Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Учебник Акушерство каз от 12.02.09.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
92 Мб
Скачать
☆

Хіү тарау. Жүктіліктің бірінші және екінші жартысындағы гестоздар Гестоздың анықтамасы, түрлері , жиілігі

Жүктілік кейде өзінің қалыпты физиологиялық бағытынан ауытқып, асқынып ауруға шалдығады, соның бірі ­ гестоз немесе токсикоз. Гестоз немесе токсикоз дегеніміз ­ тек жүктілік кезінде ғана пайда болатын құбылыстар мен аурулар тобы. Жүрек, жүрек-қан тамыр, бүйрек, бауыр, бала жолдасы және зат алмасу жүйелері едәуір өзгерістерге ұшырайды. Бұл асқынулар әйел босанғаннан немесе түсік тастағаннан кейін ғана біртіндеп кете бастайды.

Ашып айтқанда, бұл асқынуда әйел ағзасында өзгеріске ұшырамайтын бірде-бір мүше немесе жүйе жоқ.

Гестоз екі үлкен топқа бөлінеді: ерте және кеш гестоздар. Ерте гестоздарға: лоқсу, құсу, тоқтаусыз құсу, сілекей ағу, қышыну, жүктілік дерматозы, сары ауру, остеомаляция және бауырдың жіті сарғайып, солуы жатады.

Кеш гестоздарға жүкті әйелдің ісінуі (шемені), нефропатия, преэклампсия және эклампсия жатады.

Жүктіліктің екінші жартысындағы гестоздың жиілігі 7-16% аралығында, шетел авторларының зерттеулері бойынша 23% дейін. Біздің республикамызда да жоғарғы дәрежедегі «қауіп-қатер» тобындағы әйелдерді ерекше есепке алып, бақылау жүргізген күннің өзінде жүкті әйелдер арасында гестоздың жиілігі артуда.

Мысалы, бұдан 10 жыл бұрын гестоздың жиілігі 6-10% болса, қазіргі кезде 16-23% артты, әсіресе, оның ауыр қатерлі түрлері акушерлік тәжірибеде жиі кездесетін болып отыр. Ана мен бала өлімі ­ екінші орында.

Гестоздың пайда болу себептері мен даму жолдары

Гестоздың пайда болу себептері мен даму жолдары толық анықталмаған. Ғылыми тұрғыда 30-ға жуық теориялар бар. Көптеген авторлар гестоздың дамуын жүктіліктің пайда болуымен байланыстырады. Мысалы, тоқтаусыз құсатын әйелдің жатырын тазалап, ұрықты алып тастаса, әйел жағдайы бірден жақсарады, сол сияқты босанған әйелдерде гестоз белгілері бірден жоғалады.

Қазіргі кезде көп теориялардың ішіндегі негізгілері:

  1. Нейроген теориясы.

  2. Иммунологиялық аллергия теориясы.

  3. Ортаға бейімделу теориясы.

Нейроген теориясы бойынша, жүктілік кезінде жатырдан орталық жүйке жүйесіне патологиялық толқындар келіп түседі, соның әсерінен олардың қарым-қатынасы бұзылып, мүшелер мен жүйке жүйесінің қызметтері қалыптан тыс ауытқиды.

Иммунологиялық аллергия теориясы бойынша жүктілік кезінде ана, бала жолдасы, ұрық өзара қалыпты иммунологиялық қарым-қатынаста болады. Жүктіліктің дамуы барысында осы қалыпты жағдай көптеген сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен бұзылады. Олар: 1) сыртқы ортаның әсері; 2) әйел ағзасындағы өзгерістер; 3) плацента жүйесіндегі өзгерістер; 4) ұрықтың өзіндегі өзгерістер.

Сонымен қатар ана мен ұрықтың арасында иммундық генетикалық сыйыспаушылық, яғни олардың антигендік құрылыстарының әр түрлі болуының да маңызы зор. Тканьдік антигендер ана қанына өтіп, ағзаның сезімталдылығын күшейтеді, оның қарсы тұру қабілетін арттырып, гестоздың пайда болуына үлкен себепкер болады.

Бейімделу теориясы. Жүктілік кезеңі әйел ағзасына елеулі өзгерістер енгізеді, осыған байланысты ағзаға ең жоғарғы талаптар қойылады. Осы жаңа талаптарға сәйкес әйел ағзасының бейімделуі физиологиялық және де патологиялық салада болуы мүмкін.

Жүктіліктің екінші жартысындағы токсикоз кезінде, ана ағзасы жаңа талаптарға бейімделу саласында үлкен патологиялық өзгеріске ұшырайды. Бұл өзгеріске бірден-бір әсер ететіндер ­ ана, ұрық және плацента жүйесіндегі иммунологиялық қозғалыстар. Бұл патологиялық өзгерістер мен нейрогуморалдық қарым-қатынастың бұзылуы салдарынан жүктілік гестозы кезінде бүкіл ағзада қан тамырларының тарылуы (тамыр спазмасы) пайда болады. Осыған байланысты, олардың барлық қасиеттері бұзылады, сөйтіп оның физиологиялық күш-қуаты кеміп, қан айналымының өзгеруіне әкеліп соғады. Жоғарыда аталған қасиеттер бүкіл ағзадағы оттегінің азаюына душар етеді, осының салдарынан жасушаларда оттегі жетіспейді. Осы аталған жағдайлардың барлығы да әйелдің жүктіліктің екінші жартысындағы токсикозға шалдығуына әкеледі.