Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Карманов Учебн. пособие.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
21 Мб
Скачать
☆

2. Тау жыныстарын бұзушы аспаптар

2.1. Қашаулар

Ұңғы түбіндегі тау жыныстары әртүрлі қашаулармен, кеңейткіштермен және бұрғылау бастарымен бұрғыланып, үгітіледі. Бұрғылауға арналған қашаулар түпке әсер етуіне және құрылымына байланысты ажыратылады.

Қашау – ұңғы түбін тереңдету және басқа да арнайы жұмыстарды орындауда, тау жыныстарынан үлгі (керн) алу үшін ұңғы түбін айналдыра талқандауға, ұңғы түбін тұтастай бұрғылауға арналуы мүмкін.

Барлық бұрғылау қашаулары тау жыныстарына әсер ету мінездемесі бойынша негізгі төрт түрге бөлінеді:

1. Қалақшалы қашаулар – тау жыныстарын кесуге және опыруға арналған;

2. Шарошкалы қашаулар – тау жыныстарын опыру және уатуға арналған;

3. Конусты шарошкалы қашаулар – төбелері қашау центрінде немесе жанында орналасқан, тау жыныстарын уатуға арналған;

4. Қатты балқытылған құймамен, алмазбен жабдықталған матрицалы тұрқылы қашаулар – тау жыныстарын үгітіп, кесуге арналған.

Шарошкалы қашаулар Ең көп тараған шарошкалы қашаулар болып табылады. Олармен барлық бұрғылау жұмыстарының 95 пайызы жүргізіледі. Мұнай және газ ұңғыларын бұрғылауда негізінен шарошкалы қашаулар қолданылады. Олар шарошка санына қарай бір, екі, үш, төрт тіпті алты шарошкалы болып келеді. Ең көп тарағандары үш шарошкалы қашаулар (2.1-сурет).

2.1-сурет. Шарошкалы қашаулардың сыныптамасы

Шарошкалы қашаулармен тау жыныстарын бұзу процесі шарошкалардың тау жыныстарына статикалық және соққылық әсер ету салдарынан болады. Шарошка бір тістен екіншісіне секіріп, ұңғы түбімен домалаған сәтте, оған түсірілген өстік жүктеменің әсерінен оның тістері тау жыныстарына белгілі бір тереңдікке еніп отырады. Осындай жағдайда тістердің сынып қалмай қарсы тұру мүмкіншілігін арттыру үшін, шарошка тұрқына қатты құймадан дайындалған тістер бекітіліп жасалады немесе шарошка түгелімен қатты құймадан істеледі.

Шарошкалы қашаулармен тау жыныстарын бұзу кезінде ұңғы түбінің әрбір шаршы сантиметріне 0,111,5 кВт қуат мөлшері жұмсалады.

Жалпы шарошкалы қашаулар тау жыныстарының механикалық және түрпілік қасиеттеріне байланысты қолданысқа қарай он үш түрге топталады (2.1-кесте).

2.1-кесте. Шарошкалы қашаулардың тау жыныстары механикалық қасиеттеріне байланысты қолданылуына қарай сыныпталуы.

Қашау түрлері

Бұрғыланатын тау жыныстары

М

Өте жұмсақ, бос созылмалы тау жыныстары (жұмсақ және тұтқыр саз балшықтар, сланецтер, жұмсақ әк тастар).

МЗ

Жұмсақ бос байланысқан түрпілі тау жыныстары (құмдақ және мергельдер).

МС

Жұмсақ және қаттылығы орташа тау жыныстары аралас (бор, тас тұзы, ангидрит аралас саз балшық сланецтері).

МСЗ

Жұмсақ, нашар байланысқан, түрпілік қаттылығы орташа тау жыныстары (құм-саз балшық сланецтері, құмдақ кездесетін шымыр саз балшықтар).

С

Созылмалы және созылмалы морт, қаттылығы орташа тау жыныстары (тығыз сазбалшықтар, сланецтер, қаттылығы орташа әк тастар).

СЗ

Қаттылығы орташа түрпілі (құмдақ, құмды сланецтер).

СТ

Қаттылығы орташа, қатты морт созылмалы тау жыныстары (әк құмдақ, әк тастар, ангидриттер).

Т

Қатты түрпілі емес (әк тастар, доломиттер, доломиттелінген әк тастар).

ТЗ

Қатты түрпілі (кварцталған әк тастар мен доломиттер).

ТК

Қатты, берік (қатты әк тастар, доломиттер, кварциттер).

ТКЗ

Түрпілі қатты, берік (аргиллиттер, қатты әк тастар, құмдар).

К

Берік (кремниленген ұсақ кристалды әк тастар, доломиттер, кварциттер).

ОК

Өте қатты (кварциттер, граниттер, диабаздар).

2.2-сурет. Шарошкаларының тағайындалуына байланысты қашау түрлерін ажырату

2.3-сурет. Қашаулардың түрлеріне байланысты қатты балқымадан қойылатын тістерінің көрінісі.

Шарошкалы қашаулар қалақшалы қашауларға қарағанда келесі артықшылықтарымен сипатталады:

– қалақшалы қашауларға қарағанда, шарошкалы қашаулардың түппен байланысу ауданы аз, бірақ олардың жұмыс істеу жиегінің ұзындығы үлкен болады, бұл тау жыныстарын бұзу тиімділігін біршама жоғарылатады;

– түп бойынша жылжып өтетін қалақшалы қашаулардың жүзіне қарағанда, шарошкалы қашаулар түп бетімен айналады, осыған байланысты шарошкалардың тістерінің тозу қарқындылығы қалақшалы қашаулардың жүздерінің тозу қарқындылығына қарағанда төмен болады;

– түп бойынша шарошкалардың өз осінен айналуына байланысты, шарошкалы қашаулардың тұрып қалу мүмкіндігі өте аз болады.

Тау жынысын бұзушы аспаптар негізгі атқаратын міндеттеріне қарай үш топқа бөлінеді:

– ұңғы түбін тұтастай бұрғылауға арналған қашаулар;

– ұңғы түбін айналдыра бұрғылап, тау жынысының үлгісін (керн) алу үшін қолданылатын бұрғы ұштары, коронкалар;

– арнайы аспаптар (найза тәрізді қашаулар, фрезерлер, калибраторлар, кеңейткіштер).

Бірінші және екінші топ қашаулары ұңғы тереңдігін арттыруға арналған. Арнайы аспаптар бұрғыланған ұңғыда және шегендеу тізбегінде қосымша жұмыстар атқару үшін қажет. Қашаулар арналуына, құрылысына, түріне тәуелсіз шартты диаметрленеді.

Жууға арналған тесіктерінің құрылымы мен жуу сұйықтығы ағынының гидравликалық қуатын пайдалану тәсіліне қарай қашаулар ағынды (гидромониторлы) және қарапайым болып бөлінеді. Гидромониторлы қашауларда жуу сұйықтығы ұңғы түбін тазартады және тау жынысын жұмсартады, яғни гидромониторлық эффект алуға болады. Ал қарапайым қашауларда жуу сұйықтығы жуу тесіктері арқылы өтіп, шарошкаларды (қалақшаларды) шайып, түпке жартылай жетеді.

Қарапайым орталық жуылуды қамтамасыз ететін тұрқылы үш шарошкалы қашаудың құрылымы 2.4-суретте көрсетілген, а – соплосыз және б – сопломен. Қашау келесі негізгі түйіндерден тұрады: құйылған тұрқысынан 1; тіректен 2; тірек цапфаларынан 3; мойынтіректерден 4 – 6; тазартушы жуушы түйіндерден 7. Соңғысының құрамына тесіктеріне отырғызылатын төлкелер 8, 9 кіруі мүмкін, олар бұрғылау ерітіндісінің жоғары арынын қалыптастырады, және тұрқыға 10 бекітіледі. Тұрқының жоғарғы бөлігі 11 әдетте байланыстырушы басы деп аталады, себебі ол аудармаға немесе бұрғылау тізбегінің төменгі ұшына байланыстырылады. Көрсетілген жағдайда ол іші конусты бұрандалы муфта 12 түрінде жасалған. Тұрқының 1 төменгі бөлігінде әдетте тіректер қарастырылған, оларға шарошкалар орнатылған цафпалар 2 отырғызылады. Тіректер тұрқыға пісіріліп жалғанады. 3-суретте көрсетілген конструкция Ресейлік 394 мм және одан үлкен диаметрлі қашауларға тән және үш шарошкалы қашаулардың көбі секциялы болып жасалынады. Секциялы қашаулардың сыртқы және ішкі элементтері 2.5 және 2.6-суреттерде көрсетілген.

Секциялы шарошкалы қашаулар секциялардан жинақталады, олар байланысатын беттің сыртқы контурымен бірге пісіріледі. Сонымен қатар, секциялардың жоғарғы сегменттік бөліктері байланыстырушы басты құрайды, оған конусты сыртқы (ниппельді) бұранда ойылады (2.5-сурет). Тіректердің пісірілуінің арқасында қашаудың ортаңғы бөлігі біртұтас болып келеді. Тіректердің сыртқы бетінде қаттылық қабырғасы мен жиектің және дөңгеленген жартылай цилиндрлі жуу қақпақшасының астында тесіктер қарастырылған. Қақпақшалар металлокерамикалық материалдардан жасалады. Қақпақшаны ұстауға арналған фиксатордың көмегімен бекітеді (көрсетілген жағдайда тежеуіш шайбамен 9).

2.4-сурет, Тұрқылы шарошкалы қашау:

а – Д394С; б – Д394МГ

2.5-сурет, ХV типті секциялы үш шарошкалы қашау

Қақпақшамен тұрқының ішкі қабырғасы арасындағы саңылауды нығыздау үшін, резеңкелі тығыздағыштар 13 қолданылады. Тіректің қақпақшасы 7 (көрсетілген жағдайда) көбінесе, түрпілікке қарсы жабынмен 8 қорғалады, ол кері конус деп аталатын шарошканың төменгі шетіне 4 жақын орналасқан. Шарошканың 6 сыртқы жағын қорғаушы қаптамаммен қаптайды, ол айналатын беттің 5 түрпілік әсерден тозуынан біршама сақтайды.

Көрсетілген жағдайдағы бірінші қашау ұшы, басқа түрлі болатпен жабдықталған қашаулар сияқты, қалақша түріндегі элементтермен жасалынып, қалақша 27 деп аталынады.

Тау жыныстарын талқандайтын бір жазықтықта орналасқан элементтер бір қатарлы венецтер деп аталады. Венец 21 шарошка негізінен шеткі аймаққа шығыңқы орналасады және шеткі аймақтық немесе калибрлеуші деп аталады, себебі ол тек түпті тереңдетіп қана қоймай, ұңғы оқпанын калибрлейді. Ортадағы 20 және ұштардағы шыңдалған 19 венецтерді тіректік деп атайды.

Шарошка конусының екі венец арасында орналасқан бөлігін венецаралық қашап тегістеуші 29 деп атайды. Егер ол жіңішке болып жасалса, оны кейбір жағдайда сақиналы ойық деп атауға болады. Тау жыныстарын талқандайтын шарошканың дәнекерленіп жасалған элементін тісі деп атайды, ал қатты балқытып қойылған тісті штыр 24 деп атайды. Тістің төменгі бөлігі 17 – негіз, ал жоғарғысы 18 – ұшы (2.6 а - сурет).

Егер шарошка цапфаға тығыздап отырғызылған болса (2.6 б - сурет), оның құрамына көбінесе сальникті тығыздағыш 23, иілгіш диафрагма 21 (компенсатордың негізгі бөлшегі), маймен толтырылған резервуар 24, майлауға арналған тесіктер (лубрикатор) 22 кіреді.

2.6-сурет. Шарошкалы қашаудың ішкі элементтері:

А – шарошка тірегінің элементтері; б – герметизацияланған тіректі секциялы қашау

Жасалған конструкциясына байланысты бір шарошкалы қашаулар бірнеше модификацияға бөлінеді (2.7 а,г-сурет). Бір шарошкалы қашаулар тұрқыдан, байланысатын басынан және сфералық шарошка мен тіректен тұрады. Тұрқысы жіңішкеленген консолды, қашау осіне 30 градусқа жантайтқан тірек пен цапфадан жасалған. Негіз құрамы екі шарикті, оның біреуі құлыпты мойынтіректерден және екі сырғанау мойынтіректерінен тұрады.

МЕСТ 20692-75 «Шарошкалы қашаулар» бойынша шарошкалы қашаулар диаметрі 46...,508мм-ге дейінгі өлшемде 39 түрі шығарылады. Жуу желісі мен үрлеу каналдарының құрылысы мен орналасуына қарай қашаулар келесідей жасалады: Ц – ортадан жуу; Г – бүйірден жуу; П – ортадан үрлеу; ПГ – бүйірден үрлеу.

2.7-сурет. Бір шарошкалы қашаулардың модификациясы:

а – жай шарошкалы; б – шарошкада сақиналы жолақтары бар; в – төменгі жуу тесігімен; г – конусты тістермен; 1 – қашау тұрқы; 2 – шарошка;

Шарошка тіректері бойынша: В – тербеліс мойынтірегі, Н – сырғанау мойынтірегі; У – шарошка тіректері саңылаусыздандырылған болып дайындалады.

Қазіргі кезде шығарылатын бұрғы қашаулары шифрына мынадай мәліметтер жазылады:

1. Қашаудың шарошка саны (І, ІІ және ІІІ);

2. Қашау диаметрі;

3. Шарошка жасақтарының дайындалуы бойынша (М, МС, МСЗ, т.б.) қашау түрлері

4. Жуу немесе үрлеу арналарының орналасуы бойынша қашау түрлері;

5. Шарошка тіректерінің конструкциялық ерекшеліктеріне қарай қашау түрлері.

Қалақшалы қашаулар. Мұнай және газ ұңғыларын бұрғылауда қалақшалы қашаулардың тау жыныстарына кесу және уату арқылы әсер етуші екі түрі қолданылады. Біріншісіне екі қалақты, екіншісіне үш және алты қалақты, алты қалақты қатты қорытпалы қашаулар жатады.

Қалақшалы қашаулар құрылымы және қатты қорытпалармен жасақталуына қарай түрпілі, жұмсақ және қаттылығы орташа тау жыныстарын, цемент тығындарын, шегендеу тізбегінің төменгі бөлігіндегі метал бөлшектерді бұрғылауға және ұңғыма оқпанын кеңейтуге арналған.

Қалақшалы қашаулардың келесідей түрлері бар:

– екі қалақшалы 2Л диаметрі 76,0...165,1мм аралығындағы, жуу жүйесі қарапайым (2.8-сурет);

– үш қалақшалы 3Л диаметрі 120,6...469,9мм аралығындағы, жуу жүйесі қарапайым және гидромониторлы (2.9-сурет);

– үш қалақшалы қажап-кесуші 3ИР диаметрі 190,5...269,9мм аралығындағы, жуу жүйесі қарапайым және гидромониторлы (2.10-сурет);

– алты қалақшалы қажап-кесуші 6ИР диаметрі 76,0...269,9мм аралығындағы, жуу жүйесі қарапайым және гидромониторлы;

– П тәрізді диаметрі 98,4...444,5мм аралығындағы, жуу жүйесі қарапайым.

Қалақшалы қашаулардың төмендегідей түрлері (П тәріздестен басқа) шығарылады:

– М – жұмсақ жыныстарды бұрғылау үшін;

– МС – жұмсақ және орташа жыныстарды бұрғылау үшін;

– МСЗ – жұмсақ түрпілі және орташа жыныстарды бұрғылау үшін;

– С – қаттылығы орташа жыныстарды бұрғылау үшін;

П тәріздес қашаудың екі түрі шығарылады:

– Ц – цемент тығындарын және шегендеу тізбегінің төменгі бөлігіндегі металл бөлшектерді бұрғылау үшін;

– Р – ұңғы оқпанын кеңейту үшін.

Алты қалақшалы 6ИР қашаудың үш қалақшасының биіктігі қалыпты, ал үшеуінікі – қысқартылған болып келеді. Жуу қалақшалар арасында орналасқан үш канал арқылы жүзеге асады. Қалақшалы қашаулар гидравликалық түптік қозғалтқыштармен және электробұрғымен қолданылмайды, себебі қашауды айналдыру үшін үлкен айналдыру моменті қажет.

2.8-сурет. Екі қалақшалы қашау

Арнайы қолданылатын бұрғы қашаулары. Ұңғы ішінде қосалқы жұмыстар атқару үшін найза тәрізді, фрезерлі қашаулар, калибраторлар және кеңейткіштер кеңінен қолданылады. Фрезерлі қашаулардың қалақшалы ИР қашауларынан ешқандай да айырмашылығы жоқ.

Найза тәрізді қашаулар диаметрі 98,4 мм ден 444,5 мм өлшемде ПР және ПЦ түрінде шығарылады.

2.9-сурет. Үш қалақшалы қашау.

а, б – МС типті, в – сопло;

2.10 – сурет, 3ИР қашауы:

1 – тұрқы; 2 – қалақша; 3 – қатты балқытылған штырлар; 4 – сопло; 5, 8 – шайбалар; 6 – тығыздама сақинасы; 7 – болт;

ПР типті қашаулар (2.11-сурет) екі қалақты қашау негізінде дайындалған.

2.11-сурет. Найза тәрізді қашау

Қашау тұрқынан (1) және найза тәрізді қалақтан (2) тұрады. Қашау тұрқында жалғастыру бұрандасы және екі жуу тесігі (3) бар. Қалақтар қатты қорытпа кескіштермен жабдықталған. Қалақтардың калибрлеуші қырларында цилиндрлі тістер орналастырылған. Бұл қашаулар ұңғы оқпанын өңдеу және тазарту үшін қолданылады.

ПЦ типті қашаулар ПР қашауларына ұқсас, тек қалақтарының бүйір жақтары қатты қорытпамен қатайтылмаған. Бұл қашаулар шегендеу тізбектерінің цемент тастарын бұрғылау үшін қолданылады.

Алмаз қашаулар және синтетикалық поликристалды алмазбен қаруланған қашаулар. Алмаз қашаулар тік және көлбеу-бағытталған ұңғыларда құмтас, доломит, әктас қабаттарын бұрғылау барысында, шарошкалы қашауларды пайдалану тиімсіз болған жағдайда қолданылады. Алмазды қашауларды дұрыс қолдану келесі тиімді жағдайларды қамтамасыз етеді:

– бұрғылаудың жоғары рейстік жылдамдығын;

– көтеріп-түсіру операциясы санының азаюын;

– қаражатты үнемдеуді;

– тік ұңғы бұрғылау кезінде қисаю шамасының төмендеуін.

Алмаз қашау, қалақшалы қашау сияқты, өздігінен қозғалатын бөлшектері жоқ, алмаз түйіршіктері орналасатын қатты материалдан жасалған матрицадан және болат тұрқыдан тұрады.

Алмаз қашаулар диаметрі 91,4...391,3мм аралығында екі модификацияда дайындалады:

– бір қабатты, алмаз түйіршіктері матрица бетінде белгілі бір сұлбамен орналастырылады; түрлері – радиалды ДР, сатылы ДТ және шар тәрізді шығыңқы бүйірі бар сатылы ДК.

– импрегнирленген, матрица материалы көлеміне ұсақ алмаз түйіршіктері біркелкі орналастырылған түрі – шар тәрізді ДИ.

Ротормен салыстырғанда түптік қозғалтқышпен бұрғылау қашаудың бірдей өтімділігінде алмаз қашаулардың механикалық жылдамдығы жоғары болады. Алмаз қашаумен бұрғылау 200...250сағат үзіліссіз жүруі мүмкін. Алмаз қашаумен жарықшақты, кавернді, қаттылығы әртүрлі жыныстарды бұрғылауға болмайды. Ұңғыны алмаз қашаумен бұрғылар алдында, ұңғы оқпаны калибрленеді және түбі металл бөлшектерден тазартылады.

Алмаз қашаумен бұрғылау жұмыстарында қашаудың диаметрі ұңғы оқпаны диаметрінен кіші болған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Қашау алмаздың 40%-ынан айырылғанда, алмаз қашау тозған болып саналады.

Алмаз қашаулардың сәтті қолданылуы қатты қорытпалы қашаулардың конструкциясын ойлап шығаруға мүмкіндік берді. Осылайша ИСМ типті аса қатты материал славутичтен қашау жасалынды. Бұндай қашаулар 1967ж. бастап қолданылды.

1977ж. бастап мұнай және газ ұңғыларын бұрғылау барысында шет елде стратапакс қашаулары кең қолданысқа ие болды. Стратапакс – синтетикалық поликристалды алмазбен апталған қашау. Бұндай қашаулар жұмсақ және қаттылығы орташа тау жыныстарын бұрғылауға арналған. Бұл жағдайда механикалық бұрғылау жылдамдығы артады, энергетикалық шығыны алмазды немесе үш шарошкалы қашаумен салыстырғанда төмен болады.

Алмаз қашаудың негізгі ерекшелігі –онда әр түрлі өлшемдегі алмаз кесуші элементтің болуы. Әдетте бұрғылау қашауларында ең төмен бағалы әралуан карбонадо деп аталатын (абразивті техникалық алмаз) табиғи алмаз, немесе қаттылығы төмен саналатын бірақ, бұрғылау шартында маңызды, үлкен тұтқырлығы бар қара алмаздар қолданылады.

Көбінесе алмаз қашаулардың техникалық көрсеткіштері алмаз өлшемі мен сапасына байланысты болады. Сапасы тобымен категориясына байланысты, ал өлшемі 1 карат (0,2г) тастар санымен анықтайды. Алмаз қашаудың жұмысқабілеттілігі көп деңгейде, түп, оқпан тазалығына және жуу сапасына байланысты болады. Алмаздардың қызып және жарылып кетуі бұрғылау ерiтiндiсінiң кемшiлiгi кезінде байқалады. Бұл алмаз қашаумен бұрғылауды айтарлықтай қиындатады. Алмаз қашаудың тағы да аса маңызды арнайы ерекшелігі – алмаздың жетіспеуінен олардың жоғары техникалық құрылымға ие (беріктігімен, тұтқырлығымен, жеткілікті қаттылығымен, соққыға қарсыласуымен және т.б), қымбатшылығында және таптырмайтындығында.

Табиғи және синтетикалық алмаздарды арнайы матрицада (әдетте қатты балқытылған жез) орналастырады.

Барлық жұмыстық бөліктердің және жұмыс мүшелерінің, өрімдердің, паздардың бағыты және пішіні бойынша алмаз қашауларды үш түрге бөледі: радиалды (2.12, а-сурет), сатылы (2.12, б-сурет) және спираль (2.12, в-сурет).

Матрицада алмаздардың орналасуы бойынша қашауды екі түрге бөледі: бір қабатты (2.12, а, в-сурет) және көпқабатты (2.12, г-сурет), яғни алмазды импрегнирленген.

2.12-сурет. Алмаз қашаудың түрлері:

а – МЗ11 бірқабатты радиалды биконикалық қашау; б – сатылы; в –ТВ573 спираль; г –ТВ54 импрегнирленген

Алмаз қашау өлшемдері ИСМ қашаулары сияқты номиналь диаметрі бойынша бірнеше кішірейтілген (әдетте 2 мм-ге).

Ресейде алмаз қашаудың төрт түрін шығарады: бірқабатты, сатылы және радиалды, импрегнирленген радиалды және сатылы. Барлық түрдегі қашауды екі сыныпта, яғни табиғи және синтетикалық алмаздармен дайындайды.

Бірінші сыныптағы қашау, табиғи алмазбен жабдықтылған, үш типте (М, С, СТ) шығарылады.

М типті қашауларды бес өлшемде және бес түрде шығарады: ДК188М6, ДК212Ш, ДК241М6, ДК267М6 және ДК292М6. Литер Д белгіленген түрдің шифрындағы қашауды білдіреді (алмаз), К – қашау түрінің бейнеленуі (сатылы профильмен), 188 –қашаудың мм-дегі номиналь диаметрі, М –қашау түрі, 6 –модификацияның реттік нөмірі.

Алмаз қашауларды маркировкалау кезінде шифр алдына дайындаушы-өндірістің шартты индексін белгілейді.

С типті қашауды (орташа жынысты бұрғылау үшін) бірқабатты немесе импрегнирленген етіп те дайындайды. С типті бірқабатты сатылы қашауды үш өлшемде ДК138С6, ДК149С6, ДК188С6 шифрларымен шығарады, яғни 138, 149 және 188мм диаметрде. Олар екінші сыныптағы ХV6 топтағы техникалық алмаздармен жабдықталады.

СТ типті қашаулары орташа қатты жыныстарды бұрғылау үшін тағайындалған. Олар тек бірқабатты жұмыс мүшелерімен жуу паздарының радиалды орналасуымен орындалады. Бұл қашауларды төрт диаметрде дайындайды – 140, 159, 188 және 212 мм-де. Қашауларды 140 мм (ДР140СТ1) диаметрде екі түрде шығарады.

Бірқабатты радиалды (қалақшалы) қашауларды тік қалақшалы жұмысшы мүшелерімен дайындайды және жұмысшы басының сатылы пішінімен орындайды. Олар бес өлшемдік модельдермен шығарылады. ДКС138С, ДКС188С6, ДКС212С6, ДК267С6. Шифр ортасындағы С литері қашаудағы алмаздың синтетикалық екенін куәландырады.

Импрегнирленген сатылы қашаулар конструкциясы бойынша ДКтүріндегі бірқабатты қашауға ұқсас. Бұл қашауларды үш өлшемде және үш модельде шығарады: ДКСИ188С6, ДКСИ212С6 және ДКСИ267С6.

Синтетикалық алмазбен импрегнирленген қалақшалы қашаулар бір өлшемде (ДЛСМ212С3 моделі) шығарылады.