Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
3-tom__1178_aza_1179__1241_debietini_1187_tarik...doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

Мұнан да былай сөйлеуім Маған да болар ауыр күш, –

дейтіні және тағы бірде:

Күнінде мендей жырлайтын,

Тоқсан үште қария

Енді саған табылмас, –

деп толғайтыны бар. Бұдан Бұқардың:

Тоқсан бес деген тор екен,

Дүйім жанның қоры екен, –

дейтінін де білеміз. Бұған қарасақ, жырау 95 жасқа да келіп, әбден қалжырап, қор болып отырған кезін жырға қосқан сияқты. Қалай дегенде де, Бұқар жыраудың 92-95 жас аралығында қайтыс болғаны шындыққа сай келетін тәрізді. Сондықтан осы айтылған жылдардың біріне үзілді-кесілді тоқтап, бір жүйеге келтіру қажет.

Ендігі бір-екі ауыз сөз Бұқардың туған жері туралы. Әдебиетші Қ.Мұхамедханов сол Үмбетей жырында айтылған деректерге сүйене отырып, оның туған жерін Бұхар маңындағы Жиделібайсын, Елібай деп көрсетеді. Бұған себеп: Бұқардың әкесі Қалқаман батыр қалмақ шабуылынан ығысып, сол төңірекке барған делінеді. Қазақтың бала атын туған жеріне қарай қоятын көне дәстүрін ескерсек, бұған да шек келтірудің жөні жоқ сияқты. Бұқар жыраудың Абылай қасында отыратын кеңесші-жырауы болып қалай келгені туралы бір қызықты дерек “Әдебиет майданы” журналының 1935 жылғы № 1-2 сандарында жыраудың “Бұл кісі жылқыменен бір ат берсін” деген жырымен қоса түсінік ретінде келтірілген. Бұған жариялаушы “Кәріқұлақ” деп қол қойып, “Балқаштағы атақты Шашубай ақынның айтуымен” деген ескертпе жасаған. (Біз бұл өлеңді бас жағындағы арнауымен бірге Бұқар жыраудың тұңғыш жеке жинағында сол аттас жырдың бір нұсқасы ретінде ғылыми түсінікте берген едік – М.Ж).

Журналда басылған жыраудың екі жыры біздегі сол аттас өзге толғауларға өте ұқсас, бірақ айырмашылығы да аз емес. Мұндағы берілген түсінікке қарағанда, Абылай Бұқар жыраудың бір ісіне қатты ренжіп, “басын аламын” деп уәзірін жіберіп, шұғыл шақыртыпты деседі. Суыт хабарды естіген жырау хан жарлығымен Абылай хан ордасына келіп жыр толғапты.

Хан жарлығы қатты болды,

Шыбын жаннан тәтті болды.

Шақырған соң келдім, ханым,

Жарлығыңды қайтармай.

Жіберген уәзіріңізге екі жауап айта алмай.

Кел десең келдім, кет десең кеттім.

Кет дегендей мені сөйлетпей не еттім?

Бір ауыз сөз сұрамай, басыңды кесемін деп,

Мені шошытып түбіме жеттің… –

дей келіп, оның бір кезде Түркістанда жетім болып жүргенін, енді басына бақ, астына тақ қонғанын айтады. Ең соңында жырау ханға:

Алтын тұғыр үстінде

Ақ сұңқардай түледің,

Салған сайын үдедің,

Алыстан тоят тіледің,

Құдайдың сүйікті ұлы едің,

Қалмақты қашырдың,

Алатаудан асырдың.

Қазаққа жер кеңейттің,

Дұшпаныңды кеміттің, –

депті, сонда Абылай райынан қайтып: “Мынаған бір үйір қысырақ айдап әкеп беріңдер”, дегенде, Бұқар “Маған хан Абылай жақсы бір ат берсін” деген әйгілі жырын толғаса керек. Содан хан қара көз, қара ауыз, қояндай боз атын беріп, өзін қасында жүретін жырауы етіп алыпты делінеді.514

Бұқар шығармалары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап жиналып, зерттеліп келеді. Алғашқы жариялануы дегенде, біз ең алдымен, “Таң” журналында басылған жырларды айта аламыз. Мұнда жыраудың “Бірінші тілек тілеңіз”, “Ай не болар күннен соң”, “Айналасын жер тұтқан”, “Ақсаңнан биік тау болмас”, “Абылай ханның қасында”, “Ал, тілімді алмасаң”, “Ей, Абылай, Абылай”, “Керей, қайда барасың?”, “Ханға жауап айтпасам” атты бір топ өлеңдері жарық көрді.515

Бұқар шығармаларын жариялауда С.Сейфуллин үлкен еңбек етіп, “Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” атты жинағына жыраудың “Ай не болар күннен соң”, “Керей, қайда барасың?”, “Жал, құйрығы қаба деп”, “Асқар таудың өлгені”, “Қалданменен ұрысып”, “Атам болған жиырма бес”, “Құбылып шыққан бәйшешек”, “Әй, Абылай, сен он бір жасыңда” атты толғауларын бастырғаны мәлім.516 Бұдан соң жыраудың бір алуан жырлары әр түрлі хрестоматиялар мен жинақтарда, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып келді.517 Бұқар туындылары алғаш рет толыққа жуық көлемде “Алдаспан”518 жинағында басылды. Бұған оның үлкенді-кішілі 49 толғауы енді. Алайда, Бұқар шығармаларының бізге жеткен асыл үлгілерін айтқанда, ең алдымен, белгілі фольклор танытқыш Мәшһүр Жүсіп Көпеев есімін атауға тиіспіз. М.Көпеев жырау туындыларын ертеректе көне көз қариялардан қағаз бетіне түсірумен қатар, солардың ғылым үшін қажетті туу, айтылу тарихын да қызықты етіп жазып қалдырған болатын-ды. Сол себепті Бұқар шығармаларын сөз еткенде, біз сол М.Көпеев жазбаларын түптұсқа ретінде негізге алуға тиіспіз.519

Ал, енді Бұқар жырларының ең бастапқы жариялану мәселесіне келсек, оның Ш.Уәлиханов, Г.Н.Потанин, И.Н.Березин қорында сақталып, кейбір үлгілерінің солардың жариялауымен басылғанын520, сондай-ақ, бір-екі толғауының Құрбанғали Халидғлының “Тауарих хамса Шархи”521 атты кітабында жарық көргенін айта аламыз (“Ханға жауап айтпасам”, “Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай”).

Бұқар шығармашылығын танып-білуде, әдебиеттегі орнын белгілеп бағалауда әр тұста әр алуан пікір таластары болып келді. Кейбір зерттеушілер оған “Сарай ақыны”, “Орда ақыны” деген ат қойып, феодалдық салт-сана мен Абылай ханның жыршысы деп теріс бағаласа, енді бір топ әдебиетшілер жыраудың үстем тап жыршысы бола тұрса да, өз туындыларымен сол тұстағы ірі саяси-әлеуметтік мәселелерге үн қосып, дұрыс бағыт ұстанғанын айтты, мұнымен бірге XVІІІ ғасырда жасаған ақындардың ішінде жырлары бірден-бір өз атымен сақталып қалған жырау екенін баса көрсетіп, оны сол дәуірдегі әдебиеттің басы деген тұжырым жасады. Бұған белгілі жазушы-ғалым М.Әуезов басқарып өткізген 1959 жылғы әдеби-теориялық конференция көп әсер етті. Соның нәтижесінде Бұқар жырау да алғаш рет дұрыс бағаланып, әдебиеттегі өз орнын алды.

Бұқар жырау туындыларының оң бағаланып, оның әдебиет тарихындағы орнын ашып белгілеу ісі М.Әуезов зерттеулерінен басталады. Ол өзінің ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы әдебиетке арналған ертеректегі оқу кітабында Бұқар туралы “Жыраудың мақсаты, міндеті – “не болса сол көңіл ашар”, “әлдене” дерлік сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи уақ оиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады. Олжа, табыс, абыройды ханмен қатар үлеседі. Өзі хан қасында жуан рудың – Арғынның қосқан “табан шөңгел биі” болуға лайық… Бұл жағынан қарағанда Бұқар, Орта жүз ханы Абылай болса, соның орталық елі, жуан бел руы – Арғын ішінен шыққан анық үстем тап адамы болады… Бұқар сонда үлкен, қырағы саясаттың толғаушысы боп, әрбір сөзін ірі-ірі уақиғалардың, ірі мәселенің тұсында ғана айтады. Сол сөздері жыраудың таптық-қоғамдық мазмұнын көрсетіп, дәуірінің тарихи сырын ашады”522 – дейді. Бұны бір ғана Бұқар емес, жалпы жыраулық поэзияның табиғатын ашуға жол салатын ғылыми ұстамды пікір деп айта аламыз. Тек зерттеуші заман ағымына сай мәселеге таптық тұрғыдан келуге мәжбүр болған.

С.Мұқанов Бұқар шығармаларының көпшілігі Абылай ханға арналып айтылғандықтан, өзі сырттай Орда ақынына ұқсағанмен, жырлары сол кездегі саяси-әлеуметтік тұрмыстың нақты көрінісінен туған деп атап көрсетеді. Ол: “Бұқар жыраудың шығармаларында азаматтық, саяси мотив терең, әлеуметтік маңызы зор. Ол Абылайдың мақтаушысы ғана емес, сыншысы да”,523 – дейді.

Қ.Жұмалиев қазақ әдебиетінің орта мектептерге арналған оқулықтарынан524 бастап, қазақ әдебиетінің алты томдық тарихына жазған Бұқар туралы монографиялық тарауларында да, оны XVІІІ ғасырдағы авторлығы сақталған тарихи әдебиеттің басы деп бағалай келіп, ол өзінің дидактикалық толғаулары арқылы өмірге ескілік мұнарасынан қараса да, сол кезеңдегі әлеуметтік шындықты тап басып сипаттай алады деп жазады525. Ал, Ә.Марғұлан Бұқар жырауды Абылай ханның белгілі жыршысы, кейінгі қазақ ақындарының бірден-бір көшбасшысы, ұстазы деп бағалайды526. Осындай бағаны Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев еңбектерінен де ұшыратамыз527.

Белгілі фольклорист Н.С.Смирнова Бұқар творчествосына арналған көлемді зерттеулерінде оның суырыпсалмалық өнерінің ерен қуаты мен демократиялық бағытының нығая түсу ерекшеліктеріне, сондай-ақ соңғы шығармаларында халықтық ұғымның әлеуметтік терең сипатқа ие болып отыру жәйтіне айрықша мән береді.528

60-жылдардың соңында жазылған Х.Сүйіншәлиев пен М.Мағауин зерттеулерінде529 Бұқар шығармалары әдебиетіміздің даму жолында елеулі бір белес болғаны баса әңгімеленеді. Зерттеушілер Бұқардың өмірі мен туған, өлген жылдарын анықтауда да бұрынғы қалыптасқан пікірге өздерінше келіп, біршама тың ойлар айтқан.

Белгілі әдебиет тарихшысы А.Дүйсенбаевтың Бұқар Қалқаманұлы туралы зерттеуі жырау шығармашылығы мен сол тұстағы тарихи кезеңді бағалауда болсын, жалпы мәселенің қойылып, шешілуі тұрғысынан болсын өзге еңбектерден шоқтанып жеке-дара тұр. Ол Бұқарды үстем тап өкілі ретінде бағалаған әдебиетшілерге қосыла отырса да, бұл пікірдің жырау еңбегін тұтас алып қарағанда бір жақты, тым тікелей қойылғанына, тіпті мәселенің Абылайдың қара басында, яки Бұқар жыраудың жеке қасиетінде емес, салмақтың тым әріде, халық бастан кешкен тарихи жағдайлар мен ел тағдыры шешілетін күрделі оқиғаларға тікелей байланыста екеніне назар аударады. Сондай-ақ, автордың бұл тұста жырау шығармаларын мүмкіндігінше туған мерзіміне, айтылу кезеңіне қарай бағалау керек деген пікірі де елеуге тұрарлық530.

Сонымен, Бұқар жырау өмір сүрген кезең халық тарихында аса бір елеулі, әрі күрделі дәуір болды. Осыған орай ол өз халқының не өмір сүру, не құрып кету қаупі туған тұста азаттық күресін бастайтын қолбасшы батыр, алғыр көсемнің қажеттігін толық түсініп, соған бірден-бір лайықты адам Абылай деп санады. Мұны Абылай хан да толық ұғынды. Сөйтіп, ауыр қауіптен сеңдей соғылысып, не істерін білмей тығырыққа тірелген халықтың басын қосып, басқыншы жауға қарсы күресті ұйымдастыруда ол алғырлық, білгір тапқырлық танытты. Ханның үш жүздің басын біріктіріп, бір орталыққа бағынатын ел етуге жасаған әрекеті де көрегендік еді. Бұқар жырау да осы игі істің қалың ортасында жүріп, соның ұйтқысы болды. Жыраудың бүкіл жырларының осы мақсатқа арналып, Абылай ханның өшпес бейнесін жасауға бағытталуы да осыдан.

Енді бұл шығармалардың мәтіні жайында бір-екі ауыз сөз. Бұл мәселе бізде әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда толық зерттеле қойған жоқ. Алайда, осы мақсаттағы алғашқы сәтті қадамның бірі деп белгілі зерттеуші Қ.Өмірәлиевтің “XV-XІX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі” (1976 ж.) атты еңбегінің “Бұқар жырау поэзиясының тілі” деген тарауын бөліп атауға болар еді. Автор мұнда Бұқар туындыларының лексикалық құрамы мен грамматикалық сипатын, сондай-ақ оның өзіндік сөз қолдану мәнерін, табиғи ерекшеліктерін арнайы әңгімелей отырып, жырау өлеңдерінің мәтіні туралы да біршама жіті барлау жасаған. Зерттеушінің осыған орай түйген ой-тұжырымдарын негізінен құптай отырсақ та, оның кейбір пікірлерінің орынсыздығын да ескерткіміз келеді.

Бұқар шығармаларының мәтінін сөз ете отырып, марқұм Қ.Өмірәлиев жыраудың дау-дамайсыз басы ашық төл өлеңі деп тек 364 жолдың 8 өлеңін (“Абылай ханның қасында” “Ай, Абылай, Абылай”, “Ханға жауап айтпасам”, “Қалдан ханмен ұрысып”, “Әй, Абылай, сен он бір жасыңда”, “Атам болған жиырма бес”, “Керей қайда барасың?”, “Әй, Абылай, Абылай”) ғана атайды. Ал, 100 жолдық үш өлеңіне (“Бірінші тілек тілеңіз”, “Ай не болар күннен соң”, “Айналасын жер тұтқан”) ортақ ой, “ортақ мотивке құрылған өлеңдер” деп қарайды. Бұдан тыс Бұқардың 150 жолдық 10 өлеңін (“Ақсаңнан биік тау болмас”, “Ақсұңқар құстың баласы”, “Жар басына қонбаңыз”, “Алыстан қызыл көрінсе”, “Асқар таудың өлгені, “Әлемді түгел көрсе де, “Қара арғымақ арыса”) “жыраудың өлеңі екендігі, иә еместігі белгісіз, шартты өлеңдер” деп бағалап, 119 жолдық 4 толғауын (“Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек”, “Ей, айташы, Алланы айт”, “Ақтың үйі мешіті”, “Әй, заман-ай, заман-ай”) “Бұқарға қатемен таңылып жүрген өлеңдер” деген пікір айтады.

Ең алдымен, зерттеуші атап көрсеткен “Бұқарға қатемен танылып жүр” делінетін жырларға келейік. Бұлардың бәрі де бізге белгілі ақын әрі фольклор танушы, Бұқар жыраудың жерлесі Мәшһүр Жүсіп Көпеев қолжазбалары (№ 1170-бума, 772, 773, 777, 780, 783, 784-бб.) арқылы келіп жеткен өлеңдер. Сондай-ақ, жоғарыдағы шартты делінетін толғаулары да Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларынан алынып, Бұқардікі деп жұрт мойындаған жырлар. Олай болса, Бұқар шығармаларының асыл түпнұсқасына барабар саналатын аса құнды қолжазбаның бір тобын дұрыс, екінші бір бөлігін бұрыс деуге бізде қандай негіз бар? Бұл жердегі зерттеушінің “Бұқарға қатемен танылып жүр” делінетін бір топ өлеңдерге “М.Көпеевтің негізгі № 334 папкасында жоқ” деп күдікпен қарауын да ешбір жөнге келмейді деп санаймыз.

Қ.Өмірәлиев аталған кітабында “Бұқарға қатемен таңылып жүрген өлеңдер” қатарында оның “Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек” атты өлеңін де келтіріпті. Ол мұндағы “байлар ұғлы шоралар” деген тіркестің екі қайталанатынын айта келіп, “ұғлы” сөзі Бұқар дәуірінен бұрынырақ қалыптасқан көне сөз болғандықтан, оны Бұқардың осында қолдануы жасанды дегенді айтпақ болады. Көне ұғымды білдіретін сөздерді реті келсе, кім жаңғыртып қолданбайды? Қ.Өмірәлиев өзі мысалға келтірген (144-б) Бұқардың “Ханға жауап айтпасам” өлеңіндегі:

Енді айтайын тыңдасаң,

Айтты деп қаһар қылмасаң, –

деп келетін жолдағы “тыңласаң” етістігі де ертеден келе жатқан көне түр емес пе? Сондай-ақ, зерттеушінің “Ей, айташы, Алланы айт”, “Ақтың үйі мешіт-ті” тәрізді жырларына да шүбә келтіруін (алғашқысының атындағы кеткен қате мен соңғысында араб-парсы сөздерінің көптігіне бола) ғылыми дәлелді дей алмаймыз. Біздің ойымызша, авторлықты анықтау мен текстологиялық жұмыста жырдың мазмұн, стилі мен бейне жасау жүйесіндегі өзара ұқсастық, бірлікті басты өлшемге алған жөн. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, Бұқардың “Ей, айташы, Алланы айт” атты жыры өзінің мазмұндық сипаты жағынан оның “бірінші тілек тілеңіз”, “Алла деген ар болмас”, “Ақтың үйі мешіт-ті”, “Күпшек санды күреңді” тәрізді жырларымен толық үндесіп жатыр. Айталық, “Ей, айташы, Алланы айт” атты өлеңіндегі “Наушаруандай әділді айт” деген жол мен “Күпшек санды күреңді” толғауындағы “ғаділдігін Наушаруан ғаділге жеткерген” деген тіркестердің жолма-жол дерлік қайталануы да жайдан-жай болмаса керек. Тіпті, сол өлеңдегі “Сөйлеу үшін жаратқан, сөз анасы – сәлемді айт” деген жолдың мағынасы жыраудың “Сәлем – бір сөздің анасы” деген жырымен егіз ұғымдай қиысып, астасып тұр. Бұдан тыс Бұқардың жоғарыда аталған өлеңдеріндегі әділдік пен адалдық, ата-ананы сыйлау, жалпы адамгершілік жөніндегі ойлары табиғи бірлікті айғақтайды. Бірер салыстыру жасап көрелік. Жыраудың “Ей, айташы, Алланы айт” жырындағы:

Ей, айташы, Алланы айт…

Сөйлеу үшін жаратқан

Сөз анасы сәлемді айт.

Тіршілікте сыйласқан

Ата менен анаңды айт, –

деп келетін жолдардың “Алла деген ар болмас” толғауындағы:

Алла деген ар болмас,

Ақтық жолы тар болмас…

Қартайсаң, қарт бабаңды сыйлай бер,

Күндердің күні болғанда,

Кімдер де кімнің белі бүкіреймес, –

деген тіркестермен өзара бірлігі бірден көзге ұрып тұр емес пе? Сол себепті біз аса ірі жыраудың толғау-жырлары туралы пікір айтқанда өте мұқият болуымыз шарт дегенді ескерткіміз келеді.

Бұқар жырау дәуір алшақтығына қарамай, жырларының әлеуметтік-саяси мазмұны мен тақырыбы жағынан да, бейнелеу тәсілдері мен көркемдік құралдары жағынан да өзінен бұрынғы жырлаумен терең үндесіп отырады. Әсіресе, патша өкіметінің отарлау саясатын әшкерелеу содан елді сақтандыру, Жиделібайсын (Жерұйық) секілді құтты қонысқа көшу жайындағы қоғамдық ойларымен ол жыраулық поэзияның басында тұрған Асан қайғыға егіздің сыңарындай ұқсас, рухтас дей аламыз. Бұл орайда Бұқарды Асан қайғының ісін жалғастырушы шәкірті деп бағалаған Б.Кенжебаев пікірін орынды деп санаймыз. Бір жағынан отаршылдық саясат белең алған кезде, екіншіден, Жоңғар басқыншылары халқымызды “ Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға” ұшыратқан тұста Абылай ханның Асан жұмбағын шешу туралы айтқан өтінішіне би қырын қарап, көзіне жас алып, “бұл сөзді сен сұрамасаң керек еді, мен айтпасам керек еді” деп қинала-қинала жауап беретіні бар. Осының өзі-ақ сол толғақты мәселенің жыраудың үнемі есінен кетпей, әрқашан ойында жүргенін анық аңғартады. Соған дейін Асан қайғының ханға да, қарашаға да жұмбақ болып келген “ақ шортаны мен шөлдегі қарағайының” мән-жайын Бұқар жырау көсілте жырлап, түгелдей шешіп береді. Қ.Халидұғлының айтуына қарағанда, Абылай хан да бұл жауапқа “бекер сұраған екенмін” деп қатты өкінсе керек.

Бұқар жыраудың “Ханға жауап айтпасам” атты толғауын халық тағдыры мен оның болашағын жырлаған әлеуметтік-қоғамдық мәнімен де, айтар ойдың бас-аяғы тұтас табиғи бірлігімен де, сипаттаудағы көркемдік-бейнелеу, шеберлік тәсілдермен де өзге жырларынан жеке-дара тұр дей аламыз. Асан қайғы жыры да, оны Бұқар жыраудың шешуі де кешегі заманда ашықтан-ашық бүркемеленіп, жарияланбай келді. Сондықтан бүгінгі тәуелсіздік дәуірде мұндай тарихи асыл туындыны бұзбай-жармай беруді жөн көріп отырмыз. Бұқар жырау осы әйгілі жырын:

Ханға жауап айтпасам,

Ханның көңілі қайтады.

Қандыра жауап бермесем,

Халқым не деп айтады?

Хан Абылай, Абылай,

Қайғылы мұндай хабарды

Сұрамасаң не етеді?

Сұраған соң айтпасам,

Кісілігім кетеді, –

деген кіші-гірім кіріспемен бастап, біртіндеп негізгі мәселеге қарай ойысады:

Енді айтайын тыңдасаң,

Маған қаһар қылмасаң.

Қарағай судан қашып,

Шөлге біткен бір дарақ.

Шортан суға шыдамсыз,

Балықтан шыққан бір қарақ.

Ойлама шортан ұшпас деп,

Қарағайға шықпас деп.

Күнбатыстан бір дұшпан,

Ақырда шығар сол тұстан.

Өзі сары, көзі көк,

Бастығының аты поп.

Күншығысқа қарайды,

Шашын алмай тарайды,

Құдайды білмес, діні жоқ,

Жамандықта міні жоқ,

Осы сынды бір кәпір,

Аузы-басы жүн кәпір,

Жаяулап келер жұртыңа,

Жағалы шекпен кигізіп,

Балды май жағар мұртыңа.

Жемірлерге жем беріп,

Ел қамын айтқан жақсыны

Сөйлетпей ұрар ұртына.

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды.

Еліңді алар қолыңнан,

Әскер қылар ұлыңнан.

Тексізді төрге шығарып,

Басыңа ол күн туғанда,

Теңдік тимес құлыңнан.

Бұл айтқан сөз, Абылай,

Болмай қалмас артыңнан,

Естісең мына қартыңнан.531

Бұқар жыраудың ақындық қуаты мен дарын-күшін айқын танытатын келесі бір жыры “Әлемді түгел көрсе де” деп аталады. Мұнда ол адам баласы өмірінің сыр-сипаты мен қызық-қуанышының шексіздігін, аспанға шарқ ұрып, Ай мен Жұлдызды аралаған арман-үмітінің жарқындығын шебер бейнелейді. Осы ерекшеліктерімен бұл жырды тұрмыстың әр алуан қуаныш-қызығын шалқыта, жырлайтын асқақ үнді толғау деуге болар еді. Бас-аяғы он бес жолдан ғана тұратын бұл жырды өзара астасқан мазмұны мен құрылымы жағынан да дараланады дер едік. Осы жәйт толғау жанрының Бұқар жырау тұсында жаңа сатыға көтеріліп, толыса, кемелдене түскенін анық аңғартады:

Әлемді түгел көрсе де,

Алтын үйге кірсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,

Ай нұрын ұстап мінсе де –

Қызыққа тоймас адамзат!

Әлемді түгел білсе де,

Қызығын қолмен бөлсе де,

Қызықты күні қырындап,

Қисынсыз күйге түссе де –

Өмірге тоймас адамзат!

Жақындап ажал тұрса да,

Жанына қылыш ұрса да,

Қалжырап, көңіл қарайып,

Қарауытып көзі тұрса да –

Үмітін қоймас адамзат532!

Жыраулық поэзияда адам өмірі мен табиғат құбылыстарын астастыра сипаттау сондағы көркемдік ізденістерге, тіпті бейне жасаудың тұрақты тәсіліне жол салған. Осы жәйт Бұқарға да тән. Жыраудың “Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек” атты екі бөлімнен тұратын жырынан мұның бізде бұрын кездеспеген жаңа бір үлгісін көреміз. Ол жұбын жазбай сымпыл қағып бірлесе үшқан үйректердің бірлік-тұтастығын сол өзі сөз етіп отырған байлар ұлы шораларға үлгі етіп ұсынғандай болады. Осыған орай жырау сән-салтанаты мен әзіл-қалжыңы жарасқан жастардың сыпайы қарым-қатынасын да шебер бейнелейді:

Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек

Бұрылып ұшар жаз күні.

Боз мойынды сұр үйрек

Көлге қонар жаз күні.

Көк аланы жаратып,

Көн дабылды байлатып,

Байлар ұғлы шоралар,

Көл жағалар жаз күні.

Байлар қызы бикештер

Қол бұлғайды-ау жаз күні!533

Рас, мұнда жаздыгүнгі ауыл өмірінің тұтас көріністері мен көл жағалай сән-салтанат құрған қыз-жігіттердің нақты тұлғасы, немесе есте қалар бейнесі жасала қоймаған. Әсем суреттемелердің орнына дидактикалық мән-мазмұн басым болып шыққан. Осы талаптарға орай ол тату-тәтті, бірлікте болыңдар деген кеңес айтып, сәл кейінірек сыйластық, бірлікке жеткен жастардың сырт бейнесін көрсетумен ғана шектеледі. Ең соңында өз ойын: “Айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін” деген мағынасы терең пікір ұсынады. Бұл жыр осы сипаттарымен Абайдың “Жаз” өлеңіндегі өзара астасып, көркем өрілген табиғат пен адам сипаттамаларын еске түсіреді. Сол себепті бұл аталған жырды кейбір жетілмеген тұстары бола тұра, толғаудың сол кездегі қол жеткен бір бел-белесі деуге болар еді. Осындай ерекшелік оның “Сәлем – бір сөздің анасы” атты толғауына да тән деп айта аламыз.

Бұқар жырау бұл жырында да адам бейнесін жасауға талаптанады. Ол мұнда ұлы Абай сомдаған “бойы бұлғаң, сөзі жылмаң” бәлеқорлардың типтік бейнесін жасай алмаса да, сол іспеттес өз кезіндегі алаяқ, қызылкөз сұмдардың іс-әрекет, түр-тұлғасы мен бет-бейнесін жасауға бой ұрады. Бұларды жырау “Айтқанға көніп, айдауға жүрмейтін, өтірікті шын қылған Алланың қызыл көзді пәлесі” деп бейнелейді. Өз әуенінен әсте танбайтын осындай пәлеқорлардан қашық жүрмейінше, бірлік, тірлік болмайды деген қорытынды шығарады.

Жыраудың дүниеге көзқарас-танымын белгілейтін шығармаларынан оның “Бірінші тілек тілеңіз” атты толғауын бөліп атауға болады. Бас аяғы он бір тілектен ғана тұратын бұл жырда Бұқар өз дәуіріндегі адамдардың ой-тілегі мен арман-мұратын жинақтап беруге талаптанады. Бұлары құдайға құлшылық пен бес уақыт намаз, тыныштық пен адамгершілік, адалдық, тазалық туралы болып келеді.

Жырау ұсынған игі тілектер тізбегінің екеуі ислам дінінің шарттары мен қағидаларын атқару жәйтіне арналса (“Бірінші тілек тілеңіз, бір Аллаға жазбасқа… Бесінші тілек тілеңіз, Бес уақытта бес намаз, біреуі қаза болмасқа”), енді бір тобы бейбітшілік пен тыныш өмірді сақтау (“Тоғызыншы тілек тілеңіз, Төреңіз тақтан таймасқа”), тіпті өмір түйіні адамгершілік жайында (“Екінші тілек тілеңіз, Бір шұғыл пасық залымның, Тіліне еріп азбасқа”) арналған. Қалған жеті тілек отбасы, ошақ қасының амандығынан бастап, ел іргесінің бүтіндігі мен тыныштық, бейбіт өмірді армандау талаптарымен жалғасып жатыр. Сонымен, жырау жеке адамның ырыс-бақыты бүкіл ел бірлігімен, халық тағдырымен тығыз байланысты деген мәнді қорытынды жасайды. Автордың мейлінше ардақ тұтар арманы бейбіт өмір мен тыныштық, тәуелсіздік, еркін өмір екені аңғарылады (“Алтыншы тілек тілеңіз, Алпыс басты ақ орда, Ардақтаған аяулың, Күнінде біреуге, тегіннен-тегін олжа болмасқа”, “Жетінші тілек тілеңіз, Жеткілдеген ту келіп, жер қайысқан қол келіп, Сонан сасып тұрмасқа…”).

Бұқардың “Ақсаңнан биік тау болмас”, “Айналасын жер тұтқан”, “Ай не болар күннен соң”, “Бағаналы орда, басты орда” атты толғаулары өз дәуірінің өмір көріністерін: көшпелі тұрмыс тұсындағы адамдардың өзара қарым-қатынастары мен қалыпты салт-сана, ұғым-түсініктерін, жалпы өмірдің құбылмалы екендігін баяндау тұрғысында келеді.

Бұқар жыраудың бір топ жырлары (“Ежелгі дос жау болмас”, “Шашырап шыққан қандар көп”, “Рулының оғы жоғалса табылар”, “Он екі айда жаз келер”, “Мырзалық қонаққа пайда, малға қас”, “Асқар таудың өлгені”, “Жар басына қонбаңыз”, “Биік тауға жарасар”, “Жал, құйрығы қаба деп”) ел бірлігі, жақсы мен жаман, білімділік пен надандық, жалпы ізгілік мәселелерін қамтиды. Тағы бір алуанында (“Атам болған жиырма бес”, “Құбылып тұрған бәйшешек”, “Садыр, қайда барасың?”) жыраудың әлеуметтік ортаға көзқарасы мен ішкі сезім-күйлері басым болып келеді.

Асан қайғы жырларында көрініс тапқан жұмбақ үлгісінде келетін орағыта астарлау, пернелеу тәсілдері де Бұқарда өз көріністерін тапты. Алайда, бұларға жырау үлкен әлеуметтік жүк артып, оның ұштала түсуіне зер салды.

Бұқар жырау өзі таңдап алған бір құбылысты бұрынғы жыраулардай емес, өзінше қарама-қайшылық сипатта құрып, оның мағыналық міндетін арттыруға мән береді. Бұл орайда ол шендестіру тәсілін тиімді пайдаланады. Айталық:

Мырзалық қонаққа пайда,

малға қас,

Батырлық жолдасқа пайда,

жанға қас,

Өтірік о дағы пайда,

иманға қас,

Өткір пышақ қолға пайда,

қынға қас534

дегенде, ол бұрынғы “мырзалық, батырлық, өтірік, өткірлік” ұғымдарының пайдасы мен зиянын жарыстыра сипаттап егіз ұғымда беріп отыр.

Жырау шешендік қисын мен астасқан ой жиынтығын аз сөзбен түйіп беруге де шебер. Бұл тұста ол өмірлік салыстыруларды құлпырта қолданып, ұтымдылық танытады. Мәселен, мұнда ойды жекеден жалпы ұғымға астастыра сипаттауды көздейді:

Жақын жерден шөп жесе,

Жердің сәнін кетірер.

Ағайынның аразы

Елдің сәнін кетірер.

Абысынның аразы

Ауыл сәнін кетірер535

Бұқар толғауларындағы әдеби бейне жасаудың қалыпты бір түрі егіз ұғымды салыстыруларға құрылып отырады. Мұның үш түрі бар десек, біріншісі – айтар ойға іштей астасып, соның тікелей көрінісі, нәтижесі ретінде құрылатын сипаттамалар болса (“Жар басына қонбаңыз, Дауыл соқса үй кетер, жатқа тізгін бермеңіз, Жаламенен бас кетер”), екіншісі – ой-пікірдің қарама-қарсы құбылыстарымен келген шарттылығын айғақтайды. Мұнда авторлық мақсат сол құбылыстың ешбір дәлелдеуді керек етпейтін қисын-ұтымдылығымен дараланып отырады:

Асқар таудың өлгені –

Басын мұнар шалғаны.

Көктегі бұлттың өлгені –

Аса алмай таудан қалғаны.

Ай мен күннің өлгені –

Еңкейіп барып батқаны.

Айдын шалқар өлгені –

Мұз болып тастай қатқаны.

Қара жердің өлгені –

Қар астында қалғаны.

Өлмегенде не өлмейді,

Ғалымның хаты өлмейді536

Шендестіре салыстырулардың үшінші бір түрі жаратылыстағы ұқсастықты адам өмірімен ұштастырып, екеуінің сапалық белгілерін оқшаулап, даралай айтып жырлау болып келеді. Мәселен, жырау ақ сұңқар құстың баласы ұяда алтау өскенімен, соның біреуінің-ақ жемді ұзақтан ілетін алғыр боп туатынын меңзеп айту арқылы (“Ақ сұңқар құстың баласы, Ұяда алтау бомас па, Алғырының белгісі, Ұзақтан жемді ілмес пе, Айырып жемін бермес пе, Алғырынан айрылса, Қанаты түптен қайрылса, Құс жаманы жапалақ, Оған да қор болмас па?”) адам арасындағы игі жақсылардың өлмес істерін сол сұңқар бейнесімен астастыра сипаттайды (“Адамзаттың баласы, Атадан алтау туғанмен, Оның ішінде біреуі арыстан болмас па, арыстанның барында… Толғай да толғай дәурен сүрмес пе, Арыстаннан айрылса, Қанаты түптен қайрылса, Артында қалған жамандар, Бас-басына тозбас па?”). Мұндай салыстырулардың қайталаулар арқылы толыса кемелденіп келгені аңғарылады.

Сыпыра мен Асан қайғы жырларынан алғаш өріс алып, Бұқар шығармаларында жетілген қайталаулар келе-келе толғау жанрының бөлінбес бір белгісін құрап қана қоймай, соның мазмұны жағынан көркейе толысуына жағдай жасап келген. Бұқар жырау көбінесе айтылар ойдың салмағын ұштап, өткірлей түсу үшін, оған әр тұста тың міндеттер артып отырған.

Бұқар толғауларындағы қайталауларды негізінен үш жүйеге жіктеп бөлген жөн. Алғашқысы жеке бір сөзді әр жол сайын қайталау арқылы жасалса (“Төрде отырған қарт бабаң, төресін жаңылар малдан соң, Төркіндеген бикешің, тіркеусіз о да қайтар малдан соң, Төсі аршынды сұлуың, сілкіп төсек салмас малдан соң, Байдың ұлы көрпелдес, шұбалаңқы тартады, айдап жүрген малдан соң”; “Арғымағым барында жарысқалы келгенмін, Азаматым барында алысқалы келгенмін, Жақсы болсаң, сенімен табысқалы келгенмін, Жақсы болсаң, сенімен табысқалы келгенмін, Жаман болсаң, шаншысып шабысқалы келгенмін”, т.б.), екінші тобы бастан-аяқ ұйқас үшін алынған риторикалық сұрау күйінде келеді (“Көкте бұлт сөгілсе, көктеп болмас, не пайда? Көкіректен жан шықса, қайтып келмес, не пайда?”; Алыстан қызыл көрінсе, манат емей немене? Көтеріліп ұшқан соң, қанат емей немене?”; “Жарқ-жарқ еткен жайда бар, Құйрығы бітеу қойда бар, Қанаты бітеу қуда бар, Ақ кірпіш тас суда бар, Әзірейіл келгенде, Жан қалар жер қайда бар?”). Енді үшінші бір үлгісі табиғи салыстыруларды үнемі шендестіріп қарама-қарсы қою арқылы жасалып отырады (“Асқар таудың өлгені – Басын мұнар шалғаны, Көктегі бұлттың өлгені – Аса алмай таудан қалғаны, Ай мен күннің өлгені – Еңкейіп барып батқаны, Айдын шалқар өлгені – Мұз болып тастай қатқаны, Өлгенде не өлмейді, Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді”).

Енді Бұқар жырларының дидактикалық мазмұнының сипатына келсек, бұлар да өзіне дейінгі нұсқалар секілді өмірді пәлсапалық тұрғыда тану, бағалау арқылы соны адам санасына сіңіріп, тәрбиелеу мақсатында құрылады. Жырау осыған орай кейде дайын үлгіні өзгертпей алуға да, не соңын сөз орамы мен ұйқас үшін аз-кем түрлентіп қолдануға да, тіпті, тыңнан жол салып өзінше кестелеуге де бейім. Айталық, өзіне дейінгі жыраулық толғауларда қалыпты мақал-мәтел орнына жүретін жолдар (“Жақсыларға айтпаған асыл-шырын сөз ғарып, Замандасы болмаса, қариялар болар тез ғарып”, “Ауылдағы жамандар ер қадірін не білсін” – Асан қайғы; “Ақылсыз достан ақылды дұспан артық-ты”, “Ағайынның ішінде бір жақсысы бар болса, қоңқалаған көп жаман сол жақсыны көре алмас” – Шалкез, т.б.) Бұқар жырауда кейде бір-бірімен іштей жалғасып дамытыла жырланса, енді бірде толыса жаңғырып, сапалық, көркемдік мазмұнмен түрленіп отырады. Тағы бір нұсқаларда кейінгі жол алғашқы тармақтардың анықтамасы түрінде де келеді:

Ежелгі дос жау болмас,

Шірнеуіште хаты бар.

Ежелгі дүшпан ел болмас,

Көңілінде кір-даты бар.

Ежелгі дос жау болмас,

Айтысқан оның серті бар5374

Бұқар жырау сол тұстағы әр алуан өмір көріністері мен адамдар арасындағы қарым-қатынас жайларын да өз назарынан тыс қалдырмаған. Жырау мұнда жалпы өмірді үнемі жаңғырып жаңару, түрлене құлпырып, өзгеру барысында ашып бағалауға мән береді. Соған орай жыраудың “құрсағы құшақ байлар” мен “қу таяқты кедейдің” тағдыры туралы түйген ойлары да көңіл аударуға тұрарлықтай. Ол бұлардың арасындағы аспан мен жердей айырмашылықты (байлық пен жоқтықты) тұрақсыз, ауыспалы құбылыс ретінде түсіндірмек болады (“Айналасын жер тұтқан, Айды батпас демеңіз, Айнала ішсе азайып, Көл суалмас демеңіз, Құрсағы құшақ байлардан, Дәулет таймас демеңіз, Жарлы байға теңеліп, жайлауға жарыса көшпес демеңіз”, т.б.). Алайда, Бұқар бұл жерде дәулет пен ырыс, шалқыған байлық бір құдайдан деген көкейдегі ойын ашып айтпай, жай емеурінмен ғана сездірсе де, мұсылман дінінің талаптарына орай панасыз жетім, момын мен жарлыға, пақырға іш тартып, солардың тілеуін тілейді, бұлары шын адамгершілік, ізгілік талабы тұрғысынан көрінеді.

Жыраудың бізге жеткен азды-көпті мұрасын табиғи сипаты жағынан насихат толғау, арнау толғау, болжау толғау деп үш топқа бөлуге болар еді. Шығармаларының басым көпшілігін құрайтын насихат толғауларында, жоғарыда аталғандай, адамды игілікке тәрбиелеу, бауырмалдылық, адалдық, әділдік мәселелері сөз болады. Осыған орай жыраудың топшылаулары мен ой-болжамдары да сезім күйлері арқылы беріліп отырады. Осы талапқа сай бұл жырлардың көңіл-күй, лирикалық сипаты басым болып келеді.

Жыраудың қолда бар арнау толғауларының көпшілігі (“Абылай ханның қасында”, “Ал, тілімді алмасаң”, “Ей, Абылай, Абылай”, “Қазақтың ханы Абылай”, “Ханға жауап айтпасам”, “Басыңа біткен күніңіз”, “Әй, Абылай, сен он бір жасыңда”, “Ал, айтамын, айтамын”) Абылай ханның сол тұстағы ұстанған саясаты мен жалпы ел басқару ісіне арналса, енді бір топ жырларының (“Садыр, қайда барасың?”, “Бұқарекең – біз келдік Ақаң, Төбет байларға”) әр кезеңде әр қилы тілек-талаптарға орай белгілі бір кісілерге арнау түрінде айтылғанын көреміз.

“Бұқарекең – біз келдік Ақан, Төбет байларға” атты жырында оның малы бар ағайындарынан ат майын сұраған өз жайы баяндалса, “Садыр, қайда барасың?” деген толғауында жырау жаугершілік замандағы ел тіршілігінің бірлік-тұтастығын басты шарт санап, бөліне көшкен тұтас бір руды Абылай алдында бітісуге шақырады.

Бұқар тарихта “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған қатерлі заманда қазақ елінің басын құрап, қалмақ басқыншыларына қарсы күресті ұйымдастыра білген Абылай ханды халық тәуелсіздігін қорғап қалған көсемі, даңқты қолбасшысы ретінде сипаттайды. Сол тұста ерекше ерліктерімен көзге түскен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі Тілеуке, Қарақалпақ Құлашбек, тағы басқа батырларды ханның сенімді серіктері, оның бұйрық-жарлықтарын бұлжытпай орындаушы сарбаздары ретінде асқақ жырлайды.

Бұл – қалың жұртшылықтың жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күреске шығып, елдікті сақтап қалуға бел байлаған кезі еді. Абылай хан дәл осындай ауыр кезең, қиын сәтте бөлек-бөлек шашырап жатқан үш жүздің басын біріктіріп, жауға үзілді кесілді тойтарыс бере алатындай бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құруға талаптанды. Сол себепті Бұқар өз жырларында Абылайдың сол тұстағы орасан зор еңбегін жоғары бағалай отырып, халық арманын ақтаған батыр-қолбасшының мақтан тұтарлық көркем бейнесін жасауға зер салды. Айталық, Абылай хан науқастанған тұста айтқан мына бір бес жолдан тұратын жырға ол Абылайдың сол кездегі бүкіл жұрт ұмытпастай тарихи еңбегін сыйғызып, нақты бейнелей алған дер едік. Сондай-ақ, бұдан жыраудың тапқырлығы мен шешендігін, хас шеберлігін де анық көреміз.

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,

Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,

Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,

Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,

Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай!538

Феодалдық-рулық тәртіп билеген замандағы әр алуан қырқыс, тартыс, қанды кек соғыстар тұсында да Абылай хан азаттық күресін шебер ұйымдастыра білді. Көрші Ресей және Қытаймен қарым-қатынасты дұрыс жолға қойып, негізгі жау – жоңғарлардың іштей іруіне, “бөлшектене” бөлінуіне күш салды. Бұған қасындағы кеңесші Бұқар жырау қосқан үлес те аз болмаған. Сондықтан ол бір топ толғауларында (“Күпшек сынды күреңді”, “Қалданменен ұрысып”, т,б,) ханды “ғаділдігін Наушаруан ғаділге жеткерген, жомарттығын Атымтайдан өткерген” деп сипаттап, оның байлық-салтанат, асыл-жиһаздарын “қырық мың атан тарта алмас” деп бейнелейді. Тіпті, жырау ханның елді аузына қаратқан әділ билігі мен ізгі адамгершілік, ақылдылығын, жау қашырған қолбасы, батырлығы мен көреген-білгір көсемдігін, өзгеге үлгі боларлық әділ істерін жинақтап беруге талаптанады. Жырау бұл тұста Абылай хан тұлғасын үлкен шабыт, тебіреніспен толғана жырлайды:

Жиырма беске келгенде,

Бақыт берді басыңа,

Тақыт берді астыңа.

Отыз жасқа келгенде,

Дүниедей кең едің,

Отыз бес жасқа келгенде,

Қара судың бетінде,

Сығылып аққан сең едің.

Қырық жасқа келгенде,

Алтынды тонның жеңі едің.

Қырық беске келгенде,

Жақсы-жаман демедің,

Елу жасқа келгенде,

Үш жүздің баласының

Атының басын бір кезеңге тіредің539.

Алайда, Бұқар жырау Абылай ханның барлық іс-әрекет, ішкі-тысқы саясатын түгелдей қоштап, мақұлдап, бас изей бермеген. Хан үлкен елдік мәні бар ірі саяси мәселелер төңірегіндегі айтылған келелі кеңес, толғамды ақылға көнбеген кезде, ол Абылайдың бүгінгі өмірі мен кешегі қиыншылықты бастан кешкен азапты күндерін әдейі шендестіре, қарама-қарсы қойып толғайды. Мұндай сәттерде жырау оған ешкім батып айта алмайтын ащы да ауыр шындықты бүкпесіз бетке айтып, тартынбай сөйлейді. “Атаң – тексіз құл, анаң – түркіменнің төріндегі күң, өзің жалаң аяқ жар кешкен арқар ұранды жат едің, момын елге келіп бек болдың” дейтін батыл айыптауға дейін барады.

Ел берекесінің ұйтқысы татулық-бірлікте, бейбіт өмірде деп санаған қарт жырау ханға “өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін” ерегіс жанжалдың, қажетсіз қантөгістің орынсыз екенін де батыл ескертіп отырады. Абылай бірде ашу шақырып, көрші отырған орыс мемлекетімен соғысамын деп қаһар төккенде, Бұқар бұған үзілді-кесілді қарсы шығып, ел тағдыры үшін мұның үлкен қателік екенін айтады. Бұдан жыраудың халық тағдыры мен болашағы шешілер қиын кезең, ауыр сәттерде ел мүддесінен табылғанын көреміз. Бұқар жырау бұл батыл ойларын жұрт көзінше бүкпесіз білдіріп, хан қаһарынан тайсалмай сөйлеген. Сөйтіп, ханды сабасына түсіріп, қажетті тұстарда халық атынан қыр көрсете жырлауға дейін барады:

Ашуланба, Абылай!

Ашулансаң, Абылай,

Көтерермін, көнермін,

Көтеріп қазға салармын,

Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма!

Орыспенен соғысып,

Басыңа мұнша көтерген,

Жұртыңа жаулық сағынба!540

Бұқар жырау Абылай бейнесіне әр қырынан келіп, оның шындыққа сай тұлғасын өрнектемек болады. Бұл бағытта туған жырларының бәрі дерлік Абылай ханның сол бір жауапты кезеңдегі әр алуан саяси қызметі мен саналы өмірін оның жас мерзіміне орай кезең-кезеңге бөліп, ой таразысымен екшеп саралау, жинақтап қорыту үлгісінде құрады. Мұның бәрі бір ғана талап – ертеңгі ел болашағы, тәуелсіз, бақытты өмірді орнату мақсатымен терең ұштасып жатады. Осыған орай жыраудың өзге жырларынан оның “Ал, айтамын, айтамын” атты толғауын бөліп атауға болар еді. Бұл шағын ғана туынды (бас-аяғы 31 жол) ішкі қисынды бірлікпен жалғасқан үш бөліктен тұрады. Біріншісінде Абылай мінген жүйрік сәйгүліктің түр-тұлға, сын-сипаты сөз болса, екіншісінде сол атқа лайық оның иесі елдік биік талаптар тұрғысынан сипатталады. Ал, үшінші бөлімі Абылай бейнесін бірыңғай бөліп алып, жеке сомдауға арналған.

Аталған толғаудың сырт құрылысы мен мазмұнынан, бейнелік жүйесінен дәстүлі эпикалық жырлардың әсер-ықпалын көргендей боламыз. Бұл сипат арқылы, әсіресе, жауға мінер жүйріктің әсем тұлғасы мен оның иесінің ел мақсатын ақтауда қайтпас, қайсар ер екенін көрсетсе де, сол “сауырсын кере жараған тостаған көзді торының” үнемі шапқыншылық жаугершілікке емес, қайта бейбіт ел бірлігі мүддесіне қызмет етуін қалайды:

Тостаған көзді торыны

Топ тарқамай мін-сана,

Есіліп кеңес айт-сана,

Айта да айта кетсең жұртыңа

Мұздар да мұздар қатсын мұртыңа541, –

дейді. Жыраудың Абылайдың телісі мен тентегі алдынан тарап жататын алды-арты кең, панашыл-қамқорлығын құба жон шөлдегі саясы мол зәулім бәйтерекке балап сипаттауы да сәтті шыққан дер едік (“Кең Абылай, кең аям, Шұбарағаш, құба жон, мекен еткен шөлде, аям, Телі менен тентегің, Иіліп алдыңа келді, аям”).

Бұқардың сәйгүлік атты бейнелеу тәсілі де назар аударуға тұрарлықтай. Ол осы талабымен де батырлар жырындағы болашақ жорыққа ерекше күтіммен бапталатын тұлпардың мүсінді тұлғасын санамалап сипаттап, көз алдыңа әкелгендей болады:

Құлында емген, тайда емген,

Құнанында арда емген,

Дөненінде үйреткен,

Бестісінде белі күшті болсын деп,

Бес байталға салдырған,

Алтысында аттай мұрнын танытқан,

Жетісінде жетіп құлан шалдырған,

Сегізінде серке сан деп атанған,

Тоғызында тола семірген,

Онында оқ жыландай қарғыған,

Ойнай басқан аяқтым,

Қиғаш қамыс құлақтым,

Саптыаяқтай еріндім,

Сарымсақтай азулым,

Сауырсын кере жараған,

Кекілін қыздай тараған…542

Бұқар Абылайдың “бәйгелі жерде бақ болған” әйгілі батырларын өзіне “тұғыр болған төрт терек” (“Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Ормандай көп Орта жүз, Содан шыққан төрт терек, Тұғыр болған сол еді, сіздей төре сұңқарға”) деп сипаттағанда да, бұларды халық мүддесіне орай бағалап, “қазақтың абырай-арына бар күшін сарп қылған” ел қорғаны – асыл азаматтар тұрғысында жырлайды. Осы аталған батырлар бейнесінің Үмбетей толғауларынан да елеулі орын алып келгені мәлім. Дегенмен, мұнда Бұқар жырлағандай бірыңғай жинақтау түрінде емес, керісінше, солардың әрқайсысының өшпес ерлігін жекелеп айтып, дамыта кейіптеу жағы басым (“Құбыла көшкен байтақтың ордасындай Бөгембай, Темір жұмсап оқ атқан қорғасындай Бөгембай, Қолтығы ала бұғының пәйкесіндей Бөгембай”). Сөйтіп, осының бәрі Абылайға арнау, естірту түрінде айтылғандықтан, авторлар алдына сол батырлардың өшпес ерлігін кеңінен толғайтындай күрделі мақсат та қоя бермеген тәрізді. Сондықтан бұл толғауларды бас-аяғы тұтас, аяқталған жыр іспеттес болып құрылған табиғи ерекшеліктері мен ерлікті асқақ дәріптеуі жағынан әйгілі батырларды топтап жырлайтын желілі дастанға барудың алғашқы адым-бастамасы деуге де болар еді.

Жыраудың болжау толғауларынан бізге әзірше мәлімі – Асан қайғының “Мұнан соң қилы-қилы заман болар” деген біз жоғарыда сөз еткен өлеңінің мәнін шешетін “Ханға жауап айтпасам”, сондай-ақ “Он екі айда жаз келер”, “Абылай ханның қасында” деп аталатын жырлары. Бұл шығармаларының алғашқысында (“Ханға жауап айтпасам”) ол заман, дәуір болашақ туралы түйген ойларын Асан қайғы жұмбағын шешу үстінде де бүкпесіз ашып толғайды. Жыраудың “Абылай ханның қасында” деп аталатын жыры да әлгі ой-түсініктерімен іштей сабақтас. Мұнда ол соғысты ел берекесін кетіретін қырғын, қажетсіз қантөгіс деп, оған қарсы шығып қана қоймай (“Соғыссаң кетер сәніңіз, Жаулық жолын сүймеңіз”), бір кезде Асан қайғы арман еткен “Кісісі жүзге келмей өлмейтін, қойлары екі қабат қоздайтын” жер ырысы – Жиделібайсынға қоныс аудару қажеттігі тұрғысынан қарайды. Ал, “Он екі айда жаз келер” атты толғауында ол тіпті “ғалымдық тонын жамылған” сәлдесі қазандай арамза молдалардың зұлымдықтарын діни қағидаларға сүйене отырып әшкерелемек болады.

Бұқардың шеберлік ұштау, көркемдік ізденістерінің өзі әрқилы, сан алуан. Ол өмірлік құбылыстарды бейнелеуде тұжырымды ойларға мән беріп келгендіктен, аз сөзге көп мағына сыйдыратын айшықты суреттеме, кейіптеулерді мейлінше ұтымды қолданып отырады. Осы ерекшелік мұндағы қанатты теңеулер мен ұшқыр метафоралардың көл-көсір молдығына жол салған (“Бірі етек, бірі жең болған, найзасының ұшы алтын”), “Сен бұзау терісі – шөншіксің, мен өгіз терісі – талыспын”, “Исі жұпар аңқыған, даусы қудай саңқыған”, “Әбжыландай есіліп, бозжорғадай бұлғаңы”, “Әкелі бала жау жүрек, әкесіз бала сұм жүрек”, “Алтын тұғыр үстінде Ақсұңқар құстай түледің”, “Қарсыласқан асылдар қорғасындай балқыған”, “Аспанда жұлдыз аралап, Ай нұрын ұстап мінсе де”, “Дүниедей кең едің, Сығылып аққан сең едің, Алтын тонның жеңі едің”, “Қалайыдан қазық қақтырып, Тоқпағын сом алтыннан соқтырып”, “Кең Абылай кең аям, Мекен еткен шөлде, аям”, “Ағар бұлақ сүтті жұрт”, “Көлдей қамқа төсеніп, Көрікті ханым түскен жұрт”.

Жастық пен кәрілік сипаттарын баяндайтын жырларында да жыраудың осы дәстүрлі тақырыпты өзінше ашуға елеулі үлес қосқанын көреміз. Осыған орай оның “Атам болған жйырма бес” атты толғауындағы көркем бейне жасау жүйесінің түзілімін бөліп атасақ та жеткілікті сияқты.

Осы аталған жырда “Қызықты күнде қыздырған, асуды талқан бұздырған” қайтып келмес кешегі жиырма бес жас “ақырған арыстан, жайнаған қызыл шоққа” сәтін тауып баланса, “заманы бастан кешкен” бүгінгі кәрілік шақ “су құйылып сөнген күлмен” ұтымдылықпен салыстырылады. Жырау жырдың әсерлік күшін әдейі еселеп арттыру үшін, жастық шақтың естен кетпес қызықты кезеңдерін бірыңғай жанды қимыл-қозғалыс арқылы ашуға құрып отырса (“Қызды ауылды көргенде, Бұлаңдатқан жиырма бес”), қызу-қуаты әлсіреген кәрілікті, керісінше, томаға-тұйық тоқырау, дәрменсіздік күйде шебер бейнелей алған (“Кәрілік шіркін не қылмас, Айтып-айтпай немене, Мезгіліміз өткен соң, Жайнап тұрған қызыл шоқ, Су құйылып өшкен соң, Жайнап жүрген заманым, басымнан бүйтіп көшкен соң”). Осының өзінен-ақ жыраудың кезінде сөз өнерін еркін игерген зергер суретші болғанын көру қиын емес.

Ал, “Күпшек санды күреңді” деп басталатын толғауынан жыраудың жалпы әдемілік, әсемдік туралы ой-түсінігі мен эстетикалық талап-талғамы да айқын аңғарылады. Жыр бастан-аяқ айтылар ойға орай келісті өрнек, айшықты суреттемелермен көмкеріліп отырады. Бұдан тек жыраудың ғана емес, сол кездегі жұрттың көркемдік, әдемілік туралы түйген ұғымы мен ой дәрежесін де байқаймыз:

Еңсесі биік боз орда

Салтанатқа орнатқан.

Болаттан шеге соқтырып,

Шаңырағын торлатқан…

Қазығын қалайыдан қақтырып,

Тоқпағын сом алтыннан соқтырып,

Нықыра күміс шаптырып,

Былғары саба пістіріп,

Шыны аяқпен іштірген.

Орындығын оймыштап,

Ою нақыш салдырған,

Сандығын сары алтынға малдырған…30

Бұқар өзіне дейінгі қалыпты жырдың сыртқы түзілім-құрылысына айтарлықтай жаңалық енгізе қоймаса да, оның дәуір талабына сай мазмұндық, көркемдік жағынан жетіліп, кемелденуіне үлкен үлес қосты. Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалгез, Жиембет, т.б. толғауларында орныққан тақырып пен мазмұнды жырау өз туындыларында жаңа бір қырынан ашып сипаттайды. Бұдан Бұқар тұсындағы жыраулық толғаудың әлеуметтік мәні мен көркемдік сапасының ұшталып, өмір құбылыстарын даралау, адам бейнелерін жасауы жағынан толыса кемелденгенін көреміз.

Бұқар толғауларының өзіндік белгілеріне келгенде, біз, ең алдымен, олардың түрі мен мазмұнының терең астасып отыратынын айтуға тиіспіз. Жырау ырғақ пен бунақ, тұрақты ұйқастың бірлік-шарттылығын көбінесе айтылар ойдың мазмұнына бағындырып отырады. Осыған орай бұлардағы ішкі логикалық байланыс-тұтастықты Бұқар шығармашылығының басты сипат-ерекшеліктері деп айта аламыз.

Бұқар негіздеген осындай белгі-қасиеттерді, кейбір белгі-нышандарды өзінен бұрынғы Асан қайғы, Қазтуған, Шәлгез, Жиембет, Ақтамберді толғауларынан да, өзінен кейінгі Шал, Көтеш, Махамбет тәрізді ақындардың өлең-жырларынан да аңғару қиын емес.

Жыраудың өмірге көзқарасын белгілеп, ел болашағы туралы айтқан бір алуан жырлары (“Абылай ханның қасында”, “Ханға жауап айтпасам”) өзіне дейінгі Асан қайғы толғауларымен өзара үндесіп отырады. Бұл, әрине, сол тұстағы тарихи-әлеуметтік оқиғалардың көрінісі ретінде туған еді. Бүкіл халық, ел тағдыры шешілгелі тұрған жауапты кезеңде туған бұл жырлардың бір-бірімен іштей үндесіп, жалғасып отыруы да осыдан.

Рас, ақындық поэзияның өз тақырыбы мен бағыт-бағдары бар. Бұларда, М.Әуезов айтқандай, жыраулық поэзияда көп ұшыраса бермейтін кіші-гірім жеке құбылыстар мен адамның көңіл-күй, ой-сезімдерін бейнелеуге басты назар аударылады. Сондай-ақ, ақындық поэзияның жыраулардағы секілді дәстүрлі ақыл-насихат, дидактикаға бой ұратыны да бар. Алайда, бұларда әлеуметтік үлкен түйіндеу, өмірлік ірі қорытындылар жасауға көп мән берілмейді. Бұл – суырып салма дәстүрінде туып, кең өріс алған екі саланың бірлігі мен айырмашылығын да ашып белгілейді. Сөйтіп, Бұқар шығармалары арқылы өзінің кемелдену кезеңіне көтерілген жыраулық поэзия ақындық өлең-жырлармен ұштаса дами отырып, Абай негізін қалаған жаңа сипатты жазба әдебиеттің туып қалыптасуына да айтарлықтай үлес қосты.

Ендігі бір-екі ауыз сөз Бұқар жыраудың көріпкел, сәуегейлігін баяндайтын аңыз, әңгімелер туралы. Ақын әрі фольклор үлгісін көп жинаған М.Ж.Көпеев Бұқар жырау жөнінде: “Замандағы сыншылар ол кісіні “Көмекей әулие” дейді екен. Көмекейі бүлкілдеп сөйлейді де отырады екен… Абылай хан бір жаққа аттанарда Бұқарекеңді алдырып: “Айдың, күннің сәтін сұрайды екен, сәуе көріп бер”, – дейді екен. Сонда Бұқарекең: “Сары бура (Абылайдың аңызға айналған сүйікті бурасы. – М.Ж) келіп, туыңның түбіне тұрып, пәлен жаққа қарай шабынды”, – дейді екен. Сол айтқан жағына бет алып аттанса, шауып, жаншып алып келеді екен. Егер Сары бура келіп туыңның түбіне шөгіп, мойнын салып жатып алды десе, аттанбайды екен”31 – деп жазады.

Бұқардың алдын болжап айтқыш сәуегейлік сөздерін кезінде Ш.Уәлиханов та атап көрсетіп, өзінің “ХҮІІІ ғасырдағы батырлар туралы тарихи әңгімелер” атты еңбегінде жыраудың көрегендігін келелі сөз ететіні бар. Бірде Абылай хан тапсырмасымен алдын барлап, болжау үшін екі бөлініп кеткен Қарабұжыр Қанжығалы Жантай мен Қанжығалы Бөгембай батырлардың уақытылы оралмай кешігуінен қауіптенген хан Бұқардан: “Менің жігіттеріме не болды екен, оралмауына не себеп?” – деп сұрапты. Сонда жырау: “Жанатай Талқын арқылы барады, ал Бөгембай Құлжан батыр секілді қиыннан жол тауып өтеді. Ал енді, Хан Баба болса көп ұзамай қайтып келер… Жанатай бұзып-жарып өтіп, ұлысын олжалайды. Жанатай әкелген аққұба қызды Абылай сұлтан алады”, – депті.

Дәл осындай болжалды керек ететін бір әңгіме Абылай хан алдында қалмақты қалай шабу туралы болса керек. Қанжығалы Бөгембай батыр Тарбағатайды асып, Үржар, Еміл бойындағы торғауытты алдымен шабуды ұсынып: “Бергі шеттегі Ласты-Шорғадағы қалмақтарға тиіспейік, өзгелері есітіп, дайындық жасап үлгереді” – дегенде, Қаракерей Қабанбай батыр: “Алыстағы жауға барсақ, ат ариды, азық таусылады, әскер шаршайды, ең алдымен, берідегі Ласты-Шорғадағы қалмақтарды алған жөн”, – депті. Абылай осының билігін Бұқарға айт дегенде, ол әйгілі:

Сен Қанжығалы Бөгембай,

Тоқымың кеппес ұры едің,

Түн қатып және жүр едің.

Қабанбайдан бұрын найзаңды

Қашан сен жауға тіредің?!32

дейтін жырын суырып салып айтыпты. Сөйтіп, Қабанбай батырдың ұсынысын қолдап, сол жолы шығын болса да, көп олжалы оралса керек.

Бұқардың көріпкелдік қасиетінің тағы бір көрінісі оның Абылай ханның түсін жоруына байланысты айтқан сәуегейлігінен аңғарылады. Абылай хан Самарқанға барып, қаланы қамауға алып жатқанда, Бұқарға “бүгін сәуе көріп бер” депті. Бұқар тұрып, “мен де қарап жатпан, хансың ғой, өзің де болжай жатқайсың” десе керек. Ертеңіне жырау ханға көрісуге келгенде, ол “не көрдің” депті. Сонда Бұқар “дәнеме көрмегенсіп маған не көрдің дегенше, өз көргеніңді айт!” депті. Хан сонда көрген түсін былайша баяндапты: “Түсімде бір жолбарыс келіп, шатырымның алдына шөгіп, мойнын салып жатып алды. Бұл не қылғаны деп қарап едім, әлгі жолбарыс дегенім аю болды, жап-жақсы жолбарыс еді ғой, аю болғаны несі деп қарап едім, ит-құс болды, одан кейін түлкі болды. Одан кейін қарсақ па, қоян ба, әлденеме болды. Оянып кеттім, көргенім осы”, – депті. Бұқар: “Олай болса, шатырыңның алдына келіп шөккен жолбарыс өзіңнің бақталайың. Сен өзің бір жолбарыс едің. Оның шөгіп басын көтере алмай жатып алғаны – жетіп жығылған жерің осы болғаны. Енді бақ-талайың көтерілмейді. “Баяғыдан бері жүріп-жүріп есіл Абылай сарттан өліпті” дегізбей, осы жерден аман-есеніңді қайта ғой” дей келіп, түстің қалғанын жорып: “Енді қарасаң аю болғаны – өзіңнен соңғы заман аюша алысып өтетұғын заман болады. Онан ит-құс болғаны ит, құсша жұмысын өтейтұғын заман болады. Онан түлкі болғаны – түлкіше бұлаңдап жүріп күнелтетін заман болады. Онан қоян болғаны – қоянша кебектен кебекке қорғалап жан сақтайтын заман болады. Мен көрген-білгенімді айтсам, күннің көзі, жердің жүзіндегі әулиелер “Абылай өледі, соның жаназасына Түркістанға бара жатырмыз деп, жындай жиылып, құмдай құйылып жүр. Қайтқаннан басқа жабдық жоқ”33, – депті. Сол жолы Арыс бойындағы өзі қолдан қойған әкімдері жасағымен қарсы шығып жолын бөгепті, хан батырларын таратып жібергеніне өкініпті. Ақыры хан сол қорғанда жұма күні қайтыс болыпты деседі. Бұқар жыраудың бұл жолғы айтқан сәуесі де қолмен ұстатқандай дәл келіпті. Бұл әңгімеден Абылай хан

Бұқардан бұрын қайтыс болды деген сөздің дұрыстығы ашылып дәлелденеді. Бұқар – өзі өмір сүрген дәуірдің болмыс-шындығын көркем бейнелеп, артына елеулі әдеби мұра қалдырған жырау. Ең алғаш ол ауыз әдебиетіндік үлгілерден бастау алса да, дәуір талабына орай әлеуметтік мазмұн мен көркемдік сапаларды игерген жыраулық поэзия Бұқар шығармалары арқылы жаңа белеске көтеріліп, әдебиетіміздің байып, марқая түсуіне жол салды.

32 Бұқар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары / Құрастырған М.Жармұхамедұлы. Алматы, 1992. 76-б.

33 Бұқар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары. 78-79-бб.

Тәтіқара ақын

ХVІІІ ғасырда жасаған қазақ ақын-жазушыларының ішіндегі ең мәшһүрлерінің бірі – Тәтіқара. Халық әдебиеті қазыналарын жазбай танитын ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов кезінде Тәтіқара жырларына назар аударып, «ХVІІІ ғасырдағы батырлар туралы тарихи аңыздар» атты зерттеуінде ақынның бір өлеңінің жолма-жол тәржімасын да жасаған болатын.

ХVІІІ ғасыр әдебиеті жайында сөзді қараның аты аталмай қалмайды. Жұртшылық санасындағы Тәтіқара – қазақ халқының тарихындағы қиын кезеңдердің біріндегі сырт жауларға қарсы күрестің ұраншысы, өз отандастарын басқыншылармен қайтпай ұрысуға шақырушы жауынгер ақын, жортуыл кернейшісі.

Алайда тәтіқараның қолда бар шығармалары ақынның дабырлы атын ақтай алмайды: олардың көлемі тым аз, көркемдік дәрежесі де айтарлықтай жоғары өреде емес.

Тәтіқараның сүйегі – Сарыкөл маңындағы уақтан, уақ ішінде Қалмақ деген атадан. Ақынның туып-өскен жері – қазіргі Қостанай облысының Сарыкөл ауданының аумағы. Алайда ақынның саналы өмірі түгелдей дерлік Абылай ханның төңірегінде өткен сияқты. Ел аузындағы сөздерге қарағанда, Абылай хан жаугершілікке аттанғанда Тәтіқараны қасына тастамайды екен. Оның суырып салма ақындығын, турашылдығын, сонымен қатар жаудан қайтпайтын батырлығын қатты бағалайды екен.

Абылай ханның сүйікті ақыны болғанына қарамастан, Тәтіқара өмір бойы жоқшылық тақсіретінен құтыла алмаған тәрізді. ХVІІІ ғасырдың орта шенінде қазақ халқының басынан өткен ұрыс-соғыстарға қатардағы жауынгер ретінде қатысқан Тәтіқара көне заман батырлары, олардың ел қорғаудағы ерлік істері туралы, жұрттың рухын көтеретін үлкенді-кішілі жырлар айтумен қатар, өз жанынан күнделікті әскери өмірге қатысты, жауынгерлерді қиындықтарға мойымауға, ерлікке, күреске үндеген өлеңдер шығарып отырған. Бұл елгезектік өз кезінде Тәтіқара шығармаларының халық арасына кең таралуына жол ашады. Тәтіқара, әсіресе, 1756 жылы қазақ жерінің шегіне кірген Цин басқыншыларына қарсы күрес күндерінде туған өлеңдері арқылы мәшһүр болады. Біздің заманымызға қарбалас шақтарда, от –жалында туған Тәтіқара импровизацияларының кейбір жұқаналары ғана жетті.

Әрине, кез келген ақын жортуыл жыршысы бола алмайды. Аумалы-төкпелі заманда жорықтағы жауынгерлер арасында жүрген ақынның басы жау найзасына шаншылып кетуі де мүмкін. Сол себепті бұл ретте ақындық қана емес, жүрек те керек. Ақын қаруы көбіне өзге жұртпен бірдей – шашақты найза; домбыра – жаугершілік арасындағы тыныштық сәттерде, сарбаздар қонаға не дамылдауға тоқтай қалған кездерде ғана қолға алынады; ал кейде қарбалас сәттің өзінде-ақ, жауынгерлер қатары бұзылып, еңсесі түскенде олардың рухын көтеру үшін, жігерлендіру үшін ақынның дауыс көтеруі қажет болып қалады. Тәтіқараның бізге жеткен шығармалары осындай реттерде айтылған.

Бірде Абылай ханның жортуылда жолы болмапты. Өкшелеген жаудан құтылуға айналғанда алдыдан өткен бермес тасыған өзен кездеседі. Жұрт ұйлығып қалыпты. Бәріне де харап болу қаупі төнеді. Сонда Тәтіқара суырылып шығып:

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек шақшақұлы болат найза.

Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,

Ер жігіттің ерлігі осындайда.

Бөкейді айт Сағыр менен дулаттағы,

Дәріпсәлі,Маңдайды айт қыпшақтағы,

Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын

Сары менен Баянды айт уақтағы.

Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,

Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт,

Найзасының ұшына жау мінгізген

Еменалы керейде ер Жабайды айт543, –

дегенде, аты аталған батырлар ақынның соңынан тасып жатқан өзенге түсе бастапты. Бұлардың артынан қалың қол да еріп, судан аман өтіпті.

Тәтіқараның Шоқан тәржімалаған жыры да осындай жағдайда айтылған. Абылай бастаған қазақтар саны көп, күші басым қытай әскерлерімен табан тіреп ұрыса алмай, шегінуге мәжбүр болады. Жауынгерлердің еңсесі түсіп кеткенін көрген Тәтіқара бір жағы күйінішпен, бір жағынан жұрттың рухын көтеру үшін табан астында суырып салып, жырлап қоя береді.

Шоқан аудармасын толық келтірейік:

«Бежавшие китайцы снова начали движение, натянулась тетива из куланьева хребта. Крепкореберный и широкожелудочный Аблай, перенеси это одно дельцо. У врага – китайца клячи как копчики изловчились; нет, хан Аблай не бежал, не хорошее слово «бежал», – он двигался только косо. Басентинец Серымбет, стрел бросая, бился. Не ищи ума при бегстве! Нет хладнокровия при торопливости! Баян Уаковцев, да мы и это видели! Когда он поворачиваясь назад, копьем работал»544.

Осының қарсаңында ғана ойрат империясын оп-оңай бағындырып алған қөытайлар екі рет ұырысып, екеуінде де жеңіліске ұшырайды.

Яғни Тәтіқара шығармасы 1756 жылы туған. Бұл – ақынның өмір сүрген уақытын дәлірек білуде үлкен мәні бар дерек.

Айтылмыш жырдың түпнұсқасы біздің заманымызға жекелеген үзінділер түрінде жеткен:

Кебеже қарын, кең құрсақ

Артық туған Абылай

Көтере көр бұл істі:

Көп қытайдың жылқысы

Тұрымтайдай құнысты,

Жау жағадан алғанда,

Ит етектен алғанда,

Ер Абылай қорыққан жоқ,

Әшейін еңкейе бере жылысты.

Бәсентиін Олжабай

Оны да мен ер көрдім,

Оқ жіберіп ұрысты545.

Жырдың тағы бір үзігін Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларының арасынан ұшыратамыз. Онда өлеңнің кімдікі екені айтылмаған:

Ақыл қалмас қашқанда,

Дегбір қалмас сасқанда,

Баяндай ерді көрмессің

Бұрылып жауды шанышқанда546.

Бұл үзінді Тәтіқара өлеңінен алынғандығы екені даусыз. Шоқан еңбегінде келтірілген аударманың Баян батырға берген сипаттамасы осы шумаққа дәлме-дәл сәйкес келеді.

Тәтіқара «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген көне мақалдың жөнімен реті келгенде тартынбайтын, әділдікті айтқан турашыл, бетті ақын болған. Бұғанмысал ретінде ел аузында қалған мына бір әңгімені келтірейік.

Қалмаққа жорыққа аттанған батырларға еріп Абылайдың тұңғыш ұлы бала жігіт Жанбай да да кеткен екен, сол сапарда қаза тауыпты. Баласының өлімі жанына батқан хан бас көтермей жатып алады.

Жаугершілік заманда өлім, қаза – әдепкі құбылыс. Ол таңдап, талғап алмайды, жалпыға бірдей. Сол жорықта жалғыз Абылайдың ұлы ғана өлген жоқ, талай жас қыршынынан қиылды, сол себепті ел билеп отырған әмірші тек өз қара басының ғана қайғы-зарын шегуі – кейбір шонжарлардың да, жұрттың да қытығына тиеді. Сол көптің атынан тәтіқара сөйлейді. Абылайдың кеше ғана «Түркістаннан келген ұл» екендігін, оны осы жұрттың өзі хан көтергендігін айта келіп ақын:

Үш жүздің баласы

Ақылдасып, жолдасып,

Хан көтеріп еді, –

Үш жүздің баласын

Бір баласындай көрмеді,

Ат құйрығын сүзіңдер,

Аллалап атқа мініңдер,

Хан талау алыңдар547, –

дейді.

Мұндағы бір назар аударарлық жай – үнемі хан қасында болған Тәтіқараның бұл жолы оған қарсы партияны жақтауы. Әрине, жоғарыдағы сөздерді айтқызған ақынның батылдығы ғана емес, – артында «тәңірісі» тұр. Алайда осының өзі-ақ Тәтіқараның үнемі тура басуға тырысып отырған адам екендігін айғағы іспеттес.

Тәтіқараға қатысты бізге бедгілі мәліметтер осындай. Әрине, импровизатор ақын туғызған жырлардың дені сақталмаған. Бұл – жалғыз тәтіқараның емес, қазақтың өткендегі талай талантты ақынының трагедиясы.

Тәтіқараның біздің дәуірімізге жеткен шығармалары, жоғарыда да айттық, оның үлкен сөз зергері болғандығын көрсетпейді. Бұл тұрғыдан алғанда, тәтіқара – қарабайыр көп ақынның бірі. Алайда Тәтіқара шығармалары өзінің қарбалас шақтарда, от-жалында туғандығымен, тәуелсіздік жолындағы күрестің қиын кезеңінде жұрттың рухын көтерген, елге жігер берген ұран іспеттес болғандығымен құнды. Бұл тұрғыдан алғанда тәтіқара жырлары, – жоғалғандары да, біздің заманымызға жеткендері де, – өз міндетін атқарды деп айта аламыз.

Би-шешендер шығармашылығы

Шешендік сөздер қашанда әрбір халықтың күнкөріс-кәсібі мен тұрмыс-салтына, дүниеге деген көзқарас-танымы мен тілек мұраттарына, эстетикалық талғамына сәйкес туып қалыптасады. Бұлар заман, дәуір талабына орай ғасырлар бойы сан түрлі өзгерістерге ұшырап отырған. Солардан жұрт жүрегіне ұялағандары ғана сақталып бізге жеткен. Бұл ұзақ дәуірлер бойындағы өмірлік тәжірибе мен білімнің, ой-толғамның жиынтығы, қара қылды қақ жарған әділдіктің, шындықтың жаршысы болып келген жанр.

Қазақ елінде шешендік өнердің қалыптасқан, өзге халықтарда кездесе бермейтін дәстүрлі өз мектебі болған. Алғырлық пен тапқырлыққа бейімі зор жастар ең алғаш үй іші, ауыл көлеміндегі би-шешендердің төреліктерінен үлгі алып жетіледі. Тіпті, әкесі не атасы би болған отбасыларда билікке араласу тәсілдерін көріп-біліп өседі. Сондай талапты жастар ата-анасының айтуымен сол төңірекке аты жайылған танымал билерден ақыл-кеңес сұрап, бата алуға барады. Осы алғашқы сапарда-ақ бұлар сұрақ-жауап түрінде келетін әңгімелерде өзінің сол өнерге деген ықлас-бейімін, қабілет-дарынын тынытып, реті келген тұста сөз жарыстырып та көреді. Білікті би-шешендердің айтқан ақылына құлақ салып, тәжірибе жинақтайды. Шындық пен әділдікке жетудің сан шиырлы жолдарын іздестіреді. Қарт ұстаздар көбіне-көп бұқара мүддесін қорғауды мақсат қылып, әділдік жағынан табылуды өсиет етеді.

Қазақ елінің дәстүрінде дер кезінде тауып айтылған тапқырлық пен аталы сөзге қарсы уәж айтылмаған. Сондықтан би-шешендер мен айтыс ақындары уәж не сөз таба алмағандықтан жеңілмейді, аталы сөзге арсыздықпен жауап беруге батылы бармай тосылады. Осы талаптарға орай шешендерге де, айтыс ақындарына да ел өмірінің әр алуан тарихы мен жай-жағдайларын толық білмей жауапты биліктер мен дүбірлі айтыстарға бел шешіп кірісуге болмайтыны мәлім. Соның нәтижесінде бұл өнерді киелі деп санап, оның болашағына үлкен сеніммен қараған. “Өнер алды қызыл тіл”, “Сөз тапқанға қолқа жоқ”, “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген қанатты сөздер осы ойымыздың айқын куәсіндей.

Шешендік сөздің ел өміріндегі орны мен мәні ерекше болған. Ауыл арасындағы кішігірім дау-жанжалдан бастап, ел ішіндегі жер дауы, жесір дауы, тіпті барымта, адам өлімі мен құн дауларын білікті билер шешіп отырған. Екі жақтың даугер билері не бір күрделі, шиеленіскен, шешуі қиын істерді, ердің құнын екі ауыз сөзбен бітістіретін де болған. Мұның кейбіреулері “Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы”, Тәуке ханның “Жеті жарғысы” секілді заң жинақтары бойынша шешіліп келген.

Қазақ тұрмысында дау-шарға айтылатын билік қарсылас екі жақтың шығарған билерінің оңаша сөйлесуі мен келісуінің арқасында іске асып отырған. Бұлар көбінесе жас сұрасып, жасы үлкені билік айтуды мойнына алатын болған. Егер бұлай болмаса, екеуінің өзара уәждесуі кезінде сөзден тосылғаны әріптесіне жол берген. Бұл жерде тапқырлық пен алғырлық, ұтқырлық қасиет басым түсіп отырған. Билер шиеленісті даудың тобықтай түйінін табуға талаптанып, кейде екеуіне ғана түсінікті меңзеу, жұмбақ, ыммен сөйлесуді де жоққа шығармаған. Екі би өз ара келіскен жағдайда, қарсыласы қандай билік айтса да, екінші би толық құптайтын болған. Қазақтың шешендік сөздері бірыңғай ауыз екі айтылып, суырып салма тәсілімен айтылып келген. Бұған тұрақты баспасы мен кітабы жоқ көшпелі өмір себеп болған, сөйтіп, бүкіл шығармашылықтың ауыр салмағы ауызекі айту, еске сақтау, тәжірибесіне бейімделген. Ал, ескі грек, рим елдерінде бұл өнер ауызекі айтылуымен де, жазбаша түрде де кең таралған. Рас, біздегідей негізгі салмақ ауызекі айтуға түскен тұста ойдың ұтқырлығы мен нысанаға дөп тиетін дәлдігіне, уәжді қисын, айшықтылығына мән беретіні бар, кей тұстарда “қалауын тауып қар жандырып” өз пайдасын арттырып кететін тәжірибе де кездеседі.

Шешендік сөздер бізде белгілі бір жеке кісілердің атымен байланысты туып айтылады. Бұлардың қажеттілері ғана халық жүрегіне ұялап, сол шығарушы адамның атымен айтылып жүреді. Уақыт оза келе аузы әдебиетіне тән солардың кейбіреулері ұмытылып, кейінгі бір бидің атына таңылуы да ғажап емес. Мұның бәрін жүйелеп реттеуші де, жаңартып жаңғыртушы да халық, халық өкілдері. Көне дәуірлердегі шешендік сөздер туралы айтқанда, біз, ең алдымен, Жиренше мен Қарашаш, Алдар көсе, Қожа Насыр әпенді жөніндегі әңгімелерді есте тұтамыз. Өнегелі сөз, үлгілі өнер дегенде, соның алғашқы бұлақ-бастауында тұрған ұлы жүз Майқы биді алдымен атаймыз.

Шешендік сөздер әдебиетімізде жеке түр болып ерте кездерден-ақ қалыптасса да, бұлар кейде өзге өзектес жанрлармен де аралас келетіні бар. Мәселен, ертегілеріміздегі Тазша бала мен Аяз би әңгімелері соның айқын дәлелі бола алады. Мұндай сипатты тұрмыс-салт жырлары мен батырлар жырынан да, лиро-эпос пен жыраулық поэзиядан да, айтыс өлеңдерінен де көптеп ұшыратамыз. Кейінгі би-шешендердің ел бірлігі мен азаттық үшін күрес мақсатындағы айтқан тапқырлық сөздері ұлы жүз Төле, орта жүз Қаздауысты Қазыбек, кіші жүз Әйтеке билердің атымен байланысты айтылады. Сондай-ақ Досбол, Балаби, Сырым, Байдалы, Асаубай тақпақ, Бөлтірік, Мөңке, Саққұлақ, Ерден, Ақтайлақ, Шоң тәрізді даналардың пәлсапалық толғамдары мен шешімдерінің өзі сан салалы.

Шешендік сөздерді өзінің құрылысы мен табиғи сипаты жағынан жіктестіргенде, оларды шартты түрде үш топқа бөлуге болар еді: 1. Шешендік дау. 2. Шешендік арнау. 3. Шешендік толғау.

Шешендік сөздердің өнімді бір саласы – мақал, мәтелдер. Бұлар ең әуелде би-шешендердің, ақын, жыраулардың өмір құбылыс, адамдар арасындағы қарым-қатынас, жақсы мен жаман туралы әр кезде жинақтап айтқан ой-толғам, бағаларынан тұратын болған. Олар айтыла келе табиғат пен адам өміріндегі көріністерді бағамдап, айтылуы оңай әрі түсінікті болу үшін, ұйқастырылып мақал, мәтелге айтылуы оңай әрі түсінікті болу үшін, ұйқастырылып мақал, мәтелге айналатын болған. Сөйтіп, үлкен бір құбылыстың заңдылықтары сығымдалып аз жолдарға жинақталады, ойдың алтын қазығына айналады.

Шешендік сөздер бірыңғай қара сөз күйінде ұшырасып отырса да, ара-тұра ұйқасты нақыл, тақпақ түрінде де келеді. Ал, енді, сол қара сөздің өзі кейде іштей ұйқасып өлең секілді төгіліп отырады. Осы белгілер шешендік сөз бен ақындық өнердің бір-біріне тонның ішкі бауындай жақындығын аңғартса керек.

Шешендік сөздердің кейбір үлгілері бүгінгі ақын, жазушылардың көркем шығармаларынан тыс, очерк, эсселерінен де ұшырасады. Мұның не көп, не аз болуы табиғи талант пен еңбекке байланысты екені де сөзсіз.

Аталған жанрдың жеке сала ретінде зерттелуі кейінгі жылдар үлесіне тиеді. Бұл тұста әйгілі ғалымдар А.Байтұрсынов пен М.Әуезовтің еңбектері ерекше. Осы салада Ә.Мәметова, Б.Адамбаев секілді зерттеушілер елеулі үлес қосты. Жинап жариялау ісіне Ы.Алтынсарин, В.В.Радлов, А.Васильев, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев, Ө.Тұрманжанов, Н.Төреқұлов, М.Әлімбаев көп еңбек етті.

Елімізде қалыптасқан шешендік сөздердің басқа да қайталанбас өзіндік ерекшеліктері де мол. Бұлар ат жалы, түйе қомында дегендей көшпелі өмірдің талап-тілектеріне сәйкес ауызекі, суырып салма дәстүрінде туған мұралар. Сол себепті бұл өнердің иелері тыңдаушылары мен жүгінушілеріне аталы да көркем сөз арқылы әсер етіп, бұлары ауыз әдебиеті шығармалары болып табылса да, өзінің мазмұны, құрылысы жағынан әдет-ғұрып, салт-сананы орындау, шешімді бітім айтуы жағынан заңға жақын тұрады. Сол шешендік сөздердің өнімді бір саласы – шешендік даулар: жер дауы, жесір дауы, мал дауы, ар дауы, құн дауы болып беске бөлінеді. Бұлар жөнінде кейінірек жеке тараулар берілетін болғандықтан, осы тұста шешендік даудың табиғаты мен белгі-сипаттары туралы аз ғана шолу жасауды қажет санадық.

Қазақ елі жағдайында дауласқан екі кісі сол төңіректегі өздері қалаған белгілі бір биге келіп жүгінуге хақылы. Істің мән-жайын кезек тыңдап болған соң, әлгі би өз шешімін айтып бітістіреді. Егер біреуі бұл билікке қанағаттанбаса, екінші бір әділ деген биге барып төрелікке отыра алады. Сөйтіп, мәселе қашан өз шешімін толық тапқанға дейін қайталана беруі мүмкін. Бұл – биліктің демократиялық сипатын танытса, екіншіден, бітіспеген билік алғашқы билерге де үлкен сын. Мұның арты сол бидің ел ішіндегі абырой-атағына нұқсан келтіретіні де сөзсіз. Ал енді әділ айтылған билікке (ол әдейі бұрып айтылған әділетсіз билік болмаса) тоқтамаған да жақсы атақ алып келмейді. Сондықтан даудың үлкені де, кішісі де қай жаққа болса да жауапкершілік жүктейді. Бұған билік айтушы да, жүгінушілер де қалай болса солай қарай алмайды. Әділдіктен ауытқыған бір биліктің өзі оның айтушысының болашақ биліктеріне тікелей әсер ететіні болған. Осыдан барып шындыққа құрылған әділ биліктерді халық аңыз қылып ел ішінде кең таратып отырған. Барынша әділ, қара қылды қақ жарған биліктердің осындай демократиялық сипатын ірі ғалымымыз Ш.Уәлиханов өте жоғары бағалап, мұның мәдениеті өркендеген елдердің өзінде ұшыраса бермейтінін атап көрсеткен еді.

Шешендік арнаулар адамдар арасындағы әр алуан қарым-қатынасты, сын-баға, байламдарын білдіреді. Бұлардың басты ерекшелігі кімнің кімге, қандай жағдайда айтқаны нақты көрініс тауып отырады. Осы сипаттарына сәйкес кейде пернелеу, әжуа-мысқыл, сын-сықақ та аралас келеді. Осының келісті бір үлгісі арғын Наурызбай би мен қыпшақ Моғал бидің арасында болса керек. Наурызбай би Моғал биді ерекше құрметпен қонақ етіп күтіпті, жүрер алдында оған көңілі тола қоймаған Моғал бұлай депті:

Ілімің бар екен,

Білімің әлде қалай?

Қағуың бар екен,

Халқыңа жағуың әлде қалай?

Айлаң бар екен,

Халқыңа пайдаң әлде қалай?

Жорғалығың бар екен,

Халқыңа қорғандығың әлде қалай?

Заттығың бар екен, жарқыным,

Халқыңа қымбаттығың әлде қалай?

Билердің сын-сарап, бағаларында кісінің бет-бейнесіндегі кеміс-міндер де, кейбір оғаш көрінетін іс-әрекеттері де келелі сөз болады. Бірде Орынбордағы оқуын аяқтап, аға сұлтандық атақ алып келе жатқан Нұралы ханның баласы Қаратай кіші жүз елін аралап жүріп, Атақозы биге жолығып қалыпты. Атақозы арық, қатпа кісі екен, осыны мін санаған Қаратай оған: “Әй, Атақозы, ойда қалмақтың, қырда қазақтың малып қоймасаң да, алғаның бойыңа жұқпаған екен” – депті. Сонда Атақозы табан астында:

Өлеңді жерде өгіз семіреді,

Өлімді жерде молда семіреді,

Қаралы үйде қатын семіреді,

Қамсыз елде хан семіреді,

Қайтсем топтан торай шалдырмаймын деп,

Қазақтың бір тайын дұшпанға алдырмаймын деп,

Бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанамын,

Мен арық болмай, кім арық болады? –

дегенде, Қаратай жұмған аузын аша алмай қалыпты.

Шешендік толғауларда қоршаған табиғат пен адам өмірі, қоғамдық-әлеуметтік тұрмыстың сын-сипаттары, жақсылық пен жамандық, адамгершілік көріністері шендестіріліп, терең мағыналы жинақтаулар жасалады. Бұлардың көбі дерлік мақал-мәтел, қанатты сөзге айналады. Бұған солардағы өмірлік тәжірибені қорыту арқылы жасалған пәлсапалық толғаулардың жиілігі игі әсер еткені байқалады. Осының жарқын дәлелі ретінде Ақтайлақ шешен мен Қанай шешеннің сұрақ-жауап түріндегі мына бір әңгімесін атай аламыз. Ақтайлақ Қанайдан ер басындағы бақыт нешеу, құлазу нешеу, кемдік нешеу деген сауал береді. Сонда Қанай би:

Астындағы атың жүрдек болса,

Жалғанның пырағы.

Алғаның жақсы болса,

Үй мен қонақтың тұрағы.

Әкең – асқар тау,

Шешең қайнар бұлақ.

Балаң жақсы болса,

Екі көздің шам-шырағы,

Міне, бес бақыт осы.

Қалың ел көшсе,

Көл құлазиды.

Қаптаған мал кетсе,

Бел құлазиды.

Нарқын танымаған

Сөз құлазиды.

Қатарынан айрылған

Шал құлазиды.

Міне, төрт құлазу осы.

Атың шабан болса,

Жалғанның азабы.

Алғаның жаман болса,

Дүниенің тозағы,

Балаң жаман болса,

Көрінгеннің мазағы,

Міне, үш кемдік осы! –

деп сұрағын шешкен екен.

Шешендік сөздердегі бір күрделі мәселе билердің дау-таласқа деген ішкі дайындығы дер едік. Шаршы топты қақ жарып көп алдында сөз бастаудың қиындығын не бір тәжірибелі, талай сындардан мүдірмей өткен билердің өздері де мойындаған. Бұған сол даудың қалай басталып, немен тынатынының белгісіздігі де себеп болса керек. Мұндағы түйін: қарсыласына уәж айтып, оның дәлелдерін жоққа шығару ғана емес, істің мәні қай шындықты қалай бастап, немен бітіруде, өз пайдасына иіп әкелуде дер едік. Мұнда да күреске түскен палуандар, айтысқа түскен ақындар секілді ойдың орамын тауып, қарсылас даугердің алдын орап, бұлтартпастай етіп матап, шырман тастау қажеттігі туады. Соған алып баратын төте жол, уәжді қисын қайда, сөз бастаушы ә дегеннен соны іздейді, соған бастайтын амалды қарастырады. Бұл, әрине, екі жақтың биін де ойландыратын күрделі жәйт. Осы қиын жұмбақты екі жақтың биі де алдын-ала жобалап іштей шешуге ұмтылады, қай жерден қандай қақпан құруға болатынын да қарастырады. Дәл осы мәселені шешендердің күн ілгері шешуі де қиын, сол себепті олар осыған орай:

Көш бастау қиын емес,

Қонатын жерде су бар.

Қол бастау қиын емес,

Шабатын жерде жау бар.

Шаршы топта сөз бастау қиын, –

Шешуін таппас дау бар.

Тауып айтсаң мереке қылады,

Таппай айтсаң келеке қылады –

дейді.

Сонымен, шешендік – дегеніміз жер мен жесір, мал дауын мен ер құны дауларында қарсыласын бұлтартпай тізе бүктіру мақсатында айтылған уәжді де аталы, көркем де қанатты сөздер болып келеді. Шиеленіскен дау тез бітуі де, ұзақ жылдарға созылып кетуі де мүмкін. Сол себепті биліктің көбіне-көп екі жақтың талап-тілегіне сәйкес айтылуы да үлкен мәнге ие.

Шешендік өнер мен билік қолма-қол айтылатын творчестволық сипатымен дараланады. Билікке түсушілер даудың ерекшелігіне қарай кейде тыңнан жол салып жаңаша айтылса, кейде бұрынғы әдет-ғұрып заңымен де шешілуі мүмкін. Мұның бәрі бітімге шыққан билердің шеберлігі мен тапқырлығына байланысты болып отырады. Сондағы айтылған ұтқыр да тапқыр сөздер алғаш сол билікке шыққандардың атымен таралса да, кейін ол дәуір талабына орай өзгерістерге ұшырап, тіпті басқа бір кейінгі бидің атына таңылуы да ғажап емес.

Қазақтың төл шешендік сөздері жөнінде айтқанда, біз, ең алдымен, “Түгел сөздің түбі бір түп атасы – Майқы би” аталған ұлы жүз Майқы биден бастап, (ХІІ-ХІV ғ.), Жиренше мен Қарашаш, Алдар көсе (ХVғ.), Асан қайғы, Шалгез, Бұқар (ХV-ХVІІ ғ.), Шортанбай, Дулат, Мұрат (ХІХ ғ.), Төле, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке (ХVІІІ ғ.) бастаған сан алуан билерімізді атай аламыз.

Алғашқы Майқы биден бастап, Жиренше мен Қарашаш, Алдар көсе дәуірін алсақ, бұл тұста шапқыншылық, отарлаудан зардап шеккен халқымыздың шұрайлы қоныс, тыныш өмірді аңсау мұратын көреміз. Осы сипат Асан қайғы заманында үлкен әлеуметтік мәнге ие болады. Сондай-ақ ел бірлігі, татулық, азаттық мәселесі “Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы” аталған заманда да күн тәртібінен түскен жоқ. Тіпті, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы Жоңғар, қалмақ шапқыншылығы тұсында ата мекен, ел болашағы, бостандықты қорғап қалу қажеттігі басты тақырыпқа айналды. Қоқан билеген кезеңде Сырым Датұлы, Досбол, бала билер өмір сахнасына шықты. Тәуке хан заманында ел ұйтқысы болған әйгілі “Жеті жарғы” дүниеге келді. Кешегі ХІХ ғасыр тұсындағы билер мен ақын, жыраулар көрші елдердің отарлау саясатына қарсы тұрып, өз шығармаларында шешендіктің не бір көркем үлгілерін тудырды. Ел мен жер тағдыры, болашақ туралы толғаныс ұлы Абай мен Сұлтанмахмұт, Мағжан секілді атақты ақындарды дүниеге әкелді. Сонымен, шешендік өнердің өткен жолына зер сала қарасақ, әр дәуір, тарихи кезеңдер өз ісін, өз өкілдерін қалдырып отырғанын көреміз. Мұның бәрі халқымыздың өлмес, өшпес алтын қорын құрап келген.

Шешендік сөздердің алғашқы бұлақ-бастауларын халық прозасы – қара сөздерден, ертегілерден де ұшыратамыз. Ертегілердегі Аяз би мен “Қырық өтіріктегі” Тазша балалар тапқырлық пен ұтқырлықтың, шешендіктің қайталанбастай әсем нұсқаларын жасады. Ал, ақын жыраулар өздерінің үгіт-насихат, дидактикалық туындыларында, айтыс өлеңдерінде мақал-мәтелдердің не бір тамаша үлгілерін жаратып, осы мұрамыздың байи түсуіне елеулі үлес қосты. Әсіресе, Асан қайғы мен Бұқар жыраудың мақал-мәтел туғызудағы рөлін бөліп атауға болар еді.

Шешендік өнердің ең әуелде орнығып, кең қанат жайған елі – көне грек, рим болып табылады. Бұл пәнді олар “Риторика”, “Поэтика” деп атап, оның өркендеп-өсіп кемелденуіне елеулі үлес қосқан. Шешендік сөздің негізін қалап қана қоймай, оның оқу орындарында пән ретінде оқытылуына да мән берген. Соның нәтижесінде Риторика пәні ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін әдебиет сабағының орнына оқытылып та келген. Тек осы аталған кезеңнен кейін ғана Еуропа мен Ресейде “бұл пәннің орнына әдебиет оқытыла басталады.

Ескі рим, грек елінде шешендік өнердің туып орнығуына Демосфен, Цицирон, Квинтилиан тәрізді шешендердің қосқан үлесі айрықша. Бұлар ауызекі сөйлеу мен жазып оқып беру жүйесінде де ерекше көзге түсіп, осы саланың теориялық және тәжірибелік жағынан толысып жетілуіне де айтарлықтай еңбек етті.

Аталған елдерде риториканы үйреніп білудің, кемелденудің үш бастауы бар деп саналады. Алғашқысы: туа бітті табиғат берген дарын, екіншісі: білім арқылы сусындап жетілу, үшіншісі: бірыңғай тәжірибемен жаттығып толысу. Оларша риториканың басты міндеті: тыңдаушысының сезіміне әсер ету арқылы қатты әсерлендеріп, сендіру болып табылады. Олардың түсінігі бойынша шешенде көркем сөздің үш түрі бар: салтанатты сөз, саяси сөз, сотта айтылатын сөз. Шешендік сөз саясаттан тыс, философияда да, тарихи прозада да кең қолданылатын болған. Сондай-ақ шешендік сөздердің құрылыс мазмұнын бұл елде бес салаға бөліп жүйелеген. Олары: 1. Сөз ететін әңгіме өзегін дәл табу. 2. Тыңдаушының жан дүниесіне жол табу. 3. Өз ойының тартымдылығын еселеп артыру үшін, оны көркемдеп көмкеру. 4. Басты идеяны, түйінді-түйінді ойларды үнемі есте сақтау. 5. Сөзді жүйелеп, түрлентіп, құлпыртып отыру. Осыларды еске асыру үшін, мына шарттарды жадында ұстау: әр алуан материалдардан тек қажеттілерін ғана таңдап, талғап алу; Сөзді кіріспемен ашып, ең соңын түйінді оймен қорыта білу; Жұрттың көкейіндегісін тап басып танып, өзіне баурай білу; Айтылған ой-пікір шындыққа құрылып, әсерлі де әсем, бейнелі болып, жұрт жүрегіне жол тауып жатуы керек. Мұнда сөздің әуезділігі мен ырғақтылығы да, үннің жоғары, төмен ауысып отыруы да сөздің әсерлілігіне тікелей ықпал етуі қажет. Бұлар дәлел мен қисынға, логикалық уәжге негізделеді. Осы ерекшеліктеріне қарап, сондағы сөз үш түрге бөлінеді: біріншісі, жоғары сипатты сөз. Осы айтылғандардан тыс, оқып тоқу арқылы есте тұту мен жадты тәрбиелеу, бет құблыстары мен мен қол қозғалыстарын оймен ұштастыру, керекті жерде кідірістер жасап, ырғақпен сөйлеу, сөзді мәнерлеп айтып, пікірді үстемелей білу де аса қажетті. Бұл амал-тәсілдерді еркін игермеген адам шешендік өнерді игердім дей алмаса керек. Сол себепті шешендіктің ұшына шыққан кісілер саусақпен санарлықтай ғана болған.

Қазақ билерінің шешендік сөздерінде де осында көрсетілген жайттар бірде аз, бірде көп болса да ұшырасып отырады. Қалың топ алдына шыққан қазақ билері де жұртты баурау мен ұтымды сөз арқылы оған әсер ету жағын ойластыратын болған. Рас, жоғарыда аталған мәселелер бізде ғылыми негізге түсіп жүйелене қоймаған. Шаршы топта жеке шығып сөз жарыстыру да көп үрдіске айнала бермеген. Билер өмірінде сөздің ұтымдылығы мен уәждігіне көбірек мән беріліп, билік түйіні көбінесе соған негізделетін болған.

Шешендік өнерді жеке сала ретінде қарастыру А.Байтұрсынұлының теориялық еңбектерінен басталады. Ол кісі ауызекі айтылатын шешен сөздердің мүшелерін беске бөледі: 1. Бастамасы. 2. Ұсынбасы. 3. Мазмұндамасы. 4. Қыздырмасы. 5. Қорытпасы. Шешендік сөздердің түрлерін айтқанда оны: саясат шешен сөзі, билік шешен сөзі, қошемет шешен сөз, білімдар шешен сөзі, діни уағыз сөзі – деп жіктейді. Ал жазып шығарылатын сөзді көсем сөз деп таратады.

Аталған саланың арнайы зерттелуіне М.Әуезов те елеулі еңбек етті. Ол өзінің 1927 жылы Қызылорда қаласында басылған “Әдебиет тарихы” атты кітабында шешендік сөздерді жіктегенде, оның табиғи бітіміне қарап “билер айтысы” деп жүйелеген. Мұнда зерттеуші бұларды ішкі мазмұнына қарай бөліп сипаттайды: 1. Дау мен билік қоса айтылатын сөздер. 2. Билік тұсындағы талас сөздер. 3. Арбасып, ырғасып, жұмбақпен, не мақтап айтылатын сөздер. Бір атап көрсететін жәйт: М.Әуезов билер сөзінің өлең, тақпақ түрінде келетінін ескеріп, бұл жанрды айтыс өлеңдеріне жақындатып, “билер айтысы” деп жүйелеуі дер едік.

Ал енді, 1948 жылы басылған “Қазақ әдебиетінің тарихында” шешендік сөздер жөнінде арнайы бөлім жазған Ә.Мәметова бұл жанрды екіге бөліп қарастырады. 1. Шешендік толғау. 2. Шешендік дау. Мақал мен мәтел, жұмбақтарды соның бір саласы ретінде қарастырылуын да орынды дер едік. Бұл жіктеу де өз кезінде шешендік сөздердің табиғатын танып білуге көп септігін тигізді. Б.Адамбаев шешендік сөздердің жалпы ерекшеліктерін ескере отырып, оны үш салаға бөліп жіктеді: 1. Шешендік арнау. 2. Шешендік толғау. 3. Шешендік дау. Осы тұрғыдан ашып талдай отырып, ол кезінде көлемді зерттеу жазды. Осының бәрі бізде де шешендік сөздердің үздіксіз зерттеліп келгенін көрсетеді.

Шешендік – қазақ елі жағдайында көне замандардан бері қарай үздіксіз жалғасып келген дәстүрлі өнер. Қашаннан аталы да уәжді сөзді қастерлеп қадір тұтқан халқымыз көркем сөзді үлкен өнер санап, “Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады”, “Өнер алды – қызыл тіл” деп, оның өмірдегі орны мен қызметіне үлкен мән берген. Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген басалқалы билердің тапқырлығы мен алғырлығын үлгі тұтып буыннан буынға ұластырып отырған. Нендей қанқұйлы жаумен сөйлескенде де білектің күші мен ақ найзаның бұрын келісімге келіп аталы сөзге тоқтайтын болған. Сондай халық тағдыры шешілетін тұста қара қылды қақ жарып айтылған билікті, қиядан табылған қапысыз жолды аңыз қылып айтып, соны жанында сақтап келген.

Ел-жұрт шешендікті сирек ұшырасатын қасиет-дарын санап, сол тума өнерді тәрбие арқылы жетілдіріп кемелдендіруге болады деп санаған. “Сөйлей-сөйлей шешен боларсың, көре-көре көсем боларсың” деген мақалдың мәнісі де осы ойдың дұрыстығын аңғартады. Рас, би баласының билікке, ақын баласының ақындыққа бейім тұратыны бұрыннан мәлім. Дегенмен солардың бәрі бірдей би мен ақын бола бермеген. “Бозторғай жетеу туады: біреуі бұл-бұл болады, қалғаны ол бұл болады” дегендей солардың ішінен некен саяқ би мен ақын болып, артына өшпес із қалдыратынын көреміз. Қандай талапты да алғыр балалардың өзінен-өзі жетіліп кемеңгер би не ақпа-төкпе ақын болып жетілуі қиын, ол, сөз жоқ, ұстаз алдын көріп, бойындағы табиғи дарынды ұштап, талай тар жол, тайғақ кешулерден өтуі керек. Бұл, әрине, ұзақ жылдардың жемісі дер едік.

Өнерге қабілеті бар жастардың тәрбиесі, алдымен, ауылдан, үй ішінен басталады. “Әке көрген тон пішер” дегендей ауыл-аймақта, от басында үлгі-өнеге беретін адамның болғанына не жетсін, рас, мұндай кісілер аз болмаған. Осы орайда орта жүздің белгілі биі Қаздауысты Қазыбек пен әкесі Келдібек бидің арасындағы мына бір әңгімені тілге тиек ете аламыз. Бірде Абылай хан қалмақтары мал, жан дауымен баратын топқа Келдібек биді де қосыпты. Жасы келіп қалған би өзінің орнына 15 жасар баласы Қазыбекті қосқысы келіп, оған сынау үшін бірнеше сұрақ қойыпты. Олары: “Балам, сен кімнің баласысың, жөніңді айтшы” – депті. Сонда Қазыбек: “Атым Қазыбек, әкем Келдібек, Шаншардың немересімен” – депті. Әкесі тағы да: “Балам, сенің осылай асық ойнап, тай үйретіп жүргенің жақсы ма, жоқ жақсылардың қасына еріп, ел танып, жер танып, сөз танып жүргенің жақсы ма?” – десе керек. Бұған ол: “Балалық дәуір де жақсы екен, оны тастағым келмейді, бірақ жақсылардың қасына еріп, ел танып, жер танып, сөз таныған да теріс болмас”– деп жауап беріпті. Баласының сөзіне риза болған Келдібек қасына сенімді он кісі ертіп, астына “Телқоңыр” деген жарамды тайды мінгізіп, Абылай хан мен Тайкелтір биге сәлем бер деп аттандырыпты деседі. Келіп ханға сәлем берген соң, хан да баланы сынап бірнеше сұрақ қойыпты. Ең алғаш ол: “Балам, сен қайда барасың?” – дегенде, Қазыбек: “Мен ауылда жүргенде балалардың басшысы едім, енді ағаларымның атшысы болайын деп келдім. Тай бәйгесі мен құнан бәйгесін көріп едім, енді ат бәйгесіне қосылайын деп келдім” – депті. Бұған риза болған хан: “Жарайды, балам, барсаң бар, тайың да, сөзің де жақсы екен” – депті. Абылай хан оны екінші рет сынап, тағы да бұлай депті: “Балам, сен шыныңды айтшы, атшы болғың келе ме, әлде басшы болғың келе ме?” – десе керек. Сонда бала: “Мен жол көрген ағаларымның қасында басшы болып не қылайын, атшы болсам жарасар” – деп жауап беріпті. Хан баланың жауабына риза болып батасын беріп тұрып, Тайкелтір биге: “Мына Қазыбек сынды кішінің сөзін де сыйлаңдар” – деп тапсырыпты. Сол жолы жас бала қазақ елшілігінің басшысы Тайкелтір мен өзге кісілер сөзден тосылып, тығырыққа тығылған тұстарында өзінің тапқырлығы мен алғырлығы, білгірлігі арқылы жарып шығып көзге түсіпті. Қоңтажының өзін сөзден, уәжден тосып, ел мүддесін қорғауда дарындылық танытыпты. Ел есесін толық қайырып, адам мен малды түгел еселеп қайтарып алса керек. Мұның үстіне қалмақтың ханы Қоңтажының бағалауымен “Қаздауысты Қазыбек” деген атаққа ие болады.

Жаңа талап жастардың кемеңгер, тәжірибелі билерден келіп бата алуы – өзінің жетіліп толысқанымен қатар, ауыр сыннан да өтіп, билікке біржолата жолдама алғанмен бірдей деуге болады. Әр алуан тақырыпта жас талапкер өз білім-парасатын танытумен бірге, дана қартқа да сұрақтар қойып, болашақ биге лайық таным-түсінігін танытады. Толық сыннан өткен жастар көшелі бидің батасын алып, оның ақыл-кеңесі мен ұстанар бағытын да белгілеп қайтады. Бірде бала Сырым Есентемір Бөкен биге бата сұрай келіпті. Амандық сұрасып жөн біліскен соң, би сапарының мәнін сұрағанда, Сырым: “Бата алайын, кеңес сұрайын деп келіп едім” – депті. Сонда Бөкен: “Жас та болсаң, елге бас болғандай бала екенсің” – деп бағалап, ең соңында бата беріп бұлай депті:

Арқаң қара нардай жауыр болсын,

Мінезің қара жердей ауыр болсын.

Өкпең жоқ, бауыр болсын,

Құлағыңнан сыбыр кетпесін,

Жасың алпысқа жетпесін!

Бөкен би мұнымен тоқталып қалмай: “Осы айтылған сөздің мәнін маған түсіндіріп берші” – десе керек. Бұған Сырым: “Арқаң жауыр болсын дегеніңіз, халыққа беріле қызмет қыл дегеніңіз, мінезің ауыр болсын дегеніңіз, терең ойлап байыпты бол дегеніңіз, бауыр бол, кешірімді бол дегеніңіз, құлақтан сыбыр кетпесін дегеніңіз, ел ішіндегі өсек-аяңға сенбе дегеніңіз, тек жасың алпысқа жетпесін дегеніңізді түсіне алмадым” депті. Сонда би: “Мен сенен құдайдың берген жасын қызғанамын ба? Мен 84 жасқа келдім, сол жаста алты бәлені бастан кешірдім, сол кәріліктің бәлелерін сен көрмесін дегенім еді” – десе керек. Осымен сөз бітіп, аттанар алдында Бөкен би Сырымға басын көрсетіпті бұған Сырым тілін шығарыпты. Жұрт бұған түсіне алмай, жолда соның мәнісін сұрапты. Сонда Сырым: “Ол кісінің басын көрсеткені, басқа бәле неден? дегені еді, менің тілімді көрсеткенім, басқа бәле тілден дегенім еді” – деп түсіндіріпті.

Қазақ өмірінде билікке араласудың, шешендік танытудың тым ерте танылып мәлімденетінін байқаймыз. Бұған жоғарыда сөз болған Қаздауысты Қазыбек пен Сырымның өмірі дәлел бола алады. Талапты жастардың атағы жайылған дана билерге бата сұрай баруының өзі солардың шешендіктің қиыр-шиырларын меңгеріп толысқан кезінде болатынын аңғартады. Бұлар оған дейін ауыл ішіндегі, кейде ауыларалық дау-дамайларды шешуге қатысып, қарт билердің тәжірибесінен хабардар болып жетіліп отыратынын көрсетеді. Не атасы, не әкесі би болған тұста сол өнерді игеру тіпті оңай болатыны да даусыз. “Құс ұяда не көрсе, соны іледі” деген сөздің айтылуы да осыған байланысты болса керек.

Билікке араласудың жолдары сан алуан. Төрде даудың мән-жайын сұрап болып айтқан төрелікке бір жағы көнбесе, не берілген билік әділ болмаса, есік жақта отырған баланың рұқсат сұрап дұрыс та әділ шешім айтуы жиі ұшырасады. Тіпті, кейде кесімді билікке риза болмаған екі жақтың даугерлері қой бағып жүрген балаға, не асық ойнап жүрген балаға жүгінетін тұстары да аз емес. Осының бір үлгісі кіші жүз Әйтеке бидің жастық шағында айтқан билігінен айқын көрінеді.

Ертеде әйгілі Төле би және Қаздауысты Қазыбек би кісі құнын даулап кіші жүз еліне келіпті. Даудың аяғы созылып, келісімге келе алмапты. Сонда есік жақта отырған бір балаң жігіт:

Асқар тау, сенде бір мін бар: сау бермейсің,

Тасқын су, сенде мін бар: өткел бермейсің.

Билер, сендерде мін бар: басқаға сөз бермейсің –

депті. Сонда Қазыбек би оны шақыртып алып: “Шырағым, қай баласың?” –дегенде, ол: “Әкемді сұрасаңыз: жетесіз, шешемді сұрасаңыз: некесіз. Туа салған бір баламын: тегімді сұрап не етесіз?” – депті. Бұған Қазыбек: “Балам, сөзің жетті, енді төрелігін өзің айт” – дегенде, Әйтеке: “Алты атасын арқалап жүргенді сіздерден көрдім, жеті атасын жетектеп жүргенді сіздерден көрдім. Ескіріп кеткен дау екен, бірақ құр қайтсаңыздар, ағалық назаларыңызға қалармын. Ердің құны жүз қара ғой. Кіші жүз санын жүзге толтырып тайынша-торпақ берсін, соған разы болыңыздар” – деп билік айтып, жұрт тоқтапты, Әйтекенің де би атағы содан басталыпты.

Жастай қара қылды қақ жарып аты шыққандардың бірі – Едіге би. Ол тарихтан мәлім Тоқтамыс ханның тұсында жасап, бала кезіндегі төрт билігімен танылып, ханның сенімді биіне айналады. Соның бірі: баланы жоғалтқан ана мен тауып алған ананың таласын шешкен билігі. Едіге сол даулы баланы қанжармен қақ бөліп берейін деп өлтірмек болғанда, туған ананың баланы өлімге қимағанын көріп, билікті шын анасының пайдасына шешуі де барынша ұтымды дер едік. Енді бірде қой бағып жүрген Едігеге еншілеріндегі жалғыз қарасын егінге түсті деп төрт аяғына төрт жүз ділдә сұраған кісінің әділетсіздігін айтып, осының билігін сұрапты. Малдың бір аяғы ақсақ екен, оны құн төлеуден бірден азат еткен бала: “екі жүз ділдәны ағаң төлесін, өйткені малды көзімен егінге бастап барған соның басы мен аяғы, ал, қалған екі жүз ділдәны екі ағаң тартсын” – депті. Бұл билікті естіген хан наразы болып келгендерге сол баланың дұрыс билігіне риза болыңдар, мен ондай төрелік бере алмас едім деп, шындықты мойындапты.

Шешендік сөздердің басты белгілері не дегенде мыналарды бөліп атаған жөн: қарсыласының өзін тоқтатуды көздеп қойған сұрақтары мен айып-сынына, немесе тіршілік пен табиғат, жалпы адамдар қатынасы туралы терең мәнді тұжырымдар мен сан алуан астарлы жұмбақтарға ұстамды да ұтқыр жауап беріп, дау-дамайдың тобықтай түйінін өз елінің пайдасына бұра білу мақсатында айтылған уәжді сөздер оның жанрлық сипатын белгілейді дей аламыз. Екіншіден, ол шындық пен әділдікке құрылған болуы керек, онсыз қандай ұтқыр да ұтымды деген сөздердің өзі мән-мағынасынан айрылып, өз міндетін толық атқара алмайды. Талас-тартысқа құрылған әр алуан уәжді де аталы сөздер таласында жауапсыз қалған бір ауыз сөз, немесе толымсыз ой-пікір қарсы жақтың мерейінің үстем болуына себеп болады. Мұндай жағдайда даудың қандай бітіміне де көнуге тура келеді. Бұл тұста да тосындық пен қолма-қол айтылған аталы сөз мәртебелі жеңіске бастайды.

Рас, дау үстінде өз шындығын дәлелді де ұтымды етіп айта білу де үлкен өнер. Төрелік берушінің алдында, тыңдаушысының алдында бұл уәж ешбір күдік туғызбайтындай болуы қажет. Сол себепті билікке түсушінің қай-қайсысы да тізе бүктіріп ұту мақсатында аянып қалмайды, өз мүмкіндігін сарқа пайдалануға ұмтылады. Осыған орай билік айтушы да өз абыройын толық сақтап, оған кір, дақ түсірмеуге талаптанады, кейде жақынына бұрып, не пара алып билікті бұрып айтса, бұл жәйт білінбей қалмайды, ондай жаман аты бар билердің қайтып қатарға қосылуы екіталай. Сондықтан бұл мәселеге билер қашанда жауапкершілікпен қараған.

Жас пен ақыл, тәжірибе әбден толысқан соң, би-шешендердің көкірек көзі де саңлақтанып, кез-келген тақырып пен не бір күрделі де қиын мәселелерді шешу қабілеті де артып кемелдене түседі. Бұл, әрине, ұзақ жылдарды талап ететін шығармашылық мәселе. Осы жәйтті Досбол бидің өмір жолы да айқындай түседі. Бір үлкен аста қымыз ішіп дүрілдесіп отырған бір би қыпшақ Досболдың сырт көрінісіне көңілі толмай: “Қара ағаштай қалтия қалған қаралдысы жоқ мынау кім?” десе керек. Сонда Досбол: “Рас, мен қара ағаштай қатушы едім, сендей талайлардың есінен қалғысыз қылып шымбайына батушы едім, өзімді елеп еңкейгендердің таңдайына бал-шекердей татушы едім, қарайғанды ескермей, қалқиғанды хош көрмей, қақиғанды хан көрмей, ел шетінде, жау бетінде жатушы едім” – деп қолма-қол жауап беріпті. Екінші би: “Қанша мақтансаң да ми сиярлық басың, шынашақ айналарлық шекең жоқ екен” – депті. Сонда Досбол тағы да жұлып алғандай:

Арам етті, қам желке

Барсаң байдан табылар.

Құлан сирақ, қу шеке

Іздесең қайдан табылар?

деп жауап берген екен.

Ендігі бір алуан биліктер бір неше бидің бір мәселеге орай үндесе, жұптаса тақпақпен жауап беру түрінде келеді. Кейде талқыға салынған мәселенің жауаптылығына сәйкес бір тоқтамға келе алмаған жағдайда топ құрап ақылдасқан билердің бірінің тапқырлығы өзгелерге тыңнан жол салып өнеге болатын тұстары да бар. Айталық, бір үлкен салиқалы бас қосуда қалмақтың қолға түскен елшісін өлтіреміз бе, жоқ па? – деген сұраққа үш жүздің әйгілі билері: Төле, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке үшеуі көп ойланып бір шешімге келе алмапты деседі. Бұлар бір төбенің басына шыға келсе, бір жарқыраған көлдің дәл үстінен түсіпті. Мұны көрген Төле би тұрып:

Мына көлдің алар ма еді қазын атып, –

депті, сонда Әйтеке би айтылған ойға үйлестіре:

Оғың шығын болмасын жазым атып, –

дегенде, Қазыбек бұған іле-шала:

Құтылмастай бәлеге қап жүрмейік,

Қаз екен деп перінің қызын атып –

деп, түйінді істің шешімін тап басып айтыпты деседі. Қалмақ елшісі азаттық алған соң: екі ел арасында көп жылдар бейбітшілік орнаған көрінеді.

Шешендік сөздердің енді бір үлгілері бір-бірін сынап ырғасу, үлгі-өнегелі ұғым-түсініктерді кейінгі буынға өсиет түрінде қалдыру мақсатында айтылады. Бұл топтағы сөздердің бәрінің дерлік астарлы ойға құрылған жұмбақ, табиғат пен адам өміріндегі өзгерістер, құбылыс сипаттары пернелеу, меңзеу арқылы орағыта байыпталады. Бұларды көкірегі жүйрік, ой-қиялы ұшқыр кісілер болмаса, өзгелердің бірден ұға қоюы қиын. Мәселен, Сыр бойының даңғыл шешені Бала би жиналған жұртқа:

Жерден ауыр не,

Судан терең не?

Оттан ыстық не,

Көктен биік не? –

деген мәнді сұрақ тастайды. Ешкім жауап бере алмаған соң, бидің өзі мұны бұлайша түсіндіріпті:

Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім,

Судан терең дегенім – оқу, ғылым.

Оттан ыстық дегенім – фани жалған, адамның өмірі,

Көктен биік дегенім – тәкаббардың көңілі!

Билер жұмбағының бір алуанын әр кім өз түсінігінше шешетін болған. Айталық, әйгілі Байдалы би әбден қартайып жатқан кезде, сәлем беруге Мұса мырза келіпті. Қайтар мезгілде Байдалы би қонағына: “Алыста не алыс, жақында не жақын, тәттіде не тәтті?” – деп сұрапты. Сонда Мұса: “Жер мен Көктің арасы алыс, кісіге туыс жақын, бала тәтті” – деп жауап беріпті. Бұған риза болмаған Байдалы: “Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жақында ажал жақын, бала қанша тәтті болса да, өз жаңыннан асқан тәтті жоқ” – деген екен.

Шешендік сөздердің тағы бір тобы өмірдегі келеңсіз көріністер мен адамның жағымсыз істерін сипаттап бағалауға құрылады. Мәселен, бір кездесуде Қаздауысты Қазыбек Әнет Бабаға: “Дүниені не бұзады, адамгершілкке не нұқсан, күнә неден пайда болады?” – деп сұрақ қойыпты. Сонда Әнет Баба: “Осы сұрақтарыңның бәрі алты нәрсеге тікелей байланысты. Олар әйел, алтын, кек, кесір, мақтаншылық, тәкаббарлық” – деп ұтымды жауап берсе керек.

Сонымен шешендік сөздер ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасап, соның әдет-ғұрып, салт-сананы атқаруда, дау-таластарды шешуде билердің алғырлық-тапқырлықпен қолма-қол суырып салып айтқан көркем де көсем, өнегелі ойларынан тұрады. Бұлар көшпелі елдің тұрмыс салты мен таным-түсінігінен, эстетикалық талғамынан туындап отырған. Рас, ауыз әдебиеті туындысы болғандықтан, осы үлгілер де дәуір талабына сәйкес әр алуан өзгерістерге ұшырап келген. Дегенмен бұлардағы шындық пен әділдік, бұқарашылдық сипат буыннан буынға үзілмей жалғасып отырған. Бұған атадан балаға, биден биге ауысып келген шешендік мектептің атққарған қызметі ерекше дер едік.

ТӨЛЕ БИ

Қазақ халқының бір орталыққа бағынған мемле­кеттік қуаты Тәуке ханның тұсында548 едәуір толық көзге түседі: хан маңына өзінің қазақтары ғана емес, қырғыздар мен қарақалпақтар да үйірілсе керек. С.Сейфуллин “Билер дәуірінің әдебиеті” атты еңбегінде бұл жөнінде былай деп жазады: “Бірігіп өмір сүрген қазақ, қырғыз, қарақалпақтың ірі руларында билік жүргізген алты ірі бидің аты аталады. Ұлы жүзде – Төле би (Дулат Әлібек баласы). Орта жүзде – Қаздауысты Қазыбек би. Кіші жүзде – Әлім руынан Әйтеке би. Қырғызда – Көкім би. Қарақалпақта – Сасық би. Қатаған, жайма, басқа ұсақ руда тағы да бір би”2. Осы деректердің кейбір мән-мағынасы Н.Гродековтың еңбе­гінде кеңірек баяндалады. Н.Гродеков Тәуке ханның тұсында онымен бірге тізе қосып қызмет атқарған атақты жеті би болғанын жазады3.

Қазақ, қырғыз, қарақалпақ – үш елді айналасына үйіріп, күшпен емес, ақылмен ұстап, елінің күш қуатын арттырғанда, Тәуке хан батырларға емес, жоғарыда аталған билерге сүйенеді.4 Тәуке ханның мемлекеттік саясатын жүзеге асыруда өлшеусіз зор қызмет еткен билер тобының алдында Төле би тұрды. Мемлекеттің ішкі-сыртқы маңызды істерін хан осы билер кеңесі арқылы шешкен. Елді басқарудың жеті сала әдет заңын, “Жеті Жарғыны” да Әз Тәуке хан Төле би бастаған билерімен бірлесе отырып жасап, бекіткен.

Төле би Әлібекұлының туған, өлген жылдары (1663-1756), ата-тегі туралы әдебиеттерде едәуір мағлұматтар бар. Солардың көпшілігінде Төле би қарашоғыр қара шаруа әулетінен шыққан делінеді.5 Бұл әрбір құбы­лысты таптық, партиялық тұрғыдан бағалау қажеттігі белең алып тұрған дәуірдің талабына сай айтылған болса керек. С.Дәуітов өз еңбегінде Төле бидің әкесі Әлібектің де өз дәуірінің белгілі биі болғаны туралы дұрыс жазады.6 Біздіңше, Әлібектің би болғаны туралы пікір болжам, жорамал емес, ақиқат шындыққа мейлінше жанасымды. Бұл орайдағы күдікті, көмескі ойлардың сейілуіне Шоқан Уәлихановтың жазып қалдырған дерегі көмектеседі. Ш.Уәлиханов қызыл тулы сұлтандар та­рихы туралы ел аузындағы аңызға сүйене отырып, Ұзын оқты Ондан сұлтанның жас кезінде істі болып, әкесінің досы Әлібекке ақыл сұрай келгенін жазады. Әлібектің кеңесімен Ондан сұлтан басына төнген қатерден құты­лады. Төле бидің әкесі – Ондан сұлтанға қысылғанда ақыл беріп, жөн көрсеткен осы Әлібек.7

Төле би Ташкентте билік құра отырып, өзі Ташкент маңындағы Сартөбе деген жерде тұрған.8 Бидің негізгі тұрақ-жайының бірі Шыршық өзенінің бойында, Бозсу арығының басында болады. Шыршық өзені басын Кендіртау өзенінің қойнынан бұрқ-сарқ қайнап шығып жатқан сансыз тас бұлақтардан алған. Өзеннің суы сарқырап-гүрілдеп өте қатты, сұрапыл екпінмен аққан, гүрілі атшаптырым қашықтықтан естілгенде де, одан шошыған тау текелер, барыстар мен жолбарыстар жақпар тастардың арасына сіңіп жоқ болған. Кен­діртаудың шыңы аспанмен тілдесіп, басын мәңгі қар басып жатқанда, етегі көк шалғын гүлді алқап болған екен.9 Бозсу арығы осы Шыршық өзенінен тарайды. Бозсу арығы Ташкентті сумен қамтамасыз ететін бірден-бір жүйе болғандықтан, қала өзін су иесі Төле биге тәуелді деп таныған.10 Қыбырай қыстағында бидің туысы Қыбырай батыр тұрған. Бәйтік қорған қыстағында бидің тағы бір туысы Бәйтік батыр қыстаған.11

Төле бидің өзі де, балалары да сауатты болған. Бидің күйеу баласы12 атақты Құлеке батыр да хат жазып, хат оқи алатын білімді кісі екен.13 Би туыстарының бірінің қызын Қабанбай батырдың інісі Дәулетбайға берген. “Қабанбай батыр” тарихи жырында Қабанбай батырдың осы келіні туралы:

Тоғыз жасар кезінде,

Қоңырберген деген үйсіннен

Төле бидің аулынан

Қоймай айттырып беріп ем, –

деуінің мәнісі осында14.

Айтылған жырға, сонымен қатар басқа деректерге қарағанда, Төле бидің шыққан әулеті мен айналасында ел, мемлекет ісіне, билікке араласқан билер мен білікті, білімді азаматтар оның өзіне дейін де, өзі тұсында да болғанға ұқсайды.

1715 жылы Тәуке ханның қайтыс болуы біртұтас орталыққа бағынып нығайып келе жатқан қазақ хан­дығының әлсіреуіне алып келді. Хандыққа, хан тағына таласқан сұлтандар өзгенің өздеріне билік, басшылық жасауына мойынсұнбай, әрқайсысы өз ұлысында бас-басына хан болуға ұмтылды. Батырлардың да көпшілігі тұмсығының астындағыдан арғыны көрмейтін сұлтан­дардың, рубасылардың ықпалында қалып қояды15. Төле бидің: “Елге бай құт емес, би құт”, “Батыр деген барақ ит: екі қатынның бірі табады; Би деген бір бұлақ: қатынның ілуде біреуі табады”, – деген даналық сөздері жай ұғар, жөн білер билердің аздығы, білігі жоқ, білегі тоқ жөн білмес сыңар езу сұлтандар мен батырлардың көптігі ел тағдырын қиын жағдайға душар еткен осындай ащы шындықты жете сезініп, шамырқанған күйден шыққан болуы керек.С.Сейфуллинің билер дәуірі әдебиеті үлгілерінің тобына жатқызған шешендік сөздер қатарында Төле бидің бірнеше сөздері берілген. Солардың бірінде бай мен би тақырыбына қатысты былай айтылады:

Тұмау түбі - құрт,

Тұман түбі - жұт,

Ақыл түбі – құт.

Елге бай құт емес,

Би құт.16

Cөздің алғашқы үш тармағы өзінше бір мағыналық құрылым қызметін атқарады. Мағыналық құрылым ішінде өзара тең дәрежеде байланысқан үш мағыналық-құрылымдық бірлік бар. Олардың пәндері арасында мағыналық ешқандай жақындық жоқ: тұмау; тұман; ақыл. Үш түрлі, үш басқа, дара ұғымдар. Тіпті тұман мен тұмаудың ішінде ақыл қайдан жүр дегендей бір олақ ойдың көлеңкесі қылтиып шыққандай болады. Енді осы пәндерлің мәндеріне көңіл бөлейік: құрт; жұт; құт. Бұл ретте де алдыңғыдай ой қылаң береді. Құрттың да, жұттың да жайы белгілі. Екеуі де қатер. Бұл екеуінің қатарында құт неге жүр дегендей алаң күй пайда болуы кәдік. Пәндер мен олардың мәндері арасындағы алшақтық пен қайшылық қатынастардың үндестігі мен үйлестігінің жүйесінен поэтикалық идея өріліп шыққанда ғана бидің сөзінің пәні мен мәнінің маңызы айқындалып, анық сипат табады: құттың мәні мен мәнісі дараланады. Осылайша би айтар ойының түп қазығын сатылап, салыстырулар мен салғастырулар арқылы, тікелей және бірден емес, жанамалап, қиялап келіп айшықтайды. Құнсыз, қатерлі ұғымдар қатарынан құнды, игілікті құбылыстың мәнін оқшау алып шығып, тұжырымды, тұғырлы ойын көркейтіп, көрікті етіп жеткізеді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазып қалдырған мәліметтері бойынша, бір қақтығыста үлы жүз үйсіннен біреу орта жүздің бір кісісін өлтіріп қойып, құнды болса керек. Құн даулаған жан болмай, замандардан заман өтеді, құн ескіреді. Күндердің күнінде осы құнды даулауға он төрт жастағы Едіге жолға шығып, Төле бидің аулына он кісі болып келіп түседі. Күні бойы тырп етпей әңгіме-дүкен құрғанда, екі жақ та құн дауы туралы бір ауыз сөз айтпапты. Намаздыгер шақта ғана кісілер дәрет алып, намаз оқуға қамданып, орындарынан тұрса керек. Сонда Төле би мынаны айтқан екен:

“ – Алты атасын арқалап жүрген бар ма екен? Жеті атасын жетелеп жүрген бар ма екен? Алмасың болса, мойным бар. Асылың болса, қойным бар. Бұл сөзімді ойлаңдар”.17

Төле бидің сөзін тыңдаған қонақ кісілер бір сәт үнсіз тұрып қалады. Сонда Едіге іркілместен былай деп жауап сөз айтқан екен:

“ – Ақсақал, киіз кімдікі болса, білек соныкі. Ауыз кімдікі болса, сөз соныкі. Кен шыққан жеріне қайтып сыймайды. Жарлық өзіңізден болды, жабдық та өзіңізден”.18

Төле бидің сөзі қарапайым. Сөйсе де оны екінің бірі түсіне алмайды. Екінің бірі оған лезде лайықты жауап та ойлап таба қоймайды. Дауға араласып жүрген дара билер ғана сөздің мәнін жете түсініп, жіті қимылдайды. Едіге жас та болса осындай биіктен танылады, бидің тұспалмен айтқан сөзін қапысыз ұғып, оның шарттарын толық қабыл алғанын өзі де тұспалмен айтып тоқтайды.

Төле бидің сөзі әу баста басқадай жүйеде айтылуы ғажап емес. Сөздің ырғағы мен ұйқасы, бейнелеу құралдары, тілі мен стилі, мағыналық құрылымы беріліп отырған үлгіден әлдеқайда ілгері болғаны дау тудырмасы анық. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ел аузынан бидің сөзінің кейінгі сілемін ғана жазып алған. Соған қарамастан бидің сөзінің әр қатарының астарында үлкен мән, бай мазмұн бар. Оларға үңіліп қараған жағдайда, бидің құн даулап келгендерге өзінің шешімін, жауабын астарлап, тұспалдап айтқаны белгілі болады. Бидің “алты ата”, “жеті ата” жайлы сұраулы лебіздерінің тысы мен астары арасынан даугер жақтың алты атасының жолына бір бөлек, жеті атасының жолына бір бөлек құрмет білдірмек ниеті бой көрсетеді. Екінші жағынан, даудың атадан атаға өткен ескілігін ескерту сазы сезіледі. “Алмас пен мойын”, “асыл мен қойын” жайындағы жұп ұғымдар мен жұп сөздердің мазмұнында да кісі бойы тереңдік бар. Осылайша, атадан атаға көшіп келген құн дауының ақырын би бір ауыз сөзге сыйдырады. Оның мәні мен мәнісін қапысыз ұғып, өзінің келісімін кестелі сөз, келісті ой жүйесімен жеткізген он төрт жастағы Едігенің тереңдігі мен жүйріктігі де билік пен шешендік талаптарына мейлінше лайықты. Екі би бәйшешектей құбылған астарлы сөзбен, тұспалды оймен тілдеседі. Тілдері бейнелі, суретті. Сөз бен сөздің арасынан ойдың оты шашырап, ойлаудың жалыны шалқиды. Билік шешім ретінде өрнектелген ой мен сөз құбылыстың мәні мен мағынасын дәстүрлі құқықтық таным таразысына сай нақты, анық та айқын жеткізеді. Сонымен қатар Төле би құн даулап келген он төрт жасар Едігенің жолын беріп, оны разы еткенде, халықтың дәстүрлі мәдениетіне тән жол мен жөн туралы танымдық құндылықтарды басшылыққа алып, шешімін соған сай шығарады. Бұдан бидің ой мен сөзге, жол мен жөнге жүйріктігі ғана емес, сонымен бірге дүниетанымының, өмірлік ұстанымының берендігі мен ерендігі де көзге түседі.

Жоңғардың тұтқиылдан дауылдай қаптап соққан шапқыншылығынан ес жия алмаған қазақтардың бір тобы Бұқар мен Самарқанға, бір тобы Шыршық өзеніне асқаны тарихтан белгілі. Сауран айналып, Хиуаға ауғандар да болды. “Ақ табан шұбырынды”, “Алқакөл сұлама”, “Сауран айнал­ған”, “Қайың сауған” деген атаулар қазақ халқының тарихи тағдырындағы осы секілді ең бір ауыр, трагедиялы кезеңнің шындығынан туды.

Төле бидің:

Қабырғадан қар жауса,

Атан менен нарға күш.

Ел шетіне жау келсе,

Батыр менен биге күш,19 –

деген сөзінде халық басындағы осындай трагедиялық ахуал көрініс тапқан. Сөз егіздеу тәсілі бойынша өрілген өлең үлгісіне сәйкес келеді. Бірақ бидің сөзін өлең сөз деп емес, шешендік сөз деп қабылдау дұрыс. Сөздің негізгі мазмұны, шешеннің айтайын деген негізгі ойы кейінгі екі тармақта. Егерде негізгі ой осы екі тармақ көлемінде ғана айтылып қалған жағдайда, оның жұртқа әсерінің деңгейі қанағаттанғысыз деңгейде қала берген болар еді. Сондықтан би негізгі ойының алдына басқа ойдың жарығын түсіреді: қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш. Мұны би бекер айтып отырған жоқ. Мұндағы мазмұн да, сурет те халықтың басынан әлденеше рет өткен, жалпы жұртқа белгілі, түсінікті, ұғымды құбылыстың сырын танытады. Тыңдаушы жұрттың ықыласын, көңілін аударып алу үшін дәл осындай, осы тектес сөз керек болғаны анық. Тыңдаушы жұрттың назарын, көңілін өзіне осындай амал арқылы аударып, бұрып алған соң ғана би басты ойын ұсынуға ойысады. Алғашқы, өзіне етене таныс, басынан өткен жағдайдың мәнісін бірден ұғып, тез қабылдап, көңіліне толқыныс түскен, сезімі оянған тыңдаушы жұрттың зейіні келесі ойды қабылдауға бейімделе береді. Би басты ойын жұртқа осы кезде ұсынады. Тыңдаушыларының зейінін белгіліден белгісізге қарай бастау, сөйтіп оның белгісіз, танымға тосын, жаңа құбылыстың сырын толық қабылдауын қамтамасыз ету бидің шешендік өнерге барынша жетік майталмандығын аңғартады. Бұл жерде қабылданған, жұрттың ойы мен сезіміне қатар от берген сөздің санада ұмытылмастай болып сақталуына қол жеткізудің маңызы өте жоғары. Би қолданған поэтикалық егіздеу тәсілі осы міндетті шешуге қызмет етеді: егіздеудің алғашқы сыңары жұрттың көкейінде әуелден бар, белгілі; егіздеудің екінші жаңа сыңары жұрттың көкейінде әуелден бар алғашқы сыңарымен ырғақ деңгейінде де, ұйқас деңгейінде де үндес, сәйкес. Бидің қолданған поэтикалық тәсілінің жүйесіндегі осы үндестік пен сәйкестік сөздің тыңдаушылар есінде оңай жатталып қалуын қамтамасыз етуге де қабілетті.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде, ел жерден ауған қиын-қыстау жаугершілік шақта Төле би отырған жерінде жалғыз үй қала берген. Оның себебі елдің аузындағы аңыз-әңгімелерде бидің үйінің шаңрағына ұя салған, балапан шығарған қарлығашпен сабақтасады. Жоңғар қолбасысы Шона Лаузан Төле бидің қоныс аудармай отырған жерінде қалып қоюының себебін білгенде, таң қалып, оны “Қарлығаш би” деп атаған екен. Алайда бұл бидің басына түскен ауыр сынды жеңілдетпейді. Елге тиген жау шапқыншылығының биге түскен салмағы қажымас қайратты, бидің өзі айтқандай, мойымас жігерді, қайтпас күшті талап етті. Бидің бойынан осылардың бәрі де табылды. Аылдың қайратына сүйене отырып, би Шона Лаузан қолының қазақтарды қырып-жойып бара жатқан жойқын шапқыншылығын тежеуге, баяулатуға қол жеткізеді.Осындай жағдайды оңтайлы пайдалана отырып, Төле бидің айналасындағы батырлардың тобы 1723-1725 жылдар аралығында жоңғар қолына бірнеше рет ойсырата соққы береді. Алайда қазақтар жоңғарлар басып алған байырғы атамекендерін қайтара алмайды, жоңғарларға кіріптар күй кешеді. Екінші жағынан, Орта Азия хандықтары да жау шапқыншы­лығына ұшыраған қазақтарды сыртқы жаумен қоса шабысты.

Бұлай барсаң, қоқан бар,

Қоқаңдаған әкең бар.

Бұлай барсаң, қалмақ бар,

Күшіңді ептеп алмақ бар... –

деген жыр жолдары қазақтардың ауыр жағдайынан, басар жер, барар тау таппай қиналған, ширыққан шағынан хабар береді. Тұйықтан шығар жол іздеген ел басындағы қолында билігі бар азаматтар орыс патшасы­нан қолдау күтеді. Сұлтандар арасында басқа да бағыттар болды. Қытайға мойын бұрып, содан пана іздемек болғандар да кездесті. С.Сейфуллин осындай шақтың шындығы туралы былай деп жазады: “Кіші жүздің Қайырлы деген бір ақыны сол патшаға бағынған дәуірдің күйін жырлап келіп, былай деп бітіреді:

...Айқайдан шыққан ақ бөкен,

Қашып қайда құтылар –

Құрулы қақпан жатқан соң?!

Жылқыдан шыққан қашаған

Қашып қайда құтылар –

Мойнына бұғау артқан соң?!”20.

Ел үшін жайсыз қалыптасқан қиын шақта Төле би түрлі әрекеттерге барады. Ел тәуелсіздігі жолында ерлік істерге бару, елдің басын біріктіру, бір орталыққа, бір тәртіпке бағынған ауыр қол, әскери жасақ құру оңайға түспегені анық. Сенім артқан сұлтандар мен батырлар, тіпті бектер мен билер де түп-түгел ел мен жер, халық жайын ойлап іс қыла алмады. Біреулер сенімді ақтамады, біреулер өз басына қатер тумаған соң, жайлауын жайлап, қыстауын қыстап тып-тыныш жата берді. Енді біреулер ел басына төнген қатерді пайдаланып, пайда табуға ұмтылды. Осының бәрі Төле бидің ойын онға, санасын санға бөлгендей еді. С.Сейфуллиннің кітабына енген мына бір сөз бидің осындай жағдайдағы көңіл күйінен хабар береді:

Бастыққа сенген аңқау ер

Дұспанға оңай алынар.

Қара боп шықса ақ ісі,

Ақ көңіл басы қор болып,

Аңқаулығы сор болып,

Пасықтарға жалынар.

Жазатайым іс болса,

Кеше саған күшік боп,

Жылмаңдаған кішік боп,

Ниеті жаман пасықтар,

Кісілік жоқ жасықтар

Өзіңе келіп жабылар...21

Бидің сөзінің көркемдік, эстетикалық және танымдық маңызы зор. Текстологиялық талдау талаптары тұрғысынан қарағанда, мәтіндегі кейбір сөздер жаңсақ жазылғандай әсер қалдырады. Сөздің басты пәндері қатарында мыналар дараланған: бастық, аңқау ер, дұспан, пасықтар, жасықтар. Осы қатардағы “бастық” сөзіне назар аударайық. Төле бидің тұсында қазақ шешендік өнерінің сөздік қорында бұл сөз болмаған. Аңқау ер қандай бастыққа сенген, неге сенген, бастыққа сенсе, дұспанға неге оңай алдырған? Осы секілді сұрақтар туғанда, оларға лайықты жауап табу қиынға түседі. Біздіңше, сөз “бастыққа” емес, “пасыққа” деп басталған болуы мүмкін. Пасыққа сенген аңқау ердің дұспанға оңай алынуы Төле би заманында әдеттегідей іс болған. Пасыққа сеніп, алданып, опық жеп жүргендер бүгінде де жеткілікті. Сөз мәтінінде алданған ердің “пасықтарға” жалынатыны туралы тармақ бар. Бұл жерде де жаңсақтық барға ұқсайды. Тұрмыстық тәжірибеге сүйенгенде, алданған жандар пасықтарға жалынбайды, пысықтарға жалынады. Иненің көзінен өткендей пысықтар әр заманда да болған, қазір де бар. Сол пысықтардың ішінде пасық болып шыққандары да жеткілікті. Әйтсе де басына іс түскендер пасыққа емес, пысыққа жалынғаны, пысыққа жалынатыны рас. Осы тұрғыдан келгенде, бидің сөзіндегі “Пасықтарға жалынар” тармағының дұрысы “Пысықтарға жалынар” болу керек. Енді сөздің ақырғы тармағының алдындағы екі жолға көңіл бөлейік: Ниеті жаман пасықтар, Кісілік жоқ жасықтар. “Жасықтар” сөздің соңында қосылған. Жасықтардың жиналып, біреуге жабылып жәбір көрсеткені билер тәжірибесінде де, шешендік өнер тарихында да кездеспейді. Бұл жерде істің, қимылдың, әрекеттің иесі “жасық” емес, “пысық” болса керек. Сонда аталған жолдардың дұрысы мынадай болып шығады:

Ниеті жаман пасықтар,

Кісілік жоқ пысықтар

Өзіңе келіп жабылар.

Пайымдалған жайларды сараптай келгенде, бидің сөзінің жүйесіндегі іс пен қимылдың, әрекеттің иелері мыналар болып табылады: пасық(тар); аңқау ер; пысықтар. Пасықтардан алданған аңқау ер есесін қайтаруға көмек сұрап пысықтарға ұрынады. Ақыры ол пасықтар мен пысықтардан бірдей зорлық көреді. Би елдің ерлерін пасықтардың алдауынан, пысықтардың арбауынан сақтандырады. Мұндай қырағылық пен сақтық жаугершілік заманда әр азаматтың қорғаны қызметін атқаруға тиіс еді. Би өз сөзінде ел-жұртына осындай өмірлік маңызы жоғары қағида ұсынады.

Билік шешімдері мен шешендік сөздерінде елдің бірлігі мен ынтымағын, тәуелсіздігін насихаттаған би мелекттің сыртқы саясатына да араласқан. Селдей ағылып, топандай қаптап келген жауға елдің өз күші төтеп бере алмайтындай жағдай туғанда, би іргелес отырған іргелі елдерден көмек іздейді.

1743 жылы Түркістанды Сейіт хан басқарды. Бұл кезде де Төле би бас би дәрежесінде болған. Жоңғар мен қазақ шекарасының бас әскери бақылаушысы Сары Манджа нойан орыс елшісін Әбілхайыр ханға жеткізуді Сейіт хан мен Төле биге тапсырады.22 Төле би орыс елшісін Түркістанға анасын жерлеуге алып келген Жәнібек батырмен кездестіреді. Жәнібек батыр орыс елшісі К.Миллерді көріп, оны қабылдап, оның 1738-1739 жылдары бірінші орыс сауда керуенін Ташкентке бастап келгенін, Түркістан мен Ташкент арасында керуенді Қойгелді батырдың талан-таражға салғанын еске ала­ды.23 Жәнібек батырдың бұл сөзінің жөні бар. 1738 жылы қарашаның екінші жаңасында Түркістан мен Ташкент аралығындағы Балакемпір деген жерде Қойгелді батыр бастаған жүзден астам қазақ қолы 20 мың сомдық дүниесі бар орыс сауда керуенін шауып, керуенбасы поручик К.Миллер мен геодезист подпоручик Коше­левті бас қылып, керуеншілерді тұтқынға алады.24 Тек Қанай бидің ара түсуі арқасында ғана К.Миллердің басына азаттық беріледі. Қанай би Қойгелді батырдың жауынгерлерінің қолындағы керуеннің жүк артқан бір түйесін К.Миллердің өзіне қайтарады да, оны аман-есен Ташкентке алып келеді. Кейінгі сапарында К.Миллер Ташкентте едәуір уақыт кідіреді, Ресей шекара комиссиясына 1739 жылдың маусымында жетеді. Осы сапарында К.Миллер Ташкент туралы, Жолбарыс ханның ел билеу тәртібі туралы, хандықтың ішкі-сыртқы жағдайы, ел басқару жүйесіндегі Төле бидің орны, қазақ батырларының ісі туралы бірқатар бағалы мағлұматтар алып қайтады. Оның біразы П.И.Рычковтың “Орынбор тарихы” атты еңбегінде көрініс тапты. К.Миллердің осы сапарының егжей-тегжейі туралы жазылған басқа еңбектерде де Төле би хақында бағалы деректер беріледі.25 Алайда Төле би және оның тұсындағы ірі саяси және әскери оқиғалар жайлы баға жетпес құнды деректер К.Миллер мен Ш.Арслановтың қолжазбалары мен күнделіктерінде, олар туралы құжаттарда сақталған.26

1742 жылы 20 тамызда Әбілхайыр хан жоңғар қоңтайшысының елшілерін Ор қамалына ертіп келеді. Қамал әкімшілігіне жоңғар елшісі Кашка қазақтар жайында өз пікірлерін ашық айтып, қоңтайшының тапсырмасы бойынша, Әбілхайыр ханнан аманат алып қайтуға келгендігін мәлімдейді. Қамал әкімшілігі істің жайын қоңтайшыға қолма-қол түсіндіру үшін, К.Миллер бастаған елшілікті сапарға дайындайды. К.Миллер тобы сапарға еліне қайтқан жоңғар елшілігімен бірге шығады.27 К.Миллердің Жоңғарияға елшілігі 1742 жылдың 3 қыркүйегінде басталып, қазақ ұлыстары арқылы өтеді. Елшілік құрамында тілмәш Иван Ерофеев, капрал Тихон Дмитриев және алты жайық казак-орыс әскері болады. Елшінің қазақ ұлыстары арқылы жылжи отырып, өзінің жоңғар қоңтайшысына сапарының мәнісін қазақтардың мүдде­сін қорғау мақсатымен сабақтас түсіндіреді. К.Миллер­дің қолында Орынбор шекаралық комиссиясының бастығының жоңғар қоңтайшысы Қалдан Церенге хаты да бар еді. Қазақтар К.Миллердің елшілігімен қатар Жоңғарияға дербес өз елшілігін аттандырады. Елшілік Қалдан Цереннің тұтқынындағы Абылайды босату мақсатында Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілфейіз сұлтан бастатқан бірнеше белгілі кісілердің балаларын қоңтайшыға аманат есебінде алып барады. Төле би осы елшілер тобын жолға шығаруға, оның мақсатын анықтауға тікелей ықпал еткен ел басшыларының бірі болған. Елшілік сапары, Төле би күткендей, сәтті аяқталады.

К.Миллер бастаған елшілік жоңғар сапарынан оралып, Түркістанға келгенде, жоңғар елшісі Түркістан ханы Сейіт ханға, Төле биге, сондай-ақ К.Миллерге Қалдан Цереннің Абылайды тұтқыннан босатқаны жайлы хабарлайды. К.Миллер1743 жылы 14 мамырда Ор қамалында берген есебінде өзі бастаған елшіліктің жоңғар билеушілеріне қатты әсер еткенін, тіпті оларды едәуір үрейлендіргенін айта отырып, Абылайды жоңғар тұтқынынан босануын өз сапарымен тікелей са­бақтастырады.28

Жоңғарияға К.Миллер бастап барған Ресей елшілі­гінің де, қазақтардың өз елшілігінің де нәтижелі болуы елдің, ел билігін ұстап отырған ел басшыларының мерейін өсіреді. Мерейі өскен ел басшылары, батырлары сол тұста К.Миллердің алғашқы керуенінің 20 мың сомдық тоналған дүниесінің орнын толтыру туралы сөз бастайды. Бұл істе Жәнібек батыр үлкен белсенділік көрсетеді. Төле би Қойгелді батырды Түркістанға ал­дырады. Түркістанды билеп тұрған Сейіт хан, сондай-ақ Жәнібек батыр, елші К.Миллердің қатысуымен билер соты болады. Төле би Ресей сауда керуенінің тоналған дүние-мүліктерінің орнын толтыру үшін, Қойгелді батырдың екі мың жылқы төлеуі қажеттігі туралы билік шығарады. Қойгелді билікке мойынсұнады.29 Бұл арада Төле би 1740 жылы 24 тамызда Орынбор түбінде өткен мәслихат шешімін де ескерген болуы керек. Ол мәслихатқа Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан, Нұралы сұлтан, Ералы сұлтан Жәнібек батыр, сондай-ақ белгілі билер, ру басылар қатысқан-ды. Керуеннің дүние-мүлік­терін өтеу үшін айыпкерлердің екі мың жылқы төлеуі қажеттігі туралы ой алғаш рет осы мәслихатта айтылған болатын.30 Төле бидің бұл шешімінен де оның орыстармен екі арада ынтымақтастық пен сауда-саттық қарым-қатынастың қалыптасуына, дамуына ерекше мән бергенін аңғаруға болады. Бір бүйірінен жоңғар қадалып, тәуелді етіп, екінші жағынан Қоқан қоқаңдап отырған шақта Төле бидің Жәнібек батырды қолдап, орыс елшісінің көңілін ауламасқа шарасы жоқ та еді. Алайда орыс патшасы жоңғарға қарсы күресте Төле биге көмекке келуге асықпады. Би енді жоңғарға қарсы Қоқан хандығын пайдалануға бекінеді. Ташкент бегі болып тұрған Күсек-бектің жоңғар қоңтайшысынан қол үзіп, Қоқан ханы Әбділ-Керімді қолдайтынын мәлімдеуінің сырында кеңінен ойластырылған осындай шешім бар еді деуге болады. Шындығында да Қоқан хандығы Күсек-бекке үлкен көмек көрсетеді. Қоқанның қолдауымен Күсек-бек жоңғар қолына екі рет ойсырата соққы береді. Төле бидің жоңғарға қарсы қоқандықтарды пайдалану туралы ойы қалың жұртшылық арасынан кең қолдау табады. Ел діні бөлек жоңғарға кіріптар болғаннан бір діндегі қоқандықтармен ынтымақтасқанды дұрыс көреді. Алайда Төле биге қарасты ел-жұрттың жоңғарға кіріптарлығы жалғаса береді. Қалдан Церен Күсек-бектің орнына Ташкент тағына Айбек деген өз адамын отырғызады. Жоңғар қоңтайшысы Түркістан және Ташкент қала­ларын қазақ сұлтандарына кезек-кезек ұсынып, олар­дың арасында қызғаныш, талас-тартыс туғызуға күш салады. Әдепкіде Түркістанды, Ташкентті билеуге қазақ сұлтандарының қай-қайсысы да қызығады. Төле би Түркістан мен Ташкенттің билеушісі деген атақ үшін жоңғар қоңтайшысына кіріптар болуға көніп отырған сұлтандарды қаламайтындығын білдіреді, Әбілмәмбет ханның ниетін де қолдамайды. Ташкент пен Түркістанды жоңғарлардан күшпен қайтарып алу жолында Төле би Қоқан ханы Әбділ-Керімді пайдалануды мақұл көреді. 1744 жылы күзде Әбділ-Керім би Төле бидің мақұлдауымен әрі тікелей көмегімен Ташкент билігіне жоңғар қоңтайшысы отырғызған Айбекті қаладан қуып шығады. Қала бегі етіп өз адамын отырғызады да, Төле бидің қолына бас биліктің лайықты екенін мәлімдейді.31 Бірақ Төле би қалада емес, өз ұлысында болғанды дұрыс көреді.

Төле би Қоқан билеушісі Әбділ-Керім бимен келісіп, жоңғар басқыншыларына қарсы осындай қиын күрес жүргізіп жатқанда, Әбілхайыр хан мен Барақ сұлтан арасындағы тартыс шиеленісе түседі. Неплюевтің 1747 жылы 15 мамырда Сыртқы істер коллегиясына жазған рапортында Әбілхайырдың маңындағы елге жайсыздығы, шапқыншылығы, екіжүзділігі оның ханды­ғындағы өзге сұлтандар мен ру басыларын ғана емес, оның өз кіндігінен тараған ұлдарын да қатты ашындырып отырғанын жазады32. Мұның аяғы, көп ұзамай, 1748 жылы Әбілхайыр ханның өліміне әкеліп соқты. Егесіп, ерегісіп жүрген Барақ сұлтан Әбілхайырды өлтіріп ты­нады. Өлген ханның баласы Ералы сұлтан айыпкерлер­ден әкесінің құнын даулап, билер сотына шағынады. Ералы сұлтан билер сотынан айыпкерлердің өлген ханның құнын төлеуін әрі ханды тікелей өз қолымен өлтірген адамды өлім жазасына кесуді талап етеді. Билер соты айыпкерлерді жеті құн төлеуге тиісті деп табады, солай деп үкім шығарады. Ал Ералы сұлтан айыпкерлер­ден екі құн алып, қалған төрт құнды алмайды да, әкесін өлтіруге қатысы бар Сырымбет батырды өз қолымен өлтіреді.33 Әбілхайырдың балалары бұған да тоқтамайды, Барақ сұлтанның жауапқа тартылуын Төле биден де, жоңғарлардан да, орыс патшасынан да сұранып, ізде­ніске түседі. Бас сауғалап қашып жүрген Барақ сұлтан Төле биге өзі келіп, жасаған ісі үшін екінші рет сотқа тартуды, сөйтіп даугерлердің қуғынынан құтқаруды сұранады. Төле би билер сотына барша қазақ билерінің ішінен Барақ сұлтанның ұсынуы және өз қалауы бойынша, бірнеше белгілі билерді қатыстырады. Би­лердің қатарында, Ш.Уәлихановтың айтуы бойынша, Әйтеке би де болса керек. Билер алқасында Төле би Барақ сұлтанды ақтап шығады.34 Төле бидің осы сотта айтқан “Бір қойдан екі тері сыпырмайды (алмайды)” деген қанатты билік сөзі ел арасында кеңінен таралып кетеді. Сөз астарлы әрі көркем, сонысымен де құнды әрі көрікті. Бұрма мағынаның ажарын аша отырып, би сөздің түп мағынасының күші мен әсерін арттыра түскен. Соның нәтижесінде ол халықтың қабылдауына, санасына құйып, көкірегіне түйіп алуына барынша ыңғайлы, құлаққа жағымды, ойға қонымды болып шыққан. Сөзі көріктінің ойы көрікті, сөзі жүйелінің ойы жүйелі. Сөз бен ойдың көріктілігі мен жүйелілігі ойдың тереңінен шықпақ. Терең ой терең ойлаудан туады. Төле бидің ойы мен ойлауының тереңдігі, тегеурінділігі билік ретінде айтылған

осы сөзден де анық байқалып тұр. Бидің бұл сөзінде35 бір қылмыс үшін екі үкім, екі жаза болмайды деген құқықтық қағида негізделген. Бұлай дегенде би Әбілхайырдың өлімі үшін айыпкердің жеті құн төлеуі туралы билер сотының алғашқы үкімін ескерген болса керек.

Төле бидің ел ішіндегі беделінің, орнының жоғары екенін байқаған жоңғардың жаңа қоңтайшысы Лама Доржы 1752 жылы оны кеңесу үшін Жоңғарияға шақырады. Қауіп-қатер барын сезгенмен, Төле би өзін арнайы шақырып отырған қоңтайшыға баруға бекінеді. Қоңтайшы қазақ биін құрметпен қабылдайды. Еліне оралған Төле би Лама Доржының ұсыныстарын орында­май, Жоңғарияның ішкі жағдайының қандай күйде екенін, қоңтайшы Лама Доржының өз халінің жайын Абылай ханға жеткізеді, қоңтайшы тағынан үміткер болып, Лама Доржыға қарсылық жасап, ақыры қазақ жеріне бас сауғалап қашып келген Даваци, Әмірсана нойандарды Жоңғарияға қайтару туралы қоңтайшының сұранысын қанағаттандырмау жөнінде хат жолдап, кеңес береді. Хатта Төле би Давацидің бүкіл жоңғар аймағына беделді, абыройы асқан нойан екендігін, ол үшін жоңғарлардың өз арасында қақтығыс болып жатқанын, оны Лама Доржыға ұстап бермеуден қырғыз бен қазаққа келетін зиян жоқтығын жазады.36 Хаттың аты - хат. Оның шешендік өнердің үлгісі болғандай ерекшеліктері жоқ. Бірақ бидің хатында ойды орайлы, иланымды, дәлелді негіздеудің, ұтымды жеткізудің құралдары мен тәсілдері сүйсіндірмей қоймайды.

Төле би жоңғар билеушілерінің арасындағы тақ үшін болған күресті демеп, қолдап, ежелгі жауын іштен әлсіретуді дұрыс көріп қана қоймайды, бұл секілді істі Абылай ханға тікелей тапсыруды мақұл көреді. Нұралы хан жоңғар қоңтайшысына қарындасын бермекші болып, онымен келіссөз жүргізгендіктен, бұл пікіріне Төле би оны (Нұралы ханды) ортақ етпейді. Абылай хан Төле бидің бұл ұсынысын толық қабыл алады: Даваци, Әмірсана, Банчжур нойандарды жоңғар қоңтайшысына бермеу туалы шешімге келеді. Хан шешімін Бөгенбай, Жапақ секілді елдің белгілі батырлары да қолдайды.37 Осылайша келісімге келген қазақтар жоңғар қоңтайшы­сының тағына Даваци нойанның отыруына көмектеседі. Даваци қоңтайшы тағына отырғаннан кейін, онымен тіл табыса алмай қайта келген Әмірсананы да қолдайды. Сөйтіп, Абылай хан мен Төле би таққа таласқан жоңғар нойандарын алма-кезек қолдай отырып, ақырында Жоңғарияның сілесі қатып, қатты қалжырауына қол жеткізеді. Бұл Төле бидің Абылай ханмен бірлесе, кеңесе отырып жүргізген саясатының ірі нәтижесі еді.

Төле бидің қазақ халқының әдет заңына шешендік өнер, қанатты сөз үлгісінде енгізген жаңа баптары аз болмаған. Олардың бір қатары - мақал, енді бір қатары мәтел болып қалыптасқан. Мысалы, бүгінде Төле би айтқан екен деп жүрген “Ұр деп айтқан жазықты емес, ұрған жазықты” секілді қанатты сөз бар. Бұл сөз байырғы әдет заңның баптарына белгілі дәрежеде қайшы келеді. Байырғы әдет заң бойынша, “ұр” деп айтқан да, ұрған да жазықты саналған. Сондай-ақ біреуді “өлтір” деп жұмсаған да, біреудің осындай жұмсауы бойынша кісі өлтірген де жазалы болуға тиісті. Соңғы жағдайда біреудің жұмсауымен кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілгенде, оны кісі өлтіруге жұмсаған адам өлген кісінің құнын төлеген.38 Төле би жоғарыдағы билік сөзі арқылы біреуді қылмысты іске итермелеген кісіні емес, қылмыс­ты тікелей жасаған кісіні жазалауды дұрыс деп табады. Соған орай би әдет заңына біреуді ұруға итермелеген адамның емес, ұрған адамның, біреуді өлтіруге итермелеген адамның емес, өлтірген адамның жазықты болатыны туралы бап енгізеді. Бұл да Төле бидің билік айту, билік кесу ісіндегі, билік тұжырымын бейнелі, образды жеткізе білудегі терең парасатына айғақ болатын маңызды шешім еді.

Төле бидің шешендік билік сөздерінің жүйесінде әдет заңының, тіршілік философиясының алуан қырлары, терең сырлары бар. Бидің сөздері өмірдің ақиқат шындықтарына, өзі көріп білген, көз алдынан өткен құбылыстарға негізделеді. Халықта: “сөйлей-сөйлей шешен боласың”, “көре-көре көсем боласың”, – деген ғибратты сөз бар. Бұл да халықтың өмірден алған бай тәжәрибесі негізінде түйген даналық қағидаларының бірі. Әрине, сөйлей берген кісінің бәрі шешен болмаған, көре берген кісінің де көсем бола қалмағаны аян. Сөйлей-сөйлей шешен болған, көре-көре көсем болған жандардың жөні бөлек. Көне грек тарихшысы Плутарх әйгілі Демосфеннің шешендік өнерге келу жолы туралы айрықша бір оқиғаны баяндайды. Демосфеннің тілін төсеп сөйлейтін кемістігі болған екен. Шешендік өнер жолын таңдаған ол тілін де, сөйлеу мәнері мен дауыс ырғағын да барынша жетілдіріп, мінсіз шеберлікке жетуді алдына басты өмірлік мақсат етіп қояды, мақсатына жету жолында небір тосын жаттығулар жасайды: аузына ұсақ тастар салып алып, ақындардың өлеңдерін ұзақты күнге жатқа айтып жаттығады, тіпті шашының жартысын алып тастап, үйінен шықпай, айлар бойы жападан жалғыз шешен сөйлеуге машықтанады. Еңбек пен бейнет нәтижесінде Демосфен алдына қойған мақсатына жетіп тынады.

Шешендік өнер сөйлей-сөйлей үйреніп алатын кәсіп емес, оқи-оқи игеріп алатын мамандық емес. Шешендік – өнер. Өнер болғанда, қатардағы өнер емес, өнер біткеннің алды. “Өнер алды – қызыл тіл”, – деген халық даналығы осыған мегзейді. Шешен кісі - өнерлі кісі. Өнерлі кісі - талантты кісі. Олай болса, шешендік жақ жаппай сөйлеуден шықпайды, таланттан туады. Екіншіден, өнер мен өнеге егіз. Өнеге ұғымының аясы кең. Өнеге өнерден тыс тұрып та өрге баса беруі мүмкін. Ал өнер өнегесіз өмір сүре алмайды. Өнердің мәні өнегелілігінде. Сол себепті шешеннің өнері өнегелі өнер болып табылады. Өнеге кісіден, кісінің кісілігінен өніп-өседі. Рас, көргені жоқтан кісілік іздеу бекер. Солай дегеннің өзінде кісілік деген кісіге көп көргеннен қонбайды, негізден тамыр тартады. Көпті көріп, көргенін көкірегіне түйген, содан ғибрат алған, танымын байытқан, өмірлік ұстанымын ұстартқан жан ғана кісілікке бейім тұрады. Шешеннің бойындағы өнерінің жетіліп, өнегесінің өсуі талант пен ақылдың кемелдігіне тәуелді. Талант пен ақылдың, өнер мен өнегенің тас бұлақтың суындай таза сылдыраған сұлу келісіміне шешеннің шешені, бидің биі ғана жеткен. Мұндай келісімді тұтастық, түгелдік, кемелдік деу керек. Билік пен шешендік тарихында кемелдіктің мұндай биігіне Төле би жеткен. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының: “Үйсін Төле биден асқан би жоқ”, – деуінің мәнісі осында.

Төле би Әбілхайыр ханның өлімі үшін жеті адамның құнын кескенде де, Барақ сұлтанды кейінгі сот үстінде ақтап шыққанда да, туысы Қойгелді батырға тоналған орыс сауда керуенінің өтеуіне екі мың жылқы төлеуіне билік шығарғанда да елдің елдігін бұзбауды, әлі кел­генше халықтың бейбіт, тыныш жағдайын, тұтастығын қалпына келтіруді, сақтауды көздейді. Бидің бұл секілді еларалық сипаттағы билігімен қатар ұлыс ішіндегі дау­ларды шешкен билігінде оның мемлекеттік деңгейдегі парасат-пайымы, ойының саралығы мен ниет-тілегінің тазалығы танылады. Мұның бір мысалын қазақтың әдет заңын зерттеуші П.Е.Маковецкий атап өтеді. П.Е.Мако­вецкийдің келтірген дерегінде Төле би суыққа тоңып өлген бір адамға байланысты билер жиынында халық алдында билік айтады. Билік бойынша, боранда, қатты суықта тоңып өлуге айналған жанындағы немесе оған жол үстінде кездейсоқ ұшырасқан адам үстінде қасқыр ішігі бола тұра қайрылмай кететін болса, онда ол суықта қалып үсіп өлген адам үшін жарты құн төлеуге тиісті болады. Егер оның үстіне кигені қасқыр ішік емес, жай тон болса, онда ол суықтан үсіп өлген адам үшін айыпсыз, жазықсыз деп танылған.39

Бидің шешімінде, билік үкімінде адамға, адамның өміріне деген құрмет те, адамгершілік ұлы сезім де, жұртты кісілікке, ізгілікке, имандылыққа тәрбиелеуді мақсат тұтқан аталық даналығы да бар десек, оның ешқандай артықшылығы жоқ.

Төле бидің ендігі бір билігі Л.Баллюзектің еңбегінде көрініс тапқан. Биліктің мазмұнын түпнұсқадан алыс­татпау мақсатында, оны орыс тіліндегі қалпында беруді дұрыс көрдік:

“Так некто из большой орды, по имени Уйсюн Туле-би, по одному бывшему в его время делу о покраже одним уйсюновцем у другого треног, по-киргизски чидер, постановил следующее оригинальное и неслыханное до толе решение: по объяснении каждым из тяжущихся лиц сущности дела, он долго сидел как-бы задумавшись над решением такого пустого случая; потом приказал надеть треноги тремя концами на три лошади так, чтобы у каждой стреножено было по одной задней ноги. Стреножив таким образом одними треногами трех лошадей, каждую за одну ногу, би приказал прогнать каждую из них врозь и в разные стороны, при чем сказал, что если треноги от этого порвутся – не пологать за них никакой платы и никакого аипа. Но они несмотря на усилия лошадей не порвались и удержали лошадей на месте. Тогда он обратился к тяжущимся со словами, что это не чидер, а үш ерь, т.е. не треноги, а три мужа, или другими словами в них заключается сила, равная силе трех мужчин. Почему и определил платить за них не по цене материала, из которого они сделаны, т.е. не как за ремень, а как за три мощные руки и по видимости от них практической пользе – 3 лошади 5 году или үш бесті ат.

Живя в самый разгар баранты, среди ежечасных опасностей от набега хищников, от которых предос­торожность требовала держать каждому воину-киргизу коней своих в треногах, Туле считал последние как-бы за хозяйские руки, держащиеся за ежеминутно нужный ему предмет, и как бы за верных сторожей, а потому не удовлетворялся существовавшею до него ничтожною ценою за кражу такой важной вещи, как треноги, и при первом представившемся ему случае усилил за них штраф в тех видах, чтобы отбить в ворах охоту к краже из опасения подвергнуться за простой ремень неслыханному аипу в 3 лошади. Затем, для внушения всякому необходимой по тогдашнему времени предосторожности, он же Туле постановил, чтобы за кражу лошади, пущенной хозяйном в путах-тусау, не взыскивать никакого штрафа, полагая таковой только за стреноженную и за привязанную в колышку арканом. Сообразив степень надежности каждого из сих трех способов держания лошадей при себе и степень практической от каждого из них пользы, он назвал их так: чидер – қос, арқан – дос, тұсау – бос, т.е. треноги – қос или кибитка, или другими словами: то, что в треногах, все равно что в комнате; арқан или веревка – друг, то есть тоже верное средство; но путы – пустяки, или весьма ненадежное средство. Чтобы пояснить или осмыслить странное, быть может для некоторых, с первого взгляда постановление знаменитого бія, необходимо заметить, что стреножен­ная лошадь, у которой три ноги привязаны и также привязанная арканом в вбитому землю деревянному колу, действительно не может отшатнуться, тогда как путы, надеваемые только на передние ноги, ни чуть не мешает лошади уйти прыжками так же далеко, как и на свободе”40.

Л.Баллюзек қазақ биінің билігіне таң қала отырып, мұндай шешімнің жаугершілік жағдайындағы қазақтар үшін мейлінше тиімді екендігіне назар аударады. Аңдап қарағанда, Төле бидің бұл билігінің де мемлекеттік, бүкілхалықтық мүддеге негізделгені көзге түседі. Оның үстіне бидің ойы дара, биліктің мазмұны сара: елдің де ердің де көкейіне қона кетеді. Дара ой мен сара мазмұнның түрі де сыңғыр қағып, біріңғай келісіммен жарасып тұр. Расында да “Шідер – қос, арқан – дос, тұсау – бос” деген қанатты сөздер мазмұнының байлығымен, негіздерінің тереңдігімен, дәлелділігімен ғана емес, бірін-бірі қуалай, бірімен-бірі жараса үндескен сұлу келісімімен, жарыса үйлескен әсем ырғағымен де ерекше назар аударады. Халық алдында үш ат үш жаққа бар күштерімен жұлқа тартқанда да үзілмеген шідер туралы бидің сөзінің түрі мен түсі, құрылымы бізге дәл айтылған қалпында емес, ықшамдалған, қысқартылған күйде айтылып отырғаны анық. Л.Баллюзектің жазуында көрініс тапқан үлгі шағын ғана: бұл шідер емес, үш ер. Сөзде сезімді балқытатын, ойды толқытатын эмоциялық күш жасырын жатқан сияқты көрінеді. Егерде би: “мұны шідер дегенше, үш ер десейші”, – дегендей болса, сөздің эмоциялық бояуы ашыла түскен болар ма еді... Қалай дегенде де бидің сөзінің көркемдік кестесі келісті, логикалық қисыны қуатты.

Заманының кемеңгер саясаткері, сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем Төле бидің артында дана­лығына куә болып билік шешімдері, тыңдаған жұрттың ойын ұйытып, сезімін балқытқан асыл сөздері, сырты күміс, іші алтын шешендік толғаулары қалды, солардың бәрінің өзегінде күн нұрындай жарығын шаша балқыған арман, бидің алдындағы ел-жұртын басы біріккен іргелі, егеменді ел етсем деген ұлы арманы қалды.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]