Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Учебник. Жакибаева К.А. (новый).doc
Скачиваний:
17
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
32 Мб
Скачать
☆

Нарықтық экономикадағы бәсеке

1-сабақ. БИЗНЕС ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Бизнес сөзінің қазақша мағынасы кәсіпкерлік, сауда-саттық дегенді білдіреді. Ол – пайда табуға бағытталған әрекеттің, экономикалық қызметтің бір түрі. Сондай-ақ, жеке кәсіпкердің, фирманың іскерлік қызметі. Бизнес адамның табиғи қасиеттеріне, біліміне, қабілеттілігіне негізделе отырып ұйымдастырылады. Бизнесте қандай да бір істен пайда табуға, кіріс кіргізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар қоғамға пайда келтіруге де мүмкіндік бар. Бизнеспен айналысқан адам өзінің материалдық, рухани қажеттіліктерін де қамтамасыз етуі керек. Бизнесте қоғам мүшелерінің сұранысы мен ұсынысы ескеріледі.

Экономикалық жүйенің барлық салаларын дамыту арқылы мемлекеттің экономикасы дамиды. Бизнесті дамыту арқылы табыс тауып, салық төлеуге, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге болады. Табыстан салықтар және басқа алымдар да төленеді. Әлеуметтік көмек көрсету, басқа да мәселелерді шешуге болады. Іскер орта көптеген әлеуметтік және басқадай проблемаларды өкімет бағдарламаларының шеңберінде, сонымен қатар дербес шешуге де қатысады. (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы ІІ том)

Пікірлесейік:

– Сіз қалай ойлайсыз, бизнестің артықшылығы неде?

– Бизнеспен айналысудың жолы қиын ба, жеңіл ме?

– Бизнеспен кез-келген адам айналыса ала ма?

– Біздің елімізде бизнеспен айналысуға жол ашық па?

– Алыпсатарлық деген сөзді естуіңіз бар ма?

– Бизнес пен алыпсатарлықтың айырмашылығы неде деп ойлайсыз?

1-тапсырма. Мақал-мәтелдерді мағынасына қарай топтастырыңыз.

*Еңбегі аздың өнбегі аз.

*Ерді еңбек жеткізер.

*Еңбегіңнен ел таныр.

*Ердің атын еңбек шығарар.

*Еңбегің қатты болса,

Татқаның тәтті болар.

*Еңбек ет те міндет ет.

*Еңбек ер атандырар.

*Еңбек етсең емерсің,

Ерінбесең – жеңерсің.

2-тапсырма. Тірек сөздер арқылы сөйлем құрастырыңыз.

Бизнес, пайда тап, арналған, әрекет, экономикалық, қызмет түрі.

Табыс алу, мақсат, істелетін, жұмыс.

Жеке кәсіпкер, фирма, іскерлік қызмет.

Бизнес, қоғам, пайда, келтіру, мүмкіндік, беру.

Бизнес, қоғам, мүшелері, сұраныс, ұсыныс, есепке, алыну.

3-тапсырма. Жақша ішіндегі керекті сөздерді пайдаланып, бірнеше сөйлем құрастырыңыз.

Бизнес (пайда табуға, баюға, ұзақ өмір сүруге,атақты болуға) бағытталған қызметтің түрі.

Бизнесмен (халықтың жағдайын жеке басының жағдайын, қызметкерлердің жағдайын) ойлайды.

Адам (өз мүлкін сатқаннан, өзіне автокөлік сатып алғаннан, саудамен айналысқаннан) бизнеспен айналысқан болып саналмайды.

4-тапсырма. «Егер, мен бизнесмен болсам» деген тақырыпта монолог құрастырыңыз.

2-сабақ. БИЗНЕСТЕГІ ҚҰПИЯЛАР

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Бүгінгідей бәсекелестік жағдайында жеке кәсіпорынның коммерциялық құпиялылығын құрайтын мәліметтерді анықтау қажеттілігі туады. Оған идеялар, өнертабулар, жаңа технологиялар, фирманың табысы, тауар жеткізуші, тауар өткізу жүйесі, байланыстар туралы мәліметтер т.б.жатады. ҚР. Азаматтық Кодексі коммерциялық құпияға жатқызылуы мүмкін мәліметтердің тізімін көрсетеді.

Кәсіпорынның өзі заң негізінде коммерциялық құпияға жатқызылатын мәліметтердің тізімін нақты анықтайды. Ол мәліметтер ғылыми-техникалық сипатта болуы мүмкін: сызбалар (чертеж), сызбанұсқалар (схема), рецептура, технологияның ғылыми нұсқалары, жеке электронды есептеу машиналарына арналған бағдарламалар. Іс жүргізу туралы мәліметтер де коммерциялық құпияға жатуы мүмкін. Оларға мыналар енеді:

  • Клиенттермен қаржылық есептесу, несие туралы мәліметтер (ресми қаржылық есептерден басқа) т.б;

  • Табыс, өнімнің өзіндік құны мен қызмет көрсету туралы мәліметтер, олардың көлемі мен өту бағалары;

  • Кәсіпорынды дамытудың стратегиялық және тактикалық жоспарлары жоспарлары, тауардың бар-жоқтығы мен тапсырыстар көлемі;

  • Ішкі және сыртқы саудадағы өнім мен қызмет көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін талдау;

  • Жарнама қызметінің жоспары;

  • Бәсекелестер, делдалдар туралы мәліметтер, олардың қаржылық жағдайы мен қызметкерлер құрамы туралы тізімдер мен басқа да мәліметтер;

  • Жасалған және жоспарланған келісімдер мен олардың шарттары, көлемі, сипаты туралы мәліметтер.

Кәсіпорын басшылығы коммерциялық құпияға жататын мәліметтердің сипаты мен көлемін өзі анықтайды және бұл мәліметтерді жария болудан қорғайды, құпия мәліметті білетін адамдардың тізімін белгілейді.

Мемлекеттік үкімет орындары коммерциялық құпияны анықтау мен сақтауға заңда көрсетілген жағдайлардан басқа уақытта араласа алмайды. Коммерциялық құпияны қорғау үшін кәсіпорын әкімшілігі мыналарды белгілейді.

  • Мәліметтің коммерциялық құпияға жату ережесін;

  • Коммерциялық құпияны білетін адамдардың тізімін;

  • Құпиялық режимді, яғни, коммерциялық құпия істерді жүргізу тәртібін, оның есебін, құпиялылығын сақтау, көбейту, жою мерзімі мен тәртібін;

  • Құпия мәліметті қорғаудың техникалық шарттарын.

Арнайы бұйрықпен (бұйрықтың өзі де құпия болады) басшы «Кәсіпорынның коммерциялық құпия мәліметтерінің тізімін» бекітеді. Коммерциялық құпияға қатысы бар адамдар қолхат беру арқылы бұйрықпен оның қосымшаларымен таныса алады. «Кәсіпорынның құпия мәліметтері туралы ереже» жасалуы мүмкін. (В.Салагаев Іс қағаздарын екі тілде жүргізу)

Түсініктеме!

өнертабу – ғылымда, шаруашылықта, техникада өнімді көбейтерлік мәні бар, бірнәрсені жетілдіру арқылы ойлап табылған жаңалық;

рецептура – бірденені дайындаудың жолы, ереже, норма;

делдал – сатушы мен сатып алушы арасында жүретін пайдакүнем;

Жағдаяттық тапсырма!

Өз фирмаңыз туралы әңгімелеп беріңіз. Жоғарыдағы құпиялардың сіздің фирмаңыз үшін қандай пайдасы болады деп ойлайсыз? Нарықтағы бәсекені қалай ескересіз?

1-тапсырма. Сұхбатты өзіңіздің қуанышыңызбен жалғастырыңыз.

– Мен өз бизнесімді аштым.

– ................................................................................................ .

– Бизнесіңнің ерекшелігі неде?

– .............................................................................................. .

– Бизнесіңді қай салада аштың?

– .............................................................................................. .

– Қазір халықтың сұранысы мен ұсынысы қай салаға қажет?

– ............................................................................................. .

2-тапсырма. Ойды жалғастырыңыз.

  • Құпияның фирма үшін пайдасы ...

  • Коммерциялық құпия жайында ...

  • Өнеркәсіптік құпиялар туралы айтар болсақ...

  • Қаржылық – несие құпиясы, ол ...

3-тапсырма. Фразеологиялық тіркестерді пайдалана отырып, мәтіннің мазмұнын өз ойыңызбен жалғастырыңыз.

істеген ісі далаға кетті – бар қызметі зая кетті, босқа бейнет етті;

іске алғысыз – түкке тұрғысыз, жарамсыз;

істің көзін білді – жұмыстың орындалу тетігін, жүйе-жүйесін тауып істеді;

ісінен түңілді – істеген әеркетінен көңілі қалды;

ісіне мығым – шаруасын тындырымды істейтін адам туралы айтылады;

іске мұрындық болды – бас жұмысқа бастаушы болды.

3-сабақ. БИЗНЕСТЕГІ АДАЛДЫҚ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Компания тапсырыс берушілердің ең таңдаулы тілек-талаптарын адал қанағаттандыру үшін, яғни кәсіпорынның табысты және бірқалыпты жұмысының кепілі болып табылатын тұтынушылардың сенімін қамтамасыз ету үшін, жалпы қоғамға жағымды әсер ету арқылы тұтынушылардың сұраныстарын толық қанағаттандырады. Ол үшін:

  • компания бұрынғы қалыптасып қалған ескі әдеттерден арылып, өзгерістерді, жаңа істер мен қажеттіліктерді жасауға ұмтылу,

  • тұтынушылардың сұраныстарын қанағаттандыру үшін қызметті жетілдіру,

  • компания материалдық, ақпараттық және қаржылық ресурстарды барынша толық және тиімді пайдалану,

  • компанияда әрбір қызметкер, директордан бастап жұмысшыға дейін орындалған жұмыстың сапасына жауап беру,

  • стандарттарға, техникалық талаптарға, заңдылыққа және тұтынушылардың сұрауына сай келмейтін өнімдер шығаруға жол беретін іс-әрекет пен шешім қабылдамау,

  • компания өзінің бағасын әрбір жұмыскердің үздіксіз кәсіби өсу, фирма аралық қатынастарды және үдемелі әдістер мен технологияны пайдалануды жетілдіру жолымен көтеру,

  • компания өзінің кәсіби шеберлігін танытуға жағдай жасайтын жетекшілерінің және корпоративтік мәдениетін көтеретін әрбір қызметкерінің қабілетін бағалау сияқты жұмыстарды атқару керек.

Адалдық – адам мінезіндегі бағалы қасиет. Жеке тұлғаның сана-сезіміне, ар-ұжданына қайшы келмейтін, халықтың мақсат-мүддесіне көздейтін, тарихи шындықпен, прогреспен ұштасып жататын іс-әрекеттер. Қарапайым халық адалдықты кіршіксіз, таза ұстауға ұмтылады. «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі – қазақтың әулиесі сол» дейді Абай. Адалдық адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды. Ол адам бойында туа пайда болмайды. Қоғамның дамуына сәйкес, әрбір адамның өнегелі тәрбиесіне, оқып білім алуы мен адал еңбек ету үрдістерінде қалыптасады. Адалдық – адамның жеке тұлғалар мен адамдардың абырой-атағын арттыратын ізгі қасиет.

Бизнестегі адалдық та осы қағида бойынша қалыптасу керек. Бизнесті бастағанда адал ниетпен бастау керек. Тұтынушыға «сапалы тауар, сапалы қызмет» деген ұстаным болу керек. Бизнесің алға қарай жүруі үшін, өркендеуі үшін мына ұстанымдарды есте сақта:

  • Қулық жасама, адал бол!

  • Адал кәсіптің пайдасы да мол болады!

  • Тұтынушыны алдама, адалдық сенің беделіңді арттырады

  • Тек пайданы ойлама, арды да ойла!

  • Адал кәсіптің арты абыройға апарар!

  • Сөзің мен ісің сәйкес келсін!

  • «Мен саған,сен маған»

  • Жұмыс істесең жағдайыңды жасаймын!

  • Адалдық, тағы да адалдық

  • Таңертең ақшасы, кешке тауары

  • Жақсылыққа жақсылығымды аямаймын.

«Егер ісім өнсін десең, ретін тап»,«Адамның адамшылығы істі қалай аяқтағанына емес, істі бастағандығынан білінеді,» «Адал еңбекпен мал іздемек, ол – арлы адамның ісі» – дейді данышпан Абай.

Өтiрiк айтуға бейiмдiлiк – адамгершiлiк тұрғысынан қарағанда, әрине, адалдық қасиетiнiң қас дұшпаны. Керiсiнше, шыншылдық, турашылдық –өлмес рух пен арлылықтың, адалдықтың алғышарты. Кез келген халықтың моральдық қағидасы – осылай. «Өтiрiктiң балын жалап тiрi жүргенше, шындықтың уын iшiп өлген артық» дейдi бұл туралы Бауыржан Момышұлы. Александр Блок даналығы «қандай ауыр болса да – тек шындық қана жеңiл» екенiн алға тартады. Ал батыс ойшылы Генрих Ибсен болса, «Адал арың – ақ мамық жастығың» деп, адалдықтың адамға берер тыныштығын, жан рахатын айтып өткен…

Түсініктеме!

жұмыскер – өндірісте жұмыс істейтін адам;

үдемелі – еселеніп арта беретін, үстемеленіп молая беретін, көбейе беретін;

ар-ұждан – адамға тән ізгі қасиет, намыс, ұят;

ұштасып жату – ұласу, жалғасы;

кіршіксіз – мұнтаздай, мүлтіксіз; шайдай ашық, мөлдір;

ар – адамгершілік, ізгі қасиет;

алға тарту – ілгері, ілгері қарай;

ретін табу – істің жөні, ыңғайы.

Пікірлесейік!

Адалдық адам бойындағы тамаша қасиеттің бірі...

Адалдықтың формуласы бар ма?

Адалдықтың түрлері бар ма?

1-тапсырма. Ойды жалғастырыңыз...

Бизнес адамдарды неге үйретеді ...

Бизнес адам психологиясына қалай әсер етеді...

Адамның еңбегін, ойын,күш-жігерін неге бағыттауға болады?

Бизнес пайда табуға, атақты болуға бағытталған қызметтің түрі...

Бизнесмен халықтың жағдайын, өзінің жеке басының жағдайын ойлайды...

2-тапсырма: Сұрақтарға жауап беріңіз.

  1. Адам бойындағы қандай қасиеттерді бағалай аласыз?

  2. Қазіргі заманда «адам адамға дос, бауыр, жолдас» деген ұғымды жастар қалай қабылдайды?

3-тапсырма. Мақал–мәтелдердің мағынасын жағдайлар арқылы түсіндіріңіз. * Адамгершілік болмай,  Әділдік болмас.  *Адамның ұяты бетінде ,  Адамгершілігі ниетінде. 

*Ала сөйлеп, ұлыққа жаққанша,  Адал сөйлеп, жұртқа жақ. 

*Адалдық – ардың ісі.

*Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді.

*Асылдың бірі – адалдық.

8-модуль