- •Он томдық
- •Алтын орда дәуіріндегі әдебиет
- •Хорезми
- •Бурхануддин Рабғузи
- •Кунгулга дуниада сурур турур30, –
- •Адамның ешбiрiне қылмас жәбiр,-
- •Мысырдағы қыпшақ әдебиеті
- •Осымен атақтымын Мысырда өзім
- •Тарихи шежiре және көркемдiк дәстүр
- •Әбiлғазы БаҺадүрхан
- •Қадырғали Жалаири
- •Захириддин Мұхаммед Бабыр
- •Мұхаммед Хайдар Дулати
- •Түркі сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Араб-парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Түркі-араб, парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •2 Шатр (мисраъ) 1 шатр (мисраъ)
- •Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет
- •Ал, қолыңды маларсың
- •Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер?-
- •Қырда жүрген дуадақ
- •Мынау жалған дүние Кімдерден кейін қалмаған!293 –
- •Есім, сені есірткен
- •Керегеге ілінген
- •Атымтай Жомарт секілді
- •Болмашыдай анадан
- •Білегі жуан Бүркіттің Тегеуірініндей Бөгембай! 306.
- •Жыраулық және ақындық поэзияның даму ерекшеліктері
- •Көлден қулар ұшар ма? –
- •Сыпыра жырау
- •Білсе, білмесе бу ишні Сафардау білер бу ишні364, –
- •Суда жүрген ақ шортан
- •Ауылдағы жамандар
- •Көшіп-қонып жүрмеген
- •Сұңқар қайдан табарсың?
- •Жалп-жалп еткен бәйтерек
- •Талайсыз Шалкийіз бұ күнде
- •Доспамбет жырау
- •Аймадетке оқ тиді
- •Той тойлаған өкінбес! –
- •Ат салмай өтер күн қайда?!
- •Тегеурінді болат темірдің
- •Жиембет
- •Мұнан да былай сөйлеуім Маған да болар ауыр күш, –
- •Қаздауысты Қазыбек би
- •Әйтеке би
- •Ақтайлақ би Байқараұлы
- •Бөлтірік шешен
- •Пайдаланылған әдебиеттер
Ал, қолыңды маларсың
Алтын менен күміске 282.
Асан Сәбитұлының жырау ретінде Жәнібек ханға сын көзбен қарағандығы ел арасында Асан туралы, оның Жәнібекке наразы болғандығы жөнінде, сөйтіп, ел-жұрт үшін "құтты қоныс" іздегендігі жайында әлеуметтік-утопиялық аңыздар мен әпсаналар тууына үлкен себеп әрі негіз болған. Бұл әпсаналар Асанның Жерұйықты іздеп, жер жүзін шарлағаны, бірақ өзі ойлағандай елге жайлы мекенді таба алмай өмірден қайғырып өткені туралы әңгімелеп, Асанның есіміне "қайғы" сөзінің қосылуын, сөйтіп оның "Асан Қайғы" аталуының себебін өзінше түсіндіреді.
Ал, жырау Асанның өмірі де, поэзиясы да сол тұстағы Дешті Қыпшақ даласында өткен әрі жасалған. Оның поэзиясы – өз дәуірінің айнасы іспетті, сол кезеңнің тынысын айқын сездіреді. Асанның толғауларындағы ең басты ерекшелік – әміршіні дәріптеудің жоқтығы, панегирика сипатының болмауы. Асанның бұл ерекшелігі кейінгі жырауларда да басты белгіге айналады, алайда ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясы панегирикадан құралақан да емес.
Асан толғауларында хас поэзияға тән дыбыс үндестігі (ассонанс пен аллитерация), синтаксистік және психологиялық параллелизмдер, тұспалдау, шендестіру, анафора, эпифора ұйқастары сияқты көркемдеу мен бейнелеу құралдары, әдістері аз емес. Мысалы:
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген,
Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге...283
Еділдің қандай екенін айту үшін кілең "е" дыбысынан басталатын анықтауыш-айқындауыш тармақтар қатар келтіріліп, шумаққа үлкен экспрессивтілік беріп тұр.
Асан поэзиясы, әсіресе, параллелизмге бай. Екі құбылысты, бір-біріне ұқсамайтын екі нәрсені қарама-қарсы қойып, немесе салыстыра айтады да, бейнелеп отырған затты, яки адамды, немесе өзінің ойын тұспалдап қана емес, сездіріп, айшықтай, айқындай баяндайды, суреттейді:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер?
Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер?-
деген екі жолда бірі-біріне мүлде жанаспайтын құлан мен жыланды ұйқастыра суреттейді де, нақ айтар ойы – бишара адам қалай күн көреді? – деген идеяны соңында келтіреді.
Тіршілікте күн сайын кездесетін жәйттер мен тәжірибелік ақиқаттар ауыспалы мағынада қолданылған символдар арқылы айтылып, түспал түрінде баяндалады. Мәселен:
Көлде жүрген қоңыр қаз
Қыр қадірін не білсін?
Қырда жүрген дуадақ
Су қадірін не білсін?
Ауылдағы жамандар
Ел қадірін не білсін?..284
деген шумақта көргені жоқ, білгені аз адамдарды мінездеу үшін жырау контраст әдісін пайдаланған, қыр мен суды, қаз бен дуадақты қарсы қою арқылы оң-солын танымаған, ешкіммен араласпаған, ел-жұртпен сыйласпаған адамды сипаттап отыр. Мұнда синтаксистік параллелизм де бар.
"Психологиялық, синтаксистік параллелизмдер шығыс поэзиясының дидактикалық, ғақлиялық дәстүріне, мазмұнына, жалпы тәлімдік мақсатына, өмірді бейнелеу мен білдіру ерекшеліктеріне жақын да үндес. Сол себепті де болу керек, Асаннан Абайға дейінгі қазақ поэзиясында параллелизм мен дидактиканың қатар өрбіп келгенін дәлелдейтін мысалдар көп.
Құладын құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүнін түледі.
Аққу құстың төресі
Ен жайлап көлді жүреді,
деген тәрізді жолдар Асан толғауларының негізгі көркемдік арқауы. Осылайша өмір көріністерін параллелдеу, салыстыру, ұқсату арқылы суреттеу, қорытындылар жасау кейінгі тұста жыраулар творчествосында ақындық дәстүрге айналып, кең орын алды"285.
ХV ғасырдағы қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілдерінің бірі – Қазтуған Cүйінішұлы. Ол 1420-30 жылдары осы күнгі Астрахан уалаятында әскери ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Ірі шонжарлар тұқымынан шыққан Қазтуған сол тұста Еділ салалары Ақтуба, Бозанды мекен еткен түркі рулары мен тайпаларының әскербасы, билеушісі болған. Алайда, соншама беделді әрі ықпалды болғанымен ол ХV ғасырдың екінші жартысында өз елінен Қазақ хандығына аууға мәжбүр болады. Оның себебі – сол ХV ғасырдағы Дешті Қыпшақта орын алған таққа таласқан сұлтандардың өзара айқасы болу керек. Қазақ хандығындағы ғұмыры туралы әзірше толық дерек жоқ.
Дей тұрғанмен, хандықтың күшіне кіріп, осы күнгі Батыс және Орталық Қазақстанды қайтадан өзіне қаратып, иелік құрған дәуірінде өмір сүргені күмән туғызбайды. Бұл ХV жүзжылдықтың 80 жылдары еді286.
Қазтуғанның да мұрасы бізге аз көлемде жеткен. Солай болса да қолымыздағы толғаулар оның үлкен талант иесі, көркем сөзге ұста екенін көрсетеді. Оның поэзиясы өзіндік мазмұнмен, өзіндік стильмен ерекшеленеді. Онда классик жырауға тән дидактика мен сәуегейлік жоқ, оның есесіне мол күш-қуат, бұлқыныс бар, жауынгерлік рух пен нәзіктік айқын аңғарылады, ол жорықшы, жауынгер болып көрінеді. Сол кездегі қазақ болмысы үшін көшпелі өмір кешкен халыққа жортуыл кешу, жорыққа аттану, ұзақ сапар шегу – әдетті іс. "Ер азығы жолда", – деген номадтың идеалы – шаршамайтын, талмайтын, ешнәрседен таймайтын, қайсар жігіт, ер-азамат. Міне, Қазтуған поэзиясында бұл қасиет айырықша көзге түседі:
Белгілі биік көк сеңгір
Басынан қарға ұшырмас
Ер қарауыл қара деп,
Алыстан қарар шалар деп.
Балдағы алтын құрыш болат,
Ашылып шапсам, дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп...
Азамат ердің баласы
Жабыққанын білдірмес
Жамандар мазақ қылар деп!287
Сонымен бірге Қазтуған шығармаларында өршілдікпен қатар нәзіктік, мейірімділік, елге, жерге, ата-анаға деген тәтті сезім көрініс береді. Оның әке-шешесі мен ата-мекені жайында айтқан толғауы Қазтуғанды сыршыл ақын ретінде де танытады:
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт.
Атамыз біздің бұ Cүйініш
Күйеу болып барған жұрт.
Анамыз біздің Бозтуған –
Келіншек болып түскен жұрт.
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт!
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт..!288
Бізге жеткен толғауларда Қазтуғанның өз "мені" айқын, ол өзі туралы айтып қана қоймайды, өзін поэтикалық тұрғыдан сипаттайды, тіпті өзінің бет-әлпетін суреттейді:
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі.
Қара ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті.
Айдаса, қойдың көсемі,
Сөйлесе, қызыл тілдің шешені,
Ұстаса, қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы,
Билер уытты би соңы,
Би ұлының кенжесі... 289
Бұл толғауда автор өзін мінездейді, өзі туралы мәлімет те береді. Сырт қарағанда шартты бейне боп көрінетін "уытты билердің соңғы биі", "би ұлының кенжесі" деген сөздер Қазтуғанның әкесі де, өзі де беделді би болғанын аңғартады. Ал, осы өзін таныстыру, өзін бейнелеу барысында жырау нағыз көркем поэзияда қолданылатын өрнектерді пайданалады. Ол бақташылық өмір кешетін елге өте жақсы таныс образдар мен символдарды ұтымды қолданып, кей жерлерде метафоралық бейнелер жасайды. Өзін елдің серкесі, биі әрі шешені, асауды ауыздықтайтын құрығы, орданың тірегі, буыршынның бұта шайнар азуы, бидайықтың көл шайқаған жалғызы деп сипаттайды. Осындағы "серке", "би", "шешен", "құрық", "орда", "буыршын" дегені қазақ өміріндегі әдеткі сөздер мен ұғымдар метафоралық мағынаға ие болып, автордың қандай адам екенін поэзия тілімен сомдап тұр. Демек, Қазтуған өз толғауларында суреттейтін нәрсеге ақынша қарап, оны көркем сөзбен кестелеп танитын зергер екенін көрсетеді. Ол жырауға тән төкпелеп айтуға лайықталған өлең-жырларда ассонанс пен аллитерацияны өте ұтымды пайдаланады. Кейбір толғауларға қарағанда, Қазтуғанның өмірі бірыңғай жақсы, үнемі ақсүйек деңгейінде болмаған тәрізді. Сол себепті оның бірер шығармасында тәуекелшіл, өр мінезді ердің образымен қатар жаны нәзік, сезімтал, адам сезімінің, көңіл-күйінің бұрылыстарын дөп басатын кісінің бейнесі, әрі ата-анасы мен ел-жұртын мейілінше жақсы көретін перзенттің де образы кездеседі. Туған жерінен, Еділ жағалауынан шалғайға, Қазақ хандығына келген Қазтуған өзінің ата-мекеніне деген cүйіспеншілігін, сағынышын сол жерлерді айырықша әсірелеп, әсерлеп суреттеу арқылы береді, туған жерін бақ пен ырыс қонған, құтты қоныс етіп көрсетеді:
Салп-салпыншақ анау үш өзен –
Салуалы менім ордам қонған жер.
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер.
Жатып қалып бір тоқты
Жайылып мың қой болған жер.
Жарлысы мен байы тең,
Жары менен сайы тең,
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,-
Қайран менің Еділім... 290
Жалпы, мазмұны мен әлеуметтік мағынасы, көркемдік-бейнелік қасиеттері жағынан Қазтуған шығармалары – Асанның толғаулары секілді қазақ халқының өз алдына отау тігіп, жеке мемлекет құра бастаған шағындағы елге құтты қоныс іздеу идеялары мен жайлы мекенге орналасу мәселелерінің поэзиялық түрдегі шешімі деуге болады, сол себепті онда өзінің ежелгі отанын дәріптеу орын алған.
Ал, енді Қазақ хандығы күшейе бастаған кезі мен дербес мемлекет ретінде басқа көршілес елдерде танылып, үлкен ордаға айналған тұстағы жыраулар поэзиясы бұрынғыдан да гөрі саяси-әлеуметтік мәнге ие болды, онда жалпы мемлекеттік проблемалар сөз болумен қатар, әміршіге, оның іс-әрекетіне деген наразылық та білінеді, кей тұста тіпті сын да айтылады. Сол уақыттағы аса көрнекті жыраудың бірі – Шалкиіз (Шәлгез) Тіленшіұлы болды. Ол 1465 жылдар шамасында Жайық өзенінің шығыс жағында, аса ірі ақсүйектер тұқымынан тараған, текті феодалдың үйінде дүниеге келеді. Оның нағашы жұрты да өте беделді, елді билеген адамдар болған. Шалкиіз анасынан сәби кезінде айырылып, нағашыларының қолында тәрбиеленген еді. Екі жағы да текті тұқым болған соң, әрі мұсылманша терең білім алған Шалкиіз биік парасатты, тәкаббар мінезді болып өседі. Ол ұзақ, бір ғасырға жуық тіршілігінде алуан түрлі тағдырды бастан кешіреді, Ноғайлының әміршісі Би Темірдің ардақтаған жырауы болады, содан кейін оның қаһарына ұшырайды. Өмірінің соңғы жылдарын Шалкиіз жырау Қазақ хандығында өткізіп, шамамен 1560 жылдарда қайтыс болған деп саналады.
Шалкиіздің әдеби мұрасы сол дәуірдегі басқа жыраулардан гөрі молырақ сақталған (оның 30-ға жуық толғау-жырлары жарық көрді). Оның бізге жеткен толғаулары Шалкиіздің кең тынысты әрі сөзге ұста, аса дарынды жырау екенін және оның шығармашылығы өз заманындағы жыраулық поэзияға тән барлық қасиеттерді бойына сіңіргенін айғақтайды. Атап айтқанда, мұнда әміршіге тікелей сөз арнау, оны мадақтау, қоғам мен дәуір, билеуші мен жырау туралы фәлсафалық ойланыстар, жақсылық пен зұлымдық, достық пен қастық, әділдік пен арамдық жөніндегі ғақлиялық тұжырымдар, дидактикалық толғаныстар, яғни жырау көтеретін мәселелер мен тақырыптар түгел бар деуге болады. Мұның бәрі жоғары көркем поэзия тілімен, әр алуан теңеулер, метафора мен синтаксистік, психологиялық параллелизмдер арқылы айтылады.
Шалкиіздің толғаулары әрі лирикалық, әрі эпикалық сарында болып келеді. Лирикалық сарындағылары этика, мораль, дидактика, жалпы адамгершілік мәселелерін сөз етсе, эпикалық сарындағылары мемлекеттік, халықтық, елдік проблемаларына арналып, қаһармандық мәнге ие. Лирикалық толғаулардың басым көпшілігі адам туралы, оның қасиеттері жөнінде, адамдардың өзара қатынасы мен олардың өмір, достық, имандылық жайындағы түсінік-пайымы, адамның қоғамдағы орны жөнінде сөз қозғайды.
Жаугершілік пен жорықтар заманында өмір сүрген Шалкиіздің жас шағындағы идеалы - арғымақ атқа мінген, үстіне сауыт, басына дулыға киген, қолына алдаспан ұстаған, cұлу жарды құшақтаған ержүрек батыр. Өзі талай ұрысқа қатысып, жолдастарын қарумен де, жалынды жыр-толғаумен де жігерлендіре білген Шалкиізге "батыршылық сүру" – басты мұрат, сондықтан да ол:
Батыр болмақ сойдан-дүр,
Жалаңаш барып жауға ти.
Тәңірі өзі біледі
Ажалымыз қайдан-дүр!291 –
деп айтады.
Жалпы, Шалкиіз толғауларының мазмұнына қарағанда, оның өмірінің үш кезеңі аңғарылады: а) арманға толы, албырт жастық шақ, ә) атақ-данқы артып, үлкен жырау деңгейіне көтерілген тұс, б) содан кейін бағы тайып, әміршіден де, сарайдан да аласталған кезең. Алғашқы, келешегіне сенімі мол, тауы шағылмаған Шалкиіздің шығармалары өте аз жеткен, бірақ сол бізге мәлімдерінің өзі жас жігіттің ақындық құдіретін таныта алады. Жастыққа тән өрмінездік, алдына жоғары мақсат қою, биік талаптың үддесінен шығу, әйтпесе өмір сүрудің қажеті жоқ деп кесіп түю ашық айтылады:
Алаштан байтақ озбаса,
Арабыдан атты сайлап мінбен-ді!
Күлікке тастай болып тимесе,
Үстіме көбе салып кимен-ді!
Күмістен екі қолтық жоқ болса,
Сыпайшылық сүрмен-ді!
Алғаным ару болмаса,
Алдыма алып cүймен-ді!
Дулығамның төбесі
Туған айдай болмаса,
Батыршылық сүрмен-ді!292 .
Шалкиіз поэзиясының ішінде нағыз жыраулық үлгіде шығарылғандары, негізінен, фәлсафалы мазмұнда болып келеді де, эпикалық толғау түрінде айтылады. Бұл көбінесе Шалкиіздің мол тәжірибе жинақтап, елге дүлдүл жырау ретіңде танылып, хан ордасында ақылгөй, кеңесші болып жүргенде және содан кейін қарт абызға айналып, тіршілікке өзінің ұзақ та қызықты әрі мағыналы өмірінің биігінен қарап, өткен-кеткенді ойлап, келешекті болжай алатын шақта шығарылған жыр-толғауларында анық көрінеді.
Жұлдызы жанып, Би Темірдің жанында жүрген кезде айтылған толғаулардың дені елдік, ерлік мәселеге бағышталған, өзінің әміршісін дәріптеуге арналған. Мысалы, осындай шығармалар қатарына "Арық хан", "Көгерген көк сынулар жайқалса", "Жел, жел есер, жел есер", "Көктеп мінген еріңнің", "Шағырмақ бұлт жай тастар", "Жапалақ ұшпас жасыл тау", "Айырдан туған жампоз бар", "Ағынды сулар, аймақ көл", "Жайыңды білген қарындас", "Асқар, асқар, асқар тау", "Қатынасы биік көлдерден" атты өлең-толғауларды жатқызуға болады.
Шалкиіздің біраз толғауы оның әмірші қаһарына ұшырап, ордадан қуылып, өмірдің, әсіресе қуғындықтың кермек дәмін татып, жалғыздық көрген тұсында шығарылғаны аңғарылады. Кеше ғана Би Темірдің ақылшысы болып, айтқаны іске асып тұрған жырау бүгін ешкімге қажет болмай, бұрын қасында жүрген серіктерінің де сатқындығын көріп, адамдардың іштарлығын, күңшілдігін басынан кешіріп, ашына да, ойлана да, күңірене де, түңіле де толғайды. Дүниедегі жақсылықтың бәрі өтпелі екенін ашық айтып, тіршілікте адам тәрізді өмір сүріп, қызықты қызықтап, жоқты жоқтап өту қажет екенін ескертеді:
