеді.

Жұртқа қадірлі адам көтерінкі сезімде, өзін-өзі сезімді болады. Сырттап жүретіндер коллективте өзін онша сенімді ұстай алмайды, өз мүмкіндіктерін асыра бағалайды. Олар өз беделін ылғи да жоғары санайды, сондықтан коллективтегілер олармен достасуға құмар деп ойлайды. Әрине, топтан «сырт қалғандардың» жағдайы қиын. Алғашқыда олар коллективпен араласып кетуге әрекет жасайды, кейін бұған шамасы келмейтініне көзі жеткен соң коллективтен кетіп, өзімен есептесетін басқа бір топты табуға тырысады.

Топтағы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау ерекшеліктерін (яғни кім көпшілікке үйірсек, кім жұрттан оқшау, шеттеп жүреді немесе ол біреуді не себептен ұнатып, екіншісін ұнатпайды т.б. осы секілді мәселелерді), арнаулы социяметрия әдісі арқылы зерттейді. Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын зерттеуде таңдау (немесе бірін-бірі қалау) тәсілі де жиі қолданылады. Мұны психологияға тұңғыш енгізген американ психологы Дж. Морено. Әрине, бұл метод коллективтегі адамдардың ара қатынастарындағы барлық мәселелерді үзілді-кесілді, дәл анықтап бере алмайды. Сондықтан да топтың психологиясын толығырақ анықтау үшін басқа методтарды да (әңгімелесу, бақылау, интервью, табиғи эксперимент т.б.) қосарластыра пайдаланған мақұл.

Жоғарыда көрсетілген әр түрлі әлеуметтік-психологиялық топтар оқытушылар коллективінде де ұшырасады. Сондықтан да педагогикалық коллективте дұрыс моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға көп болып ат салысып, әр мұғалім, әр тәрбиеші-мастер әр қилы топтармен қарым-қатынас жасауда өзерінің педагогтық тактісін жетілдіре, тәрбиешілік үнемі арттырып отырулары қажет.

Топтар туралы әңгіме қозғағанда оның түрлі типтегі жетекшілері туралы мәселенің де айтылмауы мүмкін емес. Бұл ең алдымен қазіргі кезеңдегі міндеттердің ауқымдылығына, күрделілігіне байланысты. Психологияда «лидер», «жетекші», «басқару психологиясы» деген ұғымдарға ерекше мән беріледі. Зерттеушілер осы аталған ұғымдардың бір-бірінен айырмашылықтары мен ұқсастықтарын ажыратады. Мәселен, психолог Б.Д.Парыгиннің зерттеулерінде «лидер», «жетекші» («басқарушы») ұымдарының айырмашылықтары жақсы көрсетілген. Лидерлер мен жетекшілердің жұмыс стилінің үш түрі болады. Олар: авторитарлық (өктем, директивалық басшылық деген мағынада), демократиялық, либеральдық болып бөлінеді. Басшылықтың осындай түрлері оқытушылар коллективі арасында жиі кездеседі. Олар өздерінің мінезі мен жұмыс стиліне қарай оқушы коллективін басқаруда түрлі әдістер мен айла – тәсілдер қолданады. Мәселен, басқару жүйесіндегі кейбір оқытушылар жұртнеп санасып жатпайды, түрлі тәрбиелік шараларды өз атынан жүргізіп, шәкірттер инициативасымен орындалған іске сенімсіздікпен қарайды, балалардың өзінше пікір айтуына шыдай алмайды. Мұндай ұстаз оқушылармен олардың ресми праволық міндеттері және жауапкершіліктері тұрғысымен ғана қатынас жасауға тырысады, әркімге нақты роль мен мідет жүктейді. Осындай жетекшітіктің басты кемшілігі- маңызды шешімдер мен шаралар қабылдауда жоспар мен жүйелі жинақтық болмауында. Мұндай жетекшінің ең асыл жері – коллектив мүшелерінің инициативасын басып, творчестволық күшті жеке пайдаланғандықтан кей жағдайда коллективті рухани жағынан қанағаттанбаушылыққа соқтыруы мүмкін. Мұндай жерде еңбек тәртібі, жұмыстың белгілі бір жүйесі сақталмайды. Оқушылар арасында көңілсіздік, жайсыздық туады. Жетекші өз өктемдігін күшейту мақсатымен болып, оқушылардың хал – жағдайын ойлауға мұршпсы да келмейді, сөйтіп жүріп өзін коллективтен сырт қалдырады. Осындай типтегі басқарушыларды қай жерде де авторитарлық жетекші деп айтады.

Демократиялық типтегі жетекші коллектив мүшелерінің пікірлерімен есептесіп қана шешім қабылдайды, жұрттың талаптары мен ұсыныстарын тындауды қалайды. Мұндай лидер – топ мүшелерінің бастамаларын мақұлдайды, сөйтіп олардың рухани қанағаттануына жағдай жасайды. Ол жиналыс үстінде сын мен өзара сын өрістеуіне мүмкіндік береді, коллективтен еш нәрсе жасырмайды, әр кез адамдардың көңіл күйіне жақсы әсер етіп,олардың ықыласы мен сеніміне бөлінеді.

Жетекшіліктің үшінші бір типі либералдық деп аталады. Мұндай кісі коллектив ісіне аз аралысады, кейде оларды бетімен жібереді. Ол көбінде басшылықты жүрділі – бардым жасайды. Әрине мұндай жерде біркелкі жұмыс болмайды, ұйымдастыру, басқару жұмысының шырқы бұзылады. Осының салдарынан коолективте тәртіптілік, жинақтық, ширақтық жағы кем болады. Мұндай сәтте бетімен кетушілікке, анархиялық пікірлердің ауа жайылуына да жағдай тууы мүмкін.

Жетекші, басшы және оның қоғамдағы орны туралы қазақ халқының өткендегі рухани мұрасында да сындарлы пікірлер аз емес. Мәселен, ХІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұни жақсы басшы, ақылды, жан – жақты білімді, айналасындағы адамдарды бес саусағындай білетін, жұрттың жақсы – жаман істерін әділ бағалайтын, табанды да қайсар, ерік – жігері күшті, ұйымдастыру туралы іліммен қаруланған, халыққа қиянат жасамайтын, жағымпаздық пен тамыр – таныстыққа жаны қас, өзіне жақсы жәрдемші тандап ала білетін, көрегенді басшы болуы қажет дейді.

Өнегелі басшы, жақсы жетекші туралы ұлағатты пікірлер халқымыздың мақал – мәтелдерінде де аз емес. Мәселен «Бір данаға жол берсен, жанған отқа күймейсің», «Жасықтың көбінен де асылдың азы жақсы», секілді даналы сөздерде барша жүртты басқаруға ақылды да көреген, білгір де озық ойлы адамдардың ерекше қажет болатыны, бұлар өдерінің жеке бас өнегесімен, зор талант – қабілетімен қоғамдық өмірде елеулі роль атқаратындығы, тәлім – тәрбиені жақсартуға үлес қосатындығы айтылған. Коллективті (оқушы, жұмысшы, қызметкер т.б) дұрыс басқару үшін жетекші атаулы өз тобындағылардан көш ілгері жоғары тұратын ақылды да білімді, инабатты да іскер, байсалды да асып – саспайтын, тиянақты да салқын қанды болып келгені абзал.

Топтағы адамдарды танып-білу, басқару мәселесі «психологиялық үйлесім» ұғымымен тығыз байланысты. Бұл – коллективтегі ортақ істің табысты болуындағы адамдардың өз қызметінен рақат, ләззат алуын қамтамасыз етуіне мүмкіндік беретін психологиялық жағдай.

Топтағы адамдардың бір-бірімен үйлесімділігі жарасса, яғни бірінің іс-қылығы екіншісіне ұнайтын болса, олар бір-бірінің мінез-құлқын, қарым-қатынасын жатырқамай дұрыс қабылдаса – онда психологиялық үйлесімділіктің болғаны. Ал мұндай ахуал жоқ жерде, яғни біреудің характерін екіншісіне ұнатпаған жағдайда, тіпті ақылға сыйымды нәрсенің өзі де кейде қолдау таппайды, біреуі екіншісін түсінбейді. Адамдар арасындағы көзқарас пен сенім бірлігі, не оның әр түрлілігі, мүдделері мен мінез бітістерінің, темперамент ерекшеліктерінің қарама-қайшылығы да үйлесімділікпен қатар үйлесімсіздікке де себеп болады. Егер адам шамадан тыс қазымыр, тұйық не беймаза, не тәкәпар, өркөкірек болса да топтағы адамдармен дұрыс сыйыса алмайды, «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деп халық тегін айтпаған.

Басқару жүйесінде істейтін адамдар сондай-ақ түрлі топтарға тән әлеуметтік-психологиялық әуендерді де жақсы аңғара алатын болуы тиіс. Мұндай көпшілікке тән құбылыстарға қоғамдық пікір, коллективтік көңіл-күй, қажырлы-қайрат, жарыс, еліктеу, ақыл-парасат бірлігі, үрей, уайым т.б. жатады.

Топтың көңіл-күйі мән-мазмұнына қарай жағымды, жағымсыз болып бөлінеді. Жағымсыз көңіл күйдің бірі – үрей. Бұл жұрттың шырқын алып, тіршіліктің жүйелі ырғағына нұқсан келтіріп, қалыптасқан қатынасты бұзады.

Педагогтың басты да бағалы қасиеттерінің бірі – психологиялық көрегендік екені аян. Мұның өзі балалардың мінез-құлқын, іс-әрекетін бақылай білуге, оның педагогикалық психологиясының жалпы заңдылықтарын қаншалықты терең меңгергеніне байланысты дамып, қалыптасады. Музыкантқа есту, суретшіге боялардың біркелкі үйлесімділігін ажырата алу қабілеті керек болса, адам жанын білу сондай қажет.

Соңғы жылдары психология ғылымы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісін бұрынғыдан да жемісті жүргізуге көмегі тиетін теориялық еңбектерімен біршама толыға түсті. Мәселен, Д.И.Фельдштейннің көпке таныс «Жеткіншек тәрбиесінің психологиясы», И.С.Конның «Жастық шақ психологиясы», В.А.Крутецкийдің «Математикалық қабілет психологиясы», Н.В.Страховтың «Педагогикалық әдептің психологиялық негізі», сондай-ақ белгілі психологтары Б.Ф.Ломовтың, Л.В. Зайковтың, С. Балаубаев, А. Темірбековтың, М. Мұқановтың, Қ. Жарықбаевтың т.б. педагог-психологтардың еңбектерімен таныстық. Ал осы еңбектердің бәрі әр педагогтың, ұстаз-тәрбиешінің жеке кітапханасының төрінен орын алуы қажет.

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі: