Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКД. Өзін өзі тану.Лек и пр.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1 Мб
Скачать
☆

Сабақтың барысы: Сәлемдесу рәсімі.

Оқытушы. Бүгін біз бір-бірімізді сіздерді педагогтардың қалай қарсы алғандарын қалайтындарыңа қарай сәлемдесеміз.

Әрбір студент топпен педагогтың өзінің тәрбиеленушілерін қарсы алудың ең жақсы деп есептейтін сөзімен сәлемдеседі. Ол жақсы таныс сәлемдесу рәсімдері де болуы мүмкін. Жаттығудың басты шарты – жұмысқа жағымды эмоциялы бағыт-бағдар беруде.

Дәріс-әңгімелесу.

Оқытушы. Өзін-өзі тану мен өзін-өзі дамыту проблемаларының талқылануы, жеке-дара дамуының әрқилы кезеңдерінде тұлғаға психологиялық-педагогикалық қолдаудың көрсетілуі жөніндегі жұмыстардың басым көпшілігі педагогикалық ұжымға және нақты педагогқа жұктеледі.

Өзін-өзі жүйелі түрде танып, дамытып отыратын, өзін-өзі белсенді тәрбиелеп отыратын ұстаз ғана өзгелерге тиімді көмек көрсетіп, өзін-өзі тәрбиелеу мәдениетіне ықпал ететін ахуалды қалыптастыра алады. Олай болмаған жағдайда оның балаларды өзін-өзі дамытуға ынталандыру іс-әрекеті оның дербес тәжірибесімен бекітілмей тек баяндаушы сипатта болады.

Дағдылы жұмыс күндері мұғалімнің тұлғалық-кәсіби өсуі және өзін-өзі жетілдіруі- педагогикалық мамандықты айтпағанда, кез-келген мамандықтың міндетті шарты болып табылады. Мұндағы белсенділіктің кез келген жаңылысы, төмендеуі педагогикалық үдерістің мүшелерінен бірден байқалады, педагогикалық еңбектің нәтижелеріне кері ықпал етеді.

Педагогтың кәсіби өзін-өзі дамытуы мен өзін-өзі тануының талдамасына көшу үшін оның тұлғалық ерекшеліктеріне және кәсіби біліктілігіне, іс-әрекетіні ерекшеліктеріне аз да болса тоқталып өту қажет.

Педагог келесі ақпаратты қамтитын слайдтарды көрсетеді.

Қазіргі таңда ғылымда педагог тұлғасының, оның іс-әрекеті мен қарым-қатынасының құрылымындағы компоненттерді ажыратудың әртекті тұрғылары, оның кәсіби біліктілігінің ерекшеліктері мен қайталанбастығы туралы әрқилы көзқарастар қалыптасқан. Ол көзқарастарды келтіруге және талдауға мүмкіндігіміз болмағандықтан, тәрбиешілердің, ұстаздардың, оқытушылардың едәуір маңызды қасиеттері мен күйлерін, олардың іс-әрекеті мен мінез-құлықтарын сипаттап өтуге тырысамыз. Педагог тұлғасының құрылымындағы маңызды компоненттерді келесі жағдайлар анықтайды:

1 Слайд

  • Кәсіби-педагогикалық бағыттылық;

  • Кәсіби белсенділік;

  • Кәсіби білімдері мен іскерліктері;

  • Кәсіби педагогикалық қабілеттері, есі, ойлауы және қиялы;

  • Өзін-өзі кәсіби ұғынуы.

Кейбір ұғымдарға қысқаша сипаттама берелік:

2 слайд – Тұлғаның кәсіби-педагогикалық бағыттылығы әдетте балаларға, іс-әрекетке, өзіне қатынасы жетекші мәнге ие болатын қатынастардың тобы ретінде анықталады. Қатынастардың негізгі үш түрін құрылымдай келе, кәсіби-педагогикалық бағыттылықтың сегіз түрін алуға болады, алайда оңтайлысы ретінде үш компонент: балаларға қатынасы, заттарға қатынасы және өзіне қатынасы айқындалған типті анықтаған жөн.

3 слайд – Кәсіби белсенділік оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін тұрақты іздестіруде, туындаған міндеттерді ерекше үлгіде шешуіскерлігінде, әкімшілікпен, қызметтестерімен, ата-аналармен, оқушылармен қатынастарын жетілдіру қабілетінде, өзінің жұмысын талдауда, өзін-өзі тәрбиелеудің барлық құралдары мен тәсілдерін қолдана отырып, өзін-өзі дамытумен айналысуда анықталатын педагогтың нормативтердің шеңберінен шығу, өзінің іс-әрекетінің аумағын тұрақты түрде кеңейтіп отыру ұмтылысымен сипатталады.

4 слайд – Кәсіби білімдері мен іскерліктері кәсіби даярлықтың негізін құрайды. Білімдер мен іскерліктерге ие болмаған педагог өзінің қызметін мүлде атқара алмас еді. Кәсіби білімдер әртекті келеді: ол – өзінің пәнін жақсы білу, педагогика, психология, әдістемелер саласындағы, өзге адамдармен қатынастарды орнату аумағындағы білімдері, өзінің кәсіби мұмкіндіктеріне қанық болуы.

5 слайд – Педагогикалық қабілеттері әр педагогтың, алайда әр дәрежеде ие болған тұлғалық әлеуетін сипаттайды. Дәл педагогикалық қабілеттер және педагогтың оларды өзінде анықтауы педагог болудың сәйкес кәсіби ниетін, педагогикалық іс-әрекетпен айналысу бейімдігін, педагогикалық еңбектің тиімділігін анықтайды.

Талқылау. Талқылау сұрақтары:

  • Оқытушының өзін-өзі дамытуы не үшін қажет?

  • Оқытушының өзін-өзі дамыту үдерісі не нәрсеге бағыттплуы тиіс?

Рөлдік ойын "Оңтайлы қарым-қатынас"

Ойынның мақсаты: болашақ ұстаздың коммуникативті құралдарының аумағын кеңейту, педагогикалық қарым-қатынастың тиімді жеке-дара стилін іздеу.

Ойын үш кезеңде жүргізіледі.

Бірінші кезеңде оқытушы топтағы екі студентке мұғалім мен оқушы-жасөспірімнің немесе жоғары сынып оқушысының арасындағы өзара әрекеттестіктен алынған әдеттегі жағдайлардың бірін ойнап көруді ұсынады. Қалғандары бақылап отырады. Келесі жағдайларды ойнап көруге болады:

  • «Оқушы сабақты болдырмай, мұғалім оны әңгімелесуге шақырды»;

  • «Оқушы мектепте шылым шекті»;

  • «Жоғары сыныптағы оқушының үлгерімі күрт төмендеді» ж»не т.б.

Таңдалынған жағдай ұсынылған коммуникативті ұстанымдарға сәйкес ойнатылады: «мұғалім» ресми бағалаушы үлгіні жүзеге асырушы қатал тұлға ретінде болса, ал «оқушы» мұғалімнің ақылын үнсіз тыңдап, ақталады.

Ары қарай талқылау орын алады: ондай әңгімелесуден «оқушы» қандай әсер алды, қандай сезімде болды, «мұғалім» өзін қалай сезінді, аталмыш көрініс топтың қандай эмоциялары мен ойларын тудырды.

Жағдайларды ойнайтын студенттер мінез-құлықтың стереотипті үлгілерін ұстанады. Педагог бойкүйез оқушыны жазалау үшін әділдікпен қолданылатын ықпалдың қатал да бұйрықшыл шараларының оқушының енжарлығын, кей жағдайларда ашуын тудыратынын түсіндіреді.Топ студенттері жасөспірімдермен қарым-қатынаста қолданылатын бұйрықшыл құралдардың жалпы алғанда аса тиімді болмайтындығын түсінеді.

Екінші кезеңде мұғалім мен оқушы қарым-қатынасының сол жағдаяты қайта ойнатылады, алайды «әртістері» мен ұсынылған коммуникативті ұстанымдар ауыстырылады. Мұғалімнің рөлін атқарған студент өтіну мәнеріне көшу үсынылса (мысалы, қымбат жоғары санаттағы мектепте мұғалім миллионердің баласын үгіттеуге мәжбүр), жоғары сынып оқушысы өзін тым тәкаппар ұстап, қиқарланады. Ойынның екінші кезеңінен алынған нәтижелердің топтық талқылануы мұғалімнің оқушыға тәуелді болу жағдайларының қандай себептерден туындайтындығын талдауға және оларды қалай жеңуге, болдырмауға болатынына арналады.

Үшінші кезеңде сол жағдайдың үлгісінде, бірақ педагогикалық басқарылатын ұстанымды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «мұғалімнің» (студенттің) оқушымен психологиялық толыққанды қарым-қатынасын реттеуге көмектесетін құралдар мен тәсілдерді топтық ізденіс ұймдастырылады.

Қарастырылатын сұрақтар:

  • мұғалім оқушымен әңгімені қалай бастауы керек,

  • қалай отыру керек, қандай сөздерді айтып, қай кезде бастау қажет,

  • әңгімелесу қандай ахуалда болып, қандай бағытта жүргізілуі тиіс және т.б..

Әдістеме «Толеранттылықты анықтау тесті (шыдамдылық)»

Әдістеме жүргізілген соң, мұғалім педагог мамандығында оның тұлғасының маңызды қасиеті толеранттық екендігін айтады. Аталмыш қасиетті балаларды оқыту мен тәрбиелеудің жеткілікті дәрежеде жоғары деңгейінде ие болу қажет. Аталмыш мәселені студенттермен талқылап, оларға бірқатар сұрақтарды қоюға болады:

  • Олар оны қалай түсінеді? Неліктен?

  • Оны дамыту үшін не қажет? (хрестоматияны қарау).

Оқытушыларға арналған ертегі

КЕЛІСІМ

Ертегілер елінде, ағысы жылдам әрі әдемі өзеннің жағалауында бір сарай болыпты. Ежелгі дәуірлердің өзінде-ақ ол елдің өкілдері сарайға барлық дана кітаптарды жинап, бөлмелерін кішкентай тұрғындардың өзіне де ыңғайлы болатындай етіп, ойластырған. Сол сарайда ең шынайы ертегілер Мектебі болыпты. Онда елдің кішкентай тұрғындары өмірдің заңдарын біле бастайтын, көне білімдердің мәнін түсіне бастайтын, өздерін қабілеттерін танитын. Мектепте көптеген мұғалімдер ауысады. Бір күні ол мектепке Маугли, Көр тышқан және Инелік сабақ беруге келеді.

Сіздерге олардың әртүрлі ертегілердің кейіпкерлері болғандықтан, бірге болып, тіптен мектепте сабақ беруі мүмкін емес болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, бұл ертегі ғой, ал ертегіде барлығыда мүмкін. Сеніңіздер, тыңдағандарыңыздың барлығы да дәл солай болған.

Маугли оқушыларымен көп ойнайды. Ол өзі оқытып, өзін оқытуға да мүмкіндік беретін. Оған барлығы да қызыты болып көрінетін, ол сабақтарын ешқашан біртекті ғып өткізбейтін. Ол үлкен сауыққой әрі қиялшыл болатын.

Көртышқанға Мауглидің сабақты жүргізу әдістемесі ұнамайтын. Өйткені Көртышқанның өзі өте ақылды болып, мұғалімдердің көптеген өкілдері сияқты «дұрыс» оқыта алатын. Көртышқан жарық пен жаңа идеяларды ұнатпайтын. Оның сабағында оқушылар көптеген жаңа білімдерді меңгеретін, оалайда ол білімдер тым көп болатын. Сол себепті олардың басы оны игере алмайтын.

Инелік болса өте ерекше мұғалім болар, сірә. Оның оқыту бөлмесінде алтынмен жалатылған жақтаудағы үлкен айна тұратын. Сабақты жүргізгенде Инелік ол айнаға қарайлай беретін. Оған өзінің талғампаз мүсіні, қанаттарының құбылмалы реңкі сондай ұнайтын. Ал оның үлкен көздері ше!.. Әрине, олар керемет болатын. Инелік сабақты жүргізгенде өзіне-өзі қатты ұнайтын.

Бір күні Инелік: Болды, жетер! Маған ақылсыз оқушылар мен олардың маңғаз ата-аналары мені жалықтырды. Менің қанаттарым бар емес пе, одан да менің аспанда қалықтап ұшқаным жақсы емес пе... дейтін уақыт келді. Инелік соны жария еткен соң, өзінің құбылмалы қанаттарын самғап, ұшып кетеді.

Сол күннен бастап, мектептегі сарайдың тыныштығы мен үйреншікті ырғағы бұзылады. Көр тышқан бажылдақ, ал Маугли мазасыз болып кетеді. Кейде Көртышқан Мауглидің жеткілікті дәрежеде оқытпағандығын айтып қоймайды. Ал Маугли болса Көртышқанды жалықтырып жіберетін, қызықсыз деп деп есептейтін. Инелік ойына келген кезде үшып келетін, кейде бірін келесі бірде екіншісіне жақтасатын.

Иә, мектептегі сарайды ыңғайсыз жағдай орын алады. Алайда оның арасы тым ұзаққа созылғандықтан, үйреншікті жәйтқа айналғандығы қызық еді.

Бір күні мектептегі сарайға Балу Аю келеді. Ол мейірімді де көңілді болатын, көптеген оқиғаларды білетін және ерекше білімдерге ие еді. Оның сарайға келуі кездейсоқтық емес еді. Оның қоржынында бай да қанық өмір бар болатын, ол өзінің білімдерін оқушылармен және ұстаздармен бөліскісі келетін, олардың өмірін қызықты да әртекті қылғысы келетін, олардың ертегілер әлемінде қандай қызықты дүниелердің болып жатқандығын айтып бергісі келетін, оларды бір-біріне шыдамды, мейірімді болуға үйреткісі келетін.

Балудың келгенін әркім әрқилы қабылдайды. Оқушылар қызығушылықпен қарайлайтын. Көртышқан миығынан кұлетін, Инелік қылымсып, қанаттарын жаятын, ал Маугли болса Балумен бірден достасады. Әрине дейтін шығарсыздар сіздер, өйткені олар бір ертегіден ғой! Иә, олар бір ертегінің кейіпкерлері ғана емес, сонымен қатар пікірлес болатын. Өмірдің қазаны қыж-қыж қайнайды, өйткені оқушылар да оны ұнатады.

Бір күні Балу үлкен Кеңес шақырады.

«Менің достарым – дейді ол. – Мен мұнда келе жатқанымда мұнда әртүрлі керемет ұстаздарды көретін шығармын деп ойлап келген болатынмын. Өйткені сіздер жақсылыққа үйретуден басқа, ерекше қабілетке иесіңдер. Инелік ұша алады, Көр тышқан жер астында жүреді, ал Маугли оның үстінде шебер жүре алады Сіздердің осы қабілеттіліктеріңізді біріктірсе, зор қуатқа айналар еді.

Сіздер ойлап көріңіздерші: біз жердің астындағы, үстіндегі және ауадағыны танып, айтып бере аламыз».

«Онда тұрған не бар! – дейді түңіліп, Көртышқан мен Инелік. Ал Маугли қызығушылықпен үндемейді.

«Несі бар дегендеріңіз қалай?!» Жарыққа тартылған ағаштардың тамырларын қамқорлыққа алған жер сияқты, Көр тышқан да біздің алдымыздағы даналардың білімін сақтап келе жатқан жоқ па. Көртышқан сақтап қана келе жатқан жоқ, ол оны оқушыларына анық та қанық жеткізеді емес пе. Әрбір жаңаны ауаның алмастырғанындай Инелік те әр жерде ұшып жүріп, бізге көптеген жаңалықтарды алып келеді, сіздердің жұмыстарыңызды жақсы етіп көрсетіп, біздің ертегілер елімізден жырақтағы жерлерде де оларды қызығушылықпен жеткізіп жүрген жоқ па. Ал барлық жаңалық пен бұрыннан белгіліні қолдана алатын ол – Маугли, өйткені ол өзгермелі ертегілер әлемінде шебер ыңғайланады ғой».

Көр тышқан, Инелік және Маугли бір-біріне қарап, жымияды. Олардың күлімсіреуі қараңғыланған ақшамда сарайдың бөлмелерін жарыққа бөлейді. Дәл сол кезде Көр тышқан бірінші рет көзін жұмбайды.

«Бәрекелді Балу, мен сен бізді түұсінбей,сынар ма деп ойлап едім! Ал сен біздің бұрыннан ұмыт болғанымызды көре алдың...»

Сол кезден бастап, Көр тышқан, Инелік және Маугли жиі-жиі Үлкен Кеңестерге жиналатын болды. Олар бір-бірімен өздерінің бақылауларымен, идеяларымен және білімдерімен бөлісіп тұрады. Олардың әрқайсысы өзін пайдалы да қажет деп есептейтін болды.

Ал мектеп сарайы жарқырап, таңғажайып тартымды қуатқа ие болады: ол өзіне барлық жақсыны, шығармашылық пен ашық-жарқынды тарта бастайды, өйткені онда Келісім орнаған еді».

Талқылау.

  • Неліктен мектепте тыныштық пен ырғақ бұзылған еді?

  • Ол ертегідегі Балу кім?

  • Мектептегі мұғалімдерге ол қалайша көмектесе алды?

  • Олардың келісімінің мәні неде?

Қорытынды. Сабақты талқылау.

Қоштасу рәсімі.

Жаттығу «Сыйлық»

Студенттер шеңбер құрып орналасады. Оқытушы: «Қазір біз бір-бірімізге сыйлық жасаймыз. Жетекшіден бастап, барлығымыз кезек-кезекпен пантомима құралдарымен әлдебір затты бейнелеп (балмұздақ, гүл, кірпі, тышқан және т.б.), оны өзінің оң жағындағы көршісіне табыс етеді». Барлығы әртүрлі сыйлықтарды алған соң, бір-біріне ризашылықтарын білдіріп, қоштасады.

15 –лекция Тақырыбы:«Өмір кемесі»

Сабақтың мақсаты: «мақсаткерлік» ұғымын қарастыру; өмірдегі өзінің жеке мақсатын түсіну, мақсат қоя білу, өзіндік жеке құндылықтар иерархиясын, өзінің болашағының жағымды бейнесін жоспарлау икемділігін дамыту.

Әдістері мен формалары: дәріс-әңгімелесу, талқылау, арт-терапия, тестілеу, слайдтарды көрсету, ағыз әңгімелер оқу, «даналық сабақтары».

Материалдар: хрестоматия, әдістемелердің ықпал етуші матриалдары, тыныш мелодиялық жазба, А4 форматы ақ қағаз, қарандаштар, маркерлер, қаламсаптар, бояулар.

Сабақтың барысы:Сәлемдесу рәсімі.

Оқытушы. Бүгін біздің соңғы сабағымыз. Бүгінгі сабаққа барлығыңыз қош келіпсіздер. Мен сіздермен осындай қызықты «Өзін -өзі тану» курсын оқып –үйренуде бірге болғаымызға өте қуаныштымын. Сіздерге өздеріңіздің қалауларыңыз бойынша сәлемдесуді ұсынамын.

Студенттер шеңбер құрып отырады. Әрқайсысы соңғы сабақта кезекпен өздерінің тілектерін айтады.

Оқытушы. Бүгін бізде соңғы сабақ болғанымен, өміріміздің барлығы алда. Біздің әрқайсымыз нақты «өзін- өзі танудың» және шындықты, жасампаздық, қайырымдылықты табу бағытында «өмір кемесіне» отырып, еркін жүзетін боламыз.

Біздің бағытымыз – «өзін өзі тану» бағыты –жаңа күштермен, жаңа серпіліспен, жаңа әсерлермен енетін болашағымызға жаңа көзқарас, өміріміздің жаңа бастауы.

Әрине, бүгінгі сабағымыз да алдыңғы сабақтар сияқты құрылған. Бірақ бұл сабақ -ерекше... Біз өзін өзі тану процесіне ене отырып бүгін де бұл сабақтан ең қызықты және пайдалы мәліметтерді алуға тырысамыз.

Дәріс-әңгімелесу.

Әрбір жаңа күніңді өзіңді табуға, жан дүниеңді байытуға арнағын.

Өмірдің мәнін біле алмағандар өзінің де кім екенін білмей өтеді.

Өмірді тану – ғылым, өзіңді білу - өнер. Куба жазушысы

Адам өзінің ішкі дүниесінің шынайы күресінің арқасында жетіледі.

Мақсатқа жету үшін өзгені емес, өзіңді жеңе білуің керек!

Өзінен үйренбеген – ештеңені де үйрене алмайды. Адам өзіне ден қоймай абыройын арттыра алмайды. Күнделікті өмір ағысымен қалай болса, солай кете беруге болмайды. Иә, әрине өмір ырғағын, күн сайынғы өмір тәртібін бұзбаған . Тізгін өз қолыңда болуы шарт.

Кез келген адам, бала ма, ересек пе алғашында саналы, кейіннен мәніне бармай - ақ бір нәрсеге қол жеткізуге тырысамыз. Кішкентай сәби ойыншықты алғысы келіп оған ұмтылады, Қандай жолмен болса да, оны алуға тырысып, қол жеткізеді.

Ақылды адам өзінің алдына мақсаты қоймай, ондағы жетістікке жету жолдарын пайымдамайынша өмір сүрмейді және іс әрекет жасамайды. Мақсатсыз өмір - өміріңді бос өткізгенмен бірдей. Ал өтіп кеткен өмір қайта айналып келмейді. Өзінің алдына мақссат қоя отырып, оған жету үшін қаншама іс әрекет жасайсын, уақытыңның қалай өткенін білмей де қаласың, сенің қайғыруға, уайыдауға, өзгені жамандап, өсектеуге уақытың болмайды.

Адамның алдына қойған мақсатының маңызы өткен уақытпен өлшенбейді. Себебі, сен өмір бойы ұсақ түйекті ғана орындап, шын мәніндегі адам үшін маңызды нәрселерден құр қаласың.

Менің ойымша, әрбір адамның ең алғашқы алдына мақсат қоюы мамандық таңдаудадан басталатын сияқты. Өмірде кім боламын?, мына өмірде өзімді қандай арнаймын? деген сұрақтар өзін-өзі саналы ұғынған адамды мазалары сөзсіз.

Сіздер өз таңдауларыңызды жасадыңыздар, бұл таңдау «педагог» мамандығы. Ал енді біз сіздермен педагогикалық іс әрекеттегі ең маңызды қасиет - мақсатерлік туралы әңгімелесеміз.

Мақсаткерлік – алға қойған мақсатына қайткен күнде де орындап шығудан, бастаған істі ол, оқу ісі болсын, ғылыми ізденісте, сабақ беру, өнер саласында, адамның өмірі үшін күресте және т.с.с. өте көп, нәтижелі етіп орындаудан көрінеді. Бұл ұстанған бағытына, бет алысына, танымы мен сеніміне қалтықсыз сене білетін адамдарда жиі кезедеседі. Мақсатқа ұмтылушылық – алған беттен қайтпайтын күшті ерік–жігері бар кісінің сапасы. Адамның мақсатқа қмтылушылық қуаты, үміт–арманы, алға қарай ілгерілеу талабы неғұрлым тартымды, әрі биік болса, оның қабілет, талабы да жоғары болады. Адам жолындағы бөгетті жоя алатын, қиындықтан қорықпайтын болу керек. Адам мақсатына жетуде көре алмайтынға дархан мінезіңді, зұлымға қайырымдылығыңды, сараңға жомарттығыңды мойындат. Жаманды жақсылықпен жеңген дұрыс.Жамандыққа жамандықпен жауап берсең, арада мәңгілік өшпенділік қалады.Бұрынғылар айтқан сөз бар емес пе? Дүниеде бір–бірінен алыс неше жол бар?

Үш жол: жас пен кәрінің, жақсы мен жаманның, аспан мен жердің. Соның ішінде жақсы мен жамманның жолы дегеніміз, жақсының мақсаты: адамгершіліктен, ізгіліктен, қайырымдылықтан, яғни адамдық асыл қасиеттерден тұрады, жаманның мақсаты: қызғаншақтықтан, көре алмаушылықтан, екі жүзділіктен ... құралады. Сондықтан да, алдарыңызға қойған мақсатыңызға жетуде сіздер тек жақсылық жолын таңдасаңыздар мерейлеріңіз үстем болып, оның жемісін жейсіздер. Қытай ойшылы Конфуций: «Адам өзі жүріп келе жатқан жолын ұлы ете алады. Ал жол адамды ұлы ете алмайды» – дейді. «Өз мақсатыңа жетуде солқылдақтық таныту, бастапқы ойын өзгерту сияқты нәрсе кез келген адамға тән құбылыс. Дүние жолы – тар соқпақ, тайғақ кешу, қауіпті жол. Өте алмайтын жолыңнан бір адым кері шегінудің еш оқасы жоқ. Өтетін жол болса алдымен басқадан бұрын өзің өтіп алғаның жөн» – дейді екен қытайлықтар. Өмір- бұлақ. Тереңдей түссең дария, мухитқа айнала береді. Өмірді түсінген сайын адамдықтың тіршілігі таусылмайды. Қайта өмірге деген құштарлығың арта түседі. Өзіңді тану арқылы адамдар әлеміне жол тартасың. Кемелдену де, биіктеу де бәрі-бәрі өзіңе байланысты. Өзіндік ой саңа қадам жасайсың. Бұл ғаламның бағасын білуге құштарланасың.Ішкі дүниеңмен сырласу арқылы өзіңді қоршаған әлемді тани түсесің. Жадыңа жақсылықты, ізгілікті жинай берсең алдыңа қойған мақсаттарыңа сүрінбей жетесің. Алар асуларың биік болмақ. Сонда ғана жеңіл сезінесің. Сонда ғана адам екеніңді түсінесің!

Мақсатың айқын болмай еш нәтижеге жете алмайсың. «Мақсатсыз өмір сүрген адам неткен бейшара», – демеп пе еді И.Тургенев.

Талқылау. Сұрақтар:

  • Сіз алдыңызға қалай мақсат қоясыз?

  • Барлық уақытта өз қалауыңызға жетесіз бе?

  • Сіз үшін мамандықта мақсатқа ұмтылыушылық қаншалықты маңызды?

Оқытушы. Мен қазір сіздерге екі аңыз әңгіме айтып берейін (оқытушының таңдауы бойынша біреуін де алуға болады).

Мақсатқа ұмтылушылық туралы аңыз

Әлемде Дрона атты ұлы садақ атушы болыпты. Садақ оғымен дәл тигізуден тең келер ешкім болмапты. Ол осы өнерге көптеген шәкірттерді баулып, үйретіпті. Бірде ол ағашқа мишенді іліп, шәкірттерінен не көріп тұрғандарын сұрайды. Біреуі былай деп жауап береді:

  • Мен ағаш пен ондағы мишенді көріп тұрмын . Екіншісі:

  • Ағаш діңгегін, жапырақтарды, аспандағы күнді, құстарды көріп тұрмын депті.Содан соң, Дрона өзінің ең мықты шәкірті Арджуннан сұрайды:

  • Ал сен не көріп тұрсың?

  • Мен мишеннен басқа еш нәрсе көріп тұрған жоқпын деп жауап беріпті Арджун.

Дрона қалған шәкірттеріне қарап, тек осындай адам ғана мақсатына жете алады, – деген екен.

Талқылауға арналған сұрақтар:

  • Аңыздың мәні неде?

  • Неге ол соңғы шәкіртін бөліп көрсетті?

Тілек күші туралы аңыз әңгіме

Шәкірті ұстазынан мен қашан даналыққа жетемін деген сұрақты үнемі қойып, ұстазының мазасын ала береді екен.

Ұстазы оны: ниет тілегің болса болғаны деп сендіріпті.

Бірде, олар өзеннің жағалауымен кетіп бара жатқанда шәкірті осы әңгімені қайтадан қозғапты, сонда ұстазы шәкіртін суға итеріп жіберіп, бірнеше уақытқа дейін сонда ұстапты. Қандай да бір уақыт өткен соң жасөспірімді босатады, ол демін алған соң, ұстазы сұрапты:

-Судың астында бәрінен де саған не қажет болды?

- Ауа! Бәрінен де бұрын ауа қажет болды!

- Мүмкін саған байлық, махаббат, билік қажет болған шығар?

- Жоқ ұстазым! Сол сәтте маған тек ауа қажет болды!

- Даналық та осы сияқты, жаңағы су астында бір жұтым ауаға ұмтылғаныңдай даналыққа жетуге ұмтылатын болсаң, сен сөзсіз даналықты танисың!

Талқылауға арналған сұрақтар:

  • Аңыз әңгіменің мәні неде?

  • Аңыз іңгімеден нені үйренуге болады?

«Төрт сфера» жаттығуы

Бастапқыда педагог студенттерге төмендегідей сұрақтарды қояды

·Егер сіздердің қолдарыңыздан бәрі келетін болса не істер едіңіз?

· Сіз не туралы армандайсыз алдыңғы бес аптадағы, бес айдағы, бес жылдағы тілегіңіз, қалауыңыз бен мақсаттарыңыз қандай?

Өздерінің энергиясын өмірдің түрлі сфераларына бағыттау адамдарға тән нәрсе. Солардың ішіндегі негізгі төртеуін: тән, іс әрекет, қарым-қатынас және қиялды бөліп көрсетіңіздер. Осы энергиялар өз араларында бірдей тепе-теңдікте таралатын болса жақсы болар еді.

Тапсырма. Жақсылап ойланыыңыздар, содан соң өздеріңіздің энергияларыңыз бен уақытыңызды қалай пайдаланатындарыңызды жазыңыздар?

  • Физикалық аспект бойынша: өзіңіздің физикалық денсаулығыңыз үшін не істейсіз?

  • Өзіңіздің жұмысыңыз, айналысатын іс әрекеттеріңіз, карьераңыз үшін сіз не істейсіз?

  • Отбасы, достарыңыз, оқып жатқан жоғары оқу орныңыз үшін ше?

  • Шығармашылығыңыз, болашағыңыз үшін ше?

  • Қалаңыз, ауылыңыз, мемлекет, адамзат үшін, мысалы, әлемге қол жеткізу үшін сіз не істейсіз?

Студенттер тапсырманы орындайды. Кейін жазғандарын дауыстап оқып береді. Педагог студенттермен бірге тапсырманы, оның өздерінің жеке құндылықтар иерархиясын, өздерінің мақсаттары мен ұмтылыстарын дұрыс түсінуге қалай көмектесетінін талқылайды.

Оқытушы (слайдтарды көрсету).

  1. слайд

Мақсатқа ұмтылушылық – тұлғаның қандай да бір әс ірекетте нәтижеге жетуде көрінетін саналы, белсенді бағыты. Мұндай адам өзіне не қажет екенін, қайда бара жатқанын және не үшін күресетінін нақты біледі, жақсы түсінеді.

Мақсаткерлік – анық мақсатқа бағытталған, нақты бір нәрсеге қол жеткізу.

  1. слайд – Түсіндірме сөздік бойынша

Мақсаткерлік – мақсатты анықтауға көмектесетін, рухани күш беретін, кездескен тосқауылдарға қарамастан, мақсатқа жетуге көмектесетін ақылдың анықтығы.

Мақсаткерлік – адамның қиын жағдайларға қарамастан өз дегенінен бас тартпайтын сенімділігі.

Мақсаткерлік – барлық уақытта, басқа әрекет процестеріне көңіл бөлместен, өзіне не керек екенін үнемі ақылда ұстай алу икемділігі.

Мақсаткерлік – бұл қазіргі іскерлік әлемінде адамға дұрыс бағыт беріп отыратын компас.

3 –слайд – Мақсатқа ұмтылушылықтың артықшылықтары

Мақсаткерлік –мақсатқа қозғалыс векторын береді.

Мақсаткерлік – кедергілерді жеңуге мүмкіндік береді.

Мақсаткерлік – істерімізде жетістікке жеткізеді.

Мақсаткерлік – әрбір ісәрекетімізді түсінуде қуаныш сыйлайды.

Оқытушы. Өзіңе сенім, өзіңе құрметпен қарау – мақсатқа ұмтылушылықта жетістікке жетуде жақсы көмектеседі. Мақсаткерлік біздің болашағымызбен және біздің қиялымыздағы шынайы елестермен тығыз байланысты.

Арт – терапияны пайдалана отырып «Әлем бейнесі» проективті әдістемесін жүргізу

Жүргізу шаралары. Жеке ерекшеліктерін зерттеу мақсатында «әлем бейнесі», «әлем суреті» салуда төмендегідей нұсқаулар беріледі:

«Әлемнің бейнесін, суретін сіздер қалай елестетесіздер, солай салыңыздар».

Талдау. Бейнелердің ерекшеліктеріне байланысты бес негізгі суреттің түрі бөлінеді.

1.Әлемнің бейнесі планетарлы бейнеленсе – жер шарының, басқа да Күн системасындағы планеталар – мектепте алынған, меңгерілген жалпы қабылданған нормативті білімдер түрінде әлемнің когнитивті бейнесі. Шындықтан алыс дегенді білдіреді.

2. Әлемді пейзажды бейнелесе, қаланың немесе ауылдың өмірі, адамдар, жануарлар, ағаштар, гүлдер және т.б. осындай өзін қоршаған көріністердің пейзажды бейнеленуі. Мұнда адамның когнитивті ойлауға ие, тұлғаның ерекшелігін білдіреді.

3. Өзін қоршаған заттар - өзінің айналасындағы, үйіндегі, шын мәнінде сол кезде болып жатқан ойына келген жағдайлар. Адам түйсігінен өтетін, күтілмеген бейнелер – шам, жанып тұрған шырағдан. Кинестетикалық қабылдауының дамығандығын (әлемді түйсіну арқылы «көрінеді») білдіреді.

4. Бірдеңеге байланысты немесе метофрикалық әлемнің бейнеленуі қандай да бір күрделі, түсініксіз елестетулері түрінде берілген мәнін, мазмұнын түсіну, ұғыну қиын бейнелер. Әртістік қабілетін, креативтілігін білдіреді.

5. Лаконизмділігімен ерекшеленетін, символ, белгі, абстратылы түрде қандай да абстрактылы құрылымдар түрінде берілген, схемалы, абстрактылы бейнелер. Жағымды ойлау, фактілерген сүйене отырып, себептерді ақылмен ойластыра алушылық ерекшелігін білдіреді.

Осыдан, олардың планетарлық құрылым туралы немесе қандай да әсерлі бейнелерді жеке түйсіну, сезінулері немесе әлемді өзінің қалауы бойынша көру және т.б. туралы білімдері әлемнің бейнесін түрлі бейнелеулеріне негіз болатынын айту керек.

«Даналық сабақтары»

Оқытушы мақсаткерлік, мақсатқа ұмтылушылық турала айтылған, жазылған қанатты сөздерді оқиды.

Мақсатың болмаса – жолыңды тұман шалғаны, талабың болмаса – тауды да көре алмайсың!

Талпынып қанат қақпаса,Қиыннан қисын таппаса, Талап мінсіз бе.Саққұлақ шешен.

Бар ізгілік, қабілет, білім- талаптан туады.

Студенттер берілген мақсатқа ұмтылушылық туралы айтылған даналық сөздерді қалай түсінетінін жөнінде пікірлерін айтады.

Оқытушы. Адамның өзіне мақсатқа ұмтылушылығын дамытуға және бекітуге көмектесетін ережелер бар.

1. Аз болса да, күнделікті жұмыс істеңіз, сіздің адамгершілігіңіз «жүректің әдетіне» айналсын.

2. Абсолютті кемелділікке жетуге ұмтылмаңыз.

3. Ешуақытта берілмеңіз: есіңізде болсын, ең ұлы адамдардың да үнемі жолы бола бермеген.

4.Өзіңіздің ішкі түйсігіңізге сеніңіз.

5. Мақтанудан сақтан. Қол жеткен табысыңды «осы менің биігім» деп ойлама. Бұл әлі үлкен ісімнің бастауы деп ойла.

6. Өміріңе оң жаңалық негізуге құмар бол.

7. Алдағы күндеріңе арналған бағдарламаң болуы керек. Онсыз биіктерге жету мүмкін емес!

8. Атқарған жұмысыңыздың нәтижесін дұрыс бағалап, рахатын сезіне біл. Әрқашан мақсатыңа жетуде оптимист бол, жарқылдап күл.

Сабақтың соңы. Сабақты талқылау.

Студенттерге сұрақ:

  • Сабақ соңындағы көңіл-күйлеріңіз, әсерлеріңіз қандай?

  • Өздеріңіз үшін бүгінгі сабақтан маңызды не алдыңыздар?

  • Қандай қорытынды жасадыңыздар?

  • Сіз өзіңізге қандай жаңа нәрсе алдыңыз?

«Өмір кемесі» жаттығуы

Барлығы бір-бірінің оң жақта және сол жақта тұрған көршісінің белінен ұстап өте жақын шеңбер құрып тұрады. Бұл өте тығыз шеңбер «өмір кемесі». Ол жай, қалықтап өмір ағысымен жүзуге аттанады. Осындай кемеде орын алған жылы және сенімді атмосферада жүзіп жүріп, педагог студенттерге он бес сабақты өткізу барысындағы бірге жүзу нәтижесі жайында әңгімелесуді ұсынады.

Қоштасу рәсімі.

Барлығы орындыққа шеңбер құра отырады.

«Ізгі тілек» жаттығуы

Әрбір студент бір бет қағазға өздерінің тілектерін жазады, оны бүктеп, ортаға тастайды. Барлығы тілектерін жазып болғаннан кейін, олар ортаға тастаған неше түрлі тілектерді тамашалап қарайды, содан соң, әрқайсысы бір тілекті таңдап алады. Осылайша, барлық топ студенттері бір – біріне арналған тілектерімен алмасады.