Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тарихи грамматика!!!! Саттилик кыздар!!!!!!!!!!...docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
234 Кб
Скачать
☆

82 Генеалогиялық классификация жасаудың негізгі ұстанымы.

Бір негізден өрбіген 40 шақты түркі тілдері ұзақ жылдар бойы дамып, жетіліп, өзара және өзге жүйедегі тілдермен ұдайы қарым-қатынаста бола отырып, өзіндік ерекшеліктерімен қалыптасты. Әрбір тілдің даму, қалыптасу жолы да, өзара туыстық деңгейі де әр түрлі.

Туыс тілдердің фонетикалық жүйесіндегі, морфологиялық құрылымы мен лексикалық құрамындағы, синтаксистік конструкциясындағы ортақтықтар мен ерекшеліктерді анықтау қазіргі түркі тілдерінің тарихи даму жолын көрсетіп, әрбір тілдің өзіндік табиғатын айқындауда, олардың түркі тілдері жүйесіндегі орнын белгілеп, өзара туыстық қатысын ажыратуда айрықша орын алады. Түркі тілдерін генеалогиялық тұрғыдан топтап, классификация жасаудың қажеттілігі де осы мәселеден туындайды.

Тілдердің туыс тілдер деп саналуы үшін, ең алдымен, олардың лексикалық қорында семантикалық жағынан да, тұлғалық жағынан да бірдей немесе ұқсас сөздердің басым болуы шарт. Осы ортақ лексика негізінде олардың фонетикалық жүйесіндегі, грамматикалық құрылымындағы ортақтықтар мен ерекшеліктер айқындалады.

Туыс тілдерге генеалогиялық классфикация жасауда өзара жақын барлық тілдердің жеткілікті дәреже зерттелмеуі, олар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан тілдік элементтердің тілден-тілге ауысуы тәрізді мәселелер қиындық тудырады. Түркі тілдерін генеалогиялық тұрғыдан топтастыруда басты қиындықтардың бірі көне дәуірлерде өмір сүрген, өзіндік тілдік ерекшеліктері бар түркі тектес ру-тайпалардың қазіргі түркі халықтарының құрамына шашырай таралуы, яғни түркі тайпалары жеке-жеке халық болып қалыптасу барысында тек қандық-туыстық негізде ғана емес территориялық-аймақтық негізде де шоғырлануынан туындайды. Сондықтан түркі тілдеріне генеалогиялық классификация жасауда тек олардың тілдік ерекшеліктері ғана ескерілмей, әрбір халықтың этностық құрамын да негізге алу басты ұстанымдардың бірі болып табылады.

83. Септік категориясының тарихи қалыптасуы

Қазақ тілінің септік жүйесінің тарихи қалыптасуын түркі тілдеріндегі септік категориясының мынадай формативтері шеңберінде қарастыруға болады:

1. Атау септігі (негізгі немесе белгісіз) барлық түркі тілдерінде сөз негізіне сәйкес келеді және атау септігіндегі сөзге арнайы жалғау жалғанбайды.

2. Ілік септігінің жалғаулары қазақ тілінде -ның/-нің, -дың/-дің, -тың/-тің тұлғасында қолданылады. Көне түркі ескерткіштері -іŋ/-ïŋ -nïŋ, -nіŋ, -uŋ, -üŋ, -nuŋ, -nüŋ форманттары арқылы беріледі, сонымен қатар ілік септігінің -γ,-іg форманттары да қолданылады: аdïγïŋ→аdïγ+ïŋ «аюдың, tоnuzïn→tоnuz+ïn «доңыздың»: Аdïγlï tоnuzlï аrtüzе sоqušmïš еrmіš, аdïγïŋ qаrnï jаrïlmïš tоnuzïн аzïγïsïnmïš tіr ЫБ. 6 «Асуда аю, доңыз кездескен екен. Аюдың қарны жарылған, доңыздың аяғы сынған,-деген» Айд.ІІІ,159; ögüzіg→ögüz+іg «өгіздің»: Bіr qаrï ögüzіg bіlіn bіčе jіmіš qаmsаju umаtïн turur tіr ЫБ. 37 «Бір қары өгіздің белін майда құмырсқалар қаптапты, оның жүруге әлі жоқ, -дер» Айд.ІІІ,164;

Түркі тілдерінде *-in/-iŋ, *-nin/ -niŋ, -nuŋ, -tin /-tiŋ, -din /-diŋ, -ïn, -ˆәn қосымшалары түрінде көрініс беретін ілік септігінің қосымшаларының түп-тегі жаңғыртылған арғыалтайлық *-n формативіне барып саяды: көне түрк. süŋ ′әскердің′, ebiŋ ′үйдің′, qaγanyŋ ′қағанның′; чув. tәnwәn ′таудың′ < tu′тау′, χәrәn ′қыздың′ < χәr′қыз′, śәžijәn ′тышқанның′ < śәži′тышқан′ (мұндағы - j- дыбысы – негіз бен қосымша арасын жалғаушы көне дауыссыз), ұйғ.-қыпш. attiŋ ′аттың′, алт. köldiŋ ′көлдің′, тув. inektiŋ ′сиырдың′, қбалқ. qozularynin ′қозыларының′ т.б.

Ілік септігінің жалпытүркілік форманты ретінде А.М.Щербак *-ϊn тұлғасын көрсетеді . Түркі тілдері үшін ілік септіктің *-in/-iŋ, * -nin/ -niŋ форманттары ертеарғытүркілік тұлғалар ретінде жаңғыртылады . Н.А Баскаков түркі тілдерінде ғана емес, барлық алтай тілдерінде ілік септігі форманттарының меншіктік қатынасты білдіретін жұрнақтарға қатысы бар екенін (түркі тілінде -nікі: аγа-nікі ‘ағасына тиесілі’; монғол тілінде –jinki: aqajinki; тұнғыс тілінде –ŋі, - nŋі: акаnі ~ ака- nŋі; маньчжур тілінде –іŋge, - nіŋge), алтай тілдерінің көбінде ілік септігі басқа септіктер үшін бастапқы форма болатынын (түркі тілінде барыс сеп. biz-in-ge ′бізге′; монғол тілінде жатыс-барыс сеп. xān-ä-dә ′ханның жанында′; корей тілінде жатыс сеп. saram-ii-ge ′адамда′),сондай-ақ ілік септігіне қатысты сөз тіркесінің типтік конструкциясы орын алатынын (түркі тілінде: qaγanyŋ oγly ′қағанның ұлы′; монғол тілінде: хān-і xöwün ′ханның ұлы′) айтады .

3. Барыс септігі. Түркі тілдерінде барыс септігі негізінен -а, -γа/-qa, -jа қосымшаларымен (варианттарымен) көмкеріледі: көне түрк. taγqa ′тауға′, чув. tәva, тат., қаз., қырғ., тел. tauγа, түрік. daγа; көне түрк. qaγanqa ′қағанға′, шығыс-түрк., батыс-түрк. qaγanqa, чув. χuna,χona; көне түрк. qaγanyma ′қағаныма′, qaγanyŋa ′қағаныңа′, qaγanynγa ′қағанына′, батыс-түрк. qaγanyna′қағанына′. Зерттеушілер *-ai(-a) /-gai(-ga) формативтерін барыс септігінің арғыалтайлық тұлғасы деп санайды. Мәселен, Г.Й. Рамстедт барыс септігінің *-а тұлғасын тұңғыс тілінен басқа алтай тілдерінің барлығында -ai (немесе -a) және -gai (немесе -ga) түрінде қолданылатын қосымшалардың ең бастапқы формасы деп таниды.

ҮІ-ІХ ғасыр түркі жазба мұралары тілінде барыс септігі -а,-е, -qа, -kе, -ru,-rü, -rа,-rе- jа-jе және -γаru, -gеrü, -еrü қосымшалары арқылы жасалады: jaz→jazï «дала, алқап» Тал. 7, «жазық, дала» КТк. 3: Ilgerü Šantuŋ jazïqa tegi süledim «Iлгерi Шантуң жазығына дейiн соғыстым» Айд. II, 168; bič→bičük «бесік (ұрпақ)» ДТД, 39, КТү. 6: Bir kisi jaņïlsar oγušï bodunï besükiŋe tegi qïdmis ermis «Бiр кiсi жаңылса, иелiгiндегi халқы, бесiгiне дейiн зардап шегедi» Сартқ. II, 170. Демек, қазіргі қазақ тіліндегі бағыт мағынасында қолданылатын тысқары, ішкері, ілгері, жоғары сөздерінен барыс септігінің көне формасының қалдығын байқауға болады. Бағыттық мағынаны білдіретін түркі тілдеріндегі -ra/-re/-ru/-rü/-rï/-ri (ebimrü ′үйіме қарай′, bärü ′бері′; барыс септігімен бірге: tаšqаru ′тысқары′) форманты арғыалтайлық *-ra/-re/-ru/-rü/-rï/-ri тұлғасыына барып саяды.

4. Табыс септігінің арғыалтайлық *-i/-ï тұлғасы түркі тілдерінде -(ï)γ/ -nï/-ï қосымшылары түрінде көрініс береді: säni, munï(bunï), bizni (жіктеу есімдіктері), көне түрк.: süγ ′әскерді′, ïükïγ ′жүкті′; оңтүстік түрк. (түрік.) ebi ′үйді′, daγï ′тауды′; батыс түркі. (тат.) űjni ′үйді′, taunï ′тауды′; қазақ. тәуелдіктің ІІІ жағынан кейін -n: malin, aγasin, atin т.б. Чуваш тілінде дыбыстық даму барысында –а/ -jа/-nа болып қалыптасқан табыс септігінің форманттары барыс септігімен сәйкес келеді. Мұндағы - j- және -n- дауыссыздары – дәнекер дыбыстар болып саналады: табыс. tәva ′тауды′, барыс. tәva ′тауға′ < ат. сеп. tu′тау′, табыс. χәrva ′қызды′, барыс. χәrva ′қызға′ < ат. сеп. χәr′қыз′.

Көне түркі ескерткіштері тілінде табыс септігі негізінен -ïn,-іn, -n, -ï,-і және -ïγ,-іg, -uγ,-üg жалғаулары арқылы жасалады: оγulïmïn → оγulïm+ïn «ұлымды», qïzïmïn → qïzïm+ïn «қызымды»: Еbledim оγulïmïn qïzïmïn qаlïŋsïз bertim ïmïрïmа jüz еr turïγ bertim Суд.7 «Ұлдарымды үйлендірдім. Қызымды қалың малсыз бердім. Айд.ІІІ,183. kіdіzіg→kіdіz+іg «киізді»: Kіdіzіg subqа sоqmïš tаqï ur qаtïγmï bаtіr ЫБ,33. «Киізді суға малды. Тағы ұр, қатайды ма,-дер Айд.ІІІ,163.

5. Жатыс септігі. Жатыс септік жалғауы сыртқы тұлғалық жағынан тарихқа белгілі ежелгі дәуірлерден бүгінгі тілімізге дейін өзгеріссіз жеткен. Қазіргі түркі тілдерінің барлығында дерлік –dа//-dе варианты, ал чуваш тілінде –rа, -rе, -čе тұлғалары қолданылады. Жатыс септігі негізінен орынды білдіреді: көне түрк. taγda ′тауға′, чув. tura, тат., қаз. taudа, түрік. daγdа; көне түрк. tašda ′таста, тастардың арасында′, батыс-түрк. tašta.

Жатыс септігі өзіне -ki жұрнағын қосып алу арқылы сын есімдер жасауға қатысады: taγdaki ′таудағы′, taštaγi ′тастағы′, ebdäki ′үйдегі′. Түркі тілдеріндегі жатыстың -dа/-de, -ta/-te жалғаулары мен шығыс септігінің -dаn/-den, -tan/-ten, dіn/-dаŋ жалғауларының түп- төркіні жатыс-шығыс септігінің арғыалтайлық *-ta/-tu тұлғасына барып саяды. Түркі тілдерінде жатыс септігі көпке дейін орынды ғана емес, іс-әрекет, қозғалыстың кеңістіктегі және белгілі бір уақыт аралығындағы шығу, басталу нүктесін де білдірген: көне түрк. оγuz-dа ′оғыздарда′ және ′оғыздардан′, шағ. fathuda soŋ ′жеңістен соң′, халаж. hå vidå ′үйден′.

6. Шығыс септігі іс-әрекеттің, қимылдың неден, қай жерден басталғанын, қимыл иесінің басты объектіден алыстап, ұзап бара жатқанын сипаттайды. Кей жағдайларда іс-әрекеттің себебін, іс-қимылдың орнын да білдіреді. Шығыс септігі қазақ тілінде -дан/ден, -тан/-тен, -нан/-нен жалғауларының көмегімен жасалады. Көне белгілерді көбірек сақтап қалған сары ұйғыр тілінде шығыс септігінің –dan/-den, -tan/-ten қосымшаларының сыртында «өлі» -dïn/-din, -tïn/-tin қосымшалары кездеседі : ačatan ‘атадан’, mïntan ‘мұннан’, jaɣtan ‘майдан’, sïkten ‘есіктен’, taɣdan ‘таудан’, undunden ‘шығыстан (оң жақтан)’, meniktin ‘ақшадан, тиын тебеннен’, šulengadin ‘шенеуліктен’, jiti qonaqtïn ‘жеті қонақтан, жеті күннен’, uš uštin toquz ‘үш үштен тоғыз’ т.б.

Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тіліндегі шығыс септік негізінен -dаn,-dеn,-tаn,-tеn,-tïn,-tin форманттары арқылы жасалады. Кей жағдайда бірдей мән беретін бір қосымшаның фонетикалық варианттары қосарланып келуі де кездеседі: oγuzdantan→oγuz+dan+tan «оғуздан»: Аnča olurur erikli oγuzdantan körüg kelti Тон.8 «Сөйтіп отырған шақта оғыздан елші келді» Айд.ІІ,105; tаšdïntаn→tаš+dïn+tаn «тыстан (сырттан)»: Аnï іčіg іrmеdіm tаšdïntаn üč qаrluq üč ïduq tаtаr...МЧ.28 «Оны ішке кіргізбедім, сырттан үш қарлұқ, үш қасиетті татар...» Айд.ІІІ, 139-144.

Шығыс септігінің -dаn/-den, -tan/-ten, dіn/-dаŋ қосымшаларын «-dа/- ta (жатыстыңжалғауы) + -n» құрамды деп санау орын алады. Мұндағы соңғы -n туралы пікірлерде қайшылық кездеседі. Мәселен, Г.Й. Рамстедт -n тұлғасының шығу тегін ′бірдеңенің жаны, бір нәрсенің сол, оң, алдыңғы, астыңғы т.б. жағы′ деген мағынадағы jаn~d`аn~nаn сөзімен байланыстырады (-da-jan>-dan- dan>-dan: *оγuzdаjan, оγuzdаnan, оγuzdаndan ′оғыздардан′ . М. Рясянен -n тұлғасын жатыс септігіне қосылған құрал мәнді септіктің қосымшасы , ал А.Н.Кононов maγan, saγan, oγan есімдіктерінде сақталған бағытты білдіретін септіктің қосымшасы деп біледі .

7. Біріккен септік. Біріккен септіктің арғыалтайлық *-lï/-li тұлғасы түркі тілдерінде -la/-li, -lan (комитатив) түрінде көрініс береді. Бұл көне форматив түркі тілдерінде қатар тұрған екі нәрсені қосарлап, біріктіріп көрсету үшін жұмсалады: көне түрк.: inili äčili ′інілі ағалы′, bägli budunlï ′бектер мен халық′; ескі ұйғ.: tünli künli ′түн мен күн′, täηrili jirli ′аспан мен жер′; қаз.: aγaly ïnïlï ′ағалы інілі′, ertelï keš ′ертелі кеш′, ülkendï kïšïlï ′үлкенді кішілі′ т.б. Сондай-ақ -la/-li, -lan қосымшасы қазіргі түркі тілдерінде bir-lä(>bir-lä) ′бірге, -мен′, bi-län(>bir-län) ′бірге ′ демеуліктері құрамында да кездеседі .

8. Көмектес септік. Қазіргі қазақ тіліндегі көмектес септігінің -мен, -бен, -пен тұлғалары о бастағы дербес бірле шылауының өзгеріске түскен формасы саналады. Ә.Ибатов бұл пікірді мынадай жүйемен дәлелдеп көрсетеді:

бірлән > билән > білә > ілә > лә//ле

бінән > мінән > інән > нән

мынан > менен > ман//мен

Көне түркі тіліндегі көмектес септіктің негізгі қосымшасы -ïn,-іn, -n , -γ форманттары арқылы және birle «бірге» лексемасының қолдануынан жасалады. kölük → kölük +ün «көлікпен » ДТД, 15 Тон. 15: Ingek kölükün toγlada oγuz kelti «Сиыр көлiгiмен Тоғлада оғыз келдi» Айд. II, 107; subuγ→ subu+γ «суымен»: Anï subuγ baralïm. Тон. 27 «Аны суымен баралық.» Айд.ІІ,109;

Көмектес септіктің арғыалтайлық *-ïn/-in тұлғасына барып саятын көне -ïn/-in формативі қазіргі түркі тілдерінде үстеулер құрамында кездеседі: гаг. qïšïn ′қыс ішінде′, түрік. jazïn ′ала жаздай′, ұйғ. ärkänin ′таңертең ертемен′, башқ. kisen ′кешкісін′, өзб. jazïn – qyšïn ′жазы -қысы′, якут. soγotoγun ′жалғыз өзі′ .