- •Он томдық
- •Алтын орда дәуіріндегі әдебиет
- •Хорезми
- •Бурхануддин Рабғузи
- •Кунгулга дуниада сурур турур30, –
- •Адамның ешбiрiне қылмас жәбiр,-
- •Мысырдағы қыпшақ әдебиеті
- •Осымен атақтымын Мысырда өзім
- •Тарихи шежiре және көркемдiк дәстүр
- •Әбiлғазы БаҺадүрхан
- •Қадырғали Жалаири
- •Захириддин Мұхаммед Бабыр
- •Мұхаммед Хайдар Дулати
- •Түркі сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Араб-парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Түркі-араб, парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •2 Шатр (мисраъ) 1 шатр (мисраъ)
- •Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет
- •Ал, қолыңды маларсың
- •Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер?-
- •Қырда жүрген дуадақ
- •Мынау жалған дүние Кімдерден кейін қалмаған!293 –
- •Есім, сені есірткен
- •Керегеге ілінген
- •Атымтай Жомарт секілді
- •Болмашыдай анадан
- •Білегі жуан Бүркіттің Тегеуірініндей Бөгембай! 306.
- •Жыраулық және ақындық поэзияның даму ерекшеліктері
- •Көлден қулар ұшар ма? –
- •Сыпыра жырау
- •Білсе, білмесе бу ишні Сафардау білер бу ишні364, –
- •Суда жүрген ақ шортан
- •Ауылдағы жамандар
- •Көшіп-қонып жүрмеген
- •Сұңқар қайдан табарсың?
- •Жалп-жалп еткен бәйтерек
- •Талайсыз Шалкийіз бұ күнде
- •Доспамбет жырау
- •Аймадетке оқ тиді
- •Той тойлаған өкінбес! –
- •Ат салмай өтер күн қайда?!
- •Тегеурінді болат темірдің
- •Жиембет
- •Мұнан да былай сөйлеуім Маған да болар ауыр күш, –
- •Қаздауысты Қазыбек би
- •Әйтеке би
- •Ақтайлақ би Байқараұлы
- •Бөлтірік шешен
- •Пайдаланылған әдебиеттер
Осымен атақтымын Мысырда өзім
Факиһ деп айтады екі көзім (халық)171, –
(Жолма-жол аударма, ауд. – А.Ә.)
деп өзі туралы мағлұматты нақтылай түседі.
Факиһ кісі есімі емес. Ол – лауазымның аты. “Факиһ” арабша “заңгер”, “шариғат заңын білуші” деген мағына береді. Мұсылман елдерінде кісіні атқарған қызметімен атау кең өріс алған. Мысалы, мәмлүктер тұсындағы әскери “Атабек” шені кісі есімімен қатар жүрген. “Атабек” сөзін түркі мәмлүктері “қолбасшы” мағынасында қолданған172. Сондай-ақ, парсы поэзиясының классигі Хафиздің шын аты – Шамсаддин Мұхаммед болған. Ол Құранды, шариғат заңдарын, өлең-жырларды көп жаттағандықтан осылай аталған173. Ақын “екі көзім” деп адамдарды айтып отырса керек. Себебі, арабтар “екі қолдың арасындағы”, “екі көздегі” деген сөз тіркестерін екінші мағына ретінде қарсы алдында тұрған затқа немесе адамға қатысты қолданады. Осыған қарағанда халық ақынның есіміне “факиһ” атауын қосып, “Берке Факиһ”, яғни шариғат заңын білуші, заңгер Берке деп атаған.
Берке “Хұсрау уа Шырынды” көшіріп және бітірген кезде, яғни, 785/1382 жылы Мысырда бахрилік мәмлүктердің билігі аяқталып, бурждық мәмлүктер үстемдік құрған еді. Бұл уақытта европалық кресшілер әлі де Мысыр жеріне шабуылдарын тоқтатпаған. Осындай шабуылдардың бірінде европалықтар Александрияны басып алады174. Қысылтаяң шақта жат жердегі қандас бауырларына қыпшақ жерінен көмекке әскер келеді. Қалың қолмен бірге Берке Факиһ те Алтынбұға есімді бекке ілесіп, Александрияны кәпірлерден (кресшілерден) азат етуге келеді. Бұл жөнінде ақын:
Келіп Ескендірге соғысу (азат ету) үшін,
Алайын деп кәпірден мүмін үшін.
Жауынгермін, сақшымын ниетім қалыс (таза)
Етейін деп өзін кәпірден алыс175, -
(Жолма-жол аударма, ауд. – А.Ә.)
деп Александрияға келу мақсатын поэзиялық көркем тілімен жеткізеді де, өзінің қожасы жайында:
Алтынбұға еді ол, бұрынғы аты,
Өзі ғалым, сабырлы һәм тілі тәтті.
Ере келдім мен де оның қасына,
Құлы деп айтады оның атына…
…Алтынбұға бек пенен қылдым сапарды,
Қырайын деп келдім осы кәпірді176, -
(Жолма-жол аударма, ауд. – А.Ә.)
деп Алтынбұғаның ғалымдығын, сабырлығын, сөзге шешен жан екенін мақтанышпен жырлайды. Ақын мәмлүктер жеріндегі түркі-қыпшақтар арасында бұл бек Құтлықожа деп те аталатынын көрсетуді ұмытпайды.
Аталған атағы Құтлықожа,
Хақ оны қылсын екі дүниеде қожа.
Құлыңнан дұға осы ғұмыр бойында
Жауыздық көрмесін күн-ай барында177,–
(Жолма-жол аударма, ауд. – А.Ә.)
деп Атынбұға-Құтлықожаға дұға оқыған Берке Факиһ құдайдан қожасының жамандық көрмеуін тілейді. Оған өмір бойы тілекші болмақ ниетін екі бәйітке сидырады.
Ақын Құтбтың “Хусрау уа Шырын” поэмасының соңына жазған жүз екі жол өлеңін екі кезеңде шығарған секілді. Бір кездері Алтынқожа-Құтлықожа бектің жеке хатшысы, көшірмешісі, заңгері болып аты шыққан Берке өмірінің соңғы жылдарында қиыншылықпен және жоқшылықпен күн кешеді. Бұрынғыдай халық та оған көп көңіл бөлмейді. Үкілеп ұстаған қожайыны да бұл кездері қасында жоқ болғанға ұқсайды. Шамасы бұл уақытта Алтынбұға-Құтлықожа фәни дүниеден өтуі де мүмкін. Себебі Берке Факиһтің өз қожасына деген сағыныш бәйіттері мен оқыған дұғасы бізді осындай ойға жетелейді. Қалай болған күнде де ақынның бұрынғы қызық дәурені аяқталып, қатал тағдырға душар болады. Шайыр:
Бұл күнде Факиһқа еш көңіл бөлмейді,
Факиһ деп ешкім құрмет қылмайды.
сондай-ақ,
Қызметте жүремін не болса көшіріп,
Кейде тоқ боламын, кейде көп аш болып178, -
(Жолма-жол аударма, ауд. – А.Ә.)
деп мұңын шағады. Ауыр тұрмыс-тіршілігіне налиды. Бұрынғы “Факиһ” деп құрметтелетін күндерін аңсайды. Өзінің көшіруші қызметіне көңілі толмайды.
Берке Факиһ алтынордалық ақын Құтбтың “Хусрау уа Шырын” поэмасынан бөлек авторы белгісіз “Иршаду-л-мулук уә-с-салатин” (Патшалар мен сұлтандарға ақыл кеңес) деген кітапты арабшадан түркі-қыпшақ тіліне аударып шыққан. Аударма Александрия қаласының наибы Сайф Бачманның тілегі бойынша орындалып, һижра бойынша 789 жылғы 20 шәууәл айында (1387 ж. маусым) аяқталған.
Берке өлең құрылысында Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білігін” үлгі тұта отырып, оның ішіндегі кейбір сөз тіркестерін өз жырында шебер пайдалана біледі. Берке Факиһтің шығармаларын мұқият зерттеген Г.Т.Таһиржанов “Құтадғу біліктің” қыпшақ ақынына үлкен әсері болғанын, ақынның қолында осы кітаптың Мысырдан табылған нұсқасындай көшірме болғанын анықтайды. Сонымен қатар, ғалым Мысыр жеріне “Құтадғу білікті” Берке Факиһ алып барған жоқ па деген пікір айтады179.
Мәмлүктер билігі тұсындағы түркі әдебиетінің бір мұрасы ақын-аудармашы Шариф Амиди қолымен туындаған. Ол парсының классик ақыны Абулқасым Фирдауси Тусидің “Шаһнама” атты поэмасын түркі тілінде сөйлетеді. Шариф Амидидің өмірі мен басқа шығармалары жайындағы деректер белгісіз. Тек түрік ғалымы Феһми Едхем Каратай: “Шариф сұлтан Жемнің жақын адамдарынан еді. Мысырға кетіп, сол жақта “Шаһнаманы” он жылда тәржімалап, сұлтан Кансуһ Гуриге сыйға тартады”180, - деп жазады. Мұны атақты түрколог ғалым Ә.Нәжіп те өз еңбегінде келтіріп, осы пікірге қосылады181.
Осы жерде Феһми Едхем Каратай атап өткен Кансуһ Гуридің есіміне тоқталсақ, сұлтанның дұрыс және толық аты-жөні әл-Ашраф Әбу Насыр Қанисауһ әл-Ғаури деп жазылады. Қанисауһ әл-Ғаури жайында қысқаша айтып өтер болсақ, ол сұлтан Қайтбайдан кейін, яғни 1501 жылы таққа отырады. Қайтбайдың өлімінен кейінгі қысқа уақытта таққа таласып, аз ғана мезгілде елді бірнеше сұлтан басқарған болатын. Олар билік үшін бірін-бірі өлтіріп, қамап, жер аудартып, бақталастарын тақтан тайдырып отырды. Осындай тақ таласта мәмлүктердің ең жоғарғы лауазымын алған Қанисауһ әл-Ғаури елді ұзақ жыл басқарады. Сұлтан Қанисауһ әл-Ғаури билік құрған жылдары билік үшін тартыс біраз тынышталады.
Қанисауһ әл-Ғауридың есімі тек билеуші ретінде ғана емес, сонымен қатар, ақындығымен де жақсы таныс. Сұлтан әл-Ашраф Қанисауһ әл-Ғаури мен бірнеше ақынның шығармалары топтасқан жинақ Барбара Флемминг тарапынан табылған182. Сондай-ақ, ол өз айналасына түрлі шайырлар мен қалам иелерін топтастырды. Ғылым мен әдебиеттің өркендеуіне үлес қосқан ол кейбір кітаптардың шығуына өзі басшылық жасайды.
Міне, осындай мұсылман әлеміне белгілі адамның есімін ғылыми зерттеу және танымдық мақалалар мен еңбектерде әр түрлі жазып келеді. Мәселен, “Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі” атты еңбекте сұлтанның есімі “Кансух Гури” деп жазылады183. Ал, татар ғалымы Р.Ф.Исламов бұл есімді “Кансау әл-Гаури” деп береді және бірнеше мәрте осы атауды өз зерттеуінде қолданады184. Тіпті, әлемге аты мәшһүр түркологтар А.Зайочковский мен Э.Н.Нәжіптің де еңбектерінде сұлтанның есімі түрліше жазылады. Нәжіп өз зерттеуінде мәмлүк сұлтанының есімін “Кансу Гури” деп көрсетіп, тіпті, “Гури псевдоним Кансу и означает “Мыслитель”185, - деп түсініктеме бере кетеді.
Поляк ғалымы, түрколог А.Зайочковский 1965 жылы Варшава қаласында “Turecka wersja Sah-name z Egіptu mameluckіego” деген кітабын шығарады. Бұл кітап Абулқасым Фирдауси Тусидің “Шаһнаме” атты поэмасының түркі тіліне аударылуын зерттеу болып табылады. Сонымен қатар кітапта аты аталған поэма тәржімасының фотокөшірмесі мен транскрипциясы қоса берілген. А.Зайочковский осы зерттеуінде сұлтанның есімін “Қансав Ғаври”186 деп көрсетеді.
Поляк ғалымы келтірген фотокөшірменің алғашқы бетінде: “Би-рәсми хиззаниһи мәуләнә әл-мақаму әш-шарифу әс-султану мәлику риқабу әл-умуми-с-султан әл-малику-л-мулук әл-Ашраф Әбу Насыр Қанисауһ әл-Ғаури ’азза насруһу уә хулидә мулкуһу әмин”187, - деп жазылған. Мұны қазақ тіліне аударсақ “Аса мәртебелі сұлтан, халықтарды үстінен қарайтын бақылаушы әмір, патшалардың патшасы әл-Ашраф Әбу Насыр Қанисауһ әл-Ғауридің қазынасына арналады. Оның жеңісі асқақтап, патшалығы сақталсын. Әмин”, - болып шығады. А.Зайочковский тіпті, Қанисауһ әл-Ғауридің замандасы, әрі “Шаһнаманы” түркі тілінде сөйлеткен аудармашы-ақынның:
Жиһан султаны Ғаури Қанисауһ хан,
Замануң ’айни ичре олур инсан188.
Аудармасы:
Жиһан сұлтаны Ғаури Қанисауһ хан,
Заманның көзі түскен ол бір инсан, -
(Жолма-жол аударма, ауд. – А.Ә.)
деген жыр жолдарын транскрипциялап, сұлтан есімінің Қанисауһ екеніне аса ыждаһаттықпен мән беріп өтсе де189, өзінің пікірінен айнымайды.
Біз өз зерттеуімізде А.Зайочковскийдің жарыққа шығарған “Шаһнаманың” фотокөшірмесіне және мәмлүктер кезеңін зерттеген араб тарихшыларының деректерін негізге ала отырып түркі тектес сұлтан есімін әл-Ашраф Әбу Насыр Қанисауһ әл-Ғаури деп атаймыз.
Сонымен, Қанисауһ әл-Ғаури қарамағына барған Шариф Амиди Фирдауси шығармасын он жылдай аударады. Бұл жөнінде аудармашы түркі-қыпшақ тілінде: “Бу китабиң назмыны мәуләнә султан ’азза насруһу Әл-Ғаури әууәл султанат иылында ибтәдә иылындык он иылда тәмам олынды. Аның дәулетінде итмам ершді…” (“Бұл кітаптың өлеңі жеңістері асқақтаған сұлтан Әл-Ғаури мырзаның алғаш сұлтан болған жылында басталып, он жылда тәмамдалды. Оның билігі тұсында толық аяқталды”)/47,282/, - деп жазады да, қай жылы аяқталғаны жайында араб тілінде: “Тәммә әл-китабу би-’ауни әл-мәлики әл-уәһһаби дахуату-н-наһари иауму-л-ахад сәни шәһру зул-хижжати-л-харам сәнәту ситтә ’ашара уә тис’умиати мин һижрати нәбәуиати ’аләйһи афдалу-с-салауат уә әкмәлу-т-тахият” (“Кітап барлығын сыйлаушы патшаның/Алланың бір сипаты/ көмегімен пайғамбар /оған ең абзал салауаттар мен сәлемдер болсын/ һижрасының тоғыз жүз он алтыншы жылында, қасиетті зульхижжа айының екінші жексенбісінде түске дейін аяқталды”)190/47,282/, - деп нақты көрсетеді. “Шаһнаманы” парсы тілінен он жыл аударған түркі-қыпшақ ақыны аударма соңына өзінің толық аты-жөнін Хусейн бин Хасан бин Мухаммад әл-Хусейни әл-Ханифи деп жазады191. Осыған қарағанда Шариф Амиди ақынның лақап есімі болуы керек.
Мәмлүктер билігі тұсында қыпшақ тілінде жазылған кітаптардың бірі “Муният-ул-ғуззат” деп аталады. Арабтар түркілерді “Ғуз” (көпше түрі – “Ғуззат”) деп те атаған. “Ғуз” сөзі “оғыз” атауынан шыққан. Сыр бойынан Кіші Азия жеріне жылжыған селжүктердің негізгі құрамын толықтырған оғыз-қарлұқ тайпалары ержүректілігімен біраз беделге ие болған еді. Сондықтан да арабтар арасында оғыз атауы қыпшақтар билікке келгенге дейін “түркі” сөзінің баламасы болды. “Түркілердің тілегі” деген мағына беретін бұл шығарманы аты-жөні белгісіз бір аудармашы Тимур бектің әмірі бойынша Мысыр жерінде араб тілінен аударады.
Біздің заманымызға дейін “Муният-ул-ғуззат” шығармасының бір қолжазбасы ғана жеткен. Ол Стамбулдағы Топкапы сарайында орналасқан кітапхананың Ш.Ахмет атындағы бөлімінде 3468 нөмірімен тіркелген. Кітап мәтіні қалың қағазға жазылған 115 беттен тұрады. Араб тіліндегі алғашқы беттері 7 жолмен, ал қалған беттері 9 жолмен жазылған. Кітаптың басы мен соңы қызыл қағазбен түптеліп, алтынмен апталған жазулармен, оюлармен өрнектелген. Сыртқы мұқабасы қоңыр түске қаныққан қой терісінен жасалған. Бұл қолжазбаның соңғы беттеріндегі мағлұматтарда кітап Алтынбұға есімді батырға арналып, қазіргі жыл санау бойынша 1446-1447 жылдар шамасында көшіріліп жазылғандығы көрсетілген. Аталған Алтынбұға кәпірлерден Александрияны азат етуге мұсылмандарға көмекке барған Алтынбұға-Құтлықожа бек болуы да мүмкін. Егер екі Алтынбұға бір болса, онда кітапты көшіруші Берке Факиһ емес пе деген ойға келеміз. Бірақ бұл нақтылауды қажет етеді.
“Муният-ул-ғуззат” шығармасы соғыс өнеріне байланысты жазылған. Соғыста ең жиі қолданылатын тәсілдерді егжей-тегжейлі түсіндірген кітап алты бөліммен тұрады. Олар:
Атқа міну. Бұл бөлімде атқа міну тәсілі, ер-тоқымсыз атқа отыру жолы, ер-тұрман, үзеңгі сынды ат әбзелдерінің қандай болу керектігі, атты тынықтыру, баптау әдісі жазылған.
Сүңгі ұстау. Мұнда Мухдиси, Сағри, Шами, Хорасани сияқты сүңгі ұстау тәсілдері мен бір тәсілден екіншісіне өту жолы, найзаласу әдісі, сүңгі түрлері айтылған.
Қылыш ұстау. Бұл бөлімде Емен, Қыла, Үнді, Фаранжи, Сүлеймен, Бамашықи сияқты қылыштардың ерекшеліктері, қылышты ұстау, дұрыс пайдалану, қынапқа салу тәртібі берілген.
Қалқан ұстау. Бұл бөлім Станбул қолжазбасында жоқ.
Оқ ату. Кітапта оқ ату бөлімінің бас жағы жоқ. Бұл бөлімде садақты тарту, көздеу, қамалға оқ жаудыру жолы, ат үстінде қалай садақ тарту тәсілі баяндалған.
Доп ату. Бұл бөлімде таяқпен допты ұру ойыны жазылған. Ойын соғыс өнеріне баулиды. Мұнда допты ұру, таяқ саны, ойнайтын жердің көлемі, ойынға қатысушылардың саны, ойын ережесі жазылған.
“Муният-ул-ғуззат” кітабы әскери өнерге арнап жазылғандықтан әдеби шығармаға саналмайды. Жазылу стилі де ауыз екі тілмен құрастырылған. Шығарманың тілі жөнінде Я.Екманн: “Асылы қыпшақ тілінде жазылған”, – деп анықтама береді.
Халық және оның тарихыменен айырылмастай болып байланысқан әдеби тіл, ауыз әдебиеті, сондай-ақ, жазба мұралар ХІІІ-ХІҮ ғасырлардағы түркі-қыпшақ әдебиетін шырқау биікке жеткізді. Алтын Орда, Хорезм, Мысыр мен Сирия жерінде үстемдік алған түркі тілі жайында көптеген кітаптар жазылды. Араб, парсы тілшілері түркі тілін үйреніп-білу үшін түрлі грамматикалық оқулықтар, сөздіктер құрастырды. Әдебиетші ғалымдар араб, парсы тіліндегі шығармаларды түркі тіліне нәзиралық жолмен аударды. Сайф Сараи, Хорезми, Берке Факиһ, Құтыб, Шариф Амиди сынды шайырлар парсы әдебиетінің классикалық шығармаларымен сусындап, оларға еліктеп өздері де көркем туындыны өмірге әкелді. Тарихи отанынан сан қилы себеппен Мысыр жеріне қоныс аударған түркі ақындары еңбектерін сұлтандар мен әмірлерге арнады. Шығармаларын гуманистік ой-толғамдар мен махаббатты арқау еткен мысырлық түркі-қыпшақ шайырларының қатарын Мәуләнә Қазый Мухсин, Мәуләнә ’Имад Мәуләуә, Әбдулмажид, Тоғлы Хожа, Хасаноғлы сынды бірнеше ақындар толтырды. Демек, жат жұрттағы түркі-қыпшақ әдебиетінің өкілдері мен олардың мұраларын жинау кезек күттірмес іс-шара болып саналады.
