Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
меру.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
875 Кб
Скачать
☆

8 Алқабилердің құқықтық жағдайлары

Мақсаты: алқабилер сотының құқықтық регламенттеуін ашу; алқабилерге үміткерлер тізімін құрастыру тәртібін анықтау

Алқаби - соттың қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы. Алқабиге кандидат - Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне сәйкес кейiннен алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн алқабиге кандидаттардың тiзiмiне енгiзiлген Қазақстан Республикасының азаматы;

Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңынан, Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнен, «Алқабилер туралы» Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

Алқабилер тізімін жасау тәртібі. Алқабилердi iрiктеу процесiне Қазақстан Республикасы азаматтарының қатысуын қамтамасыз ету мақсатында жергiлiктi атқарушы органдар жыл сайын алқабиге кандидаттар iрiктелетiн жыл алдындағы жылдың 1 желтоқсанына алқабиге кандидаттардың бастапқы, бiрыңғай және қосалқы тiзiмдерiн жасайды.

Жергiлiктi атқарушы органдар мемлекеттiк органдардан, ұйымдар мен азаматтардан алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға азаматтардың сәйкес келуiн тексеру үшiн қажет ақпаратты сұратуға құқылы. Жергiлiктi атқарушы органдардың сауалдарына жауаптар сауал алынған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей олардың мекен-жайына жiберiлуге тиiс.

Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерi әлiпбилiк тәртiппен жасалады. Тiзiмдерде алқабиге кандидаттың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (жасы жиырма бесте болса - қосымша күнi мен айы) және тұрғылықты жерi көрсетiледi.

Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының ұсынысын алған күннен бастап үш күнiнен кешiктiрмей әр ауданнан (облыстық маңызы бар қаладан) алқабилерге үміткерлер санын анықтайды және аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарын алқабилерге үміткерлер саны туралы хабарлайды.

Алқабиге кандидаттардың бастапқы тiзiмiн жасау үшiн ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы:

- ауданнан алқабиге кандидаттардың саны туралы хабарламаны алған күннен бастап бiр ай мерзiмде әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте тұрақты тұратын азаматтар қатарынан тиiстi ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) сайлаушылар тiзiмдерiнiң негiзiнде алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға сай келмейтiн адамдарды сайлаушылар тiзiмдерiнен шығарып тастау арқылы алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiн жасайды;

- алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiн жасау аяқталған кезден бастап жетi күн мерзiм iшiнде азаматтардың жергiлiктi атқарушы органның үй-жайында алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi, тiзiмдегi қателер мен дәлсiздiктер туралы өтiнiштердi қарайды және оған тиiстi өзгерiстер енгiзу туралы мәселелердi шешедi;

- тиiстi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы айқындаған санда, жеке-жеке әр аудан (облыстық маңызы бар қала) бойынша алқабиге кандидаттардың алдын ала бастапқы тiзiмiнен азаматтарды кездейсоқ таңдап алуды жүргiзедi;

- кездейсоқ таңдап алу нәтижелерi бойынша алқабиге кандидаттардың бастапқы тiзiмiн жасайды, оны жергiлiктi атқарушы органның мөрiмен бекiтедi және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органына жiбередi.

Азаматтар заңмен белгіленген тәртіпте алқабиге кандидаттар тізімімен танысуға құқылы.

Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiн жасау үшiн қажеттi ақпаратты бермегенi, сондай-ақ дұрыс емес ақпарат бергенi үшiн азаматтар Қазақстан Республикасының заңымен белгiленген жауаптылыққа тартылады. Сот отырысының орны мен басталу уақыты туралы хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi.

Қазақстан Республикасының алқабилерi тең мәртебеге ие.

Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне:

- алқабилердiң тiзiмдерiн жасау кезiнде жиырма бес жасқа толмаған;

- өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар;

- сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар;

- судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi;

- наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар енгiзiлмейдi.

Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне азаматтарды енгiзуге шығу тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi.

Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiнен өздерiнiң жазбаша өтiнiшi бойынша:

- қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамдар;

- өздерiнiң дене кемiстiгi немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар;

- алпыс бес жастан асқан адамдар;

- дiни қызметшiлер алып тасталады.

Алқабилер:

- өзiнiң iшкi нанымы бойынша iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;

- процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға;

- заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жердi және үй-жайларды тексерiп қарау iсiне, сот тергеуiндегi барлық басқа да iс-әрекеттерге қатысуға;

- төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты, өзiне түсiнiксiз басқа да мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға;

- сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқылы.

Алқаби:

- сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға;

- алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн, сондай-ақ, егер сот отырысында үзiлiс жарияланған немесе iстi тыңдау кейiнге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшiн сот көрсеткен уақытта келуге;

- сотқа келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала хабарлауға мiндеттi.

Алқаби:

- iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге;

- iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге;

- iстi қарау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға;

- жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес.

Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, сондай-ақ «Алқабилер туралы» Заңның 13 бабымен көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгiленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушiнiң алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндiгiне әкеп соғады.

Алқаби ретiнде қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысу үшiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде белгiленген тәртiппен iрiктелген адам мынадай мазмұнда ант қабылдайды: "Алқабидiң мiндеттерiн атқаруға кiрiсе отырып, өз мiндеттерiмдi адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған барлық дәлелдемелердi, дәлелдердi, iстiң мән-жайын назарыма алуға, ерiктi азамат және әдiл адам ретiнде iстi өзiмнiң iшкi нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемiн".

Алқаби "Ант етемiн" деген сөздердi айтумен антты қабылдауын растайды. Iстi қарауға қатысу үшiн сотқа алқабиге кандидаттардың қажеттi санын шақыртуды алқабилердiң қатысуымен қылмыстық iстi қарайтын соттың төрағалық етушi судьясының өкiмiне сәйкес сот отырысының хатшысы жүзеге асырады.