Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kystaubay_O_S_GP_kaz_obsch_i_osob_okonchat_vari...doc
Скачиваний:
8
Добавлен:
01.03.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

7.1 Меншік құқығы жөніндегі жалпы ережелер

7.1.1 Меншік құқығының ұғымы және мазмұны

Меншік, бұл зат та емес, мүлік те емес. Бұл - белгілі бір экономикалық қатынас (Суханов Е.А. Гражданское право. том 1, М.,1998 стр. 477). Меншік дегеніміз - адамдар арасында тарихи қалыптасқан белгілі бір материалдық игілікке қатысты туындайтын қоғамдық қатынас. Бұл материалдық игіліктер бір тұлғаның иелігінен шығып жатса, екінші бір тұлғаларға тиесілі болып жатады.

Меншік иесі затқа өз қалауы бойынша толықтай билік етеді.

Меншіктің экономикалық қатынастарын заңи рәсімдеу құқықтың әртүрлі салаларынан көрініс табады. Азаматтық құқықта меншік қатынастарының статикасы меншік құқығы және өзге де заттық құқықтармен, ал динамикасы міндеттемелік құқықпен рәсімделеді.

Меншік құқығының объективтік мағынадағы түсінігі - материалдық игіліктердің нақты тұлғаларға тиесілі болуын реттейтін және қорғайтын азаматтық-құқықтық нормалардың жиынтығы (меншік құқығы институты). Бұл нормалар:

  • заттардың нақты тұлғаларға тиесілігін түзетін (орнықтыратын) нормалар;

  • меншік иесінің өзіне тиесілі мүлікті пайдалану өкілеттіктерін анықтайтын нормалар;

  • меншік иесінің құқықтарын қорғау құралдарын белгілейтін нормалар болып қалыптасуы мүмкін.

Меншік құқығының субъективтік мағынадағы түсінігі - меншік иесінің болуы мүмкін жүріс-тұрысының өлшемі.

Меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң актілері арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы.

  • иелену құқығы дегеніміз мүлікке нақты ие болуды заң жүзінде қамтамасыз ету;

  • пайдалану құқығы дегеніміз мүліктен оның пайдалы табиғи қасиеттерін алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзінде қамтамасыз етілуі. Пайда кіріс, өсім, жеміс, төл алу және өзге нысандарда болуы мүмкін;

  • билік ету құқығы дегеніміз мүліктің заң жүзіндегі тағдырын белгілеудің заңмен қамтамасыз етілуі.

Меншік иесінің өз өкілеттігін жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбауға тиіс.

Меншік иесі өз құқықтарын жүзеге асырған кезде азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтірілуі мүмкін зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға міндетті.

Заң актілерінде көзделген реттерде, жағдайлар мен шектерде меншік иесі өз мүлкін басқа тұлғалардың шектеулі түрде пайдалануына жол беруге міндетті.

Меншік құқығының мерзімі шексіз. Мүлікке меншік құқығы ҚР АК-де көзделген негіздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкін.

7.1.2 Меншік нысандары: жеке меншік және мемлекеттік меншік

  1. Жеке меншік - азаматттар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктерінің меншігі. Жеке меншікте болатын мүліктің саны мен құны шектелмейді. Жеке меншіктің объектісі ретінде азаматтық айналымнан алынбаған кез келген жылжитын және жылжымайтын (қозғалатын және қозғалмайтын) мүлік болуы мүмкін. Азаматтар кәсіпкерлік қызметпен айналыспай-ақ жеке меншік объектілеріне ие бола алады. Сонымен қатар, кәсіпкерлік және/немесе басқа да қызметпен айналысу арқылы да мүлікке меншік иесі болулары мүмкін. Жеке кәсіпкерлік түрлері:

  • дара кәсіпкерлік (заңды тұлға құрмай-ақ және оның белгісі жоқ кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар);

  • микробизнес (заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар және қызметкерлерінің орташа жылдық саны 10-нан аспайтын заңды тұлғалар);

  • шағын кәсіпкерлік (заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар және қызметкерлерінің орташа жылдық саны 50-ден және жылдық активтерінің жалпы құны 60 000хАЕК аспайтын заңды тұлғалар);

  • орта кәсіпкерлік (заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар және қызметкерлерінің орташа жылдық саны 250-ден және жылдық активтерінің жалпы құны 325 000хАЕК аспайтын заңды тұлғалар);

- ірі бизнес (қызметкерлерінің орташа жылдық саны 250-ден және жылдық активтерінің жалпы құны 325 000хАЕК асатын заңды тұлғалар).

Жеке меншіктегі мүліктің меншік иелері ретінде жеке тұлғалардан басқа мемлекеттік емес заңды тұлғаларда болуы мүмкін екенін көрсеткенбіз. Олардың қатарында коммерциялық ұйымдар (шаруашылық серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, өндірістік кооперативтер) және коммерциялық емес (мемлекеттік емес мекемелер, қоғамдық бірлестіктер, діни бірлестіктер, тұтыну кооперативтері, акционерлік қоғамдар, жеке қор, корпоративтік қор, қоғамдық қор, заңды тұлғалардың бірлестігі) болуы мүмкін.

  1. Мемлекеттік меншіктің республикалық және коммуналдық меншік түрлері бар.

- республикалық меншік мемлекеттік қазынадан және заң актілеріне сәйкес мемлекеттік республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады. Республикалық бюджеттің қаражаты, алтын валюта қоры және алмас қоры, жер, оның қойнауы, су, өсімдік және жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасының мемлекеттік қазынасын құрайды.

- коммуналдық меншік жергілікті қазынадан және заң актілеріне сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады. Жергілікті бюджет қаражаты мен мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдық мүлік жергілікті қазынаны құрайды.

7.1.3 Жекешелендіру дегеніміз меншік иесі ретінде мемлекеттің еркі бойынша жеке, мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншігіне мемлекеттік мүліктің сатылуы.

Елімізде жекешелендіру үш сатыда жүзеге асырылғанды. Бірінші сатыда жалға алушылар тұрып жатқан мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлер (мемлекеттік пәтерлер) 1992 – 1997 жылдар аралығында жекешелендірілді. Азаматтар тұрып жатқан мұндай пәтерлерді жекешелендіру үшін тұрғын үй жекешелендіру купондары шығарылды және олардың еңбек үтіліне (стажына) қарай таратылды. Бір жылдық еңбек үтілі үшін төрт жүз купоннан берілді, еңбек үтілі (стажы) жоқ немесе болуы мүмкін емес, бірақ мемлекеттік пәтерде тұрып жатқан адамдарға (мүгедектерге) бес мың тұрғын үй купоны, ал оқу орындарында оқитын еңбек үтілі жоқ студенттер мен курсанттарға үш мың тұрғын үй купонынан берілді. Азаматтар тұрып жатқан тұрғын үйлерін жекешелендіруге купондар жеткіліксіз болған жағдайда ақшалай сома енгізіп толықтыруға және жекешелендіруді жүзеге асыруға мүмкіндіктер жасалды. Сатушы болып жергілікті атқарушы орган, мемлекеттік пәтер кімнің атына тұрақты пайдалануға берілген болса, сол адам сатып алушы ретінде танылды. Мұндай жекешелендіру шартында сатып алушы мен оның отбасы мүшелері толықтай көрсетілді. Тіпті жекешелендіру уақытында басқа елді мекенде немесе басқа мемлекетте жүрген отбасының кәмелетке толған мүшелерінің де жекешелендіруге қатысты жазбаша келісімі талап етілді. Жекешелендірілген пәтер сатып алушы мен оның отбасы мүшелерінің ортақ бірлескен меншігіне рәсімделді. Отбасының кәмелетке толмаған мүшелерінің мүдделерін олардың ата-аналары жүзеге асырды.

Жекешелендірудің екінші сатысында инфрақұрылым объектілері (дүкендер, ресторандар, кафелер, дәріханалар, шаштараздар және т.б.) сатылды.

Жекешелендірудің үшінші сатысында мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарды сату орын алды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық жағдай мен нарықтық экономика талаптары осындай қадамдарға баруға негіз болды. Бұл жекешелендіруде де ізгі мақсат болатынды. Сол кезеңде жекешелендірілетін мемлекеттік кәсіпорында және мемлекеттік мекемеде жұмыс істеген адамға (қызметкерге, жұмысшыға) инвестициялық жекешелендіру купондары берілгенді. Мұның мақсаты осындай кәсіпорында жұмыс істеп жүрген адамдардың жекешелендіруге қатысып сол кәсіпорынның меншік иесі болуларына мүмкіндік жасау болатынды. Сонымен қатар кәсіпорынға қатысы жоқ, бірақ ақшасы бар шетелдіктер мен өзге де қазақстандықтарды шеттете тұру да есепке алынғанды. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерді жекешелендіру үшін қажетті сомада шығарылған инвестициялық жекешелендіру купондарының басын біріктіру қажеттігі туындады. Осындай сәтте кәсіпкерлікке епті адамдар инвестициялық жекешелендіру қорларын құрып, купондарды жүйелі түрде сатып алуды жүзеге асыру нәтижесінде жекешелендіруге қатысып, сатып алу-сату шарты бойынша сатып алушы ретінде танылып, кейіннен осындай кәсіпорындардың меншік иелері болды.

Қазіргі таңда жекешелендіру субъектілері ретінде сатушы және сатып алушы танылады. Сатушы - жекешелендіруді жүзеге асыруға өкілетті мемлекеттік орган. Сатып алушы - жекешелендіру процесінде мүлікті алушы жеке тұлға, мемлекеттік емес заңды тұлға.

Жекешелендіру объектілері ретінде:

  1. мүліктік кешен болып табылатын мемлекеттік кәсіпорын немесе мемлекеттік мекеме;

  2. мүліктік кешен ретінде кәсіпорынның технологиялық циклын бұзбайтын өндірістік және өндірістік емес құрылымдары;

  3. кәсіпорынның мүлкі;

  4. акциялар;

  5. ЖШС-тің жарғылық капиталдарындағы мемлекеттің үлестері;

  6. мемлекетке тиесілі акцияларға құқықты растайтын туынды бағалы қағаздар;

  7. мемлекеттік мекемеге бекітілген өзге де мемлекеттік мүлік.

ҚР-ның заң актілеріне және ҚР-ның Президенті мен Үкіметінің шешімдеріне сәйкес жекешелендіруге болмайтын және тек қана мемлекеттік меншікте болуы тиіс мүлік жекешелендіру объектісі бола алмайды.

Жекешелендіру түрлері:

  1. аукцион, тендер нысанында саудада, қор биржасында, екі сатылы процедура арқылы конкурста, туынды бағалы қағаздарды сату;

  2. тікелей адресті сату.

Мемлекеттік мүлікті жекешелендіруге қатысты сауда өткізу 30 күн (қор биржасы саудасында 15 күн) бұрын ресми ақпарат құралдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде хабарландырылуы тиіс.

Сауданы ұтып алған тұлға және сатушы аукцион немесе тендер өткізілген күні сауда нәтижелері туралы хаттамаға қол қояды. Тараптар сатып алу-сату шартына сауда аяқталғаннан кейін 10 күн ішінде қол қоюлары тиіс.

Екі сатылы процедура арқылы конкурс өткізудің бірінші сатысына - қаржы кеңесшісін тарту, жекешелендіру объектісін жан-жақты талдау, бағалау, объектіні сату жөнінде хабарландыру беру, ең жақсы ұсыныс білдірген екі сатып алушымен тиісті сұхбат өткізу кіреді. Екінші саты - сатушы қаржы кеңесшісінің қатысуымен бұрынырақ ұсынылған жағдаяттарды жақсарту мақсатында конкурстың бірінші сатысының жеңімпазымен келіссөз өткізеді.

Егер конкурс жеңімпазы сатып алу-сату шартына сатушы белгілеген мерзім ішінде қол қоюдан бас тартса, ұсыныстары жақсы деп танылған келесі сатып алушымен (инвестормен) шарт жасалады.

Тапсырмалар:

- Меншік және меншік құқығы ұғымдарының арақатынасын анықтап, түсінік беріңіз.

- Меншік нысандары қандай? Халық меншігі деген ұғымды қалай түсінесіз және елімізде қолданылады ма?

- Жекешелендіру сатылары қандай және елімізде ол қалай жүргізілді, жүзеге асуда?

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]