Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
хир. стмат. аз. ХТУ.doc
Скачиваний:
5
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
36 Мб
Скачать
☆

Амелобластома (адамантинома)

Эмаль органы эпителийінен немесе Маляссе жасуша-клеткаларына ұқсас эмбирон эпителийі қалдығынан пайда болатын тіске байланысты өсетін ең жиі кездесетін ісік. Атауының болуы (көп камералы кистома, пролиферацияланушы жақ кистасы, орталық парадентарлы кистома, кистааденома, адамантинум т.б.) оның құрылысының күрделі клиникалық көріністерінің маңызды екендігін дәлелдейді.

Нәрестелер мен қарттарда да кездесуі мүмкін, бірақ, ол негізінен

21 мен 40 жас аралығындағы адамдарда кездеседі. Әйелдер көп ауырады. Ісік төменгі жақтың бұрышы мен бұтағында, төменгі ақыл тістер төңірегінде жиірек, жақ денесінде сирегірек кездеседі.

Макроскопия көрінісіне қарай амелобластоманың 2 түрі бар: кисталы және көлемді. Бұл түрі ұршық немесе цилиндр тәрізді болып, сау сүйектен анық білініп, іші ашық сұр затқа толы келеді. Өте үлкен болып өскенде сүйектің кортикал пластинкасын тесіп, жұмсақ тінге өтеді.

Кисталы түрі астарына эпителий, дәнекер тіні төселген, көп орталықтан өсетін қуыстар көрінісіне ұқсайды. Қуыстар арасында сау сүйек перделері сақталады. Қуыстар сұйық немесе жартылай сұйыққа толы болады. Ісіктің негізгі бөлігі қуыстардан тыс орналасады. Қуыстарға қарап сұрыптау онша дұрыс емес, себебі, қомақты ісіктің де орта тұсында киста қуыстары кездеседі. Олар әрі қарай өсіп қомақты ісікке айналуы мүмкін.

Амелобластомалардың микроскопиялық көрінісі әрбір ісікте ғана емес, тіпті бір ісіктің өзінің әр жерінде әртүрлі болады. Бұл құбылыс оларды зерттеуді қиындатады. Амелобластоманың нақтылы классикалық құрылымында эмальдың өсуінің алғашқы сатыларына тән ерекшеліктер көрінеді. Өсіп жетілген эпителий әртүрлі клеткалардан құралған. Аталған өсінділер мен ісіктердің шетінде цилиндр тәрізді клеткалар, ал ортасына таман полигонал, сосын жұлдызша клеткалар орналасады.

Соңғы 25 жыл бойы жүргізілген гистологиялық зерттеулердің нәтижесі бойынша көріністері әртүрлі болып келетін, түрліше гистологиялық құрылымдардың бірсыпырасы «амелобластома» деген атпен аталды (Ермолаев И. И. 1962,1965).

Негізгі гистологиялық түрлерге кәдімгі амелобластома, адено-амелобластома, одонтопластикалық және меланоамелобластомалар жатады. И. И. Ермолаев амелобластомалардың тоғыз түрін ажыратады:

1. Тіс ұрығының эмаль мүшесіне ұқсас құрылымы бар;

2. Стромасынан едәуір үлкен трабекулярлы немесе құрылысы ұяшық тәрізді паренхимасы бар;

3. Эпителийдің дистрофиялық өзгерістерінің нәтижесінде пайда болған ірі онкоцит тәрізді жасуша-клеткалары басым;

4. Паренхимасында кейде эпидермоидты құрылысы бар ангиоматоз бен қан құйылу ошақтары бар кәдімгі плексиморфты түрі;

5. Тіс өсіп шығатын жапырақшаға ұқсас бұтақты эпителий жолшалары бар;

6. Әрі қарай дамымайтын тығыз орналасқан базальды клеткалардың үлкен жолшалары мен жинағынан тұратын;

7. Конгруентті орналасқан эпителиальды клеткалы аландарының бар екендігімен сипатталады. Олар стромасы гиалиноздалып түзілген денелері кейде минерал тұздары шайылуына шалдыққан тікенек қабатына ұқсас.

8. Жиналған оксифилді ошақтарының минерал тұздары шайылып аденоматозды құрылымдарының басымдылығымен ерекшеленеді.

9. Пигментті жасуша- клеткалы, альвеолярлы құрылымды шағын ошақтары бар.

Амелобластомалардың пайда болуы бүгінгі күнге дейін белгісіз болып келді. Кейбір мамандар ісік тіс ұрығы өсуінің бұзылуы салдарынан келіп шығады десе, көпшілік ғалымдар ол ауыз қуысының кілегей қабығының эпителий элементтерінен бастау алады деп ой қорытады (жабынды эпителий, безді эпителий).Одан басқа жекелеген ғалымдардың ойынша ісік фолликулярлы кисталардың эпителий төсенішінен келіп шығады.

Амелобластомалардың 5%-дейіні қатерлі ісікке айналып, лимфа түйіндеріне метастаздар береді. Бұл ісіктің барлық түрлерінің сыртында, жылдам өсе бастаған кезінде эпителийдің белсенді ұйыспа-инфильтрациялы қабаты көрінеді. Ісіктер өсе келе маңындағы сау сүйектен шығып, кейде капсулаға айналады.

Рентген суретте амелобластомалар бір немесе бірнеше камералы қуыстар болып көрінеді. Кейде кортикал пластинкаға әртүрлі тереңдікте батып, бір қарағанда, қуыс араларында перделері бар көп кисталы ісік сияқты жалған көрініс береді. Әдетте қомақты амелобластомалар рентген суретте түрліше жарық өтетін бір үлкен камера болып көрінеді. Аса үлкен көлемді бола тура сүйектің кортикал пластинкасы жұқарғанымен, оны аса көп томпайтпайды, бұзып өтпейді. Кисталы түрі араларында сүйек тіндері сақталған есепсіз көп ортадан өсіп шыққан жеке қуыстарға ұқсайды. Орасан үлкен қуыс пайда болса да ісіктің негізгі бөлігі, белгілі киста аймағынан алыс орналасып, өсе келе олар бір-бірімен жалғасып кетеді. 12-15% жағдайда, кисталы амелобластома қуысында ретенцияға ұшыраған тіс немесе толық қалыптаспаған тіс ұрығы кездеседі. Амелобластомалардың кисталы түрлері бұл ісіктердің басым көпшілігін құрайды. Олар әдетте төменгі жақтың бұрышына орналасып, әрі қарай бұтаққа немесе жақ денесіне бағыттала өседі. Ол үлкен аймақты зақымдап кортикал пластинканы тіл және ұрт тұсына қарай айтарлықтай ендіреді. Қомақты амелобластомаға қарағанда жиірек перделермен бөлінген бірнеше ірі қуыстардан түзілген сияқты, жалған көрініс береді. Рентген көрінісінде шеткі қуыстарға қарағанда орталық қуыстар ашығырақ келетіні байқалады. Кейбір қуыс тұсында кортикал пластинканың сорылып кеткені де жалған көрініс. Дегенмен, ісік кортикал пластинканы жарып сүйек сыртына шығуы мүмкін. Бұл жағдай қомақты амелобластомаларға қарағанда кисталы түрінде жиірек кездеседі. Қуыс іріңдегенде, рентген суретте ішіндегі сұйықтың деңгейі байқалады.

Олар төменгі жақ өзегіне жақын орналасса, оны төмен қарай ығыстырады. Егер кистаның ішінде азу тістер кездессе, онда ісік фолликулярлы кистадан өсіп шықты деп ойлауға болады.

Амелобластоманы, клиникалық көріністері ұқсас келгендіктен остеобластокластомадан ажырату керек. Остеобластокластомада аурудың алғашқы белгілерінің қатарына себепсіз пайда болған тіс ауруы болса, амелобластокластомада бұл жағдай сирек кездеседі. Остеобластокластомада тістер жиірек босап қалады. Кисталы амелобластомада пункциядан холестерин түйірлері бар сұйықтық алынса, остеобластокластомада қанды сұйықтық алынады. Аталған айырмашылықтар ісікті шамалап қана анықтауға мүмкіндік береді. Нақты дәлелді биопсиялық зерттеу ғана көрсетеді.

Одонтогенді кисталардан ажырату қажеттігі олардың белгісіз басталып, ауырмай өсіп, жақты деформациялайтын ұқсастықтарына негізделген.

Түбірлік кисталар амелобластомадан ұлпасыз немесе өлі ұлпасы бар тіспен байланыстылығымен ерекшеленеді. Оларды анамнез, клиника, рентген арқылы анықтау онша қиын емес.

Амелобластомалардың емі хирургиялық. Оларға киста тәрізді ота жасау, айтарлықтай нәтиже бермейді. Ісікті сау сүйекті қамти мұқият қырнап сылып алу кейбір адамантиномаларды емдегенде тәуір нәтиже беруі мүмкін. Ісік қайта шығып малигнезация қаупі орын алмас үшін, ісікті оның айналасындағы сау тіндермен қоса алып тастау керек. Әдетте жақ сүйегіне резекция жасалынады. Бірақ кесіп алу-резекция қатерлі ісіктерге қарағанда сәл азырақ жасалынады. Егер адамантинома жақ айналасындағы тіндерге өткен болса, онда субпериостал резекция жасаумен шектелу жеткіліксіз. Зақымдалған жақ айналасындағы тіндерді де қоса алып тастау керек.