Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
3-tom__1178_aza_1179__1241_debietini_1187_tarik...doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

Болмашыдай анадан

Болат тудың, Бөгембай!

Қалақайлап дулатқан,

Қалдамаңдап шулатқан

Қалмақты алдың, Бөгембай!

Құбыла көшкен байтақтың

Ордасындай Бөгембай!

Темір жұмсап, оқ атқан

Қорғасындай Бөгембай!

Қолтығы ала бұғының

Пәйкесіндей Бөгембай!

Жалаңқия жерлерден

Жазбай түсіп түлкі алған

Білегі жуан Бүркіттің Тегеуірініндей Бөгембай! 306.

Бұл толғаудан, біріншіден, оқырман Бөгембайдың әкесі – Ақша есімді, анасы – Болмашы есімді адамдар екенін аңғарады. Екіншіден, Бөгембай батырдың қайрат-күші, жігері, айлакерлігі, алғырлығы, салмақтылығы, тегеуірінділігі алуан түрлі асыл зат пен айбарлы аң-құстың қасиеттеріндей екендігіне көз жеткізеді.

Үмбетей жыраудың "Бөгембай өлімін Абылай ханға естіртуі" – дәстүрлі осы жанрдың арнасынан бөлек. Түпкі мағынасына үңілсек, бұл – батыр мен ханның ел тағдырындағы ролі мен маңызы, әміршінің мемлекет өмірінде алатын орны туралы, дәлірек айтқанда, Абылай ханның заманы жайындағы кең диапазонды толғау. Осы толғауында Үмбетей – нағыз абыз, шындықты тайсалмай айтатын азулы жырау. Ол болмыстың күйкі тіршілігінен әлдеқайда жоғары тұрған әрі Абылайдың күллі өмір жолын, оның сарбаздарының тыныс-тіршілігін бүге-шүгесіне дейін біліп, бәрін қырағы көзбен шолып отырған дана қарт. Оның статусы өте биік, ол ханмен тең тұр, тіпті кей кезде одан да жоғары көрінеді. Оның дауысы зор, үні сенімді, әрі қатты, өйткені ол ел туралы, елдің ырысы, тіпті ханның өзі жайында, мемлекеттің тағдыры жөнінде ойлайды, қам жейді. Үмбетей өктем сөйлейді. Ол Абылай тұсындағы қалмақтармен болған ірі шайқастарды еске түсіріп, сол ұрыстарда жанқиярлықпен соғысып, дұшпанды жеңуге шешуші үлес қосқан батырларды атайды да "Ұмыттың ба соны, Абылай?!" деп, ханға қайта-қайта сұрақ қойып, оның жадын жаңғыртып отырады.

Осы естіртудегі Үмбетей айтып отырған шайқастар, Абылайдың іс-қимылы, Бөгембайдың, басқа да батырлардың әрекеттері – бәрі өмірде болғаны тарихтан аян. Үмбетей солардың қан ортасында жүрген, көбісімен аралас-құралас болған, жақсы таныс, жолдас ретінде оларға да сөз арнаған. Мысалы, Абылайды былай қойғанда, Бөгембай, Қабанбай, Сары, Баян, Сағынбай, Қаз дауысты Қазыбек, Жәнібек, Құттыбай сияқты тарихи тұлғалардың аталуы мен сипатталуы – ойымыздың дәлелі. Басқа бір толғауларында Ақтамберді, Бұқар жыраулар, Бекболат билер туралы толғайды. Осылардың біразымен сыйлас дос болған Үмбетей өз сырын, оларды қадірлейтінін ашық айтады. Мұның бәрі Үмбетей жыраудың сезімталдығын, уақыттың ділін дәл басып, дәуір тынысын, замана мен қоғам үрдісін тани білетін кемеңгерлігін дәлелдесе керек. Қоғам өміріндегі жағдайды, хан ордасындағы, сарбаздар арасындағы ситуацияны жақсы біліп, көп нәрседен хабардар болып отырған Үмбетей өз заманы мен ортасының, сол дәуірдің атақты адамдарының әдеби кейпін, өшпес образын жасап берді, тарихи оқиғаларды поэзиялық тілмен жырлап, әдебиетімізге өз үлесін қосты, рас, оның шығармалары, жалпы жыраулық поэзиядағыдай, форма жағынан алғанда бай емес, бірізді, біркелік 7-8 буынды. Оның есесіне Үмбетей ұйқасқа мән берген, ал өлең тармақтарының саны бір тирадада тұрақты емес, әркелкі болып келеді. Ескі архаизмдер жоқтың қасы. Үмбетей Тілеуұлы қазақ поэзиясының тарихында ХVІІІ ғасырдың нақты оқиғаларын суреттеген ақын, Абылай бастаған батырларды мадақтаған, әрі ханға қарсы оппозициялық ой қозғаған батыр жырау, өзі ұрысқа қатысып, өлең шығарумен бірге бұрынғы батырлар жайындағы жырларды орындаған жыршы ретінде бағаланып, өз орнын алады.

Қазақ поэзиясының ғана емес күллі әдебиетінің, мәдениетінің тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі – Бұқар Қалқаманұлы. Ол өз шығармашылығында өзінен бұрынғы поэзиялық дәстүрді толығымен бойына сіңірген әрі қорытқан аса биік дарын иесі. Оның шығармашылығы сонымен бірге өз заманындағы қоғамда, оның рухани өмірінде орасан үлкен роль атқарды және өзінен кейінгі дәуірлердегі қазақ әдебиетінің дамуына үлкен ықпал етті.

Бұқар жырау шамамен 1668 жылы туған. Әкесі Қалқаман жаугершілік шақта қаһармандығымен көзге түскен атақты батыр болған. Ол баласына мұсылманша білім берген. Аса дарынды ақын және қайраткер болған Бұқар Тәуке ханның тұсында-ақ көзге түсіп, хан ордасында болады, алайда, Тәукеден соңғы билеушілер оны ордадан ығыстырып, үлкен саясаттан шеттетіп тастайды. Егде тарта бастаған шағында бағы қайта жанып, Бұқарды Абылай хан өз қасына алады. Сөйтіп, ол Абылайдың бас ақылшысы әрі идеологына айналады. Абылай хан көпті көрген Бұқардың бай тәжірибесін, оның кемеңгерлігін, көрегендігін өте жоғары бағалайды. Қатты қиналып, абыржыған сәттерде Абылай хан Бұқардан ақыл сұрайтын болған, алдағыны болжауды өтінеді екен. Бұқар әміршісін талай қиындықтардан сақтап қалыпты. Ол жүзден астам жасап, 1780 жылдарда қайтыс болғанға ұқсайды. Зираты Баянауылдың Далба деген жерінде.

Бұқар жыраудың өмірі де, шығарма­шылығы да үлкен екі кезеңге бөлінеді: Абылайға дейінгі және Абылай тұсындағы. Осыған орай оның шығармалары да екі топ құрайды. Бір тобына Бұқардың қуғын көрген шақта шығарған өлеңдері жатса, екінші топтағылары – жыраудың Абылай ордасында жүрген уақытында туған толғаулар. Екі топтағы шығармалардың туу себебі мен мазмұны, тақырыбы мен сипаты екі басқа.

Бірінші топтағы өлең-жырларда фәлсафалық нақыл басым, мұнда жинақтау мен ғибрат айту көбірек. Тіршілікте көргені мен түйгені көп Бұқар дүниедегі ең қымбат не нәрсе, ең үлкен қасірет немене екенін өте жақсы білген. Ең қымбатты, қадірлі нәрсе – өмір, тіршілік, ал ең үлкен трагедия – қаза, ажал, әсіресе зорлық өлім. Сондықтан да ұлы жырау адамдарға ең алдымен "бірінші тілек тілеңіз бір Аллаға жазбасқа" – деп, ақыл айтады және де "жер қайысқан қол келіп, ... ардақтап жүрген бикешің жылай жесір қалмасқа", – деп ескертеді... Басынан небір қиын жағдайды, қуанышты да, күйінішті де өткізген Бұқар адамдар аман болса екен, олар бір-бірімен тату-тәтті өмір сүрсе екен деп тілейді. Осы мақсатпен ол тұрмыстық та мәні бар дүнияуи да, мемлекеттік те маңызы бар өсиет айтады, саяси да, этикалық та нормаға қатысты ой-пікір ұсынады.

Философ ақын ретінде Бұқар жырау жалпыадамзаттық мәселені көтереді: қалай адам баласы ұзақ та бақытты ғұмыр кешпек және қайтіп мезгілінен бұрын келген ажалдың құрығынан қүтылмақ? Бұл сауалға жыраудың өзі жауап береді. Ал, жауабы өмірдің мәні жайындағы толғау, сұрақ пен жауап болып айтылатын өлең түрінде, кейде күмәнсіз ақиқатты айту, сондай-ақ адам мен табиғатты, адамдардың хал-ахуалын салыстыру, я болмаса қарама-қарсы қою формасында болып келеді. Мұндай жағдайда өмір құбылыстары мен жағдаяттары терең топшылау арқылы жинақталып беріледі және поэзиялық бейнелер мен көркемдеуіш құралдар пайдаланылып, адам белгілі бір ситуацияда не істеуі керек, қалай қиындықтан құтылуға болады, қалай оның алдын алуға болады, қайтсе жаман болмайды – деген мағынада жиынтықталған тәжірибеден туындайтын ақыл-кеңес, дайын жауап ұсынылады:

Жар басына қонбаңыз,

Дауыл соқса, үй кетер.

Жатқа тізгін бермеңіз,

Жаламенен бас кетер...307

Немесе:

Жал-қүйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз!

Қалың малы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз!

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас,

Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас!... 308

Міне, осындай жалпыға қарата "сен өйтпе, өйтсең, бұлай болады", "сен бұлай істе, сонда жақсы болады", – деген сияқты сөздер – былай қарағанда "тыйым" мен оның себебін ашу болып көрінгенімен өмірлік тәжірибенің негізінде туған жай ғана дидактика емес, тіршіліктің диалектикалық мәні жайындағы, дүниедегі жақсылық пен жамандықтың ара-қатынасы туралы фәлсафалық байламдар. Бұқар жыраудың түжырымдауынша, әлемде өзгермейтін, мәңгі бір қалыпта тұратын ешнәрсе жоқ, дүниеде бәрі араласып, алмасып тұрады, өзгеріске ұшырайды, өмірде имандылық пен зұлымдық, адамгершілік пен жауыздық қатар жүреді, қай нәрсенің болса да пайда болуы да, өшуі де болады, өмір бар жерде өлім бар, дүние алма-кезек...

Айналасын жер тұтқан

Айды батпас демеңіз!

Айнала ішсе таусылмас

Көл суалмас демеңіз!

Құрсағы құшақ байлардан

Дәулет таймас демеңіз!..309

Жалпы, Бұқардың Абылай ордасына келгенге дейінгі шығармалары тақырып жағынан өте бай, әр алуан. Ол тұста тұрмыстың ащы-тұщысын татып, қарапайым адамның әлеуметтік жағдайын, хал-ахуалын көрген жырау қауымға ортақ, көпшілікке маңызды нәрселерді айтып, философиялық тұрғыда әңгімелейді. Мәселен, осы кезеңдегі Бұқар жырау поэзиясының басты-басты тақырыптары мыналар: адамның тағдыр-талайы мен арман-аңсары, тіршілігі мен тынысы, имандылық пен шариғат мәселелері, дүниенің фәнилігі мен байлықтың жалғандығы, жастық пен кәрілік, бай мен жарлы, жақсы мен жаман, әйел мен бала, т.т.

Абылай ордасына келгеннен кейінгі Бұқардың шығармашылығы бұқаралықтан гөрі мемлекеттік мәнге ие. Бұл уақыттағы толғаулар қоғам үшін аса зәру, тарихи мәнді мәселелерге арналған. Сол себепті екінші топтағы поэзия – мемлекетке қызмет етуге бағышталған жоғары стильдегі поэзия. Ол ең әуелі идеологиялық функция атқаруға бағытталған, сондықтан мемлекет те, оның басшысы да өте күшті болуға тиіс деген идеяны насихаттап, қоғамдық пікір орнықтыруға жұрмыс істейді. Мемлекеттің үлкен қайраткері әрі бас идеологі болған Бұқар үшін енді ең манызды проблема – Қазақ хандығын сақтап қалу, оның тәуелсіздігін қорғау, үш жүздің ауызбірлігі мен ынтымағы, көрші елдермен тату өмір сүру. Ол қазақ мемлекетінің өз тұсындағы жағдайымен бірге келешегі туралы толғанады, өйткені Ресей мен Қытай мемлекеттерінен қауіп төне бастағанын сезген болатын. Елді қауіптен құтқарып, хандықты сақтап қалу үшін Абылаймен бірлесе қолдан келгеннің бәрін істейді, соған күш-қуатын, ақындық талантын, қызыл тілін жұмсайды. Сол себепті оның Абылайға айтқан толғаулары бұрынғылардай жалпылама емес, нақты, ондағы жыраудың кеңесі мен нақыл сөзі тікелей ханға арналған, сондықтан ең алдымен елде тыныштық сақтау мен халықты қасіреттен құтқару керектігі айтылады. Көптеген ұрысқа қатысқан 93 жасар Бұқар соғыс дегеннің не екенін, жаудың тұтқиылдан шабуылы қандай болатынын әсте жақсы білген. Аса тәжірибелі саясаткер Бұқар көрші мемлекеттер әміршілерінің мінез-құлқын, әккі де зымиян саясатын, арам ниетін өте жақсы білген, сол үшін ол Абылайға айлакер жаудың шабуылынан бұрын елді Сырдарияның аржағына, Жиделі Байсын жеріне көшіру қажеттігін айтады. Өзінің бұл ойын Бұқар жырау тарихқа cүйеніп қана дәлелдемейді, сондай-ақ ол қасиетті кітаптарға да жүгініп, ондағы шүршіттердің жаугершілікке шығатыны туралы сөз болатынын тілге тиек етеді. Оның үстіне Бұқар жырау Ресейдің біртіндеп Шығысқа еніп бара жатқанын, Қазақстан жерінің сыртын орай қамал-бекіністер сала бастағанын көреді, содан күдіктенеді әрі қауіптенеді. Қаруы күшті, адамы да, әскері де көп Ресейдің ерте ме, кеш пе қазақ жеріне ауыз салатынын Бұқар жырау жақсы біледі, онымен соғысуға қазақ елі дәрменсіз екенін де сезеді, соның үшін Абылайға орыспен соғыспа деп кеңес береді. Абылайдың өзі де мұны жақсы түсінеді, сондықтан ол Ресейге қарсы соғыс жүргізген жоқ. Кемеңгерлікке жеткен Бұқар жырау өз заманының тынысын байқап, дәуірінің тамырын ұстап отырған, ел ішіндегі және сыртқы жағдайларды жіті аңғара білген, керек жерде болып жатқан оқиғаға тікелей араласып, оның барысына, шешіміне ықпал жасап отырған.

Абылайға қарата айтылған толғауларында Бұқар жырау мінсіз әміршінің идеалдық образын жасаған. Абылайды өте ақылды да әділетті хан деп білген. Рас, сонымен қатар жыраулық дәстүр бойынша өзінің азуын да көрсеткен. Осы толғауларында Абылайдың ата-анасы туралы, содан соң өзі жөнінде әңгімелеп алады да, содан кейін "айтқан ақылыма көнбесең, көресіні көрсетем" – деп, күш көрсетеді:

Ашуланба, Абылай!

Ашулансаң, Абылай,

Көтерермін, көнермін,

Көтеріп қазға салармын.

Өкпеңменен қабынба,

Өтіңменен жарылма,

Орыспенен соғысып,

Басына мұнша көтерген

Жұртыңа жаулық сағынба!..310

Алайда, қаншама ірілік көрсеткенмен, Бұқар жырау әміршісінен аса алмайды, өйткені оның патша қашан да әділ деген иллюзорлық түсінігі басым еді. Ол үшін хан – елдің басшысы ғана емес, хан – халықтың бақыты мен ырысы ("хан қисайса, бәрі оңбас"). Сол себепті, – дейді Бұқар, – халық ханды басына көтеруі керек, оны құдірет деп тану қажет тиіс, ешкім ханға қарсы шықпауға тиіс, әйтпесе елдің бәрі бақытсыз болады ("жаулаған ханын қара оңбас"). Әміршінің тұлғасын құдірет тұту керек деген түсінікке cүйенген Бұқар жырау өзінің ханы Абылайды еш міні жоқ адам етіп ("дүниеден шықпай мініңіз"), өте әділ әрі қайырымды, рахымы мол хан бейнесінде суреттейді ("Жетім менен жесірге Ешбір жаман қылмадың, Әділетпен жүрдіңіз, Әдеппен іске кірдіңіз"). Оны Бұқар жырау "Кең Абылай, кең аям", "Хан ием" – деп атап, әміршісіне бас ұрады.

Сонымен қатар Абылайды көтермелеп, дәріптей отырып, Бұқар жырау оны кейбір мәселеге байланысты сынға да алады, одан халыққа қамқорлық көрсетуді талап етеді ("Еліңнің қамын жегейсің!"), халықсыз хан да ешнәрсе тындырмайтынын айтады ("Ханның жақсы болмағы – Қарашының елдігі, Қарашы халық сыйласа, алтыннан болар бесігі"). Мұндай шақтарда жырау халық пен ханның арасына дәнекер болады, олардың өзара мәселелерін мемлекеттің мүддесі тұрғысынан қарап, елдің ынтымағы мен тәуелсіздігін сақтау қажеттігін ескеріп шешеді.

Бұқар Қалқаманұлы – ХV-ХVІП ғасырлар арасында айырықша өркендеп, қазақ мемлекетінің нығаюына, ұлттық мәдениеттің дамуына зор еңбек сіңірген жыраулық поэзияның шарықтау шегіне жеткен тұсында жасаған абыз-жыраулардың соңғы өкілі болды. Ол бір өзі бірнеше бағытта, бірнеше салада көріңді: әрі аса дарынды импровизатор – жырау, әрі мемлекеттің көрнекті бас идеологі, әрі ханның кемеңгер ақылшысы, сенімді серігі бола білді. Өкінішке қарай, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында басталған Ресейдің экспансиясы сол жүзжылдықтың соңына таман Қазақстанның көпшілік жерін жаулап алумен аяқталды да, осыдан былай қазақ мемлекеті өз дербестігінен айырылды, Ресей империясының құрамына енді. Қазақ хандығы жеке мемлекет ретінде жойылған соң, оның идеологі болған, қазақ елінің тұтас мемлекеттігін жақтап, сол идеяны жырлаған классик жыраулар да, жыраулық поэзия да тарихи аренадан кетті. Енді олардың орнына мәдениет пен әдебиет әлеміне ақындар келді. Ақындар қазақ елінде бұрын да болған, бірақ олар қалың бұқара ішінде тұрмыс-салтқа байланысты өлеңдер шығарып, өзара айтысқа түсіп жүретін, қарапайым жұртшылыққа қызмет ететін. ХVІІІ ғасырдың соңынан бастап ақындардың ролі көтеріле бастады, олардың өнернамалық қызметі кеңейе түсті, сөйтіп, ақындар поэзиясы қоғамдық мәнге ие бола бастады. Алайда, ол поэзия бұрынғы жыраулық поэзия сияқты болмады, мемлекеттік мәселелерге араласа алмады, олар араласатындай қазақтың өз мемлекеті де болмады. Бұл процестің басқа да жағы бар еді. Абыздық сипаттағы әрі мемлекетке, әрі әміршіге қызмет еткен жыраулар поэзиясын енді әдебиетті мемлекеттік әрі ресми идеологиялық функциядан азат еткен, сондай-ақ әдебиет пен өнерді ақсүйектер ордасынан бұқараның ортасына, қатардағы қазақтың үйіне көшірген әрі әдебиетке демократиялық сипат берген профессионалдық ақындар поэзиясы алмастырды. Соның нәтижесінде қазақ әдебиеті жаңа бағытқа бет алды, жаңа сапаға көшті, жаңа мазмұнға ие болды, соны тақырыптар тапты.

Ендігі жерде отанды сыртқы жаудан қорғау тақырыбы ығысып, оның орнына лирика дами бастайды. Қоғамда, оның рухани мәдениетінде әдебиет өз алдына жеке сала болып өрістейді. Бұрынғы жыраулық поэзиядан қалған әдеби үрдіс пен көркем өрнектер ары қарай ақындар шығармашылығында жалғасын табады. Бұл ретте, әсіресе Көтеш ақын (1745-1818) мен Шал ақынның (1748-1819) дәнекерлік қызметі ерекше. Олар ежелгі жыраулық поэзияның үлгісінде де, жаңаша да өлең шығарып, бір жағынан, дидактикалық мазмұндағы не жақсы, не жаман, алдамшы дәулет пен жалған өмір туралы толғаса, екінші жағынан, тұрмысқа, салт-сана мен әдет-ғұрыпқа байланысты тақырыптарды да жырлайды. Осы екеуінің шығар­машылығынан бастап қазақ өлеңінің формасына да өзгеріс енеді. Олар байырғы жыраулық поэзиядағы формалық еркіндікті шектей бастайды, яғни ерікті шумақ, еркін ұйқас, еркін бунақтар бірден жойылмағанымен, ығысуға мәжбүр болады. Бұрынғы толғауларға тән тирадалық еркін құрылыммен қатар 4 тармақты шумақ қолданылады. Сондай-ақ жыраулар толғауларындағы ұйқас ерікті болып, бірнеше тармақта қатарымен келіп, көп жағдайда ұйқаспен бірге ырғаққа құрылса, ақындар поэзиясында ұйқас а а б а түрінде қатал сақталатын болады және ырғақтан гөрі әуездеп айтуға бейімделеді. Тіпті бірте-бірте толғаудың орнына 11 буынды қара өлең формасы орнығады, ертеден келе жатқан 7-8, кейде одан да көп буыннан тұратын тармақ енді міндетті түрде 11 буыннан құралатын болады.

Сол сияқты жыраулық поэзиядағы қаһармандық мәндегі эпикалық сипат та бірте-бірте лирикалық сарынға ойысады, адамның сыртқы іс-әрекетінен гөрі ойы, көңіл-күйі көрсетіле бастайды. Және ақындар шығармалары жыраулық поэзияға қарағанда жалпылықтан нақтылыққа бет бұрған, сюжетке құрылған, оқиғалы болып келеді. Әрине, бұл көрсетілген айырмашылықтар жыраулық поэзия мен ақындар поэзиясының арасында "қытай қорғаны бар" деген сөз емес. Олар – қазақ әдебиетінің даму барысындағы бағыттар мен кезеңдер, бірін-бірі жалғастырып, сөйтіп ұлттық поэзиямызды байытып отырған дәстүрлер мен жаңалықтар.

ХVІІІ ғасырдың соңынан бастап қазақ әдебиетінде мүлде жана тақырыптағы поэзия пайда болады да, ол XІX ғасырда зор қарқынмен дамиды. Ол – ұлт-азаттық поэзиясы. Ресейдің отаршылдық саясаты мен іс-қимылдарына қарсы болған халық көтерілістерін жырлаған поэзия. Ол XX ғасырда да өшкен жоқ. Сонымен қатар лирикалық поэзия да өрістеп, оның да жырлаған мәселесі – отарлыққа қарсы болды, қазақ жерінің сақталуы мен халықтың еркіндігі еді. Жалпы, жыраулар жырлап, әдебиеттер орнықтырған тәуелсіздік идеясы ХІХ–ХХ ғасырларда да әдебиетімізде өз жалғасын тапты, әсіресе, Алаш зиялыларының шығармашылығында барынша айқын көрінді, бұл дәстүр Кеңес дәуіріндегі әдебиетте де көркем түрде әдемі бой көрсетіп отырды, сөйтіп халықтың, қоғамның тарихи жадын, рухын, санасын оятуға мейлінше мол еңбек сіңірді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]