Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
БЖЗ каз.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

Бүйректің жедел зақымдалуының клиникасы

БЖЗ-ның клиникасы арнайы емес. Көрсетілгендей, алғашқы кезеңінде тек негізгі аурудың белгілері ғана болады, бірақ БЖЗ-ның алғашқы екі сатысын, сол науқастарды жүргізетін дәрігерлер анықтау (RIFLE бойынша R және I) қажет. Жаңа термин енгізудің және диагностикасында жаңа тәсілдерді қолданудың негізгі мақсаты осы. БЖЗ-ның бүйрек жетіспеушілігі сатысында (F-RIFLE) бүйрек қызметінің тоқтауына байланысты клиникалық белгілер дамуы мүмкін. Азотемия көріністері пайда болады – жүрек айну, құсу, гипергидратация көріністері –жалпы ісінулер, өкпенің ісінуі, іркілісті жүрек жетіспеушілігі байқалады.

Кез-келген кезеңінде науқастан мынаны анықтау қажет:

- гиперкалиемия бар ма?

- ішкі қантамыр көлемі қандай жағдайда?

Гиперкалиемия калийдің қалыпты экскрециясының бұзылуынан, ацидоз кезінде жасушаның сыртқы және ішкі кеңістіктері арасында ауысуынан, сепсис, жарақат кезінде тіннен шығуына байланысты дамиды. Жоғары дәрежелі гиперкалиемияның өзі әдетте асимптомды болады, сондықтан плазмадағы калийді бақылауға қатты көңіл бөлу керек. Брадикардия, кей жағдайда тахикардия және/немесе жүрек ритмінің бұзылысы пайда болғанда күдіктенуіміз мүмкін. Коррекцияланбаған гиперкалиемия жүректің кенеттен тоқтауының себебі болуы мүмкін, әсіресе ацидозбен бірге жүрсе қауіп күрт жоғарылайды. Гиперкалиемия кезінде парастезиялар, бұлшықеттік әлсіздік, транзиторлы салданулар пайда болуы мүмкін. Дер кезінде анықтау үшін қан сарысуындағы калий деңгейін динамикалық бақылау және үздіксіз ЭКГ-мониторингі қажет. ЭКГ-де Т тісшесінің үшкір биік болуы гиперкалиемияның бірінші көрінісі. Қан сарысуында калий 7,0 ммоль/л жоғары болса Р тісшесі мен QRS кешені кеңейеді. Калийдің одан ары жоғарылауынан Р тісшесін ажырату қиындайды, QRS кешені мен Т тісшесі анықталады. Одан әрі ЭКГ толқын тәрізді синусоиды қисық түріне ауысып жүректің тоқтауы болады. ЭКГ өзгерістері калийдің плазмадағы нақты деңгейімен әрдайым сай бола бермейтінін есте сақтау қажет, сондықтан тактикалық шешім қабылдауда калийдің плазмадағы деңгейі негізгі көрсеткіш болып табылады.

Гиперволемия шеткі ісінулер, гидроторокс және гипертензия дамуымен көрінетін бүйректің олигуриялық зақымдалуының жиі асқынуы болып табылады.

Гипонатриемия – БЖЗ-ның тағы бір маңызды көрінісі. Ол жиі операциядан кейін жоғалған сұйықтықты изотониялық глюкоза ерітіндісімен (олар суға дейін метаболизацияға ұшырайды) компенсация жасағанда, қанның «сұйылуы» нәтижесінде дамиды. Гипонатриемияның келесі себебіне антидиуретикалық гормонның (вазопрессин) адекватты емес (күшейген) секрециясы жатады. Ол өкпе зақымданғанда, ісіктер дамығанда (лимфомалар, асқазан-ішек жолының, ұйқы безінің, зәр жүйесінің және қуық асты безінің обыры), сонымен қатар ОЖЖ-ның зақымданулары кезінде дамуы мүмкін.

Гипонатриемияның бірнеше клиникалық жіктемесі бар.

Гипонатриемияның клиникалық ағымына қарай түрлері:

  • симптомсыз;

  • клиникалық манифесті;

Гипонатриемияның даму жылдамдығына қарай түрлері:

  • жедел гипонатриемия (ұзақтығы 48 сағаттан аз);

  • созылмалы гипонатриемия (ұзақтығы 48 сағаттан көп).

Гипонатриемияның клиникалық көріністері:

  • ОЖЖ-ның зақымдануы;

  • Асқазан-ішектік көрінісі (жүрек айну, құсу);

  • Нейробұлшықеттік зақымдану (тырысулар, сіңірлік рефлекстердің тереңдігінің төмендеуі).

Орташа гипонатриемия (плазмадағы Na 135 ммоль/л төмен) көп жағдайда белгісіз өтеді, бірақ кейде асқазан-ішектік бұзылыстармен сипатталады. Қан сарысуындағы натрийдің 125 ммоль/л-ден төмен болуы ОЖЖ-ның бұзылысымен көрінеді. Негізінен бұл мидың ісінуімен байланысты болады. Бұл кезде бастың ауруы, қайтымды атаксия, естің шатасуы, психоздар, тырысулар болады. Ми ісінуінің үдеуі кома дамуына, тыныс орталығының бұзылысына, ол өз кезегінде өлімге әкеледі. Мұндай жағдай жедел дамыған гипонатриемияға тән.

Ацидоз ұшпайтын қышқылдар экскрециясының жетіспеушілігі салдарынан плазмадағы бикарбонаттар деңгейінің төмендеуімен жүреді. Респираторлық компенсация бикарбонаттар қорының ары қарай таусылуына алып келеді. Бикарбонаттар деңгейі <15 ммоль/л төмен болғанда қандағы газдарды және рН-ты өлшеу маңызды. Қышқыл-сілтілі тепе-теңдік (ҚСТ) бұзылыстарының күрделі түрлері болуы мүмкін. Кейбір себебі белгісіз жағдайлар ҚСТ негізгі көрсеткіштерімен бірге белгісіз аниондарды анықтау үшін (лактат, кетоқышқылдар) анионды айырмашылықты (Na++K+) – (Cl-+HCO3-) есептеуді талап етеді.

Гипокальциемия БЖЗ кезінде дамитын ацидоз және гипермагниемия ионизацияланған кальций фракциясын жоғарылататын болғандықтан, клиникалық жағдайда сирек кездеседі. БЖЗ кезінде гипокальциемияның бірнеше себептері бар: бұл – гиперфосфатемия, ПТГ әсеріне нысана мүшелердің резистенттілігі, Д3 витаминінің 25- және 1,25 деңгейінің төмен болуы. Рабдомиолизі бар науқастарда қалпына келу сатысында гиперкальциемия дамуы мүмкін.

Анемия геморрагиялық асқынулардан немесе БЖЗ ұзақ уақыт сақталуына байланысты эритропоэздің тежелуі себебінен дамуы мүмкін.