- •«Дін» туралы түсінік, оның мазмұны мен маңызы. Діннің мақсаты мен міндеттері. Негізгі дерек көздері.
- •Ислам дінінің түркі халықтарының рухани, мәдени болмысы мен мемлекеттік жүйесіне ықпалы
- •Діни наным сенімдердің бастауы
- •6. Түркілердің ескі діні
- •Көне түркілердің діни сенімі
- •2. Конфуцианизм діні
- •3. Даосизм діні
- •4. Cинтоизм
- •2. Индуизм
- •1. Үнді діндері
- •3. Жайнизм
- •4. Сикхизм
- •5. Парсизм
- •Христиан діні
- •Христиан дінінің пайда болуы
- •Ә) Інжіл - әлемдік мәдениет ескерткіші
- •Б)Христиандықтағы басты құндылықтар
- •В) Христиан діні және ғылым
- •1. Ислам діні
- •2. Хазірет Мұхаммед (ғалайһи сәлам) пайғамбар
- •1. Өзімізге байланысты міндеттеріміз
- •2. Адамның Аллаға байланысты міндеттері
- •3. Пайғамбарымызға байланысты міндеттеріміз
- •4. Отбасыға байланысты міндеттеріміз
- •5.Адамдардың бір-біріне байланысты міндеттері
- •6. Адамдардың қоршаған ортасына байланысты міндеттері
- •7. Отанымызға байланысты міндеттеріміз
- •1. Діни үкімдер
- •Сунниттер мен шииттер
- •Шариғат
- •Исламдағы мәзхабтар
- •1. Мұсылман салт-жоралары мен сенімдік мектептері (Сенімдегі мәзхабтар)
- •2. Мұсылман құқығының негізгі мектептері (Амалдағы мәзхабтар)
- •1. Ханафи мәзхабы
- •2. Малики мәзхабы
- •3. Шафи мәзхабы
- •4. Ханбали мәзхабы
- •Қазақтар имам ағзам жолындағы мұсылмандар Сопылық (Суфизм)
- •Ислам мәдениеті
- •Ислам – адами және әлеуметтік құндылықтардың көзі
- •Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
- •Адамды сүй, Алланың хикметін сез
- •Қазақстандағы исламның таралуы
- •Сопылықтың мәні, кезеңдері мен ағымдары
- •Йасауи мектебі
- •Қазақстандағы діни білім беру тарихы
- •Қазақ мәдениеті мен ислам құндылықтарының тұтастығы
- •Атеизм және қазақтарды шоқындыру саясаты
- •V. Бөлім. Қазақ топырағынан шыққан әйгілі дін ғұламалары (6 сағат)
- •Ахмет йүгінеки
- •Жүсіп баласағұни
- •Әбу насыр әл-фараби
- •Имам әл-бухари
- •Иасауи хикметі – дін және ұлтаралық татулықтың кені
- •Абай құнанбаев
- •Шәкәрім құдайбердіұлы
- •Хусамеддин Сығнақи
- •Vі. Бөлім. Қазақстан – дінаралық келісім орныққан ел (2 сағат)
- •Дін және ғылым
- •Тақырыптық жоспарлау үлгісі
- •34 Сағат (аптасына 1 сағат)
- •Әдебиеттер
- •Тауил және таухид
Жүсіп баласағұни
(1015–?)
ІХ ғасырдың бірінші жартысында (840 ж.) Шығыс Түркістан мен Батыс Түркістан (Жетісу – Сырдария) аймағында әлемге әйгілі түріктердің Қарахан әулеттері билеген ұлы империясы болған (1212 ж. Хорезмшах Мұхаммед талқандаған) [1, 6]. Х ғасырдың ортасында олар ислам дінін қабылдаған, ол мемлекеттік дін болған. Көшпелі түріктер және оларға бағынатын ұлан-ғайыр Ұлы Даланың сан алуан тайпалары мен ру-ұлыстары жаңа өмірдің әлеуетті жаңа салтына көшкен – екі мың жылдық тарихы бар қала мәдениетін меңгерген, экономикалық-шаруашылық, қоғамдық-әлеуметтік жаңа құрылымдар ұйымдастырып, тамаша дамыған тарихи-мәдени жетістіктерге қол артқан, әдеби де ғылыми еңбектер туындатқан, өркениетті өнер өрістеткен. Таяу Шығыс елдерімен, Қытай, Үнді мемлекеттерімен қоян-қолтық араласып, үздіксіз парықты паритеттік қарым-қатынастар жасап отырған, ерсілі-қарсылы елшілер алысқан. Қаған деген көне титулының үстіне Бағдад халифаты сыйлаған Малик ал-Машриқ (Шығыс елдерінің патшасы) деген дәрежелі атақ алған.
Шығыс Түркістан өлкесінің мәдени-өркениетті орталықтарының бірі болған, мұсылман әлемінің Шығыстағы қақпасы болған Баласағұн қаласында Ұлық Хас-Хажиб Жүсіп Баласағұни туып, өмір сүрген, «Құтадғу білік» (Құт дарыған білім») деген шығармасын жазған (1069-1070 ж. Аяқталған. Қазіргі жоба бойынша бұл қала Шу өзені бойындағы Тоқмақ қаласының маңында (Жетісуда) орналасқан сияқты.
Бұл – шынында, кісінің бағын ашатын, оның қолдауына жүгінетін еңбек. Мұнда қарапайым қатардағы халық пен оны басқарып-билеп отыратын әкімдер, бектер, ұлықтар, уәзірлер мен патшалар туралы, олардың адамгершілік қасиеттері жайында, ел билеудің тиімді әдістері мен жөн-жобасы жөнінде айтылады. «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек» (Абай) деген ертеден бері дүние жүзін толғандырып жүрген күрделі де терең, шым-шытырман мәселені жан-жақты терең талқылайды. Діннің пайдасын, оқу-білім, ақылдың қасиеттері мен құпия сырын айтады, ашып береді, жайып салады. Әрбір адамның, бір Алла өзі жаратқан жалпы пендесінің өмірі мен оның өзіндік менталитетіне етене жақын шығарма. «Қалай адам боламын? Қандай адам боламын? Қалайша халық қатарына қосылып, ер-азамат санатына жетемін?» деген сияқты толып жатқан сан салалы сұрақтарға осы дастан мүдірмей жауап бере алады. Айқын да айшықты жауап. Адал да адамгершілік жауаптың қайнар көзі – қанып ішсең таусылмас зәру ақылдың бастау-бұлағы.
Қарахан әулеті мемлекетінің қағаны Боғра-хан Жүсіпке «Құт дарыған білім» деген қолжазбасы үшін «Ұлық Хас-Хажиб» деген атақ береді, жоғары дәрежелі қызметке қояды (осы күнгі есеп бойынша, Жүсіп «Сарай уәзірі» болып тағайындалады). Ол кезде Хажиб болатын кісілерге қойылатын тиісті талаптар болады екен (қазіргі біздегідей емес көрінеді). Ол талаптар туралы «Құтадғу білікте» арнайы жазылған тарау бар. Осы атақты қалай алғандығы туралы автор былай дейді:
«Сыйлық берді ол, құрмет қылды құнығып,
Қаламақы, парасаттың құны ғып.
Атақ берді «Хас-Хажиб» деп, «ақын» деп,
Ет қызмет, - деді, - маған жақын кеп».
Осы ат үшін жұрт құрметтеп жатады,
Содан «Жүсүп Хас-Хажиб» деп атады» (61-63-бәйіттер).
Бұл қызметті атқару үшін 10 түрлі қасиет қажет екен: жіті көз, сақ құлақ, дарқан жүрек, жылы жүз, жарасымды киім, сұңғақ бой, жылы сөз, ақыл, зерде, білім.
Ғалымдар Жүсіп Баласағұниды 1015–1016 жылдары туған шығар деп есептейді. Оның қайтыс болған уақыты мен қанша жас өмір сүргені туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Еңбектің жалпы мазмұны бүкіл адамзат баласының бағы мен талайын ойлап, жалпы адамзаттық құндылықтық сипатта жазылған. Сондықтан көп тарап, талай елді тамсандырған. Автор былай деп жазады: «Бұл кітап қай патшалыққа я қай тарапқа жетсе де, оның ерекше шеберлігіне қарай, шексіз сұлу өрнекпен жазылғандығына орай сол елдердің данышпандары, ғалымдары оны қабыл алды да, әрқайсысы әр түрлі ат берді: Шын еліндегілер «Патшалардың әдептілігі» деген ат берді; Машын патшасының дос-жарандары «Мемлекеттің қамын жеуші» деп атады; Ирандықтар «Түркі шаһнамасы» деді; Кейбіреулер «Патшаларға арналған ақыл-кеңес кітабы» дейді екен; Тұрандықтар «Құт дарыған білім» деп айтыпты» (Қарасөзбен жазылған алғы сөзде).
Бұл кітаптың бар болмысы адамгершілік-моральдық әуенде жазылғанымен, кейбір авторлар айтып жүргендей, ол – құр үгіт пен насихат айтатын этикалық трактат емес, философиялық шығарма. Онда адам өмірінің мәні мен мағынасы талданады, адам баласының белгілі бір қоғамдағы атқаратын міндеті мен мінез-құлқының нормалары айқындалады. Автор өзі өмір сүріп отырған қоғамын мінеп, сынап отырудан қорықпайды, бірақ біздің Абай сияқты ел билеуші қуларды жер-жебіріне жеткізе сынап, жан түршігерлік уытты сөздердің қуатымен келекелемейді. Азып-тозып бара жатқан өтпелі заманның болмысы туралы өкпесін айтады, адами, адамгершілік моральдың, діни наным-сенімнің жұтаң тартып, кісі пейілдерінің тарылып бара жатқандығына қарап налиды...
Бірақ автордың асыл арманы онда емес, әлдеқайда жоғарғы мақсатта: адам өмірі үшін жасалатын идеалды, жан-жақты жетілген жағдай қалыптастыру үшін күресуде. Ол күнделікті күйкі дүниенің, реалды адам өмірі мен тұрмысының қам-қарекеті мен оны жақсарта түсудің амалы мен тәсілдері туралы сыр шертеді. Ол сырын автор кемел ақын ретінде келістіре айта отырып, айшықты образдар мен астарлы көркем сөздер арқылы тұспалдап, тұжырымдап, көсемдеп, көрікті етіп жеткізе білген. Бұл салада ақын өзін, өз заманының рухани идеологы, ту ұстар тура мұсылман есебінде көрсете алған.
Жоғарыда айтылып өткендей, дастан патшалар мен бектерге (ол кезде атқамінер әкімқаралардың бәрі де бектер тұқымынан тағайындалатын болған), «аузы қисық болса да, алдымен сөз алатын» сүлейлерге арналып жазылған. Сондықтан бұл кітап кез келген пенденің қолына түсе бермеген. Сөз танитын, сөз ұғатын, сөз түсінетін, сонда барып «түлей түсетін» (санасы оянып, ойлана білетін) адамдар ғана бұл кітаптан дәмелі болған. Автор айтады:
«Сөз – аз емес. «Адам көркі – сөз» делік,
Сөз білгенді дәріптеуді көзделік» (268-бәйт).
Автор – сөз құдіретіне бас иген ақын.
«Айттым сөзді білімділер үшін мен,
Білімсіздің тілін өзім түсінбен», – дейді ол (199-бәйт).
Осыған орай, өзінің дидактикалық (ақыл айтып кеңес беру) мақсатын көздей отырып халық даналығын (ол тудырған көрікті, көркем, көсем сөздерді), түрік халықтарының ауыз әдебиетін, олардың мақал, мәтелдерін, қанатты сөздері мен құнарлы сөз тіркестерін жинап-теріп әкеліп көп қолданған [6, 27–277]. Өзінен бұрын өтіп кеткен (бірақ мәтінде аттары аталмайтын) талай-талай ақын-шайыр, данышпан, оқымысты адамдардың, билер мен бектердің сөздерін әдейі келтіріп отырады, небір терең ойларды тебірене келіп жазғанда соларға сүйенеді. Олар, көбінесе, төрт таған болып келеді (жалпы саны – екі жүзге тарта). Шығарманың негізгі кейіпкерлерін таңдап алу әдісі де түркі халықтарының эпикалық салты бойынша берілген: Күнтоғды («Күнтуды»), Айтолды («Айтолды»), Өгдүлміш («Мақтаулы»), Одғұрмыш («Сергек», [«Ояу»]). Оның ең басты идеясы төрт нәрсеге (принципке) негізделген:
1. Тура заң. Оның бейнесі – Күнтоғды, патша.
2. Құт (Бақыт). Оның бейнесі – Айтолды, уәзір.
3. Ақыл. Оның бейнесі – Өгдүлміш, Айтолдының баласы.
4. Қанағат. Оның бейнесі – Одғұрмыш, уәзірдің туысқаны, тақуа (дүниеден безіп, ел-жұрттан бөлек тұратын діншіл сопы, бәрінен биік ақыл-білім иесі).
Дастанның ұзын-ырғасы осы төртеуінің бір-бірімен әңгіме-сұхбат құруы арқылы ұлан-ғайыр бай мемлекет пен өркениетті, өскелең мәдениет деңгейіндегі тақырыптарға байланысты мәселелер жайында пікір алысу болып табылады. Кітап сол кездегі әлеуметтік-мәдени, этикалық әдет бойынша, ислам дінінің жалпы айтылған қағидаларына шолу жасап, оларды түсіндіріп, уағыздап беруден басталады. Тек қана діншіл емес, өз халқының адал перзенті екенін де айқын танытады. Ол, мысалы, діни өмір-тіршілікке байланысты көптеген араб-парсы сөздерінің орнына таза түркі сөздерін қолданып, өз ұлтының тіліне деген сүйіспеншілігін паш етеді, ана тілінің кенен зор байлығын саф алтындай сапырып, маржандай тізіп, баға жетпес ардағындай аялап, жарқырата көрсетеді. Тіпті діни талай терминдердің өзін түрікше келтіреді: Уған, Баят, Тәңірі (Алла деген сөз), Йалауач, Сабчы (Пайғамбар деген сөз), Төрт еш («төрт дос» - төрт сахаба деген сөз), т.б.
Алла тағаланың адам баласына әдейі арнап сыйлаған тамаша тартуы есебінде Білім, Тіл және Жақсылық істер жайында жеке-жеке тараулар жазады. Барлық адам баласының жетістігі ретінде Білім деген қасиетті сөзді ол өз еңбегінің ұзақ-сонар өн бойында ылғи өріп отырады:
«Ақыл – шырақ қара түнде, білім – нұр,
Саған сәуле жарқыратып құйып тұр (284-б.)
Ақыл-білім жетілдірер, көтерер,
Сый-құрметке осы екеумен жетер ер» (285-б.) ...
«Надан адам кім? – десеңіз, бұл әсте, -
Жұрдай болған ақыл, білім үлесте» (292-б.)
Автордың айтар кеңесі, берер ақылы: «Кім болсаң да – білім ал, өнер үйрен». Бұл – жұрттың барлығына бірдей айтылатын, тіпті ақын тарапынан талап етілетін бұлжымас қағида. Қарапайым қалың жұртшылыққа ізгі жақсылармен араласудың игілікті іс болатындығын айтады (227–282-б.). Әңгіменің негізі Күнтоғды патшадан басталады. Содан бастап кім туралы айтылса да, жоғарыда көрсетілген төрт нәрсенің (әділ, тура заң; құт – бақыт; ақыл – парасат; тақуалық қанағат) тұрғысынан қаралып баға беріледі, олардың сыры ашылып, сындарлы сынға ұшырайды, талқыға түседі, талдама жасалады, т.т.
Ең басты мәселе – кімнің қандай болуында. Барлық мәселе жеке адамның тағдыры мен талайы жайында. Мысалы, әрбір адамның қадірі мен қасиеті қандай болады? Тілдің (сөздің) пайдасы қандай, зияны қандай? – соны айтады. Ізгі кеңес, насихат сөзін төгілдіріп айтқанда ақыл-білім, парасаттың пайдасын, құлық пен қылықтың бұзылуын және олардың тигізетін зияндарын тәптіштеп айтып береді. Құттың тұрақсыздығын, бақыттың баянсыздығын жыр етеді. Бар билікті қолына жинап алған бектердің, уәзірдің, әскербасының, хажибтің, елшінің, кеңсе хатшысының, қазынашының, асабаның (дастарқанды басқарушы кісінің), шарап құюшының қандай адам болуға тиісті екендігін соқырға таяқ ұстатқандай етіп талдап көрсетеді. Олардың ара қатынасын, заңдық, хұқықтық жақтарын жақсылап отырып түсіндіреді. Қызметшілердің бектер алдындағы хақы қандай екендігін де назардан тыс қалдырмайды. Бұл дүниенің қайғысы мен мұңын, айыбы мен кемшілігін және айтады. Фәни дүние арқылы келесі бақи дүниеге жетудің жөні мен жолдарын нұсқап көрсетеді. Бектер қызметінің жөн-жосығын, ереже-заңдарын айтады. Сарай қақпасын күзетуші қызметшілермен қалай араласу керектігі туралы мәселені де естен шығармайды.
Қандай әйел алуды, ұл мен қыздың алатын тәрбиесін, қара бұқара халықпен бірге болу, олармен араласу әдістерін үйретеді. Қонаққа бару немесе бармай қалу жөнінде, дастарқан мәзірі мен дастарқан үстіндегі әдеп жайында баян етіледі. Автор көпшілік жиынға шақыру, фәни дүниеден безіп, бақи дүниеге ұмтылу; ғапылдықтан (қамсыз, алаңсыз болып жүруден) ояну (сақ болып жүру) жөнінде; ел жағдайын жақсартудың пайдасын, жақсылық қылғанға жақсылық жасау хақында; жалған дүниенің қызығына беріліп, өмірдің босқа кететіндігі, заманның әдепсіздігі, достардың көрсеткен жәбір-жапасы, олардың опасыздығы жайында толғанады. Бұл кітапта айтылатын әңгіменің басты-басты тақырыптары – атап айтқанда, осылар, бірақ мұнымен ғана шектелмейді, бұлардан басқа да толып жатқан ойлар мен тұжырымдар айтылады. Әсіресе, автордың өмір, заман, жастық-қарттық туралы толғаулары кісі жүрегін тым қатты соқтырады, ойын орап алады да, көңілін күпті етеді. Беті ашылмай жүрген мұнда талай сыр мен тегі тынымсыз мұң-талай бар. Әр кісінің қалған өміріне жететін рухани азық бар...
Жүсіп Баласағұн да адам мен Алла арасындағы байланысты Құран танымы шеңберінде түсіндіреді. Адамдық танымның негізі Алладан келеді. Алла адамға ақыл, ерік пен таңдау берген. Өзін дамытқан адамға ғана Алланың құты тұрақтайды. Өзін дамытпаған адамға құт берілсе де, ол өткінші, өйткені ол адамның қабілет дәрежесі Алладан берілген құтты көтере алмайды. Сондықтан нағыз мұсылман әрдайым Алладан мінәжат етіп, одан жол көрсетуін тілеуі қажет. Бұл сопылық танымның негізгі ұстанымы. Сонда ғана адам Алланың құты арқылы кемелдікке жетіп, оның дидар-жамалын көре алады. Баласағұнда “дұрыс адам” типі көп айтылады. Ол дұрыс адам деп іші-сырты тең адамды, яғни, ойы мен ісі бір адамды айтады. Адам құтқа тек дұрыстығы арқылы ұласады. Оның ойынша, адам көп, бірақ адамдық аз. Яғни, адам көп бірақ, жақсы, турашыл, дұрыс адам аз. Жақсы, дұрыс адамдар ғана қоғамда адамдар арасындағы сенімді орнықтырады. Ақыл да, Алла да сенімді адамдарды мақтайды. Өзін таныған адам хақиқатты таниды, өзін, тегін білген Алланы ұмытпайды. Оны әрдайым жадында сақтайды. Ал Алланы жадында сақтаған адамды, Алла әр түрлі бәледен сақтайды. Баласағұн философиясында да нәпсіқұмарлық адамды түрлі бәлеге ұрындырады, Алланы ұмыттырады. Нәпсі адамның дұшпаны. Адамның ең басты үш дұшпаны бар: дүние, тән және шайтан. Алланы аузына алсаң шайтан қашады, дүниені тәрк етсең құтыласың, ал тәнді қалай тәрк етерсің. Өле өлгенше біргесің. Өліп құтыласың. Сондықтан тәннен, яғни оның қажеттілігі мен құмарлығын тежеу арқылы тән дұшпандығынан құтылуға болады. Бірақ, адамның өз нәпсісін тежей алмаса, менмендіктен арылмаса, нәпсіқұмар болса, демек, адам өзіне өзі дұшпан болғаны.
Алла адамды жердегі өзінің орынбасары (халифасы) ретінде жіберген. Алла әрбір нәрсені мақсатпен жаратқан. Әрбір жаратылғанның қызметі бар. Алланың сипаттары мен затына қатысты жаратылған әлем – соның айнасы. Әлем, төрт элемент, адам, рухы, қоғам өзара үндестікпен, үйлесімділік ішінде Аллаға ұқсауға тырысып бағуда. Баласағұнның ойлау жүйесінде жұлдыздар маусымдар мен от, су, ауа, топырақ – Хз.Әбу Бәкір, Хз.Омар, Хз.Осман, Хз.Али сияқты төрт халифаға ұқсатылады. Барлық жаратылғандар Жаратқанға ұмтылады, оған қайта оралады. Өйткені жаратылғандар одан пайда болған. Әлем Алламен ғана мәнді. Алла – бұл әлемнің тірегі. Сондықтан әрбір жаратылған болмыс Алланы мадақтайды. Еске алады. Адам да өзінің көркемділігімен Алланың Жамалына ұқсауға тырысуы керек. Адам жан мен тәннен тұратын, өлгеннен кейін жан тәннен ажырап, артына тек атын ғана қалдырып, затына оралатындығын, оның қайда кететіндігін тек Алла ғана білетіндігін, оның ұшуы – бақытқа, құлдырауы – бақытсыздыққа жеткізетіндігін, тән өлсе де, жан өлмейтіндігін айтады.
Баласағұнның Алла туралы түсінігі Құранмен үндес. Көрінетін және көрінбейтін, ішкі және сыртқы әлемдегілерді білетін тек Алла ғана. Алла әлемнің және әлемдегі бар нәрселердің, болмыстардың барлығының Жаратушысы болғандықтан Оны – Бір, Бар, Ұлы, Заңғар, Ғалым, айқын ақиқат деген ұғымдармен танытады.
