Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
3-tom__1178_aza_1179__1241_debietini_1187_tarik...doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

Талайсыз Шалкийіз бұ күнде

Қазақ шығып барады,

Биздей болған иырауға,

Иолы болсын дермисин?

Толғаудың шығарылған шамасы туралы жыр жолдарының өзі куәлік береді:

Ялан аяқ, ялан бас

Қабырғадан қос ат айдап көшкен күн.

Еки көзин яс басып,

Танауларын шаң басып,

Бұл языда ираудын

Күни түзде кешкен күн.

Бұл – Шәлгездің Темірден тепкі көрген, не одан кейінгі шонжарлар тұсындағы кезі болуы керек. Біз үзінді келтірген ашуға мініп ашына, яки күйзеліп, күңірене айтқан тебіреніс-толғауларының қай-қайсысында қаншама дарынды, даңқты болғанымен бағы ауған тұста тағдыры талқыға түскен жырау көңіл-күйін ғана емес, ақсүйектер қолында ойнаған екіжүзді дәуір сырын да аңғарамыз.

Өмірдің ащы-тұщысын мол татып, ыстық-суығын көп көрген Шәлгездің қазақ, ноғай арасына кең тараған осындай бірқатар жырларынан заманды болжауы, өмір құбылыстарын байыптауы байқалады. Қазақ, ноғай кең жайлаған бағзы қоныс Ана – Еділ мен Ақ Жайық алқабын да, өзі өмір сүрген дәурен-дәуірді де ой көзімен түгел шолып, сарабдан оймен саралай жырлаған "Мен керемен" толғауында өз дәуіріндегі көп қасіреттерінің бірқатарын байқай біледі.

Ақ сүйектер ары-бери тартысса

Азиз орда абдырарға усайды.

Азиз орда алпыс болып таралса,

Ауыр ноғай аз болырға усайды.

Расында да, тарих телегейіне көз жіберсек, белі бекем, өрісі кең талай елдің іргесін ірітіп, түбіне жеткен Шәлгез айтқандай мансапқа таласу, жікке бөліну сияқты алауыздық екені белгілі. Заманының көреген абызы Шәлгездің бұл байқағаны болмай қалған жоқ. Ақсүйектер арасындағы бәсеке, бақталас, дүрдіараздық ақыры қазақ, ноғай арасын ажыратып тынды, он сан ноғай ыдырап кетті. Бұл ежелден "ауылы аралас, қойы қоралас" отырған екі елге де оңай тимеген. Халық туыстас екі ел ірге бөліскен сол бір ауыр күндерді қайғырып еске алған, өкініш, қимас сезімді бейнелей небір тамаша мұңды жыр, күйлер шығарған.

А.Сикалиев ноғайлар арасынан жазып алып, жариялаған "Алай яным" толғауында Шәлгез өз дәуірінің кейбір кісілікке кереғар, адамдыққа жат әдет-салтын байқай біледі. Әзикедей қатігез мырза үкімімен сүйгенінен айырылып сүймесіне телінген "ару көзел", "көзелінен айырылып, омыртқасы сегіз көзден қайырылған" ер жігіт халі ("теңсізіман алай яным бас қосқан, Ыылай ғана сықтай турган яр көрдім") қанша аяушылық тудырса да, жырау оған үкім айта алмайды. Мұндай әділетсіз, теңсіздікке қарсы ой айту халық ауыз әдебиетіндегі аңыз, әңгімелерде ғана болмаса, дара жыраулар поэзиясында бұл тұста бой көрсетіп, етек ала қойған жоқ. Ал, соны байқай біліп, сезіне суреттеудің өзі үлкен көрегендік еді.

Халықтың сан ғасырлар бойы тәжірибесінде, сол тәжірибеден қорытылған мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерінде тәкаппарлық пен мен-мендіктің өрісі тар, өмірі қысқалығы әйгіленетін "асқанға-тосқан" деген нұсқалы сөз бар. Шәлгез жырларында бұл идея нақты мысалдармен дәлелденгендей:

Атадан алтау тудым деп,

Салмақтама немеңді.

Салмақтасаң немеңді,

Тәңірі тесер төбеңді.

Жырау осы шумақтағы үшінші, төртінші жолдарындағы ойды бекіте түсу үшін өзі өмірде сезіп, байқаған, яки көрген көріністерінен сан-салалы мысалдар келтіреді. Шәлгез шамалауынша жүйріктігіне желіккен ор қоян да, ретсіз сөйлеген желбуаз, дарақы кісі де, көлді тастап қырға ұшқан сам үйрек те, үдере шұбырған қыр құланы да, мезгілсіз жусаған жылқы да бір тосқауылға – пәлеге жолығуы мүмкін. Бұл тұста жыраудың өмірде беталды, бағытсыз құбылыс жоқ, әр нәрсенің жөні, жүйесі, орны, уақыты, шамасы, шегі бар, өлшеусіз тасқын төгіледі, аса асқынып кеткен тосқауылға кезікпек деген ойын аңғарамыз. Олай болса, әр нәрсенің де асып-тасқан, болған-толған шағы мәңгілік емес, уақытша-өткінші. Жыраудың бұл пікірлері оның өмірдің өтпелілігі туралы ойларымен сабақтаса түседі. Өмірдің үнемі өзгеруде, дамуда екенін сезіну "Би Темірге айтқаны" толғауындағы "Еділден шыққан сызашық " шумағында да байқалады. Кешегі тебінгіге жетер-жетпес сызашық – бүгін жарқыраған айдын теңіз. Кешегі қыршын тал – бүгін жапырағы жайқалған жасыл терек. Кешегі тең атаның ұлы – бүгін дәрежесі артық әмір иесі. Шәлгез пікірін жинақтасақ, кешегі кішік – бүгінгі зор. Демек, осылайша әр нәрсенің өсіп, өркендеуін, оған керісінше болып-толғанның, асып-тасқанның төгілуі мен тоқырауын суреттеуі – Шәлгездің табиғат пен адам өміріндегі мәңгі құбылыс – өніп, өсуді, керісінше өліп, өшуді тануы еді.

Өмірдің өтпелілігін Шәлгез “Шағырмақ бұлт жай тастар” толғауының “Қоғалы көлдер, құм, сулар” шумағында анық та ашық айтады. Жауынгер жырау жыр жолдарында өзіне етене таныс “сақалына сары шіркей ұялап” далада қалған барымташы ерлердің реңсіз тағдырын мүсіркей суреттей отырып, жер басып, тірлік кешкен адам атаулыға ортақ құбылыс өмірдің қысқалылығы мен өткіншілігі туралы тебіренеді. Бірақ бұл өмірдің өзі аз екен деп аза тұтып күңіренбейді, қайта “жалған дүниеде” ойнап, күліп, бар рахатты бастан кешіріп, шалқып өтуге үндейді:

Күлелік те ойналық,

Киелік те ішелік.

Мынау жалған дүние,

Кімдерден кейін қалмаған?!

Сөз жоқ, бұл жолдарда жыраудың қысқа ғұмыр мен қысаң тағдырға деген ашу-ызасы да, өмірге іңкәр оптимистік рухы да танылады.

Өмірдің үздіксіз дамуда екенін, дүниеде бірқалыпта өзгермейтін мәңгілік болмыс жоқ екенін мол сезінген Шәлгездің өзінен бұрынғы және кейінгі дәуірлермен үндесіп жатқан бір пікірі – ұлы адамның өлмейтіндігі, өзі өлсе де, сөзі өлмейтіндігі. “Жақсының аты өлсе де, хаты өлмейді” деп келетін халық даналығы Шәлгезде “Жақсылардың өзі өлсе де, сөзі сау” күйінде келеді. Ноғайлар арасынан А.Сикалиев жиып алған екінші бір өлеңінде Шәлгез “сөзі өлмейтін жақсының” кім екендігін анықтай түседі. Ол – жырау пікірінше “халықтың сөзін сөйлеген халық ұлы”. Өлең түйініндегі:

Біз олгенсон калгандармен

Сойлер биздин созимиз –

деуіне қарағанда өзі сияқты жырауларды да мәңгі жасау санатындағы адамдар деп есептейді. Демек Шәлгездің бұл ойларынан оның өз дәуірінде жұртын қамдаған азамат – ерлер мен елінің жалынды тілі, жіті жанары нұсқалы сөз толғаған өнер адамының қадыр-бағасын қаншалықты биікке көтергендігін тани түсеміз. “Жақсылардың сөзі сау” дейтін пікір сайып келгенде, шын азамат, шынайы өнер адамының мәңгілік өмірі туралы барша дәуір мойындатқан ақиқат сөз. Шәлгез заманы үшін – озық ой еді.

Шәлгез жырларында философиялық толғаныс, тебіреніс ретінде келетін дидактикалық өнеге-өсиет, мақал-мәтел, ақыл-нақылды шумақтар мол. Жырау өнеге-өсиеттік бірқатар жолдарында өмірден түйген өрісті ойларын Жақсы мен жаманды салыстыра отырып суреттейді.

Құсты жисаң бүркіт жи,

Қыс тоныңды түлкі етер.

Бір жақсымен дос болсаң,

Азбас тозбас мүлкі етер.

Бір жаманмен дос болсаң,

Күндердің күні болғанда,

Жімле ғаламға күлкі етер.

“Жақсыдан – шарапат, жаманнан кесапат” дегендей бұл шумақтағы Жақсы – шарапатты шын дос та, Жаман – жалған дос, екі жүзді сатқын бейнесінде.

Бір жаманға сөз айтсаң

Есікті кетер сарт ұрып.

Сол жаман елден кетер деп,

Артында жақсылар қалар шарқ ұрып.

Ал бұл жерде Жаман – сөз қадірін білмес дөкір, дүңк, кекшіл кейіпте де, Жақсы – көл қорыған қызғыштай байыз таппай бәйек болған бағалы ер. Міне, осылай Шәлгез жырдарындағы Жақсы – жалы биік жайсаң азаматтың, ел мерейін көтерген айтулы ердің, халқының қамын ойлаған қабырғалы батырдың бейнесінде беріледі де, Жаман – көңілі көрінім жерді барлай алмас бейшара, күйбең тірлік кешкен тоғышар Жақсыны етектен тартар күншіл, баққұмар, қызғаншақ, ақылы артынан кірер ақымақ, сыр сақтамас желауыз, дос боп жүріп екіталай кезде қас боп шыға келер екі жүзді сатқын бейнесінде суреттеледі. Шәлгез жырларындағы абаданы, атайы ер, атаның ұлы (“Атаның ұлы жақсыға”) сойы деген сөздер де жақсы ұғымды береді. Мысалы абаданы – абзалы, көп қамқоры мағынасында қолданылған. Жырау Жақсы мен Жаман арқылы Ер мен Ез, Мәрт пен Нәмәрт сияқты адам бойында кездесетін екіұдай кереғар қасиет-мінездерді салыстыра суреттеу арқылы дәуірден дәуірге көшіп келе жатқан көптеген өмір сырын байыпты бағдарлайды. Шәлгездің “Қатнасы биік көлдерден”, “Ярлылыққа септи деп”, “Тобылғының берігі”, “Бостаны бар-ды теректің”, “Айдынға шүйсең, тарлан шүй”, “Бар күшіңді сынамай” шумақтары және “Шағырмақ бұлт жай тастар” дейтін ұзақ толғауы – не замандар бойы өмір тәжірибесінен қорытылған саралы ойлар жиынтығы, өмір аксиомасы дерлік. Бұларда ақыл-ғибрат та, өнегелі өсиет те мол. Бұл саладағы толғауларынан Шәлгездің өрісті ойларын, заман шындығын, дәуірдің елеулі мәселелерін көтере білген кемел парасатын тани түсеміз.

Ру-ұлысқа бөлініп, тұқым-текке қарап бағалаған патриархалды-феодалдық дәуірде бақ тайып, бақыты қашқан кездерде жапа шеккен Шәлгез "Жағаға дұшпан қолы тимеске, Артыңда туысқаның көбі игі" деп санайды.

Арғымақ атқа көп міндім,

Садақа кетсін буданнан.

Азаматқа көп ердім,

Садақа кетсін туғаннан.

Бұл жолдар жыраудың ашына айтқан ақиқат сөзіндей естілгенмен, ол туған біткенді ту етіп, жаманына да жан тарта бермейді, адалдық, азаматтық тұрғыдан саралай, сын көзбен қарайды.

Жаман туған бар болса,

Жаман жолдас көп болса,

Жазаны содан көрерсің.

немесе,

Жаманға жақыным деп сыр айтпа,

Күндердің күні болғанда,

Сол жаман өз басыңа айғақ-ты.

Яки:

Ағайынның ішінде,

Бір жақсысы бар болса,

Қоңқалаған көп жаман,

Сол жақсыны көре алмас.

Міне, жырау өмірдің өзінен туындап жатқан ащы шындықты айқын көре алған да, жақын деп жаманға жан тартуға емес, "жақсыда жаттық жоқ" дегендей адамды, азаматты, абзалдықты сүюді өсиет етеді.

Атаның ұлы ерлерге,

Малың бер де басың қос,

Басыңды қос та бек сыйлас,

Күндердің күні болғанда,

Басың жауда қалар ма?!

Бұл жолдардағы – Шәлгез ұғымындағы "Ата ұлы" адамдығы мол азамат ерлер ретінде табылады.

Өз заманының ақылгөй жырауы, әрі айтулы батыры Шәлгез суреттеуінше адамның өмірдегі қадір-қасиетін белгілер ерлік пен ездік, достық пен дұшпандық деген қасиеттер ел басына екі талай күн туған "тайғақ кешу тар жерде" танылмақ..

Күпшек санды тіл жалмаған күреңді,

Тілеген достан аяман.

Тілекті бірге тілеген,

Малымды достан аяман.

Бұл – жыраудың батыр ретіндегі бірлік пен ерлікке үндеген мәрт мінезі, әрі адалдық анты дерлік. Өмір талқысын көп көрген жырау жауға – мейірімсіз, досқа – адал, дұшпанға – сақ болуға шақырады.

Аңдып жүрген дұшпаныңнан жүз сақын,

Күле кіріп күңіреніп,

Шыққан достан мың сақын.

Немесе:

Дұспаныңа беліңді шешіп инанба,

Инатып тұрып өлтірер, –

деп үнемі қырағылыққа үндейтін Шәлгез парықсыз ағайын ("Жайыңды білмес қарындас өзі дұспан, өзі қас", " Жаманға дос болғанда, жазымда басың қалмас па?!"), ақылсыз достан да ("Ақылсыз достан ақылды дұспан артық-ты") сақтандыра сөйлейді.

Шәлгездің ерекше қастерлей жырлайтыны "күндердің күні болғанда" елінің ар-намысын қорғап, жауына жайдай атылар қол бастар "асыл туған батыр ерлер" ("Батыр жігіт жау бастар"). Ондай ерлер елдің панасы ("дұшпанның қолы жете алмас", "басың жауда қалар ма?") ретінде бейнеленеді. Мұндай ірі міндет, іргелі іс атқарар батырдың ұлан шабуылдарда үдере жортар қанат-көлігі – Атайы ердің тұсында тарп ұрып тұрар тұлпар", "жаздың алты ай жорытсаң, һеш өкпесі қабынбас арғымақтың баласы" немесе:

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген.

Ебедей төсі салынған,

Ертеңнен салса кешке озған,

Ылдидан салса төске озған,

Ала мойын, ала аяқ –

боп суреттеледі.

Шәлгез жырларынан бір байқалатын сыр – оның туып-өскен мекеніне, ата қонысына, өзін қоршаған табиғатқа деген құштарлығы. Бірақ, Шәлгезде бұл тақырыпты бірыңғай толғаған жырларды кездестірмейміз. Оның туған мекенге, өскен табиғатқа деген ықылас-іңкәрлігі өмір, заман туралы толғаныстарымен аралас келеді. Жырау табиғат, туған мекен суреттерін негізгі айтпақ болған ойларын дәлелдеу үшін жанама мысал, фон ретінде алады. Ол "асқар тауға армай шығып, ... Ана-Едилдин ак елкенім" көрсе де, "Ана-Едилден Ак Кобанға" қараса да, "Ак Кобаннан Ак Яйыкка" жол тартса да дәуір сыры туралы тебіренеді. Немесе Еділден шыққан сызашықтың жарқыраған телегей боп, жағасына қыршын болып біткен талы жапырағы жайқалған терек болған кезін суреттеуі Темірге айтпақ кекті сөзіне керек мысал ретінде келтірілген. Бірақ сондай жекеленген жолдардың өзі табиғат бейнесін бірден көз алдыңа әкелер образды да әсерлі.

Қарабасты ақ құспен

Кендір баулы ақ желкен,

Көк теңіздің жал толқынға жектірдің!

Жапырағы жасыл жау терек,

Жайқалмағы желден дүр...

Арқаның құба жонында,

Арыстан ойнар шарқ ұрып ...

Ана Эдилдей алай яным су ақса,

Яғасына биткен онын тал болар ...

Жалп-жалп еткен жапалақ,

Жазда кімге жолдас болмаған ...

Ағынды сулар, аймақ көл,

Тасыса дөңбек келтірер ...

Шәлгезде "Ақ ала тау", "Асқар тау", "Жапалақ ұшпас жасыл тау", немесе "Саздауға біткен қара ағаш", "Шағырмақ бұлт жай тастар" сияқты өзін қоршаған орта суретін елестетерлік ажарлы, образды тіркестер бар.

Шәлкез жырларында ежелгі қоныс Еділ, Жайық пен Қобан атаулары кездеседі. Кездескенде “Ақ Жайық”, “Ақ Қобан” дегендей аса іңкәр, құштар сезіммен аталады. Қазақ, ноғай арасында тараған жырлардың қай-қайсысында да Еділді “Ана-Еділ” деп перзенттік сезіммен аса қастерлеп атайды (“Ана-Еділден көксіген...”, “Ана-Еділден Ақ Қобанға қарасам”). Бұған қарағанда орыстың “Волга-матушкасы” Шәлгездің “Ана-Еділімен” үндесіп жатыр. Бірақ, бұған бола “Волга-матушка”, “Ана-Еділден” не “Ана-Еділ” “Волга-матушка” деген ұғымнан шыққан болар деген шолақ жорамал жасау келіспейді. Қалай болғанда да, бұл жердегі бір жарастықты жәйт – Еділ бойын жайлаған халықтардың қайсысы болмасын оны анасы санап, ардақтап жырға қосуы. Бұл тек Еділге ғана тән сипат емес, адамзат баласының “ес кіріп, етек жапқалы” өзіне материалдық игіліктер беріп асыраған, дүниеге келгелі көзі үйреніп, көңіліне хаттай жазылған ыстық мекенге – өзін қоршаған ортаға деген перзенттік сезімі. Ал, бұл перзенттік сезімді, суреткерге тән образды бейнелеу Шәлгез жырларынан айқын аңғарылады.

* * *

ХV-ХVІ ғасырлардағы Асан, Қазтуған, Доспамбет, Шәлгез жырларын дербес ақын, жыраулық өнердің басталуы немесе қаз тұра бастаған сатысы ретінде қарауға болмайды. Оған дәлел – аталмыш жыраулар поэзиясы сол кездегі өмір көріністерін суреттеу мүмкіндігі, көркемдік құнары жөнінен ХVІІ-ХХ ғасырлардағы ауызекі ақындар творчествосынан анағұрлым артық, анағұрлым жетілген поэзия. Демек, бұл жай аталмыш жыраулар алдында ру, тайпалардың ежелден келе жатқан ауыз әдебиеті, есімдері бізге беймағұлым талай жыршы, жыраулар легі, олар үлгі алған ауызша, жазуша тараған рухани мұралар болғандығын аңғартады. Шәлгезге дейінгі дәуірде "Дивани Лұғат-ат-түрік", "Құдатғу білік", "Кодекс Куманикус", "Оғыз наме", "Мұхаббат наме", "Жүсіп-Зылиха" сияқты шығармалардың Алтын Орда аймағына кең тарағаны белгілі. Ал, өмір сүрген ортасында жазу-сызу дәстүрі бар Шәлгездің қыпшақ даласына ауызша, жазбаша тараған шығармалардан бейхабар болуы мүмкін емес. Бұл тұста "Шәлгез сауатты болған ба?" деген заңды сұрақ туады. Шәлгез толғауларында "сыя", "хат", "ғалым", "кітап" деген сөздер кездеседі. Бірақ, жырау шығармасында айтылатын жайттардың бәрі автордың басынан кешкені деуге болмайды. Сондықтан, аталмыш сөздер оның өз басының сауаттылығы жөнінде бұлтартпас дерек бере алмайды.Шәлгездің хат танып, жаза аларлық сауатты болғандығын біз ноғай арасынан А.Сикалиев жинаған өз жырларынан кездестіреміз.

Эсенимде, сауымда,

Элим ушун иыр язсам.

Тауарыкка дап болып,

Язган язуу йойылмас.

Алайда, Шәлгез қолжазбасын кезіктірген әзір ешкім жоқ. Бізге жеткен жырларының бәрі де – халық көңілінде сақталып, атадан балаға ұласқан мұралар. Қалай болғанда да Шәлгездің өзіне дейінгі әдеби мұраларды мол білген ауыз әдебиеті стиліндегі импровизатор сөз зергері екендігі даусыз.

Шәлгездің бірқатар жыр жолдары халық мақал-мәтелдерімен үндес келеді. Мысалы, мақал-мәтелдердегі "Әлін білмеген әлек" деген пікірді Шәлгез:

Бар күшіңді сынамай,

Балуандармен күреспе,

Таң боларсың әлемге,

Сөз боларсың күлемге –

түрінде тарата түсіндіріп, нанымды насихатқа айналдыра толғайды. Ал, "Жақсының өзі өлгенмен, сөзі өлмейді" Шәлгезде – "Жақсылардың өзі өлсе де, сөзі сау" күйінде кездеседі. "Жаманға сырыңды айтпа, сырыңды айтсаң да шыныңды айтпа", "Жаманға сырыңды айтсаң, жарға жығар", "Жақсыда жаттық жоқ" сияқты мақал-мәтелдер мен Шәлгездің:

Жаманменен дос болсаң,

Жазымда басың қалмас па?!

Жат туғанды өз етсең,

Жақсыларды дос етсең,

Ғұмырың ұзақ болмас па?!

. . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Жаманға жақыным деп сыр айтпа,

Күндердің күні болғанда,

Сол жаман өз басыңа айғақ-ты, –

деген жолдары мағыналас. Немесе, "Қырық күн қырғын болса да, ажалды өледі" деген ойды жырау:

Жалаңаш барып жауға ти,

Тәңірі өзі біледі,

Ажалымыз қайдан-дүр, –

деп толғайды.

Шәлгез өзінен соңғы дәуір поэзиясына елеулі ықпал, әсер еткен жырау. Бұл салада М.Мағауин бірқатар мысалдар келтіріп, құнарлы пікірлер айтқан.

Халық ауыз әдебиетіндегі "Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақтан", "Ақылсыз достан, ақылды дұшпан артық", "Жаманнан туған жақсы бар. Адам айтса нанғысыз. Жақсыдан туған жаман бар, Бір аяқ асқа алғысыз", "Дұшпаныңнан бір сақтан, жаман достан мың сақтан" сияқты мағыналы сөздер Шәлгез жырлары арқылы тарап, мақал-мәтелге айналғанға ұқсайды.

Сөз шеберлерінің мағыналы да көркем туындыларынан ауыз әдебиеті нәрленіп, не сол халық творчествосынан сөз зергері сусындап, алма-кезек құнары артып, байып отыратын дағдылы құбылысын Шәлгез шығармаларынан да байқаймыз. Шәлгез "Би Темірге айтқаны" толғауында Орда маңына орныға алмай Темірден ажырар тұстағы мұңды көңіл-күйін табиғат көріністерімен астартыра абыздардай алыстан болжап, жоспармен жорып, байыппен бағдарлай жырлайтын:

Аспанды бұлт құрсайды –

Күн жауарға ұқсайды.

Көлдерде қулар шулайды –

Көкшіліден ол айуан,

Соққы жегенге ұқсайды.

Көп ішінде бір жалғыз,

Көп мұңайып жылайды –

Күйбеңдескен көп жаман

Сөзі тигенге ұқсайды.

Дәл осыған ұқсас жолдарды "Ер Тарғын" жырынан оқимыз:

Асыл туған Ақжүніс,

Күнді бұлт қоршайды,

Күнді байқап қарасам,

Күн жауарға ұқсайды.

Айды бұлт қоршайды,

Айды байқап қарасам,

Түн жауарға ұқсайды.

Көгілдірін еріткен,

Көлдегі қулар шулайды,

Шулағанға қарасам,

Көктен сұңқар соғылғанға ұқсайды.

Бойды байқай қарасам,

Қол-аяғым көсіліп,

Аузы-мұрным ісініп,

Алланың хақ бұйрығы,

Маған таянғанға ұқсайды.

Бұл – жапан түзде мертігіп жатқан Тарғын батырдың қапалы көңіл-күйі. Шәлгезде де, Тарғын монологінде де негізгі ой шумақтың соңғы жағында. Өз көңіл-күйін бұлтты аспанмен, өзін жәбір көрген аққу құспен, психологиялық параллеллизм әдісімен салыстыра суреттеу Тарғын сөзінде де бар. Бұл ноғайлы жырларының туу процесінде жыраудың өз басының, не ұтымды өнегесінің қатысын көрсететін деректер.

Дәуірі жағынан Асан қайғы, Шәлгездерге біртабан жақын тұратын Бұқардың құнарлы өнеге бастауларының бірі Шәлгез мұрасы болғанын байқаймыз. Үмбетей, Ақтамберділер Шәлгез жырларының ызаға қайнап, ойға қорыған өткірлігі мен тепсінген тегеурінін, жайрап қалар жағдайлардың өзінде жасып жабаурамай үнемі ширыға, шамырқана отыратын жауынгерлік рухын өнеге етсе, Бұқар ақыл-нақылға құрылған философиялық-дидактикалық толғауларында жыраудың тұтас шумақтарын, не кейбір жолдарын аз-кем өзгеріспен көздеген нысанасына дәл тиетін сенімді қаруындай қолданып отырған. Мысалы:

Жауынды күні көп жүрме,

Жар жағасы тайғақ-ты.

Жаманға жақыным деп сыр айтпа,

Күндердің күні болғанда,

Сол жаман өз басына айғақ-ты.

Құсты жисаң, бүркіт жи,

Қыс тоныңды түлкі етер.

Бір жақсымен дос болсаң,

Азбас-тозбас мүлкі етер.

Бір жаманмен дос болсаң,

Күндердің күні болғанда,

Жімле ғаламға күлкі етер.

Шәлгездің осы жолдарын Бұқар "Сәлем-сөздің анасы" толғауының бір шумағында көп өзгеріссіз қайталайды:

Жар басына қонбаңыз,

Дауыл соқса, үй кетер.

Жатқа тізгін бермеңіз,

Жаламенен бас кетер.

Жаманмен жолдас болсаңыз,

Көрінгенге күлкі етер.

Жақсымен жолдас болсаңыз,

Айырылмасқа серт етер.

Ит жүгіртіп құс салсаң,

Киген тоның түлкі етер...

Енді, Шәлгездің мына шумағына назар аударайық:

Ау, бөрілер,бөрілер,

Бөрімін деп жүрер ер.

Әрбіреудің баласы.

Алтау болар, бес болар,

Ішінде абаданы бір болар.

Абаданнан айырылса,

Олардың әрбіреуі,

Әрбір итке жем болар.

Осы сегіз жолдағы негізгі ойды Бұқар "Айтар болсаң, алланы айт" деп басталатын қырық екі жолдық толғауында береді, кей тұста өзге жолдар қосып тарата толғайды.

ХV-ХҮІІІ ғасыр жырауларынан, әсіресе Шәлгезден мол сусындаған ақынның бірі – Махамбет. Махамбеттің "Жалған дүние" ("Қоғалы көлдер, құм, сулар") толғауы Шәлгездің "Қоғалы көлдер, құм, сулар" толғауымен, Махамбеттің "Тайманның ұлы Исатай" ("Арғымақтан туған қазан ат") толғауының бірқатар жолдары Шәлгездің "Айырдан туған жампоз бар" шумағымен, Махамбеттің "Еменнің түбі сары бал" толғауы Шәлгездің "Жапалақ ұшпас жасыл тау", "Жапырағы жасыл жау терек" шумақтарымен, Махамбеттің "Ата ұлының баласы ", "Күнқақты ердің астында" шумақтары Шәлгездің "Атаның ұлы Ерлерге", "Көктеп мінген еріңнің" шумақтарымен ойы, мағынасы, бейнелі сөздері, ұйқасы жағынан да сәйкес келеді. Мысалы ,Шәлгезде :

Айырдан туған жанпоз бар,

Жүгін нарға салғысыз.

Арғымақтан туған будан бар,

Күнінде көрінім жерді алғысыз.

Жаманнан туған жақсы бар,

Адам айтса нанғысыз.

Жақсыдан туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда,

Бір аяқ асқа алғысыз.

Бұл жолдар Махамбетте былай оқылады:

.....Айырдан туған жампоз бар,

Нарға жүгін салғысыз.

Аруанадан туған мая бар,

Асылын айуан десең нанғысыз.

Жаманнан туған жақсы бар,

Атасын айтса нанғысыз.

Жақсыдан туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда,

Жарамды бір теріге алғысыз.

Немесе, Шәлгездегі:

Жапалақ ұшпас жасыл тау,

Жақсылардың өзі өлсе де, сөзі сау.

Ойлап тұрсам жаманның,

Жалаңдаған өз басына тілі жау.

Махамбетте:

Жапанға біткен жасылды-ау,

Момындардың басы сау.

Жаманды байқай қарасаң,

Күндердің күні болғанда,

Өз басына өзі жау.

Сондай-ақ, Махамбеттегі "Елбең-елбең жүгірген, Ебелек отқа семірген", "Бұзбай құлан пісірмей, мұз үстінде от жақпай " сияқты бейнелі тіркестердің түп-төркіні Шәлгез жырлары екендігі аңғарылады.

Енді бір мысал:

Асқар, асқар, асқар тау,

Асқардан биік тау болмас,

Басына балапан шырлап ұшып қона алмас.

Бүркіттен қыран құс болмас,

Баулуы жетпей бөрі алмас.

Бидайықтан алғыр құс болмас,

Бұйырмаса екеу түгіл бір де алмас.

Сұңқардан сұлу құс болмас,

Қауырсыны қатпай ұша алмас.

Шәлгездің осы толғауының өзге нұсқалары сияқты шумақтар ХІХ ғасырдың көрнекті импровизатор ақындары Абыл мен Шерниязда кездеседі:

Абылда:

Асқар, асқар, асқар тау,

Асқар таудың басына,

Балапан ұшып шыға алмас.

Сұңқардан қыран құс болмас,

Соқтасы қатпай аң алмас....

Шерниязда:

Асқар, асқар, асқар тау,

Етегінен балапан,

Басына шырлап шыға алмас,

Бауырынан күзен ін қаза алмас.

Сұңқардан сұлу құс болмас,

Жүні қатпай ұша алмас.

Бидайықтан сұлу құс болмас,

Бағуы сыйлы болмаса,

Ең игісі түк те алмас.

Шәлгез жырлары тек қазақ, ноғай халықтарында ғана емес, Алтын Орда аймағында болған түріктілдес (елдердің – ред.) бірқатарына етене таныстығы байқалады. Оған куә 1875 жылы қағаз бетіне түскен "Қазақ өлеңдері мен қиссалары" қолжазбасының Башқұрт жерінен табылуы және 1773-1775 жылдардағы шаруалар көтерілісінің басшыларының бірі башқұрт халқының батыр ақыны Салауат Юлаев (1752-1800) жырларынан Шәлгез өнегесінің айқын аңғарылуы. Мысалы, Салауаттың:

Ялт-йолт иткән ябалак

Язмышта кемгә юллаш булмаған?!

Бүтәгә үлән, буз ялан,

Кемгә түшек булмаған?!

Яғаһына кош оялап,

Яңағына себен-серәкәй балалап,

Ир-егеттің башы кайза ятып қалмаған?!

(Башқорт поэзияһы антологияһы, Өфе, 1971, 84-бет) деген жыр жолдары Шәлгездің "Қоғалы көлдер, құм, сулар" шумағындағы "Жалп-жалп еткен жапалақ" деп басталатын бірқатар тармағын аз-кем өзгеріспен қайталайды.

Демек, бұл мысалдарға қарағанда, Шәлгез жырларының түр, стиль, образ өрнектерінен кейінгі ақын, жыраулар игі-өнеге алған. Қажет жағдайда Шәлгез жолдары мен бейнелі тіркестерін өз жырлары арасында сол күйінде қолданып, не өзгертіп, жаңғыртып, ұстарта жырлаған.

Жекелеген көшпелі сөздер мен жолдардың ауыз әдебиеті мен ақпа-төкпе ақын, жыраулар мұрасында жиі ұшырасып отыруы дағдылы жайт. Бұл – қазақтың ауызекі тараған төл поэзиясына ғана емес, жалпы түркі тілдес халықтар әдебиетіне де тән сипат. Оның өзіндік себептері бар. Дүниеге келген көркем туындыларын салыстырып, саралап отыратын жазбаша дағдысы өріс алмаған елдерде шығарма ауызша тараған. Ақын, жыраулар өздерінен бұрынғы сөз зергерлері мұрасын қадір тұтып, жаттап, соларға еліктей өскен. Қажет жерінде оларды дайын құралдай қолма-қол пайдаланып, ағытып айтып отырған. Ал, сол мұралардың бірқатарын бағзы бастапқы күйінде ғана қолданбай, оны сол тұстағы белгілі жағдайға, өз идеясына лайықтап өзіндік өрнегімен дамыта, ұстарта толғаған. Қазақ ақындарының көбі ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулар сөзін өздерінің өмір, заман туралы толғамдарына лайық келісті қисындыра білген, түр мен сөз өрнегіне өзгерістер енгізген, әдебиет тарихында ақындық атағын әйгілер елеулі мұралар қалдырған. Сондықтан, Бұқар, Махамбет, Абыл, Шернияз және олардан кейінгі ақындардың бірқатарында Шәлгез сөз орамдарының кездесетіндігіне қарап, оларды Шәлгез көлеңкесінде қалғандар деп тұқыртудың жөні жоқ. Олар – көне жыраулардың игі дәстүрін өз дәуіріне сай дамыта білген сөз шеберлері. Әдебиет тарихында олардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Олар Асан, Шәлгез, Қазтуған сияқты жыраулар мұрасының озық үлгілерін өз дәуіріне сай дамыта білген. Олардың мұрасы ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы жыраулар өнегесінің келісті көріністері, заңды жалғасы.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]