- •«Дін» туралы түсінік, оның мазмұны мен маңызы. Діннің мақсаты мен міндеттері. Негізгі дерек көздері.
- •Ислам дінінің түркі халықтарының рухани, мәдени болмысы мен мемлекеттік жүйесіне ықпалы
- •Діни наным сенімдердің бастауы
- •6. Түркілердің ескі діні
- •Көне түркілердің діни сенімі
- •2. Конфуцианизм діні
- •3. Даосизм діні
- •4. Cинтоизм
- •2. Индуизм
- •1. Үнді діндері
- •3. Жайнизм
- •4. Сикхизм
- •5. Парсизм
- •Христиан діні
- •Христиан дінінің пайда болуы
- •Ә) Інжіл - әлемдік мәдениет ескерткіші
- •Б)Христиандықтағы басты құндылықтар
- •В) Христиан діні және ғылым
- •1. Ислам діні
- •2. Хазірет Мұхаммед (ғалайһи сәлам) пайғамбар
- •1. Өзімізге байланысты міндеттеріміз
- •2. Адамның Аллаға байланысты міндеттері
- •3. Пайғамбарымызға байланысты міндеттеріміз
- •4. Отбасыға байланысты міндеттеріміз
- •5.Адамдардың бір-біріне байланысты міндеттері
- •6. Адамдардың қоршаған ортасына байланысты міндеттері
- •7. Отанымызға байланысты міндеттеріміз
- •1. Діни үкімдер
- •Сунниттер мен шииттер
- •Шариғат
- •Исламдағы мәзхабтар
- •1. Мұсылман салт-жоралары мен сенімдік мектептері (Сенімдегі мәзхабтар)
- •2. Мұсылман құқығының негізгі мектептері (Амалдағы мәзхабтар)
- •1. Ханафи мәзхабы
- •2. Малики мәзхабы
- •3. Шафи мәзхабы
- •4. Ханбали мәзхабы
- •Қазақтар имам ағзам жолындағы мұсылмандар Сопылық (Суфизм)
- •Ислам мәдениеті
- •Ислам – адами және әлеуметтік құндылықтардың көзі
- •Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
- •Адамды сүй, Алланың хикметін сез
- •Қазақстандағы исламның таралуы
- •Сопылықтың мәні, кезеңдері мен ағымдары
- •Йасауи мектебі
- •Қазақстандағы діни білім беру тарихы
- •Қазақ мәдениеті мен ислам құндылықтарының тұтастығы
- •Атеизм және қазақтарды шоқындыру саясаты
- •V. Бөлім. Қазақ топырағынан шыққан әйгілі дін ғұламалары (6 сағат)
- •Ахмет йүгінеки
- •Жүсіп баласағұни
- •Әбу насыр әл-фараби
- •Имам әл-бухари
- •Иасауи хикметі – дін және ұлтаралық татулықтың кені
- •Абай құнанбаев
- •Шәкәрім құдайбердіұлы
- •Хусамеддин Сығнақи
- •Vі. Бөлім. Қазақстан – дінаралық келісім орныққан ел (2 сағат)
- •Дін және ғылым
- •Тақырыптық жоспарлау үлгісі
- •34 Сағат (аптасына 1 сағат)
- •Әдебиеттер
- •Тауил және таухид
2. Хазірет Мұхаммед (ғалайһи сәлам) пайғамбар
Жаңа эраның VІ-шы ғасырында әлем өркениетінің құлдырап тұрған дәуірі болатын. Ал Арабстан түбегіне келсек, арабтар құм далада тайпа-тайпаға бөлініп, бір-бірімен дау-жанжал, қанды соғыстарды басынан кешіріп жатқан болатын. Арабтар қолдан жасалған бұттарға табынатын. Сол кездерде арабтар мәдениет құрмақ түгілі, жазу-сызуды білетін адамның өзі де сирек болатын.
Алайда сол заманда Араб түбегінде Мекке, Тайф, Ясриб сияқты қалалар орналасқан болатын. Мекке қаласы Еуропа, Азия және Африканы байланыстыратын керуен жолының қақ ортасында орналасқан үлкен сауда қаласы еді. Онда арабтың Құрайш деген тайпасы өмір сүрді. Құрайштар: Умаййа, Нәуфәл, Зуһра, Таим, Адий, Махзум, Әсәд, Жумх, Сахм, Хашим деген тармақтарға айрылады.
Меккеде хз. Ибраһим мен хз. Исмаил пайғамбардың тұрғызған Қағба орналасқан. Надандық дәуірінде арабтар осыған қажыға келетін. Бірақ арабтар қағбаны бұттарға толтырып, оларға да табынатын.
Міне адамзаттың мүшкіл, қараңғылығынан құтқару үшін, бір хақ пайғамбардың келуін әлем асыға күткен еді. Ондай пайғамбардың келетін яһуди мен христиандарға түскен кітаптар да айтылған болатын. Мәселен: «сол уақытта Мәриям ұлы Иса: «әй Исраил ұлдары! Шын мәнінде мен сендерге Аллаһтың елшісімін, алдымдағы Тәуратты растаушы және менен кейін келетін «Ахмет» атты пайғамбарменен сүйіншілеймін» деген еді (Саф-6). Сондай-ақ қазіргі христиандардың Інжілдерінде де: «Дегенмен шындығын айтайын: менің кеткенім сендер үшін жақсы! Себебі мен кетсем сендерге қамқоршыларың келмейді; ал мен барған соң, оны жерге жіберемін (Жохан (Юоан) –16-7)», - деп жазады.
Хз. Мұхаммед 570 (571) жылы яғни піл жылы рабиу-л-әууәл айының 12-жұлдызына қараған дүйсенбінің таңында дүниеге келді. Әлем хз. Пайғамбардың дүниеге келуімен адамзат еш көрмеген және көре алмайтын зор төңкеріс пен құтылу дәуіріне кірді. Адам баласының рухын қарайтып кірлеткен зұлымдық пен надандық тәрізді адамды хайуаннан да төмен түсіретін жамандықтар ортадан айықты.
Хз. Пайғамбар туылғанда Киста сарайының 24 діңгегі құлады, Мәжусилердің оттары сөніп, Сәуә көлі құрғап кетті.
Пайғамбарымыз Құрайш руының хашим әулетінен шықққан. Оның жанұясы тұрғысынан өз ішінен абзал отбасынан болатын. Әкесі - Абдуллаһ, шешесі - Әминә. Пайғамбарымыздың туылуынан 2 ай бұрын әкесі Абдуллаһ, 6 жасында шешесі Әмина қайтыс болған. Хз. Мұхаммед 8 жасына дейін атасы Абдумутталибтың қолында қалды. Атасы қайтыс болғаннан кейін немере ағасы Әбу Тәліп өз тәрбиесіне алды. Пайғамбарымыздың осылайша балалық шағы тап-таза және жетімдікпен өтті. Оның боз балалық, бойдақтық және үйлі барандық өмірі де ешкімге нәсіп болмаған үлкен абыройлықпен өтті. өмірінде ешбір өтірік айтпады, айлакерлік істемеді. Оны дос-дұшпандары Мұхаммед әмин (сенімді Мұхаммед) деп атайтын болды.
Ол 25 жасында намысты және бай жесір әйел болған 40 жастағы Хадиша анамызға үйленді.
Пайғамбарымыздың 3 ұлы, 4 қызы болды. Ұлдары: Қасым, Абдуллаһ, Ибраһим, ал қыздары: Зейнеп, Руқия, Үммү Гүлсім, Фатиматү-з-зүһра.
Балаларынан Ибраһимнан басқалары осы Хадиша анамыздан туылған. Алайда балаларының Фатимадан басқалары пайғамбарымыздың тірі кезінде қайтыс болады.
Б.э. 610 жылы хз. Пайғамбарымыз 40 жасқа келген кезде, Хира үңгірінде ұлы Аллаһ тарапынан аян келіп пайғамбар болып таңдалады. Алдын пайғамбарымыз ерекше жағдайда болатын. Ол 40 жасқа аяқ басқанда көрген түсі тура келе бастады, өзі оңаша жүруді қалап, Хира тауындағы үңгірге барып, Рамазан айын құлшылықпен өткізетін. Құлағына ғайыптан «сен Аллаһтың елшісісің» дейтін дауыстар естілетін болған.
Бір күні Хира үнгірінде Жәбрейіл Әмин пайғамбарымызға көрініп;
- «Оқы!» - деді.
- «Оқу білмеймін»-деді хз. Пайғамбарымыз. Періште әмірді қайталады. Пайғамбарымыз тағы да:
- «Оқу білмеймін», -деп жауап берді. Періште жан-жақтан қысып жіберді. Сонда хз. Пайғамбарымыз:
- «нені оқимын?» - деп сұрады. Сол кезде періште алыстан естілген дауыстың ең тәтті ырғағымен мыналарды оқыды:
Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! (1) Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. (2) Оқы! Ол Раббың аса ардақты. (3) Сондай қаламмен. (4) Ол, адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен. (5) (Алақ 1-5).
Міне осылайша Құранның алғашқы аяны түсе бастады. Хз. Пайғамбар бұларды жүрегіне тоқып, періштенің үніне ілесіп дәл оқыды да, бөгелместен үйіне қайтты. Осылайша, адам баласына адамгершілік нәрін таттыратын ислам дінінің күні туылды.
Пайғамбарымыз алдын 3 жыл ислам дінін құпия түрде жайды. Кейін Алланың әмірімен халықты тура жолға, бейбітшілікке, ислам дініне ашықтан-ашық шақыра бастады.
Алғаш ислам дінін қабылдап, Пайғамбарымыз хақ пайғамбар екеніне сенген өзінің жан жары Хадиша анамыз, азат етілген құлы Зейд, 5 жастағы өзінің немере інісі Али және жан досы Әбу Бәкір Сыддық мұсылман болды. Әбу Бәкірдің нұсқауымен Осман бин Аффан, Абдурахман бин Ауф, Саад бин Әбу Уаққас, Зүбейір бин Аууам, Тальха бин Үбейдуллаһ т.б. мұсылман болды.
Бірақ саналары надандыққа шырмалып, азғындаған дін дұшпандары Мекке қаласында 12 жыл бойы ардақты Пайғамбарымыз бен меккелік мұсылмандарға жасамаған қастандығы қалмады. Мүшріктер Әбу Бәкір, Осман сияқты бай адамдарға еш нәрсе дей алмай, Билал Хабаши, Аммар бин Ясир (әкесі Ясир мен анасы Сүмеййе), Сүһейб бин Руми, Хаббаб бин Ерат, Әбу Фүкейһа т.б. сияқты жоқ-жітік, әлсіз мұсылмандарға жан түршігерлік қорлықтар көрсетті. Оларды аш, сусыз қалдырып, ұрып-соғып, ыстық құмның үстіне жатқызып, кеудесіне тас бастырып, қатты азапқа салды. Осыған байланысты алғашқы мұсылмандардан біршамасы, Хабашстанға (Эфиопия), христиан еліне көшуге мәжбүр болды.
Мұсылмандар 615 жылы 11 ер мен 4 әйел болып бір дүркін, және 617 жылы 83 ер мен 20 әйелдік екінші дүркін болып Хабашстанға көшті. Хабашстан патшасы Нажжаши барған мұсылмандарды жақсы қарсы алып, өз қамқорлығына алған.
Тіпті Меккеде мүшіріктер, Пайғамбарымыздың руы Хашим ұлдарымен қарым-қатынас жасауды үзу туралы бір-бірімен анттасты. Сонда да Пайғамбарымыз адамдарды исламға шақыруды тоқтатпады. Ол Меккеге келген рулармен кездесіп, оларды исламға шақырып отырды. Указ, Мәжәннә және Зүлмежаз атты жәрмеңкелерге барып, ол жерде кездескен адамдарға Құран оқып беріп, исламды таратуға тырысты. Құранның оқып берген адамның жүрегін өзіне баурап алатын қасиеті бар. Сондықтан көптеген адамдар Пайғамбарымыздың Құран оқып беруімен-ақ мұсылман болған екен.
Пайғамбарымыз өзіне жүктелген міндетті атқару үшін, тынбай адамдарға исламды түсіндірді. Тіпті шөл далаға шығып, ондағы тайпаларды исламға шақыратын. Ал Мекке мүшріктері де, Пайғамбарымызды жамандап, Меккеге келген адамдарды исламнан шошытуға тырысты.
Пайғамбарымыз Меккедегі кезінде Миғражға көтерілді. Ол Аллаһтың бұйрығымен Меккеден Құдысқа көтеріліп, одан Жәбраил періштенің бастауымен, мешіт Ақсадан Миғражға көтерілген.
Хз. Пайғамбарымыз көктің бірінші қабатында хз. Адаммен, екінші қабатында хз. Яхя және хз. Исамен, үшінші қабатында хз. Юсуфпен, төртінші қабатында хз. Ыдырыспен, бесінші қабатында хз. Һарунмен, алтыншы қабатында хз. Мұсамен, жетінші қабатында хз. Ибраһиммен кездесті. Ол арадан Сыдырату-л-Мұнтаһаға жетті. Бұл арада ұлы Аллаһ, Пайғамбарымызға үш нәрсе сыйлады:
Бақара сүресінің соңғы екі аяты;
Үмметтеріне Аллаһу Тағаланың жәннатқа кіруін сүйіншілеу;
Күніне бес уақыт намаз.
Миғражда хз. Мұхаммедке хз Мұсаға он бұйрық берілгендей, он екі бұйрық берілді.
Құран Кәрімде бұл бұйрықтар Исра сүресінің 22-38-ші аяттарында қамтылған. Олар:
Аллаһтан басқаға құлшылық жасамау;
Ата-ананы құрметтеу және оларға бағыну;
Туыс-туғанға, жоқ-жітікке, жолаушыларға, қорғансыздарға көмектесу;
Ысырап жасап мал-мүлкіңді орынсыз жерге жұмсамау;
Балаларды өлтірмеу;
Зинақорлық жасамау;
Нақақтан адам өлтірмеу;
Жетімдерге, қорғансыздарға қорған болу;
Уәдеде тұру;
Таразыны тура тарту, таразыдан жемеу;
өзің білмеген нәрсенің соңынан түспеу;
Жер бетінде көкірек көтермеу.
Соңында Пайғамбарымыз бен меккелік мұсылмандар 622-ші жылы, Аллаһтың әмірімен Меккеден Мединеге (Ясриб) көшті. Мединеліктердің көбі ислам дінін қабылдады. Мәдине қаласының ресми діні ислам болып, бұл қала алғаш ислам қоғамы болып қалыптасқан қала болып табылады. Хз. Пайғамбарымыз 10 жыл Мединеде де Аллаһтың әмірін адам баласына жеткізуге тырысты. Алайда Медине қаласында да Пайғамбарымыз бен қоныс аударушы, оларға көмектесуші мұсылмандар көптеген кедергілер мен қиыншылықтарды басынан кешірді. Мұсылмандарға меккелік мүшіріктер, көршілес араб тайпалары мен мединелік яһудилер қысымшылық, кемсітушілік, зорлық көрсете бастады. Мұсылмандарға тыныш, бейбітшілікте өмір сүру қиынға соқты. Сонда да Пайғамбарымыз: «бізге соғысуға рұқсат берген жоқ»-деп, сабырлықпен соғысқа тыйым салды. Ақыры амалсыз Аллаһтың рұқсатымен қысым көрсеткендерге қарсы тойтарыс беруге ғана рұқсат етілді. Сонымен мұсылмандар ішкі (мұнафықтар мен яһудилер) және сыртқы (мүшіріктер) мұсылман жауларымен қандай қиыншылық болса да жағаласып отырды. Мұсылмандар Мединедегі ішкі жауларының бірі Қайнұқа, Бәни Нәзір, Құрайза яһудилерімен соғысып, оларды жеңді және сыртқы жаулары меккелік Құрайш мүшіріктеріне, Бәни Хауазин, Бәни Сақыф рулары мен сириялық христиан арабтарға өздерінің аман қалулары үшін төтеп беріп отырды. Ардақты Пайғамбарымыз бен оның сахабалары қаншама қиыншылықтарды басынан кешіре отырып, өздеріне қауіп төндірген жауларымен күресіп, барлығын да құдайдың қолдауымен сәттілік пен үлкен абыроймен жеңіп отырды.
Пайғамбарымыз мүшіріктермен жасаған Хұдайбие келісімінен кейін, сол аралықтағы уақытты пайдаланып, исламды шартарапқа шеберлікпен тарата білді. Тіпті Византия, Мысыр, Хабашстан, Сасанилік Иран және алыстағы араб тайпаларына исламға шақыру хаттарын жөнелтті. Көршілес тайпаларға исламды түсіндіретін ұстаздар жіберіп отырды. Ұстаздар ислам дінінің өзін шебер, түсінікті тілде, Пайғамбарымыз қалай айтып түсіндірсе, сол қалпында, тек шындықты айта отырып, түсіндірді. Олар халықтың жүрегіне ислам дінін шын пейілмен ұялата білді. Осындай ерен еңбектің арқасында Араб түбегі тайпалары мұсылмандыққа бет бұра бастады.
Хз. Мұхаммед құдайлық аян нұрымен әрбір адамға түсінікті тілмен сөйлеп, оларды исламға шақырды. Исламды оңайластырды, қиындатпады, сүйіндірді, үркітпеді. Адамдармен сүйіспеншілік, кешірімділік қатынаста болды. Ісінде және сөзінде өзінің мейрімділік пайғамбары екенін көрсетті. Пайғамбарымыз осындай уағызы арқылы Меккені соғыссыз алды. Ондағы қарсылық пен зұлымдықты, надандық пен тұрпайылықты күшімен қалдырды, дүниені білімге, әділетке, ақиқатқа және бақытқа қауыштырды.
Пайғамбарымыз Меккеге жасаған қажылығында үмметтеріне былай деп қоштасу құтпасын оқыды:
«Бисмиллаһи-р-рахмани-р-рахим.
Ей адамдар сөзіме зейін қойыңдар! Мүмкін мен бұл жылдан кейін осы жерде сіздермен мәңгі бақи кездеспейтін шығармын.
Ей, адамдар! Бүл күндеріңіз, осы айларыңыз және сонымен қатар осы қалаңыз қандай қасиетті болса, сол сияқты жандарыңыз, малдарыңыз бен намыстарыңыз да қасиетті, оларды бүтін зұлымдық атаулыдан қорғаңыздар.
Сахабаларым! Мойныңызға алған аманатты иесіне тапсырыңыз! Пайыздың барлық түрі жойылды. Бірақ, негізгі қарызыңызды төлеңіз! Ешкімге қиянат етпеңіз және еттірмеңіз! Аллаһтың бұйрығымен бұдан кейін пайызға тыйым салынды. Надандық дәуіріндегі тозығы жеткен әр түрлі жаман әдеттің барлығына тыйым салынды.
Сахабаларым! Надандық дәуіріндегі қан дауына да толығымен тыйым салынды.
Ей адамдар! Бүгін шайтан сіздердің топырақтарыңызда қайта үстемдік құра алмайды. Бірақ сіздер қалдырған мирасымнан басқа қандайда бір ұсақ-түйек істерде оның алдауына түсетін болсаңыздар, соның өзі оны қуантады. Дініңізді қорғау үшін бұлардан сақ болыңыздар!
Ей адамдар! Әйелдердің хақын қорғауыңызды және осы мәселеде Аллаһтан қорқуыңызды ұсынамын. Сіздер әйелдерді Аллаһтың аманаты ретінде алыңыздар, олардың ары мен намыстарын Аллаһтың атына сөз беріп, қабылдап, жар еттіңіздер.
Сіздердің әйелдерде хақыңыздың болуы сияқты, олардың да сіздерде хақтары бар. Сіздердің әйелдердегі хақыңыз: ол отбасын сіздердің қандайда бір жақтырмаған бөгде адамдарға таптатпауы тиіс.
Ей мүміндер! Сіздерге бір аманат тапсырып барамын. Егер оған берік болып, айырылмасаңыздар ешқашан адаспайсыздар. Ол аманат - Аллаһтың кітабы Құран. Мүміндер сөзімді мұқият тыңдап, жадыңызға сақтаңыздар! Мұсылман мұсылманға бауыр, сондықтан да мұсылмандар бір-бірімен туыс, бауыр. Діні бір бауырларымыздың қандай бір хаққына қиянат етсеңіздер, егер өзі жан ризашылығын білдірмесе, ол сіздерге арам саналады. өйткені жанның да сізде хаққы бар.
Ей, адамдар! Аллаһ Тағала, әрбір жанға Құранда хақ берген. Мұрагерге өсиет етудің қажеті қанша... Бала кімнің төсегінде пайда болса соған тән. Зина жасағандар Аллаһтың рахметінен махрұм қалады. Әкесінен басқа қаннан тудым дегендер тексіз немесе Тәңірінен басқа бұтқа табынғандар опасыз, Аллаһтың азабына, періштелердің наласына, сонымен қатар барлық мұсылмандардың қарғысына ұшырасын! Аллаһ Тағала, мұндай адамдардың тәубесін де, әділет пен куәліктерін де қабылдамайды.
Ей, адамдар! Жаратушымыз бір, бабаларыңыз да бір, бәріңіз Адам атаның баласы болып табыласыз. Адам ата топырақтан жаратылған. Аллаһқа ең көп құрмет көрметкендеріңіз Аллаһ тарапынан ең қадірлі, құрметті орынға ие боласыздар. Араб ұлтының басқа ұлттардан ешқандай артықшылығы жоқ. Ұлттың ұлттан артықшылығы Аллаһқа деген тақуалығымен өлшенеді.
Ей, адамдар! Ертең мені сіздерден сұрайды. Сонда не деп жауап бересіздер?
Сахабалар: - “Аллаһтың алдындағы елшілік міндетін орындады, бізге өсиет, уағыз-насихат айтты” дейміз, - деп жауап берген кезде Хз. Мұхаммед Пайғамбарымыз сұқ саусағын көкке көтеріп, кейіннен жиылған топқа қарай төмен түсіріп, былай деді: Куә бол ей, жаратқан ием! Куә бол ей, жаратқан ием! Куә бол ей, жаратқан ием!
Сосын бұл құтбадан кейін:
Бүгін діндеріңді толықтырдым және нығметімді тамамдадым. Сондай-ақ сендерге ислам дінін қоштап, ұнаттым (Мәидә, 3), – деген аят түседі.
Хз. Мұхаммед 63 жасында Аллаһтың рахметіне бөленіп, һижри 11, милади 632 жылы раби-у-л-әууәл айының 12-күні дүйсенбіде (милади 8-маусым) Мединеде қайтыс болды.
Хз. Пайғамбарымыз адам баласын дүние мен ахиретте бақытқа, бейбітшілікке жеткізетін, қияметке дейін өзгеріссіз жалғасатын ислам дінін қалдырды.
Ислам діні Хз. Мұхаммед Пайғамбар қайтыс болмай тұрып, бүкіл Араб түбегіне таралды. Араб түбегіндегі барлық халықтар мұсылман болған еді.
Хз. Мұхаммедтің әкелген ислам діні, дүние жүзіне үлкен төңкеріс жасады. Қараңғылық торлаған мына надан дүниеге нұр шашып, ақыл мен парасат, ғылымның дамуын енгізді. Сондықтан ғылымның бүгінгідей дамуына ислам дінінің маңызы зор. Мұнан кейін әлем өркениетінде үлкен төңкеріс басталды. Яғни жер бетінде жаңа бір мәдениет, жаңа бір дін қалыптасты. Ол – ислам өркениеті, ислам діні болатын.
Пайғамбарымыздың өмірі пәк болатын, таза киініп, таза жүретін. Ол руханиятымен, әсем мінезімен, адамгершілігімен тек өзінің үмметтеріне ғана емес, бүкіл адам баласына үлгі болған. Пайғамбарымыз өзінің үмметтерінің денесі де, руханияты да таза, пәк болуын қалайтын.
Хз. Пайғамбарымыз һижри 9 жылы мұсылмандардың басшысы бола тұра қарапайым өмірді қалады. Сондай-ақ ол бес уақыт парыз намаздардан тыс әр күні сүннет, қосымша намаздарын оқып, тақуалық жағынан мұсылмандарға үлгі болатын. Пайғамбарымыз кейде түнімен, кейде жартысына дейін уақытын намаз оқумен өткізетін.
Пайғамбарымыз Шағбан, Рамазан айларымен қоса Мұхаррам, Шәууәл айларының кейбір күндерін оразамен өткізетін.
Ардақты Пайғамбарымыз түнімен намаз оқитын. Дүние құмарлықтарынан аулақ жүріп, әрдайым көңілі пәк жүретін. Ол:“сенің келер, өткен күнәларың кешірілмеді ме?” - дегендерге -“шүкір еткен бір құл болмаймын ба !?” - дейтін. Сондай-ақ ол: “қарыз ақшамнан басқа Ұхұд тауындай алтыным болса, үш түн өткеше ол ақшадан жаныма біреуін де қалдырмайтын едім ”, - дейтін.
Хз. Пайғамбарымыз өте кішіпейіл, еңбекқор, көңілі пәк, ешкімді ренжітпейтін адам болған екен. Пайғамбарымыздың көркем мінезі жайлы Әбу Саид әл-Хұдри: “Расулуллаһ түйені байлайтын, оған жем беретін, үй сыпыратын, аяқ-киім тігетін, киімін жамайтын, қой сауатын, қызметшісімен бірге ас ішетін, ұн үгітіп, шаршаған қызметшісіне көмектесетін, базардан зат алып үйіне келуге арланбайтын, бай-кедей барлығының қолын қысатын, алдымен өзі сәлем беретін, шақырған адамның бетін қайтармайтын, бір құрмаға бола шақырған жерден қалмайтын, оның мінезі жұмсақ, жомарт, адамның көңілін таба білетін, жылы жүзді еді. Қарқылдап күлмейтін, қарапайым, жомарт, нәзік жанды адам болатын. Әрдайым терең ойлы ішінде жүретін, мейірімді болатын. Ешқашан тоя жеп кекірмейтін, ашкөздік етпейтін ”, - дейді.
1. Құран “оқу”, “жатқа оқу” мағынасындағы арабша сөз. Мұндағы мағына кітаптан оқу емес, “ауызша жатқа оқу” дегенді білдіреді. Құран Кәрімді кейде “Әл-Китаб” деп те, кейде “Фурқан” деп те атайды.
Құран Кәрім ислам дініндегі ең қасиетті кітап және мұсылмандардың пайдаланатын бірінші қайнары. Ол - Аллаһ сөзі, оны мойындамау, күпірлікке соқтырып, діннен шығарады. Құранда барлық ақиқаттар баяндалады, оған ешбір адам сөзі қосылмай, мұсылмандардың көзінің қарашығындай сақтаудың арқасында біздің заманымызға жетті.
Құран Кәрім Хз. Пайғамбарымызға Аллаһ Тағаланың аяны арқылы адам баласына жолдаған кітабы. Сүйікті Пайғамбарымызға түс арқылы, шабыт арқылы, Жәбраил періште арқылы және тікелей Аллаһпен тілдесу арқылы уахилер 23 жылда аят-аят, сүре-сүре болып келген. Ардақты Пайғамбарымыз өзіне білдірілген уахилерді сахабаларына жеткізген, үйреткен, жаздырған және жаттатқан.
Пайғамбарымыздың өлімінен кейін Құран Кәрімді жинақтау, Хз. Омардың ұсынысымен, халифа Әбу Бәкір уақытында оның бұйрығымен, Зейд бин Сәбит басшылығымен жүзеге асқан. Ал Пайғамбарымыздың уақытында, уахидің келуі жалғасып тұрғандықтан, оны бір кітап етіп жинақтау мүмкін болмады.
Ал Хз. Осман заманында Құран нұсқасы алты нұсқаға көшіріліп, Куфаға, Басраға, Шамға, Меккеге, Иеменге, Бахрейнге жөнелтіліп, “имам” деп аталған түпнұсқасы Мединеде сақталған.
Құран Кәрім 114 сүреден құралған кітап. Ал сүрелер әр түрлі көлемдегі 6666 аятдан тұрады. Құран Кәрімде 286 аяттан тұратын ең ұзын сүре Бақара сүресі, ал ең қысқасы 3 аяттан тұратын Кәусар сүресі. Құранның бірінші бетінде жазылған сүре Фатиха сүресі болса, ең соңғы сүре болып Нас сүресі орналасқан.
Пайғамбарымызға алғаш аян етілген “Алақ” сүресінің алғашқы бес аяты болып табылады. Яғни Меккеде Пайғамбарымызға Аллаһтан Жәбраил періште арқылы ең алғаш түскен аят “Иқра (оқы)” бұйрығымен басталып, ал Меккеде ең алғаш түскен сүре Мүддәсір немесе Фатиха сүресі болып табылады. Меккеде ең соңғы түскен сүре Мүминин сүресі болса, Медине қаласында ең алғаш түскен Бақара сүресі, ал Мединеде ең соңғы түскен сүре Наср сүресі.
Тәубе сүресінен басқа барлық сүрелер «Бисмиллаһи-Р-Рахмани-Р-Рахиммен» басталады.
Сүрелердің орны Пайғамбарымыздың тапсыруымен Халифа Хз. Осман уақытында орналастырылған.
Құран сүрелері меккелік, мединелік болып екіге бөлінеді.
Меккелік сүрелер Пайғамбарымыз Мекке қаласында тұрғанда түскен сүрелер. Меккелік сүрелерде жалпы иман-сенім, жаннат-жаһаннам, әлем мен адамның жаратылуы, өткен пайғамбарлар туралы тақырыптар баяндалады.
Ал Пайғамбарымыздың Меккеден Мединеге көшуіне байланысты, Медине қаласында түскен сүрелерге “мединелік сүрелер” деп аталады.
Бұл түрдегі сүрелерде қоғам өмірі мен адамдар арасындағы қарым-қатынастар бойынша әмірлер мен бұйрықтар, тыйымдар т.б. тақырыптар баяндалады.
Құран Кәрім мұсылмандардың панасы, тура жол көрсетушісі, адамзатты ақиқатқа қауыштырушы қасиетті кітап. Адам баласының осы уақытқа және қияметке дейін Құранға ұқсас кітап жазуға күші, ақылы, білімі жетпеген және жетпейді де.
Құран оқу да бір құлшылық болып табылады.
Құран - Хз. Пайғамбарымыздың ең үлкен мұғжизасы. Қазіргі енді ашылып жатқан жаңалықтардың сонау 7-ші ғасырда түскен Құранда орын тепкендігі, қазіргі әлем ғалымдарын таң қалдыруда. Бұл Құранның Аллаһ сөзі екендігінің айықпас дәлелдерінің бірі болып табылады.
Құран Кәрімнің негізі – адам. Ол адамзаттың дүние мен ахиретте бақытты болуын мақсат етеді. Құран жалпы адамдардың Аллаһқа сенімі, оған құлшылық жасауы, ахлақ негіздеріне, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынастарына тоқталады. Ол сондай-ақ, адамдардың әлеуметтік, мәдени және экономикалық мәселелеріне шешуші ережелер ұсынады.
Құран адамзаттың Алламен, адамдардың бір-бірімен және қоршаған ортамен, әлеммен қатынасын реттейтін, жол көрсететін кітап. Құранның жол көрсетуші үкімдері, бұйрықтары мен тыйымдарында еш қайшылық жоқ.
Құранда ғайып, рух, қиямет күні, ажал, жын, періште, жұмақ, тозақ сияқты адамның көзіне көрінбейтін нәрселерді баяндайды. Сондай-ақ өткен қауымдар, мемлекеттер жайлы, оларға жіберілген пайғамбарлардың істеріне қатысты мәліметтер береді.
Құран Кәрім адамның жоғарғы адамгершілік иесі болуына шақырады. Дүниеде адамдардың бейбітшілік пен тыныштықта жасауларын және бір-бірімен сүйіспеншілік пен қайырымдылықта өмір сүрулерін қалайды. Құран Кәрімнің ұлылығы соншалық, бүкіл адамдар барлық ғұмырларын оны зерттеуге берсе де, оны толық түсінуге білімдері жетпейді. өйткені ол шексіз ғылым иесі болған Аллаһтың сөзі болып табылады.
Құран сенім, ғибадат, ахлақ, муамелат сияқты діни тақырыптармен бірге ислам тарихы, медицина, астрономия, геология, социология, психология және экономика сияқты ғылым салалары туралы мәліметтер береді.
Құран ғылымның дамып, жаңадан жаңалық ашылған сайын, жаңара, жасара түсуде. Сондықтан Құран тек діни кітап қана емес, адамзат баласының үлгі тұтатын ғылым кітабы.
Ғалымдар Құранға зерттеулер жүргізгенде көбінесе ондағы айтылған әлемнің, дүниенің жаратылуына, адамдарды тура жолға бағыттау мәселесіне тоқталмайды. Негізінде қазіргі ашылып жатқан жаңалықтар қасиетті кітабымызда баяндағанына таңданбауымызға шара жоқ. өйткені Құран Кәрімде жанды-жансыз жаратылыстың иесін дәлелдейтін ақиқаттар өте көп баяндалған. Міне осы ақиқаттар қазіргі Құранды сынаушылардың «Құранды Мұхаммедтің өзі жазды», «адам жазды» деулеріне жауап болып табылады. Мұхаммед тек Аллаһтың сөзі Құранды адамзатқа жеткізуші елші, пайғамбар ғана. Егер де Құранды Мұхаммед пайғамбардың сөзі дейтін болсақ, оның өскен ортасы Мекке қаласында VІІ ғасырда ғылым, оқу-ағарту орындары, медреселер, сондай-ақ жаратылыстану (химия, физика астраномия) ғылымдары мүлдем болған жоқ және Мұхаммед пайғамбар хат тани алмайтын еді. Сондықтан осындай себептерге байланысты ақиқаттар баяндалған Құран Кәрімді Мұхаммед пайғамбар өз ақылымен жазды деу – ақылға сыймайтын нәрсе. Құран – Аллаһ сөзі.
Құранның ислам мәдениеті тарихында таң қалдырарлық рационалдық-ойшылдық дәстүрдің өркендеуіне жағдай жасаған факторлардың басында тұруының біздіңше үш себебі бар. Осылардың біріншісі Құран адамды тек қана этикалық болмыс ретінде емес, сондай-ақ ақыл иесі болмыс ретінде де анықтама беруінде жатыр. Адамға ақыл мен ойлау күші берілгендігін баса көрсетіп, соның негізінде адамнан интеллектуалдық жауапкершілік міндеттелді. Адамға берілген таңдау еркі мен ерік оны этикалық тұрғыдан жауапты етсе, ойлау күшінің адамға берілуі де оған интеллектуалдық жауапкершілік жүктейді. Шындығында интеллектуалдық жауапкершілік адамға тиісті этикалық жауапкершіліктің ақиқатқа бағышталған бөлігін құрайды. Алланың Құранда тікелей адаммен сұхбат құруы оның ақыл иесі болуына байланысты. Адамды жауапкершілік иесі қылған күш ақыл. Адам егер даналықты талап етуді өзіне міндеттенсе, ақиқатты іздеуді де өз мойына алған болады. Құран әрдайым адамға терең ойлауды ескертеді, оны интеллектуалды қызметке шақырады және осы бағыт бойынша таңдау еркіне Ғсыныстар жасайды. Адам ақыл иесі болғандықтан білуге деген құштарлығы табиғатында бар. Адамның білуі тиіс болмыстардың түрі мен мәні Құранда көрсетілген. Атап айтқанда Құран Алла, Әлем және Адам туралы мәлімет береді. Алла, әлем және адам туралы адамзат тарихында Құраннан бұрын және Құраннан кейін де танымдық объект ретінде ой толғағандар болған. Бұған мысал ретінде адамзат өркениетінің әрбір кезеңінде адамның интеллектуалдық тәжірибесінің көрсеткіші болған философия тарихына көз жүгіртсеңіз жеткілікті. Сократтан бұрынғы философтардың табиғат болмысының сүйенген ұстанымын зерттеуі, Сократтан бастап адамды философияның қарастыратын мәселелерінің негізіне айналдыруы, Платонның Тәңірі, әлем және адамның тұтас жүйе ішінде зерттеу объектісі ретінде орын алуы, әу бастан философияның қарастыратын мәселелерінің жоғарыда аталған салалардан құралғандығын көрсетеді. Бұл жағдайда Құран мен адамдық интеллектуалдық әрекеттің жемісі философияның қарастыратын мәселелерінің ортақ екендігі шығады.
Үшіншіден Алла адамды ойлау, зерттеу, сынау, бақылау, ұҒғыну және білуге шақырумен ғана шектелмей, интеллектуалдық әрекеттің негізгі қағидасы мен модельдерін де көрсеткен. Сондықтан да ақылға салу, ойлау, шара қолдану, еске алуға шақырылған адамның алдына осы әрекеттердің толық түрде қалайша жүзеге асатындығын және қалайша дұрыс нәтижелерге жетуге болатындығын көрсететін үлгі-модельдер де берілген. Мысалы, әлемдегі біртұтас жүйе теориясын Бір Тәңірмен «байланыстырған» Құран, адамға «Егер бір емес бірнеше Тәңір болатын болса, көк пен жер яғни, барлық әлем болмысы хаосқа ұшырайтын едің (Әнбия, 21/22) деп, ескертеді. Жоғарыдағы сөйлемде «байланыстырған» етістігін босқа қолданған жоқпыз. Арабша ақыл сөзінің түбірі «байланыс» екендігін, терминдік мағынада адамның физикалық әлемнің себеп-салдар қарым-қатынастарын бірі-біріне байланыстыру ғана емес, сонымен қатар одан тыс метафизикалық әлемге де байланыс жасауы мағынасына да келеді. Жоғарыдағы аяттың өзі де мұны түсіндіруге жеткілікті. Яғни Құранда ойлау немесе басқа терминдермен берілетін ой, ақыл, ұғыну әрекеті физиканы метафизикаға, қысқасы әлемнің болмысын оның онтологиялық ұстанымына байланыстыру керек екендігінің бір көрінісі ретінде орын алады. Сонымен Құранда тақырып, мәселе, метод және мақсат тұрғысынан философиялық негіздердің барлығы қамтылған.
Исламда ғылым түсінігінің қалыптасуының нәтижесінде салаларға танымдық ерекшеліктеріне қарай ғылым сыныптамасы жасалды. Бұл сыныптама бойынша ғылымдар нақли және ақли болып екіге бөлінді. Тәпсір, хадис, фикх, кәлам, сопылық ретінде саналатын нақли ғылымдар жеке-жеке феномен ретінде нақли ілім болып табылатын Құран мәтінін түсіну және түсіндіру әрекеттері арқылы өз болмыстарын қалыптастырғандықтан осы есімді алған. Олар нақли, яғни Құранды түсіндіру ғылымдары болып табылады. өйткені Алладан Жәбірейілге, одан пайғамбарға және одан сенушілерге жеткен құдайлық аян, хабар немесе құдайлық таным тарихи феномен ретінде түспегенде исламдық ғылымдар да болмас еді, ислам өркениеті де болмас емес еді. Яғни, бұл ғылымдар нақли ғылым болып табылатын Құранға қарыздар. Осындай мәліметтің Алладан түскендігіне және толық дұрыс екендігіне сенетін мұсылман елдерінің бар болуы да осы бар болу мүмкіндігінің қатарына жатқызу керек. Мұсылман адам уақыт пен кеңістікке байланысты өзгерістерден туындаған өзінің тарихи тәжірибелерінің қажеттілігі ретінде, әлбетте қағида ретінде дұрыс екендігіне сенген бұл мәтіннің дұрыс түсінілуі, дұрыс анықтама берілуі және дұрыс жүзеге асырылуы мәселесімен әрдайым жүздесіп отырады және санада осы тұрғыдан пайда болған проблемаларды белгілі бір әдіс шеңберінде шешуге тырысады. Нақли ғылымдар осындай қажеттіліктен туындаған. Бұлардың ішінде екі негізгі ғылым фикх, Құран мәтінінен үкім шығарып дұрыс іс-амалға қатысты жағын қарастырса. Кәлам, да дұрыс сенімге қатысты жағын қарастырады. Алғашқыда кәлам өз алдына жеке ғылым саласы болмай тұрып, фикх ғылымының ішінен орын алған болатын. Хадис ғылымы методтары өте ерекше қалыптасқан «дұрыс жеткізуң ұғымына негізделе отырып қалыптасқандығы және негізінде фикх пен кәлам ғылымы үшін керекті дұрыс нақли мәліметтерді анықтаумен айналысқандығы белгілі. Тафсирге келер болсақ ол негізінен түсіну және комментарии әрекеті ретінде хадис, фикх немесе кәлам ғылымы тұрғысынан белгілі бір кезеңге жататын идеялық дәстүрлердің немесе белгілі бір кезеңде идеялық үстемдікке қол жеткізген тәжірибе мен көзқарастардың Құран мәтінінің тұтасында жүзеге асырылуын білдіреді. Хадис маманы, фикх ғалымы, кәламшы немесе бір сопының тәпсірлері арасында ғылыми тұрғыдан өзара айырмашылық болуы сондықтан. Әрбір ғылымның қарастыратын саласына қарай, сұрақтары да, ұстанымы мен идеясы да өзгеріп отырады.
Классикалық ислам ғылымдары жүйесінде философия немесе хикмет маңызды орын алады. Философия Құран аяттары адамзатқа түспей тұрып-ақ, не болмаса нақли ғылымдар пайда болмай тұрып-ақ бар болатын. Сол себепті ислам өркениеті дамуының белгілі бір кезеңінде осы дайын қазынаны пайдалануы керек еді. Мұсылман қоғамына керекті және қажет болатын барлық мәліметті Құраннан алуға болады дейтін топтар үшін, аяннан бұрын немесе аянға тәуелсіз, бұған қоса «ажам», яғни, басқа мәдениетке тән философиялық мирасты ислам ғылымы ретінде қарастыру алғашқыда маңызды проблемалар тудырды. Бірақ философиялық мұраны мұсылман қркениеті мен интеллектуалдық өмірдің дамуы үшін қажетті деп тапқандардың қатары көп болатын. Олар халифаның көмегін пайдаланып, философиялық мирастың Ислам қоғамында жандануына көп күш сарп етті. Осылайша адамзат тарихында аз уақыт ішінде орны мен маңызы ерекше ислам философиялық мұрасы пайда болды. Ибн Сина дәуірінде философия «ақли ғылымдарң делінді. Бұл ғылымдар дінге негізделсін негізделмесін әр өркениеттің интеллектуалдық қырын көрсететін ғылымдар болатын және тек қана адамның ақыл иесі болуымен не болмаса табиғи тұрғыдан білгісі келгендігіне байланысты бір өркениетте дамуда болатын. Рухани негіздерін нақли ғылымның үстіне құрған ислам өркениетінің бұл ғылымдармен байланысының болмауы мүмкін емес еді. өйткені Құран мәтінінің интеллектуалдық мәні болсын, осы өркениетті құру әрекеттерінде барлық мирасқа ашық және күшін иманнан алатын күшті табиғаты бар, басқаша ұстанымға тек қана кездейсоқ жағдайда ғана жол беруі мүмкін еді. Ақли-философиялық ғылымдар бар болатын және көкейтестілігін жоғалтпаған нақли-ақли үйлесімдігі немесе қарама-қайшылық айтыс-тартыстары арқылы ғылымдар жүйесінен өз орнын алды.
Аллаһтың сөзі болған қасиетті Құранда Мұхаммед пайғамбардың ғұмырына дейінгі және одан кейінгі уақытта да беймәлім болған ғылыми жаңалықтар кездеседі. Қазіргі ғылымның жетістіктері Құрандағы ғылыми тұжырымдардың бәріне болмаса да, кейбіріне түсінік бере бастады. Себебі ғылымның дамуы шексіз, ол дамыған сайын Құрандағы ақиқатқа шамалап түсінік беруге болады. Мәселен:
«Әуелде жер мен көк бір тұтас еді ғой. Біз екеуінің арасын ажыраттық, жанды мақұлықтың барлығын судан жараттық (Әнбия-30)».
Қазіргі ғылымдардың дәлелдегеніндей, тірі организм үшін, судың аса зор маңызы бар. Бүкіл биологиялық, биохимиялық, химиялық реакциялар үшін су қажет. Су – бүкіл табиғаттың, әлемдегі өмірдің, тіршіліктің негізгі элементі, қайнар көзі. Жердің 75 %-і, адам ағзаларының 80 %-і судан тұрады. Судың негізгі қасиетінің бірі деп өзендер, теңіздер, мұхиттар арқылы жердің температурасын тұрақты ұстап тұрғанын айтуға болады. Судың мұндай ғаламдық қасиеті Аллаһтың құдіретін, хикметін көрсетеді.
«Ал күн белгіленген жағына қарай, жылжып кете барады. Мұның өзі – әрі үстем, әрі дана Аллаһтың алдын ала белгілеген ісі. Айдың да тұрақтайтын орнын белгіледік, Кәрі құрманың қураған бұтағындай болғанға шейін, ол да аспанды кезіп жүреді (Ясин-38-39)».
Жердің күнді белгілі бір жүйемен айналып қозғалатыны ІХ ғасырда Бируни, ХV ғасырда Коперник ашты. Ал күннің қозғалатындығы, ғылымға ХІХ-ХХ ғасырда белгілі болды. Оған дейін күн түгіл жер қозғалмайды деп келген. Құранның VІІ ғасырда түскенін ескерсек, бұл кітаптың әлемді жаратқан Аллаһтың сөзі екендігін көрсетеді.
Әлемдегі заттардың тепе-теңдігі жайлы Аллаһтың кітабында тағы бір ұлы, әлемдік заң бар: «Ол (Аллаһ) барлық нәрсені өлшеп, мөлшерлеп тұрады.(Рағыд-8).
Құран Кәрімде осы сияқты жаңа ашылған ғылыми жаңалықтарға байланысты көптеген аяттар бар. Біз оның бір-екеуін ғана келтірдік.
Құран Кәрімде Аллаһ адамдардың табиғат жаратылысына қарап, Аллаһтың бар екеніне ой жүгіртуін ұсынады.
«Анығын айтайық, аспанның жердің жаратылысында түн мен күннің алмасып тұруында, пайымдаған пендеге, әрине айқын ғибрет бар. Зерделі жандар тұрса да, отырса да тәңірін ұмытпайды, аспан мен жердің жаратылысына ой жібереді. Сон соң: «Ей Тәңірім ! Бұларды бекер жаратқан жоқсың. Сен пәксің, бізді тозақтың тауқыметінен сақта.» (Әли Ғимран-190-191)».
2. Сүннет. Хз. Пайғамбарымыздың тірі кезіндегі әрбір әрекеті мен оның әрбір сөздері мұсылмандарға үлгі болған. Ол тірі кезіндегі айтқан өсиеттері мен ақыл-кеңестері, оның өмірі мен қызметіндегі әдепті, сыпайы іс-әрекеті мен инабаттылыққа үндейтін немесе жаман бір нәрселерге тыйымдары сүннет деп аталады.
Сүннет “жол”, “үлгі” дейтін мағыналарға келсе, хадис “хабар”, “әңгіме” деген мағыналарға келіп, екеуінің де қарастыратын мәселесі Пайғамбарымыздың айтқан сөздері, іс-әрекеттері, тақрирлері мен сипаттары болып табылады.
Мұсылмандар ардақты Пайғамбарымыздың айтқан нақыл сөздерін, күнделікті жүріс-тұрысын, тіпті киім киісін де әрдайым есте сақтап, оны күнделікті тұрмыста қолданып, өзіне үлгі еткен. Пайғамбарымыз адам баласына Аллаһ сөзі Құранды жеткізу қызметімен бірге адам өміріндегі күнделікті тұрмыста өмір сүру ережелері мен адамгершілік қағидаларын үйретті. Сондықтан ардақты Пайғамбарымыз адам баласына үлгі болу үшін де жіберілген.
Пайғамбарымыздың хадистері бірден-бір Аллаһ сөзі Құранның түсіндірмешісі болып табылады. Құран сүрелерінің кейбір мағынасы терең аяттарды Пайғамбарымыз сахабаларына түсіндіріп, өнеге еткен.
Пайғамбарымыз тірі кезінде сахабаларға өзінің сөзін қағазға түсіруге тыйым салды. өйткені, сахабаларға жаздырып жүрген аяндар, яғни Құран аяттары мен пайғамбар сөздеріне араласып кетуінен қауіптенсе керек. Алайда Пайғамбарымыз қайтыс болып, Құран бір кітап болып, жинақталғаннан біршама уақыт өткеннен кейін, Пайғамбарымыздың сөздері, іс-әрекеттері мен сипаттары жазыла бастады. Хадис жинау науқаны Пайғамбарымыздың өмірінің соңында басталғанымен, ол кезде онша көп етек алмай, халифа Омар ибн Абду-л-Азиз уақытында хадистің жиналуы ерекше етек алды. Бұл хадистерді ислам ғалымдары түрлі електен өткізіп, сынап, хадистің жеткізу (риуаят ету), мағына тұрғысынан өзіне тән дәрежеге қойып белгіледі.
Қазіргі кезде Құран Кәрімнен кейінгі мұсылмандардың пайдаланатын қайнар көзі, имам Бұхари жинақтаған “Сахиху-л-Бұхари” атты хадис кітабы мен имам Мүсілім жинақтаған “Сахих Мүсілім” атты хадис еңбегі. Мұны ислам әдебиетінде “Сахихайн” деп атайды.
Мұсылман салт-жоралғылары мен ұйғарымдары
Ұлы Аллаһқа және оның сипаттарына иман
Періштелеріне иман
Кітаптарға иман
Пайғамбарларға иман
Ахирет күніне иман
Тағдырға иман
Иман сөздікте «бір нәрсеге сену», «мақұлдау», «қабылдау», «бағыну» деген мағыналарды береді.
Ал дініміз бойынша ұлы Аллаһтың дінін жүрекпен қабыл етіп, хз. Пайғамбарымыздың баяндағандарын кесінді түрде жүрегімізбен мақұлдауды «иман» деп атаймыз.
Иманның асылы жүрекпен қабылдау болғанымен, оны тілмен де сөйлеп, куәлік ету керек. өйткені адамның жүрегімен қабылдағанын, өзінің мұсылман болғанын басқа адамдарға білдіру үшін тілімен де сөйлеген жөн.
Дініміздің негізі Аллаһтың барлығы мен бірлігін мойындау болғандықтан, мұсылмандар бір дәстүр ретінде өзінің мұсылман екенін білдіретін тұтас иманды былай айтады:
«Лә илаһә илла-л-лаһ, Мұхаммаду-р-расулу-л-лаһ».
Мағынасы: «Аллаһтан басқа тәңірі жоқ, Мұхаммед оның елшісі».
Міне, жоғарыдағы мүбәрәк сөзді айтқан адам ислам дініне кірген болып, мұсылмандықтың алғашқы табалдырығын аттайды. Яғни, біздің дініміздің негізі Аллаһты бірлеуден тұратын болғандықтан, Аллаһтың бірлігін білдіретін қасиетті осы сөзді айту тұтас жатады.
Сонымен қатар келесі иманның түрі сатылай бөлек иман деп Аллаһтың сөзі Құран Кәрім мен ардақты Пайғамбарымыздың хадистерінде баяндалған мұсылман адамның сенуі керек нәрселерді егжей-тегжейлеп, атап айтанын иманды айтамыз. Олар: Ұлы Аллаһқа, періштелеріне, Аллаһтың кітаптарына, пайғамбарларға, ахирет күніне, тағдыр мен қазаға сену, және өлгеннен соң қайта тірілуге сену болып алты негізден тұрады
Оны біз әрдайым «Әмәнтү би-л-лаһ» сөзімен былай деп түсіндіреміз:
«Мен ұлы Аллаһқа, оның періштелеріне, оның кітаптарына, оның пайғамбарларына, ахирет күніне, қадердің (жақсылық пен жамандықтың) Аллаһтан болғанына сенемін. өлгеннен кейін тіріліп есеп алаңына жиналу (махшер) шын. Мен Аллаһтан басқа тәңірі жоқ екеніне және Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін».
Ұлы Аллаһқа және оның сипаттарына иман
Жоғарыда баяндағанымыздай, имандағы алты шарттың біріншісі –Аллаһқа иман.
Ислам сенімі бойынша Аллаһтың теңі, ұқсасы жоқ. Ол барлық нәрсенің жаратушысы және екі дүниенің иесі. Оның сипаттары мен қажетіне ешнәрсе жете алмайды. Оны Ихлас сүресінде былай түсіндіреді : «Ол Аллаһ бір. Аллаһ мұңсыз. Ол тумады да туылмады. Әрі оған ешнәрсе тең емес де” .
Бірақ Аллаһты заты, сипаттары және іс-әрекеттерімен бір деп қабылдау мүмін мен мұсылманға жеткілікті емес. Ғибадаттарда да Аллаһты бірлеу керек, яғни ғибадаттарды тек Аллаһқа ғана жасау, одан басқа нәрсеге табынбау және құлшылық етпеу, тек Аллаһтан ғана көмек сұрау ислам дінінің басқа діндерден артықшылықтарының бірі болып табылады. Ал Аллаһтан басқаға табынатындар мен жәрдем сұрайтындар мүмін немесе мұсылманға жатпайды.
Аллаһтың зати сипаттары:
А) Болмыс Бар болу деген сөз. Аллаһтың бар болуы өзіне байланысты, басқа арқылы емес. Бар болуы міндетті болған тек Аллаһ қана. Аллаһтың жоқ болуы мүмкін емес, ол адамның ақылына сыймайтын нәрсе. Адамдар Аллаһтың барлығына сенеді. өйткені бұл сенім адамның жаратылысында бар.
Құранда Аллаһтың барлығына көптеген дәлелдер келтірген, онда жер мен көктің жаратылуы, күндіздің түнге, түннің күндізге өзгеруі, мезгілдердің ауысуы, әлемдегі тәртіп пен үйлесімділік Аллаһтың бар екендігіне дәлел болып табылады.
Әлем бар болу үшін бір ұлылыққа (барлық) мұқтаж, яғни әлем және ондағы жаратылыстар бар болуы жағынан ұлы Аллаһқа мұқтаж. Аллаһ жаратпастан бұрын бұл әлем жоқ болатын. Сондықтан әлемнің бар болуы Аллаһқа мұқтаж. Ал Аллаһтың бар болуы еш нәрсеге мұқтаж емес.
Ә) Қадым. Бастауы жоқ, бұрыннан бар деген сөз. Аллаһтың бар болуы заты арқылы болған, кейіннен пайда болмаған. Оның барлығының бастауы жоқ. Аллаһтан басқа барлық нәрсе кейіннен пайда болған.
Б) Мәңгі-бақи. Соңы болмау, мәңгі-бақи болу деген сөз. Аллаһтың барлығының соңы жоқ. Бастауы болмаған нәрсенің соңы да болмайтыны белгілі. Сондықтан бастауы болмаған Аллаһтың соңы да болмайды.
В) Жалғыз. Жалғыз және бір болу деген мағынаны береді. Ұлы Аллаһ заты мен сипаттары тұрғысынан бір. Оның серігі, ұқсасы және оған тең нәрсе жоқ. Аллаһ жаратылған нәрселердің ешқайсысына ұқсамайды, жаратылыстар да Аллаһқа ұқсамайды. Егер де Аллаһтан басқа құдай бар болса еді, әлемнің тәртібі мен жүйесі бұзылып, барлық нәрсе араласып кетер еді.
Г) Ешнәрсеге ұқсамайды. Аллаһ кейіннен пайда болған нәрселердің ешқайсысына да ұқсамайды. Оның ұқсасы және теңдесі жоқ. Аллаһтың кейіннен жаратылған нәрселерге ұқсауы мүмкін емес.
Ғ) Өздігінен бар. Аллаһтың бар болуы мен тұруы өзіне байланысты. Бар болуында басқа нәрсеге мұқтаж болмайтын тек Аллаһ қана. Барлық нәрсе бар болуы үшін Аллаһқа мұқтаж, бірақ Аллаһтың бар болуы өзінен. Басқаға мұқтаж болу Аллаһқа тән емес.
Аллаһтың нақты сипаттары:
А) Хаят. Аллаһ әрдайым тірі, әрі жанды. Жансыздық пен өлім Аллаһқа тән емес. Барлық болмысқа жан беретін Аллаһ “хаят” сипатымен сипатталуы тиіс.
Ә) Ғылым (илм). Аллаһ барлық нәрсені біледі. Оның білмейтін нәрсесі жоқ. Ол болғанды, болмағанды, өткенді, келешекті, жасырын мен анықты да біледі.
Б) Сәми. Есту деген сөз. Аллаһ – естуші. Ол есту үшін құрал мен мүшеге мұқтаж емес. Ол анықты, жасырынды және сыбырды да естиді.
В) Басар. Көру деген мағынаны береді. Барлық нәрсені еститін Аллаһ, барлық нәрсені көреді. Ешқандай нәрсе Аллаһтан жасырын қалмайды. Ол үлкенді, кішкентайды, анықты, жасырынды қысқасы бәрін көреді.
Г) Ираде-ерік. Аллаһтың қалауы деген сөз. Аллаһ не қаласа, сол болады. Адамдар бір нәрсені тілейді, бірақ Аллаһтың қалағаны болады. Аллаһ қалаған адамына денсаулық, байлық, ұрпақ және ғылым береді. Аллаһтың қалауынан тыс ешнәрсе жүзеге аспайды, асуы да мүмкін емес.
Ғ) Құдірет. Күші жету деген мағынаны береді. Аллаһтың күші шексіз. Оның барлық нәрсеге күші жетеді. Әлемдегі тәртіп пен үйлесімділік Аллаһтың құдіретінің нақты дәлелі болып табылады және Аллаһтың құдіретіне еш нәрсе тең келе алмайды.
Д) Кәлам. Айту немесе сөйлеу деген сөз. Аллаһ әуелден бері сөйеуші және сөйлегенде құрал мен мүшеге мұқтаж емес. Аллаһтың сөзі кейіннен жаратылған жаратылыстан емес. Илаһи кітаптар Аллаһтың сөзінің туындысы.
Е) Тәкуин. Тәкуин “жарату”, “бар ету”, мағыналарын береді. Аллаһ барлық нәрсені жаратушысы, яғни әлемдегі барлық нәрсені Аллаһ жаратқан.
Міне, жоғарыдағы Аллаһтың сипаттарына ешбір жаратылыстың сипаттары тең келе алмайды, оны ойлау да мүмкін емес. Ұлы Аллаһтың сипаттарының барлығы әуелден бері бар және мәңгілік. Аллаһтың сипаттары Құранда көрсетілген.
2. Періштелеріне иман
Аллаһтың әр түрлі жаратқандары бар. Сол жаратқандарының бірі – періштелер. Періштелер адамның көзіне көрінбейтін жаратылыстар. Олардың жаратылыстары біздің жаратылысымызға сәйкес келмейді және біздің көзімізге көрінбейді. Біз оларды көре алмадық деп жоққа шығара алмаймыз. өйткені Аллаһ Тағала мен оның пайғамбарлары періштелердің бар екенін бізге білдірген.
Періштелер Аллаһқа қарсы келмейді және оның әмірлерінен шықпайды. өздеріне жүктелген міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Олар жемейді, ішпейді, шаршамайды және жалықпайды. Періштелер нұрдан жаратылған. Оларда жыныстық қасиеттер жоқ. Аллаһ періштелерден кейбіреулерінің ажалы келгенде жанын алады. Оларды жаратқан Аллаһ, періштелерге түрлі жұмыстар міндеттеген.
Періштелердің толық саны бізге беймәлім. Бірақ, Құран Кәрімде және пайғамбарымыздың хадистерінде кейбір періштелердің аттары мен қызметтері көрсетілген.
Періштелердің өз орындарына қарай:
Арзи (жер беті) періштелер;
Сәмәуи (аспан) періштелер;
Арши (ғарыш) періштелер болып бөлінеді.
Періштелер арасында ұлық періштелер мен кейбір періштелердің өздеріне жүктелген мынандай міндеттері бар. Олар:
Жәбраил – төрт ұлық періштенің бірі. Ұлы Аллаһтан пайғамбарларға хабар тасушы дәнекер періште;
Микаил – әлемдегі табиғатты басқару қызметіне тағайындалған періште;
Исрафил – оған жүктелген міндет, Аллаһтың бұйыруымен сүрді (керней) екі рет үрлегенде қиямет басталады. Яғни бірінші рет үрлегенде қиямет болады. Екінші рет үрлегенде адам, жан-жануарлар тіріледі;
Әзраил – жандылардың жанын алу қызметіне тағайындалған ажал періштесі. Міне осылар, төрт ұлық періштелерге жатады. Одан басқа:
Кирам Катибин – адамның оң мен сол жағындағы періштелер. Адамның оң жағындағы періште адамның жақсылығын, ал сол жағындағы періште жамандығын жазып отырады.
Мүнкір-Нәнкір. өлімнен кейін қабірде адамның жасаған істері жайлы сұрайтын періште.
Хамеле-и Арш. Ғарышты көтеретін періштелер.
Хазене-и жәннәт уә жәһәннәм. Жұмақ пен тозақ істерін жүргізуге міндеттелген періштелер. Бұлардың саны өте көп, олар әсіресе жәннәтта мүміндерге қызмет қылумен айналысады.
Мұқаррабун періштелер. Ұлы Аллаһқа да, адамдарға да өте жақын, мейрімді періштелер.
3. Кітаптарға иман
Ұлы Аллаһ пайғамбарларына біршама кітаптар жіберген және осы кітаптардың шын, ақиқат екенін қабылдау иманның үшінші шарты болып табылады.
Ұлы Аллаһ кейбір пайғамбарларына парақтар, ал кейбіріне кітаптар берген. Ұлы Аллаһтың сөздері бұзылмаған илаһи парақтар мен кітаптар арасында ешқандай айырмашылықтар жоқ. Бірақ, олардың біразының көлемі үлкен, біразының көлемі шағын болған. Олардың көлемі шағын болғандары парақтар (сахифа), көлемдері үлкен болғандары кітаптар деп аталады. Парақтың арабша көпше түрі «сұхұф».
Парақтар мынандай пайғамбарларға берілген:
Адам пайғамбарға 10 парақ (сұхұф);
Шит пайғамбарға 50 парақ (сұхұф);
Идрис пайғамбарға 30 парақ (сұхұф);
Ибраһим пайғамбарға 10 парақ (сұхұф).
Барлығы 100 парақ болып, қазір бұлардың ешқайсысы қолымызда жоқ. Ал үлкен кітаптар төртеу, ұлы Аллаһ.
Мұса пайғамбарға “Тәуратті”;
Дәуіт пайғамбарға “Забурды”;
Иса пайғамбарға “Інжілді”;
Мұхаммед пайғамбарға “Құранды” түсірді. Бұлардың алғашқы үшеуі түрлі себептерге байланысты адамдар тарапынан бұзылған. Оларға адам сөзі араласып, бастапқы таза қалпын жоғалтқан. Ал Құран Кәрім кітаптардың ең соңғысы болып, бұзылмаған жалғыз құдайлық кітап болып табылады. өйткені Құран Кәрімде ұлы Аллаһ: “Шынында да Құранды біз түсірдік және оны біз қорғаймыз”, - деп ескертеді.
4. Пайғамбарларға иман
Пайғамбарлар Аллаһтың құлдары арасынан таңдап, оған елшілік міндетін жүктеген адамдары. Пайғамбарлар адамдарға хақ дінді уағыздауға және оны жалғастыруға тырысқан. Ұлы Аллаһ адамдарға қажет кезінде пайғамбарлар жіберілген. Жіберген пайғамбарлары, адамдарға тура жолды көрсетуге, адамдардың жақсы мен жаманды айыра білуге, олардың жақсы мінез қалыптастыруына шақырған.
Пайғамбарларға иман ету - олардың әкелген дініне сену деген сөз. Мүміндер пайғамбарларды бөлмей, барлық пайғамбарларға иман келтіреді.
Пайғамбарлар біз сияқты өмір сүреді. Олар жейді, ішеді, ұйықтайды, жұмыс істейді және үйленеді. Бірақ олар пайғамбар болғандықтан, қарапайым адамнан артықшылықтары да бар.
Пайғамбарлардың қайсысы болмасын, “Сыдқ (туралық)”, “Әманат (аманат)”, “Исмет (күнәсіз)”, “Фетанет (ақылды)”, “Тәблиғ (баяндау, адамзатқа жеткізу)” деген сипаттары болады.
Алғашқы пайғамбар хз. Адам, соңғы пайғамбар хз. Мұхаммед. Аллаһ бұл екі пайғамбардың арасында көптеген пайғамбарды жіберген. Алайда олардың кейбірінің Құранда аты аталып, ал кейбірінің аты аталмайды.
Құран Кәрімде аты аталған 25 пайғамбардың аттары мынандай: Адам пайғамбар, Идрис пайғамбар, Нұх пайғамбар, Һуд пайғамбар, Салих пайғамбар, Лұт пайғамбар, Ибраһим пайғамбар, Исмаил пайғамбар, Исхақ пайғамбар, Яқұб пайғамбар, Юсуф пайғамбар, Шұайб пайғамбар, Һарұн пайғамбар, Мұса пайғамбар, Дәуіт пайғамбар, Сүлеймен пайғамбар, Әйюуб пайғамбар, Зү-л-Кифл пайғамбар, Юнус пайғамбар, Ильиас пайғамбар, Әляса пайғамбар, Зәкәрия пайғамбар, Яхя пайғамбар, Иса пайғамбар және соңғы біздің ардақты пайғамбарымыз хз. Мұхаммед саллаһү-алайһи уә сәлләм.
Мұсылмандар осы пайғамбарлардың барлығына иман етіп, Аллаһтың шын жіберген елшісі деп мойындайды.
5. Ахирет күніне иман
Дүние өмірі өліммен аяқталады. Міне, осы өліммен басталатын шексіз өмірді «ахирет» деп атайды. Осындай өмірдің бар екеніне иман ету – ислам сенім негіздерінің бірі.
Ахирет күні – Исрафил періштенің Аллаһтың бұйыруымен сүрді бір рет үрлеуі мен екінші рет үрлеуіне дейінгі және одан кейінгі жұмақ пен тозақ өмірін қамтиды.
Ахирет күніне иман қияметті, Исрафил періштенің сүрді үрлеуін адамдардың тірілуін, есеп, сырат, жұмақ пен тозақтың бар екеніне иман етуді қамтиды. Ал ахирет күніне сенбеген адам мұсылман бола алмайды.
Ахирет күні илаһи әділеттің жүзеге асатын күні. Әрбір адам сеніміне, ғибадатына, ахлағына қарай жауапқа тартылады. Жақсы адамдар (мүмін, мұсылман) жұмақта сыйлық алады, жаман адамдар (кәпір, мұнафық, мүшірік) тозақта жазаға тартылады.
Ахирет Исрафил періштенің сүрді үрлеуімен басталады. Оны “үлкен қиямет” деп атайды. Бірақ адамның өлімінен кейін басталатын “кіші қияметі” де бар. Адам, өлімінен қайта тірілуге дейін жалғасатын кезеңді “қабір өмірі” немесе “берзах” деп атайды.
Адам өліп, қабірге қойылғанда оған “Мүңкір-Нәнкүр” деген екі періште келіп: “Раббың кім?”, “Пайғамбарың кім?”, “Дінің не?” деп жауапқа тартады. Иман еткендер мен жақсы амал еткендер бұл сұраққа оңай жауап береді. Сондықтан оларға жұмақ есігі ашылып, нығметтер (игіліктер) көрсетіледі. Ал кәпір мен мұнафықтар сұраққа жауап бере алмай, тозақ есіктері ашылып, сол жерде азап көреді. Сондықтан хз. Пайғамбарымыз бір хадисінде: “Қабір жұмақ бақшаларының бір бақшасы немесе тозақ шұңқырының бір шұңқыры”, - деп айтқан.
Қиямет әлем тәртібінің бұзылуы болып табылады. Қияметте дүниедегі болмыстардың барлығы жоғалып, сосын өлген нәрселер тіріліп, махшарға қарай бағыт алады.
Қиямет болған кезде жер мен аспанның реттік тәртібі бұзылып, ай, күн, жұлдыздар өз орындарынан шығып, айналаны қорқыныш дыбыс қаптайды. Бұл кезде адам қашып құтылатын жер іздейді. Бірақ, Аллаһтан басқа сыйынатын еш нәрсе таба алмайды.
Қиямет болғаннан кейін сүр екінші рет үрлегенде барлық жандылар тіріледі және дүниеде жасаған істеріне байланысты есепке тартылады.
Жандылар қайта тірілген кезде рух пен дене бірігіп, бір бүтін болады. Сонда қайта тірілген жандылар бір жерге жиналады. Есепке тартылу үшін жиналған бұл жиынды “хашр”, ал жиналған күнді “махшар” деп атайды. Сол күні барлық жандылар есепке тартылады. Барлық адамдардың қолдарына дүниеде жасаған істері жазылған амал дәптері беріліп, өздері оны оқиды. Адамның дене мүшелері мен жер беті оған куә болады.
Есеп күні болғаннан кейін, әркім өз әрекеттерінің жемісін көреді. Жақсы адамдар жұмақта сый көреді, ал күнәһар мұсылмандар, мұнафықтар мен кәпірлер тозақта отқа жанады.
6. Тағдырға иман
Тағдырға иман - ислам сенім негіздерінің бірі. Яғни барлық нәрсені Аллаһтың қалауы мен жаратуы арқылы жүзеге асатынына сену.
Ұлы Аллаһ барлық нәрсенің жаратылысынан бастап, соңына дейінгі олардың орны мен уақытын, пайда болу түрлерін және жағдайларын, көлемі мен мөлшерін, олар пайда болмай тұрып біледі. Міне осыны “тағдыр” деп атайды.
Ұлы Аллаһтың қалаған нәрселерді уақыты келгенде тағдырға сай жүзеге асуын “қаза” деп атаймыз.
Тағдыр мен қазаның жүзеге асуында адамның да атқаратын рөлі бар. Адам өз білімі мен еркіне сай бір нәрсені жасаса, істеген нәрсесіне жауапты болады. Құлдың өз еркімен қалаған ісін Аллаһ өз қалауы бойынша жаратады, яғни Аллаһ – жақсылық пен жамандықты жаратушы, ал адам өз әрекетімен оны жүзеге асырушы. Аллаһ адамды бір нәрсе жаса деп зорламайды, жақсылық пен жамандықты таңдау адамның өз еркінде.
Ислам дінінің ғибадат негіздері
Кәлимә шәһәдат
Намаз
Ораза
Зекет
Хаж (қажылық)
Ислам “бағыну”, “мойын ұсыну” деген мағыналарды береді, яғни ұлы Аллаһтың бұйрықтары мен тыйымдарына бағынып, оны орындау болып табылады.
Мұсылманға ұлы Аллаһтың барлығы мен бірлігін сеніммен немесе жүрекпен бірлеу жеткіліксіз, ұлы Аллаһты амалмен де бірлеу керек, яғни құлшылықты тек Аллаһқа ғана жасап, әрбір мұсылман тек Аллаһқа ғана бас июі тиіс.
Ардақты пайғамбарымыз: “Мұсылмандық негізі бес нәрсенің үстіне орнатылған. Аллаһтан басқа ешқандай тәңірі жоқтығына және Мұхаммедтің оның құлы әрі елшісі болғанына сену, намаз оқу, Рамазанның оразасын ұстау, зекет беру, қажыға бару”, - деп белгілеген.
Аллаһтың әмірлерін орындап, тыйымдарынан сақтану үшін, адамда мынандай шарттардың сақталуы тиіс:
Есі дұрыс болу;
Балағат жасына жеткен болу (ер жеткен болу).
Ал жындылар мен балағат жасына жетпеген жасөспірімдер, Аллаһтың әмірлері мен тыйымдарын орындауға жауапкер емес (Ислам діні бойынша балағат жасына жету қыз бала үшін 9-15, ер бала үшін 12-15 жас аралығы).
Исламның шарттары:
Кәлимә-и Шәһәдат
Исламның бірінші шарты куәгерлік ету. Ол:
Әшһәду әллә иләһә иллә-л-лаһ уә әшһәдү әннә Мұхаммәдән әбдүһү уә расулүһ.
Мағынасы: “Мен Аллаһтан басқа тәңірі жоқтығына және Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін” - деп тілімен айтып, жүрегімен бекіткен адам, исламның бірінші шартын орындаған болады. Мұсылман адам кәлимә-и шәһәдатты орындамай, исламның қалған шарттарын орындай алмайды.
Намаз
Намаз оқу мұсылмандарға мұсылмандарға намаз һижреттен бір жарым жыл бұрын Меккеде парыз етілген. Хз. Пайғамбарымыздың бір хадис шәрифінде: “Намаз діннің тірегі”- дегеніндей, намаз ислам дінінде маңызды орынды иеленеді.
Намаздың өзіне тән үкімдері бар. Егер де үкімдерінің бірі орындалмаса намаз қабыл болмайды. Намаздың парыздары 12. Олардың 6-уы намаздың сыртында, 6-уы намаздың ішінде.
Намаздың сыртқы парыздары:
1. Дәрет (таһарат). Мұсылман адам намазға тұру үшін, дін бойынша лас есептелінетін рухани кірлерден тазалану керек. Хадестен тазалану жолдары «ғұсыл құйыну», «дәрет алу», «тәйәммүм соғу» болып бөлінеді.
Ғұсыл әйелдер мен ерлердің табиғи жағдайларына байланысты аузын, мұрнын тазалап, денесінің барлық мүшесіне су тигізіп жууымен орындалады. Міне, осыларды орындаған адам «бой дәреті» бар адам болып есептелінеді. Бой дәретсіз намаз оқуға, Құран ұстауға, Құран оқуға, мешітке кіруге, Қағбаға тауаф етуге болмайды.
Ал намазға тұру кезінде дәрет алу шарт. Дәреттің парыздары бетін жуу, екі қолын шынтағына дейін жуу, басқа мәсих тарту, екі аяғын тобыққа дейін жуумен тұрады. Осыларды орындағаннан кейін намаз оқуға жол ашылады.
Егер намаз уақытында су табылмай қалған жағдайда немесе ауырып қалған жағдайда, яғни сумен жуынғанда адамның денсаулығына зияны тисе, ережеден тыс тәйәммүм соғумен намаз оқуға болады. Тәйәммүм соғуда адам әуелі не үшін тәйәммүм соғып жатқанына ниет етіп, таза топырақ жынысына екі алақанын ұрады да екі алақанын топыраққа қайта ұрып бетін сипайды. Осыларды орындағаннан кейін намазға тұруға болады.
2. Намаздың парыздарының бірі дінде лас саналынатын нәрселерден аулақ болу. Дін бойынша лас саналған нәжістер: нәжістерге арақ-шарап, доңыз еті мен майы, қан т. б. жатады. Адам намаз оқыр алдын киімін, намаз оқитын орнын, денесін осы нәжістерден таза ұстауы міндетті.
3. Әурет жерлері жабық болу. Дін бойынша жабық болуы тиіс дене мүшелерін намаз оқығанда жабық ұстау керек. Намаз оқығанда ер адамның кіндігінен бастап тізесіне дейінгі (тізесін қоса) аралықтағы дене мүшелері, ал әйел адамның екі аяғы тобығына дейінгі, екі қолы білезігіне дейінгі және бетінен басқа жерлер тегіс жабық болуы тиіс.
4. Құбылаға бет бұру. Намаздың сыртқы парыздарының төртіншісі - жүзіңді құбылаға қаратып оқу. Құбыла Мекке қаласындағы қасиетті қағба болып табылады.
5. Намаз уақытының кіруі. Намаздарды өз уақытында оқу да намаздың парыздарының бірі. Мәселен, таң намазының уақыты таң атқаннан күн шыққанға дейін, бесін күн тас төбеден ауғаннан әр нәрсенің көлеңкесі өз бойынан бір немесе екі есе ұзағанға дейін созылады. Ал намаздігердің уақыты бесін намазы аяқталғаннан күн батқанға дейін, ал ақшам намазының уақыты күн батқаннан қараңғы түскенге дейін және құптан намазының уақыты қараңғы түскеннен таң атқанға дейінгі аралыққа созылады.
Исламдағы кез келген намаз күн шығып келе жатқанда, күн тас төбеде тұрғанда немесе күн батып бара жатқанда оқылмайды.
6. Намаздың сыртқы парыздарының соңғысы – ниет. Намазға тұрарда қай намаздың оқылатынын еске алып, ниет ету.
Намаздың ішкі парыздары:
Бастау тәкбірі (бастау). Намаз оқуға ниет етіп, оны бастарда “Аллаһу Әкбар” деп бастау – намаздың алғашқы парызы болып табылады. Егер осылай бастамаған жағдайда намаз басталған болып есептелінбейді.
Тұру. Намазда түрегеп тұру. Ал тік тұруға мүмкіндігі болмаған
адамдарға отырып немесе өз жағдайларына қарап жатып оқыса да болады.
Оқу. Намазда тұрған әр рекаатта Құраннан бір сүре оқу.
Еңкею. Намазда арқасын тік ұстай екі қолын тізесіне жеткізіп иілу.
Отыру (сәжде). Намаз оқушы рукүға барғаннан кейін мұрын,
маңдайын, қолдарын, тізелерін және аяқтарын жерге тигізіп, сәжде жасау.
Соңғы отыру (аяқтау кәдесі). Намаз соңында “әт-Тәхийят” дұғасын оқитындай отыру.
Намаз түрлері:
Парыз болған намаздар: Таң, Бесін, Намаздігер, Ақшам, Құптан, Жұма, Жаназа намаздары.
Уәжіп болған намаздар:Үтір, Рамазан, Құрбан айт намаздары.
Нәпіл болған намаздар: Құшлұқ намаздары.
3. Ораза
Исламның үшінші шарты – ораза. Ораза ораза ұстау ниетімен таң атпай, еш нәрсе ішіп-жемеу, әйелге жақындамаудан тұратын денемен жасалынатын құлшылық болып табылады.
Балағат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы бар әрбір мұсылман баласының Рамазан айында ораза ұстауы парыз. Ал жолаушыларға, емізулі әйелдер мен ауруларға парыз емес. Бірақ бұл жағдайларға тап болған адамдардың жағдайлар өз қалыптарына келгеннен кейін, оразаны күнбе-күн өтеп беруі керек болады.
Ораза ұстауға ниет ету, ораза уақыттарын білу, ораза кезінде оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болу оразаның парыздары болып табылады.
Оразаның тұрлері.
Парыз болған оразалар: Рамазан айының оразасы.
Уәжіп болған оразалар: Нәпіл оразалар әдейі бұзылса, ол оразаны тұту адамға уәжіп болады.
Сүннет болған оразалар: әл-Мұхаррам айының 9-10 күндері тұтылатын оразалар.
Мұстахаб болған оразалар: қамари айларының 13, 14, 15-інші күндері тұтылатын оразалар.
Мәкруһ болған оразалар:Наурыз күні мен әл-Мұхаррам айының тек 10-ыншы күні тұтылатын оразалар.
Харам болған оразалар: Рамазан айтының алғашқы күні мен Құрбан айтының төрт күнінде тұтылатын оразалар харам, яғни бұл күндерде ораза ұстауға тыйым салынады.
4.Зекет
Зекет мүлікпен жасалынатын ислам негіздеріндегі ғибадаттың бірі болып табылады. Зекет “тазалау”,“көбею”, “берекелі болу” деген мағыналарды береді. Ал дінімізде зекет ұлы Аллаһтың разылығы үшін, мал-мүліктің белгілі бір мөлшерін исламда белгіленген жерге берілетін мүлікпен жасалынатын құлшылық.
Зекет дініміз бойынша белгіленген мөлшерден мүлкі, байлығы асқан мұсылмандарға парыз. Ал кедейлер мен жоқ-жітіктерге зекет беру парыз емес.
Ислам діні бойынша борышынан, үйіндегі қажеттілігінен артық 86 граммдық алтыны, 640 граммдық күмісі немесе соған шақ ақшасы болса және ол бір жылдық уақыттан асса зекет беріледі.
Ал мал бойынша 40-тан 120 қой немесе ешкіден бір қой немесе ешкі, 121-ден 200-ге дейін екі қой немесе ешкі, 201-ден 399-ға дейін үш қой немесе ешкі беріледі. Ал 400 қойдан ары қарай әр жүз қой немесе ешкі сайын бір уақ мал беріліп тұрады, яғни 400-ден 4 қой, 500-ден 5 қой т.б.
Ал сиыр бойынша 30-39-ға дейін бір жастағы сиыр, 40-50-ге дейін екі жастағы сиыр, 60-69-ға дейін бір жастағы екі сиыр, 70-79-ға дейін, бір жастағы сиыр мен екі жастағы сиыр т.б. беріледі.
Түйе бойынша 5-9-ға дейін бір қой, 10-14-ке дейін екі қой, 15-19-ға дейін үш қой беріледі.
Зекет кедейлерге, қайыршыларға, борыштыларға, жолда қалғандарға, зекет жинаушыларға және мұсылман болуы мүмкін кәпірлерге беріледі.
Хаж (қажылық)
Исламның бесінші шарты - қажылық. Ер жеткен, есі дұрыс, денсаулығы мықты, әрі бай мұсылмандарға өмірінде бір рет Меккедегі қасиетті Қағбаға бару парыз. Қажылық әрі малмен әрі дүниемен жасалынатын ғибадат.
Қажылықтың рүкіндері: Қағбаға тауаф ету, Арафатта тұру. Ал мұсылман болу, ихрамға кіру, қажылықты уақытында орындау (зи-л-хидже айының 9-10), қажылықты белгіленген орындарда істеу қажылықтың шарттарына жатады.
Ислам шарттарының пайдалары. Намаз - денсаулықтың кепілі. Мүмін намазда Аллаһтың ақыл, ой, денсаулық және нығмет бергеніне шүкір етіп, намаз арқылы дененің зекетін береді. Намаз мүмін мен Аллаһ арасындағы байланыс болып табылады, яғни мүмін ешкімді араша тұтпай-ақ тек намаз арқылы тікелей Аллаһпен сөйлесе алады. Адам намазға тұрғанда, өзінің әлсіз бейшара екенін сезініп, Аллаһ Тағалаға жалбарынады.
Намаз адамды күнәлардан, зарарлы, жаман істерден сақтайды. Адам намаз оқу арқылы иманын күшейтіп, өзінің мінез-құлқының жақсаруын қамтамасыз етеді.
Ал оразаға келер болсақ, ораза адамды жамандықтардан сақтап, қайырлы амалдарды істеуге итермелейді. Ораза адам нәпсісін жөнге салып, рухымыздағы болымсыз сезімдер мен құмарлықтарды тәрбиелейді. Ораза адамды әр уақыт Аллаһты естен шығармауға, жомарт, әділ болуға итермелейді. Ораза әлсіздердің, жоқ-жітіктердің жағдайын түсініп оларға көмектесуге жол ашады.
Зекеттің әлеуметтік өмірде пайдасы зор. Зекет қоғамның кедейленуінен, тыныштықтан сақтайды. Зекет бар жерде бейбітшілік, әділет орнайды. Ол адамды сараңдықтан, ашкөздіктен сақтайды.
Қажылық адамның Аллаһты еске түсіріп, оған шүкіршілік жасауына көмектеседі. Ол әр өлкеден келген мұсылмандардың бір-біріне деген бауырмалдығын, туыстығын күшейтеді.
Ислам этикасы
өзімізге байланысты міндеттеріміз
Адамның Аллаһқа байланысты міндеттері
Пайғамбарымызға байланысты міндеттіріміз
Жанұяға байланысты міндеттеріміз
Адамдардың бір-біріне байланысты міндеттері
Адамдардың қоршаған ортасына байланысты міндеттері
Отанымызға байланысты міндеттеріміз
Ахлақ “мінез-құлық ”, “адамгершілік” деген мағыналарды білдіреді. Ахлақ адамның жаратылысынан қалыптасқан немесе тәрбие арқылы қабылдаған қасиеті. Ахлақтың келетін қайнары бірі жаратылыстан келетін мінез, ал екіншісі дін. Егер адамның мінезі бір дінге сүйенбесе, оның бақытқа, кемелдікке жетуі қиын. өйткені адамға туралық пен азғындықты, пайда мен зиянды ажыратып білуге көрсететін дін болып табылады. Сондықтан діні жоқ халықтардың болашағы жоқ.
Ислам ахлағы Құранда және Сүннетте белгіленгендей, адамның өзіне, жаратушысына, туыстарына, өмір сүрген ортаға байланысты міндеттер мен жауапкершіліктерден тұрады.
Ислам ахлағының мақсаты адамды дүние мен ахиретте бақытты қылу, тыныш өмір сүрумен қамтамасыз ету болып табылады.
Құран Кәрімде ұлы Аллаһ иман, ғибадат негіздерін белгіленгеніндей, ахлақ негіздерін де белгілеген, яғни адамға пайдалы, зиянды, жақсы, жаман мінездерді белгілеп көрсеткен.
Ал ардақты Пайғамбарымыз, өзінің мінез-құлық жағынан адамзаттың ең кемелі, бүкіл адам баласының үлгі тұтатын ұлы тұлғасы. Бұл туралы өзінің бір хадисінде: “мен жақсы мінезді (ахлақты) толықтыру (тәмәмдау) үшін жіберілдім”, - деген. Тағы бір хадисінде: “мүміндердің иман тұрғысынан ең жақсылары мінезі жақсы болғандар”, - деп бұйырған. Демек ислам діні адамның мінезіне де көңіл бөлетін дін.
Ислам діні адамның өзіне және қоршаған ортасына байланысты біршама міндеттерін көрсетіп белгілеген, яғни исламда адамның әр нәрсеге байланысты міндеттері бар. Олар адамның өзіне байланысты міндеттері, ұлы Аллаһқа, ардақты Пайғамбарымызға байланысты міндеттері, жанұяға байланысты міндеттері, қоғамға байланысты міндеттері, адамның ұлты мен отанына байланысты міндеттері және адамзатқа байланысты міндеттері болып бөлінеді.
