Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
3-tom__1178_aza_1179__1241_debietini_1187_tarik...doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

Захириддин Мұхаммед Бабыр

Захириддин Мұхаммед Бабыр — көрнектi мемлекет қайраткерi, даңқты қолбасшы, сонымен бiрге, ғажайып өлең-жырлар жазып қалдырған лирик ақын, дарынды жазушы, ғұлама-ғалым, атақты тарихшы. Ол 1483 жылы 14 ақпанда Әндiжан қаласында туылған. Бабырдың әкесi Омар Шейх — әйгiлi Әмiр Темiрге туажат болып келедi. Шешесi — шағатай әулетiнен шыққан Жүнiс ханның бәйбiшесiнен туылған екiншi қыз — Құтлық Нигар ханым болған. Жүнiс ханның тұңғыш қызы – Михр Нигар ханым, ал кенже қызы—Хуб Нигар ханым — қазақтың белгiлi тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидiң анасы екенi мәлiм. Қазақ ханы Сұлтан Ахмет, яғни Алаша хан осы Жүнiс ханның екiншi әйелi – Шаһ бегiмнен туылған.

Жастайынан өнерге, бiлiмге құштар болған Бабыр түркi тiлдерiмен қатар араб және парсы тiлдерiн жете меңгерiп, Шығыстың классикалық поэзиясынан еркiн сусындаған, тарих, философия, табиғаттану ғылымдары бойынша, сондай-ақ сәулетшiлiк (архитектура) және соғыс өнерi бойынша өз заманына лайықты едәуiр бiлiм алған жан. Ер жүрек батырлығы үшiн оны бала кезден-ақ Бабыр (арабша “бабур” — “арыстан” деген сөз) деп атап кеткен.

Әкесi қайтыс болғаннан кейiн он екi жасар Бабыр Ферғана уәлаятының әмiрi болып, таққа отырды. Бұл — қылыштың күшiмен Әмiр Темiр құрған мемлекеттiң iштей әбден ыдырап, әмiршi ұрпақтарының билiк үшiн күнде өзара қырық пышақ болып соғысып жатқан кезi едi.

Бабырдың мақсаты — Амудария мен Сырдария аралығында, яғни, Мауараннахрда бiр орталыққа бағынатын қуатты мемлекет құру болды. Сол арманына жету үшiн көп жылдар бойы әрекет жасап, талай суыт жорықтарға аттанады. Бiрақ онысынан нәтиже шықпайды.

Ақыры Шайбани хан бастаған ру-тайпалардың тегеуiрiнiне төтеп бере алмаған Бабыр өзiне сенiмдi бiр топ нөкерлерiмен Ауғаныстанға кетедi. Сосын одан әрi Үндiстанға қарай бет алады. 1525 жылы ол Дели сұлтаны Ибрагим Лодидiң әскерiн быт-шыт етiп жеңедi. Сөйтiп, Бабыр Үндiстан билеушiсi болады. Үш жүз жыл бойы, яғни ХIХ ғасырдың бас кезiне дейiн (Индияны ағылшындар жаулап алғанға дейiн) өмiр сүрiп келген Ұлы Моғол империясының (1526—1858 ж.) негiзiн қалаған мемлекет қайраткерi ретiнде Бабырдың есiмi тарихтан жақсы мәлiм.

Рас, үндi елiн жаулап алу үшiн қан төгiлген соғыстар болды. Әйтсе де Бабыр негiзiн қалаған мемлекет Үндiстанның қоғамдық-саяси және экономикалық, мәдени тұрғыдан дамып, өркендеп өсуiнде өте үлкен прогрессивтi роль ойнады. Бiр орталыққа бағынатын мемлекет құрылған соң ғана үндi елiнде ғасырлар бойы тынбай жүргiзiлiп, еңбекшi халықтың қанын аяусыз төгiп келген жергiлiктi феодалдардың өзара бақталас соғыстары тоқтатылды. Халық бейбiт еңбекке көштi. Жаңадан көптеген үлкен каналдар қазылып, шөлдi жерлерге су шығарылды. Егiншiлiк мықтап дамыды. Бабырдың әмiрiмен жаңа қалалар, ғылым және мәдениет орталықтары салынды.

Жаңа Үндiстанды құрушы ұлттық басшы ретiнде тарихқа енген мемлекет қайраткерi, жалынды публицист Джавахарлал Неру өзiнiң әйгiлi “Индияны ашу” деген кiтабында Бабырды “жылы жүздi, батыл, iскер жан, өнер мен әдебиеттi бағалай бiлген қайраткер” ретiнде сипаттап, ол туралы зор құрметпен сөйлейдi. Ол Бабыр билеген дәуiр жөнiнде айта келiп, “бұл кезде Индияда үлкен игiлiктi өзгерiстер өмiрге келдi. Жаңа бiр леп есiп, мұның өзi өнер, архитектура, тағы басқа мәдениет салаларын құлпыртып, жасартып жiберген едi” деп жазады*. Бабыр 1530 жылғы желтоқсанның 26 жұлдызында Индияның сол кездегi астанасы Агра қаласындағы өзi салдырған Зарафшан деп аталатын бау-бақшалы мекен-жайда қайтыс болады. Бабырдың өсиетi бойынша оның сүйегiн Кабул қаласының маңындағы Шердарваза тауының етегiне жерлейдi. Бабырға ғажайып ескерткiш-мавзолей салады. Бұл жер қазiр “Бағ-и Бабыр” деп аталады.

Бабыр ең алдымен ғасырлар бойы талай ұрпақ тамсанып оқыған тамаша лирикалық өлең-жырлардың авторы. Оны ұлы шайыр Әлiшер Науаи өзiнiң ең дарынды шәкiрттерiнiң бiрi санаған. Бабыр 14—15 жасында-ақ Гератта тұратын Науаиға өлеңмен хат жазып, ұстазынан талай рет өлеңмен жазылған жауап хат алған. Бiрақ бұл екi ақын ғұмыр бойы бiрiн-бiрi көрмей, кездесудi армандап өткен.

Бабырдың лирикасы негiзiнен сол кезде шығыс классикалық поэзиясында кең тараған жанрларда — ғазал, рубаят, туйық, маснави, т.б. түрiнде жазылған өлеңдер болып келедi. Ол сопылық-мистикалық ағымдағы ақындар секiлдi “жұмақтың рахатын” емес, шын өмiрден туындайтын табиғи сезiмдi, шын мәнiндегi махаббатты, адам бойындағы асыл қасиеттердi жырлады. Оның өмiрдi мадақтап, халықты өнер-бiлiмге шақырған өлеңдерi көп. Әсiресе туған жерден алысқа кетуге мәжбүр болып, өз елiн, Отанын сағынып жазған жырлары оқушысын бiрден елiктiрiп, баурап әкетедi. Бабыр көбiнесе дерлiк ар-ождан тазалығына, әдiлдiкке шақырады, зорлық-зомбылыққа қарсы шығады:

Әрқашанда таза болсын ар-ожданың, жүрегiң,

Өзгелер де саған адал, әдiл болар бiлемiн.

*Дж. Неру. Открытие Индии. М., 1955, с.272

Зорлық қылсаң өзгелерге – өзiң жәбiр көрерсiң

Қиянаттың құрбаны боп қорлықпенен өлерсiң.

Кейде Бабыр сол дәуiрдiң әдеби дәстүрiне сәйкес өз ойын бүркемелеп, нәзiк ишарамен астарлап, аллегориямен көмескi сөйлеп жеткiзедi.

Бiзге Бабырдың қолжазба түрiндегi өлеңдер жинағының екi нұсқасы мәлiм. Бiрi қазiр Парижде, екiншiсi Индияның мәшһүр Рампур кітапханасын-

да сақтаулы. Профессор А. Самойлович осы екi нұсқа және “Бабыр-намедегi” өлеңдер негiзiнде 1917 жылы Петроградта Бабыр өлеңдерiнiң жинағын бастырып шығарды.

Сонымен, Бабыр кейiнгi ұрпаққа сөз патшасы-өлең мен өсиет айтып, артына мол, әрi құнды поэзиялық мұра қалдырған дарынды ақын.

Сондай-ақ Бабыр өлең құрылысы, музыка теориясы, соғыс өнерi, т.б. жайында бiрқатар ғылыми еңбектер жазған өз дәуiрiнiң көрнектi ғалымы. Ол тiптi өзiнше жаңа жазу таңбаларын – жаңа графика ойлап шығарып, оны ел арасына таратады. Тарихта “хати Бабыр” (“Бабыр жазуы”) деп аталып кеткен бұл әрiптер көне түркi ескерткiштерiнiң жазуына ұқсас болып келедi. “Хати Бабырдың” негiзi – көне түркi жазуы. Бұл жазу алғашта Сырдария бойындағы Сығанақ (Қыпшақ елiнiң сауда мәдени және саяси орталығы болған) қаласында өмiрге келгенi мәлiм. Алайда құран жазуын, яғни араб әрпiн киелi санайтын дiншiлдер “Бабыр жазуына” барынша қарсы шығып, оны жойып жiбередi. Бұл туралы:

Түрiктерге өз әрпi де бұйырмады-ау, киелi,

Бабыр хаты бөтен емес, Сығанақтың сыйы едi, —

деген жолдары бар.

Шығыс филологиясына қатысты зерттеулерiнiң iшiнде ерекше оқшауланып тұрған, шоқтығы биiк шығармасы —“Аруз туралы трактат” деп аталады. Көне түркi, шағатай, араб-парсы тiлдерiнде жазылған поэзиялық шығармалардың iшкi табиғатын ұзақ жылдар бойы сарыла зерттеген Бабыр өлең-жырдағы түрлi буындардың өзара сәйкестiгi туралы iлiмдi жаңа қағидалармен байыта түстi.

Сол арқылы түркi тiлдерiнiң поэтикалық мүмкiндiгi шексiз мол екендiгiн нақты деректермен дәлелдеп көрсеттi.

Бабыр араб, парсы және түркi тiлiндегi жазылған поэзиялық шығармалардың өлең құрылысы — буын, бунақ саны, ұйқасы жөнiнде қызықты пiкiрлер айтады. Әсiресе оның түркi тiлiндегi поэзиялық шығармаларда созылыңқы және қысқа буындардың белгiлi бiр заңдылықпен кезектесiп келуiне негiзделген өлең өлшемi — аруз жөнiндегi пiкiрi құнды. Өйткенi араб және парсы поэзиясындағы аруз туралы Бабырға дейiн-ақ талай-талай ғылыми трактаттар жазылған болатын. Ал, түркi поэзиясы әлi теориялық тұрғыдан зерттеле қоймаған едi. Бабыр Х-ХV ғасырда өмiр сүрген алпыстан астам ақынның өлең-жырларынан үзiндiлер келтiре отырып, “нағыз поэзиялық көркем шығармаларды тек араб яки парсы тiлiнде ғана жазуға болады, ал түркi тiлi көркемдiк дәрежесi биiк өлең жазуға жарамайды” деген пiкiрдi бiржола терiске шығарды. Әрине, мұның бәрi Бабырдың көп қырлы, табиғи талантын таныта түстi.

Әйтсе де Бабырдың есiмiн ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзiп, оның атын тарих бетiне мәңгi-бақи өшпестей етiп жазып қалдырған ең басты еңбегi — “Бабыр-наме” болды.

Бабырдың есiмiн көркем сөз зергерi ретiнде ғана емес, сонымен бiрге, дарынды, тарихшы, географ және этнограф ретiнде әлемге мәшһүр еткен шығармасы “Бабыр-наме” болып табылады.

Кезiнде түркi халықтарының бәрiне бiрдей ортақ болып келген әдеби тiлде – шағатай тiлiнде жазылған бұл прозалық шығарма үш бөлiмнен тұрады. Бiрiншi бөлiмiнде – ХV ғасырдың соңы мен ХVI ғасырдың бас кезiндегi Орта Азиядағы негiзгi саяси оқиғалар егжей-тегжейлi баяндалады. Ол кезде “Кабул-уәлаяты” деп аталатын, қазiргi Ауғанстан территориясында орын алған маңызды тарихи оқиғаларды “Бабыр-наменiң” екiншi бөлiмiнен оқып бiлуге болады. Ал, Бабыр патшаның өз қолымен жазылған мемуарлық кiтаптың үшiншi бөлiмi – солтүстiк Индиядағы саяси оқиғаларды, осы ғажайып елдiң географиясын, табиғатын, халқын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, т.б. көркем тiлмен бейнелеп көрсетуге арналған.

Әрине, феодалдық аристократияның өкiлi ретiнде Бабыр үстем таптың мүддесiн қорғауға мәжбүр болғанын ұмытпау керек. Алайда соның өзiнде Бабыр билеушi тап өкiлдерiнiң тақ пен тәжге таласып үздiксiз жүргiзген соғыстарын, мағынасыз қан төгiлген шайқастардың салдарынан қаңырап қалған қалалар мен бау-бақшасы сусыз қурап кеткен өлкелердi, алым-салықтың шамадын тыс көбейiп кеткенiн, жұт жайлаған ауылдарды, т.б. бүкпесiз, ашық-тан-ашық әңгiмелейдi.

Бұл жөнiнде Бабырдың өзi былай деп жазады: “Мұнда жазылғанның бәрi ақиқат. Мен өзiме-өзiм мынадай шарт қойдым: әрбiр оқиға қалай болған — дәл солай етiп жазамын, мен жазған әрбiр сөз шындық болсын. Сондықтан өзiмнiң туған-туысқандарымның жақсы жақтарын да, жаман жақтарын да жасырмай айттым. Өзiме жақын жандардың да, жат кiсiлердiң де кемшiлiктерi мен игi қасиеттерiн баян еттiм*”.

Бабырдың бүкiл ғұмырын жан-жақты қамтып көрсететiн бұл автобиографиялық сипаттағы туынды әр жылда болып өткен елеулi тарихи

*Бобир. Асарлар. 2 – том, «Бобирнома», Тошкент, 1965, 291-292- беттер. (Біз мысалдарды кітаптың осы басылымынан алып отырмыз. – Н.К.)

оқиғаларды құрғақ фактiлермен жiпке тiзгендей етiп баяндайтын жылнама түрiндегi шежiре кiтап емес. “Бабыр-наме” — құнарлы, бейнелi тiлмен жазылған, дарынды сөз зергерiнiң қолынан шыққан нағыз көркем шығарма екенi даусыз. Оған Бабыр жасаған жанды бейнелер, қанатты сөздер, табиғат суреттерi, сан қилы теңеулер, т.б. көрiктеу құралдары толық дәлел.

Сонымен, кезiнде күллi түркi тектес ру-тайпалардың бәрiне бiрдей түсiнiктi болған шағатай тiлiнде жазылған “Бабыр-наме” қазiргi қай халықтың мұрасы саналады? “Бабыр-наменiң” қазақ халқының тарихына, әдебиетiне, тiлiне, рухани өмiрiнiң басқа да салаларына қатысты қандай дәрежеде болды?

Кезiнде қазақтың оқыған зиялылары “Бабыр-наменi” қазақ хылқының өз тарихы жазылған шығарма деп таныды. Мұнысы орынды да едi. Себебi Бабырдың бұл еңбегiнде кейiнiрек қазақ, өзбек, түрiкмен, тағы басқа түркi тектес халықтардың этникалық құрамына енген ру-тайпалардың тарихы баяндалады. Бiрқатар қазақ хандары, батырлары, қоғам қайраткерлерi, ақындары туралы аса құнды деректер бар. Ежелгi қазақ жерiндегi кенттер, өзендер, көлдер, таулар, сондай-ақ өсiмдiктер мен жан-жануарлар, т.б. әңгiме болады. Мәселен, “Бабыр-намеде” қазақтың Түркiстан, Сайрам, Отырар секiлдi шаһарлары туралы, Сырдария (Сейхун), Арыс, т.б. өзендерi мен көлдерi жөнiнде қызықты деректер жазылған. Бабыр өзiнiң әкесi Омар Шейхтың Арыс өзенi бойындағы бiр шайқасы жайында айта келiп, “Арыс өзенiнен өтiп, Омар Шейх өзбектердi тас-талқан етiп жеңдi, олардан тұтқындар мен малдарды тартып алып, бұрынғы иелерiне қайтарып бердi”, - деп жазады.

Сол кезде қыпшақ даласын мекен еткен түрлi халықтардың ежелгi тарихын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дiни ұғымдарын т.б. сөз етедi.

“Бабыр-намеде” қазақтың алғашқы хандары Жәнiбек, үш жүз мыңға жуық атты әскерi болған қазақ ханы Қасым, ұлы жүздiң Жетiсудағы дулат тайпасынан шыққан тарихшы-ғалым әрi ақын Мұхаммед Хайдар Дулати, жалайыр руынан шыққан ақын Хасен Әли , т.б. жөнiндегi нақты тарихи деректер берiлген. Қазақ елiнiң қыпшақ, дулат, жалайыр, арғын руынан шығып, кезiнде қолбасы, есiк ағасы, ұлы бек сияқты жоғары лауазымды қызмет атқарған жиырма шақты қоғам қайраткерiне Бабыр өзiнше мiнездеме бередi.

Мiне, осы пiкiрiмiздi дәлелдеу үшiн “Бабыр-намеден” бiрнеше мысал келтiрейiк. Бабыр өз шығармасында Жүнiс ханның сұлу қызы Сұлтан Нигар ханым туралы айта келiп, оны Әдiк Сұлтан өлген соң “қазақ ұлысының ханы Қасым хан алды… Қазақ хандары мен сұлтандарының бiрде-бiреуi бұл ұлысты Қасым хандай нығайтқан емес. Оның әскерiнде үш жүз мыңға жуық адам болды”, - дейдi.

Сондай-ақ Бабыр өзiнiң туған бөлесi, қазақтың белгiлi тарихшы-ғалымы Мұхаммед Хайдар Дулати туралы да пiкiр айтады: “Хайдардың әкесiн өзбектер өлтiрген соң, ол менiң қарамағыма келiп, үш-төрт жыл тұрды. Кейiн рұқсат сұрап Қашқарға, ханға кеттi… Жұрттың айтуы бойынша, ол ендi бұрынғыдай байсалды болып, дұрыс жолға түсiптi. Қолы әрбiр iске епшiл-ақ: жазуға да, сурет салуға да, жебе ұстауға да ұста. Өлең сөзге де дарыны бар. Маған жазған өтiнiшi келген едi: сөз саптауы жаман емес”.

Ал, кезiнде қасида-өлең (мақтау өлең, ода) жазуда алдына жан салмайтын дарынды ақын Хасен Әли туралы “Бабыр-намеде” мынадай нақты деректер бар: “Хасен Әли — жалайыр едi. Шын аты Құсайын Жалайыр. Бiрақ ол Хасен Әли деген атпен көбiрек мәлiм болды. Әкесi Әли Жалайырға Бабыр мырза құрмет көрсетiп, оны бек еттi. Соңыра Жәдiгер Мұхаммед Гератты алғанда, Әли Жалайырдан мәртебесi биiк кiсi болған емес. Хасен Әли Жалайыр – Сұлтан Құсайын мырзаның құсбегi болды. Ол ақын едi, “Түфейли” деген бүркеншек атты пайдаланды. Ол қасиданы өте жақсы жазатын, өз дәуiрiнде қасида жазу жағынан ақындардың көсемi едi… Бес-алты жыл менiң қолымда болды. Маған да ол бiрнеше жақсы қасидалар арнады”.

Мiне, қазақ халқының этникалық құрамына енген ру-тайпалардан шығып, есiмдерi ХV—ХVI ғасырлардағы шағатай тiлiндегi әдебиетте мәшһүр болған осындай шайырлар, тарихшылар аз емес. Қасида жазуда кезiнде алдына жан салмаған Жалайыр Хасен Әли жырлары да, кезiнде поэзия әлемiн дүрлiктiрген Хайдар Дулатидiң “Жиһан-намесi” де қазақ әдебиетi тарихында өзiндiк орны бар шығармалар екенi даусыз.

Ұлы Абай, көрнектi шығыстанушы-ғалым Шоқан Уәлиханов және академик-жазушы Мұхтар Әуезов кезiнде “Бабыр-наменi” ерекше зейiн қойып оқып, бұл еңбектi қазақ халқының тарихына, ертеректегi тiлi мен әдебиетiне, этнографиясына тiкелей қатысты шығарма деп танығаны мәлiм. Олар Бабыр кiтабының қазақ халқы тарихына қатысты жақтарын ашып көрсеттi. Сондай-ақ өздерi де ХV-ХVI ғасырдағы қазақ тарихын, әдебиетiн сөз еткенде осы еңбектiң ұрымтал тұстарынан нақты деректер келтiрiп отырды.

Абай өзiнiң “Бiраз сөз қазақтың түбi қайдан шыққаны туралы” деген қара сөзбен жазылған еңбегiнде: “Белгiлi Бабыр патшаның шешесiмен бiр туысқан екi бауыры болған. Үлкенi Ташкентте хан болып, кiшiсi қазақты билеген. Бұлар Шағатай нәсiлiнен Жүнiс ханның балалары болған. Сол қазақты билегенiнiң аты Ахмет екен. Ол кезiнде аттанысқа жарарлық қазақтан үш жүз әскер шығарып, үш жүз басыға билетiптi. Әр жүздiң халқы өз ынтымағымен бiр туысқанға есеп болыпты. Қазақтың “Үш жүздiң баласы” дейтұғыны — сол. Ахмет хан қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ рақымсыздығына қарай “мынау бiр алаша болды ғой” дептi, жан алушы болды дегеннiң орнына. Сондықтан ол кiсi Алаша хан атаныпты. “Бабыр-намеде” солай жазылған” дейдi (2, 223-224).

Қазақ халқының азаматтық тарихына тiкелей қатысты “Бабыр-намедегi” қызықты мәлiметтерге, әсiресе төрт жүз мың нөкерi болған қазақ ханы Арслан (Арыстан) жөнiндегi деректерге кезiнде Шоқан Уәлиханов ерекше назар аударып, бұл шығарманы осы тұрғыдан аса жоғары бағалағаны мәлiм.

Ал, ендi Мұхтар Әуезовтың атақты “Абай жолы” эпопеясынан бiр сөйлем оқып көрейiк. “Абай… кейде Бабыр, Науаи, Аллаяр сияқтыларды оқып-оқып кеп, өзi де қағаз, қарындаш алып, соларша бiрдемелер жазып кетедi”.

М. Әуезов ақындық тұғыры биiк тұрған Науаиды емес, ғұмыр бойы өзiн ұлы шайырдың шәкiртi санап кеткен, Науаидан қырық екi жас кiшi Бабырды алдымен ауызға алады. Бұл кездейсоқтық па? Әрине, олай емес. Өйткенi кезiнде қазақ қауымына Науаи ғазалдарынан гөрi “Бабыр-наме” жақсырақ таныс едi. Неге? Мұның сыр-себептерi көп… бiрiншiден, “Бабыр-наме” қазақ қауымының тарихына, рухани өмiрiне тiкелей қатысы бар, қазақ елiне өте-мөте жақын туынды екенiн жоғарыда айттық. Екiншiден, “Бабыр-наме” кезiнде Орта Азия түрiктерiнiң әдеби тiлi болған шағатай тiлiнде жазылғаны мәлiм. Ал, шағатай тiлiнiң құрамында араб-парсы сөздерi басым болып келедi.

Бұрын қазақ даласындағы мектеп-медреселерде оқитын шәкiрттер алдымен осы шағатай тiлiн үйрену арқылы Шығыс классикалық поэзиясының алтын қазынасымен танысуға әрекет жасап отырған. Басқаша айтсақ, шағатай тiлiн оқып үйрену – араб және парсы тiлдерiн меңгерудегi алғышарт, алғашқы басқыш саналған. Мiне, сондықтан да қазақтың азды-көптi оқыған азаматтарының бәрi дерлiк кезiнде “Бабыр-намемен” жақсы таныс болған.

Бiз “Бабыр-наме” шағатай тiлiнде жазылған деп жүрмiз. Ол қандай тiл? Сол жөнiнде бiрер сөз айта кетейiк.

Кезiнде Шағатай (Шыңғысханның Жошыдан кейiнгi екiншi баласы) хан билеген өлке “Шағатай ұлысы” деп аталғаны тарихтан жақсы мәлiм. Алғашқы кезде Шағатай мемлекетiне қарасты түрiктердiң тiлiн – “шағатай тiлi” десе, ал кейiнiрек барып Орта Азия мен соған көршi отырған (Сыр бойында Едiл мен Жайық, Арал мен Каспий жағалауларында, т.б.) бүкiл түркi халықтарының бәрiне бiрдей ортақ – орта азиялық әдеби тiлдi “шағатай тiлi” деп атап кеткен. Бұл тiлдi қазiр орта ғасырлық түркi әдеби жазба тiлi деп те атайды.

Ал, Бабыр заманында “шағатай тiлi” дегеннен гөрi “түрiкше” “түркi”, “түрiк тiлi” секiлдi атаулар көбiрек қолданылған.

Әйтсе де шағатай тiлi туралы күнi бүгiнге дейiн түркология ғылымында ортақ пiкiр жоқ. Мәселен, кейбiр ғалымдар (А.К. Боровков) “шағатай тiлi” деген терминдi “ескi өзбек тiлi” деген тiркеспен алмастырып жүр. Бiздiң ойымызша, бұл дұрыс емес. Кезiнде тiптi Әлiшер Науаидiң өзi де “Мизан-у ләфзан” (“Өлең өлшемi”) деген еңбегiнде: шағатай тiлi – басқа түркi тiлдерiнен, соның iшiнде өзбек тiлiнен де бөлек, өзге тiл деп таныған. Тiл тарихын зерттеген көрнектi ғалымдардың басым көпшiлiгi (А. Вамбери, А.Н. Самойлович, Ә.Н. Нәжiп, т.б.) шағатай тiлiн – Орта Азиямен оған көршiлес аймақтарда ХI-ХVI ғасырларда қалыптасып, дамыған түркi жазба әдеби тiлi деп бiледi. Сонымен “Бабыр-наме” кiтабы бiр кезде қазақтардың да ата-бабаларына ортақ болған орта азиялық әдеби тiлде (түркi немесе шағатай) тiлiнде, жазылғаны анық.

“Бабыр-наменiң” тiлi жөнiндегi осы пiкiрiмiздi ендi нақты мысалдармен дәлелдеп көрейiк. Мәселен, Бабыр тауда өсетiн тобылғы туралы айта келiп, былай деп жазады: “Тобұлғұ йағачы бу тағларда бар, өзгә хеч йерде бұлмас. Тобұлғұ бiр йағачедур, посты қызыл, аса қылурлар қамчы дәстәсi хам қылурлар, құшләрға қапас қылурлар, таруш қылыб тiргәз қылурлар, хейли йақшы йағачдүр. Теберуклук бiлә йiрақ йерлерге елтарлар”, — деп жазады. Аудармасы: “Бұл тауларда тобылғы ағашы бар, ол өзге еш жерге өспейдi, одан аса таяқ жасайды, қамшы сабын жасайды, құстарға тор-қапас жасайды, жонып, жебе жасайды, өте жақсы ағаш саналады. Оны теберiк ретiнде алыс жерлерге апарады”.

Тағы бiр мысал келтiрейiк: “Бұ науахы йақшы аулақ йерлер бұлур. Иламiш дариясынинг йақинiдәгi қалинг ченгеллерде бұғу, марал уа тоңқұз көп бұлур. Ушақ-ушақ ченгеллерде қырғауыл уа тауұшқан қалиң бұлур. Пуштасида түлкiсi бисаиар бұлур, даркамин бұлур”. Аудармасы: “Бұл өлке — аңшылық үшiн өте жақсы, қолайлы жер. Иламiш өзенiнiң маңындағы қалың шеңгел iшiнде бұғы, марал және жабайы шошқа көп болады. Қырлы жерлерде түлкi қаптап жүредi”.

Иә, “Бабыр-наменi” бүгiнгi қазақ оқырманының түсiнуi де онша қиынға соқпайды.

“Бабыр-наме” — энциклопедиялық шығарма. Мұнда тарихи оқиғалармен бiрге, табиғаттану, география, топография, әдебиеттану, тiл бiлiмi, этнография, тағы басқа ғылым салаларына қатысты өте бағалы мәлiметтер жинақталған.

Бабыр өзi болған, соғысқан жерлердегi таулар мен кең жазира далаларды, сан қилы өсiмдiктер мен хайуанаттарды, түрлi халықтардың әдет-ғұрпы, тiлi, әдебиетi мен өнерi, кейбiр сөздердiң этимологиясы жайлы нағыз ғалымға тән дәлдiкпен, әрi ұшқыр қиялды жазушыға ғана тән шеберлiкпен бейнелеп жазады.

Бұдан бес жүз жылдай бұрын қай жерде қандай өсiмдiктер өскенiн, қай елде қандай жан-жануарлар тiршiлiк еткенiн, қай жерде көл, қай тұста шөл болғанын, қайсысы өзен қайсы теңiзге құйғанын бiлу — бүгiнгi ғылымның табиғаттану салаларын (география, ботаника, зоология, т.б.) дамыта түсу үшiн аса қажеттi баға жетпес материал екенiн бүгiнгi ғылыми-зерттеу көрсетiп отыр. Мәселен, Бабырдың кезiнде Сырдария өзенi қазiргiдей Арал теңiзiне құймаған екен. “Сейхун өзенi Түркiстаннан едәуiр төменiрек жерде, ешқандай өзенге қосылмай, түгелдей құмға сiңiп таусылады”. Демек, Сырдария кейiнгi кезде ғана ағыс бағытын өзгертiп, Аралға құятын болған. География ғылымының ежелгi тарихын зерттеушiлер үшiн бұл мәлiметтiң маңызы зор.

“Бабыр-наме” тарихи, ғылыми еңбек қана емес, сонымен бiрге, түркi (шағатай) тiлiнiң мол мүмкiндiктерiн зор шеберлiкпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды.

Рас, бұл прозалық шығарманың негiзгi объектiсi тарихи оқиғалар болып келедi. Әйтсе де автор сол тарихи оқиғаларды баяндап шығуымен шектелiп қалмайды. Ол көркем шығармаға тән метофора, теңеу, метатеза, эпитет, гипербола, т.б. көрiктеу құралдарын “Бабыр-намеде” зор бiлгiрлiкпен қолданғаны ерiксiз назар аударады.

“Бабыр-намеде” түркi тiлдес халықтардың ертегi-аңыздары, мақал-мәтелдерi, фразеологиялық сөз тiркестерi, айшықты теңеу сөздерi жиi ұшырайды. Бабыр өз дәуiрiнiң әдеби тiлi – шағатай тiлiн осы шығармасында мейлiнше ажарлап, құбылтып, айшықтап қолданады. Бұл сөзiмiзге “Бабыр-наменiң” кез келген бетiн ашып жiберiп, дәлел келтiруге болады.

Сөйтiп, “Бабыр-наме” авторы бейнелi көркем сөздермен тарихи оқиғалардың жанды картинасын жасап шыққан дарынды суретшi екенi даусыз. Ол, әсiресе, өзi тiкелей қатысқан қан майдан, қырғын соғыстар картинасын бейнелеп жазуға шебер.

Жазушы ерлiктi, батылдықты көкке көтере мадақтайды. Ал, қоян жүрек қорқақтықты, опасыздықты жер-жебiрiне жеткiзе әшкерелейдi. Ең бастысы – патша тағына таласып, өзара қырық пышақ болып қырқысып жатқан феодалдық соғыстардың адам табиғатына жат, жиiркенiштi жақтарын оқушысына егжей-тегжейлi, зор бiлгiрлiкпен суреттеп көрсетедi. Автор мән-мағынасыз қан төгуден оқушысын сақтандырығысы келетiн сияқты.

Сонымен бiрге, Бабыр кезiнде есiмi әлемге әйгiлi, дарынды қолбасшы, жаужүрек батыр болған адам. Бұл жөнiнде ХIХ ғасырдың белгiлi шығыстанушы ғалымы Н.И. Веселовский мынадай пiкiр айтқан: “Бабыр батырлығының шегi жоқ деуге болады. Оның бүкiл ғұмыры батырлықтың үлгiсi секiлдi. Тiптi ол Шайбанидiң он бес мың әскерi тұрған Самарқанды өзiнiң небәрi екi жүз кiсiлiк отрядымен жаулап алуға тәуекел жасады ғой. Тек тәуекел жасап қана қойған жоқ, жауды, шынында да, қаладан қуып шықты. Бабыр империясының пайда болуын айтсаңызшы! Бабыр Ибрагим Лодидiң қолынан құдiреттi Үндiстанды түкке тұрғысыз қарудың жәрдемiмен тартып алған”.

“Бабыр-намеде” тарихта болған көптеген көрнектi адамдардың — қол бастаған батырлардың, ғалымдардың, сәулетшi-шеберлердiң, ақындардың, тағы басқа өнер адамдарының психологиялық портретi, әдеби бейнесi жасалған. Лауазымы, атақ-дәрежесi, ұлты, жасы, мiнез-құлқы, дiнi, т.б. әртүрлi болып келетiн сол тарихи адамдардың бәрi бiр-бiрiмен шығарманың ең басты қаһарманы Бабырдың өзi арқылы байланысып тұрады. Бұл көркем туындының өзiне тән оқиға желiсi, сюжетi, композициялық құрылысы бар. “Бабыр-наме” оқуға жеңiл, оқушысын бiрден баурап әкетедi.

Жиһанкез Бабыр өзi жүрген жерлердiң табиғатын – тауларын, өзендерi мен көлдерiн, орман-тоғайларын, аңдары мен құстарын нағыз суретшiге тән шеберлiкпен бейнелеп көрсетедi. Автор қара сөзбен айтып жеткiзе алмаған кейбiр ғажайып көрiнiстердi лирикалық өлең жолдарымен суреттеп өтедi. Әлемге есiмi мәшһүр шығыстанушы ғалым, академик В.В. Бартольд “Бабыр-наменiң” көркемдiк дәрежесiн жоғары бағалай келiп, оны “түркi тiлiндегi прозалық шығармалардың ең жақсы үлгiлерiнiң бiрi” деген едi.

Қорыта айтқанда, “Бабыр-наме” шын мағынасындағы энцик-лопедиялық шығарма. Мұнда ғылымның сан түрлi салалары жөнiнде аса құнды мәлiметтер берiлген. Қазақ халқының азаматтық тарихына, әсiресе, әдебиетi мен тiлiне, этнографиясына қатысты материалдар Бабырдың осы еңбегiнде мейлiнше көп жинақталған.

Орта Азия мен үндi елiнде ХV ғасырдың соңы мен ХVI ғасырдың бас кезiнде болған тарихи оқиғалардың, сол кездегi феодалдық қарым-қатынасты дәл осы кiтаптағыдай толық әрi шебер суреттейтiн бiрде-бiр әдеби және тарихи жәдiгерлiк жоқ. Әсiресе, мұнда сол кездегi Үндiстан туралы егжей-тегжейлi, зор iлтипатпен жазылған. Бабыр үндi елiнiң сұлу табиғатына таңырқап, ол жөнiнде мақтанышпен былай дейдi: “Бiздiң жермен салыстырғанда бұл өзi таңғажайып ел, мүлдем басқа дүние деуге болады. Таулары, өзендерi, ормандары, далалары, қалалары, өлкелерi, хайуанаттары, адамдары, тiлдерi, жауыны мен желi – мұндағының бәрi бiздегiдей емес, басқаша болып келедi… Синд өзенiнен өткен бойда-ақ жер мен су, ағаштар мен тастар, жолдар мен әдет-ғұрыптар бiрден өзгерiп сала бередi”.

Орта Азия мен Үндiстанда “Бабыр-наменi” тарихи, ғылыми еңбек ретiнде мейлiнше жоғары бағалаған. Сол дәуiрдiң көрнектi тарихшы-ғалымдары Бабырдың осы еңбегiндегi деректерден пайдаланып отырған. Бабырдың немересi Акбар шахтың (1556-1609) тұсында “Бабыр-наме” шағатай тiлiнен парсы тiлiне аударылды.

Бiздiң елiмiзде “Бабыр-наменiң” қолжазбасын тұңғыш рет Тимур Пулат деген кiсi 1714 жылы Бұхара қаласынан тауып, оны кейiнiрек белгiлi ғалым Георг Джекат Кер С.-Петербургте зерттей бастайды. Осы қолжазбаны негiз етiп алған Н.Ильминский “Бабыр-наменi” 1857 жылы Қазан қаласында бастырып шығарады.

“Бабыр-наменiң” тарихи, әдеби, тiлдiк тұрғыдан теңдесi жоқ ғылыми еңбек екенiн ертерек аңғарған Батыс Европа және орыс ғалымдары оны зерттеудi, өзге тiлдерге аударуды өткен ғасырда-ақ қолға алған едi. Мәселен, ағылшын ғалымдары У.Эрскин мен Ж.Лейден “Бабыр наменi” түпнұсқадан ағылшын тiлiне аударып, оны 1826 жылы Лондонда бастырып шығарды. Бабырдың басты еңбегiн тәржiма жасау осы кезде Германияда қолға алынған едi. “Бабыр-наменi” ағылшын тiлiнен немiс тiлiне бiршама қысқартып аударғандар: алдымен Ю.Клапрат, кейiнiрек А.Кейзер (1828 жылы) болды. Сөйтiп, “Бабыр-наме” 1828 жылы немiс тiлiнде Лейпцигте жарық көрдi. Белгiлi француз ғалымы Паве де Куртейл “Бабыр- наменi” француз тiлiне толық аударып, 1871 жылы Парижде жеке кiтап етiп шығарды.

Англияның белгiлi шығыстанушы ғалымы Аннет Беверидж “Бабыр-наменi” ұзақ жылдар бойы жан-жақты зерттеп, оны 1905 жылы ағылшын тiлiне қайта аударма жасап шықты. А. Беверидж “Бабыр-наменiң” ғылыми тұрғыдан аса құнды зерттеу екенiн дәлелдей келiп, Бабырдың бұл шығармасы ағылшынның атақты тарихшысы Э.Гиббон (1737-1794 ж.) мен ұлы физик И. Ньютон (1643-1727 ж.) мемуарларынан кем түспейтiн, солармен терезесi тең тұрған еңбек деп бағалайды.

Ағылшын ғалымы Э.Денисон Росс (1871-1940 ж.) “Бабыр-наменi” мейлiнше жоғары бағалайды, әрi оның көне түркi тiлiнде жазылған шығарма екенiне ерекше назар аударады: “Бабырдың бұл мемуарын – адамзат тарихында осы күнге дейiн жазылған ең қызықты, ең романтикалық әдеби шығармалармен қатар қойып қарауға болады. Бұл өзi Бабырдың ана тiлi болып табылатын түркi тiлiнде жазылған”.

“Бабыр-наменi” зерттеу, өз тiлдерiне аударма жасау, бастырып шығару iстерiне Индия (М.Н.Хайдар, С.А.Шарми, Р.П.Трипатхи), Ауғанстан (А.Х. Хабиби, А.А.Кохзад), Түркия (Р.Р. Арат, И.Н. Баюр). Пакистан (Р.А.Надви, А. Мавлийат), т.б. Шығыс елдерiнiң ғалымдары да едәуiр үлес қосты.

Ал, кеңестiк дәуiрде Бабырдың басты шығармасы орыс тiлiне толық аударылып, үш рет басылып шықты. Оны орысшаға тәржiма жасаған М.А. Салье болды. Өзбек тiлiне “Бабыр-наме” 1959 жылы аударылды.

“Бабыр-наменi” 1990 жылы орыс тiлiнен қазақшаға Б. Қожабеков тәржiма жасады.

“Бабыр-наменi” оқып, үйренуге деген ынта-жiгер бүкiл дүние жүзiнде жылдан-жылға артып келедi. ЮНЕСКО-ның (Бiрiккен Ұлттар Ұйымының халық ағарту, ғылым мен мәдениет мәселелерi жайындағы мемлекет аралық ұйым) арнайы қаулысы бойынша “Бабыр-наме” 1980 жылы француз тiлiне қайта аударылды. Бакье Граммон осы аудармасы үшiн ЮНЕСКО-ның арнайы тағайын-далған сыйлығын алды.

“Бабыр-наменiң” француз тiлiнде шыққан жаңа басылымына есiмi әлемге мәшһүр шығыстанушы ғалым Луи Базен алғы сөз жазды. Алғы сөзден соң Кеңес Одағы (С.А.Азимжанова), Ауғанстан (А.Хабиби) және Индия (Мухиб-ул-Хасан) ғалымдарының бас мақалалары берiлген. Бұл мақалаларда Бабырдың басты еңбегiн маман-ғалымдар мейлiнше жоғары бағалаған.

Бабырдың әдеби-тарихи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу, өзге тiлдерге тәржiма жасау және шығармаларын бастырып шығару iсiне, әсiресе, өзбек ғалымдары мен жазушылары мол үлес қосып келедi. “Бабыр-наменiң” түпнұсқа мәтiнi 1948 жылы Ташкентте басылып шықты. Ал, 1965-1966 жылдары Бабыр шығармаларының үш томдығы жарық көрдi. Бұл басылымның томына Бабырдың өлеңдерi, екiншi және үшiншi томдарына “Бабыр-наме” енген. “Бабыр-наменiң” М.А. Салье аударған орысша нұсқасы 1958-1960 жылдары Ташкенттегi “Фан” (“Ғылым”) баспасынан шықты.

Ал, өзбектiң белгiлi жазушысы Пiрiмқұл Қадiров Бабыр және оның ұрпақтары туралы “Жұлдызды түндер” және “Құмайын мен Акбар” деп аталатын тарихи романдар жазды. Сол арқылы ұлы Бабырдың есiмiн көпшiлiк оқырман қауымға бұрынғыдан да кеңiрек көлемде мәшһүр еттi. “Жұлдызды түндер” романы қазақ тiлiне де тәржiмаланды.

Қорыта айтқанда, Бабырдың ғажайып лирикалық өлең жырлары да, ғылыми тұрғыдан аса құнды “Аруз жөнiндегi трактатты” да, энциклопедиялық туындысы “Бабыр-наме” де сан ғасырлық уақыт сынынан сүрiнбей өтiп, қазiргi түркi тiлдес халықтардың әдебиет, мәдениет тарихына ортақ қазына, асыл мұра болып қосылды.

Бабыр қайтыс болған соң Ұлы Моғол империясының тағына оның тұңғыш ұлы Құмайын отырғаны мәлiм. Ол әкесi бастаған iстi жалғастырып, үндi елiнiң экономикасы мен мәдениетiн арттыра түсуге бағытталған бiрқатар шараларды iске асырды. Құмайын мен оның баласы Акбар патша салдырған ғажайып ғимараттар Индия сәулетшiлiк өнерiнiң зор жеңiстерi саналады.

Бабырдың кенже қызы Гүлбадан-бегiм түркi, араб, парсы, т.б. тiлдердi жетiк бiлетiн өз дәуiрiнiң оқымысты, зиялысы, қаламы жүйрiк жазушы болған. Гүлбадан-бегiм “Бабыр-наменiң” жалғасы саналатын “Құмайын-наме” кiтабын жазды. Бұл прозалық шығармасында Гүлбадан-бегiм өз ағасы Құмайын патша тұсында Орта Азия, Үндiстан, Ауғанстан жерiнде орын алған елеулi тарихи оқиғаларды, түрлi халықтардың тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-санасын, әдет-ғұрпын, т.б. дарынды қаламгерге тән зор шеберлiкпен суреттейдi.

“Құмайын-наме” — этнографиялық материалдарының молдығы жағынан теңдесi жоқ туынды. Парсы тiлiнде жазылған бұл тарихи еңбек те өзбек тiлiне тәржiма жасалды. Мұнда “Бабыр-наменiң” қалай жазылғаны және Бабырдың өзi туралы қызықты деректер бар.

Сонымен, “Бабыр-наменiң” түркi тiлдес халықтар әдебиетi мен мәдениетi тарихынан алатын орны мен атқаратын ролiн дүние жүзiнiң ең көрнектi түрколог және шығыстанушы ғалымдары мейлiнше жоғары бағалады. Бабырдың осы энциклопедиялық мәнi бар ең басты еңбегi қазақ халқының да рухани игiлiгi болып табылады. “Бабыр-наме” — қазақ елiнiң де шежiресiнен сыр шертетiн, аса құнды көркем туынды.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]