Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kystaubay_O_S_GP_kaz_obsch_i_osob_okonchat_vari...doc
Скачиваний:
8
Добавлен:
01.03.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

2.3 Мемлекет және әкімшілік-аумақтық бөліністер азаматтық құқықтың субъектілері ретінде

Мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністің азаматтық құқықтың субъектілері ретінде азаматтық құқықтық қатынастарға қатысуында жеке және заңды тұлғалармен тең болатынын есепке ала отырып, олардың өздеріне тән ерекшеліктері мен өзгешеліктері болатынын айту қажет. Мемлекет билік субъектісі, яғни елдің атынан мемлекет аумағында және тыс жерлерде өкілдік етеді. Конституциямыздың 2-ші бабының екінші тармағына сай «Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді». Еліміз аумағында қолданылатын нормативтік құқықтық актілерді қабылдауда мемлекет атынан жүзеге асырылады.

Атқарушы, өкілдік және сот биліктері де мемлекет атынан орындалады. Салық жинауды, ақша шығаруды, қарулы күштерді және т.б. ұйымдастыру және бақылауды жүзеге асыратын да мемлекет. Сонымен қатар, Ата заңымыздың 1-ші бабында көрсетілгеніндей «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады», яғни мемлекет зейнеткерлерге зейнетақы, денсаулығы шектеулі адамдарға жәрдемақы тағы басқа көптеген әлеуметтік функциялармен де айналысады. Бұл функциялардың бірде бірі азаматтық құқықтың субъектілері болып табылатын жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға тән емес.

Мемлекетті жария құқық пен жеке құқық субъектісі ретінде бөліп қарастыру нарықтық экономикасы дамыған елдердің құқықтық жүйесі мен заңнамасында кездесетін қалыпты жағдай. Елімізде құқықтық мемлекетті құру жалғасуда, сол себептен де, мемлекетті жария және жеке құқық субъектісі ретінде заңнамада бекіту алдағы істердің бірі болып табылады.

Мемлекет азаматтық құқықтың субъектісі ретінде азаматтық құқықтық мәмілелердің тең қатысушысы бола алады. Мысалы, сатып алу-сату шарты бойынша мемлекет сатып алушы да сатушы да болуға құқылы, немесе елімізге және елордасына қажетті (Бәйтерек мұнарасы, Тәуелсіздік монументі, Опера және балет театры және т.б.) белгілі бір құрылыс объектісін салу үшін тендер ұйымдастырып, оның жеңімпазымен мердігерлік шартын тапсырысшы ретінде жасасуға құқылы.

Еліміздің атқарушы және өкілдік органдары оларға берілген құзырет шеңберінде мемлекет атынан өз әрекеттері арқылы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асырады, сотта өкілдік ете алады. Қазақстан Республикасының арнайы тапсырмасымен оның атынан өзге де мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар мен азаматтар өкілдік ете алады. Мысалы, құрылтайшысы (акционері) мемлекет болып табылатын акционерлік қоғамдарда мемлекет мүддесін өкілеттілік берілген тұлға ұстанады, білдіреді, қорғайды.

Конституциямыздың 6-шы бабына сай «Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады». Мемлекетке және әкімшілік-аумақтық бөліністерге республикалық және коммуналдық меншік тиесілі.

Мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністер өздері құрған мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелердің, мемлекеттік кәсіпорындардың (соның ішінде қазыналық кәсіпорындардың) міндеттемелері бойынша азаматтық-құқықтық (субсидиярлық) жауаптылықта болады. Азаматтық құқықтың бұл субъектілері шарттан туындайтын және шарттан тыс, яғни зиян келтіру салдарынан, оқиғадан туындайтын міндеттемелер бойынша да жауаптылықта болуы мүмкін. Мысалы, мемлекеттік органдардың заң актілеріне сәйкес келмейтін актілерді шығаруының салдарынан келтірілген зиян актіні шығарған органдар мен лауазымды адамдардың кінәсіне қарамастан мемлекеттік қазына есебінен өтеледі (ҚР АК 922 бабы). Немесе жер сілкінісі яки су тасқыны, яғни адам еркінен тыс болатын қоршаған ортаның құбылыстары негізінде тұрғын үйлерінен айрылған азаматтарға мемлекет есебінен тұрғын үйлер салынуда. Алматы облысына қарасты Қызылағаш елді мекенінде болған жайт осыған дәлел. Анықтай, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдарының заңсыз іс-ірекеттерімен келтірілген зиянды толық көлемде мемлекет өтейді (ҚР АК 923 бабы).

Заң актілерімен көзделген жағдайларда кейбір азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысу ережелерін мемлекет өзі анықтауы мүмкін. Мысалы, мемлекеттік сатып алу, мемлекет немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс ұйымдастыратын тендер нысанындағы конкурстық саудаластық, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорындағы мемлекеттік тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібі мен мерзімін де анықтайтын және белгілейтін мемлекет. Себебі, көрсетілген міндеттемелердің негізінде мемлекеттік мүдде мен мемлекет қаражаты жатыр.

Азаматтық – құқықтық мәмілелердің негізінде туындайтын міндеттемелер орындалмаған немес тиісті дәрежеде орындалмаған жағдайларда, несие берушілер (сот сатысында талапкерлер) өз құқықтары мен заңи мүдделерінің бұзылуын қорғау және бұзылған құқықтар мен заңи мүдделерді қалпына келтіру мақсатында сотқа жүгінуге құқылы. Соттың шешімдері (қылмыстық істер бойынша үкімдері) мемлекет атынан, яғни Қазақстан Республикасы атынан шығарылады және сот шешімінің орындалуын қамтамасыз ететін де мемлекет. Сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктеріне деген жеке меншік құқығын ықтиярсыз (яғни күшпен) тоқтатудың бір негізі болып табылатын тәркілеуді де қолданатын және жүзеге асыратын мемлекет. Тәркіленген мүлік (соның ішінде ақша және т.б. материалдық игіліктер) мемлекет меншігіне өтеді.

Мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністердің құқықтық (соның ішінде азаматтық-құқықтық) қатынастарға қатысу ерекшеліктері еліміздің Конституциясымен, Азаматтық кодексімен қатар, қолданыстағы өзге де заң актілерімен реттеледі.

Тапсырмалар:

  1. Заңды тұлғаның пайда болуына байланысты ғылыми теориялар мен олардың негізгі мазмұны қандай?

  2. Заңды тұлғаларды коммерциялық және коммерциялық емес деп түрлерге бөлу негізінде не жатыр?

  3. АҚШ және Батыс Еуропа елдерінің азаматтық заңнамасы бойынша заңды тұлғалар түрлері қандай?

  4. Ар-намыс, абыройға зиян келтіру жағдайлары заңды тұлғаға қатысты қолданылады ма?

  5. Коммерциялық ұйымдарға құқықтық сипаттама беріңіз.

  6. Коммерциялық емес ұйымдардың нысандары қандай және олардың бір-бірінен айырмашылқтары неде?

  7. Заңды тұлғаның банкроттығы нені білдіреді?

  8. Мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністердің азаматтық құқықтың субъектілері ретінде ерекшеліктері мен айырмашылықтары неде және қандай?

Тақырып бойынша ұсынылатын нормативтік құқықтық актілер мен әдебиеттер тізімі:

  1. Шаруашылық серіктестіктер туралы 02.05.1995жылғы ҚР заңы.

  2. Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы 22.04.1998жылғы ҚР заңы.

  3. Акционерлік қоғамдар туралы 13.05.2003жылғы ҚР заңы.

  4. Өндірістік кооператив туралы 05.10.1995жылғы ҚР заңы.

  5. Мемлекеттік мүлік туралы 01.03.2011жылғы ҚР заңы.

  6. Саяси партиялар туралы 02.07.1996жылғы ҚР заңы.

  7. Кәсіптік одақтар туралы 09.04.1993жылғы ҚР заңы.

  8. Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы 15.01.1992 жылғы ҚР заңы (ескерту: «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңының жаңа жобасы қабылдану сатысында)

  9. Қоғамдық бірлестіктер туралы 31.05.1996 жылғы ҚР заңы.

  10. Коммерциялық емес ұйымдар туралы 16.01.2001жылғы ҚР заңы.

  11. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу туралы 17.04.1995жылғы ҚР заңы.

  12. Лицензиялау туралы 11.01.2007 жылғы ҚР заңы.

  13. Банкроттық туралы 21.01.1997 жылғы ҚР заңы.

  14. Бағалы қағаздар рыногы туралы 02.07.2003жылғы ҚР заңы.

  15. Жеке кәсіпкерлік туралы 31.01.2006жылғы ҚР заңы.

  16. Төлеуғалиев Ғ.И. Қазақстан Республикасының азаматтық құқығы (жалпы бөлім). I том, Алматы, 2001ж.

  17. Сүлейменов М.К., Басин Ю.Г. Азаматтық құқық. Том 1. Алматы, 2003

3-тарау. Азаматтық құқық объектілері (ҚР АК 115-146 баптары)

3.1 Азаматтық құқық объектілерінің түсінігі, түрлері және сипаттама беру

Азаматтық құқық объектілері дегеніміз – азаматтық құқықтар мен міндеттерді туындататын материалдық және/немесе материалдық емес игіліктер мен құқықтар.

Азаматтық құқық объектілері:

  • заттар, ақша, соның ішінде шетел валютасы, қаржы құралдары;

  • өзге де мүлік, соның ішінде мүліктік құқықтар;

  • жұмыстар мен қызметтер;

  • ақпарат;

  • интеллектуалдық қызметтің объектіге айналған нәтижелері, фирмалық атаулар, тауарлық белгілер және тауарды дараландырудың өзге де құралдары;

  • материалдық емес игіліктер мен құқықтар.

Азаматтық құқық объектілері айналым қабілеттілігіне қарай:

  • азаматтық айналымнан алынып тасталған объектілер. Мысалы, ядролық қару т.б. Мұндай материалдық объектілер бойынша келісімге келген мәмілелер жасалған сәтінен бастап жарамсыз болып танылады және тараптардың заттары (ядролық қару және оның қарымтасы ақша сомалары) тәркіленеді, яғни мемлекет пайдасына (тараптар үшін өтемақысыз) өтеді;

  • азаматтық айналымдағы шектеулі объектілер. Мысалы, қару-жарақ, оқ-дәрі және т.б. Мұндай заттар арнайы рұқсат арқылы беріледі. Адам өзіне қару алғысы келетін болса, жүйке ауруымен ауырмайтынын растайтын психиатриялық мекемеден анықтама, есірткі заттар мен спирт ішімдіктеріне кәсіби әуесқойлығы жоқ екенін дәлелдейтін мекемеден анықтама, тұрғылықты жері бойынша аудандық (қалалық) ішкі органдар басқармасынан (бөлімінен) рұқсат алған жағдайда ғана қару-жарақ сататын жерден (дүкеннен) оны сатып ала алады. Қару-жарақ жәнеоның иесі есепке алынады. Сол сияқты, кейбір дәрі-дәрмекті сатып алу және пайдалану үшін дәрігердің рұқсаты болып табылатын рецепт қажет болады.

  • азаматтық айналымдағы еркін объектілер. Заңнамамен тыйым салынбаған және еркін саудадағы кез келген материалдық игілік. Мысалы, тұрғын үйлер, автокөліктер және өзге де жылжитын, жылжымайтын мүлік (зат).

Заттар дегеніміз – азаматтық құқықтар мен міндеттер туындататын қоршаған ортаның материалдық объектілері.

Заттардың түрлері:

- жылжымайтын және жылжитын мүліктер (ескерту: Қазақстан Республикасының азаматтық кодексінде «қозғалмайтын және қозғалатын мүлік» терминдері де қолданылады); жылжымайтын мүлік - жер учаскелері, үйлер, ғимараттар, көпжылдық екпелер және жермен тығыз байланысты өзге мүлік, яғни орнынан олардың мақсатына сай емес шығынсыз ауыстыру мүмкін болмайтын мүлік.

Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелері, ішкі сауда жүзу кемесі, «өзен-теңіз» жүзу кемесі, ғарыштық объектілер де жылжымайтын заттарға теңестіріледі. Осы объектілер жылжымайтын болса (яғни, жұмыс істемейтін болса), құнсыз (қажетсіз) болар еді. Кеңес одағы ыдыраған кезеңде Қазақстан аумағында орналасқан бірақ КСРО меншігіндегі көптеген ұшақтар мен тікұшақтар, Байқоңыр ғарыш объектілері және өзге объектілер бар болатынды. «Uti possidetis» (мүлік қай жерде орналасса, сол жердің /мемлекеттің/ меншігі болып табылады) қағидатын қолдана отырып жылжымайтын мүлік санатына теңестіру арқылы елімізде қалдыру мүмкіндігі жүзеге асырылғанды. Ресми түрде олардың жылжымайтын мүлікке теңестіруіне келетін болсақ, бұл объектілермен жасалатын кез келген мәміле және одан туындайтын құқық мемлекеттік тіркеуді талап ететіні, сондай-ақ олардың аса қымбат тұратыны алға тартылды.

Жылжитын (қозғалатын) заттарға жылжыған (қозғаған) кезде өзінің негізгі функциясын жоғалтпайтын заттар (мүлік) жатқызылады. Мысалы, азық-түлік, жанар-жағар май, киім-кешек, автокөліктер және тағы да басқалары.

Заттар (мүлік) өз ерекшеліктеріне қарай:

- бөлінетін және бөлінбейтін;

- жай және күрделі;

- басты зат және керек-жарақ;

- жеке белгілерімен және тектік белгілерімен анықталған заттар;

- тұтынылатын және тұтынылмайтын заттар ретінде де сұрыпталады.

Теңге ақша ретінде еліміздің бүкіл аумағында өз құны бойынша қабылдануға міндетті заңды төлем құралы болып табылады, сонымен қатар, азаматтық құқықтық мәмілелер бойынша қолма қол төлеу және қолма қол төлемей есеп айырысу төлемінде білдіреді. Кез келген ақылы мәміленің бағасы да ақшалай нысанда көрініс табады. Еліміздің аумағында шетел валютасын пайдалану « Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 маусымдағы №57 Заңымен реттеледі және валюталық реттеудiң мақсаты тұрақты экономикалық өсуге қол жеткiзу және экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiң саясатына жәрдемдесу болып табылады. Валюталық реттеудiң мiндеттерiне Қазақстан Республикасында валюталық құндылықтардың айналысының тәртiбiн белгiлеу; 2) Қазақстан Республикасының дүниежүзiлiк экономикаға одан әрi кiрiгуi үшiн жағдайлар жасау; валюталық операциялар мен капитал легi жөнiндегi ақпараттық базаны қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi уәкiлеттi ұйымдарға шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензия бередi.

3.2 Қаржы құралдары азаматтық құқық объектілері ретінде (ҚР АК 128-1 – 128-6 баптары)

Қаржы құралы дегеніміз - операциялар нәтижесiнде бiр ұйымның қаржылық активiмен бiр мезгiлде басқа ұйымда қаржылық мiндеттеме немесе үлестiк құрал туындайтын ақша, туынды құнды қағаздарды қоса алғанда, құнды қағаздар, туынды қаржы құралдары мен басқа да қаржы құралдары.

Қаржылық актив ақшасын, басқа ұйымның үлестiк құралын бiлдiретiн кез келген актив, ұйымның меншiктi үлестiк құралдарының белгiленген санына кез келген өзге тәсiлмен жүргiзiлетiн немесе жүргiзiлуi мүмкiн туынды құрал болып табылатын шарт.

Қаржылық мiндеттеме — ақшасын немесе өзге де қаржылық активтi басқа ұйымға беру немесе өзi үшiн ықтимал тиiмсiз жағдайларда басқа ұйыммен қаржылық активтермен немесе қаржылық мiндеттемелерiмен алмасудың шартты мiндеттемелерiн бiлдiретiн кез келген мiндеттеме немесе заңнамаға сәйкес туынды құрал болып табылатын шарт.

Үлестiк құрал — ұйымның барлық мiндеттемелерi шегерiлгеннен кейiн қалатын оның активтерiндегi қалдық үлесiне құқығын растайтын кез келген шарт.

Туынды қаржы құралдары — болашақта осы шарт бойынша есеп айырысуды жүргiзудi көздейтiн, құны шарттың базалық активiнiң мөлшерiне (мөлшердiң ауытқуын қоса алғанда) тәуелдi шарт.

Туынды қаржы құралдарына опциондар, фьючерстер, форвардтар, своптар және осы белгiлерге сай келетiн басқа да туынды, оның iшiнде жоғарыда аталған туынды қаржы құралдарының комбинациясы болып табылатын қаржы құралдары жатады.

Опцион — оған сәйкес бiр тарап (опцион сатушысы) екiншi тарапқа (опционды сатып алушы) болашақта келiсiлген жағдайларда пәтуаласқан баға бойынша базалық актив сатып алу немесе сату құқығын сататын туынды қаржы құралы. Опционды сатушы өзiне мiндеттемелер алады, ал сатып алушы құқыққа ие болады. Опционды сатушы опционды сатып алушыға сыйлықақы деп аталатын сыйақыға опционды сатады. Опционның келiсiлген жағдайлары деп мынадай мiндеттi шарттарды келiсу түсiнiледi: базалық активтiң түрi, базалық активтiң жалпы құны (опцион жасалатын сома), базалық активтiң бағасы (страйк — опционды орындау бағасы), опционның сыйлығы, опционның мерзiмi (опционның қолданылу кезеңi), опционның түрi. Егер опционды сатып алушы өзi сатып алған құқықты iске асырса, онда опцион орындалды деп есептеледi.

Своп — оған сәйкес тараптар келiсiлген шарттармен базалық активтер немесе болашақтағы базалық активтер бойынша төлемдердi айырбастау жөнiнде пәтуаласатын туынды қаржы құралы.

Форвард — сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келiсiлген шарттарда базалық активтi сатып алудың (немесе сатудың) белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн мiндеттеменi өзiне алатын туынды қаржы құралы. Форвард ұйымдастырылмаған нарықта жасалады.

Фьючерс — сатып алушы (немесе сатушы) ұйымдастырылған нарықта белгiленген стандартты шарттарға сәйкес базалық активтi сатып алудың (немесе сатудың) белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн мiндеттеменi өзiне алатын тек ұйымдастырылған нарықта айналымға түсетiн туынды қаржы құралы.

Азаматтық құқықтың объектісі болып табылатын жұмыс пен еңбек құқығындағы жұмыстың өз ерекшеліктері бар. Азаматтық құқықтың объектісі ретінде жұмыс орындалғанда материалдық объект, яғни азаматтық айналымға түсе алатын материалдық игілік туындайды. Мысалы, мердігерлік шарттары бойынша жұмыс орындалғанда, соның ішінде құрылыс мердігерлігі шартының объектісі болатын тұрғын үй, ғимарат және сол сияқтыларды сатуға, сатып алуға, айырбастауға, сыйға тартуға болады. Тұрмыстық мердігерлігі шарты бойынша жеке тапсырыспен киім тіктіруге, үстел, орындықтарды жасатуға және т.б. сол сияқты жұмыстарды орындауға болады. Еңбек құқығындағы жұмысты қарастыратын болсақ, жұмыстың орындалуы оның нәтижесіне байланысты емес, яғни материалдық объект (игілік) туындамайды. Мемлекеттік, әскери және бюджеттік қызметтегі адамдардың орындайтын жұмысының нәтижесі материалдық көрініс таппайды. Оқу орындарының басшылары, мұғалімдері, оқытушылары (мектеп директоры мен сабақ беретін мұғалімнің, декан мен оқытушының жұмыстары материалдық нәтижеге ұластырмайды), тіпті техникалық және шаруашылық жұмыстарын орындайтын адамдардың да (мыс. еден жуу немесе жұмыс орны айналасын тазалау) жұмыс нәтижесі материалдық игілік туындатпайды.

Азаматтық құқықтың объектісі болып табылатын қызмет көрсетіледі. Бұл қызметтің мемлекеттік қызметтен, әскери қызметтен және өзге де қызметтерден өз айырмашылығы бар. Азаматтық құқықтағы қызмет шарт негізінде көрсетіледі және оның нәтижесі материалдық игілікке ұласпайды, яғни азаматтық айналымға түспейді. Мысалы, медициналық қызметтің бір түрі болып табылатын тіс емдеу, жасанды тіс салдыру нәтижесі азаматтық айналымға қатыспайды, яғни оларды сату, сыйға тарту, айырбастау және сол сияқты мәмілелерді жасау мүмкін емес. Мұндай өтемелі қызметтердің қатарына байланыс, мал дәрігерлік, аудиторлық, кеңес беру, ақпараттық, туристік қызметтер, оқыту жөніндегі қызметтер және т.б. жатады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]