- •- Модуль
- •Қазіргі қоғамда адам құқықтары орнымен қорғалуда ма? Қалай ойлайсыз?
- •Біздің мемлекетімізде адам құқықтарын қорғауға арналған қандай бағдарламалар жұмыс істейді?
- •«Тілдер туралы заңы»
- •Әлеуметтік зейнетақы ұйымдары
- •Қазыбектің қалмақ еліне елшілікке баруы
- •Бақытты болу шарт па?
- •Білім жарысы
- •Өсиет сөз
- •Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты
- •Отаншылдық
- •Не істеу керек?
- •Тәуелсіз елдің өнерпаздары
- •Жастарға сенім арту ...
- •Жастардан талап етілетін ерекше қасиеттер ...
- •Жастарға арналған үндеу ...
- •Бақша ағаштары
- •Тарихыңды таны
- •Ғылым мен техника
- •Сауалнама
- •Қазақ елінің ұлттық байлықтары
- •Рухани, мәдени және материалдық, қоғамдық игіліктердің ерекшеліктері мен арақатынасы туралы не айта аласыз?
- •Маман ретінде қоғамдық игілікке қандай үлес қосар едіңіз?
- •2.Наурыз мейрамындағы қыз қуу, аударыспақ, теңге алу, алтыбақан, ақсүйек ойындары туралы әңгімелеңіз.
- •Жастар және
- •Жастар және әлемдік бәсеке
- •Экономика туралы
- •Құнды қағаздар
- •Қаржыландыру
- •Нарықтық экономикадағы бәсеке
- •Бухгалтерлік есеп
- •Банк қызметі
- •Биржалық сауда
- •Заман және нарық
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Мазмұны
Ғылым мен техника
1-сабақ. ҒЫЛЫМ – ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗІ
Мәтінді оқыңыз, ой бөлісіңіз.
«Ғылым» деп – адамның білім алуын, жүйелеу және тексеру бағытындағы қызметінің түрін айтамыз. Білімнің бәрі ғылыми білімге жатпайды, олардың жақсы тексерілгендері мен негізделгендері ғана жатады. Ғылыми білім кәдімгі қарапайым білімді теріске шығармайды, олардың екеуі де керек. Білім дамудың жоғары деңгейіне жеткенде ғана ғылыми білімге айналады.
Ғылым дегеніміз – адамның табиғат, қоғам және өзінің танымы туралы білім алуға бағытталған рухани қызметінің ерекше формасы. Ғылымның негізгі мақсаты – ақиқатқа жету және табиғат, қоғам, ойлау заңдылықтарын ашу. Ғылым ежелгі заманда (Қытайда, Үндістанда, Грекияда) пайда болды. Ұзақ уақыт бойы ғылыми білім баяу дамыды. Тек XVI-XVII ғасырлардан бастап Батыс Еуропада ғылым қуатты күшке айналып, индустриялы қоғамның құрылуы мен дамуына септігін тигізді. Содан бері ғылым практикамен тығыз байланыста, өзіндік өмір сүруі мен дамуы үшін одан әсер алады. Сол кезеңнен осы ұрпаққа дейінгі аралықта ғылым адамдардың практикалық қызметіне қатты әсер етті.
Ғылым – білім алудағы білімнің жинақылығынан көрінетін адамның шығармашылық қызметі және сол қызметтің нәтижесі. Ғылым табиғат (материалдық) дүниесі мен қоғамның заңдары туралы білім жүйесі ретінде көрініс береді. Ғылым біртұтас бола тұра жеке ғылымдар деп аталатын бірқатар білім салаларына жіктеледі. Олай бөлінуі бізді қоршаған дүниенің көптүрлілігінен болады. Сондықтан ғылымның жеке саласы көпқырлы қызметтің белгілі бір жақтарын зерттейді. Соған орай, табиғат туралы ғылымдар – жаратылыстану, қоғам туралы – қоғамтану (әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар); таным мен ойлау туралы – логика, геносеология, диалектика болып бөлінеді. Техникалық ғылымдар жеке бір саланы құрайды. Математика – өзі бір арнайы ғылым. Ғылым салаларының өздері жеке ғылымдарға бөлінеді. Жаратылыстану ғылымдарының кұрамына – механика, физика, химия, биология; қоғамтану ғылымдарына – тарих, экономикалық ғылымдар, құқықтану, психология жатады. Аталған жеке ғылымдардың әрқайсысы бірқатар ғылыми пәндерді құрайды. Мысалы, физика – оптикаға, қатты денелер физикасына, ядролық физикаға жіктеледі. Өзінің пәніне орай философия барлық ғылымдармен байланыста болады. («Ғылым – ақиқатты білу әдісі» Уикипедия жобасынан)
Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық экономика құруды жалпыұлттық өрлеу идеясы ретінде жариялады. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның ең ауқымды экономикалық жобасына айналғалы тұр. Шын мәнінде, жаһандану үдерістері үдей түскен қазіргі заманда инновациялық өрлеу ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің ең басты бір факторы ретінде айқындалуда. Сондықтан қазақ елі өз өндірісін қарқынды жаңғырту жолына шықты. Осы орайда ел басшылығының тапсырмасымен, еліміздегі зауыттар мен фабрикалар, өндірістер мен кәсіпорындар тек жаңа технологиялармен және заманауи жабдықтармен жабдықталып қана қоймай, сондай-ақ «жаңа тұрпатты идеялармен жабдықталатын» болады.
Елбасы Н.Назарбаев мәлімдегеніндей, жас тәуелсіз мемлекеттер арасында алдыңғы қатарда тұрған Қазақстан да жаһандық экономика бойынша тауарлар мен қызметтердің ұлттық брендімен орын алуды міндет етіп отыр. Осыған қол жеткізу үшін мемлекет инновациялық өнімдерді шығару бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Бұл мақсатта былтырдан бастап, Үкімет Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі арқылы ойлар мен жобаларға грант түрінде қаржы бөліне бастады. Бұл бастама ендігі өз жемісін беруде. Президент Н.Назарбаев «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» атты индустриялық-инновациялық форумда «Қазақстан үшін инновациялық дамудың жаңа жолын ашатын» отандық экономиканың 5 оң бағытының біріншісі ретінде «энергиялық тиімділік пен энергия сақтауды» атаған болатын. «Ал оны тек қана жаңа технологиялар бере алады, - деді мемлекет басшысы, – егер Қазақстандағы қандай да бір кәсіпорын әлемдегі әріптестеріне қарағанда электр қуатын көп тұтынатын болса, оны артта қалған кәсіпорын деп санау керек!». Осы орайда, бірде Астананың жаңа әкімшілік орталығын аралау барысында, сол жағалаудағы тұрғын үй кешенінде Елбасыға құрылыс компаниясы басшысы сондағы терезелердің сапасын сипаттап беріпті, кейін журналистер алдына шыққан Нұрсұлтан Назарбаев соны үлгі ете сөйледі: «Тұрғын үй кешеніндегі терезелер жылу сақтайтын арнайы шыныдан қойылып жатыр екен. Енді міне, дәл сондай өнім өзіміздің елімізде шығарыла бастамақ». («Инновациялық экономика құру – жалпыұлттық өрлеу идеясы». Шәріпови Айхан Пішенбайұлы. Innovus.kz)
Түсініктеме!
ақиқат – шындық, дұрыстық;
индустриялы – техника жетістіктерімен жабдықталған фабрика, зауыт, өнеркәсіп;
жаһандану – бүкіл әлемдегі өзгерістерге сай келу;
ауқымды – үлкен, кең, көлемді;
үдеріс – қауырт, қозғалыс, қарбалас;
қарқынды – жедел, шұғыл, тез, жылдам;
жаңғырту – жаңару, өзгеру;
заманауи-осы заманға сай, қазіргі;
тұрпатты – тектес, пішіндес;
бастама – бір істің басы, алғашқы ұйытқысы;
мәлімдеу – болған оқиғаны хабарлау, айтып жеткізу;
тұтыну – пайдалану, қолдану, керегіне жарату;
тиімділік – пайдалы, көп табыс беретін;
шыны – кварц құмының ерітіндісінен жасалған мөлдір түсті жұқа зат;
1-тапсырма. Берілген жоспар бойынша мәтінді әңгімелеңіз.
1. Ежелгі заманғы ғылым туралы түсінік
2. Ғылым – қуатты күш:
А) Өнеркәсіп саласындағы ғылымның орны
Ә) Ауылшаруашылығын дамытудағы ғылымның рөлі
Б) Адам денсаулығын жақсартудағы ғылымның атқаратын қызметі
В) жаңа технологияларды дамытудағы ғылымның маңызы
3. Қазақстандағы қазіргі ғылымның даму деңгейі
2-тапсырма. «Ғылым» және «ғылымның дамып келе жатқан салалары» деген ұғымдарға түсініктеме бере отырып, мәтіннің мазмұнын толықтырыңыз.
Мысалы, валеология, өзін-өзі тану, салауатты өмір салты...
Жағдаяттық тапсырмалар!
Егер сіз білім министрі болсаңыз, білім саласына жаңа реформа енгізер ме едіңіз ...
Сіз өз салаңыз бойынша белгілі ғалым болсаңыз, еліміздің көркеюіне қандай үлес қосар едіңіз ...
3-тапсырма. Ш.Құдайбердіұлының ғылым туралы ой-толғауларын пайдаланып, ғылымының пайдасы туралы әңгімелеңіз.
Ғылымсыз адам – айуан
Ғылымсыз адам – айуан
Не қылсаң да ғылым біл
Ғылымға да керек жан
Ақылсыз болса, ғылым тұл
Мініңді тапса кім сынап,
Аяғына бар, жығыл.
Қап бәлем деп кекті ұнап,
Сақтай көрме ойға зіл.
Бақ-дәулетке сыйынып,
Болма боран жел-дауыл.
Аса сәнді киініп,
Қуыршақ болма, сән қуып.
Адамның ең асылы –
Қиянатсыз, ақ пейіл.
Ең зиянкес жасығы, –
Тайғақ мінез, екі тіл.
Дұспанға да бол әділ,
Түсірме ойға тап пен ніл,
Ұмытпа, болсаң біздің ұл,
Осы өлеңді құлаққа іл.
4-тапсырма. Абайдың 17-қара сөзін оқи отырып, Шәкәрім өлеңі арасындағы ұқсастықты айқыңдаңыз, ғылымның орнын анықтай түсіңіз.
Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп ғылымға жүгініпті.
Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмілетке жетпейді. Әуелі өзіңді білуге, ерінбей, жалықпай үйрену керек. Ол – менің ісім. Адасқан жолда бара жатқан бойды, қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?».
Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ақыретке, не пайдалы болса, не залалы болса, білетұғын мен, сенің сөзінді ұғатұғын – мен. Менсіз өздері неге жарайды?».
Жүрек айтыпты: «Мен – адам денесінің патшасымын, қанменен тарайды. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын. Жақсылыққа елжіреп, еритұғын, жаманшылықтан жиреніп тулайтын – мен. Осы екеуі қалай маған таласады?».
Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, былай депті:
Ей, қайрат! Сенің айтқанының бәрі рас, қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол. Кейде жақсылықта берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман.
Ей, ақыл! Сенсіз еншәрсе табылмайтыны рас, бірақ амал да, айла да сенен шығады. Жақсының, жаманның сенгені, сүйенгені – сен, соның жаман, – депті.
Сенің үшеуіңнің басыңды қосатын – мен. Бірақ соны билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол. Сені де еркіңе жібермейді. Осы үшеуінің басын қос, бәрін де жүрекке билет, – деп ұқтырып, айтушының аты ғылым екен.
Қосымша материал!
«Абай жолы» романынан алынған үзіндіні оқып, тұжырымдама жазыңыз.
Біз сияқты аға, әкелерің мезгілінде өсе алмай, қылтанақ жарып, сарғайып қалған шөптейміз. «Ғылымнан мақұрым қалдық» деп, енді өкінеміз, опық жейміз. Сол – біздің мұң. Ал сендер үшін тілегім, айтарым – адам боламын деп оқыңдар! Сендерден дәрмен күткен далаңның, еліңнің тілегі! Аймағыма жақсылығым жетеді, адал азамат боламын деп, халықтың қамқоры боламын деп оқыңдар!
«Осы отырған балалардан төл өсіремін деп, жаңа буынның жаңа азаматын шығарар болсам, менің ендігі жұбанышым, көмектесім де, үміт етер қанатым да солар болмас па еді? Ендігі етер еңбегім мен көмегім, айтар өсиет, ақылым болса – көзі ашық, оқыған жаңа қауым туғызуға арналсын. Ел ішін көгертетін кез жетті ғой», – деп ойлады Абай.
2-сабақ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
Мәтінді оқып, мазмұнын талдаңыз
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл. Сондай-ақ ХХ ғасыр – «қазақтың алтын ғасыры болды» десек, қателеспеспіз.
Ең бастысы, бір ұлтқа қажеттінің біразын игілігімізге айналдырдық.
Сол бір негізі ғана қаланған болашақтағы қазақтың ұлттық ғылымының ордасы болуы тиіс әлемді таңғалдырар ғылым ғимараты құрылысын салушылар қатарына өткен ғасырдың орта шенінде келіп қосылған қазіргі Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның академигі, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, химия ғылымдарының докторы, профессор, АҚШ Нью-Йорк академиясының академигі, академик С.И.Вавилов атындағы медальдің, Тегерандағы VІІ халықаралық меценаттар клубының ғылым саласындағы ең жоғарғы «Платиналық Тарлан», республикалық «Алтын Адам - Жыл адамы 2000» сыйлықтарының иегері Еділ Ерғожаұлы Ерғожин – әлемдік деңгейде толық мойындалған ірі ғалым, жоғары молекулалық қосылыстар химиясы, ион алмасу және мембрандық технология саласындағы іргелі зерттеулерімен ғылымды байытқан, дүниежүзіне белгілі ғылыми мектеп пен жоғары білімді ұйымдастырушы болып шықты. Ол басқаны былай қойғанда, АҚШ, Батыс Еуропаның Франция, Англия, Германия, Испания, Италия секілді мемлекеттері, Шығыстың жарық жұлдызы Жапония, химия ғылымы ежелден дамыған іргедегі алып Қытай Халық Республикасы Халықаралық конференция, симпозиумдерге құрметтеп шақырып, баяндама жасауын қалайтын жалпы, адамзаттың осы саладағы ғұлама ғалымдарының бірі болып сомдалды. Өйткені ол басқаны былай қойғанда, кезіндегі КСРО державасының стратегиялық мақсаттағы ғылыми-зерттеу бағдарламасында жұмыс істеп, аса пайдалы жаңалық ашып, сонысы үшін авторлық «құпия патент» алған, державадағы азғантай ғалымдарының бірі еді. Оның осынау теңдессіз жаңалығы – қазақ ұлттық ғылымының бір шыңы. Шыңы болғанда қандай, әлі күнге дейін жер бетіндегі сан ұлт қол жеткізе алмай жүрген аса биік, асқар шың.
Сол кезде «Сол студент келе-келе, әлемдік химия ғылымында теңдессіз жаңалық ашып, қазақтың ұлттық химия ғылымында «Ион алмастырғыш шайырлар және электрлі мембрандық диализ технологиясы» деп аталатын саладағы жүлде жаңа мектептің негізін қалаушы болады» деп нағыз көрегеннің өзі болжай алмаған шығар. Бірақ ұлттың бақытына орай, Еділ Ерғожаұлы дәл сондай тұлға болып сомдалуға онша көп уақыт шығындаған жоқ. Бар болғаны 25 жасында химия ғылымдарының кандидаты диссертациясын үздік қорғап шығады. Отызға жетпей, он шақты ион алмастырғыш шайырларды «өмірге әкеледі». 33 жасында ғылым докторы атағын тамаша қорғап шыққан Еділ Ерғожаұлы бұл кезде шетелдердің біразында болып, ол жақта өткен халықаралық симпозиумдар мен конференцияларда баяндамалар жасап үлгерген дүниежүзілік деңгейдегі танымал ғалым еді. Оның жалпы адамзаттық химия ғылымы әлемінде мойындалып, танылуы тым ерте, аспирант кезінен-ақ басталды. Көп ұзамай-ақ, дүниежүзілік деңгейдегі көрнекті ғалым Еділ Ерғожинді өздерінде лекция оқу үшін Батыс Еуропаның ең дамыған мемлекеттері – Қытай, Жапония, АҚШ секілді өз ғылымдары да жеткілікті дәрежеде дамыған мемлекеттер ерекше құрметпен шақырды. Оларға да біздің кейіпкер білімін үйретті. Сөйтіп, ол енді жалғыз қазақ емес, жалпы, адамзаттың өз саласындағы ғұлама ұстаздарының біріне айналды.
Ал тәуелсіздік, одан кейінгі кезеңде мемлекет құрушы тұңғыш Президентіміздің КСРО державасынан мұраға қалған әскери әлеуеттегі ядролық қару-жарақты жою туралы шешімі оның іс жүзінде дәлелденуін талап етті. Мәселен, ядролық қару-жарақтың қоршаған ортаға зиянын дәл анықтау және ол аймақты зарарсыздандыру жөніндегі жұмыстарға халықаралық байқау жарияланады. Дәл осы байқауда академик Еділ Ерғожин бастаған қазақ ғалымдарының тобы жеңіске жетеді. Сөйтіп, жеңіске жеткен ұлттық ғалымдар тобы ұзақ уақыт бойы еңбектенеді. Бұл еңбектің нәтижесін басқа емес, АҚШ ғалымдары мен осынау алпауыт елдің әскери сарапшылары тексеруге тиіс болады. Тексеріс те аса мұқият жүргізілген. Сонда қазақ ғалымдары тындырған іс нәтижесіне ерекше риза болған АҚШ жағы институтқа осы заманғы ең озық үлгідегі қозғалмалы экологиялық зертхананы сыйлық ретінде береді. Ал ғылыми топ жетекшісі бұрыннан танымал ғалым Еділ Ерғожинге ерекше ризашылықпен алғыс жариялайды.
Ол осы уақытқа дейін 13 ғылым докторын, 80 ғылым кандидатын даярлап шығарды. Академик Еділ Ерғожин осы уақытқа дейін 20 іргелі монография, 5 оқулық, 1250 ғылыми мақалалар жариялаған екен. 350 ғылыми мақаласы әлемнің әр мемлекетіндегі халықаралық беделді басылымдарда жарық көрді. 300-ден астам авторлық куәліктің иесі. («Қазағын көкке көтерген» Жұмабек Жанділдин. Айқын республикалық қоғамдық-саяси газет 05.11.11.)
Түсініктеме!
игілік – қажетті жағдай, пайда;
ғимарат – сәлет, құрылыс;
шені – белгілі бір уақыт, мерзім, кез;
иегер – орденмен наградталған адам, лауреат;
іргелі – негізі мықты, тұрақты.
ірге – жақын жер, таяу маң;
ғұлама – асқан ой иесі, оқымысты, ғалым;
сомдалу – келісті, әдемі етіп мүсіндеу;
шайыр – қарағай сағызы, желім сияқты жабысқақ зат;
әлеует – бір елдің қару-жарақ, соғыс күштерінің жиынтығы:
алпауыт – ірі жер иесі, орасан зор, күшті;
сарап – талқы, сын;
сарапшы – сарапқа салушы, бағалаушы, сыншы;
1-тапсырма. Абай өлеңін негізге ала отырып, ғалымның бойындағы қандай қасиеттер білікті маман үшін маңызды деп ойлайсыз.
Ғалым болмай немене
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
2-тапсырма. Президентіміздің ядролық қару-жарақты жою туралы саясатының маңыздылығы мен құндылығы жөнінде әңгімелеңіз. Мысалы, қоршаған ортаға зияны, аймақты зарарсыздандыру, адам денсаулығы ...
3-тапсырма. Берілген фразеологизмдердің мағынасын аша отырып, сөз арасында қолданыңыз.
Ғылым тапты –
Ғылым бақты –
Білім шарқы –
Дүниенің тілін білді –
4-тапсырма. Берілген мақал-мәтелдерді қандай жағдайда қолданар едіңіз.
Ғылым – теңіз,
Білім – қайық.
Мың малың болғанша, бір балаң ғалым болсын.
Еңбегі жоқ ғалым, ыстығы жоқ жалын.
Кітап-ғылым, тілсіз мұғалім.
Үйге тапсырма:
Қазақстандықтардың соңғы ғылыми жаңалықтары туралы тұсаукесер жасаңыз
3-сабақ. ӘЛЕМ КАРТАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ТЕХНОЛОГИЯЛАР (БИОТЕХНОЛОГИЯ, БИОХИМИЯ, ЭКОЭНЕРГЕТИКА, ЭКОЛОГИЯ, АНТИКӘРІЛІК)
Мәтінді оқи отырып, өз ойыңызбен бөлісіңіз.
Қазіргі заманғы әлемде білімсіз, ғылымсыз Қазақстанның келешегі жоқ. Сондықтан да экономиканың барлық саласында қаржы жетіспеушілігі сезіліп отырған күрделі жағдайға қарамастан мемлекет жаңа білім нысандарының құрылысына сондай-ақ ғылымды қолдауға қаржы тауып отыр. Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуетін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет. Біздің ендігі міндет – қазақстандықтардың, бірінші кезекте жастардың білімділікке, интеллектіге, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастарын өзгерту.
Сол себепті Қазақстанның алдында экономиканы жеделдете модернизациялау, шикізаттық экономикадан индустриялық экономикаға көшу міндеті тұр.
Қазіргі уақытта республикалық маңыздағы инвестициялық жобалардың тізімін қалыптастыру аяқталып келеді.
Біз дамыған елдерден озық технологияларды әкеліп, бірлескен өндірістер құрудамыз, инновациялық жобаларға қолдау көрсетілуде. Бірақ егер біз экономикасы тұрақты дамыған елдер клубына өтеміз десек, бұл жеткіліксіз.
Біздің ендігі міндет – қазақстандықтардың, бірінші кезекте жастардың білімділікке, интеллектіге, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастарын өзгерту.
АҚШ пен Еуропада Нобель сыйлығын алған ғалымдарды тек еңбегі мен ашқан жаңалықтары үшін ғана құрметтемейді. Олар барша үшін де үлгі болып саналады. Олардың үлгісін жастарға өнегелеп, сол арқылы күш-жігердің, еңбек пен таланттың әркезде де табысқа бастайтынын көрсетеді.
Көріп отырғандарыңыздай, мемлекет ғылымды дамытуға қажетті барлық шараларды қабылдауда. Бірақ мұның барлығы егер білікті кадрлар болмаса, бекер болар еді.
Қазір Қазақстан үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Тұтастай алғанда алдағы кезеңде мына төрт бағыт әлем картасының ғылыми-технологиясына үлкен ықпал ететін болады.
Бірінші – биотехнология және биохимия. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, адамның иммундық жүйесін нығайту, интеллектуалдық жүйе құрудағы маңызды бағыт. Сондықтан қазір Астанада Ұлттық биотехнологиялық орталық құрылды.
Екінші – экоэнергетика. Бұл – энергияның қайталама көздері, «жасыл энергетика», отын элементтері, жоғары өткізгіштер, көміртегі қосындысын ұстау мен сақтау, энергияны аз тұтынатын жарық көздері.
Үшінші – экология. Парникті газдар шығарындыларын азайту, су тазарту, түрлі биосубстанцияларды тез анықтау, биологиялық тұрғыдан ыдырайтын пластиктер енгізу, бактериялар құру, қоршаған ортаны ластандырғыштарды жою технологиялары белсенді дамитын болады.
Төртінші – антиэйджинг (антикәрілік). Бұл өмірді ұзарту мен жасаруды зерттеу.
Бұл зерттеулер қаншалықты күрделі көрінгенімен, адамзат ерте ме, кеш пе бұл мәселелердің бәрін шешеді. («Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: Болашаққа интеллектуалдық секіріс» Ана тілі, 15-қазан, 2009 жыл)
Түсініктеме!
нысан – зерттеуге, бақылауға арналған зат, құбылыс, объект;
төңкеріс – жаңаша өзгеріс, түбегейлі өзгерту;
модернизациялау – қазіргі талапқа сай жетілу, даму;
шикізат – өңделмеген, көмір, мұнай, газ негізді химиялық шикізат;
тұтастай – түгелімен, жаппай;
тұтыну – керегіне жарату, пайдалану;
биосубстанция – заттар мен құбылыстардың биологиялық маңыздылығы;
тұрғы – белгілі бір бағыттағы көзқарас;
ыдырау – жан-жаққа тарқау, бөліну, жарылу.
1-тапсырма. Ойды мәтін мазмұнына сәйкес толықтырыңыз.
экономиканы жеделдете модернизациялау .................................................... .
шикізаттық экономикадан индустриялық экономикаға көшу ........................ .
адамның иммундық жүйесін нығайту .............................................................. .
интеллектуалды төңкеріс ................................................................................. .
энергияны аз тұтынатын жарық көздер .......................................................... .
2-тапсырма. Мәтінді қазіргі ғылыми технологиялардағы жаңалықтармен байланыстыра отырып, толықтырыңыз.
Нанотехнология, ...
3-тапсырма. Әлем картасының ғылыми-технологиясына үлкен ықпал ететін төрт бағыттың біреуіне сауалнама құрастырыңыз.
Үлгі:
