- •Он томдық
- •Алтын орда дәуіріндегі әдебиет
- •Хорезми
- •Бурхануддин Рабғузи
- •Кунгулга дуниада сурур турур30, –
- •Адамның ешбiрiне қылмас жәбiр,-
- •Мысырдағы қыпшақ әдебиеті
- •Осымен атақтымын Мысырда өзім
- •Тарихи шежiре және көркемдiк дәстүр
- •Әбiлғазы БаҺадүрхан
- •Қадырғали Жалаири
- •Захириддин Мұхаммед Бабыр
- •Мұхаммед Хайдар Дулати
- •Түркі сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Араб-парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Түркі-араб, парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •2 Шатр (мисраъ) 1 шатр (мисраъ)
- •Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет
- •Ал, қолыңды маларсың
- •Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер?-
- •Қырда жүрген дуадақ
- •Мынау жалған дүние Кімдерден кейін қалмаған!293 –
- •Есім, сені есірткен
- •Керегеге ілінген
- •Атымтай Жомарт секілді
- •Болмашыдай анадан
- •Білегі жуан Бүркіттің Тегеуірініндей Бөгембай! 306.
- •Жыраулық және ақындық поэзияның даму ерекшеліктері
- •Көлден қулар ұшар ма? –
- •Сыпыра жырау
- •Білсе, білмесе бу ишні Сафардау білер бу ишні364, –
- •Суда жүрген ақ шортан
- •Ауылдағы жамандар
- •Көшіп-қонып жүрмеген
- •Сұңқар қайдан табарсың?
- •Жалп-жалп еткен бәйтерек
- •Талайсыз Шалкийіз бұ күнде
- •Доспамбет жырау
- •Аймадетке оқ тиді
- •Той тойлаған өкінбес! –
- •Ат салмай өтер күн қайда?!
- •Тегеурінді болат темірдің
- •Жиембет
- •Мұнан да былай сөйлеуім Маған да болар ауыр күш, –
- •Қаздауысты Қазыбек би
- •Әйтеке би
- •Ақтайлақ би Байқараұлы
- •Бөлтірік шешен
- •Пайдаланылған әдебиеттер
Қаздауысты Қазыбек би
Халқымыздың айтулы кемеңгер билерінің бірі – Қаздауысты Қазыбек шешендігімен дараланып көзге түскен тарихи тұлға. Оның аты әйгілі Абылай хан, Бұқар жырау, Төле би, Әйтеке билермен қатар аталады. Қазыбектің шын мәніндегі шешендігі мен жер жарған даңқы кешегі “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” атанған Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес жылдары бүкіл қазақ даласына жайылады. Ол халқымыздың басына ауыр күн туып, не ел болу, не құрып кету қаупі төнген қиын сәтте суырылған шешендігімен, алғыр да білгір көсемдігімен ел намысын қорғап қалады.
Халық әңгімелеріне қарағанда, Қаздауысты Қазыбек қалмақтың ханы Қоңтажыға (бұл лақап аты, шын есімі Батыр) үш рет барып, үшеуінде де ел есесін толығымен алып, жауда кеткен мал-жанды түгелімен қайырады. Бидің қалмақ ханына баруын тарихи деректер де растайды. Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясының Орталық ғылым кітапханасының № 829 папкасындағы қолжазбада Айдабол бидің баласы Тайкелтір бастаған, құрамында Қаздауысты Қазыбек, Керей Тұрсынбай батыр, Шақшақұлы Жәнібек бар топтың Қоңтажыға барғаны баяндалады. Шамасы, бұл Қаздауысты Қазыбектің қалмаққа соңғы сапары болуы мүмкін. Осы деректерді ұлы ғалымымыз Шоқан Уәлиханов та қуаттайды. Ол өзінің “ХVІІІ ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар” атты мақаласында былай деп жазады: “Үш жүздің батырларынан сіз кімді артық көресіз? деп Абылайдан сұрағанда, ол былай деп жауап беріпті: “Бізге дейінгі екі кісіге таң қалуға болады. Олар тоқсан туысын тұтқыннан құтқарып қалған Қаракесек Қазыбек және тағы да сондай өзінің тұтқында кеткен адамдарын босатып алған Уақ Дербісәлі. Біріншісі Қалданның өз алдына барып босатып алған, ал, екіншісі өз ауылында жатып дұшпанын қорқытып алдырған” (Ч.Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. Том 1, Алма-Ата, 1984, стр. 218). Сөйтіп, осы деректерге қарағанда, Қазыбектің өмірінің басым көпшілігі қалмақ пен қазақ арасындағы бітімшілік, ел басқару, сан түрлі дау-дамай, талас-тартыстарды шешу, ел бірлігі мен татулықты қорғау мәселесіне арналғаны аңғарылады. Бұған халық аузында сақталған әр алуан аңыз, әңгімелер мен жоқтау жырлар да дәлел бола алады.
Қазыбектің туған, өлген жылдары зерттеу еңбектерінде әр түрлі көрсетіліп келеді. Айталық, Қазақ совет энциклопедиясында 100 жыл жасап, 1665 жылы туып, 1765 жылы қайтыс болған деп көрсетілген. Ал, зерттеуші Б.Адамбаев 1667 жылы туған деп жазады. Мұнда ол бидің 97 жыл жасағанын да атап көрсеткен. Алайда, А.Ысқақов пен Т.Арыновтың “Қаздауысты Қазыбек туралы жоқтау жыр” деген мақаласында жоқтаудың жарияланған 1925 жылын негізге ала отырып, Қанай бидің кенже ұлы Қожабайдың жасын салғастыра келіп, Қазыбекті 1661 жылы туып, 1758 жылы 97 жасында дүние салды деген тың пікір ұсынады. Біз осы соңғы деректі дұрыс па деп ойлаймыз («Қазақ әдебиеті» газеті, 1985 жылдың 11 январы, 10-11 бет).
Аталған авторлардың жоқтау жырына зер сала қарасақ, Қаздауысты Қазыбектің өмір жолын екі қырынан танып білуге болатынын көреміз. Алдымен ол ел іші, ру арасындағы және үш жүздің билік-бітіміне әділ төрелік беруші дана кісі. Екіншіден, Қазыбек қазақ пен қалмақ елдерін татулық-достыққа шақырған кемеңгер шешен.
Ел арасындағы биліктерін айтқанда, жоқтау бидің қара қылды қақ жарған әділдігі мен жоқ-жітік, момындарға қамқорлығын баса көрсетеді. Бидің қызы Манқанның атынан айтылған осы жоқтауда оның адамгершілік қасиеттері халық атынан бағаланып:
Қазаққа арнап жол салдың,
Қолайлы қылып әр заңға.
Жесір қатын, жетім ұл
Аруағыңа таянып,
ие болды мал-жанға...
Қара қылды қақ жарып,
Әділ өткен әкекем
Байыстан құлай иманға! –
дей келіп, Қазыбектің ұстанған жолының қазақ өміріне қолайлы болғаны баса айтылады. Бұл сөздерден оның Тәуке ханның тұсындағы “Жеті жарғыны” жасауға қатысқаны ескеріліп отырған сияқты. Мұны келесі бір жолдарда тағы да қайталап:
Қазаққа деп заң жасап,
“Қазыбектің қасқа жол”, –
Артына мирас қалғаны.
Шариғат айтқан жол емес,
Законың тағы қол емес,
Дуалы ауыз айтқан соң,
Қазаққа бір жол салғаны –
дейді.
Осы аталған жоқтаудағы тағы бір ерекшелік: Қазыбектің көрші елдермен тату-тәттілік, бірлікке шақыруы дер едік. Бұған қарағанда бидің еліміздің бақ-талайы мен ырысының, болашағының бірлік-ынтымақта деп, соған үлкен сенім артқанын танимыз: Тіпті, елді үйреншікті Сыр бойынан Арқаға көшіруі де қапталдас жатқан жаудан іргесін аулақ салу екенін де аңғарамыз:
Сырдың бойын жаратпай
Мал өсірер орын деп,
Қазақтың ұлын өндіріп,
Қоныс әпердің Арқадан!
Өсиет қылдың қазаққа:
Сарыарқа болсын қонысың,
Қалмақ, сартпен жауықпа!
Болмасын – дедің – жұмысың,
Біреу саған жау болса,
Паналауға жарайды,
Мынау көрші орысың!
Ендігі бір түйінді мәселе: Қазыбек бидің қалмақ ханына елшілік құрамында баруы туралы. Жоқтауда аңыз әңгімелердегідей емес, бидің қалмаққа барып, сөз таласында озып шығып, үлкен атақ-абыройға ие болуы он төрт, он бес жас емес, он сегіз жас еді делінеді. Сондай-ақ Абылай хан айтатын тоқсан адам саны да сарапталып анықтала түседі:
Белгілі шығар алашқа,
Қоңтажыға барғаның.
Он сегізде сол күнде
Қалмақтың сынға салғанын.
Қазақты жоқтап қалмақтан
Араға сөзді салғаның.
Қалмақтың ханы Қоңтажы
Жауаптан ұтып алғаның.
Босатып едің, жан әкем,
Тұтқында қазақ қалғанын.
Талап алған шабынды
Қайырып алдың бар малды.
Ұлықсыз тоқсан жесірді
Сол жерде анық алғаның...
Батыр жинап ел шашпай,
Қылыш шауып, оқ атпай,
Ақылыңмен жол тауып,
Қазақтың кегін алғаның!
Енді, осы қазақ, қалмақ тартысына келсек, мұндағы Қазыбектің тапқырлығы мен шешендігі ерлікпен бара-бар дей аламыз. Қоңтажы да оңай берілетін осал жау емес. Ол алғаш қазақ елшілігін түгел қырып жіберуге де ыңғайланады, бірақ сыншысы мен әйелінің (енді бірде өзінің) сынауымен түр-тұлғасынан аяғын тартып келісімге келеді.
Топ басшысы Тайкелтір би ханның сұсынан тартынып, “берсең алдық, бермесең қалдық, сөзді өзіңе салдық” дегенде, қалмақ ханы құн қайыру былай тұрсын, “ат-тоныңның аманында елге қайтыңдар” деп кергиді. Сонда Қазыбек бүкіл қазақ елінің атынан тайсалмай, шындықты бетке басып сөйлейді: “Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз. Асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, қыз туса күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір, балқытқалы келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең, шабысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желіммін, жабысқалы келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, бермесең дірілдемей жөніңді айт, не тұрысатын жеріңді айт”, - депті. Бұған Қоңтажы не дерін білмей сасып қалыпты. Сасқанынан Қазыбекке жоғарыдан орын ұсынып, күтімдерін де жөндеуге, өткен-кеткеннің бәрін толығымен қайыруға уәде береді. “Ер болсаң, бопсаға шыда” деген осы болса керек, айтылған сөздің дәлдігі мен өткірлігі нысанаға дөп тиеді. Хан уәжден тосылып, елшілерге тоғыз-тоғыздан жол беріп, Қазыбекке екі сыбаға береді. Дауысының қаңқылдауына қарап, оған “Қаздауысты Қазыбек” деген ат береді. Қазақ елшілерін өзі шығарып салған ханға бір жігіт сынған тісін, қолды болған тонын, астындағы атын даулағанда, хан бұған қарсылық білдіріпті. Сонда Қазыбек: “Тісі сынса, ауыз ішінде, қолы сынса жақ ішінде жүре беру керек деген сөз? Оның үстіндегі тоны жанат емей немене? Аузындағы отыз тіс болат емей немене? Астындағы ат қанат емей немене? Ханның бізбен қарыспай біткені рас болса, жанатынан айырмай, болатынан майырмай, қанатынан қайырмай, алғанын қайыру керек!..” – дегенде, хан тағы да сөзден тосылып, астындағы атын, үстіндегі тонын, болат қылышын беріп, төбе басында мең-зең күйінде қала берсе керек. Қазыбек бидің осы екі сөзін шешендік өнердің қайталанбас, тамаша бір үлгісі деп айта аламыз.
Қазыбек атақты Төле биден бата аламын деп әкесі Келдібектен рұқсат сұраса, ол кемеңгер биге жауап таба алмай күлкі боларсың депті. Қоярда қоймай жас бала әке ризашылығын алып Төлеге келіпті. Төле би жөн сұрасып болған соң: “Шырағым, бозбала әкесінен өтіп туады, бозбала әкесіне жетіп туады, бозбала кері кетіп туады”, – деген, сен соның қайсысың?” – депті. Сонда Қазыбек : “Өткенімді алдымдағы өмірім біледі. Өз ойымша, әкеме жетіп тудым-ау деймін” дейді. “Ә, шырағым, жарайсың!” деп Төле бұл жауапқа ризашылығын білдіріпті. Өз кезінде Қазыбек: “Алысыңыз қалай?” депті сынай қарап. Оған би: “Алысым жақын болды” депті. Қазыбек: “Тәттіңіз қандай болды” дегенде, ол: “Тәттім шырын болды” десе керек. “Несиеңіз қандай?” “Несием шүкір, өніп жатыр”. Ауылға келген соң Қазыбек Төле бидің жұмбақ сөздерін түсіндіріп, “Алысым жақын болды”дегені “көзінің нұрын айтқаны”, “Тәттім шырын болды” дегені “ұйқысының азайғанын”, ал “Шүкір, несием өніп жатыр” дегені “балаларының жақсы күтетінін” айтқаны деп түсіндіріп беріпті.
Орта жүз Қаракесек Қазыбек, Кіші жүз Алшын Қаражігіт болып үш жүз бас қосатын бір мәжіліске күн белгілеп Ұлы жүз Төле бидің алдына келіпті. Ол әуелі екі бидің шама-шарқын байқау үшін: “Уа, әлеумет, құс ұшса қанаты талатын, жүрсе тұяғы тиетін ат арқасы қияннан келіп отырсыздар. Осы аттың күші қай жерінде?” депті. Сонда біреу аттың күші алдында, біреуі артында, енді біреуі ортасында дейді. Бұған Төле: “Аттың күші алдында да, артында да болмай, ортасында болатыны қалай?” – дегенде, бір би: “Бас – басшы, артында – қосшы, астында – төрт тіреу бар ортасы – арқалық емес пе?” “Күш ортасында болатын себебі сол” – дейді. Біраздан соң Төле би айтыпты: “Бұрынғылар айтқан екен: “Би екеу болса, дау төртеу болады” деп, үш ел үш жаққа тартып, дау бітімі бытырамасқа төбе би сайлап қойса қалай болады?” – дейді. Жұр мақұлдаған соң төбе биге талас болады. Ұлы жүз жағы “Біз боламыз, өйткені жасымыз үлкен” десе, Кіші жүз: “Біз боламыз, өйткені қара шаңырақ қалған” деп уәж айтыпты. Сонда манағы аттың күші ортасында деген жігіт: “Аға төреші болмайды, алдында қаймығары жоқ, іні төреші болмайды артында қайрылары жоқ. Айбар қылар алдында ағасы бар, қаймығарлық артында інісі бар, екі жағынан да қауіпі зор, сол себепті билікті айтатын төбе билікті ортанша ұл алу керек” депті. Сонда жол Ұлы жүздікі деп бір ұлы жүз жігіті, ал артқы аяқты тілге тиек еткен Кіші жүз Қаржігіт би екен. Ал аттың күші ортасында, билікті ортаншы ұл айту керек деген Қазыбек би болып шығады. Бұдан кейін Төле би:
“Қой асығы демеңдер,
Қолыңа жақсы сақа қой.
Жасы кіші демеңдер,
Ақылы асса аға қой! –
деген, уа, жаным Қазыбек, төбе биліктің абыройын саған бердік, айтқан сөздерің жүйелі болсын” деген екен. Оң жағына отырғызып батасын беріпті.
Қаздауысты Қазыбектің қара қылды қақ жарған бір әділ төрелігі Жантай деген бай мен жалшысының араздасуына орай айтылыпты. Жалшы “Сенен шығамын, ақымды бер” десе, ол: “Тісімді сындырдың, соның төлеуі үшін аламын” дейтін көрінеді. Екеуі Қазыбекке жүгініске келеді. Жантай істің мәнісін биге: “Мынау менің жалшым еді, өзіммен төбелесіп, бір күрек тісімді сындырды. Мұның құнын сұрасам бермейді. Жалға жүрген ақымды бер деп жүр” депті. Жалшы айтыпты:
Мен жалға кірдім Жантайға,
Бір тай алмақ болып алты айға.
Бұл асына жарытпады,
Мен күшіме жарытпадым,
Содан барып төбелес туды,
Жазым болып күрек тісі сынды –
депті. Сонда би мынадай билік беріпті: “Ас адамның арқауы еді. Жантай асқа жарытпаса, жалшыға күш қайдан дарысын. Аш кісі ұрысқақ деген, төбелестің шығуына да өзің себеп болғансың. Сондықтан мынаның ақысын бер, күрек тістен келер кемшілік жоқ. Ал, әйелдің күрек тісі әрі көркі, әрі жіп қиятын қаруы” депті.
Тағы бір билік жесірін алып қашып, содан екі жақ барымталасып, ел арасы бұзылады. Бұл дауды шешу үшін, үш жүздің би-шешендері бас қосыпты. Сонда Ұлы жүзден Төле би тұрып: “Мен аға баласымын, жасы үлкен, билікті мен айтамын” дегенде, Кіші жүз Мәлсе би: “Жоқ, мен атаның қара шаңырағындағы кенжесімін. Жасым кіші болғанмен, жолым үлкен, билік менікі” дейді. Орта жүз Қазыбек бұған күледі. “Жылағанды сұрама, күлгенді сұра деуші еді, сіз Қазыбек неге күлдіңіз?” деп сұрапты екі би. Сонда Қаздауысты Қазыбек айтыпты: “Сендер атадан туысыңды білсеңдер де оның өсиетін білмейді екенсіңдер, аталарың: “Ұлы жүзге таяқ беріп малға қой, Орта жүзді қамшы беріп дауға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой” дегені қайда? Сүрінсем алдымда ағам, артымда інім бар, билік менікі еді ғой” депті. Бұл аталы сөзге екі жағы да тоқтап, билікті Қазыбекке беріпті. Сонда Қаздауысты Қазыбек төрелік айтып,: “Уа, Үйсін Төле! Сен атадан үлкен туасың, ініңнің бір еркелігін көтермей жылқысын неге қуасың? Уа, жарқыным, Мәлсе! Сен ара шаңырақтағы еркесің, ағаңның көзі тірісінде жеңгеңді неге ертесің? Сен, Мәлсе би, жесірді қайтар, сен, Төле би, жылқыны қайтар!” дегенде, екі жақ та бұған тоқтап, бітісіп қайтыпты.
Жас кезінде Төле би мен Әйтеке би екеуі Қаздауысты Қазыбекті сынамақ болып, бір ерге өтірік таласады, сөйтіп, оған жүгініске отырыпты. Ер иесі Әйтеке, даулаушы Төле болыпты. “Қапталың қайың, қасың тал, Қазыбек қосқан ермісің?” деп Әйтеке би өз уәжін айтады. Төле би де ердің өзінікі екенін дәлелдеп, одан айрылмайтынын, керек болса жан беруге дайын екенін айтып қасарысыпты. Сонда Қазыбек би Төлеге қарап: “Сен қараның ұлы Төлесің, адам болайын деген немесің, қу ағаш үшін жан берме, жан берсең күніңнен бұрын өлесің. Сен екі шіркін, қартайғанда мені сынамай-ақ қойсаңдар нетті? Орта жүзде бір кісінің жауырыны жерге тимей-ақ қойса қайтеді?” деген екен.
Қаздауысты Қазыбектің ізгі адамгершілік қасиеттерін айғақтайтын әңгімелер де баршылық. Соның бірі: бақталас ағайыны Бертіс би жайында. Бұл кісі Қазыбектің ел ішіндегі атақ-абыройын көре алмай, бірде жасының үлкендігін малданып оны шақырып алып:
Ақылы елден артылған,
Ақылың болса мақтан,
Сенің жасың кіші ғой,
Ағаның алдына шығудан сақтан –
депті, Қазыбек бұған:
Бір бала бар атаға жете туады,
Бір бала бар атадан өте туады
Бір бала бар кері кете туады –
деп жауап қатыпты. Осыны кек тұтқан би күні бұрын дайындап қойған адамдарына белгі беріп Қазыбекті сабатпақ болады. Сол кезде аттың дүбірі естіледі, бұл келген бидің кенже інісі Бөдене батыр екен. Сабаймыз деген сабаздар тым-тырақай боп зытып беріпті. Ашулы Бөдене аналарға қылыш ала ұмтылса керек. Сонда Қазыбек інісіне: “Шырағым, бір қолың ұрысшы болса, екінші қолың арашашы болсын. “Ашу дұшпан ақыл дос, ақылыңа ақыл қос”. Жауға сілтер қаруыңды жақыныңа сілтеме” депті. Содан кейін былайша толғапты:
Өркенім өссін десең, кекшіл болма,
Кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең, өршіл болма,
Өскеніңді өшірерсің.
Басына іс түскен пақырға қастық қылма,
Жанашыры жоқ жарлыға,
Қайғысы көшер басыңа.
Жәрдемші бол асыға,
Қиын-қыстау күндерде,
Өзі келер қасыңа.
Бүгін сағы сынды деп,
Жақыныңды басынба!
Ендігі бір бидің ел бірлігі мен болашағы туралы ой-арманын білдіретін әңгімесі “Ауруын жасырған өледі” деп аталады. Би Уақ руының және соған жапсарлас Арғынның басты адамдары әділ билікті параға айналдырды дегенді естіп, сол жақтан келген жолаушыдан мән-жайды сұраса, ол міңгірлеп ештеңе айта алмапты. Сонда Қазыбек:
Ауруын жасырған ажалсыз өледі,
Зорлықтан қорыққан амалсыз өледі.
Айтпайын десе бұған сор,
Айтайын десе елге сор.
Отыз тістен шыққанды
Отыз рулы ел білер.
Қазақтың қайғысы қалмақ еді,
Берекемен жауын алмақ еді.
Мынау берекені бұзатын құрт ауру,
Не қылған ауыр салмақ еді.
Қазақтың түбіне жететін сұмдық зерт
Зығыр майындай жайылмаса игі еді?! –
деп қайғыра толғапты.
Бидің бір топ толғаулары өмірдегі сыйластық, татулық, қадірмендік секілді маңызды мәселелерді шешуге арналады. Бұлары өзінің өткірлігі мен мәні жағынан мақал-мәтел іспеттес болып отырады. Мұндай сұрақтарға жауап беру бір қарағанда, онша қиын да емес сияқты көрінуі мүмкін, алайда бұлардың ішкі қыр-сырын ашып, көркем өріп, көңілге қонымды етіп сипаттап беру қиынның қиыны. Осындай қанатты сөздерді өмірден көп көріп, көңілге түйген дана кісілер ғана қорытып айтуы ықтимал. Бірде бас қосқан мәжіліс үстінде бір адам Қазыбектен: “Кім жақын, не қымбат, не қиын?” деген үш сұрақ қойыпты. Ол бұған тақпақтап:
Тату болса, ағайын жақын,
Ақылшы болса, апайың жақын.
Бауырмал болса, інің жақын, –
Алдыңа тартқан адал асын, –
Қимас жақын қарындасың.
Сыбайлас болса, нағашың жақын,
Адал болса, досың жақын..
Бәрінен де әйелің жақын! –
деп бір түйіп тастайды да, екінші сауалға орай:
Алтын ұяң Отан қымбат,
Құт-берекең атаң қымбат
Аймалайтын анаң қымбат
Асқар тауың әкең қымбат.
Мейірімді апаң қымбат,
Туып өскен елің қымбат.
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат –
деп, тағы бір тоқтап, үшінші сұраққа ауысады:
Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын,
Шанышқылаған сөз қиын
Жазылмаса дерт қиын.
Іске аспаған серт қиын.
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өрт қиын!
Сынасып ырғасқан айтыс-тартыстарда қарсыласының сұрағына сұрақпен жауап беру – ертеден келе жатқан тәсіл. Мұнда кейінгісі алғашқы кісінің жауабына сәйкес ұтымды уәж айту мақсатын көздейді. Бірде жас талапкер кіші жүз Қаражігіт Қаздауысты Қазыбекке сәлем беруге келсе, аға би:
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің туы болады.
Атадан жаман ұл туса,
Көшінің ең соңы болады –
деген, сен осының қайсысы боласың? – депті. Сонда Қаражігіт:
Ораздының кәрісі
Қартайғанда қазына болады.
Шиырлының кәрісі
Қартайғанда қазымыр болады –
деген. Сіз өзіңіз соның қайсысы боласыз? – депті. Бұған Қазыбек сынай қарап: “Е, халқым сөзімді тыңдаса, қазынасы боламын” – дейді, сонда Қаражігіт: “Мен де халқым құп алса, елімнің туы болармын!” депті.
Қаздауысты Қазыбектің айтқан биліктерінің ішінен оның еріне опасыздық жасаған әйел туралы төрелігі жеке тұр деп айта аламыз. Қазыбек қалмақ-қазақ бітімінен кейін жол-жөнекей Қоңырат еліндегі бір жігіттің үйіне қонады. Мал сойылып, қонақасы беріліп болған соң, үй иесі сырттағы үйшіктен жалба-жұлба киінген әйелді алып келіп, сүйек-саяқты оның алдына қояды да, шымылдық ішінде жатқан итке бір табақ ет береді. Мұны көріп тіксініп қалған би істің мән-жайын сұрапты. Сөйтсе, әлгі келіншек жігіттің қыздай айттырып алған әйелі екен. Бір жаугершілікте қалмақтардың қолына түсіп, бір ойратқа тұрмысқа шығыпты. Кейін бітім болып, тұтқындарды қайтарғанда, әйелдің сонда кейінгі күйеуімен қалғысы келіпті. Күйеуі “ең болмаса әудем жер шығарып сал” деп өтінеді. Қалмақ күйеуі “ерсе алып кете бер” десе керек. Былай шыққан соң, бұрынғы күйеуі әйелінің мойнына қыл арқан салып күштеп алып кетпек болғанда, қалмақ жігіт артынан қуып жетіп екеуі алыса кетеді. Әйел кейінгі күйеуіне болысып, екеулеп мұны өлтірмек болғанда, қазақ жігітінің осы төбеті қалмақ жігітін жарып өлтірген екен. Міне, осыдан кейін екеуінің өмірі осылайша жүріп жатқан болып шығады. Осының бәрін естіп-білген Қаздауысты Қазыбек жігітке былай депті: “Жүрекке әмір жүрмейтінін білмей, құштарлықтың қызыл тілді күрмейтінін білмей, сен жүректі білекпен жеңбек болыпсың. Сенің өктемдігіңе көнбеген бұл айыпты емес, жүрекке ерік бермеген сен айыптысың. Одан соң бұл әйел басқаны ұнатқаны үшін емес, жауыңа болысып, сені құлатқаны үшін айыпты. Сонымен, айыпты айып жусын да, ашуыңды ақыл қусын. Бұл әйел төркінін тапсын. Сен өзің өшпенділіктен босап, еркіндігіңді тап!” деп, әділ билікпен шешім айтыпты.
Қазыбек би қалмақ ханына, аңыздарға қарағанда, үш рет барған делінеді. Үшеуінде де ол өзінің тапқыр көсемдігімен, суырылған шешендігімен жауда кеткен мал-жанды еселеп қайтарып алғаны мәлім. Ең соңғы сапары бидің тоқтасқан шағында болса керек.
Қазыбек қалмақ шабуылынан іргесін аулақ ұстау үшін өз елін Сыр бойынан Арқаға көшірмек болады. Сол мақсатпен Сарыарқаға қоныс қарай кетсе, баяғы Қоңтажы хан бидің ауылын шауып, мал-жандарын айдап кетіпті. Ішінде бидің Қазымбек деген баласы да кетсе керек. Сондағы ойы: баланы өлдіге санап, өзіне бала етіп алу екен. Артынан қуып келген биге “балаң тірі емес” деп, құн төлеу ниетінде болады. Қазыбек бұған көнбей: “Жұмыр басты, екі аяқты адамымның өзін қайыр! Төрт аяқты, айдынды бозымның көзін қайыр! Ерім үшін құн алмай, өлісемін, бозымның көзі жоқ болса, екі есе құн аламын. Бұл айтқаным болмаса, тал түсте талап аламын” деп сес көрсетіпті. Сонда хан: “Ерім үшін құн алмай, өлісемін дегенді жөн делік. Ал, бозыңның төлеуін екі есе қылып аламын дегеніңе жол болсын!” депті. Сонда Қазыбек: “Бозымның екі есе болатын себебі: белеңнен шыға келген қалың топтың ішінде оның жарқ еткен айбыны Қоңтажыдай ханды да сескендіреді. Төлеуі толық боса, ендігіде есте жүреді!” дейді. Сонымен, сөзден тосылған хан бидің айтқанының бәрін толығымен орындап құтылыпты.
Ал енді, Қазыбек үшінші қалмаққа барған сапарында да талай құрылған қақпан, ауыр сыннан мүдірмей өтіп, жауын тізе бүктіре білген. Бір жолы қалмақ ханы оған мал-жанына қоса, онымен құда болып баласына өзінің қызын да беріпті делінеді. Сол сапардағы келіссөзде хан Қазыбекті сүріндіру мақсатымен оған үш сұрақ қойыпты. Бұл сұрақтарға ол ақылмен шамалап, ой елегінен өткізе отырып, дәлелді де уәжді жауап бере алған. Қоңтажының бірінші сауалы өте күрделі. “Әуелінде не бар, ақырында не бар?” деген пәлсапалық сұрақ қояды. Қазыбек би: “Араға мінәжат етілсе, барға қанағат етілсе, әуелінде ынтымақ, ортасында береке, артында шүкірлі тумас па?” деп, алғашқысына ұтымды жауап берсе, ханның: “Аспан мен жердің арасы қаншалық жол?” деген сұрағына би: “Бір-ақ шақырым жол ғана. Олай дейтінім: ешкім аспан мен жердің арасын құлаштап өлшеген жоқ, қадамдап басқан жоқ. Күн күркіреп жауғанда, ел дүрлігіп сасатын, құлақтарын басатын. Сонда күн күркірі шақырым жерден жететін. Кемпірқосақ құрылып, аспан мен жерді табыстырып кететін. Доғаланған иіні шақырымдай-ақ жерден өтетін” деп Қазыбек бұл сауалға да өзінше түсінік беріп. Астрономия ғылымынан хабары жоқ қалмақ ханы да жауапқа қанағаттанса керек. Үшінші сұрақ батыс пен шығыстың арасы қанша жер дегенге тіреліпті. Сонда Қазыбек бұған да мүдірместен: “Не бары күншілік қана жол. Олай дейтінім: азанда шығыстан атқан күн ымыртта батысқа шаршап батады. Күншілік жер жүріп өтіп, ұясында қалжырап жатады. Ал, кереметті көзбен көрген, шығыс пен батыстың арасында зымыраған күнге ерген адамзатты көрген емеспін” депті. Қоңтажы үндемепті.
Сөйтіп, Қаздауысты Қазыбек халқымыздың шешендік өнерінде өзінің тапқырлық, алғырлығымен, кемеңгер биліктерімен, уәжді шешендігімен елеулі із қалдырған ірі тұлға. Бүкіл өмірі ел мен елді татуластыру, сыртқы жауларға қарсы күресті ұйымдастыру, жауда кеткен есені қайыру, ел-жұрт намысын қиын сәттерде қорғап қалу секілді мәселелерде жарып шығып, тыңнан жол салған данышпан би, басалқалы шешен. Сол себепті оның қиядан жол, қиыннан қисын тапқан өнегелі сөздері өз халқымен бірге жасай береді.
