Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kystaubay_O_S_GP_kaz_obsch_i_osob_okonchat_vari...doc
Скачиваний:
8
Добавлен:
01.03.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Қазақстан Республикасының азаматтық құқығы (ерекше бөлім)

11 – тарау. Мүлікті (тауарды) меншікке, шаруашылық жүргізуге немесе оралымды басқаруға беру жөніндегі міндеттемелер

11.1 Сатып алу-сату шарты туралы жалпы ережелер (ҚР АК 406-444 баптары)

Сатып алу-сату шарты дегеніміз бір тарап (сатушы) затты (тауарды) екінші тараптың (сатып алушының) меншігіне, шаруашылық жүргізуіне немесе жедел басқаруына беруге міндеттенуі, ал сатып алушы затты (тауарды) қабылдауға және ол үшін нақты бір соманы төлеуге міндеттенуі жөніндегі келісім.

Шарттың нысанасы (объектісі) ретінде азаматтық айналымнан алынбаған сатушының меншігіндегі немесе ол жасайтын, яки сатып алатын кез келген азаматтық айналымнан алынбаған зат (тауар) табылады.

Жалпы ереже бойынша сатып алу-сату шартының субъектілері ретінде кез келген жеке тұлға, заңды тұлға, мемлекет және әкімшілік-аймақтық бөлініс бола алады. Дегенмен, сатып алу-сату шартының кейбір түрлері бойынша нақты субъектілер де көзделеді.

Сатып алу-сату шарты ауызша немесе жазбаша (жай жазбаша, білікті жазбаша: нотариалды куәландыру және мемлекеттік тіркеу) нысанда жасалуы мүмкін.

Сатып алу-сату шарты екі жақты (сатушы мен сатып алушы), консенсуалды (тараптар шарттың елеулі ережелеріне қол жеткізуімен қатар, шарттың жасалу және орындалу сәттері бір мезгелде жүзеге аспау мүмкіндігі), ақылы (бір тараптың құқығына екінші тарап міндетінің үйлесуі, сай келуі) шарт болып табылады.

Сатып алу-сату шартының түрлері:

  • бөлшектеп сатып алу-сату;

  • тауар жеткізілімі шарты;

  • келісім шарт жасасу шарты;

  • энергиямен жабдықтау шарты;

  • қозғалмайтын мүлікті сатып алу-сату шарты;

  • кәсіпорынды сатып алу-сату шарты.

Жалпы ереже бойынша сатып алу-сату шартының елеулі ережелері болып тауардың атауы және тауардың саны табылады.

Сатушы сатып алушыға тиісті сандағы тауарды беруге міндетті. Тауардың санын тараптар нақты өлшеммен (метр, дана, тонна және өзге де есептеумен) анықтайды.

Егер, сатушы шартта көзделгеннен аз (кем) сандағы тауарды беретін болса, сатып алушы сатушының жетіспейтін тауарды толықтырып беруін талап етуге немесе берілген тауардан толықтай бас тартуға құқылы.

Егер, сатушы шартта көзделгеннен артық сандағы тауарды беретін болса, сатып алушы: артық тауарды қабылдаудан бас тартуға құқылы; - егер, сатушының ақылға қонымды мерзім ішінде шешімі болмаса, артық тауарды қабылдауға құқылы.

Сатушы тауарды тиісті ассортиментте беруге міндетті. Ассортимент дегеніміз – кейбір белгілері (түрлері, модельдері, көлемі, өлшемі, түсі және т.б.) бойынша жіктелетін және берілетін тауардың саны көрсетілетін нақты атауы бар тауарлардың тізімі.

Егер шартта ассортимент туралы ереже болмаса, дегенмен тауардың атауы бойынша болуы тиіс болса, сатушы: - сатып алушының қажетін есепке ала отырып, тауарлардың ассортиментін жеке анықтауға құқылы, немесе -шартты орындаудан бас тартуға құқылы. Шарттың ассортимент туралы ережелерін сатушы бұзатын болса, онда сатып алушы тауарды қабылдаудан бас тартуға және төлемеуге құқылы.

Сатушы сатып алушыға тиісті сападағы тауарды беруге міндетті. Тауардың сапасы шартта немесе мемлекеттік стандартта көрсетілуі мүмкін. Егер шартта тауардың сапасы туралы ережелер болмаса, мақсатына жарамды тауарды беруге міндетті. Тауар берілген соң да сатушы оның сапасына қатысты қосымша кепілдік мерзімін беруге құқылы. Сатушы тауардың сапасына қатысты ережелерді бұзатын болса, сатып алушы сатушыдан - сатып алу бағасын тиісінше азайтуды немесе тауардың кемшіліктерін ақылға қонымды мерзім ішінде сатушы есебінен жоюды немесе тауардың кемшіліктерін өз есебінен жойғаны үшін, шығындарын өтеуді талап етуге құқылы. Егер тауардың сапасына қатысты елеулі кемшіліктерді қалпына келтіру немесе жою мүмкін болмаса, сатып алушы шартты орындаудан және төленген соманы кері қайтаруды немесе тауарды алмастыруды талап етуге құқылы.

Сатушы тауарды шарт ережелеріне немесе нормативтік актілердің талаптарына немесе оның сақталуын, жеткізілуін қамтамасыз ету мақсатында буып түюге (упаковка жасауға) міндетті.

Шарттың ережелеріне сай, сатушы тауарды жиынтықта (комплектіде), яғни жиынтыққа кіретін барлық заттарымен бірге беруге (мебельдің гарнитурлары) міндетті. Егер тауар жиынтығында берілмесе, сатып алушы сатушыдан сатып алу бағасын тиісінше төмендетуді немесе ақылға қонымды мерзім ішінде тауарды толық жиынтығында беруді талап етуге құқылы. Егер тауар толықтырылмаса, сатып алушы тауарды жиынтықтағы тауарға алмастыруды немесе шартты орындаудан бас тартуға және төленген соманы кері қайтаруды талап етуге құқылы.

Сатып алу-сату шарты бойынша сатушының негізгі міндеті шарт ережелеріне сай тауарды сатып алушыға беру. Сатушының тауарды беру міндетінің орындалған сәті болып:

- егер шартта сатушының тауарды жеткізіп беру міндеті көзделген болса, тауарды сатып алушыға беру сәті;

- егер тауар орналасқан жерде беру көзделсе, тауарды сатып алушы билігіне беру сәті;

- басқа жағдайларда, сатып алушыға жеткізіп беру үшін тауарды тасымалдаушыға немесе өзге де байланыс ұйымына беру кезеңі табылады.

Тауар беру мерзімі шартта көзделеді. Егер, шартта мерзім көрсетілмесе ҚР азаматтық кодексіндегі ережелер қолданылады.

Тауардың бағасы шартта көрсетіледі. Егер, шартта көрсетілмесе, ұқсас тауарларға сай әдетте алынатын баға қолданылады. Шартта тараптар нақты бағаны белгілеуі немесе бағаны келешекте келісіп отыру жөнінде келісуі немесе міндеттеменің орындалу сәтіне бағаны анықтау тәртібін бекітуі мүмкін.

Сатып алушының негізгі міндеті тауарды қабылдау және оның бағасын төлеу. Шартта тауар бағасын толықтай немесе алдын-ала немесе нақты бір мерзім ішінде төлеу қарастырылуы мүмкін. Соңғы жағдайда шарттың елеулі ережелері болып тауардың бағасы, төлемдердің тәртібі, мерзімдері және мөлшері табылады.

11.2 Бөлшектеп сатып алу-сату шартының ерекшеліктері (ҚР АК 445-457 баптары)

Бөлшектеп сатып алу-сату шарты бойынша тауарларды бөлшектеп сатуды кәсіпкерлік қызмет ретінде жүзеге асыратын сатушы, тауарды сатып алушыға беруге міндеттенеді, ал сатып алушы тауарды кәсіпкерлік мақсатпен байланысты емес жеке, отбасылық, тұрмыстық мақсатта пайдалану үшін қабылдауға және бағасын төлеуге міндеттенеді.

Шарттың ерекшеліктері:

- сатушы - тауарларды бөлшектеп сатуды кәсіпкерлік қызмет ретінде жүзеге асыратын заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер;

- берілетін тауар кәсіпкерлік мақсатпен байланысты емес жеке, отбасылық, тұрмыстық мақсатта пайдаланылады;

- шарт ауызша немесе жазбаша нысанда жасалуы мүмкін. Жазбаша нысан шарттың жасалу және орындалу сәттері сәйкес келмейтін болса қолданылады. Мысалы, тауарды несиеге сату. Егер сатушы сатып алушыға шарттың жасалғанын растайтын тауар чегін немесе өзге дәлелді құжатты беретін болса, шарт тиісті нысанда жасалған болып саналады;

- шарт екі жақты, ақылы және жария болып табылады;

- сатушы барлық сатып алушылармен тең жағдайда шарт жасауға міндетті;

- сатушы жария оферта ұсыныс білдірген кез-келген тұлғамен шарт жасауға міндетті;

- сатып алушы шарт ережелерін қосылу арқылы қабылдай алады (қосылу шарты);

- сатушы тауардың сипаты, оны пайдалану және сақтау ерекшеліктері жөнінде сатып алушының нақты мәліметі болатындай мағлұматты беруге міндетті;

- сатушы шарт ережелеріне саны, сапасы, жиынтығы, буып-түюі сай келетін тауарды сатып алушыға беруге міндетті;

- сатып алушы тауарды қабылдауға және бағасын төлеуге міндетті.

11.3 Тауар жеткізілімі шартының ерекшеліктері (ҚР АК 458-477 баптары)

Тауар жеткізілімі шарты бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тауар жеткізуші (сатушы) келісілген мерзім ішінде өндіретін (шығаратын) немесе сатып алатын тауарларды кәсіпкерлік мақсатта пайдалану үшін сатып алушыға беруге міндеттенуі, сатып алушы қабылдауға және бағасын төлеуге міндеттенуі жөніндегі келісім.

Шарттың ерекшеліктері:

- тауар жеткізуші ретінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер;

- сатып алушы тауарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалану үшін сатып алады, сол себептен де сатып алушы болып заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер табылады;

- шарттың жасалу және орындалу сәттері бір мезгілге сай келмейді және бір сәтте жүзеге аспайды;

- тауар жеткізілімі шарты бір жылға жасалуы мүмкін. Сонымен қатар, одан да ұзақ мерзімдік қатынастарды да қамтиды және тауарларды жеткізу бір жолғы емес, керісінше шарт мерзімі шеңберінде жеке-жеке партиялармен жүзеге асырылады;

- тауар жеткізуші өзінде жоқ, бірақ келешекте өндіретін (шығаратын) немесе сатып алатын тауарларды сату жөнінде шарт жасауы мүмкін;

- шарт еркіндігі қағидасы тауар жеткізілімі шартына да қолданылады. Дегенмен, тауар жеткізуші (сатушы) нарықта үстемді жағдайға ие болатын болса, заңнама ережелеріне сәйкес шарт жасауға мәжбүрленуі де мүмкін. Мысалы, нарықта монополиялық жағдайға ие және тауарды өндіру немесе жеткізу мүмкіндігі бола тұра бас тартатын тауар жеткізуші («бидай өнімдері» саласы бойынша Госпродкорпорация) шарт жасауға мәжбүр етілуі мүмкін.

- шарт жай жазбаша нысанда жасалады. Әдетте, тауар жеткізілімі шарты:

  • шарттың мәтінінен;

  • тауардың ассортименті мен санын қамтитын ерекшелігінен;

Сонымен қатар, шартқа бағаны келісу хаттамасы, тауарларды (бір күндік, он күндік т.с.с.) жеткізу кестесі;

- тауарларды сатып алушы көрсеткен мекен-жайға жеткізу тапсырмасын қамтиды.

- шарттың елеулі ережелері ретінде тауардың атауы және саны табылады.

11.4 Келісім шарт жасасу шартының ерекшеліктері (ҚР АК 478-481 баптары)

Келісім шарт жасасу шарты бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші өзі өсірген (шығарған) өнімді қайта өңдеу және сату үшін алатын дайындаушыға беруге міндеттенуі, ал дайындаушы қабылдауға және бағасын төлеуге міндеттенуі жөніндегі келісім.

Шарттың ерекшеліктері:

- екі жақты, консенсуалды және ақылы болып табылады;

- тараптар: ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші және дайындаушы;

- шарт кәсіпкерлік мақсатта ғана жасалады;

- шарттың нысанасы (пәні) ретінде өңделмеген, бірақ қайта өңделуге жататын ауыл шаруашылығы өнімдері табылады;

- шарттың жасалу және орындалу сәттері сәйкес келмейді, себебі, өсірілетін өнім шарттың нысанасы болады;

- шарттың әлсіз жағы ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші басымдылықпен қорғалады. Себебі, оның қызметі табиғаттың әртүрлі жағдаймын байланысты. Мысалы, бидайдың сапалы да мол шығуы үшін су және күн сәулесі жеткілікті болуы қажет. Ал, күн сәулесінің жеткілікті болуы адамға байланысты емес.

- шарттың елеулі ережесі болып берілетін ауыл шаруашылығы өнімінің саны жөніндегі жағдаят табылады.

- ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші міндеттемесін толықтай немесе тиісінше орындамаған жағдайда, кінәсі болса ғана жауап береді;

- егер шартта өзгеше жағдай көзделмесе, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындаушы өнімді орналасқан жерінде қабылдауға және өз күшімен алып кетуге міндетті;

- егер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші шарт ережелеріне сай өнімді ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындаушыға жеткізіп берсе, оның қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ;

- шартта дайындаушының қайта өңделген өнімнің қалдықтарын өндірушіге қайтарып беру міндеті қарастырылуы мүмкін;

- дайындаушы бой бермейтін күш негізінде шарттың орындалуын қамтамасыз ете алмаса ғана, жауаптан босатылады. Өзге жағдайларда (кездойсоқ зиян үшін де) жауапты.

11.5 Энергиямен жабдықтау шартының ерекшеліктері (ҚР АК 482-492 баптары)

Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға (абонентке) қосылған тетіктер арқылы энергияны беруге міндеттенуі, ал тұтынушы (абонент) қабылданған энергияны төлеуге, оны тұтыну режимін сақтауға, пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттенуі жөніндегі келісім.

Шарттың ерекшеліктері:

- шарт екі жақты, ақылы, жария;

-энергиямен жабдықтаушы ұйым ретінде тұтынушыларға өндірілген немесе сатып алынған электр немесе жылу энергиясын сататын коммерциялық ұйым табылады. Тұтынушы ретінде қосылған тетіктер арқылы электрэнергиясын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар бола алады.

- шарт объектісі болып табылатын электр энергиясын жинақтап ұстауға және сақтауға болмайтындығы;

- электр энергиясын тұтыну оны алумен бірге жүреді, сол себептен де оны қайтарып беру мүмкіндігінің жоқтығы;

- электрэнергиясын беру тоқтаусыз процесс болып табылады;

- электр энергиясын тасымалдау (беру) қосылған тетіктер арқылы ғана мүмкін;

- тұтынушының қосымша міндеттері:

  • энергияны пайдалану режимін сақтау;

  • энергия тетіктерін пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

  • энергияны қабылдайтын тұтыну құралдарының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

- шарт ұзақ мерзімді сипатқа ие;

- шарт жасау үшін тұтытнушыда энергия жіберетін тетіктердің болуы қажет;

- егер заңнамамен немесе шартпен өзгеше қарастырылмаса, энергиямен жабдықтау шартының ережелері қоыслған тетіктер арқылы берілетін жылу, су, мұнай, мұнай өнімдері қатынастарына да қолданылады;

- энергиямен жабдықтаушы ұйым техникалық құралдар мен оларды пайдалану қауіпсіздігіне бақылау жасауға құқылы;

- азаматтың тұрмыстық мақсатта пайдалану үшін алатын энергиясының смөлшері (саны) шектелмейді. Заңды тұлға мен жеке кәсіпкерге берілетін энергия мөлшері шартта көрсетіледі.

- энергияны берудегі үзіліс, энергия беруді шектеу немесе тоқтату:

  • тараптардың келісімі бойынша;

  • энергетикалық құралдардың қанағаттанарлықсыз күйінен апат қаупі туындаса немесе азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін болса;

  • апаттың алдын алу мақсатында кезек күттірмейтін шараларды жүзеге асыру қажет болса ғана энергияны берудегі үзіліс, энергия беруді шектеу немесе тоқтату орын алуы мүмкін.

11.6 Кәсіпорынды сату шартының ерекшеліктері (ҚР АК 493-500 баптары)

Кәсіпорынды сату шарты бойынша сатушы сатып алушының меншігіне кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде беруге міндеттенеді, ал сатып алушы қабылдауға және келісілген бағаны төлеуге міндеттенеді.

Шарттың ерекшеліктері:

- шарт консенсуалды, екі жақты, ақылы;

- кәсіпорын кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мүліктік кешен болып табылады;

- Кәсіпорын құрамына кіретіндер:

  • жер учаскелері;

  • ғимараттар;

  • құрал-жабдықтар, шикізат, дайын өнімдер;

  • талап ету құқықтары, қарыздар;

  • кәсіпорынды дараландыратын айрықша құқықтар (фирмалық атау, тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі);

- кейбір міндеттер мен құқықтар сатып алушыға ауыспайды (мысалы, лицензияцы қызмет, жұмыс түрлері);

- кәсіпорынның қызметкерлеріне, жұмысшыларына қатысты құқықтары мен міндеттері сатушыдан сатып алушыға еңбек заңнамасына сай ауысады;

- кәсіпорынды сату сатылары:

- кәсіпорынның құрамы мен бағасын анықтау;

- кәсіпорынды сатып алу-сату шартын жасау;

- кәсіпорынның сатылатыны жөнінде несие берушілерді хабардар ету;

- өткізу актісін жасау арқылы кәсіпорынды сатып алушыға беру;

- кәсіпорынға меншік құқығының ауысуын мемлекеттік тіркеу.

Шарт жай жазбаша нысанда жасалады және мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Шарт мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап жасалған болып табылады.

Кәсіпорын сатып алушыға екі талап өткізу актісіне қол қойған сәттен бастап ауысты, деп саналады. Осы сәттен бастап кәсіпорын құрамындағы мүліктің кездейсоқ жойылу және бүліну қаупі (тәуекелі) сатып алушыға ауысады.

Сатылатын кәсіпорынның несие берушілері кәсіпорын сатып алушыға берілгенге дейін жазбаша түрде хабардар етілуі тиіс.

Кәсіпорынның сатылатыны жөнінде хабар алған несие беруші, өз алажағының жаңа сатып алушыға ауысуын қаламаса, хабар алған күннен бастап 3 ай ішінде сатушының міндеттемесін мерзімінен бұрын орындауын немесе тоқтатуын және келтірілген шығында талап етуге немесе кәсіпорынды сату шартын толықтай яки белгілі бөлігін жарамсыз деп тану талап қоюға құқылы.

Кәсіпорынның сатылатыны жөнінде хабардар етілмеген несие беруші, кәсіпорынның сатушыдан сатып алушыға берілгенін білген немесе білуі тиіс күннен бастап 1 жыл ішінде сотқа талап қоюға құқылы.

Несие берушінің келісімінсіз сатылған кәсіпорын құрамына енгізілген қарыздар бойынша сатушы мен сатып алушы несие беруші алдында ортақтасып жауап береді.

11.7 Айырбас шарты (ҚР АК 501-505 баптары)

Айырбас шарты бойынша әр тарап айырбасқа тауарды екінші тараптың меншігіне, шаруашылық жүргізуіне, оралымды басқаруына беруге міндеттенеді.

Шарттың ерекшеліктері:

- шарт екі жақты, ақылы, консенсуалды;

- шарттың нысанасы (пәні) ретінде азаматтық айналымнан алынбаған және айналымы шектелмеген заттар табылады;

- әр тарап беретін тауарға қатысты сатушы, алатын тауарға байланысты сатып алушы болып табылады. Сол себептен де айырбас шартына сатып алу-сату шартының ережелері қолданылады.

- жалпы ереже бойынша тауарлар тең бағалы деп танылады. Егер, тауарлар бағасында айырмашылық болса, тауары төмен бағаланған тарап екінші тарапқа айырмашылықты төлеуге міндетті;

  • тараптарға меншік құқығы әр тарап тиісті тауарды беру жөніндегі өз міндеттемесін орындаған соң ауысады.

Тапсырмалар:

  1. Сатып алу-сату шарты бойынша мүлікке қатысты қандай құқықтар туындайды және оны негіздеңіз?

  2. Бөлшектеп сатып алу-сату шарты бойынша сатушы бола алатын тұлғаларды атаңыз.

  3. Тауар жеткізілімі шартының объектісі бола алмайтын материалдық игіліктер мен мүліктік құқықтар?

  4. Энергиямен жабдықтау шарты шарты қандай шарт және оның ерекшеліктері неде?

  5. Келісім шарт жасасу шартының объектісі қандай, субъектілерін атаңыз?

  6. Кәсіпорын сату шарты қандай мақсатта жасалады және кәсіпорын құрамына не кіреді?

  7. Тұрғын үйді ипотекалық несиелеу арқылы сатып алу мен жекешелендіру арқылы сатып алудың ерекшеліктері қандай?

  8. Айырбас шарты мен сатып алу-сату шартының айырмашылығы неде?

Ұсынылатын нормативтік құқықтық актілер мен әдебиеттер:

  1. «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» ҚР 26 шілде 2007 жылғы № 310 заңы.

  2. Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы 4 мамыр 2010 жылғы № 274-IV ҚР заңы

  3. Тауар биржалары туралы 4 мамыр 2009 жылғы № 155-IV ҚР заңы

  4. Мемлекеттік мүлік туралы 1 наурыз 2011 жылғы № 413-IV ҚР заңы

  5. Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы 13 маусым 2005 жылғы ҚР заңы

  6. Мемлекеттік сатып алу туралы 21 шілде 2007 жылғы № 303-III ҚР заңы

  7. Азаматтық құқық. М.К.Сулейменов, Ю.Г.Басин. Алматы. КазГЗА. 2003

  8. Брагинский М.И., Витрянский В.В. Договорное право. Книга 2: Договоры о передаче имущества. – М.: “Статут”, 2000

12 – тарау. Рента және өмір бойы асырауда ұстау (ҚР АК 517-539 баптары)

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]