- •Он томдық
- •Алтын орда дәуіріндегі әдебиет
- •Хорезми
- •Бурхануддин Рабғузи
- •Кунгулга дуниада сурур турур30, –
- •Адамның ешбiрiне қылмас жәбiр,-
- •Мысырдағы қыпшақ әдебиеті
- •Осымен атақтымын Мысырда өзім
- •Тарихи шежiре және көркемдiк дәстүр
- •Әбiлғазы БаҺадүрхан
- •Қадырғали Жалаири
- •Захириддин Мұхаммед Бабыр
- •Мұхаммед Хайдар Дулати
- •Түркі сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Араб-парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Түркі-араб, парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •2 Шатр (мисраъ) 1 шатр (мисраъ)
- •Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет
- •Ал, қолыңды маларсың
- •Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер?-
- •Қырда жүрген дуадақ
- •Мынау жалған дүние Кімдерден кейін қалмаған!293 –
- •Есім, сені есірткен
- •Керегеге ілінген
- •Атымтай Жомарт секілді
- •Болмашыдай анадан
- •Білегі жуан Бүркіттің Тегеуірініндей Бөгембай! 306.
- •Жыраулық және ақындық поэзияның даму ерекшеліктері
- •Көлден қулар ұшар ма? –
- •Сыпыра жырау
- •Білсе, білмесе бу ишні Сафардау білер бу ишні364, –
- •Суда жүрген ақ шортан
- •Ауылдағы жамандар
- •Көшіп-қонып жүрмеген
- •Сұңқар қайдан табарсың?
- •Жалп-жалп еткен бәйтерек
- •Талайсыз Шалкийіз бұ күнде
- •Доспамбет жырау
- •Аймадетке оқ тиді
- •Той тойлаған өкінбес! –
- •Ат салмай өтер күн қайда?!
- •Тегеурінді болат темірдің
- •Жиембет
- •Мұнан да былай сөйлеуім Маған да болар ауыр күш, –
- •Қаздауысты Қазыбек би
- •Әйтеке би
- •Ақтайлақ би Байқараұлы
- •Бөлтірік шешен
- •Пайдаланылған әдебиеттер
Әбiлғазы БаҺадүрхан
Әбiлғазы Баһадүрхан – түркi халықтарының ежелгi шежiресiн жазған ғұлама-тарихшы, есiмi мәшһүр шежiрешi, Хиуа ханы (1645-1663) болған.
Әбiлғазының әкесi Арабмұхамед – Дештi Қыпшақтың ханы Жошы ұрпақтарының бiрi болып келедi. Ал, анасы Мейiрбану – Арал теңiзi маңайын мекен еткен қазақ руларының ханы Жанғазы сұлтанның қызы.
Әбiлғазы Үргенiш қаласындағы Арысхан медресесiнде оқып, шығыстың аса бiлiктi ғалымдарынан әлем тарихы, поэзия, мемлекеттi басқару мен әскери өнерi, т.б. бойынша дәрiс алады. Ол есейiп, ер жеткен шағында өзi туралы: “Құдай тағала мырзалық қылып маған бiраз нәрсе берген, мен, әсiресе, үш түрлi өнердi жете меңгердiм. Бiрiншiсi – әскери өнер, яғни әскердi басқару, оның тәртiбi, атты әскер мен жаяу әскердi аз не көп болғанда шабуылға қалай алып шығу, достарыммен де, дұшпандарыммен де сөйлесе бiлу; екiншiсi – ақындық өнер, яғни түрлi өлең құрылысын сақтай отырып, түркi тiлiнде месневи, қасида, газел, рубаят тәрiздi өлең шығара бiлу, араб, парсы, түрiк сөздерiнiң мағынасын жетiк бiлу; үшiншiсi – бұрын Арабстан, Иран, Тұран, Монғолияны билеген патшалардың өмiрi мен мемлекеттiк маңызды iстерiн, оларда болған iрiлi-уақты оқиғаларды жатқа бiлу”, – деп жазды (10, 8).
Арабмұхамед хан қартайған шағында оның балалары арасында таққа таласу күресi басталып, билiкке талас ұзаққа созылып кетедi. Осындай қарулы қақтығыстардың бiрiнде Әбiлғазы қатты жарақаттанады. Бауырларының қолына түссе өлетiнiн сезiп, ол Әмудариядан жалғыз жүзiп өтедi де, төнiп тұрған ажалдан қашып құтылады. Жалпы Әбiлғазы жастайынан батыл, ержүрек, қайсар мiнезiмен көзге түседi. Сол үшiн оның есiмiне “Баһадүр”, яғни “батыр” сөзi қосып айтылатын болған.
Әбiлғазы өз басына өлiм қатерi төнген кезде қазақ әмiршiлерi – Есiм хан мен Тұрсын ханды паналауға мәжбүр болады. Ақыры ағалары 1628 жылы Әбiлғазыны алдап қолға түсiрiп, оны Иранға айдатып жiбередi. Сөйтiп, Әбiлғазы өз өмiрiнiң он жылын Исфахан қаласында өткiзедi. Бұл тұтқыннан қашып құтылған Әбiлғазы бiраз жыл бойы түрiкмен және қалмақ ауылдарында бой тасалап жүредi.
Арал қазақтары 1645 жылы Хиуа хандығына қарсы көтерiлiсте жеңiске жетiп, Әбiлғазыны Хиуа ханы деп жариялайды. Әбiлғазы хан тағында отырған жылдары көптеген игiлiктi iстер жасайды. Ол алпыс жасқа келгенiнде хандық билiктi баласы Ануш Мұхамедке берiп, ендi өзi ата-бабаларының шежiресiн жазуға кiрiседi. Сонымен, Түрiк шежiресiнiң жазылу тарихы туралы Әбiлғазы: “Бұл тарихты жазуды бiр кiсiге тапсыралық деп ойлап едiк, лайықты кiсi таппадық. Сондықтан “Жетiм өз кiндiгiн өзi кесер” дегендей, өз тарихымызды өзiмiз жаздық. Адам атадан бұл кезге шейiн, есебiн бiр құдайдың өзi бiледi, патша, бiр де бiр әмiр, бiр де бiр ауылды билеушi өз тарихын өзi жазған емес. Ешкiм жазуға бата алмаған бұл кiтапты жазғанда мен пақыр жалған айтуды не өз кемшiлiгiмдi жасыруды мақсұт еткен екен деп ойлай көрмеңiздер”,— деп жазады (10, 7-8).
Әбiлғазы жазған екi шежiре сақталып, бүгiнгi күнге жеткен. Олардың бiрi — “ Түркiмен шежiресi”, ал екiншiсi — “Түрiк шежiресi” деп аталады.
“Түрiк шежiресiнде” Адам атадан бастап, Шыңғыс ханға дейiнгi және одан кейiнгi дәуiрлерде Орта Азия мен Қыпшақ даласында, Таяу Шығыста болған сан қилы тарихи оқиғалар жүйелi түрде баяндалады. Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары шежiресiн сөз ете отырып, Әбiлғазы негiзiнен түркi тектес халықтардың тарихына көбiрек назар аударған. Кезiнде академик Х. Френ “Түрiк шежiресiн” аса жоғары ғылыми еңбек ретiнде бағалай келiп, бұл шежiре “Ресей мұсылмандарына өз ата-бабаларының тарихын бiлуге көмектесiп қана қоймайды, олардың жалпы тарих ғылымына деген көзқарасын оятуға тиiс” деп жазған болатын (10, 4).
“Түрiк шежiресi” ХIХ ғасырда-ақ немiс тiлiне (Шенстрем), одан Француз тiлiне, бертiн келе орыс тiлiне, (Тредиаковский) аударылып, бiрнеше рет Еуропада жеке кiтап болып басылып шықты. Бұл шежiренiң орыс тiлiне тәржiма жасалып, кiтап болып шығуына кезiнде Ресейдiң атақты графы Н.И. Румянцев тiкелей өзi қамқорлық жасағаны мәлiм.
Қазақ халқының көне тарихына, әдебиетi мен мәдениетiне тiкелей қатысты түрлi жазба жәдiгерлiктер iшiнен “Түрiк шежiресi” ерекше орын алады. Бұл шежiре тоғыз бабтан (тараудан) тұрады. Шежiренiң 1-2 бабтары Адам атадан бастап, Шыңғыс ханға дейiнгi оқиғалар, 3-6 бабтарында әлем әмiршiсiнiң Үкiдай, Шағатай, Толы деген ұрпақтарының Мауараннахр, Иран, Қашқар жерiнде билiк жүргiзуi, ал 7-9 бабтарында Жошы хан және оның ұрпақтарының Дештi Қыпшақта, Туранда, Қырымда, Мауараннахрда, Хорезмде патшалық етуiнiң тарихы баяндалады. Әбiлғазы шежiресiнде қазақ халқының этникалық құрамына енген рулар мен тайпалардың ежелгi тарихы, олардың байырғы әдет-ғұрпы, салт-санасы, мәдениетi, өнерi, т.б. туралы көптеген құнды деректер бар.
“Түрiк шежiресi” күнi бүгiнге дейiн тек тарихи мұра ретiнде ғана қаралып келдi. Ал, кезiнде ол тек шежiре ғана емес, сонымен бiрге, өз дәуiрiнiң көркем туындысы саналған.
Иә, кезiнде шежiре жазудың өзiндiк, көркемдiк дәстүрi болған. Мұнда қара сөздiң өзi оқуға жеңiл болатындай етiп, iшкi логикалық ұйқасқа, белгiлi бiр ырғақ пен екпiнге құрылған. Мұның өзi шежiренiң көркемдiк, эмоциялық әсерiн күшейте түсетiн болған. Бұл сөзiмiзге “Түрiк шежiресiнен” бiр ғана мысал келтiрейiк: “Меңлiхан тағы бир неше иллар ет жеп, кимиз ичип, айдег, күндег сулуларни кучип, сынаптай йорғаларни минип, көңли тиген иерлергә учиб, ол дүниягә кетти” (104, 54).
Демек, Әбiлғазы шежiресiнiң қазақ әдебиетi тарихынан алатын өзiндiк орны бар. “Түрiк шежiресiнiң” қазақ тарихына тiкелей қатысы бар жетiншi бабын оқырманға толық күйiнде ұсынып отырмыз. “ Жошы ханның анасының аты Бөрте қошын едi, ол екiқабат кезiнде Шыңғыс хан жоқта Меркiт халқының ханы Шыңғыстың үйiн шапты. Бөрте қошынды олжа қылып алып кеттi. Оң ханның қатыны Бөрте қошынның жеңешесi едi. Оң хан мен Меркiт ханының арасында достық бар едi. Оң хан Бөрте қошынды сұратып алдырып, Шыңғыс ханға жiбердi. Өйткенi Оң хан мен Шыңғыстың әкесi Есуки баһадур дос едi. Бөрте қошын жолда Жошыны туды. Ол жерде баланы салып алып жүрер ештеңе болмағандықтан, қамырдан қорап жасап, соның iшiне салып алып келдi. Шыңғыс хан баланы көрiп, қатты қуанды, бiзге Жошы келдi дедi. Монғол тiлiнде жошы деп жаңа келген қонақты айтар едi, сол себептен атын Жошы қойды. Естерiңiзде болар, Жошы хан әкесiнен бұрын өлдi, ол жөнiнде Шыңғыс хан дастанында айтқанбыз.
Шыңғыс хан Жошының өлгенiн естiген соң қатты қайғырып, аза тұтты. Ол уақытта мемлекет мәслихатында балалары мен әмiрлерiне өсиет және насихат айта бастады. Аза тұтып бiткеннен соң, Өтшiкенге: “Сен Дештi қыпшаққа бар, Жошы ханның екiншi баласы Бату, лақабы Сайып хан, соны әкесiнiң орнына отырғызып, iнiлерi мен әмiрлердi соған бағындыр. Егер iнiлерi мен әмiрлер сенiң сөзiңдi тыңдамаса, өзiң анда қалып, маған хабарла, бiз сенiң айтқаныңды iстелiк”, — дедi. Өтшiкен Жошының ұлысына жақындағанда Бату хан хабар алып, iнiлерi мен балаларын алдынан жiбердi, өзi олардың артынан шықты. Өтшiкенмен көрiсiп, қазаны аза қылды. Үш күннен соң Өтшiкен Батуды әкесiнiң тағына отырғызып, Бату ханның iнiлерi мен әмiрлерi Шыңғыс ханның айтқан сөздерiн жеткiздi, барлық халық оны қабыл қылды. Одан соң монғол рәсiмiмен ұлық той жасап, Батуға аяқ бердi, Бату оларға аяқ бердi, көп сыйлықтар үлестiрдi. Дәл сол кезде Шыңғыс хан ордасынан Шыңғыс хан өлдi деген хабармен шапқыншы келдi. Бүкiл халық аза тұтып жыласты. Азадан, қайғыдан кейiн Бату мемлекетiн кiшi iнiсi Тоқай темiрге тапсырып, бес iнiсiмен қосылып, Өтшiкен бәрi Шыңғыс ханның тағы орналасқан Қарақорым тарапына аттанды, келiп Қарақорымда барша әмiрлер мен ханзадаларға қосылып, үлкен аза тұтты. Азадан айыққан соң Бату хан және басқа ханзадалар Шыңғыс ханның өсиетiн орындап, Үкiдай ханды таққа отырғызып, ұлық той қылып, ханға аяқ бердi, хан ханзадаларға және әмiрлерге аяқ бердi, қазынаның кiлтiн ашып, соншалықты көп сый-сияпат үлестiрдi, ешбiр дәруiш сыйлықсыз қалмады, бәрi қарық болды.
Қытай мемлекетiнен бiрнеше жұрттың билеушiлерi жау болып едi. Үкiдай қаған ол жаққа жүрмек болды. Бату ханға бұл сапарға менiмен бiрге аттанайық деп хүкiм қылды. Бату хан бес iнiсiмен бiрге аттанды. Ол сапарда қаған бұл жұрттардың баршасын талқандап, қайтып Қарақорымға келдi. Бату ханды Орыс, Шеркес, Бұлғар және басқа қалаларға жұмсады, өзiнiң ұлы Күйiк ханды, Толы ханның ұлы Менку ханды және Шағатай ханның ұлы Байдарды бұл сапарда Бату ханға қызмет қылыңдар және көмек берiңдер деп Батуға қосты. Бату хан бұлармен бiрге өзiнiң ордасына келдi. Батудың iнiсi Тоқай темiр бұл жамағатты үш күн қонақ еттi. Бұдан кейiн Бату хан оларды қырық күн бойы қонақтады. Одан кейiн әскер жимаққа әр жаққа хабаршылар жiбердi. Аз ғана мерзiмде есепсiз көп әскер жиылды. Естерiңiзде болар, Жошы хан Дештi қыпшақта Көк орда деген жерде тұратын. Бату ханның мажар, башқұрт, орыс, немiс жұрттарын бағындырғаны және өзiнiң опат болғаны жайлы кейiнiрек айтылады.
Бату хан өлгеннен соң, Менку қаған оның ұлы Сартақты хан қойды. Ол хандық билiгiне кiрiспестен бұрын қаза тапты. Одан соң оның iнiсi Олақшыны хан қылды. Олақшы да аз тұрып опат болды. Одан кейiн Менку қаған Жошының баласы Бүрге ханды хан қылды. Бүрге хан болғаннан соң ұлық той жасап, көп сыйлықтар бердi. Барлық аға-iнiлерiне Бату хан бағындырған ұлыстарды бөлiп бердi, қағанға көп сый-сияпат жiбердi. Одан соң құдай тағала бiр күнi Бүрге ханның көңiлiне мұсылмандықтың ұрығын сеуiп, өз дiнiнiң бос нәрсе екенiн бiлдiрдi. Бiр күнi аттанып, ағасының салдырған Сарайшық атты шаһарына барды.
Мұнда Бұхарадан көп керуен келiп жатыр едi. Ол керуеннiң iшiнен екi жақсы кiсiнi бiр аулақ жерге шақыртып, мұсылмандықтың шарттары мен тарихын сұрады. Бұл кiсiлер мұсылманшылықты жақсы баян қылды. Бүрге хан таза жүрегiмен мұсылман болды. Одан соң кiшi iнiсi Тоғай темiрдi шақыртып, бұл сырын оған айтты, ол және мұсылман болды. Кәпiр болған кiсiлермен жамандасты. Ақыры алты жүз алпыс төртiншi жылы о дүниеге кеттi, патшалық өмiрi жиырма бес жылға созылды.
… Бүрге хан өлгеннен соң Менку темiр хан болды. Бату хан дәстүрiмен аға-iнiлерiне ұлыстарды бөлiп бердi. Ақ орда деген мемлекеттi Шибан ұлы Баһадұр ханға бердi, Құм уәлаятын Оран темiрге бердi. Оран темiр Тоқай темiрдiң баласы едi. Өзi Бұлғар мемлекетiне аттанды. Екi жылдан кейiн қайтып келiп, сансыз әскермен Абақа хан үстiне аттанып, Иран мемлекетiне барды. Абақа ханмен жарасып, қайтып келдi, бiр бiрiне үнемi сыйлықтар жiберiп, барып-келiп тұратын едi. Хижраның алты жүз сексенiншi жылы Абақа хан о дүниеге кеттi. Оның орнына отырған Ахмет хан мұсылман едi. Бiрнеше уақыттан соң Абақа ханның ұлы Арғұн ханның қолынан шәйiт болды. Одан соң Арғұн хан патша болды. Дештi қыпшақта Менку темiр Арғұн ханның патша болғанын естiп, Тоқай және Терiктай деген екi бегiн бас қылып, сексен мың кiсiнi Арғұн ханның үстiне жiбердi. Арғұн хан бұл хабарды естiп, Әмiр Тоғажар дегендi сансыз көп әскермен iлгерi жiбердi, өзi оның артынан аттанады. Бұл екi әскер Қарабақ үстiнде соғысты. Менку темiр ханның әскерi жеңiлiп, қашып кеттi. Бұл хабарды Менку темiр хан естiгеннен соң құса болып өлдi. Одан соң Тода Менку патша болды. Бұл Тода Менку хан залым, дарынсыз адам едi. Тоқтағу хан оның залымдылығынан қашып кеттi. Бiраз уақыттан кейiн көп әскер жиып келiп, Тода Менкумен соғысып, жеңiп, Тода Менкудi өлтiрiп, өзi патша болды. Көп жұрттарды бағындырып, ата мен ағаларының дәстүрiмен көп iс тындырып, ақыры бұл дүниенi тастап, ол дүниеге кеттi. Патшалық өмiрi алты-ақ жыл болды, Сарайшық шаһарында жерлендi.
… Тоқтағу хан өлгеннен соң Өзбек хан болды. Елдi он үш жасында ата-бабасының дәстүрiмен басқарды. Әркiмнiң мәртебесiне қарай құрмет көрсетiп, сыйлықтар бердi. Елдiң ұлыс-ұлысын исламға кiргiздi, халықтың дәулетi артты. Одан соң барынша Жошы елi өзбек елi атанды. Екi рет Иран жұртына Әбусағит үстiне жүргенмен, Иранды ала алмады, ақыры ажал жетiп, ол дүниеге кеттi.
… Өзбек хан өлгеннен соң оның ұлы Жәнiбектi хан көтердi. Жәнiбек хан ғажайып мұсылман патша болды, өзi ғұлама, ибалы, ақылды кiсi едi, Сарайшық шаһарында таққа отырды, шариғатты қатаң сақтар едi. Темiрташ ұлы Мәлiк ашраф ол кезде Әзiрбайжан патшасы едi, ол өзi сондай пасық және залым адам едi. Сондықтан Әзiрбайжанның игi жақсы адамдары жан-жаққа қашып кеттi. Қазы Мүхиетдин деген адам Сарайшық шаһарына қашып келдi. Ол күнде уағыз айтар едi. Бiр күнi Қазы Мұхиетдин уағыз айтып болғаннан соң, халыққа Мәлiк ашрафтың залымдығы мен пасықтығын ұзақ хикая етiп айтып бердi. Ханнан бастап барлық жиналған халық жылады. Қазы Мұхиетдин Жәнiбек ханға: “Егер Мәлiк ашрафтан бiздiң кегiмiздi алып бермесең, ертең қиямет күнi бiздiң қолымыз сiздiң етегiңiзге тиедi”, — дедi. Ханға бұл күштi әсер еттi. Әскер шақыртып, Мәлiк ашрафтың үстiне аттанды, барып онымен соғысып, оны жеңдi, Мәлiк ашрафты өлтiрiп, оның төрт жүз түйе лағыл мен жауһарын, өзге де дүниелiктерiн әскерiне үлестiрiп бердi. Ұлы Бердiбектi Әзiрбайжанға әкiм етiп, өзi жұртына қайтып келдi. Одан соң ауруға шалдығып, ол ұзаққа созылды. Хан: “Ендi мен бұл аурудан жазылмаймын”, — деп, Әзiрбайжандағы ұлы Бердiбектi шақыртты. Бердiбек хан келiп жеткенше Жәнiбекке уақыт болды. Ол қайтыс болар алдында халқын жиып, оларға көп насихаттар айтты. Хижраның жетi жүз елу сегiзiншi жылы қайтыс болды, ол он жетi жыл патшалық құрды, Сарайшықта жерлендi.
… Жәнiбек хан өлгеннен соң Тебризден Бердiбек хан Сарайшыққа келдi. Үш күн аза тұтып, азадан соң барлық ханзадалар мен әмiрлер жиналып, Бердiбектi хан көтердi. Бердiбек хан өте залым және пасық, iшi қара адам едi. Аға-iнiсi, барлық туыстарынан ешкiм қалдырмай, бәрiн өлтiрдi. Бұл пәниден өзi өтпейтiндей көрiндi. Ақыры патшалығы ұзаққа брмады, екi жылдан кейiн жетi жүз алпыс екiншi жылы опат тапты. Сайын хан әулетi Бердiбекпен аяқталды. Өзбек iшiнде, “Нар мойыны Бердiбекте кесiлдi” деген мысал бар. Бұдан соң Жошы ханның өзге балаларының әулетi патшалық құрды” (10, 113-117).
