- •Он томдық
- •Алтын орда дәуіріндегі әдебиет
- •Хорезми
- •Бурхануддин Рабғузи
- •Кунгулга дуниада сурур турур30, –
- •Адамның ешбiрiне қылмас жәбiр,-
- •Мысырдағы қыпшақ әдебиеті
- •Осымен атақтымын Мысырда өзім
- •Тарихи шежiре және көркемдiк дәстүр
- •Әбiлғазы БаҺадүрхан
- •Қадырғали Жалаири
- •Захириддин Мұхаммед Бабыр
- •Мұхаммед Хайдар Дулати
- •Түркі сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Араб-парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Түркі-араб, парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •2 Шатр (мисраъ) 1 шатр (мисраъ)
- •Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет
- •Ал, қолыңды маларсың
- •Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер?-
- •Қырда жүрген дуадақ
- •Мынау жалған дүние Кімдерден кейін қалмаған!293 –
- •Есім, сені есірткен
- •Керегеге ілінген
- •Атымтай Жомарт секілді
- •Болмашыдай анадан
- •Білегі жуан Бүркіттің Тегеуірініндей Бөгембай! 306.
- •Жыраулық және ақындық поэзияның даму ерекшеліктері
- •Көлден қулар ұшар ма? –
- •Сыпыра жырау
- •Білсе, білмесе бу ишні Сафардау білер бу ишні364, –
- •Суда жүрген ақ шортан
- •Ауылдағы жамандар
- •Көшіп-қонып жүрмеген
- •Сұңқар қайдан табарсың?
- •Жалп-жалп еткен бәйтерек
- •Талайсыз Шалкийіз бұ күнде
- •Доспамбет жырау
- •Аймадетке оқ тиді
- •Той тойлаған өкінбес! –
- •Ат салмай өтер күн қайда?!
- •Тегеурінді болат темірдің
- •Жиембет
- •Мұнан да былай сөйлеуім Маған да болар ауыр күш, –
- •Қаздауысты Қазыбек би
- •Әйтеке би
- •Ақтайлақ би Байқараұлы
- •Бөлтірік шешен
- •Пайдаланылған әдебиеттер
Жалп-жалп еткен бәйтерек
Жайқалмағы желден-дүр.
Шалулығы белден-дүр.
Төренің кежігуі елден-дүр.
Байлардың мақтанбағы малдан-дүр.
Ақ киіктің шабар жері майдан-дүр,
Кешу-кешмек сайдан-дүр,
Батыр болмақ сойдан-дүр,
Жалаңаш барып жауға ти,
Тәңірі өзі біледі,
Ажалымыз қайдан-дүр.
Арыстанғали Берқалиұлы жинағын негізге алып М.Османов тексі бойынша толықтырылған бұл нұсқа Шәлгез жыраудың “Шағырмақ бұлт жай тастар” толғауындағы шумақтардың бірі В.В.Радлов, А.Сикалиев текстеріне қарағанда логикалық жинақтылығы басым, әрі көркем. Демек, В.В.Радлов, А.Сикалиев текстерінде айтушылардың азды-көпті қоспасы, жүйесіздігі болғанымен “Жапырағы жасыл жау теректің” түп-негізі саналатын М.Оспанов, А.Берқалиұғлы нұсқаларына қарағанда қазақ, ноғай халықтарында сақталған Шәлгез жырларының көп өзгеріске ұшырамағаны байқалады.
Октябрь революциясына дейінгі дәуірде Шәлгез шығармаларын қазақ даласына кеңірек таратып, таныстырған ХХ ғасыр басында жарық көрген “Жақсы үгіт” (Қазан, 1908), “Ақын” (Қазан, 1912), “Шайыр...” (Орынбор, 1910-1912), “Көксілдер...” (Орынбор, 1910-1912) жинақтары болды. Шәлгездің “Жақсы үгітте” – “Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауларының толық нұсқалары, “Ақында” – “Шағырмақ бұлт жай тастар”, “Көксілдерде” – “Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауларының үзінділері, “Шайырда” – “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауының үзіндісі жарияланды.
Октябрьге дейінгі өзге ақын, жырауларға қарағанда Шәлгез жырларының бүгінгі ұрпаққа жетуінде бір ерекшелік бар. Бірқатар жыраулар сөзі ел аузынан күні кеше ғана жазылса, ал Шәлгез шығармаларының ең берісі ХХ ғасырдың бас кезінде қағаз бетіне түскен. Ғылыми архивтерге соңғы жылдары ел арасынан жиналған жырлардың өзі осы ғасырдың бас кезінде жарық көрген жинақтардан жаттаған нұсқалар боп келеді. Мұның өзі Шәлгез жырларының ел арасында көне жырды көп білген кәрі құлақ қариялардың мол кезінде, бағзы сөз жүйесі аса көп өзгеріске ұшырамаған күйде қағазға түсіп үлгергенін аңғартады.
С.Сейфуллин жазғандай461 ноғайлы дәуіріне жататын жырлар ноғай, қазақ бірге жайлаған бағзы Еділ, Жайық бойын қоныс еткен қазақтар арасында молырақ сақталған. С.Сейфуллиннің: “Радлов жинап бастырған ноғай елінің ескі ел әдебиетіндегі әңгімелердің, жырлардың бәрі де қазіргі қазақ атаулы елдің ескі ауыз әдебиетінде бар деуге болады. Радлов жинап бастырған ноғай еліндегілерден толығырақ айтылады”462, – деуінің де қисыны бар. Шәлгездің ең көлемді, көркемдігі жоғары туындылары да Т.А.Сейдалин, С.А.Жантурин, Ғ.Муштақ, А.Беркалиұғлы сияқты қазақ жинаушылары мен бастырушылары арқасында жарық көрген. Мысалы, Ғабдолла Мұштақ Еділ, Жайық аймағына кең тараған көне жырларды, өзі жастайынан естіп, жаттап өскен Алшын тайпасы Ноғайлы-Қояс руынан (өзі де сол Қоястан – Қ.С.) шыққан батыр жырау Шәлгез мұраларын Шәңгерей Бөкеев қамқорлығымен “Шайыр”, “Көксілдер” жинақтарында жариялайды.
Жоғарыда аталған жинақтарда көне мұраларды қазақ, ноғайлар арасындағы кәрі құлақ қариялардан, ақын, жырау, жыршылардан тірнектеп жинап, кей ретте өздеріне дейін жеткен жазбалардан көшіріп қағаз бетіне түсірген, не жариялатқан, сөйтіп халықтық асыл қазыналардың өмірін ұзартқан Ибрагим Шейхали (1874), Т.А.Сейдалин, С.А.Жантурин, И.Н.Распопов (1875), Ы.Алтынсарин (1879), М.Османов (1883), М.Бекмұхамедов (1908), Ғ.Мұштақ (1910), А.Берқалиұғлы (1910-1912) еңбектері ерекше атауға лайық. Бұлар атадан балаға, баба жыраулардан жас жыршыға ұласып, халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан асыл туындыларды тарихқа әйгілеп, жоғалмас мұраға айналдырған игі еңбек иелері еді. Бұл дәстүр Қазан төңкерісінен кейін де үрдіс дами түсті. Бұрын жекелеген адамдар мен қоғамдардың жігер, ынтасы арқасында ғана жүзеге асқан жинау, жариялау істеріне кеңестік дәуір мол мүмкіндік туғызды, жоспарлы мемлекеттік қажетті жұмысқа айналдырды.
Шәлгез шығармалары кеңес жылдарында М.Османов дәстүрін жалғастырып, 1905-1934 жылдарда ноғай ауылдары арасынан “Сөз қазынасы” аталатын төрт томдық әдеби мұра жинаған ноғай оқытушысы, фольклорист Абдулгамид Жәнібековтің463, сондай-ақ ноғай мектептеріне арналған әдеби оқулықтардың авторы, ноғай жазушысы Б.Абдуллин464 кітаптарында кездеседі. Бұл екі кітапта да жарияланған “Шағырмақ бұлт жай тастай” толғауының жекелеген үзінділері еді. Толық нұсқасы А.Берқалиұғлының “Ақын” жинағында жарияланған бұл толғаудағы, мағынасы дүдәмал сөздерді анықтауда, кейбір шумақтарын толықтыруда Ә.Жәнібек, Б.Абдуллин кітаптарындағы текстер елеулі роль атқарады.
Шәлгез шығармалары кеңестік дәуірде қазақ тілінде “Ертедегі әдебиет нұсқалары” (1957) хрестоматиясында, “Алдаспан” (1971), “Поэты Казахстана” (1978) жинақтарында басылды және республикалық газеттерде жарияланды. Республика Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әдебиет тарихы бөлімі дайындаған ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ ақын, жыраулар мұрасының ғылыми басылымы жарық көрді. Бұл істер – есімдері көмескі тарта бастаған ақын, жыраулар мұрасын халық назарына ұсыну жолындағы игі қадамдар еді. Және бұл басылымдардың бір артықшылығы – бұрын әр қилы антологиялар мен архив қазынасындағы Шәлгез жырларын біркелкі жинақтап беруінде.
Ноғайлар арасындағы көне әдебиет нұсқаларын жинап, зерттеумен айналысып жүрген филология ғылымының кандидаты Ашим Сикалиев Шәлгез жырларын газеттерде (“Ленин жолы”, № 107, 6 қыркүйек, 1969; № 40, 4 сәуір, 1970) жариялады. Ноғай арасында тараған Шәлгез шығармаларының қатарынан бұрыннан қазақ жұртшылығына таныс өлеңдермен бірге жаңа текстерді де кездестіреміз. Мысалы, “Шағырмақ бұлт жай тастар” толғауының “Жапырағы жасыл жаутерек” тирадасының ноғайлар арасындағы нұсқасы “Байтерек” (“Япырағы ясыл ала байтерек”) аталады. Негізгі мазмұны бір болғанымен екі нұсқаның әрқайсысында екі халықтың өзіндік сөз өрнегіне байланысты туған кейбір өзгерістері де бар. Немес сол толғаудағы “Жапалақ ұшпас жасыл тау” деп басталатын шумақ қазақша нұсқасында – 4, ал ноғайшасында – 12 жол. Алғашқы төрт жол екі нұсқада да бірдейге жуық. Қазақша тексі:
Жапалақ ұшпас жасыл тау,
Жақсылардың өзі өлсе де, сөзі сау.
Ойлап тұрсам жаманның,
Жалаңдаған өз басына тілі жау465
ноғайшасы:
Япалық ұшпас ясыл тау,
Яхшылардын басы сау.
Сөйлей билмес яманның,
Сөйлегенде өз басына тили яу.
Ноғайша нұсқасында қазақша текстегі “Жақсылардың өзі өлсе де, сөзі сау” деген ойды тарата, дамыта толғаған. Сондықтан, бұл нұсқа дербес тексті есебінде қабылдауға лайық. Сондай-ақ, А.Сикалиев жариялаған Шәлгез шығармаларының қатарында “Эменнен айыры шыққан бұтақпан” (8 жол), “Ярлыкка септи деп” (20 жол), “Эдидлим” (33 жол), “Карангида турган эдим, тандыр деп” (8 жол), “Отауымда меним янлар ойнаған” (8 жол), “Не болды?” (20 жол), “Ялай яным” (39 жол), “Мен көремен” (45 жол) сияқты өлеңдер бар. Оларда Шәлгездің қазақ арасына кең тараған толғауларындағы бұрыннан таныс кейбір жолдар (“Күймелескен көп яман”, “Яхшылардан кем көрсе, яманлармен тен көрсе”, т.б.) кездесе тұрса да, аталмыш өлеңдер – негізінен жырау мұрасын толықтыра түсер соны туындылар.
Шәлгез шығармалары түркі тілдес халықтардың үздік әдеби мұрасы есебінде тек қазақ, ноғай жинаушыларының ғана емес, орыс зерттеушілерінің де назарын аударады. Оған куә – жырау туындыларының Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірде де, кеңестік кезеңде де орыс тілінде бірнеше рет жарияланғандығы.
Орталық ғылыми кітапхана мен Әдебиет және өнер институты қорындағы Шәлгез атына байланысты қолжазбалар466 ертелі-кешті жарияланған кітаптар негізінде тарап, қайтадан қағаз бетіне түскен. Кейбіреулерін (“Шәлгез бен Орақ”) сол текстерді пайдаланып айтушылар өздерінше жырлаған, әрбір айтушы өз шама-шарқынша, қабілет-дарынына сай өңдеп, өзгертіп, толғаулардың бас-аяғына аңыз-әңгімеге айналған деректер мен түсініктер қосқан. Бірақ, сол деректердің өзі әрқилы, бір-біріне кереғар, қайшылықты. Мысалы, бір қолжазбада Шәлгез Құлыншақұлы делінсе, екінші біреуінде Құлыншақ Шәлгездің баласы болып көрінеді. Орақ, Мамайға ренжіген жырау бір қолжазбада Шораға, екіншісінде Тама Есетке, Нәрікке кетеді. Осындай ауытқуларға қарағанда ақын, жыршылар мен әңгіме айтушылар ноғайлы дәуіріндегі батырлар мен мырзалар атын Шәлгезбен байланыстыра құбылта әңгімелеп, аңызға айналдырған. Мұндай ретте жырау творчествосын зерттеушілер аталған қолжазбаларға емес, сол материалдарға негіз болған баспа жүзін көрген текстерге көбірек сүйенуі орынды.
ХV-ХVІІІ ғасырларындағы ақын, жыраулар туралы пікірлер Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, Ы.Дүйсенбаев, Р.Бердібаев, М.Мағауин, А.Сикалиев, Қ.Өмірәлиев, Ж.Тілепов, М.Жармұхамедов, Қ.Мәмбетов еңбектерінде кездеседі. Аталмыш дәуірдің көрнекті жырауы Шәлгез мұрасы М.Мағауин, А.Сикалиев, Қ.Мәмбетов, Ж.Тілепов зерттеулерінде ғана арнайы сөз болады. Республика Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиет тарихы бөлімі ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті туралы сүбелі зерттеулер жариялады.
Ноғайлы дәуірі жырауларынан есімі қазақ, ноғай, қарақалпақ елдеріне ертеден таныс сөз зергері – Шәлгез.
Шәлгез әкесі Тіленші467 аталады. Халық арасында Шәлгез әке, шешесі белгісіз. Салмен ағып келіп кезігіп Орақ, Мамайға бала болған, немесе шешеден ерте айырылып, ноғайлының ұлы биі нағашысы Мұсаның қолында тәрбиеленген деген әңгімелер кездеседі. Филология ғылымының кандидаты А.Сикалиев “Тіленші” деген үстем тап өкілдері қойған лақап ат екен дейді. Ғасырдан-ғасырға көшіп, аңызға айналыңқырап жеткен мазмұны жағынан бір-бірімен сабақтас бұл әңгімелер жырау тегі туралы бізге қолға ұстатқандай нақты деректер бермегенмен атадан балаға ұласып халық жадында қалыптасқан шындық сілемін аңғартқандай. Ол шындық – Шәлгездің Орақ, Мамай мырзалармен не өзі қасына көп ерген Темір бимен бірге тумағандығы. Сондықтан да қанша айбарлы батыр, айдынды жырау болса да өмір тәлкегін көп көргендігі. Академия қорындағы Әкіш ақсақал тапсырған қолжазбада: “Шәлгез Мұсаның қызынан, Орақпен тетелес апасынан туған” делінеді. Осы деректер негізінде бұл пікірді М.Мағауин өз зерттеулерінде келтіреді. Филология ғылымының докторы Ә.Дербісалин Шәлгезді Мұса бидің жиені деу жансақ пікір деп дәлелдейді468. Ә.Дербісалин пікірінше Шәлгез Орақ, Мамаймен замандас, жасы қатар адам. Сондықтан оның қызынан тууы мүмкін емес. Ел аузынан жазылған қолжазба деректер мен өз жырларына қарағанда Шәлгездің Орақ, Мамай, Темір сияқты мырзалар мен билер маңында – ақсүйектер ордасында өмір кешкені белгілі болғанмен дәл өз әкесі Тіленшінің кім екендігі, оның феодалдық қоғамның қай табының өкілі екендігі мәлім емес.
Шәлгез жыраудың өмір сүрген дәуірі мен мекені туралы ел аузынан жазылған қолжазбалар мен жыраудың өз шығармалары ғана хабар береді. Ертелі-кешті жырау шығармалары жарияланған жинақтарда, қазақ ақыны Мұрат Мөңкеұлы жырлаған “Шәлгез” толғауында, сондай-ақ ел аузынан жазылған материалдарда Шәлгездің “ноғайлы” екендігі айтылады. “Сәлгез батырдың Орақ, Мамайға айтқаны” деген қолжазбада жыраудың балалық, жігіттік шағы – Орақ, Мамай маңында өткендігі, бірақ батырдың Ноғай ордасындағы бедел, құрметін күндегендер оны елден кетірмек болып, жауға жалғыз жұмсағаны, батырдың жауды жеңіп келіп, аттан түспестен Орақ, Мамай мен жиналған жұртқа жыр толғап – өкпесін айтып жапан-түзге кеткені айтылады. Аталмыш материалдарға қарағанда Шәлгездің Ордада – Орақ, Мамай маңында өсіп, бедел-даңқы сол кезде белгілі болғаны көрінеді.
Шәлгез Темір биге Орақ, Мамай ордасынан кеткесін барғанға ұқсайды. “Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” деген толғауларына қарағанда оның Темір бидің қолбастар батыры, жұртты аузына қаратқан аталы сөз айтар ақылшы жырауы болғандығы аңғарылады. Өкпелеп, ажырап кетіп барып қайта табысады. Бұл жайды аталмыш толғаулар мазмұнынан және В.В.Радлов ноғайлар арасынан жазып алған “Шалкиіз” деген материалдан, “Шайыр” жинағындағы жырау шығармаларына берілген түсініктерден айқын көреміз. Темір мен Шәлгез татулығын көре алмаған билер қызғаныш, бақталастықпен оны елден кетіруді талап етеді. Билер шешіміне амалсыз көнген Темір оны өгейлейді. Ақыры хажыға кетпек сыңай танытып, елі басшысыз қалуға айналып, амал таппай дағдарған кезде жұрт Шәлгезді алып келіп жырлатады. Шәлгез сынды парасат иесі, ақылшы жырауды жақындатудың бір себебі ме – әйтеуір Темір сапарынан тоқтап, онымен қайта табысады. Бұл тұста оның Шәлгезбен табысу жолындағы ақылды әдіс-айласы, Шәлгездің байтақ жұрты дағдарған тұста жол-жоба беріп, ақыл айтар жыраулық биік рухы да танылады. Сонда:
Темір еді ханымыз,
Теңіз еді халқымыз.
Тебірлерге қалғанда,
Теңселер ауыр ноғай жұртыңыз
деп тебіріне толғайтын осы Темір кім? Ол хақында жырау жыр жолдарында да аз-кем дерек беріледі. Шәлгез Темірге:
Едігеден туған ұғылдың,
Мырзасы өзің болғансың, –
дейді. Бұған қарағанда Темір – Едіге немересі. Шәлгез өзге бір өлеңінде:
Әжікам, сен Мансұрұлы Тоқусан,
Темір Мансұрұлы еді, –
деп жырлайды. Бұл жолдар Темірдің Едігенің Мансұр деген баласынан туғандығын айқындайды.
Шәлгез жырларындағы бұл мағлұматтарды тарихи деректер бекіте түседі. ХІХ ғасырдың орта шенінде жарық көрген П.Небольсин жазбаларына469 қарағанда Едігейдің (Едігенің – Қ.С.) мырза атанған Нұр-Әділ (Нұраддин), Мансұр дейтін екі баласы болған. Бұдан гөрі де дәлірек деректер ХІХ ғасырдың орта кезінде “Временник Императорского Московского общества истории и древности Российских” (1851) деген тарихи жылнама беттерінде470 жарияланған. Онда Едіге тұқымы туралы нақты мағлұмат берілген. Бұл мағлұматқа қарағанда: “Ноғай биі Маңғыт Едіге; оның балалары: Мұраддин (Нұраддин) мырза, Мансырь (Мансұр) би; Мұраддин балалары: Оказ би (Аббас, Укас, Окас, Ваккас); Оказ баласы Муса би және Ямгурчей (Жамғұршы) мырза және Алсан (Ассан, Хасан) би; Муса баласы Шегей (Шихим) би – Астраханда өлтірілген және Идяк би және (Шейдяк, Сейдақ, Сейт Ахмет) және Ших-Мамай мырза және Дороу мырза және Исуп мырза (Жүсіп); Ямгурчей балалары: Урастлы мырза (Оразлы) және Агиш мырза (Ағыс, Тел Ағыс) және Кугуш (Көгіс) мырза; Мансыр баласы Тенсубуй би және Темір би Ахметпен Угреде болған...”. демек, Темір би – Едіге ұрпағы, Мансұрұлы. Манголдардың түрк тайпасынан шыққан Едіге би (1352-1419) Алтын Орданың ыдырау дәуірінде 1396-1411 жылдары сол аймақта билік жүргізіп Ноғай ордасының негізін қалаушы болғаны белгілі. Оның ұрпақтары көптеген жылдар бірінен кейін бірі ноғай ордасын билейді. Тарихи деректерде Едігенің Мансұр, Қазы-Наурыз, Нұреддин деген үш ұлы аталады. Нұреддинұлы Окас (Аббас, Оказ, Ваккас, Укас), одан тарайтын Мұса, Жаңбыршы ұрпақтары Ноғай ордасы және онымен іргелес Қырым, Қазан, Астрахань, қазақ хандығы мен арадағы әлеуметтік-саяси істерде үнемі аталып отырады, әрі кейінірек, ХVІ ғасырда “Ноғайлық” аталатын желелі жырлардың бас кейіпкерлеріне айналды.
ХV ғасырдың бас кезінде Тоқтамыш балалары Сарайға келіп, Алтын Орда билігін өз қолдарына алған кезде Едіге өлгесін оның баласы Нұреддин мен інісі Кейқуат Тұранға – Қыпшақ даласына қашады. Екі үлкен ұлы Қазы – Наурыз бен Мансұр бас сауғалап Москваға, одан Қырымға барады. Олар 1430 жылдар Алтын Орда тағы үшін күреске белсене араласады. 1437 жылы Мансұрды таққа таласушылардың бірі орыс хан баласы Барақ хан өлтіреді.
Мансұр мұрагерлері Қырым, Алтын Орда, ноғай ордасындағы саяси-әлеуметтік істерде елеулі роль атқарған.
Мансұр баласы Темірбек есімі моңғол шапқыншылығынан кейінгі қыпшақ даласына қатысты деректерді баяндаған түрік, парсы тілдерінде жазылған материалдарда кездеседі. “Таварих-и гузида-йи нурсат-наме”, “Шайбани-наме”, “Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар” аталатын шығарма-шежірелердің қай-қайсысында да471 маңғыт Темір-бек Хаджи-Тархан (Астрахань) ханы Қасымның маңында көрінеді. Аталған шығармаларға қарағанда Әбулқайыр өлгесін оның әулетіне де жаулық күшейе түседі. Хаджи Мухаммед-хан балалары Сайидек-Сұлтан (Саййид-дек), Жәнібек хан, Араба баласы Бөреке-сұлтан, Маңғыт Аббас-бек, Муса-бек, Жамғұршы-бектер Ахмад-ханмен одақтасып, Әбулқайыр баласы Шаих-Хайдар-ханды өлтіреді. Осы тұста Әбулқайырдың екі немересі, жастай қаза тапқан Шах-будағ-Сұлтанның балалары – Шайибек-хан мен Махмуд-Шах-сұлтанды қамқорлығына алған өзбектің күшті әмірлерінің бірі Қарачин-баһадүр сол кездегі Дешті Қыпшақ қаласындағы елеулі хандардың бірі Құтлық Темір-хан тұқымы, Кіші Мұхаммед баласы Қасым-ханға келеді. Қасым-хан оларды жылы шыраймен қарсы алып, өзінің биі маңғыт Темір-бекке тапсырады. Бірақ, Ибақ-хан мен Ахмад-хан бастаған Шайх-Хайдар-ханды өлтіргендер Әбулхайыр ұрпақтарының ізімен келіп, Хаджи-тарханды қамайды. Осы кезде Хасымхан Темірмен ақылдасып, Қарачи-баһадүр бастаған Әбулхайыр ұрпағын сенімді 40 адам қосып қаладан қашырып жібереді. Оларға жол бойы тілектестер қосылып, үлкен жасақ құрайды, Ахмад-хан әскеріне күйрете соққы береді.
Аталған шығарма-шежірелерге қарағанда Темір-бек Қасым-ханның ең сенімді кеңесшісі, сол орданың өзінен кейінгі билеуші-әскер басы екендігі аңғарылады. Ал, тарихшы Хондемир (1521-1524) материалдары мен “Шайбана-наме” деректеріне сүйенген В.В.Вельминов-Зернов пікірінше: Темір-бек – Қасым тұсында елеулі роль атқарып, “Эмирь – ел эмер” (әскер басы, бас қолбасы – Қ.С.) атанған ұлыс-бек. Алтын Орда әскербасы Темір би 1480 жылы сол Орда ханы Ахметпен бірге Урге жорығына қатысады. Ахмет өлгеннен кейін Орда аймағына билік жүргізген Темір 1485 жылы Қырымға шабуыл жасайды. Ол ХV ғасырдың соңғы ширегінде Москва мемлекетінің одақтасы ретінде көрінеді.
Темір бидің тек Алтын Орда аймағы Ноғай Ордасы маңында ғана емес, Қырым, Қазан хандықтары алдында да беделі зор, байланысы күшті болғандығы аңғарылады. Оның қызы атақты Нұр-Салтан – әуелі Қазан ханы Ибрагимнің, ол өлген соң 1485 жылдан Қырым ханы Меңлі-Герейдің әйелі, Ибрагимнен туған Қазан хандары Мұхаммед-Әмин мен Әбділ-Ләтифтің, Меңлі-Герейден туған Қырым ханы Мұхаммед-Герей мен Қазан ханы Сайып-Керейдің анасы Нұр-Салтан Қырым, Қазан хандығындағы саяси-әлеуметтік істерге елеулі ықпал жасап, Москва патшасы ІІ Иванмен хат алысып, қажет жағдайда балалары Мұхаммед-Әмин мен Әбділ-Ләтифті Москваға жіберіп, пікірлесіп отырады. ХV ғасырдың аяқ кезі мен ХVІ ғасырдың кезінде ІІІ Иван көмегімен Қазан хандығын Нұр-Салтан балалары билейді (1487-1496 жылдар Мұхаммед-Әмин, 1496-1502 жылдар – Әбділ-Ләтиф, 1502-1505 жылдар қайтадан Мұхаммед-Әмин). 1521 жылы Қырым партиясы көмегімен Қырым ханы Мұхаммед-Герей інісі Сайып-Керейді Қазан хандығы тағына отырғызады.
Міне, Шәлгез жырау маңында болған Би Темір осы – Мансұрұлы, Едіге немересі.
Соңғы жылдарда табылған, яки Ноғайлар арасынан жазылған Шәлгез өлеңдері де жырау өмірі туралы жаңа деректермен толықтыра түседі. Ноғайлар арасынан филология ғылымының кандидаты А.Сикалев жазып алып, жариялаған “Мен иемнің күнінде”, “Алай жаным” деген өлеңдерінде, Уфа архивіндегі “Қазақ өлеңдері мен хиссалары” дәптеріндегі “Әжікам мен Мансұрұлы Тоқусан” деген өлеңіне қарағанда Шәлгез бірқатар уақыт Әзике (Әжіке) мырза қарамағында болады.
Әзике, Масур кунинде,
Бука миндим нокталап.
Әзике, Мансур кунинде
Быламык іштім былғалап, –
деп Темірді аса аңсап жырлауына қарағанда жырау Әзике мырзаға Темір өлгеннен кейінгі кезеңде тап болған.
Әзикедей көбексиген мырзадын
Юрегинде алай яным тас кордим, –
деп Шәлгез шошына толғаған Әзике мырза:
Әжікам Мансұрұлы сен болсаң,
Ағаламасмедің атадан айрылып,
Хандай туған Темір ағаңды, –
деген жырау жолдарына қарасақ, бұ да – Мансұрұлы, Темір туысы болып шығады. Ноғай әдебиетін зерттеуші А.Сикалиев айтуынша “Әзике – Темірдің кіші інісі. Ол Темір өлген соң би болған. Темірұлы Тәуекелмен таласып қара халыққа азап шектірген. Шәлгез Темір өліп, билік Әзикеге қалғанда бастан кешкен қиыншылықтарын айтқан”472. М.Мағауин зерттеуіне қарағанда Темірдің: “... орыс тарихында ең соңғы рет ұшырасуы – ХҮ ғасырдың 90 жылдары. Ал, 1504 жылы Ноғай ордасының биі – Темірдің ұлы Тәуекел”473. Міне, Әзике мырзаның да Ноғай ордасы билігінің бір құлағына жабысып, халыққа қатігездік көрсетуі ХҮІ ғасырдың алғашқы жылдары болуы керек. Шәлгездің “Әжікам сен Мансұрұлы Тоқусан”, “Мен немнің күнінде”, “Алай яным” деген өлеңдеріне қарағанда жырау Темірді аңсап, Әзике озбырлығын әркез тайсалмай батыл әшкерелеп отырған. Әзике мен Шәлгез арасындағы келіспес кереғарлық, көзқарас алшақтығы жырауды ол ортадан кетуге мәжбүр етсе керек.
“Біздің қолымызда бар деректерден, – деп жазады М.Мағауин, – Шалкиіздің Темір би өлгеннен соңғы өмірі Мамайдың және оның інісі Жүсіптің төңірегінде өткендігі көрінеді. Ордадағы Жүсіп пен Исмайылдың билікке таласу дәуірінде (1540 жылдар, 1550 жылдардың алғашқы жартысы) жырау Жүсіптің партиясын жақтайды. Бірақ Исмайылдың еппен жүргізген саясаты нәтижесінде Жүсіп Шалкиізді сыртқа тебеді де, қарт жырау әміршісінің маңынан аулақ кетеді. Жыраудың өз өмірінің соңғы кезеңін Хақназар ханның әміріндегі қазақ мемлекетінде өткізгендігі аңғарылады”474. М.Мағауин пікіріне қарағанда Темірден кейінгі дәуірде Шәлгездің Орақ, Мамайға баруы оның Мұса ұрпағымен қайта табысуы еді475. Бірақ ол табысу да баянды болмаған.
ХVІ ғасырдың орта кезінде Ноғай ордасының бірқатар бөлігі Жайық пен Жемнен, Ырғыз бен Арал теңізіне дейінгі аралықта қазақтармен шекаралас көшіп жүреді. Бұл – Ших-Мамайдың “Алты ауыл ұлысы аталған алты ұлына қараған ауылдар еді. Едіге ұрпақтары Жүсіп пен Исмайл арасындағы алпыс жылға (1507-1563 созылған ру аралық күрес 1554 жылы Жүсіп өлімінде душар қылғасын, Ших-Мамай балаларының Исмаилға наразылығы күшейе түседі, тіпті Ноғай ордасына ресми бағынудан бас тартып, қазақ хандығына іргелес аймаққа, Каспийдің шығыс бетіне шалқая көшеді. Ноғай ұлыстарының қазақ, қырым хандықтарына кетуі, әсіресе 1557-1559 жылдары бүкіл Қыпшақ даласын қамтыған жұт жылдары көбірек болған. Бұл тұста қазақ ордасын Қасым хан баласы Хақназар (1538-1588) билейді. Ордасы жемнен Аралға және Сырдарияға дейінгі аралықта көшіп жүреді476. Міне, осы кезде Жайықтың сол жағында көшіп жүрген ноғай ұлыстары қазақ хандығына бағынып кеткен. Бұған қарағанда Шалгез өмірінің соңғы жылдары қазақ хандығында балалық, жігіттік шағын Мұса би ордасында өткізді, өсе келе Мұса би балалары Орақ, Мамай оны сыртқа тепті, ол Мансұрұлы Темір маңында болды. Орданы Темірұлы Тәуекел мен Темір інісі Әзике мырза билеген дәуірде Мамай мен Жүсіпке келеді. Бірақ, Шәлгезді Жүсіп Ордадан кетуге мәжбүр етеді. Неге? Біріншіден, жырау бір кезде өз туыстары Орақ пен мамайға өкпе-наз айтып, ренжіп кеткен. Енді егдерген шағында пана іздеп қайтып келді. Өмірінің ең мәнді кездері Темір маңында өткен жырау көзқарасы Жүсіппен қайшы келуі мүмкін. Себебі, Шәлгез мадақтай жырлаған Темір би өмірінің соңғы кезеңінде Исмайлмен ниеттес болғандығы аңғарылады. Ал, Исмаил болса, Жүсіптің қас жауы еді. Осы жағдайлар Шалгездің Жүсіп ордасынан кетіп, қазақ ханы Хақназар маңында болуының себептерін толық аңғартады.
Біз жоғарыда баяндап өткендей жайларға қарағанда Шәлкездің XV ғасырдың ІІ жартысы мен XVІ ғасырдың 70-жылдары аралығында өмір сүргені аңғарылады. Ел аузынан жиналған материалдарда Шәлгездің сәби кезінде Орақ, Мамай аты белгілі батырлар. Зерттеушілер мәліметіне сүйенсек477, Алшағырұлы Орақ 1496-1548 жылдары өмір сүрген. Мамай 1549 жылы өледі. Шамамен Орақ 20-25-терде батыр атанды десек, Шәлгез 1516-1520 жылдар дүниеге келген болады. Бірақ, бұл жоба тарихи деректерге қайшы келеді. Себебі, Шәлгез ұлғылай жырлайтын Темір би 1480 жылы Угре жорығына қатысады, XV ғасырдың 90-жылдары тарих сахнасынан кетеді, Ноғай Ордасынан 1504 жылы оның ұлы Тәуекел билейді. Демек, Шәлгездің темір дүниеден өткесін тууы шындыққа сәйкес келмейді. Бұған қарағанда дәл осы тұста ел аузынан жазылған деректерге сүйенудің жөні жоқ. Себебі, тарихи деректерді Орақ, Мамай Шәлгезбен тұрғылас, тіпті барқатар жас кіші боп та шығады.
Шәлгезді Хақназарға кетуге мәжбүр еткен Жүсіп 1554 жылы өледі. Бұл кезде жырау болып, қазақ хандығына барған, егдерген кезі еді.
Хақназар қазақ хандығын 1538-1580 жылдары билеген. Алайда, Шәлгездің Хақназар маңында қанша дәурен сүргені белгісіз. Шамамен алғанда Шәлгез 1465-1560 жылдарда өмір сүрген дейтін М.Мағауин пікірі де жобаға келеді. Алайда, дәл, нақты дерек болмағандықтан кесіп айту қиын. Сондықтан, Шәлгезді XV ғысырдың ІІ жартысы мен XVІ ғасырдың орта кезі аралығында өмір сүрген деу орынды.
Қариялар Алшын тайпасы құрамындағы “ноғайлы” не “ноғайлы-қазақ” руын Қояс, Қостаңбалы, Үйсін, Қазанқұлақ деген төрт бөлімге таратады. Бір ғана Үйсін тармағының: Бәйдеу, Бақтыбай, Айдарлы, Жанақай, Сары үйсін, Қаралы Үйсін болып жіктелуіне қарағанда оның Ұлы жүз құрамындағы Үйсін тайпасының бір бөлігі екенін аңғару қиын емес. Демек, Кіші жүз аймағындағы “Ноғайлы” құрамының өзі бағзы көне түрік-монғол руларының бөліктерінен тұратындығын байқаймыз.
“Шайыр” жинағындағы Шәлгез толғауына берілген түсінікте оның Қояс руынан екені айтылады. Бұл деректі ел аузынан жазылған шежірелер де бекіте түседі. Алшын ішіндегі “Ноғайлы” құрамындағы Қояс руының қариясы Ақбаев Елеш өзін Шәлгез батыр ұрпағы санайды. Елеш өз ата-тегін: Шәлгез – Ержақай – Жанғабыл – Бекболат – Аружан – Қараша – Қалмамбет – Шақа – Сақ – Сәмет – Құдайберді – Қаз – Ақбура – Байғазы – Құрманғазы – Құлмұқамбет – Өтелі – Ақбай” деп таратады. Демек, Шәлгез – Елештің он тоғызыншы атасы. Елеш қария шежіресіне қарағанда алтыншы атасы Ақбура батырды беріш Саржала батырмен байланысты әңгімелейді.
Оның айтуынша сол дәуірден бері Аружан батыр бастаған жиырма бес үйдің ұрпағы “Ағатай” ұранды Беріш руымен қоныстас келеді.
Шәлгез ұрпақтарының барқатары қазір Ресейдің Саратов облысында тұрады.
Шәлгез шыққан Қояс руы қазіргі Ноғай халқы құрамындағы тайпалар мен ру аттары арасында кездеспейді. Бұған қарағанда Ноғай Ордасының көптеген рулары Еділдің Кавказ бетіне көшкенде Қояс руы Ноғай батыр дәуірінен (ХІІІ ғ.–дан бері) Алшын арасында жүрген түрік-монғол руларының бірі, кейін барып “ноғайлы” не “ноғай-қазақ” руы құрамына кіруі мүмкін. Демек, Қояс руы бағзы “ноғайлы” руы болсын, әлде Ноғай Ордасы сарқыншағы болсын – қалай болғанда да Шәлгез ноғайлы елінде, ноғайлы аймағында – Батыс Қазақстан территориясында дүниеге келіп, бар өмірін Еділ, Жайықтан Қазан мен Түменге, Жемнен Сыр сағасына дейінгі қыпшақ даласында өткізгендігі аңғарылады.
“...Өз заманы үшін қадірлі де құрметті кейбір шығармалардың сол кездің өзінде-ақ қағаз бетіне түсірілгендігіне күмән жоқ. Тіпті Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған шығармаларын алғаш бастырушылар оларды үнемі ел аузынан алып отырды деу қиын. Өткен ғасырдың аяқ кезінде Н. Аристов, Г.Потанин сияқты ғалымдар қазақ арасында әртүрлі аңыздар, өлең-жырлар жазылған қолжазбалардың жиі кездесетінін атап көрсеткен болатын”478 – дейтін М. Мағауин пікірінің қисыны бар. Шәлгез шығармаларын алғаш бастырушы М. Османов халық арасында хат білетіндер жіберген қолжазбалардың бірқатар тұсы түсініксіз болғандықтан жырау өлеңдерінің біразы өзі құрастырған жинаққа енбей қалғанын жазады. М.Османовтың осы сөзіне және 1847 жылы қағаз бетіне түскен Уфа архивіндегі “Қазақ өлеңдері мен хиссалары” дейтін қолжазбаға қарағанда Шәлгез шығармалары жазбаша да тарағандығы аңғарылады. Бұл тек ХІХ ғасырға ғана тән жәйт емес. Жазбаша тарау дәстүрі ноғайлы аталған ру, тайпаларда Шәлгез дәуірінен, тіпті одан бұрын болғандығы байқалады. Себебі, оқу жазу дәстүрі Алтын ордада ертерек дамыған. Рукнеддин Бейбарыс, Бедреддин Элайни479 жылдамаларында, Джузджани шығармаларында480 Эннувейри энциклопедиясында, Ибн Халдан тарихында481 Шыңғысхан ұрпағынан ислам дінін Берке алғаш қабылдап, өз елінде мектеп-медреселер салдырғаны жазылады. Беркеден кейін Алтын Ордада ислам дініне зор мән берген Өзбек хан еді. Өзбек хан ордасын, ол билеген аймақты нақты суреттеген араб саяхатшысы Ибн Батута әдемі базары, кең көшелері бар сауда-саттық дамыған сарай Беркеде 13 мешіт бар еді деп жазады. XІV ғасырда сол Ибн Батута тоқтап өткен Ноғай ордасының орталығы Сарайшық қаласынан ХХ ғасырдың бас кезінде табылған археологиялық деректерге қарағанда Қырым мен Моголстан, Хорезм мен Қазан аралығындағы кең алқапты жайлаған елдерде туған ауызша, жазбаша рухани мұралар сол аймаққа кең тарап отырғаны аңғарылады. Оған дәлел – Еуропа мен Азия аралығында – тоғыз жол торабындағы сауда қақпасы Сарайшық қаласында әдеби мұраларды оқып, хатқа түсіретін дәстүр болғандығы. Ол дәстүр Юсуп Хас Хаджибтың “Құтадғу білік” (ХІ ғасыр) дастанының үзінділері осы Сарайшықта құмыра бетіне жазылуы (1909 жылы көне Сарайшық қаласы орнынан тереңдігі үш метр жерден табылған күбі-құмыра бүйірінде араб әрпімен ХІІІ ғасыр шамасында жазылған мынадай өлең жолдары бар:
Киши көркі йүз ол,
Бұ ауыз көркі – тіл,
Бұ йүз көркі – көз.
Ол бұ тіл көркі – сөз,
Тәқы көрік кишига
Билик һәм һөнәр.
Юлуг килгу жанни
Биликлик ка әр.
Бұ күн ниң ичиндә
Чш құяр болұр.
Бұл күбі-құмыра қазір Атырау қаласындағы облыстық өлкетану музейінде сақтаулы. Күбі-құмыра жазуларының алғашқы төрт жолы (бір шумағы) “Құтадғу білікке” келеді. Алғашқы екі жолы сөзбе-сөз қайталайды, 3-4 жолдары жекелеген өзгерістермен берілген. Қараңыз: Хас Хаджиб Баласағуни. Құтадғу білік, Наманған қолжазбасы, № 1809, 16-бет (біз құмыра бетіндегі деректерді салыстыруда жазушы һәм ғылыми қызметкер Юсупбек Мухилисов қолындағы Наманған қолжазбасы материалдарын пайдаландық – Қ.С.) Бұл деректер XІІІ-XVІ ғасырларда туған Сыпыра, Асан, Қазтуған, Шәлгез, Доспамбет жырлары мен “Ноғайлық жырлары” аталатын эпикалық туындылардың атадан балаға, жыраудан жыршыға ұласып ауызша ғана тарап қоймай, жазбаша да тарағандығы туралы болжам жасауға итермелейді. Мүмкін, бізге жеткен М.Османов, Ғ.Мұштақ жинақтарына негіз болған ел ішіндегі қолжазбалар, Уфа архивіндегі “Қазақ өлеңдері мен хиссалары” сол дәуірдегі жазбалардан біреуден біреу көшіру арқылы жеткен мұралар болар. Мұндай жазбалар ертелі-кешті архив қазыналары мен сол кезде ноғайлы аталған аймақтан тараған түркі тілдес халықтар арасынан табылуы мүмкін.
Шәлгездің бізге жеткен жырлары түгелдей азаматтық, әлеуметтік лирикаға жатады. Ол өз көңіл күйін толғайтын бірді-екілі толғауларының өзінде де өмір заңдылығын, заман үрдісін қатар суреттеп отырады. Жырау “от басы, ошақ қасының” қарапайым пендешілік халіне айналмай, өзіне дейінгі һәм өз заманындағы қилы-қилы сырларға көз жібереді, өмірде көрген көп жәйларін көңіл таразысына салып, қорыта толғайды, көсем көңілмен, өнегелі сөзбен ізгілікке үндейді.
Шәлгездің бір шоғыр жыры Темір биге арналады (“Би Темірге айтқаны”, “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны”, “Тор балақ құсты қолға алып”, “Арық хан”, “Әжікам сен Мансұр ұлы Токусан”, “Ғизмәт иям би темір”, “Не болды”). “Боз үстінде от жаққан”, “Мен иемнің күнінде” толғауларында Темір маңында дәуірлеп тұрған шағын еске алады. Өмірінің мақсаты мен мәнін толғаған көңіл күйінің кейбір сәттерін суреттеген немесе табыты бұрқап шалқыған кезінде өзі туралы өр пафоспен жырлаған өлеңдері де (“Эменнен айыры шыққан бұтақпан”, “Япалық ушпас асыл тау”, “Қаранғыда турған эдим тандыр деп”) бар. Біз шартты түрде жүйелеген аталмыш толғаулар мазмұны жағынан бір-бірімен тығыз байланысты.
Шәлгез “Эдилим”, “Отауымда меним яндар ойнаған” сияқты туған жер туралы тебіренісінен өзге “Алайяным”, “Мен көремен”, “Ярлылыққа септи деп”, “Қатнасы биік көлдерден” және “Шағырмақ бұлт жай жастар” аталатын, өлеңдерінің қай-қайсысы да – заман, өмір, мораль туралы дидактикалық – шешендік туындылар. Мазмұн-мәні, жырлаған мәселесі жағынан бұл шартты жүйелеудің импровизатор ақын, жыраулар творчествосына тән бір шығармада бірнеше мәселе көтеретін дағдылы дәстүр Шалгез мұрасында кездеспейді деген ұғым тумаса керек.
Шәлгез шығармаларынан айқын аңғарылатын сыр – оның өлең сөздерінің серпінділігі мен қуаттылығы, мазмұн-мағынасына сай ойлылығы мен құнарлығы, хас шебердің қолынан шыққандай мінсіздігі мен ажарлылығы. Мысалы, өлең жолдары бірінде аздау, кейбіреуінде көбірек он бір тирададан тұратын “Би Темірге айтқаны” толғауын алайық. Кеше ғана Темір би сарайында шалқып жүрген өзі би, өзі батыр атақты жырауды бүгін тағдыр түзге тентірентсе, жыр дүлділінің бақ, мансабын көре алмаған орда маңындағы “күйбеңдескен көп жаман” жанындай санап, бек сенген темір биді бұған қарсы қойса жырау не демек, өз көңіл-күйін қалай жеткізбек? Жырау Темір биге деген өкпе-назын, оның маңындағы жандайшаптарға деген кекті һәм сілтілі сөздерін бірден лақ еткізбей, алыстан орғыта, өз халін табиғат құбылыстарына ұқсата, жұптастыра, салыстыра толғайды. Шәлгез нөсер алдындағы түнерген аспанды, көкшілден соққы жеген құс еркесі қудың қайғылы халін тектен-тек айтып отырған жоқ.
Көп ішінде бір жалғыз,
Көп мұңайып жылайды.
Күйбеңдескен көп жаман,
Сөзі тигенге ұқсайды.
Міне алғашқы тирадан соңғы төрт жолының өзінде де жанама хабар айтқандай, жай жоспалмен, меңзей толғайды. Ал, екінші шумақта өзі үшін темір би кім еді, үшіншіде – өзі Темір үшін кім еді, – соны жырлайды. Осы үш шумақтың қай-қайсысында да Темір алдында “Көбең семіз торыңмын, көп құлыңның бірімін” деп “бетегеден биік, жусаннан аласа” күйінде иба, инабатпен кішік көңілде толғап отырған жырау бірте-бірте қызынғандай шарт сынып, шамырқана түседі, тең сөйлесер тепсінген ер мінезбен өкпе-ызасын баттитып батыл айтады:
Жасыңнан мені кем көрдің,
Жаманыңмен тең көрдің.
Жаманыңмен тең көрсең,
Ұялы берікке қос артып,
Сен есенде, мен сауда,
Ырысымды сындайын,
Сегіз қиыр шартарапта іздермін.
Төртінші шумақта жырау дауылпаздай даңқты Темірге жүрегі шіміркенбестен “Сен кім едің” дегендей өктем тіл қатады.
Тебінгінің астынан,
Ала балта суырысып,
Тепсінісіп келгенде,
Тең атаның ұлы едің,
Дәрежеңді артық етсе, тәңір етті.
Кемел ақыл, кенен ой, бұлтартпас билік, тепсінген тегеуірінмен Темір биді тізгіндеп жуасытып алған жырау кейінгі бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы шумақтарында ақыл, ғибрат айтуға көшеді.
Шәлгез бұл тұста “шамаңды біл, жасық жима, асыл жи” дегендей. Тек толғау соңында ғана тағы да бәсік көңілмен үшінші шумақта айтқан Темірге ақ адалдығын дамыта, тереңдете түседі.
Толғаудың ұзын-ырғасында көз жіберіп барлап шыққанда нені байқауға болады? Сөз жоқ жырау ойының жүйелілігі. Ой, пікірін сатылап дамытып, қисынды қиюластыруында, орнықты аяқтауында мол парасат пен шешендік шешім байқалады. Ол жыраудың өзіне дейінгі өрісті ойларды мол меңгергендігін танытады.
Шәлгез жырау шығармаларында өз дәуірінің нендей мәнді мәселелерін көтерді, өмір құбылыстарын қалай суреттеді? Енді соған ойысайық. Себебі, әр дәуір сөз зергерінің қадір-бағасы да, әдебиеттегі орны да оның нені, қалай жырлағандығымен өлшенбек.
Шәлгез шығармаларына ұйтқы болған оқиғалар аса көп емес, әйтсе де жыраудың өмір кезеңдерін, оның өмірге, дәуірге көзқарасын өлең, толғауларына қарап мол сезінуге болады.
Шәлгез жырларында суреттелетін адамдар – Темір, Әзике, Мансұр, Арық хан және жыраудың өзі. Жыраудың өзін біз көбінесе лирикалық “Мені” арқылы танимыз. Осылардың ішінде жыраудың Темір би мен өзін бейнелеуінен сөз зергерлігін анық аңғарамыз.
Жырау өмірінің ең жарқын кездері Темір би сарайында өткен дедік. Ол кез – Шәлгездің шалқыған дәурені. Ол кезде Шәлгез өзі би, өзі батыр, өзі шешен, өзі жырау. Демек, Темір – Шәлгездің жебеушісі, қамқоры болса, Шәлгез – Темірдің мәртебесін өсіріп, жұртты аузына қаратқан жалынды тілі, аузы дуалы абызы. Міне, осындай сыйлас, қадірлес өскен Темір би кейін сарай маңындағылардың шағыстыруымен Шәлгезді сыртқа тепсе де жырау оны, ұлғылай суреттейді. Мұның сыртқа тепсе де Темір мен Шәлгез арасындағы ренішті жуып-шаюға елеулі әсер еткен ақыл-айласын да аңғартқандай.
Алп, алп басқан, алп басқан,
Арабы торым өзіңсің.
Жазулы алтын, қол кескен,
Алдаспаным өзіңсің.
Білер де білмес не демес,
Сұлтан ием, сен менің,
Бармай тапқан қағбамсың.
Осылайша, жырау Темірді суреттеуде өзі көріп, сезінген дала өміріндегі ең қастерлі, ең құдіретті бейнелеулерді аяп қалмайды. Халық әңгімелерінде айтылатын “алты ай жорытса да арымас” арабы торыдай қазан ат пен батырдың батыры, ердің ері ғана көтеріп, сілтегенін қақыратар алдаспан қылыш та осал нәрсе емес. Жырау бұған да місе тұтпай, мұсылмандықты мойындаған пенде біткеннің мүдуар болып, қадір тұтар қасиетті орыны қағбанға теңейді.
Сен – алтынсың, мен – пұлмын,
Сен – жібексің, мен жүнмін.
Сен – сұлтансың, мен – құлмын,
Сен сұңқарсың, мен қумын.
Ерекше өр шабытпен бұрқанған дарынды жырау ғана айтуға лайық алғашқы шумаққа қарағанда Темірге деген өз көңілінің кінәратсыздығын сендірмек боп айтқан бұл жолдары жәй ділмәрлық, шешендіктей сезілуі мүмкін. Бірақ, мұның өзінен де хас шеберге тән шумақтағы ойдың мінсіз сұлу бітімі мен алуан ауыстырулардың (метафоралардың) дәл, нақты, айқын әсерлілігінен тану қиын емес.
Шәлгез “Би Темірді хажы сапарынан тоқтатуға айтқаны” толғауында Темірді халықтың басын құраған елдің береке-құты, әділ әміршісі деп суреттейді. Шәлгез бейнелеуінше Темір кетсе, “етектеп жиған көп халыққа” ие жоқ,
Темір еді биіміз,
Теңіз елі халқымыз,
Тебірлерге қалғанда,
Теңселер сойды ауыр ноғай жұртыңыз! –
деп егіле тебіренуі де сондықтан. Сол себепті де жырау Темірді қисынды пікірлермен, өрісті ақыл парасатымен иландырар сөз айтып ғана хажы сапарынан тоқтатады:
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңіріңнің үйі кебені,
Сұлтан ием қарсы алдыңнан жасапты!
Бас иіп, жығыла жырлаған Шәлгез осының өзінде астарлап болса да көптен жүрегін кернеген әділ де, ащы сөзін айта алған. Қартайған шақта иман іздеп, күнәдан арылмақ болсаң, ел кезіп қағба бармай-ақ әділетке жүгін, қағба – әділет дегендей. Халқына қайырымды, жұртына жағымды, кемтарға сүйеніш болу сияқты талап, тілектер кісілік құлыққа да, құдай жолына құлшылық қылғандардың шариғат-шартына қиғаш келмейтінін жетік білетін Шәлгез Темірді биік парасатымен тұсап, тоқтату үшін аса әсерлей бейнелеген.
Соқса бір жілік сындырған,
Көк қоянның қос құлағын тұндырған.
Көгілдірдің жез қанатын сындырған,
Тегеурінді болат Темірдің,
Тегеуріні өзіңсің!
Айдынды көлге қал шауып,
Тоғызын соғып ұшырған,
Қу сұлтаны саһарсың,
Саһарды сайлап қусырған,
Боз сұңқарым өзіңсің!
Темірді құдіретті етіп көрсетуде жырау оны сахара аспаны астында көздеген жеміне жасылдай ойнап, жайдай жарқ етер сұңқардың тегеурініне байлайды. Жырау “қу сұлтаны саһар, саһарды сайлап қаусырған боз сұңқар” – Темірді құс азғыны құладынға қарама-қарсы қойып шендестіре суреттейді. Шәлгез бейнелеуінің әсерлілігі сол – әлгі сұңқардың сұмдық қайрат-қуаты мен қимыл-әрекетін көріп отырғандай сезінесің демек, бұл жырау сөзінің эмоциялық әсер-қуатынның күштілігі. Шәлгездің “Арық хан”, “Боз үстінде от жаққан”, Әжікам сен Мансұр ұлы Тоқусан”, “Ғимәт иям би Темір”, “Мен иемнің күнінде” сияқты өлеңдерінде Темір бейнесін толықтыра түсер детальдар мол. Бұлардың қай-қайсысында да Темір туралы үлкен мақтаныш сезіммен мадақтай жырлайды.
Бір толғауында /”Арық хан”/ Темірді күш-құдіретін айтып, өзгеге сес көрсетсе, енді бірінде (“Ғизмет иям би Темір”) оның ерлігін мадақ етеді, ал “Боз үстінде от жаққан” “Мен иемнің күнінде”, “Әжікам сен Мансұр ұлы Токусан” толғауларында Темір биді және сол кездегі өз өмірін елжірей еске
Боз үстіне от жаққан,
Бұзмай бұлан пісірген,
Мен иемнің бөрлі ала тасы едім,
Ие, ием, сенің сырың мен білмем,
Менің ием би Темірдің әрі өзім,
Жау көрген күн жүрегінің басы едім,
Көз үстінде қасы едім.
Толғаудың соңғы төрт жолына назар аударсақ, бұл өлең жыраудың Темірден кейінгі бір иесіне арналғандығын байқамаймыз. Жырау Әзике, Мансұр дейтін шонжарларға тап болған мүшкіл халдегі кезінде Темір маңындағы дәуренін сағына жырлаған ("Мен иемнің күнінде").
Шәлгез аталған жырларда Арық хан, Әзике, Мансұр сияқты ақсүйектерді Темір образына қарама-қарсы бейнеде суреттейді.
Жырау бейнелеуіне қарағанда Арық хан – Темірдің тегеуіріне төтеп бере алмас төменшік адам, Әзике қатыгез, әділетсіз мырза ("Әзикедей көбексіген мырзадын, юрегинде...тас кордим").
Шәлгез жырларынан жыраудың өз бейнесін де ажырата тану қиын емес. Ол Темірге арналған толғауларында өзін бидің жан аямас шын берілген ақ, адал қызметшісі "көп құлының бірі" ретінде суреттейді. Бірақ, Шәлгез мәңгі бақи сол күйде, сол көңілде қала бермейді. Оған өз жолдары куә.
Басымды меним қорласа,
Көп туғаным иокламан.
Яғымнан меним басыма,
Әтеклеп алтын қуйса токламан.
немесе:
Көктеги кесек қара булытпан,
Устинизге бир яумайын ашылмын.
Үлкен басын кішік етіп, кінаратсыз көңілін білдірген жырауды сыпсың сөзге еріп кісі есебіне санамай тентіреткен тұста еңсесі түспей ер мінезбен осылайша ереуілдеп шыға келген хас батыр бейнесін көреміз. "Шығармақ бұлт жай тастар" толғауының өлең жолдарына көз салсақ, тек Темірге ғана емес, шын дос, шынайы жолдасқа жүрегін де жұлып берер мәрт батыр бейнесі елестейді. Енді бірде өмірдің ащы, тұщысын көп татып, теңіздей тебіренген ойлы жырау бейнесі көз алдымызға келеді. Ол жақсы мен жаман, ер мен ез, жат пен жақын, асыл мен арзан, дәуір мен дүние сияқты өмірдің өзекті мәселелері туралы толғанады. Ол кейде өткеннен түйген өміршең ойларын ақыл-нақыл, мақал-мәтел ретінде терме, тақпақ ретінде шегелеп айтса, бірде ел ағасы, халық қамқоры ретінде бірлікке, ізгілікке үндер өсиеттер толғайды. Бұл Шәлгездің әрі арқалы батыр, әрі айтулы жырау сипатын дәлелдей түседі.
Шәлгез феодалдық-патриархалдық қоғамда, көшпелі түркі тайпаларының әдет-салтының қаймағы бұзылмаған кезінде өмір сүрді. Сан ғасыр бойы сол ұлыс, сол тайпаларда қалыптасқан феодалдық салт-сананы, мұсылмандық наным-сенімді мойындай тұрса да Шәлгез сияқты дәуірінің ойлы адамы өмір шындығына өз көзқарасын білдірмей отыра алмайды.
Күпшек санды тіл жалмаған күрең
Тілеген достан аяман,
Тілекті бірге тілеген,
Малымды достан аяман,
Тайғақ кешу, тар жерде,
Менің достым бар-ды һәр жерде,
Іздесем табылмайды тар жерде,
Табылмаса қайтейін,
Мен ісімді хаққа тапсырғанмын һәр жерде.
Байлық пен мансап, атақ пен абырой жел айдаған бұлттай жөңкіліп жүре беріп, тар кезеңге тап болған жырау өмірінің біраз ізі осы шумақтан да байқалады. Бұл – хас батырға тән мәрттік мінезбен қатар заман тәлкегіне түсіп неге болса да бел буып бекінген жанның берік тәуекелі мен ашынған көңілінің ақтарылған сыры дерлік. Мұны өлеңнің тепсініп келген тегеуірінді ырғағымен, күңіренісінен, күші басым өлең жолдарынан мол сезінеміз. Мұндай әуен Шәлгездің ноғайлар арасынан А.Сикалиев жазып алып, жариялаған "Эдилим" толғауына да тән. Бірқатар жолдары Қазтуған жырына сәйкес келетін бұл шығарма – жыраудың туған жерімен амалсыз қоштасуы, "шөбі – секер, суы – шәрбәт" ата қонысты қимас сезімнен туған телегей теңіздей терең тебіренісі.
Отын секер, суын сербет
Көп Ноғайлым кеп яйлаған еримеин.
