- •- Модуль
- •Қазіргі қоғамда адам құқықтары орнымен қорғалуда ма? Қалай ойлайсыз?
- •Біздің мемлекетімізде адам құқықтарын қорғауға арналған қандай бағдарламалар жұмыс істейді?
- •«Тілдер туралы заңы»
- •Әлеуметтік зейнетақы ұйымдары
- •Қазыбектің қалмақ еліне елшілікке баруы
- •Бақытты болу шарт па?
- •Білім жарысы
- •Өсиет сөз
- •Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты
- •Отаншылдық
- •Не істеу керек?
- •Тәуелсіз елдің өнерпаздары
- •Жастарға сенім арту ...
- •Жастардан талап етілетін ерекше қасиеттер ...
- •Жастарға арналған үндеу ...
- •Бақша ағаштары
- •Тарихыңды таны
- •Ғылым мен техника
- •Сауалнама
- •Қазақ елінің ұлттық байлықтары
- •Рухани, мәдени және материалдық, қоғамдық игіліктердің ерекшеліктері мен арақатынасы туралы не айта аласыз?
- •Маман ретінде қоғамдық игілікке қандай үлес қосар едіңіз?
- •2.Наурыз мейрамындағы қыз қуу, аударыспақ, теңге алу, алтыбақан, ақсүйек ойындары туралы әңгімелеңіз.
- •Жастар және
- •Жастар және әлемдік бәсеке
- •Экономика туралы
- •Құнды қағаздар
- •Қаржыландыру
- •Нарықтық экономикадағы бәсеке
- •Бухгалтерлік есеп
- •Банк қызметі
- •Биржалық сауда
- •Заман және нарық
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Мазмұны
Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты
Қазақстан Еуропа мемлекеттерімен де өз байланыстарын жемісті дамытып келеді. 1993 жылдың 2 ақпанында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. Қазақстан Республикасы Президенті мен Германия және Франция басшылары арасындағы келіссөздер Қазақстанның сыртқы саясатындағы еуропалық бағытты жандандырды. Мәселен, Герхард Шредер Астанаға келген сапарында: «Қазақстан – Орта Азиядағы маңызды ел және Германияның басты әкономикалық әріптесі» деп атап көрсетті. 2003 жылға қарай республикада неміс банкі және ірі компанияларының 145 өкілдігі мен бөлімшелері жұмыс жасады, ал тіркелген Қазақстан-герман біріккен кәсіпорындарының саны 266-ға жетті. Танымал неміс компаниясы «Сименс» пен «Қазақтелеком» арасында байланыс және халықаралық тасымалдаушы «Қазақстан темір жолымен» құрал-жабдық тасымалдау, Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының бірнеше министрліктері арасында қазақстандық менеджерлердің біліктілігін көтеру және негізгі экономикалық ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.
Республика Президентінің Германия үкіметінің басшысы Гельмут Кольмен, Франция президенті Жак Ширакпен жүргізген келіссөздері Қазақстанның Еуропа бағдарындағы сыртқы саяси бағытын жандандыруға елеулі үлес қосты.
1995 жылы тамызда Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқасында республика Сыртқы істер министрі Қ.К.Тоқаев атап еткеніндей, «Шығыс Еуропа елдеріндегі Қазақстан сыртқы саясатының қамалы рөлін Венгриядағы елшілік атқарды». Қазақстан Республикасы Президентінің Венгрияға сапары барысында екі ел арасындағы саяси және экономикалық тығыз ынтымақтастыққа берік негіз қаланған көптеген келісімдерге қол қойылды.
Қазақстан Болгариямен,Чехиямен, Румыниямен екі жақты тиімді қарым-қатынастар орнатты. Қазақстан Республикасы үшін АҚШ-пен ынтымақтастық аса маңызды, олардан республика экономикасына көптеген инвестициялар алынды. АҚШ Қазақстанға мәдениет пен білімді дамыту саласында да үлкен қолдау көрсетті. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан студенттері АҚШ, Франция, Германия оқу орындарында оқуға мүмкіндік алды.
Қазақстан Республикасы – мәртебелі халықаралық ұйымдар мен қауымдастық мүшесі. Қазақстан 1992 жылдан бастап беделді халықаралық ұйымдармен (БҰҰ, ЮНЕСКО,ЕҚЫҰ) байланыстарын нығайтты. Мәселен, ЮНЕСКО-ның қолдау көрсетуі арқасында Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы тойланды. Орталық Азиядағы осы ұйымның бір ғана өкілдігі Алматыда ашылды. Сонымен, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған соң, халықаралық аренада өзін сенімді түрде мәлімдеді. Тиянақты да бейбітшілік сүйгіш саясатының арқасында Қазақстан дүниежүзілік мемлекеттер қауымдастығындағы ірі-ірі халықаралық ұйымдар қатарына қабылданды. (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет)
Үйге тапсырма:
Берілген мәтіндерді негізге ала отырып, Қазақстанның халықаралық қатынастары туралы эссе жазыңыз.
3-сабақ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС ТІЛІ
Мәтінді оқыңыз.
А.Байтұрсынұлы: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Айтқызатын адамы болса, тіл соған жарайды» деген болатын. Тілдің мүмкіндігі - шексіз. Тілден тілдің кемдігі жоқ, кеңдігі ғана бар. Мысалы, жаһанға жайылған ағылшын тілі ертеректе британ аралдарында мыңдаған адамдар ғана сөйлейтін тіл болған. АҚШ мемлекетінің күшеюіне байланысты, оның әлемге ықпалы да артты. Кеше Байтұрсынұлы айтқандай, «ит деп жазып, шошқа деп оқитын» тілді жұрт керемет, көркем, әуезді тіл болған соң үйреніп жатқан жоқ.
Егер физик, химик, технолог, информатик мамандар қазақша тәрбиеленген болса, олар сол ғылым түрлерін де қазақша сөйлетеді емес пе?! Кезінде алаш зиялылары – Жүсіпбек Аймауытов психологияны, Мағжан педагогиканы, Міржақып математиканы, Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімін жетілдірді.
Кейде қазақ тілді кейбір ғалымдардың өздері сөздерді аударғанда «тым қазақыландырып кеттіңдер», «әр терминді қазақшаға аудара бермеңдер», - деп жақтырмайды. Өйткені оларға орысша айтқан жеңіл. Ғылымның нәтижесі – ортақ, ал жеткізу құралы – әр түрлі. Мысалы, 80 жылдары «терроршы» деп жазса, қазір «лаңкес» деп жазылады. Қандай керемет аударылған сөз! «Инаугурация» сөзін «ұлықтау» деп аударғаны қандай түсінікті! Терминдер «халықаралық», «ғылыми стиль» деп, мүлдем тиіспейтін Құран сөзі емес қой?! Тілге жатық, көңілге қонымды болса, аударылмайтын сөз болмайды! Тек әр ғылым саласында, біздің тіл Байтұрсынұлы айтқандай «айтқызатын адамы табылмай, қор болып» тұр ғой. Ғалымдардың көпшілігі орысша ойлайды. Олардан қазаққа пайдалы өнім шыға ма? Қазаққа қатысты дүниені, тек қазақша ойлайтындар ғана жасай алады. («Тіл туралы бір күндік емес, жүйелі жұмыс керек» Бижомарт Қапалбеков. Айқын газеті. 15.06.11)
Д.Кристалдың 1997 жылы «Ағылшын тілі - әлемдік тіл» деген еңбегі жарық көрді. Онда: « ... Әлемде 6000-нан астам тіл болса, солардың 600-не ғана жойылу қаупі төнбейді екен (2700 - негізгі тіл, 4000-ға жуығы - сол тілдердің диалектісі). Кейбір болжамдар бойынша XXI ғасырдың аяғына таман үркердей топ - негізгі тілдер ғана қалып, қалғандары жойылып кетпек» деп жазылған.
Ағылшын тілі компьютерлік, электрондық байланыс жүйесі дамыған уақытында әлемге кең қанат жайып, алыс-беріс, қарым-қатынас ұлғайған заманда еңсесін көтермек болған тілдерге қиындық туғызуда. Егер кезінде Үндістандағы туыс тілдер өзара талас-тартысқа түспей, араб елдері секілді бірігіп, тіл саясатын дұрыс қолға алған болса, бүгінгідей ағылшын тіліне үстемдік болмас еді. Ағылшын тілінің есіктен ұрлана кіріп, төрден орын алуына кішігірім тілдер ғана емес, таралымы жағынан тынысы кең тілдердің өзі алаңдаушылық танытуда.
Қазақта «Көш жүре түзеледі» деген сөз бар. Егер біз отаршыл тілдер үстемдігіне төтеп беріп, ғаламтор жүйесіне тілімізді қосып, заман ағымына, заман көшіне қосыла алсақ, көшпен бірге жүріп, бәлкім, түзеліп те кетер едік. Әзірге асықпаған арбамен қоян қуып жететін заман емес екендігін ескеріп, тіл саясатын нақты қолға алып, жүрісімізді жылдамдатпасақ, жағдайдың соңы неге айналатындығын ойлаудың өзі қорқынышты. («Ойлаудың өзі қорқынышты» Сергек Ерсайын. Абай-ақпарат. Abai.kz)
Түсініктеме!
аңду – күзет, бақылау, қарауыл;
меңзеу – нұсқау, бағыттау, мегзеу;
түю – көңілге қонымды, ұнамды, үйлесімді;
жарау – пайдалану, қолдану;
шексіз – ұшы-қиыры жоқ, шегі, шеті жоқ, есепсіз, сансыз;
жаһан – жер жүзі, күллі әлем;
үркердей – бір жерге топтанған, шоғырланған;
үстемдік – басымдық, күштілік, қожалық;
әуезді – әсем әнді, сазды;
алыс-беріс – алым-берім, ауыс-түйіс;
алаңдаушылық – қобалжушылық, абыржушылық, беймазалық.
1-тапсырма. Жоспарды пайдалана отырып мәтінді әңгімелеңіз.
а) Тіл құдіреті
ә) Ғылымды қазақша сөйлеткен зиялылар
б) Аударма мәселесі
в) Тілі күшті елдің, өзі де күшті.
2-тапсырма. Мәтін мазмұны бойынша көзқарасыңызды білдіріңіз.
-
Келісемін,
Келіспеймін,
себебі ...
себебі ...
3-тапсырма. Қазақ тілі халықаралық тілі болу үшін қандай сатылардан өту керек?
4-тапсырма. Мәтін мазмұнына пікір жазыңыз.
Менің ойымша, ...
8-модуль
ТҮГЕЛ СӨЗДІҢ ТҮБІ БІР
1-сабақ. КӨНЕ ТҮРКІ ЖӘДІГЕРЛЕРІ СЫР ШЕРТЕДІ
Мәтінді түсініп оқып, мазмұнын талдаңыз.
Ертеңіңді болжағың келсе,
Еліңнің кешегісін танып ал.
М.Әлімбаев
Құлан тарамысын созып, қыран кереге қанатын жайған ұлан ғайыр қазақ даласының тарихы сан ғасыр шежіресін артқан талай ауыр томдарға жүк болса да, әлі де толық айтылып бітпеген.
Таң торғайы шырылдап, құланиектеніп күн шуағы төгілгенде осы өңірдегі төбесін алғаш күн шалатын белгілі биік таулар, ғасыр ескерткіштері, қорымдар мен ескі бейіт – зираттар тарихы бүгінде сол тарихты зерттеуші аға буын ғалымдар, тарихшылар көзімен сыр шертеді.
Мысалға, бүгінгі Шыңғырлау ауданы көлемінде нақты зерттелген, тұжырымдар жасалып, тарихи және мәдени мұра мәртебесі берілген 183 археологиялық ескерткіштер жиынтығы бар. Бұлардың барлығы арнайы қатталып, бірнеше тарихи басылымдарға шықты.
Аталған жәдігерлер ішінде көп жағынан ерекше, бірегей Еуроазиялық дерек болып есептелетін Үлгілі ауылы маңындағы бейітте және 2002 жылы әлемдік каталогқа кірген Лебедевка ауылы маңындағы бейіттік кешендер де бар. Бұл маңда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары тас ғасырына жататын тіршілік іздерін, жекелеген тұрақтар мен орындарды, сонымен бірге пластина, микролит және нуклеус бейнесіндегі тас құралдарды тауып отыр.
Кейінгі кезеңнің ескерткіштері, қола дәуірінен орта ғасырлық дәуірге дейінгі аралықтағы ескерткіштер обалық бейіттер түрінде. Бұл оба - бейіттер Үлгілі елді мекені маңындағы Елекшар қорымында табылған болатын. Мұндағы көне жерлеу ескерткіштері ерте қола дәуірінің (б.з.д. ІІІ мың.ж. екінші жартысында) көне ұра (шұңқыр) мәдениетіне жатады және сол уақытта Шығыс Еуропа мен қазақ даласында, яғни біздің өңірімізде мал шаруашылығы қалыптаса бастаған.
Осы жерден табылған қола заттар «қоймасы», найза ұшы, лавр жапырағы пішіндес пышақ, шот балта, самай сақина мен самайға тағылатын көп орамды әшекей – балдақ, бұл қабірлердің орта қола дәуірінің жәдігері екенін айғақтайды.
Шыңғырлау жерінің ең биік нүктесі саналатын, шөккен бурадай көсіле көлбеген Отрядный ауылы маңындағы Шыбынды тауы (273 м), боз даланың бөлінбес балдақ бөлшегіндей Белогор ақтаулары белдеуі, қолмен қашаған алып табиғат туындысындай Торыатбасы тауы, аталуына қарай әрқайсысы тарих қатпарынан шежіре шерткен Қылыш тау, Қыз отау, Қор тау, Қалмаққырған, Жыланды, Ханшатыры, Алақантау биіктері бабалар мұра еткен киелі бойтұмар іспетті. Бұл биіктер туралы тарихи деректер, ел аузында талай аңыз-әңгімелерге арқау болған. Жергілікті ақын – жазушылардың өлеңі мен өнеріне шығарма-туындыларына өзек болған бұл таулар Шыңғырлау елінің мақтанышына айналған. («Тарих тағылымы» Шыңғырлау ауданы әкімдігінің ресми сайты. chingirlau.westkaz.kz)
Түсініктеме!
жәдігер – айтулы, тарихи жайға арналған архитектуралық не кескіндеме ескерткіш;
кескіндеме – белгілі бір нәрсенеің бет-әлпетін, кейпін бояумен түсіретін бейнелеу өнерінің бір түрі;
ұлан ғайыр – ұшы-қиырсыз үлкен, есепсіз мол дала;
құланиектену – таң жаңа саз беріп ата бастаған кез, бозару;
бейіт – өлген адамды жерлеген қабір, мола;
қорым – өлген адамдардың сүйегі қойылған қалың бейіт;
зират – өлген кісіні жерлейтін орын;
сыр шерту – көңілдегі сырын ақтару;
пластина – қатты материалдан жасалған тегіс қиық;
оба – тастан, топырақтан үйіп жасалған көлемі мен биіктігі әр түрлі төбешік, төмпешік, қорым;
әшекей – әдемі ою-өрнек, оюлап, өрнектеп безендіру;
балдақ – асыл металдан жасалған көзі жоқ сақина;
шөгу – түйенің түсесін бүгіп жату; аласару, кішірею;
бура – айыр түйенің келіге түсетін еркегі;
көсілу – ұзыннан-ұзаққа созылу, кең алқапты қамту;
көлбеу – бір жамбастап жантайып жату;
боз – бетегелі, изенді, селеулі ақ дала;
белдеу – белгісі бір параллельдер аралағындағы жер бөлігі;
қашау – балғамен ұрып, ағаш тесетін құрал;
қатпар – бір нәрсенің қапталған, бүктелген жері;
бойтұмар – дұға сөз жазылып, үшбұрыштап оралып, сыртын матамен қаптап тіккен дұға қағаз.
1-тапсырма. Мәтіннен эпитет пен теңеулерді табыңыз.
Мысалы: шөккен бурадай, қыран кереге қанатын жайған ...
2-тапсырма. Мына суреттерді мәтінде берілген тіркестер арқылы суреттеңіз.
3-тапсырма. Берілген жер атауларының тарихы туралы не білесіз?
Қылыш тау, Қыз отау, Қор тау, Қалмаққырған, Жыланды, Ханшатыры, Алақантау.
4-тапсырма. Мәтін мазмұнын негізге ала отырып, өз туған жерлеріңіздің жәдігерлері туралы әңгімелеңіз.
2-сабақ. КӨНЕ ТҮРКІ ЖАЗУЫН МЕҢГЕРЕМІЗ
Мәтінді оқыңыз:
Көне Түркі жазуы (басқаша Орхон-Енисей жазуы) – V ғ. б.з.б. – X ғ. б.з. Орта Азия түркі тайпалары қолданған жазуы. Бірінші табылғаны Орхон өзенінің бойында (Екінші түркі қағандығы) және Енисей өзенінің жоғарғы ағысында (қырғыз қағандығы). Кейде руник жазбасы дейді.
Жазу әдісі
«Алтын ғасыр» кезіндегі (VIII ғ. б.з.) әліппеге 38 таңба және сөз бөлу нышаны кіреді. Жазу оңнан солға түседі. Жіңішке мен жуан дыбыстылары жазуда айырылмайды. Сөз бөлу нышаны сөз арасына қойылады, сөйлем соңы белгіленбейді. Бас-кіші әріпке айырылмайды.
Көне Түркі жазуларының зерттелуі
Сібір және Моңғолия далаларына таралған жұмбақ жазулардың бар екендігін ғылыми орта ертеден-ақ білетін еді. Оларды «Руна жазулары», яғни скандинавия тілдерінен алғанда «құпия, сыры ашылмаған» таңбалар деп атайтын. Жазуларды зерттеуге арнайы ұйымдастырылған Ресей Ғылым Академиясының экспедициясы Минусинск ойпатында іздестіру жұмыстарын жүргізіп, Д.Г. Мессершмидт және Ф.И. фон Стралленберг 1721-1722 жылдар аралығында көптеген материалдар жинақтады. Жиналған деректер ғылыми тұрғыдан екшеліп, 1729 ж. З. Байердің «Санкт-Петербургтегі Императорлық ғылым Академиясының жазбаларында» жарық көріп, Еуропадағы барлық Шығыстанушылардың қатты қызығу нысанына айналды. 1730 жылы Ф.И. фон Страленбергтің өзі де зерттеулерінің қорытындысын және жазулардың көшірмелерін жариялады.
1889 жылы Н.М. Ядринцевтің Моңғолия далаларынан тапқан жазулары Көне жаулардың толық сақталған және көлемді үлгілерін ғылымға әкелді. 1893 жылы дат филологі В. Томсен (Дания) бұл жазуларды оқудың кілтін тапты. Келесі жылы-ақ В.В. Радлов Орхон жазуларының оқылуын және аудармаларын жасады, 1895 Енисей жазуларының да оқылуы мен аудармалары жарыққа шығарылды.
Көне Түркі жазуларының жалпы сипаттамасы
Көне Түркі жазулары немесе Көне түркі алфавиті – дыбыстық жазу түрі, яғни сөздегі дыбыстарды таңбалап жазады. Негізінен 6-10 ғасырларда үлкен аймаққа таралған Көне Түркі жазуларын ғалымдар үш топқа бөліп қарайды:
Енисей ескерткіштері.
Талас ескерткіштері.
Орхон ескерткіштері.
Көне Түркі жазуларының мазмұны
Көне Түркі жазуының құпиясын ашқан Даниялық ғалым Вильгельм Томсен болатын (1898 жылы бастап). Кейін орыс түркітанушылары аударып, көп зерттеді. Оған 20 ғасырда Түркі елдерінің ғалымдары – Татар, Өзбек, Түрік, Қазақ, Әзірбайжан зерттеушілері қосылды. Кейде «руна (руникалық) жазулары» деп аталады. Оның себебі жазудың құпиясы ашылмай тұрғанда, бұл жазулар бір қарағанда ежелгі скандинавия халықтарының жазбаларына ұқсайтын еді. Алайда ғылыми зерттеулер Түркі жазулары екенін анықтады. Томсен ең алғаш рет «Түрк» және «Тәңрі» сөздерінен бастап оқыған екен.
Бұл жазулардың жалпы көлемі – ұзақ. Қазіргі өлшеммен алғанда орта көлемдегі кітапты құрайды. Көптеген тарихи, мәдени, жағрапиялық, саяси деректер бар, сол кездегі халықтың өмірінен, таным-түсінігінен, дүниетанымы мен салт-дәстүрінен хабар береді. Тарихи оқиғалар тізбегі Ұлы қағандардың жорықтары жыраулық-жорықтық үлгідегі әдемі, көркем тілмен баяндалған. Сондықтан көптеген зерттеушілер оларды Көркем шығармаларға жатқызады.
Көне Түркі жазуларының сыртқы түрі бізге тасқа қашалған түрде, «баспа әріптері» түрінде жетті. Оның жазбаша түрі қандай болғаны туралы мәлімет жоқ. Себебі маталарға, өңделген терілерге жазылуы мүмкін жазба әріптер бұл материалдардың төзімсіздігіне байланысты бізге жетпеді. Алғаш көрген адам бұл жазуларды бір қарағанда қазақ руларының таңбаларына ұқсатады. Яғни жазулар «жебе таңбалар», «ай таңбалар» және «тұмар таңбалар» мен «көз таңбалар», «балық таңбалар» сосын «тарақ таңбалар» мен «сырға таңбалардан» құралады. (Википедия, wikipedia.org/wiki/)
Түсініктеме!
ағыс – су ағыны, бағыт, бет алыс;
ойпат – теңіз бетінен төмен жатқан жазықтық;
нысан – зерттеуге, бақылауға арналған зат, құбылыс, объект;
таным – ақиқат, дүниені, өмірді танып білу жөніндегі білім;
жебе – садақ оғы;
жырау – жырды көп білетін және жанынан өлең шығаратын жыршы адам;
жыраулық – жырауға тән қасиет, соған лайық өнер;
жорықтық – жорыққа, аттанысқа керекті зат;
жорық – шабуыл, аттаныс, шайқас;
1-тапсырма. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін зерттеуге арналған экспедициялар туралы не білесіз?
2-тапсырма. Мәтін бойынша хронологиялық көрсеткіш жасаңыз.
Қосымша материалдар
