Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
АРНАУ СӨЗДЕР.doc
Скачиваний:
5
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1 Мб
Скачать
☆

Досболдың Әйекеге айтқаны

Қыпшақ Досбол қартайып, сөзден, биліктен қалады. Қыпшақтың жас болыс, билері келіп, оның көңілін сұрап, қолын алмайды. Шиелі жеріндегі арғын Әйеке болыс қыпшақ елінің бір қанатын билеп тұрады екен. Әйеке қартайған Досболға тоғыз қара тарту, үстіне киіс, астына мініс әкеліп:

  • Батаңызды алуға келдім. Бізге бір-екі ауыз өсиет айтыңыз,  депті.

Сонда Досбол:

Жақсы екен туысқаннан туыспаған,

Не пайда туысқаннан жуыспаған.

Алпыс күн ақбас атан болғанынша,

Алты күн бура болып күркіреп өт.

Ешкімнің атасы жоқ ту ұстаған, 

депті.

Әйекеге еріп келген билер үйден шыға жөнеліпті.

Биікпін деп мақтанба Тобықты Құнанбай айтты деген сөз

Қаржас пен Тобықтының арасында бір дау болып, үш-төрт жылға созылыпты. Өйткені, айтылған бітімге екі жағы наразы болып, арыз етіп, бұздыра беріпті. Даудың ақыры төтенше съезіне түсіп, съезде Қаржастан Мұса, Тобықтыдан Құнанбай шығып сөйлепті. Мұса Құнанбайдан кіші болуы керек, сөйтсе де сөз арасында Құнанбайды кемсіте сөйлепті. Сонда Құнанбай айтқан екен:

Пұт болдым деп мақтанба,

Пұттан ауыр батпан бар.

Биікпін деп мақтанба,

Асқар-асқар таулар бар,

Ар жағында аспан бар.

Басыма бақыт қонды деп,

Тосылмаймын енді деп,

Алдаушы жалған дүниегеге

Ғапыл болып азбаңдар.

Қарсы келген дұшпаның

Басын келіп изесе,

Оған да қыл бостандық,

Аяққа салып баспаңдар.

Бақ тайса ажарыңа қарамайды,

Біреуді біреу сырттан табалмайды,

Басына қарапайым бір іс түссе,

Қылды деп білместікпен шамалайды.

«Адам басы алланың добы» деген,

Дәм тартса әр тарапқа домалайды.

Жұмырбай ақынның Жәңгір ханға айтқаны

Хан Жәңгірдің заманында Жұмырбай хан алдында жырлайтын ақын екен. Хан оған жылда бір түйе береді екен. Бір жылы тағы да келіп жырлап, енді кетерінде: «Мына ақынға бір түйе әкеліп беріңдер»  дейді хан. Түйешілер бір түйені әкеліп есік алдына байлап қояды. Түйе кәрі екен, Жұмырбай далаға шығып түйені көріп келеді. «Түйенің қасында неғылып жүрсің?»  дейді хан Жұмырбайға. «Түйемен сөйлесіп жүрмін»  дейді Жұмырбай. «Сен не дедің, түйе не деді?»  дейді хан. Сонда Жұмырбай былай депті:

  • Мен түйеге: шөп берсем жермісің,

Айдап жіберсем, келермісің?

Бөкей, Сығайдың әкесі

Айшуқты білермісің?  дедім.

  • Шөп берсең жермін,

Айдап жіберсең келермін.

Нұрланның әкесі Айшуақ түгіл,

Айшуақтың әкесі Әбілқайырды да білемін, 

деді түйең.

Шиырбай жылқышының сөздері

Шиырбай бір байдікін қонса, мал соймай, жай-жапсарын айтпай алдына ескі ет әкелеіпті. Сонда Шиырбай:

Мынау жас ет десем сүр екен ғой,

Шық бермес Шығайбайдың бірі екен ғой.

Өлді деп Қарынбайды естуші едім,

Қарынбай әлі тірі жүр екен ғой, 

депті.

* * *

Көшербай деген байдың қояншық науқасы бар екен. Ауырып жаны қысығанда ақсары бас құдай айтып, тәуір болған соң айтқанын соймайды екен. Соған Шиырбайдың айтқаны:

Ауырсаң құдекеңе тоқты айтасың,

Жазылып кетсе «тоқты жоқты» атасың.

Құдайды бір алдамай бірнеш алдап,

Бір күні Көшекеңді шоңқайтарсың.

Ыбырайдың Есенберліге айтқаны

Орта жүз Бәтеке Ыбырай деген шешен адам болыпты. шаруасы төмен кедей боғанымен өткір тілді, қисық істі көргіш әділ шешен Ыбырайды халық қатты сыйлайды екен.

Бір жылы қыс ішінде Орта жүзде бір ұлы жиын болып, әр елге сауын айтылады. Осыған Бәтекеден Ыбырай да бармақшы болып, үйінен шығады. Ыбырайдың басқа мінетін аты болмай, жаз бойы ері алынбаған жауыр құнанын шанаға жегіп жолға шықса, әлсіз арық құнан болдырып, жүрмей қалыпты.

Болдырған атын шалдырып отырғанда манадан жапалақтап жауған қар күшейіп, көтерілген желмен үлкен қатты боранға айналып кетіпі.

Сол кезде Ыбырай алпыс бестер шамасындағы қарт адам болса керек. Бораннан адасып кетермін деп, ертерек ел қарасын көрмекші болып, ілгері жүреді. Біраздан кейін аты ағытылып қалады.

Сақал, мұртына мұз қатып, қойын-қоншына қар толған қарт дірдектеп атын жеге алмай жатқанда астында семізден жаратып мінген күрең жорға аты бар, ер-тұрманын әшекейлеп, алтын-күміспен безендірген, өмілдірік, құйысқандатқан, атының басына ноқта, жүген салған, өзі әдемі киініп, басына үкі қадаған бір жас жігіт атын сипай қамшылап, Ыбырайдың қасынан сәлем де бермей өте шығады.

Жас жігіттің қайрымсыз мінезін көңіліне түйіп, Ыбырай да қала береді. Біраздан кейін атын ептеп жегіп, ел орынға отыра бір ауылға келіп жетсе, манағы жиын болатын ауыл екен. Белгіленген даяшы жас жігіттер келе жатқан Ыбырайдың алдынан шығып түсіріп, өзін қонақ үйге алып барады. Көп ұзамай қонақасы да келеді.

Қыста сауылған қысырдың қымызын ішіп, енді алдарына ет қоя берген кезде, есіктен бағанағы жігіт кіреді.

Үлкендер арасында әңгімемен отырған Ыбырай болған істі айтып, сол елдің адамдарынан әлгі жігіттің аты жөнін сұраса, Торсан байдың Есенберлі деген баласы екен. Ыбырай табақтан бір уыс ет алып, бағанағы жігітке асатып, ол енді кейін шегіне бергенде:

Тауда жүріп таста өскен,

Ағайынан басқа өскен

Ел қадірін білмейді.

Кісіден сый көрмеген,

Кісіге сый бермеген

Ер қадірін білмейді.

Шөл жайлаған дуадақ,

Көл қадірін білмейді.

Көл жайлаған қоңыр қаз

Шөл қадірін білмейді, 

депті.

Сонда жігіт асатқан етті жұта алмай, аузын басып далаға шыға жөнеліпті.