Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Топыра нарлылыын жасарту жне мата німділігін арттыру жолдары.docx
Скачиваний:
6
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
8 Мб
Скачать
☆

Лекция 2. Топырақты терең қопсыту технологиясы және оның экономикалық тиімділігі

Оңтүстік Қазақстан облысының мақта қозасы өсірілетін ашық сұр топырақты ескі суармалы жерлері игерілгеннен кейін дерлік 100 жылдан бері соқа жәрдемінде 30-35 см тереңдікке аударылып айдалып келеді. Топырақтың мұндай ұзақ уақыт бойы жалғасқан негізгі өңдеу жұмыстары жер жыртудың төменгі табанының пайда болуына және топырақтың көлемдік салмағының артуына алып келді, бұл өз кезегінде ауылшаруашылық дақылдарының, соның ішінде мақта қозасының да өнімділігіне кері әсер етті.

Аталған мәселелерді шешу үшін тәжірибелік мәліметтер нәтижесіне негізделіп, жердің қатты қабатын бұзу және топырақтың агрофизикалық қасиетін жақсарту мақсатында өндіріске негізгі өңдеудің инновациялық технологиясы болып табылатын – жерді 55-60 см-ге терең қопсытуды енгізу туралы шешім қабылданды.

Мұндай технологияны – топырақты терең қопсыту технологиясын қолдану нәтижесінде ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі топырақ тығыздығының төмендеуі есебінен кемінде 15-20 пайызға артады. Бұл өз кезегінде топырақтың су өткізгіштігінің артуына және зиянды тұздардан шайылуына жағдай жасайды.

Ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізу барысында машина-тракторлық агрегаттардың қозғалу жүйелері алқап бетінің 40-80 пайызын таптап өтеді, ал айналатын жолақтар 8-10 есе көп жаншылады. Тракторлар мен ауылшаруашылық машиналарының салмағының артуы нәтижесінде топырақтың жыртылатын және одан да терең 1-1,5 м-ге дейінгі қабаттары да нығыздалады. Нығыздалу нәтижесінде эрозиялық процестер күшейеді, топырақтың көлемдік салмағы және оның өңдеу жұмыстарына кері әсері сәйкесінше 1,5-2 және 1,3-1,9 есе артады, құнарлы топырақ қабатының жалпы және капиллярлық қуыстылығы төмендейді. Топырақтың тығыздығы мен қаттылығы топырақ микрофлорасының тіршілігін төмендетеді және нәтижесінде өнім 20-40 пайызға төмендейді.

Топырақтағы «қатты табан» атты қабат сор шаю кезінде ағын судың және жауын-шашын суларының терең топырақ қабаттарына сіңуіне жол бермейді және ол жерден артық ылғалдың булануына кедергі жасайды. Бұл жазықтық және ойпатты жерлерде еріген қардың және жаңбыр сулары жиналатын ылғалды ойыстардың пайда болуына алып келеді. Аталған барлық жағымсыз факторлар топырақтың құнарлы қабатының нашарлауына және эрозиялық процестер аймағының кеңеюіне әкеп соқтырды. Әсіресе су эрозиясы өте қауіпті, ол жел эрозиясы сияқты айқын көрінбегенімен жыл сайын еріген қар және жаңбыр сулары еңіс жерлерде топырақтың құнарлы беткі қабатын шайып, ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтіреді. Топырақтың нығыздалуына қарсы күресу жерлердің экологиялық тұрақтылығына, сондай-ақ жалпы сыртқы ортаның экологиясымен де тығыз байланысты, өйткені су қоймалары топырақтың шайылуымен бірге минералды тыңайтқыштардың, пестицидтердің, гербицидтердің қалдықтары түріндегі улы заттармен де ластанады. Сондықтан да болашақта жерлердің жағдайын, сондай-ақ топырақты механикалық өңдеудің түрлі технологияларының экологиялық бағалау бірінші орында тұруы керек.

Топырақтың нығыздалуына қарсы күрес үш бағытта жүргізіледі: нығыздалуды төмендету, босату және нығыздалуды болдырмау. Топырақтың нығыздалуын төмендету үшін конструкторлар энергетикалық және транспорттық агрегаттардың қозғалғыш жүйесін жетілдіреді, олардың салмағын азайтады, кең алымды және біріктірілген машиналарды шығарады. Озық бағыттардың бірі – ауылшаруашылық дақылдарын өсіріп-баптауда технологиялық соқпақтан пайдалану (бейімделгіш технологиялық және транспорттық машиналар алқапта тұрақты соқпақпен жүріп отырады).

Топырақтың нығыздалуын болдырмау әдістері әлі жеткілікті түрде әзірленбеген. Бұл бағытқа белгілі бір дәрежеде топырақты өңдеудің «нөльдік» технологиясын, сондай-ақ ауа жастықтары бар машиналарды ж.т.б. енгізу бойынша ұсыныстарды жатқызуға болады. Алайда соңғы екі әдісті тәжірибеде қолдану үшін ұзақ уақыт ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет болады. Ғылым мен техниканың бұл даму сатысында топырақты қопсытудың біршама тиімді әдісі – терең қопсытқыштың жәрдемінде 50-60 см тереңдікке механикалық қопсыту болып табылады.

Терең қопсытқыштың жәрдемінде топырақты қопсыту өте қажетті әдіс, өйткені Қазақстан республикасындағы мақта өсірілетін суармалы аймақтар бұл технологияға мұқтаж.

Жердің беткі қатты қабатын 40 см тереңдікте қопсыту бүгінгі таңда қолға алынған және ол үшін чизельді соқалар мен қопсытқыш-культиваторлар қолданылатын болса, одан терең қабаттар (50 см-ден терең) егіншілік саласындағы ғалымдар тарапынан жеткілікті дәрежеде зерттелген болса да, қажетті құрал-жабдықтардың жоқ болуы себепті енгізілмеген.

Суармалы жер жағдайында түрлі себептердің: жыл сайын бірдей тереңдікте (30-35 см) жер жырту, ұзақ уақыт суару, өз салмағымен шөгуі, ауылшаруашылық машиналарымен қарқынды түрде өңдеу ж.т.б. салдарынан – топырақтың терең қабаттары күшті нығыздалады және көлемдік салмағы 1,4-1,6 г/см3 жетеді. Топырақтың бұл тығыз терең қабаттары өсімдіктердің тамыр жүйесінің еркін және мықты болып өсіп дамуына кедергі келтіреді, астыңғы қабаттарда жайласқан қоректік заттардың және топырақтағы ылғалдың игерілу мүмкіндігін шектейді. Мұндай нығыздалуға сондай-ақ бір дақылды (мақта қозасын) ауыстырмай көп жыл қатарынан өсіріп баптау да (монодақыл) жағдай жасайды, нәтижесінде топырақтың жарты метрлік қабатында соңғы 30-40 жыл ішінде органикалық заттар (қарашірінді) қоры төмендеп, топырақтың физикалық, физика-химиялық және микробиологиялық қасиеттері нашарлап кеткен.

Сонымен бірге Орта Азиядағы ескі суармалы жерлер ұзақ уақыт бойы адам қызметінің әсерінен пайда болған және бұл жердегі агроирригациялық қабаттар 1-2 метрге жеткен, сәйкесінше бұл топырақ құрамында бағалы қоректік заттардың көп мөлшері тек беткі қабатында ғана емес, сондай-ақ астыңғы қабаттарында да бар. Сондықтан суармалы жерлер барлық ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру үшін үлкен әлеуеттік мүмкіндіктерге ие. Бұл топырақтың жыртылатын және астыңғы қабаттарында жалпы фосфордың мөлшері жоғары болуымен сипатталады. Көптеген зерттеулер нәтижесінің мәліметтері бойынша ол топырақ салмағының 0,10- 0,26 пайызын құрайды және фосфордың жеңіл сіңетін немесе жылжымалы түрлерінің қоры төмен болып, оның жалпы мөлшерінің 1-3 %-ын құрайды. Фосфордың көптеген бөлігі қиын сіңетін түрлерінде болады және фосфорды минералды тыңайтқыш түрінде енгізу нәтижесінде өсімдіктің фосфорға деген қажеттілігі белгілі бір дәрежеде қанағаттандырылады. Алайда енгізілген тыңайтқыштың 20-25 %-ы өсімдіктер тарапынан сіңіріледі, ал қалған бөлігі бірігу (химиялық, физика-химиялық) нәтижесінде топырақта қалады.

Сондықтан ауыл шаруашылығын әрі қарай қарқындандыру үшін суармалы жерлерде жыртылатын топырақ қабатының астыңғы бөлігінің нығыздалған қабаттарын биологиялық белсендендіру және игеру жолымен мықты, терең, құнарлылығы жоғары топырақ асты қабаттарын қалыптастыру және терең қопсыту қазіргі таңда өте қажет.