Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
3-tom__1178_aza_1179__1241_debietini_1187_tarik...doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

Ақтайлақ би Байқараұлы

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары ұғым-түсінігіміз бен сана-сезіміміз көп өзгеріске ұшырап, өткен жолымызға жаңаша қарайтын болдық. Сол тұрғыда тарихты таразылағанда оның жасампаз беттерін жарқырата түсетін жеке тұлғалар екеніне көз жетеді. Ол еш дау тудырмайтын ақиқат екенін есті уақыт әлдеқашан айғақтаған. Есімдері ел тарихында үлкен із қалдырып, рухани мұралары ғасырлар тереңінен тамыр тартып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ғұлама данагөйлер қазақ даласында жетіп артылатындығына уақыт өткен сайын көз қанығуда. Көне қазақ жерінің асты пайдалы қазбаларға қаншалықты бай болса, оның үсті де рухани құндылықтарға соншалықты мол. Осы орайда халықтың халықтығын, жеріміздің тұтастығын сақтап қалуда ерен ерлік үлгісін көрсеткен хас батырлар мен мемлекет қайраткерлері дәрежесіне көтерілген от ауызды, орақ тілді атақты билер мен аттары аңызға айналған арқалы ақындар шоғырының көш басында ғибраты мол, тұлғасы биік Ақтайлақ би Байқараұлы тұрады. Ол әрі ақын, шешен, жырау, ірі мемлекет және қоғам қайраткері болған.

Ақтайлақ би өнегелі де қасиетті әулеттен шыққан. Бұл күндері бұрынғы Семей, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігіне қараған жерлерде мекендейтін Найман ішіндегі Сыбан руы – оның арғы ата тегі. Сол Сыбанда Жанкөбек бидің баласы, ертеде Ташкентті билеген бек Нарымбай дейтін сөзге шешен, әділ би өткен. Оның жалғыз ұлы Құттыбай Қаз дауысты Қазыбек тұғырдан тайғаннан кейін ұлы бидің орнын басып, білгір білімі мен шешендігіне орай “Қу дауысты Құттыбай” деген атпен Абылай хан заманында белгілі болған атақты би. Ол 1760 жылы Абылай хан атынан Пекинге барған алғашқы қазақ елшісінің бірі. Құттыбайдың Байқара, Ботақара, Боран, Сейтен атты балалары да шеттерінен сөзге ұста болып, шешендігімен көзге түскен. Осы төртеуіне сол кезде халық “Төрт Құттыбай”, “Бас ауыл” деп ат беріпті. Сол төрт Құттыбайдың Байқарасынан Ақтайлақ туады.

Билер әулетіне өз кезінде халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі, аса көрнекті қоғам қайраткері, тарихшы-ғалым, инженер, этнограф Мұхамеджан Тынышбаев та назар аударып, өзінің “Қырғыз-қазақ халқының тарихына байланысты материалдар” атты белгілі кітабында (Ташкент, 1925): “Жанкөбек Найман ішінде ең атақты рудың бірінен саналады. Жанкөбектің ұлы Нарынбайдан бастап Жұмаханға дейін 7 ата бойы аса көрнекті билер бірінен соң бірі болыпты. Мұның өзі қазақ тарихында болмаған құбылыс. Жанкөбектің немересі Құттыбай (Қу дауысты Құттыбай) аңыз бойынша Тәуке хан тұсында Ташкентті билеген. Оның ұлы Байқара болса, Орта жүздің атақты биі арғын Қазыбектен кейін Орта жүзде бірінші би саналған, оның ұлы Ақтайлақ би де атақты кісі болған, оның ақылды шешімдерімен салт бойынша бекіген заң ретінде қарап, соңғы кезге дейін жүгінген” деп жоғары баға береді.

Қазақ поэзиясының биік көгінде жұлдыз болып жарқыраған Дулат ақынның жыр-толғауларына арқау болған, ұрпақтары мен ел-жұртының жадында жатталған Байқара биді халық табиғат берген ерекше көріпкелдік қасиетіне байланысты әулие санап, ел қорғаны ретінде құрмет тұтты. Дулат ақын “Кеңесбайға” атты толғауында:

Байқара атаң бай болды,

Төрт түлігі сай болды.

Қайыры елге мол болды,

Анық әділ сол болды.

Серкештен жылқы айдалды,

Көшкенде жұртта тай қалды.

Алдына келген дау болса,

Әділдікпен жайғалды.

Дәулетіне ел кенелді,

Жетім-жесір теңелді.

Опасыз мына жалғаннан,

Демі біткен күнінде

О да көшіп жөнелді, –

деп тебірене толғайды.

Байқара бидің елден ерекшелендіретін қасиеті – әулиелігі. Әулие адамның өн бойында сәуегейлік, көріпкелдік пен болжаушылық бірдей тоғысып астасып жатады. Мұндай атақ дәп қазіргідей екінің біріне таңылмаған. Нар дауысты Нарымбай мен Қу дауысты Құттыбай билер сияқты аруақты аталардан өрбіген, қасиетті тұт бесікте тербетіліп өскен Байқара биге осындай қастерлі атақты халқы кемеңгер көсемдігі, ізгі ісі, сөз бастаған шешендігі, қара қылды қақ жарған әділ билігі және туысы Ақтамберді жырау, батыр бастаған жасақта көрсеткен ерліктері үшін берді. ХVІІІ ғасырда болған ел тарихындағы қиын кезең – “Ақтабан шұбырынды” заманында жоңғар тегеуірінінен атамекенін тастап, қиыр жайлаған халқын жауға тойтарыс берілгеннен кейін өз ата-жұртына қайта қоныстандыруда Байқара бидің алысты бағдарлайтын болжампаздығы мен білгір басшылығы көп септігін тигізді.

Халық данасы, дала данышпаны атанған, көрегендігімен ел басқарған Байқара би сынды нар тұлғалардың арқасында халқымыз сара жолынан адаспай, ұлттық болмыс-бітімін сақтап қалған. Ел-жұрт тығырыққа тіреліп, қиналған сәттерінде Байқара әулиенің даналығына көбірек жүгінген. Ел арасындағы даулы мәселелерді шешкен кезде ол тек қана әділдікті ту етіп ұстаған, бармақ басты бұра тартуға жол бермеген.

Ел аузында жатталып бүгінге жеткен:

Ханға бермес қара бар,

Қылышқа бермес ара бар.

Кейбір қараның сөзі,

Хан сөзіне пара-пар,–

деген бір ауыз дана сөзі арқылы күрмеуі қиын дау-дамайды мейлінше әділ шешудегі Байқара бидің көсем билігі мен шешендігі жұртшылық көңлінен шыққан.

Ел тұтқасын ұстаған,

Түзу жолды нұсқаған

Байқарадай би қайда?

деп Шағалақ дейтін ақын тебірене толғап жырлағандай дархан табиғат сыйлаған ерекше қадір-қасиетті бір бойына тоғыстыра білген Байқара бидің осы кемел ісі, үлгі-өнегесі оның баласы, атақты би атамыз Ақтайлаққа дарыған.

Сол бір қиын заманда ақыл-парасатымен толғаған-топты тоқтатқан, екі талай қысылтаяң іс болғанда тапқырлығымен жол нұсқап, көзге түскен, есімі ерте күннен алты алашқа белгілі болған, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қара тілдің шебері атанған шешен, дипломат Ақтайлақ бидің шешендік дана сөздерінен, билермен айтысынан, өлеңдері мен жыр толғауларынан, әділ биліктерінен оның төкпе жырдың, суырып салма ақындық өнердің үлкен шебері болғанын байқауға болады. Ақтайлақ би – Бұқар жырау, Ақтамберді жыраулар секілді қазақ әдебиетіндегі дара ақындық шығармашылықты бастаушылардың бірі. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ: “Тыныштық заманда қиюы қашып, арасы ашылған қарындасты табыстырып, қысылшаң заманда сасқан елге жол табатын, бет нұсқайтын кемеңгер көрегені болған”. Демек, Ақтайлақ Байқараұлы қазақтың байырғы шешендік өнерін өзінің өлең, толғауларымен зерделеп, кезінде елінің ақылшы кемеңгері ретінде танылып өткенін білдіреді. Ол аталы сөздерімен, іс-әрекеттерімен ел бірлігін сақтауға бар күш-жігер, қайратын жұмсай білген.

Ақтайлақ би атақты би-шешендер әулетінде шамамен айтқанда ХVІІІ ғасырдың орта тұсында, 1742 жылы Орталық Қазақстандағы Ақтайлақ өзенінің бойында туған, Ақтайлақ деп ат қоюы осы себептен болса керек, ал өскен жері – қазіргі Семей аймағы Абай мен Жарма аудандарының шектесетін жеріндегі Құндызды өңірі. Ол кезде Құндыздыны қалың Найман, оның Сыбан руы қоныс етіп, жайлап, қыстап келген. "Қара көк шыққан жері қалың нудан" дегендей өз жұрты атақты би-шешендер әулеті болса, нағашы жағы да осал емес. Анасы Мәнхан әйгілі Қаз дауысты Қазыбек бидің қарындасы екенін айтсақ, көп нәрсені аңғаруға болады. Ақтайлақ би жүз жасқа жуық жасаған, 1838 жылы дүниеден өткен. Бұл туралы оның қартайған шағында айтқан өлеңіндегі:

Екі қырық, бір он бестен асып тұрмын,

Аяқты апыл-тапыл басып тұрмын

деген жолдар айқын дәлел болады.

Зираты Шығыс Қазақстан облысы Аякөз ауданына қарасты Сарыарқа ауылының терістік жағындағы Қайрақты тауының күнгей жақ бауырындағы төбе үстінде әкесі Байқара би кесенесінің жанында орналасқан.

Шешен-жырау өзінің ұзақ өмірінде үлкен-үлкен дауларға түседі. Қара сөзбен терең ой толғаған өлеңге бергісіз кестелі, әсерлі де ұтымды сөздерді осындай жерлерде айтады. Ақтайлақ би айтқан дейтін осындай ұтымды өткір сөздер ондап саналады. Алқалы топ, жиынды жерлерде, сөз сайыстарында алдына жан салмаған оның “Қазақтың қара тілі” атануы да содан. Оның бар шығармашылығын құрайтын да сол билік үстінде айтылған аталы сөздері мен толғау өлеңдері, сөз қағыстары.

Ақтайлақ шығармасы ел аузында көп сақталған. Оның таралу географиясы Ресейдің Түмен өңірінен бастап Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Баянауыл, Шығыс Қазақстан, Қытайдың қазақтар жиі қоныстанған Шыңжаң өңірі мен Жетісу өлкесі, Өзбекстан мен Қырғызстанға дейінгі үлкен аумақты қамтиды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қоры мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар және текстология бөлімінде “Ақтайлақ биден қалған” деген шығармаларының ұзын саны елуге тартады. Оған қоса би туралы аңыз әңгімелердің өзі отыз шақты. Соңғы жылдары бұл орталық қоры белгілі сазгер, өнертанушы Ілия Жақановтың Ақтайлақ би шығармаларын Жезқазған өңірінен жазып алған және қарт жинаушылар аякөздік Ғабділахмет Шәкеров, жармалық Сіләмшайық Имаммұсаұлы және Көкпекті ауданында тұрған халық ақыны Қалихан Алтынбаев қолжазбаларымен толықтырылды.

Ақтайлақ бидің 1991 ж. шыққан алғашқы кітабы бойынша және соңғы кездері ел аузынан жиналған, Қытайда шығатын “Мұра” журналында жарияланған материалдар негізінде “Атасы асыл сөздің Ақтайлақ би” атты үлкен жинақ құрастырылып 2000 жылы жеке кітап болып шықты. Бұл жинаққа Ақтайлақ би мен ата-бабалары туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелер, ақын-жыраудың толғаулары мен өлеңдері, биліктері мен сөз қағыстары, нақыл сөздері, оның ақын ұрпақтарының шығармалары, Ақтайлақ би туралы мақалалар, би жазып қалдырған шежіре енгізілді. 2003 ж. "Отырар кітапханасы" сериясымен Астанадағы "Елорда" баспасынан өлеңдері мен толғаулары, шешендік және билік сөздері, би туралы мақалалар топтастырылған "Ақтайлақ би" жинағы жарық көрді.

Би болған соң да Ақтайлақ ел ішінде дауы мен шарына көп араласады. Сондай алқалы топта сан шумақтар, тақпақтар мен қанатты сөздерді де шығарып тастап отырған. Өмір, дүние туралы, адамгершілік асыл қасиеттер жайлы философиялық ой-орамдары бар толғауларды көп айтқан. Бұл ретте Ақтайлақтың ақын ретінде “Нені айтамыз” деген философиялық нақышқа құрылған өлеңінің маңызы зор:

Ақ сауыт деп айтамыз,

Атылған оқ өтпесе.

Арғымақ деп айтамыз,

Желгенде жылқы жетпесе.

Ақылды деп айтамыз,

Тозған елді септесе.

Ер жігіт деп айтамыз,

Жауға тастап кетпесе.

Жақсы әйел деп айтамыз,

Жамандап ерін сөкпесе.

Жабылып елі көптесе.

Шерлі мұңы тарқамас,

Көзінің жасын төкпесе

Жақсы менен жаманды,

Жаманат деп жалғанды

Қолмен ұстап, көз көрер,

Санаулы демің бітпесе

деп адам бойындағы асыл қасиеттерді тізбектеп санаға құяды, бидің тақтайлап айтқан осы жыр жолдары дана абыз өсиеттеріндей көкейге қонып, тағылымдық маңызымен баурап алады. Сонымен бірге үй-іші, от басы, ошақ қасы сияқты жайларға қатысты сөздері үлкен, салиқалы ойлармен шебер айтылады. Ата-ана тағылымы мен тәлім-тәрбие туралы дидактикалық ғақлия өлеңдері мен жыр термелері де бүгінгі жастарымызға үлгі боларлық нұсқалар:

Тасыма жігіт тасыма,

Тасыған жетер басыңа.

Жаттан да жақын шығады,

Жатырқап жаттан шошыма.

Бәрін өзім білем деп,

Бекерге лағып жосыма.

Үй мекені дейсіңдер,

Үй артында кісі бар,

Білгендерің осы ма?

Ителгідей томсарсаң,

Кім жолайды қасыңа.

Күлме бекер досыңа,

Жақсылыққа қуанып,

Жамандыққа жасыма.

Жақсылық пен жамандық

Өмірінше тұрмайды,

Бір кісінің басында.

Қай кезде болсын, ескірмейтін, өшпейтін, ғибраты мен тағылымы мол, жоғары адамгершілікке толы мұндай төкпе жыр шумақтарын Ақтайлақтың қай өлең-толғауынан болсын жиі ұшыратамыз.

Өз шығармаларында Ақтайлақ би ел намысын, ер намысын ұстай білуді ту етіп отырады. Елін, туған жерін шын сүйіп өскен ел азаматы болса, оған керекті асыл қасиеттерді төбесіне көтере құрметтейді, оларды өзінің от-жалынды жыр-толғауларына арқау етіп отырады. Жас ұрпаққа бауырмал, ұйымшыл болып өсуді үйретіп, оларды имандылыққа, ізгілікке шақырады.

“Ердің құны – екі елу” атты билік толғау – Ақтайлақ шығармаларының ішіндегі ең жоғарғы биік туындысы. Себебі, ол ең алдымен, кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде қалар нұсқа, әділ биліктей айтылған сөз болса, екіншіден, ол ел жақсысы атанған кейбір билердің парақорлығын әшкерелейтін терең ойлы өткір философиялық эпиграмма. Тобықты Өскенбай бидің тұсында Көкше руының жігіттері көршілес Керей елінен барымтамен мал алып, екі жақ қатты ұрысқа түскен кезде Тобықты–Көкшелер Керейдің бір адамын өлтіреді. Содан екі елдің арасын егер қылған үлкен жанжал бұрынғысынан да өршіп, Сергиопольде бас қосқан үлкен жиында қаралатын дауға ұласады. Талай билер, ел жақсылары сол жиынға шақырылады. Билік айтуға Керейлер Ақтайлақ биді атап, Көкше жағы Бопы төрені қалайды. Сол сәтте Бопының баласы Солтабай төре әкесіне білдірмей Көкше жағынан пара алады. Енді дау үстінде төрт кісі күмән ұстамақ болған мезетте Ақтайлақ би Бопы төренің пасық әрекетіне тосқауыл қояды. Ел сенген жақсылар билікке араласқанда, адамгершілік пен адалдық қасиеттерді берік ұстау керектігін айта отырып, алдамшы, парақор бидің масқара ісін көп алдына тезге салдырады. Кісісі өлген Керейлерге төлеу үшін жүз түйе құн кестіреді. Ол шешімге Бопы наразылық білдіргенде:

Әуелі баһара ашылса,

Аққу шомар көлдерге.

Туысқаны кімнің көп болса,

Үлкен медеу белдерге.

Қырық кез торғын жатыр ғой

Ақ сандықтың түбінде.

Бәрін айт та, бірін айт

Солтанжан-ау,

Сары қасқа ат тұр ғой белдеуде

деп құлқынның құлы болған, көп үмітін ақтай алмаған парақор бидің қылмысын әшкерелейді. Ақтайлақ бидің қара қылды қақ жарар әділдігі оның биік ақыл-парасатынан туатынына сол жолы көзі жеткен жұрт кейінде де аңыз етіп ел іші таратып әкеткен. Ұлы ақын Абайдың әкесі жас Құнанбай да осы билік куәсі болып, даудың әділ шешілуіне, Ақтайлақ би шешіміне тоқтамға келуге әкесі Өскенбай биге ықпал еткен.

“Ердің құны – екі елу” билігі кейінгіге нұсқа болып қалған. Осы орайда 1885 ж. мамыр айында Шар маңындағы Қарамола төтенше съезінде ұлы ақын Абайдың тікелей қатысуымен жазылып қабылданған “Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережелері” немесе “Билер ережесі” үлкен маңызы бар құқықтық құжаттың 27-ші бабында: “Әдейі қастандықпен өлтірілген ер құны 100 түйе” деп көрсетілген, яғни бұл бап Ақтайлақ бидің “Ердің құны – екі елу” кесіміне нақ сәйкес келеді. Оның үстіне осы “Билер ережесін” жазуға Ақтайлақ бидің шөбересі Жұмахан Жарқынбайұлының Семей оязының құрметті қазағы ретінде қатысып қол қоюы көп жайтты аңғартса керек. Ақтайлақ бидің тағы бір талантты шөбересі, көрнекті халық ақыны Төлеу Көбдіков осы билікті шығармасына арқау етіп, “Ақтайлақтың толғауы” атты дастан жазған.

Ақтайлақтың осы әділ билігіне қатысты әңгімені Абайдың талантты шәкірті, көрнекті ақын Көкбай Жанатайұлы аузынан жазып алған Мұхтар Әуезов “Таң” журналының 1925 жылғы N 2 санында “Сыбан Ақтайлақ би” деп арнайы жариялаған. Мұқаң “Билер айтысы” деген тағы бір зерттеуінде осы айтылғандарға қайта оралады. Сөйтеді де екі бидің таласып айтқан сөздеріне мысал етіп, Ақтайлақ би айтысын тағы нұсқаға келтіреді. “Қазақтың ауыз әдебиеті” деген басқа бір іргелі зерттеуінде: “...Ел аузындағы аңыздар мен әдебиеті сұлтан Солтабайдың пара алатындығына қарсы Найман руынан шыққан Ақтайлақ бидің әділ сөздерін халық мақтап, көтеріп айтады”, – деп бидің шешендік, шеберлік талантына ерекше назар аударады.

Бұл толғаудың өне бойынан ХVІІІ ғасырдағы қазақ поэзиясының ірі өкілі Ақтамберді жырау шығармаларының әсерін, онан жұғысқан үлгі-өнегені ерекше байқауға болады. Ақтамберді жырау да жоңғарлармен соғыста жүрген кездерін және өмірінің ақырғы кезеңдерін де осы Ақтайлақ бидің туып өскен өңірінде, яғни Хан Шыңғыстауы, Құндызды, Арна өзендері төңірегінде өткізген. Сонда Ақтайлақ өзінен бұрын осы батыр жырау ұстазымен кездесіп, одан ақыл-кеңес алуы әбден мүмкін. Сол себепті де болар, Ақтайлақтың толғау, жырларында жастарды батырлыққа, ерлікке шақырған үндеуі Ақтамберді жыраудың елін сүю, оны қорғауға әзір болу сияқты отаншылдық идеясына, азаматтық жігерлі сарындарына бой тартатыны білініп тұрады.

Ақтайлақ шығармалары оның өмір сүрген дәуіріндегі өз халқының болашағы жайлы ойлап, қалай түсінгенін танып, аңғартады. Би ақын ретінде сол дәуірдің тұрмыс-салты мен бел алған дәстүрін, сол кездегі өмір ағымына, әлеуметтік өзгерістерге байланысты қазақтардың дүниетанымдық ерекшеліктері мен ой тұжырымдарын толық байыта жырлайды. “Достық жайлы”, “Өзімшілдік және әдептілік жайында”, “Куәсізде қуат болмас” және тағы басқа толғау өлеңдерінде адал жар, асыл ер жайлы ойын шебер айтады. Жақсы мен жаманның айырмашылығы туралы, ағайын арасының татулығы мен туысқандық сыбайластық қасиеттері туралы жыр тиегін ағытады. Сол сияқты дүниеқоңыз пейіл мен пасықтық, есерлік, мақтаншақтық, опасыздық секілді мінез-құлықтарды сын тезінен өткізеді.

Ақтайлақ би мемлекет ісіне де белсене араласқан. Болат ханның тұсында 1773 ж. қыста Қытайға қазақ елшілігін басқарып барып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға көп еңбек сіңірген. Бұл жөнінде Қытай Шың патшалығының Орда күнделігінде жазылыпты.

Ақтайлақ би тек заңгер, ақын-жырау, шешен ғана емес, елінің тарихын көп білетін шежірешісі дәрежесіне көтерілген. Абылай хан өз тұсында Көкшетаудағы ордасына үш жүзден таңдаулы елу биді шақыртып, қазақ руларының ата-баба шежіресін жазуға тапсырма беріпті. Әлгі билер мерзімді уақыт өткеннен кейін жазған шежірелерін ханға әкеліп табыс еткеннен кейін Абылай хан өз кезегінде бұл қолжазбаларды атақты бес биге көрсетіпті. Сол бес бидің бірі Ақтайлақ би екен. Бесеуі шежірелерді өзара талқыға салып, қазақтың ортақ шежіресін жазып шыққан деседі. Мұның бәрі мемлекеттік маңызы бар іс ретінде өте құпия сақталыпты. Бес би қарап жазып шыққан ортақ шежірені Абылай хан құптап, бірнеше данасын қайта көшіртеді де, елу биге бір-бірден үлестіріп береді. Ақтайлақ биге де бір данасы тиіпті. Шежіренің қолжазба түпнұсқасын би ұрпақтары қастерлеп сақтап келген. 1930 жылдар зобалаңы басталған кезде шежірені тау-тасқа тыққан, бірақ уақыт өте келе заман түзеле бастағанда қайта іздестіргенде ешкім таба алмапты.

Ақтайлақ би шежіресі дегеніміз ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткен жұрнағы ғана. Соның өзінде Ақтайлақ би қатысқан ата-баба шежіресі қазақ тарихын жазуға үлкен септігін тигізді деуге болады. Сондықтан да өз тарихын да, тағдырын да, тәлім-тәрбиесін де, заңын да, даналығын да, қуанышы мен қайғысын да бір ғана “би” сөзіне сыйғыза білген Ақтайлақ би таразы басын тең ұстап, қара қылды қақ жарған әділдік жолын ұстанды. Осы өткен ғасырларда қазіргі қазақ тілінің де кемелденіп, мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің көбеюінің де себеп-салдары Ақтайлақ би сияқты сөз зергерлерінің арқасы деуге қақымыз бар.

Қазақ даналығының жоғарғы көрсеткіші билер институты десек, ол тек халықтан ғана тәуелді болған, яғни қазір демократтар аңсаған үш биліктің нағыз тәуелсіз сот тармағын құраған. Билер институтының басты ерекшеліктері: биді ешкім тағайындамайды, халық оны білімділігі мен шешендігіне қарай талдап, соның ғана шешімін қабылдайды. Осындай көп таңдаудан өткен билер ғана ру көсемі, ел басшысы дәрежесіндегі билер аталып, жұртшылық атынан сөйлей алған. Осындай сындардан мүдірмей өтіп жас күнінен би атанған Ақтайлақби шешендіктің билік айтар тұстағы ең бір қажетті ерекшелігі – туған халқының жүйе-жобасын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, заңдық қалыптарын жетік білген. Қазақ билік өнерінде жүйеден ұтылса, сөзден жеңілу оп-оңай болған. соған орай Ақтайлақ би шешендігіне қоса ғұлама, білімдар зерек адам болған.

Дала данасы Ақтайлақ би еліміздің қайталанбас елдігін, ерлігін, қасиетін, даналығын бүкіл қазақ даласы мен көрші елдерге танытқан мақтанышымыз деп білу керек. Қазақта “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” деген тамаша мәтел бар. Демек, дала даналығы ұяда тәрбие еккен асылдық. Ақтайлақ би тәрбиесі мен үлгі-өнегесінен өрбіп, өз жемісін, нәтижесін берді.

Сақал-шашы ағарғанша тұғырынан таймаған, халқы алақанына салған батагөй қарт өзінің өмір бойы жинақтаған тәлім-тәрбиесін, ұлағат сөздерін балаларына, көкірегінде сәулесі бар, үміт күткен жастарға құюдан еш жалықпаған. Мұның жарқын мысалы - ұлдары Кеңесбай, Жарасбай, Айнабай, Әкімбай, Сабырбайлар бес би аталып, өлең сөзге де, қара сөзге де шешен болыпты.

Ұлы Мұхтар (Мұхтар Әуезов) қайран қалып тамсана жазған Сыбаннан шыққан 17 ақынның бәрі де Ақтайлақ би талантынан нәр алған талантты шәкірттері. Сол заманда Сыбан ішінде Байқарадан тараған Ақтайлақ бастаған 17 ақын атақты жыр дүлдүлі Жанақпен айтысқаны белгілі. Сонда олардың бірнеше күн айтысқаны туралы белгілі түркітанушы-ғалым Радлов естіп біліп, осы айтыстың шағын нұсқасын жариялағаны мәлім. Одан кейін Ы.Алтынсарин, С.Сейфуллин және М.Әуезовтің ерекше мән бере айтқандары және бар. Бұл сөз болған жайттың барлығы Ақтайлақ бидің өз баласы Сабырбай, жақын туысы, Әділ ханның сұрқылтайы атанған Түбек сынды атақты жыр жүйріктерінен құралған ақындық мектебі болғандығын паш етеді.

Мұхтар Әуезовтің Ақтайлақ би ұрпақтарының бірі екендігін ауыз толтырып айта аламыз. Бидің үлкен баласы, ел басқарған Кеңесбай би ұлы жазушының атасы, бозбала жігіт Әуезді сонау қияндағы Созақтан аттай қалап алдырып, өз еліндегі жастарды ислам қағидалары мен имандылық мұраттарына үйреткен. Сахара далаға білім нұрын шашқан Әуездің көңілі Кеңесбайдың кенжесі Малдыбайдың қызы Дінәсілде болады. Жас жігіттің адамшылық қасиетін жоғары бағалаған Кеңесбайдың ортаншы баласы Жарқынбай би інісі Малдыбайға: "Оқымыстыға шыққан қыз қор болмайды" деп сөз салып, екі жасты қостырады. Осылайша би ұрпақтары Әуез молданың Құндызды өңірінде тұрақты қоныстанып қалуына ықпал еткен, артынша бұрыннан құдандалы Құнанбай қажы Әуезді өз ауылына көшіріп алып, Бөріліден жер берген. Ақтайлақ бидің шөбересі сол Дінәсілден Омархан туса, оның баласы Мұхтар сүйікті әжесінің бауырында өсіп, үлкен ғибратты тәрбие алған, бала жасынан атақты би мен оның ұрпақтары туралы ел әңгімелерін құлағына құйып өсіп, есейе келе олар туралы халық жадында қалған аңыздар мен төл туындыларын жинап жазып алған, баспасөз бетінде жариялап, зерттеулерінде ерекше атап өткен. Жерлестерінің айтуына қарағанда ұлы жазушы би бабасы туралы көлемді көркем туынды жазбақ ниеті болғанға ұқсайды. Алайда заман ағымы, өмірдің кесе-көлденең қым-қиғаш тіршіліктері мен кеңестік әкімшіл-әміршіл үстемшілдік алапат кезең бұл жұмысқа ырық бермеді. Өткен тарихты қозғап қана қоймай, хан, би, батыр атаулыны айтуға тиым салынды. Сонда да қайсар Мұхаң өзінің қазақ әдебиетіне арнаған зерттеулерінде Ақтайлақ би, Сабырбай, Түбек туралы құнды пікірлер айтса, "Абай жолы" роман-эпопеясында Ақтайлақ биді өз есімімен, Сабырбайды Қадырбай, Түбекті Шүмек деп енгізіп, Сабырбайдың қызы Қуандыққа "Қияда" тарауында жеке бөлім арнады.

Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді десек, дүркіретіп ат шаптырып, көл-көсір дастарқан жайып той өткізу, мәжіліс құру бар да, осындай үлкен алқалы жиындар мен салтанаттардан ескерткіш белгілер мен рухани мұралар қалдыру жайы тағы бар. Осы ретте Ақтайлақ би мұраларын зерттеу ісі кеңінен қолға алынып, республикалық, облыстық және аудандық баспасөз беттерінде, ғылыми жинақтарда белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар, ҚР ҰҒА академиктері М.Қ.Қаратаев пен З.Ахметов, филология ғылымының докторлары, профессорлар М.Жармұхамедұлы, С.Негимов, З.Сейітжанов, Н.Төреқұлов зерттеулері, Қазақстанның халық жазушылары Ә.Нұршайықов пен М.Әлімбаев, филология ғылымының кандидаты Б.Ердембеков, халық ақыны, әдебиет зерттеушісі, этнограф, шежіреші Қ.Алтынбаевтардың кең көлемді танымдық, ғылыми-көпшілік мақалалары, би шығармаларын жинап насихаттау ісіне көп еңбек сіңірген, Сыбаннан шыққан 17 ақын мұражайын ашып, “Насихат” мәдени орталығының директоры болған зиялы азамат, марқұм Еркін Жұмағұлұлы, шежіре қарттар, ауыз әдебиетінің білгірлері Сіләмшайық Имаммұсаұлы, Ғабділахмет Шәкерұлы материалдары және т.б. деректер жарияланды.

Бұл тұрғыдан алғанда да Ақтайлақ би мұрасын зерттеу, зерделеу арқылы осы тарихи тұлғаның халықтығымыздың қалыптасу кезеңдерін айқындаудағы, ұлттығымыздың дәуірлеу тұстарын екшеудегі алар орнын, қазіргі өміріміздегі әлеуметтік мәнін қалың қауымға, әсіресе, жас жеткіншектерге берер тағылымын бағамдар едік.

Данагөй халқымыз “ер – елдің айнасы, ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар, батыр туар ел үшін, жақсы туар көп үшін” деп бекерге айтпаған. Олай болса, Ақтайлақ бидің тағылымды тұлғасы халқына, ұрпағына мәңгі бақи қасиет нұрын шаша бермекші.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]