Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКД Кримин 2014-2015.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
320 Кб
Скачать
☆

1. Тану үшін ұсыну түсінігі, мақсаты және түрлері

Қылмыстық істерді тергегенде кей жағдайда жеке адамның, заттардың, бұйымдардың және басқа да объектілердің осы тергеліп жатқан қылмысқа байланысын анықтау үшін оларды жәбірленушіге, куәге тану мақсатымен ұсынып, көрсетуге тура келеді. Бұл объектілерді тану үшін көрсету тергеу әрекетінің қылмысты ашуда, іске керекті дәлелдемелерді тауып, жинауда маңызы зор. Себебі осы әрекет арқылы қылмыс жасаған адамның кім екені анықталады, іс бойынша қажетті заттай дәлелдемелер табылады. Бұл тергеу әрекетінің мағынасы – ол қылмысқа байланысты бұрын көрген объектіні танушы адамның өзінің ойында қалған осы объектінің белгілері бойынша танып, айыруы. Яғни, психологиялық жағынан алғанда бұл да криминалистикалық идентификациялау процесінің бір түрі. Мұнда да танушы адам өзіне көрсетіп отырған объектідегі белгілерді, өзінің бұрын көрген объектіні ойында қалған белгілерімен салыстырып, теңдестіріп, сол бойынша мына көріп тұрған объектісі бұрын көрген объектінің нақ өзі, немесе ол еместігін айырып, шешуі керек.

Тану үшін көрсетілетін объектілер қатарына жататындар: адамдар, мәйіт, зат, бұйым, мал, кей жағдайларда пәтер, бөлме не жеке бір жерлер де көрсетілуі мүмкін.

Тану үшін көрсету дегеніміз ол жәбірленушіге, куәге, сезікті адамға немесе айыпкерге белгілі бір объектіні көрсету арқылы, осы объектіні оның бұрын көрген не көрмегенін анықтап, егер көрген болса, қашан және қандай жағдайда көргендігін, оны нақты қандай белгілері бойынша танитындығын айырып, шешу үшін жүргізілетін заңда көрсетілген тергеу әрекеті.

Бұл тергеу әрекетін өткізудің қажеттігі тергеу үстінде алынған жауаптан туындайды. Сондықтан бұл тергеу әрекетінің жауап алумен көп ұқсастығы бар. Тіпті, бұрынырақ бұл тергеу әрекеті жауап алудың бір түрі есебінде саналып жүрді. Қылмыстық іс жүргізу кодексінде бұл тергеу әрекеті адамның кім екені, яғни, заттарды танытқанда жауап алу деп аталып, жауап алудың бір түріне теңестірілді. Бірақ бұл тергеу әрекетін өткізудің психологиялық процесіне талдау жасасақ, ол криминалистикалық идентификациялау процесінің бір түрі ретінде идентификациялық қағидалар тұрғысында өткізіледі. Бұл тергеу әрекеті объектілерге тән белгілерді теңдестіруге негізделеді. Әдетте, көзбе-көз көріп тұрған белгілерді салыстыру арқылы идентификациялық сұрақ шешілмейді.

2. Тану үшін ұсынуды жұргізу туралы шешім қабылдау.

Объектілерді тану үшін көрсетер алдында жүргізілетін дайындық жүмыстары

Объектілерді тану үшін көрсетер алдында тергеуші біраз дайындық жұмыстарын жүргізу керек. Осы жұмыстардың ұқыпты, мұқият жүргізілуіне бұл тергеу әрекетінің сапасы, нәтижелілігі, қорытындысының объективтігі тікелей байланысты.

Жоғарыда айтылғандай, объектілерді тану үшін көрсетудің керектігі бұдан бұрын куәден, жәбірленушіден, не айыпкерден алынған жауаптарынан туындайды. Сондықтан бұл тергеу әрекетін өткізу қажеттігін, оны өткізу мүмкіндігін шешер алдында тергеуші осы адамдардың объектіні қандай жағдайда көргендігі, оның сол объектіні қандай жеке белгілері, ерекшелігі бойынша тани алатындығы жөнінде жауап алады. Бұдан соң бұл тергеу әрекетін қашан және қай жерде өткізу керектігін, өткізетін жерін, уақытын тағайындайды. Бұл мәселелерді шешуде тергеушінің объектіні тануға неғұрлым тезірек көрсету керектігін қатаң ескертуі тиіс. Өйткені уақыт өткен сайын куәнің (жәбірленушінің) ойында көрген объектінің бейнесі, белгілері ұмытылып, көмескіленуі мүмкін. Сонымен бірге бұл жұмысты асығыс өткізуге де болмайды. Себебі дайындық кезіндегі асығыстық тергеу әрекетінің сапасына керісінше әсер етеді. Тергеу әрекеті объектілерді көрсетуге қолайлы, ыңғайлы жерде өткізілуі қажет. Дайындық жұмыстарының ең бір күрделісі – көрсетілетін объектіге ұқсас объектілерді табу. Айталық: адамды тану үшін көрсетуде осы адамға сыртқы тұрпаты, пішіні, келбеті жағынан ұқсас дублерлерді, ал заттарды тану үшін көрсету кезінде жалпы белгілері сәйкес келетін ұқсас заттарды табу қажет.

Бұл тергеу әрекетін жүргізгенде бұған белгілі бір мамандарды қатыстыруға тура келеді. Айталық: мәйіттің кім екенін тану үшін оны көрсетуге тура келсе сот-медицина саласындағы маманды, ал объектіні танушы жасы жетпеген куә, жас бала болса педагогты қатыстыру керек. Дайындық үстінде тергеуші керек құрал-саймандарды, ғылыми-техникалық құралдарды әзірлеп алуы тиіс. Суретке не бейнежазбаға түсіру керек болса, фото-бейне аппаратын дайындап оны қолданып, түсіретін адамдарды тағайындау қажет.

Тану үшін көрсетілетін объектілерге байланысты тергеу әрекеті бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтқанда: адамның кім екенін тану, заттарды тану үшін көрсету, мәйіттің кім екенін, оның аты-жөнін білу үшін тануға көрсету. Малдарды тану үшін көрсету, белгілі бір жерді, не бөлмені, тұрғын-үйді тануға көрсету. Объектілердің түрлеріне байланысты оларды көрсету тактикасында да ерекшеліктер бар.