Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
dintanu.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Әбу насыр әл-фараби

(870–950)

Ислам әлемінде Х ғасырдың (ІІІ-хижра бойынша) соңына қарай Аббасидтер халифатының билігі толығымен түріктерге өте бастады. Халифаның ықпалы тек Бағдат қаласының айналасымен ғана шектелді. Империя бөлініп, орнына жекелеген түрік мемлекеттері пайда болды. Бұлардың ішіндегі ең маңыздысы Мауараннахр мен Иранда билік құрған Саманидтер мемлекеті болатын.

Саманидтер дәуірінде түркі халықтары ислам өркениетіне үлкен үлес қосты, ірі-ірі қалалар мен елді мекендерде ислам мәдениетін жан-жақты өркендетіп, медреселер, кітапханалар мен білім ордаларын құрды. Осылайша мемлекет қарамағындағы басты қалаларда түркі ғылымы дамып, көшпелі халықтар арасында түркі сопылық қауымдастықтары құрылып жатты.

Міне осындай кезеңде Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Түрки 870 жылы Фараб қаласына жақын Весиж атты елді мекенде дүниеге келген. Әкесі Мұхаммед Тархан (қолбасы) Саманидтер сарайында қолбасылық қызмет атқарған. Әл-Фараби 20 жасқа дейін Фарабта білім алып, кейіннен араб халифатындағы көптеген елдерді аралап, ғылым-білім жолына түсті. Ол ең алғашқы саяхатын халифаттың орталығы Бағдатқа жасаған. Кейін Сирия мен Египетке барған. Бағдатта Әбу Бәкір ас-Сараждан (928 ж.қ.б.) араб тілін, Әбу Бишр Матта ибн Юнустан логиканы үйренген. Мұнан кейін Харранға барып, Иуханна ибн Хайланнан Аристотельдің логикасын, 2-ші Аналитикалар атты кітапты соңына дейін үйренген. Осы сапарларынан кейін әл-Фараби Бағдатқа қайта оралып, метафизика, музыка және математика секілді философиялық ғылымдарды үйренген. Әл-Фараби Иран қалалары Исфаһан, Хамадан, Рай және басқа жерлерде де болады. Халебке, сосын Дамаск қаласына барады. Халебте бір жылдай тұрақтаған кезінде Буайхилардың сұлтаны Сайф-уд-Даула әл-Хамадани қолдау көрсетеді. Осы сұлтан 946 жылы Дамаск қаласын өзіне қаратқаннан кейін әл-Фараби Дамаскіде өмір сүреді. Біршама уақыт Египетке саяхатқа шығып келеді, қалған ғұмырын Дамаскіде өткізеді.

Сайф-уд-Даула еркін ойға, ғылымға қатты көңіл бөлетін еді. Ол ғұламаны сарайына шақырады, бірақ әл-Фараби бұдан бас тартып, қарапайым өмір сүруді артық көреді.

Әл-Фараби білім нәрімен терең сусындаған жан-жақты ғалым. Тіл білімі, философия, музыка, математика, астрономия, дін және сол кездегі басқа да ғылымдарды үйренген. Философиядағы қабілеті мен біліктігіне байланысты Аристотельден кейінгі екінші ұстаз (муаллим-ус сани) деген атаққа ие болған.

Әл-Фараби көне грек ойшылдары – Платон, Аристотель, Эвклид, Птолемей еңбектерін таратып, оларға жаңаша түсініктеме жазған, 72 тілді меңгерген және өз еңбектерінде кеңінен пайдаланған. Әл-Фараби сексен жасқа келген шағында 950-жылы Шам (Дамаск) қаласында қайтыс болған және «Баб-ас-сағир» мазарына жерленген.

әл-Фарабидің еңбектерінің саны жетпістен асады. Оларды логика және басқа салаларға арналған шығармалар деп екіге бөлуге болады. Логикаға қатысты еңбектері Аристотельдің әр түрлі трактаттарымен байланысты түсініктеме немесе анықтамалар түрінде жазылған. Екінші топтағы шығармалары болса дін, физика, математика, метафизика, этика және саясат салаларына қатысты еңбектер.

Әл-Фараби дін, философия және саясат арқылы адамдар арасында бірлік пен бақыттың үстемдік етуін мұрат еткендіктен, түркілік дүниетанымдық элементтер мен құбылыстарды ислам философиясы ішінде қорытып, пайдалана білді. Өйткені оның негізгі әдісі жалпы болмысты тұтастық тұрғысынан қарастыру болғандықтан, исламдық платформаға басқа дүниетанымдық пікірлер мен жүйелерді үйлестіру үшін көбінесе еркін комментарий әдісін, яғни бүгінгі герменевтикалық әдістен терең әрі кең “тауил” әдісін қолданады. Бұл жерде түрік данасының дүниетанымдық тұғырнамасы Құран мен исламдық мәдениет екендігін аңғарамыз.

Әл-Фараби іліміндегі адамның мақсаты – бақыт. Адамның бақытпен қауышуы “белсенді сана” (фаал ақыл) мәртебесіне жетуі арқылы жүзеге асады. Адамның рухы Тәңірге ұмтылғанда ғана игілікке беттейді. Әл-Фараби: “Игілікке ұмтылу – тек игілік үшін болғанда ғана ең ұлы бақыт болып саналады”, – дейді. Бұл мәртебеге жетудің жолы – дүниелік, материалдық тәуелділіктен арылу. Екіншіден, “адамның бақыты, оның кемелділігі моральдық құндылықтармен өлшенеді”.

Әл-Фарабиде адамның асыл мұраты Тәңірді тану, құдайлық әлемге, яғни белсенді сана әлемімен қауышу болып табылады. Осы әлемге жеткен адам – шынайы бақытқа жеткен адам. Осы мақсатқа жету, оны жүзеге асыру жолында іс-әрекет жұмсайтын адамдар – “парасатты адам”. Бұл ұлы мақсат адамға, қоғамға о дүниенің де, бұл дүниенің де бақытын ұсынады. Өйткені шынайы бақытқа ұласуды мұрат еткендер ұлы мұратқа тек игі істермен, парасатты жолмен ғана ұласа алады. Бұл қай жағынан алып қарасаңыз да осы дүниенің бақыты мен тыныштығы деген сөз.

Әл-Фарабидің жан мен тән туралы көзқарастары оның метафизикасы мен психологиясы арасындағы ерекшелігі мен айырмашылығын көрсетеді. Өйткені оның көзқарасы бойынша әрбір жан кемелденуге мұқтаж және кемелдене алады да. Адамның жаны – абстрактілі болмыс. Жан тәнде емес, бірақ оның қолданатын қуаттары (энергиялары) тәнде орналасқан және жан мен оның қуаттары бір-бірінен ажырай алмайды. Абстрактілі болмыстар материалды емес, жоғалып кетпейді, өлмейді, олар өз субстанцияларын біліп, қабылдайды. Бұлардың әрбірінің бақыты материямен араласып кірленген болмыстардың бақытынан жоғары тұрады. Адам жаны жоғарыдағы абстрактілі болмыстардың атрибуттары секілді тек өз субстанцияларын ғана қабылдай алады. Яғни адам рухы ең жоғары рухты, қарама-қарсылықтарды тұтастықта ұғып, қабылдайды.

Әл-Фарабидің ілімі бойынша рух өзінің мәндік табиғатында қалаудан – құмарлықтан үстем, ұлы қасиетке ие. Оның түйсіну және ерік қабілеті бар. Әл-Фараби өз ой-пікірлерін айтуға немесе мәлімдеуге еркі (қайрат-жігері) жетпейтін адамды құл деп есептейді. Ал адам ой-санадан да, қайраттан да мақрұм болса, ол – хайуан. Егер адамның ой-санасындағы пікірлерін айтуға, мәлімдеуге қайраты мен жігері жететін болса, ол – нағыз шынайы еркін, азат адам [1, 144–159]. Әл-Фараби ілімінде адам бір жағынан ерікті, азат болғанымен, екінші жағынан алғанда ерікті емес. Өйткені “әрбір әрекет өзінен бұрынғы әрекеттердің нәтижесінде” пайда болады. Бұл себептің соңы да “тағдырға” келіп тіреледі. Міне, осылайша әл-Фараби ілімінде адам еркіндігі мен психологиялық детерминизмі параллель табиғатта қарастырылады [1, 144-159].

«Қайырымды ел тұрғындары» атты еңбегінде әл-Фараби материядан тыс болмыс, мәңгі жаратылыс құбылысының бастауы болып табылатын алғашқы себеп – Алла туралы өте терең талдау жасағанын көруге болады [3, 65–66]. Бұл теория ислам философиясының маңызды бір бөлігін құрайды. Ай үсті және ай астындағы деп әлемді екіге бөледі. Бұл әлемдер әрдайым қозғалыс үстінде, әрі ұдайы өзгеріп отырады. Әл-Фараби «Бірдің», яғни Тәңірдің, міндетті болмыс болғандығын және сол себепті де Ол өзінің «бар» болуы үшін еш нәрсеге мұқтаж еместігін қабылдайды. Ол (Тәңір) өзін-өзі тану, білу күшіне ие. Ол әрі ойлайтын (ақил), әрі ойланылатын (мақул) болмыс. Оның формасы еш нәрсеге ұқсамайды. Еш нәрсе оған ұқсамайды. Оның қарама-қайшылығы мен серігі де жоқ.

Адам пайда болған кезде ондағы ең маңызды рөл атқаратыны азықтандырушы қуат, кейін сезу, қиялдау, ойлау және қалау қуаттары пайда болады. Бұл бесеуі рухтың негізгі қуаттары.

Әл-Фараби ең алдымен адамдардың қоғамдасып бір жерге топтасуының әр түрлі формалары бар екендігіне тоқталып, қала-мемлекет “ұлт” және адамдар өмір сүріп жатқан барлық аймақты қамтитын әлемдік мемлекет тұрғысында өз ойын ортаға салады. Осы әр түрлі мемлекеттерді өте жақсы басқарылатын, яғни философ-қаған тарапынан басқарылатын мемлекет ретінде қарастырады. Бұған қоса басқару жүйесінде толып жатқан көптеген кемшіліктер орын алған мемлекеттердің де бар екенін баса көрсетеді. Қайырымды ел тұрғындары туралы әл-Фараби Платон мен Аристотель айтып кеткен нәрселерден оза шапқандығы байқалады. Осы қайырымды мемлекеттің құрылымы, иерархиялық жүйесі барлық жерде бірдей болады. Бұл жерде сондай-ақ қайырымды қала басшысының ерекшеліктері айтылады. Оның тек қана философ емес, заң шығарушы және оны жүзеге асыратын саясатшы болуы тиіс екендігі де айтылады. Сондай-ақ қайырымды мемлекеттің құрылуы мен оны қорғаудың әр түрлі жолдары қарастырылады.

Кемелденген қоғамның адамы кемшілігі бар қоғамда өмір сүруге мәжбүр болуы мүмкін. Мұның себебі мемлекеттің өте күшті, залым билеушісі оның басын алып, жоюы немесе олардың басқа «кемшілігі бар» қоғамға қуылып, сол жерде өмір сүруге ықтиярсыз көнуі. Мұндай жағдайда олар көзге көрінетін кейбір шарттарға көнуге және істегілері келмеген кейбір әрекеттерді істеуге мәжбүр болады. Алайда ішкі еркіндіктерін жоғалтпағандықтан, осы өмір сүру салтына разы болмай, әрдайым қарсы шығады. Шарттарға қарсы шыққандықтан да әрдайым көңілдері толмай жүреді. Бұл тақырыпқа байланысты «Китабул-миллә», «Фусус» және «Китаб ас-сияса» еңбектерінде көп мәліметтер бар.

Әл-Фарабидің өз дәуіріндегі ең маңызды атқарған қызметі дін мен философия арасында көпір салып, оны пайғамбарлық пен философиялық түсінікке негіздей отырып анықтама бергендігінде жатыр. Оның пікірінше нағыз философ пен пайғамбар арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Әрқайсысының мақсаты адамдардың бұл дүние мен о дүниедегі бақытқа қол жеткізуіне көмек беру. Алайда философ өз күшімен (ақылымен) Аллаға жету үшін көп еңбек еткендіктен пайғамбардан символикалық түрде жоғары тұрады. Әйтпесе шын мәнінде философ пайғамбардан да жоғары деп айтпаған. Бұл мәселені жете түсінбегендіктен әл-Фарабиге көптеген ғалымдар қарсы шыққан [5, 94–95]. Әл-Фараби бұл мәселеде философты пайғамбар дәрежесіне дейін көтеріп, онымен теңестірген. Ол пайғамбарды философ дәрежесіне түсіруді ойламаған. Себебі бар мәселе әл-Фарабидің философ деп кімді айтып тұрғандығына байланысты. Әл-Фарабидегі философ белгілі бір дәрежеден кейін сопылардың әулиесімен теңесетін адам. Бұл тұрғыдан оның пікірі Ибн Араби секілді философ-сопылардың пайғамбарлық пен әулиелік жайлы көзқарастарына көп әсер еткен. Әл-Фарабидің пікірінше ең кемеңгер басшы – ең кемеңгер адам, әрі бойында пайғамбарлық пен философ болу қасиеті бар адам. Ал бұл қасиеттер Хз. Мұхаммедтің бойында бар. Сондықтан да Хз. Мұхаммедті «Бірінші басшы» деп есептейді.

Әл-Фарабидің пікірінше, кез келген адам қайырымды елдің басшысы бола алмайды. Себебі басшылық екі нәрседен тұрады: а) адамның бойында туа біткен қабілеті болуы керек, ә) басшылыққа байланысты ерікті дағдылары болуы керек.

Басшыны әл-Фараби бірінші және екінші басшы деп бөледі. Бірінші басшының бойында жаратылысынан болуы керек 12 табиғи қасиет мыналар: 1) дені сау, 2) айтылғанды жақсы қабылдау, 3) жақсы есте сақтау, 4) көкірек көзі ояу, 5) шешендік, 6) ізденімпаз болу, 7) турашыл, 8) нәпсісін тию керек, 9) кемел адам, 10) байлыққа қызықпау, 11) әділетті, 12) жігерлі, батыл болуы керек.

Екінші басшының, яғни бірінші басшының орынбасарының бойында болуы керек қасиеттер мыналар: 1) философ болу, 2) бірінші басшының өсиеті бойынша жүруі керек, 3) кейбір жаңа мәселелерде жаңа заң шығару, атқару жұмыстарын жүргізу, 4) ақылды, тәжірибелі болу, 5) халыққа жол көрсете алатын, 6) қызметте болсын, соғыста болсын білікті болып, дені сау болуы керек.

Егер осы шарттардың барлығын бойына жинаған адам табылмай, бірі философ, екіншісі де қалған шарттарды бойына жинаған адам ретінде танылса, онда екеуі де бірдей басшы болуға лайықты. Әр қасиет әр адамда болса, онда олардың барлығы да ең жоғарғы басқарушылар болады. Егер философия басшылыққа керекті қасиеттердің бірі болудан қалса, қалған шарттар болған күннің өзінде ел басшысы басшы бола алмайды, қауым жойылып кету қаупіне ұшырайды. Елбасының қарамағында философ болмаса, бұл ел жойылып кетуі мүмкін.

Әл-Фараби қоғамды немесе мемлекетті «қайырымды» және «оған қарама-қарсы залым қоғам» деп екіге бөледі. Қайырымды елге қарама-қарсы елді пасық, надан, адасқан деп үшке бөледі. Қайырымды ел белсенді сана арқылы білім алған кісілер басқаратын ел. Мұндай елдердің басшылары өте білімді кісілер. Саясаты да дүние мен ақырет туралы білімге негізделген. Пасық ел – қайырымды ел мен адасқан елдің арасындағы ел. Бұл ел теориялық жағынан дұрыс мағлұматтары бар, бірақ іс жүзінде дұрыс емес, сезімдік көңіл күйлер арқылы басқарылатын ел. Надан елді материалдық және потенциалдық санадағы адамдар басқарады. Адамдар мен мемлекет басшылары кейбір нәрселерді білгенімен шын мәнінде надан. Білген нәрселері тек қана осы дүниедегі істер туралы мағлұматтар ғана. Надан елдердің көптеген түрлері бар. Адасқан ел толығымен түйсік пен сезім арқылы басқарылады. Оларды рационалдық және діни сауаты жоқ басшылар басқарады [7, 185].

Әл-Фараби «Ғылым мен өнердің артықшылығы» рисаласында табиғатты білудің шексіздігін, білім білмеуден білуге, себепті білуден салдарды білуге, сипаттардан акциоденцияға субстанция-мәнге (жауһарға) қарай ғылымның барған сайын артып, тереңдеуін қолдайды. Оның ілімін кейінірек Әбу Райхан Бируни, Ибн Сина, Жүсіп Баласағұни, Ибн Рушд, Низами, Сади, Әбдірахман Жәми, Әлішер Науаи, Бедил, Иқбал, Ахмад Даниш, Ахмет Ясауи және басқалар өз шығармашылығында әрі қарай жалғастырды. Әл-Фараби шығармашылығын зерттеп үйренуге Еуропа ғалымдарынан Б.М.Штреншнейдер, Карра де Во, Т.У.Бойер, Р.Хаммон, Р.де Эрланже, Ф.Детерици, Г.Фармер, Н.Ришар, Г.Лей, Шығыс ғалымдарынан Насифи Умар Фарух, Мубахат Түркер, М.Махди, А.Хайрани, М.Байрақтар, А.Арслан, А.Көбесов, Ж.Әбділдин, А.Қасымжанов, А.Машанов, Ә.Нысанбаев, Ғ.Құрманғалиева және басқалар елеулі үлес қосты. Соңғы жылдарда оның шығармашылығы мен тағылымына арналған арнайы зерттеу еңбектер жарық көре бастады.

әл-Фараби ілімдеріндегі адам мәселесі

Исламда музыка ғылымын, теориясын қалыптастыруға үлес қосқандардың басында ал-Фараби бабамыз бар.

Ислам философтары музыка мен ғылым өте тығыз сабақтастықта, байланыста деп сенді, оны тіпті солай қарастырды.

Ислам философтарының музыка туралы жазған шығармаларын зерттегенде ескі космологиялық түсініктер мен аспан қабаттарының өзара үндестігі доктриналарын да кездестіруге болады. Аспан қабаттары мен музыкалық гармония құбылысы, планета мен қыпшақ (музыкалық аспап) перделері арасындағы үндестікті әл-Фарабидің еңбектерінен кездестіруге болады. Мысалы, аспаптың (уд-домбыра) әрбір пердесі немесе ішектерімен планеталарды үндестірген. Бірінші ішек (мұтлақ әл-бамм) –Сатурн, екінші ішек (себеп әл-бам) – Юпитер, үшінші ішек (вуста әл-бам) – Maрс, төртінші ішек (хынсыр әл-бам) – Күн, бесінші ішек (себеп әл-маслас) – Венера, алтыншы ішек (вуста әл-маслас) – Меркури, жетінші ішек (Хынсыр әл-Маслас) – Aймен байланыстырылған. Осы сияқты ұқсату, салыстыру және ғарыштық үндестік құбылысын Ихван-и Сафа шығармаларынан да табуға болады. Олар уд (домбыра) аспабының «Зыр, Масна, Маслас және Баммң ішектері мен негізгі төрт элемент яғни от, ауа, су және топырақ арасынан, сонымен қатар музыка мен әлем құрылымы арасынан да бірлік, үйлесімділік іздеген. Бұл ішектерден шыққан дыбыстар яки, саздар ыстық, суық, ылғалдылық пен құрғақтық сияқты төрт элементтің табиғи ерекшеліктері арқылы тыңдаушыларға түрлі дәрежеде әсер беретінін негіздеді[8].

әл-Фарабидің музыка теориясы туралы жазған ең маңызды шығармасы “ал-Мусики ал-Кабир”. Бұл шығарма ислам әлеміндегі музыка туралы жазылған шығармалардан өте ерекше. Еңбекте Фарабидің де айтқанындай музыка ғылымының өзіне тән негізі мен әдістерінің бар екендігін дәлелдеуге арналған. Шығармада музыка ғылымы проблемаларының мәселелері тұтас әрі жүйелі түрде қарастырылған. Бұдан басқа Орта Азия мен Таяу Шығыс мәдениетіне тән музыкалық аспаптар (малахи) кеңінен әрі анық сипатталады. Аталмыш музыка құралының ішінен арап мәдениетіне тән уд, рубаб, Бағдат домбырасы (танбур), Орта Азия түркі музыкалық құралдарынан қыпшақ (шахруд) және Хорасан домбырасы да орын алған [10].

Музыка өнерінің маңызын Фараби әсер мен шағылысу арқылы тыңдаушыларға берілетін әсерлеріне қарай типтерге бөліп қарастырады. Себебі оның музыка түсінігінде саздың адамға әсері мен қабылдануы маңызды. Өйткені адам музыка арқылы өзінің ішкі әлемін паш етеді, түсіндіреді. Дәл осы сияқты бидің, өлеңнің әсерімен де адам рухының тереңдігіне бойлауға болады. Міне бұлар адам санасының, моральдық және рухани кемелденуіне ықпал етеді. Музыка өнерінің маңыздылығын Фараби қоғам мен мораль философиясы тұрғысынан да түсіндіреді. Бұл жерде музыканың ролі “парасатты елдің” этика және эстетикалық мұраттарын қалыптастыру және адамның рухани тәрбиесіндегі кемелдігінде, көрсететін ықпалында жатыр. Себебі, әуен, саз адамның жан дүниесіне тікелей әсер етеді. Сонымен музыканың мақсаты адамның ақиқатқа және соңғы бақытқа жетуі жолындағы кемелденуінің жүзеге асырылуына көмектесу. Негізгі мақсат Алланы тану және Оған ұқсап бағу.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]