Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Учебник Акушерство каз от 12.02.09.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
92 Мб
Скачать
☆

46 Сурет . Шүйде сүйегінің артқы қарап туылуындағы босану механизмі

а – І кезең бастңы иілуі

б – ІІ кезең бастың ішкі бұрылыс жасауы

в – ІІІ кезең бастың қосымша иілуі

Екінші бекіту нүктесі артынан, шүйде шұңқыры мен құйымшақ арасында. Маңдай шаттың төменгі етегіне тіреліп, бастың көбірек бүгілуіне байланысты жыныс ернеуінен маңдай мен шүйде бір мезгілді шығады. Осыдан кейін бас түзеле, шалқая келе жыныс ернеуінен толық босанып шығады.

Төртінші кезең - иықтың іштей, бастың сырттай бұрылуы. Осы сәттен кейін нәрестенің толық өмірге келуі аяқталады.

Шүйденің артқа қарап тууы кезінде босанудың екінші кезеңі ауырлау және ұзақтау болады, оның себебі бастың қосымша бүгіліп, жыныс ернеуінен шығуы кезінде көп күш кетеді.

Бұл жағдайда ана мен балада мынадай асқынулар болуы мүмкін:

  1. Бұтаралықтың ажырауы;

  2. Босанудың ІІ кезеңінің ұзаққа созылуы;

  3. Босану кезінде нәрестенің тұншығуы, жарақаттануы.

Шүйденің артқа қарап туу ерекшеліктері:

1. Нәрестенің басы жыныс ернеуінен өзінің орта қиғаш өлшемімен туады (ол өлшем - 10 см; айналымы - 33 см);

2. Шүйде сүйегі - сегізкөзге, маңдай сүйегі шатқа бағытталған;

3. Екі бекіту нүктесі бар: бірінші нүкте – маңдайдың шашпен ұштасқан жері (үлкен енбектің алдыңғы шегі), шат сүйегінің төменгі етегінде; екінші нүкте - құйымшық пен шүйде шұңқыры арасында.

Акушерлік көмек нәресте басы жыныс ернеуінен көрінген кезде басталады. Ол бес кезеңнен тұрады:

Бірінші кезең – нәресте басының мезгілінен бұрын шалқаймауын камтамасыз етеді. Ол үшін акушер сол қолын шат үстіне, шығып келе жатқан баланың басына қояды.

Екінші кезеңде - акушер күшену арасында қынап тесігін бас және сұқ саусағымен созып, басты жыныс ернеуінен ептеп шығарады.

Үшінші кезеңде – акушер оң қолын аралыққа қойып, жұмсақ ұлпаларды баса отырып, аралыққа түсетін қысымды төмендетеді, оның жыртылуына кедергі жасайды.

Төртінші кезеңнің мақсаты – күшену күшін басқару; шүйде шұңқыры шаптың төменгі жиегіне тірелген кезде әйелге күшенуге болмайды.

Бесінші кезеңде – нәрестенің иығын босатып, тұлғасының шығуына көмектеседі. Ол үшін акушер нәрестенің басын екі қолымен ұстап, алдыңғы иығы босап шыққанша ақырындап төмен тартады. Содан кейін оң қолын аралыққа қойып, сол қолымен басты жоғарғы көтеріп, артқы иықты босатып алады. Нәресте тұлғасы босанып шыққаннан кейін сұқ саусақты қолтық астына қойып, жоғарғы көтеріп, нәрестені түгелімен шығарып алады.

Туу кезінде көрсетілетін акушерлік әрекет кезеңдері

Бірінші тәсіл - нәресте басының мезгілінен бұрын шалқаймауын қамтамасыз ету. Ол үшін акушер сол қолын шат үстіне және жыныс қуысынан «кесіп-жарып» шығып келе жатқан бас үстіне қойып, жайлап бастың мезгілінен бұрын шалқаймауына және босану жолдарынан тез жылжымауына кедергі жасайды.

Екінші тәсіл – бастың шығуы. Бұл кезде аралық ұлпасына түсетін күшті азайту қажет. Ол үшін оң қолдың алақанын аралыққа қойып, төрт саусақты сол, үлкен саусақты оң жыныс ернеуіне тірейді. Бармақ ұштарымен үлкен жыныс ернеуінің жұмсақ ұлпаларын жайлап басыңқырап, төмен түсіреді, бір мезгілде оң қол алақанымен аралық ұлпасын басып, оны қорғайды, оған түскен күшті азайтады.

Үшінші тәсіл - әйелдің күшену күшін реттейді. Күшену күшін реттеу үшін шүйде шұңқыры симфиздің төменгі жиегіне тірелгенде әйел күшенуін тоқтатып, терең және жиі тыныс алуы керек. Акушер әйелдің күшенуі біткенше қолдарымен бастың жылжуын ұстап, біртіндеп, оң қолының саусақтарымен жыныс ернеуін созып, сол қолмен басты жоғары көтеріп, шығарып алады.

Иық белдеуінің босауы. Нәресте иығын босатып, оны тудырып алу әрекеті. Нәресте басы туылғаннан кейін иық іштен, бас сырттан бұрылады. Әйел күшенген кезде нәресте басы бетін анасының сол не оң жақ санына бұрады, иық ішке бұрылысын жасап, жамбастың шығаберіс жазықтығының тік өлшеміне сәйкес келеді.

Алдымен бірінші, сосын екінші иығы шығады. Ол үшін акушер нәресте басын екі қолмен ұстап, бұрын шыққан иығы босап шыққанша ақырындап төмен тартады. Кейін оң қолын аралыққа қойып, сол қолмен басты жоғары көтеріп, келесі иықты босатады. Иық белдеуі шыққан соң, қолтық астына екі қолдың сұқ саусақтарын енгізіп, оны жоғары көтеріп, нәрестені тартып тудырып алады.