Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Учебник Акушерство каз от 12.02.09.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
92 Мб
Скачать
☆

Әйелдер кеңесіндегі медициналық бике жұмысы

Әйелдер кеңесінің дәрігерлері алдын алу және емдеу көмегінің барлық көлемін дәрігерлер сияқты белгілі бір аймаққа тіркелген акушер немесе медбикемен бірлесе атқарады. Аймақтық акушер немесе медбике міндетіне сол аймақтағы барлық жұмыстың ұйымдастырылуы мен жүргізілуінде дәрігерге көмек көрсету кіреді. Ол үшін медбикелер өздері тіркелген аймақтың ерекшеліктерін жетік біліп, әйелдерді дәрігерге жиі қаралуға белсенді насихаттауы тиіс.

Медбике аймақтық дәрігерге жүктілер мен гинекологиялық науқастарды қабылдауда көмек көрсетеді. Қабылдау жүргізу алдында ол кабинетті, құралдарды және құжаттарды дайындайды. Дәрігер жұмысқа кіріскенде кабинетте жамбасты өлшегіш, сантиметрлік лента, акушерлік стетоскоп, фонендоскоп, қан қысымын өлшейтін аппарат дайын тұруы керек. Құралдарға арналған үстел үстінде стерильді қынап айналары, корнцангтер, ұзын пинцеттер, жағынды алу үшін сүңгілер орналасуы тиіс. Жеке бір үстел үстінде бокстерде стерильді материалдар дайын тұруы керек: мақта шариктері, тампондар, таяқшалар, қолғаптар, сондай-ақ жағынды алу үшін шынылар, емдік шараларға қажетті дәрілік препараттар, стерильді ерітінділер, майлар, т.б. Сонымен қатар ол рецепт, анализ тапсыруға жолдамалар, мамандар кеңесіне жолдамалар, госпитализация үшін бланктерді дайындауы тиіс. Медбике дәрігер қарауына дейін жүктінің салмағын, қан қысымын (екі қолының да) өлшеп, мәліметтерді жеке карталарына жазады. Қабылдау барысында медбике дәрігерге белсенді көмек көрсетеді: кзекпен әйелдерді шақырып отырады, оларды тексеруге қатысады, құралдарды әперіп тұрады, т.б.

Аймақтық медбике диагностикалаудың кейбір тәсілдері мен өз бетімен жүктілердің жамбас көлемін, іш айналасын және жатыр түбінің биіктігін өлшеу, сыртқы акушерлік тексерудің арнайы тәсілдерін қолдану сияқты жеке шараларды орындау техникасын жүргізе білуі керек.

Әйелдер кеңесі медбикесінің міндеттерінің бірі - әйелдің несеп-жыныс мүшелерінің түрлі бөлімдерінен жағынды алу және емдік гинекологиялық шаралар жүргізу. Үлкен әйелдер кеңесінде жеке шаралар жұргізу кабинеті ұйымдастырылады. Оларда арнайы дайындықтан өткен ем-шара медбикелері жұмыс істейді.

Кабинеттегі жұмысы аяқталғаннан кейін медбике (акушер) жүктілерді, жас босанған әйелдерді және гинекологиялық науқастарды үйлеріне барып тексереді (патронаж). Патронаждың мақсаты – белгіленген мерзімде кеңеске келмеген әйелдердің жағдайын, стационарға жолдама алған әйелдің бармау себептерін анықтау. Сондай-ақ, медбике патронаж кезінде науқастың дәрігер тағайындауларын дұрыс орындап жатқанын тексеруі, әйелдердің акушер-гинеколог қарауына келуіне тартуы, өз аймағындағы әйелдердің тұрмыстық жағдайымен танысуы тиіс. Жүктілерді үйлерінде қарау кезінде медбике тек алдын алу емес, сонымен қатар емдік-диагностикалық жұмысты да атқарады, осыған байланысты тонометр, фонендоскоп, акушерлік стетоскоп, сантиметрлік лента, зәрді қайнатуға арналған пробиркасы бар патронаж сөмкесін де бірге ала жүруі керек.

Медбикелер арнайы дайындықтан өткеннен кейін жүктілердің босануға физиопсихопрофилактикалық дайындығын да өткізе алады.

Ана мен баланы қорғау саласында құқық сұрақтары бойынша дайындықтан өткен медбикелер әйелдерге әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге қатысады.

Әйелдер кеңесінде жұмыс істейтін медбике (акушер) орта медициналық персонал жұмысының күнделігін (№ 039-1/у ф.) жүргізеді.