Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОӘҚ 1курс жаңа Қазақ тілі.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

Екінші сабақ (1 сағат)

1.Мәтінді оқып, мағынасын ұғып алыңыз. Қазақстан халықаралық аренада

Біздің елімізде Ресей және ТМД-ның басқа да елдерімен өзара сенімді тең қатынас қалыптастыруға бағытталған шаралар жүргізілді. Қазақстан жаңа тарихи жағдайда біртұтас ортақ экономикалық кеңістікті сақтауды жақтайтын мемлекетке айналып отыр. Орталық Азия елдерімен өзара пайдалы жаңа сападағы қатынастардың қалыптаса бастауы Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруда. Ресеймен арадағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайта түсуге бағытталған құжаттарға қол қойылды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен шет мемлекеттерде Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды. 1995 ж. Қазақстан Республикасы Президентінің Еуразия Одағы идеясы жарияланды. Қазақстан ядролық қарусыз аймаққа айналу жолында үлкен жұмыстар жүргізді. АҚШ-тан, Ұлыбританиядан, Ресейден және Қытайдан қауіпсіздік және территориялық тұтастық жөнінде кепілдік алынды.

Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың тең құқылы мүшесі. Қазақстан Республикасы 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданды. Әлемдік қауымдастық Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін мойындады. Әлем елдерімен дипломатиялық қатынастар қалыптаса бастады. 1994 жылы 5 желтоқсанда Будапештте өткен Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастық кеңесінде Қазақстанға қауіпсіздік кепілдігі туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстан Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымының және Ислам конференциясы ұымының төрағасы болды. Қазақстанның Еуропалық Одақпен байланысы нығайды. Қазақстан, Ресей, Белорусия арасындағы Кедендік Одақ құрылды. Қазақстан халықаралық экономикалық және қаржылық ұйымдар жұмысына араласа бастады. Қазақстан экономикасына шетелдік инвестиция тартылды.

Kze. docdat.com

2.Мәтінді берілген жоспар бойынша мазмұндаңыз.

1) Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруда қандай әрекеттері ықпал етті?

2) Қазақстан шет мемлекеттермен қалай байланысын орнықтырды?

3) Әлем елдерімен дипломатиялық қатынастарды нығайту үшін қандай шаралар қолданылды?

3.Сөз тіркестерін орыс тіліне аударыңыз.

  • қалыптастыруға бағытталған шаралар жүргізілді;

  • ортақ экономикалық кеңістікті сақтауды жақтау;

  • халықаралық аренадағы беделін арту;

  • ядролық қарусыз аймаққа айналу;

  • мемлекеттік тәуелсіздігін мойындау;

  • дипломатиялық қатынастар қалыптаса бастады;

  • шетелдік инвестиция тартылды.

4.Берілген тірек сөздермен сөйлемдер құраңыз.

Сенімді, біртұтас, экономикалық кеңістік, жаңа сапа, бедел, елшілік, территориялық тұтастық, ядролық қарусыз, тең құқылы, меморандум, шетелдік инвестиция.

Үлгі: Қазақстан басқа елдермен сенімді қатынас қалыптастыра бастады.

Үшінші сабақ (1 сағат)

1.Мәтінді оқып, мағынасын ұғып алыңыз.

Қазақстан – Азия барысы

«Қазақстан — 2030» ұзақ мерзімді даму стратегиясының «Қазақстан мұраты» екінші бөлімінде Елбасы көп халық үшін тектілік пен мықтылықтың символы саналатын қар барысына айрықша сипат берді.

«…2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін. Бізде Жолбарыстар жоқ, ал тауларымызда тіршілік ететін Қар Барысы дүниежүзілік қоғамдастыққа онша таныс емес. Жануарлар әлемінде Жолбарыс туыстас болғанымен, Барыстың өзіндік ерекшеліктері де бар. Бұл — өзіне тән тектілігімен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланатын Барыс болмақ. ... Ендеше қазақстандық Барыстың бойына дамудың алдыңғы қатарлы үздік деңгейіне үстелген батыстың талғампаздығы да, шығыстың кемеңгерлігі мен төзімділігі де тән болуға тиіс», — деген Елбасымыз Н.Назарбаев еліміздің бағытын айқындап берді.

Стратегиялық бағдарламада еліміздің символы ретінде барыстың не үшін таңдалғанын Әбіш Кекілбаев былайша түсіндіреді: «Президент Барыстың бейнесін кездейсоқ алып отырған жоқ. Жұлындай жұтынған ортаазиялық Барыс… Оның гносеологиялық тұрғыдағы арғы тегі біздің бабаларымыздың дүние танымына, адамгершілік мұраттарына барып ұласады. Барыс — сыры жұмбақ жануар. Ол өзіне өзгелердің назарын еріксіз аудартады. Барынша жіті көз тігуге мәжбүр етеді. Өзінше дербес, тәкаппар, топтанып жүруді ұнатпайтын, мейлінше сақ, бірақ қорқақ емес, барынша батыл, бірақ өзгелерге қиянат жасап, біреудің мекені мен жеміне көзін алартпайтын, басқаларға жоқтан өзгеге бола азу көрсетіп, тырнақ батыруды білмейтін, бірақ өзінің есесін ешкімге де жібермейтін, айнала төңірегіндегілерді ақырып-бақырмай-ақ, айрықша шалымдылығымен өзін сыйлата алатын текті жануар. Ешқашан қапия қалмайтын аса сезімтал, айбынды қасиетке ие…

Бұл метафора біздің мемлекет ретінде қандай қасиеттерді қалайтынымызды көрсетеді... Күшімізге кәміл сене отырып, өзгелерге ұстамды бола алу саяси мінез-құлқымыздың мақсаты мен мәні болмақшы. Ондай байсалдылық бізді өзгелердің алдында құрдай жорғалаудан да, кеудемсоқтық, даңғазалықтан да сақтай алады. Сондай-ақ өзімізге-өзіміз тамсанатын немесе жоқтан өзгеге бола өзімізді-өзіміз жерден алып, жерге салатын ерсі қылықтарға да ұрындырмайды».

Дайындаған: Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.