- •Он томдық
- •Алтын орда дәуіріндегі әдебиет
- •Хорезми
- •Бурхануддин Рабғузи
- •Кунгулга дуниада сурур турур30, –
- •Адамның ешбiрiне қылмас жәбiр,-
- •Мысырдағы қыпшақ әдебиеті
- •Осымен атақтымын Мысырда өзім
- •Тарихи шежiре және көркемдiк дәстүр
- •Әбiлғазы БаҺадүрхан
- •Қадырғали Жалаири
- •Захириддин Мұхаммед Бабыр
- •Мұхаммед Хайдар Дулати
- •Түркі сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Араб-парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Түркі-араб, парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •2 Шатр (мисраъ) 1 шатр (мисраъ)
- •Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет
- •Ал, қолыңды маларсың
- •Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер?-
- •Қырда жүрген дуадақ
- •Мынау жалған дүние Кімдерден кейін қалмаған!293 –
- •Есім, сені есірткен
- •Керегеге ілінген
- •Атымтай Жомарт секілді
- •Болмашыдай анадан
- •Білегі жуан Бүркіттің Тегеуірініндей Бөгембай! 306.
- •Жыраулық және ақындық поэзияның даму ерекшеліктері
- •Көлден қулар ұшар ма? –
- •Сыпыра жырау
- •Білсе, білмесе бу ишні Сафардау білер бу ишні364, –
- •Суда жүрген ақ шортан
- •Ауылдағы жамандар
- •Көшіп-қонып жүрмеген
- •Сұңқар қайдан табарсың?
- •Жалп-жалп еткен бәйтерек
- •Талайсыз Шалкийіз бұ күнде
- •Доспамбет жырау
- •Аймадетке оқ тиді
- •Той тойлаған өкінбес! –
- •Ат салмай өтер күн қайда?!
- •Тегеурінді болат темірдің
- •Жиембет
- •Мұнан да былай сөйлеуім Маған да болар ауыр күш, –
- •Қаздауысты Қазыбек би
- •Әйтеке би
- •Ақтайлақ би Байқараұлы
- •Бөлтірік шешен
- •Пайдаланылған әдебиеттер
Көлден қулар ұшар ма? –
деп бастап, батырды сұңқарға, ал ханды балапанын ерткен қуға балайды, бірақ артынша ханның екіжүзділігін, әділетсіздігін бұлтартпай бетке басады:
Әділ туған хандары
Қара берен батырға
Беремін деп бермейді,
Өтірік сөзден өлмейді.
Бұл сықылды хандарды
Бұл сықылды батырды
Жалған сөзбен қысар ма?
Хан мен қара келген соң,
Біз сықылды батырға
Ашуын бермей кетсе ұнар ма?338 –
деп, басалқалы билік айтады. Бұл толғау өзінің 7-8 буынды құрылысымен де, шындықты жалтармай айтатын батылдығымен де, ойды астарлап, жұмбақтап айтатын бейнелілік тәсілдерімен де, ең ақыры, тұрақты қайталауларды ұтымды қолдануымен де эпикалық жыр ішінде айтылғанына қарамастан, қастекерлі толғау жырын еске салады. Осы жәйт эпикалық жырларды жыраулар тудырған деген жоғарыдағы ғылыми болжамның дұрыстығын да дәлелдей түседі деген жөн.
Сыпыраның жыр ішіндегі өз атынан айтылатын «Мен қартыңмын, қартыңмын» атты толғауына келетін болсақ, мұнда ол «180 жас жасағанң ұзақ өмірінде өзі көзбен көрген әр алуан хандардың атын шетінен тізіп атаса да, олардың тұсындағы қиыншылығы зор, қат-қабат әлеуметтік өмірге баға беріп жатпайды. Мұның орнына онда кейбір қаһарлы хандардың күш-құдіреті мен айбатын танытатындай сын-сипаттамалар ғана берілген. Бұл толғауда жоғарыда біз атаған қайталаулардың жиілігі мен орындылығының өзі-ақ алғашқы толғаулардың мазмұн-құрылысын белгілеп береді дер едік. Дәл осы қайталаулар, алдымен, дидактикалық мазмұнды көрсетіп қана қоймай, олардың ең алғаш қарапайым сипатта болғанын да аңғартады. Бұған дәлел ретінде әйгілі Ұлық жыршының «Шыңғыс ханға айттың деген естірту жырын339(«Теңіз бастан былғанса, кім тұндырар, а, ханым! Терек түптеп жығылса, кім тұрғызар, а, ханым! – Теңіз бастан былғанса, тұндырар ұлым Жошы-дүр, Терек түптеп жығылса, тұрғызар ұлым Жошы-дүр!») еске алсақ та жеткілікті.
Сонымен, қорыта айтсақ, әдебиетімізде ең алғаш эпикалық жырлардың ішінде келсе де, шығарушысы мәлім толғау жанры туып пайда болды. Осы қарапайым жәйт жыраулық толғаулар мен эпикалық жырлардың бірлігін аңғартумен қатар, батырлық жырлардың әуелде туып қанат жаюына жыраулардың тікелей мұрындық болғанын айғақтайды. Олар заман, дәуір талабына орай хан мен би, сұлтандар қасынан табылып, солардың сұраған мәселелері мен болашақ туралы сан қилы толғаулар тудырып отырған. Сөйтіп, бұл туындылар әлеуметтік мазмұнға құрылған сипаттары мен ел болашағын жырлауы тұрғысынан дараланып келген, осы дәстүр кейінгі жырлардан да мол көрініп, кең көрініс тапты, мазмұны мен көркемдігі жағынан кемелдене түсті.
Толғаудың қалыптасу кезеңінің ірі өкілдері болып саналатын Асан қайғы, Қазтуған, Шәлгез, Доспамбет, Ер Шобандар сол өздерінен бұрынғы қалыпты дәстүрді жалғастырып дамытуға үлкен үлес қосты. Соның нәтижесінде толғау жанры өзге жырлардан табиғаты бөлек жыраулар поэзиясының дәстүрлі де өнімді бір түріне айналды.
Толғау бұл кезеңде өзінің тақырыбының ауқымдылығы мен мазмұнының байлығы жағынан ғана емес, сыртқы құрылыс-түзілімі жағынан да түлеп толысып, халықты толғантқан күрделі мәселелерді жырлау дәрежесіне көтерілді. Осыған орай жыраулардың өз тұсындағы өмір көріністерін көркем бейнелеудегі әдіс-тәсілдері де өзгерді. Олар адам мен адам арасындағы әр алуан имандылық, ізгілік, адамгершілік қатынастарды (жақсы мен жаман, достық, дұшпандық) сөз еткенде, көбінесе, өмірде бар танымал құбылыстарды әдейі салғастыра алып, ойдың ұтымдылығы мен тиімділігін еселеп арттыруға мән берді. Осыған орай сол толғаулардың бір алуанында айтушының оқиғаға қарым-қатынасын білдіретін көңіл-күйі мен сезім-талғамы басым болып отырса (Қазтуған, Доспамбет жырлары), енді бір тобында мақал-мәтел іспеттес, өмірлік қорытынды, түйінді толғам, дидактикалық, әлеуметтік мазмұн сарапталады (Асан қайғы, Шәлгез).
Толғау жанрының қалыптасып, өркен жаю кезеңі жырлары өз атымен келіп жеткен Асан қайғы шығармашылығынан басталады. Бұл тұста толғаудың әлеуметтік, қоғамдық мәні артып, арнау, насихат үлгісіндегі жырлармен толыса түсті. Бұған Асан қайғы өмір сүрген кезеңнің қат-қабат қиындығы мен күрделілігі де елеулі әсер етті. Керей мен Жәнібек бастаған елдің көшіп, Шу бойында жеке хандық құруының өзі өте маңызды мәселе еді. Жырау осы көші-қонға қарсы болса да, болашаққа зор үміт артып, қазақтың алғашқы ханы Жәнібектің (ХҮ ғ.) ел басқару ісіне жиі араласып отырады.Осы мәселеге сәйкес ол «Әй, хан, мен айтпасам білмейсіңң, «Қырында киік жайлағанң, «Алты атанға қос артыпң атты толғауларын тудырып, ел бірлігі мен іргелі қоныс жайына арнайы тоқталады, ханның мін-кемшіліктерін бетіне айтады. Бейғамдық пен менменсінудің, мастанудың жақсылыққа алып келмейтінін ескертеді.
Жайлы мекен, жақсы қоныс, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуірді аңсау сол кездегі заман талабынан туған түйінді мәселе еді. Батыстан төнген зор қауіптің болар зардабын Асан қайғы жұрттан бұрын болжап, терең түсінді. Жыраудың «Алты атанға қос артып, тынбай алты жыл қоныс қарауың да сол болашақ бодандықты» алдын алу болатын-ды. Асан қайғы құтты қонысқа жаяулап келіп, «өлтірмей жаныңды алатын, бауыздамай қаныңды ішетін» зұлым отаршыларды шортан бейнесінде сипаттап, мұның әсте болмай қоймайтынын, одан құтылудың жолы тек Жиделі Байсынға көшу екенін тектен-тек айтпаса керек. Осыны ойламай, «ішкенге мас, жегенге тоқ» Жәнібек ханды жырау өлтіре сынайды. Бұл Асан ата болжаған мәселенің немен тынғанын біздер көріп, бастан кешіріп келдік. Сол жұмбақтың байламды шешімін кезінде Бұқар жырау да Абылай хан сұрағына орай дәл тауып шешіп берген еді. Бұған қарсы тұрар, қорғап қалар күштің сол тұста болмағаны жұртқа мәлім. Міне, осы оқиғалар Асан қайғының «Мұнан соң қилы-қилы заман болар» атты толғауының тууына себеп болғаны мәлім. «Жау жағадан алғанда, ит етектен» дегендей, қалмақ басқыншылығы да қазақ еліне оңай соққан жоқ. Көп қырғын, сансыз шығынды бастан кешірсе де халқымыз бұл күндері тәуелсіздікке ие болып отыр, бұл – сол күрестердің нәтижесі екені даусыз.
Асан Қайғы жырларынан жалпы жыраулар поэзиясына тән белгі-сипаттардың мол ұшырасуы да заңды. Толғамы терең күрделі ойды мейлінше ұшқырлап әрі дәл, әрі ұтымды етіп жеткізу үшін жыраулар, көбінесе, күнделікті өмірде жиі ұшырасатын танымал көрініс-құбылыстарды өзара салыстыру арқылы өз ойын орағыта жұмбақтап бейнелейтін болған. Рас, адамның сезім күйін табиғат көріністерімен ұштастыра сипаттау әдебиетімізде бұрыннан бар. Мұның әдемі үлгілерін тұрмыс-салт жырлары мен лиро-эпикалық дастандардан да ұшыратамыз. Алайда, әдеби дамудың әр қилы көріністері секілді мұның да жаңа, күрделі сипаттармен толысып, кемелдену кезеңдері болатыны даусыз. Сондықтан осы ерекшелік Асан Қайғы толғауларында өмірлік құбылыс пен адамдар арасындағы қатынасты бейнелеудің тұрақты тәсіліне айналды. Өзінен бұрынғы жырауларда бұл жалпылық мәннен жекелікке ауысып отыратын болса, Асан жырларында керісінше, нақты көріністерден үлкен жинақтауларға ойысатынын көреміз. Көбінесе мұндай жинақтаулар жырау көздеген белгілі бір мақсатқа орай дәлелдеуге келмейтіндей қарапайым шындық ретінде де ұсынылады. Айталық, Асанның :
Көлде жүрген қоңыр қаз
Қыр қадірін не білсін!
Қырда жүрген дуадақ
Су қадірін не білсін!
Ауылдағы жамандар
Ер қадірін не білсін!
Көшіп-қонып жүрмеген
Жер қадірін не білсін!..
Ақылыңа көнбеген
Жұрт қадірін не білсін! –
делініп, ал, енді келесі кезекте:
Жер таянбай тұра алмас,
Жеткіншектеп айрылса.
Тұрымтай торғай іле алмас,
Қанаты сынып қайрылса340, –
деп келетін жолдары осының айқын айғағы. Мұндай жинақтаулар Асан қайғының кейбір толғауларына қоғамдық тұрмыстың жай-жағдайы мен сыр-сипатын ашатындай әлеуметтік, азаматтық әуенге өріліп беріледі.
Сөз болып отырған кезеңдегі жыраулар тобынан Қазтуған мен Доспамбет шығармаларын алып қарасақ, бұларда кір жуып, кіндік кескен атамекен мен туған елге деген махаббат, отаншылдық сезімдер үлкен серпінмен сипатталады. Жыраулар, көбінесе, кешегі мен бүгінгі өмірді, өз басынан кешкен әр алуан ерлік пен қиыншылық сәттерді өзара салыстыру арқылы ой екшегенде, олардың ел мен жерге деген әлгіндей сүйіспеншілігі де нақтылық мәнге ие болып отырады. Айталық, Қазтуған өзінің «Алаң да алаң, алаң жұрт» атты белгілі толғауында атасы Сүйініш пен анасы Бозтуғанның бірі күйеу, бірі келін болған құтты қонысы – айдынды Еділін еске алып тебірене толғайды. Мұны өз елін, өз жерін беріле сүюдің әдемі үлгісі деуге де тұрарлықтай.
Ал, Доспамбет толғауларында осы сүйіспендік сарын бастан кешкен өз өмірін еске түсіру түрінде келіп, өскен ел, туған жерге деген ыстық махаббатпен астаса өріледі. Жырау өзі есейіп, ер жеткен оттай ыстық атамекенін сыртқы жаудан қорғаудан артық басқа мақсат жоқ деп санап, бүкіл күреске толы өмірін еске ала жырлайды.
Доспамбет толғауларындағы секілді асқақ әуен, айқын мұратты сипаттау кейде жыраудың өз бейнесін өзі жасау талабымен ұштасып отырады. Мұндай құбылыс біздің әдебиетімізде бұрын-соңды ұшыраса қоймаған жәйт. Айталық, Қазтуған жырау «мұздай үлкен көбелі екі шекесінң айтумен шектеліп қалмай, өзінің «сұлтандайын жүрісті», «айдаса қойдың көсемі, сөйлесе қызыл тілдің шешені», «қашағанның ұзын құрығы, қалайылаған қасты орданың сырығы», «буыршынның бұта шайнар ауызы, бидайықтың көл жайқаған жалғызы» екеніне дейін қалдырмай тәптіштеп суреттейді. Мұндай өзінің елден ерек қасиеттерін кейде көтеріп, кейде бәсеңдете айту ара-тұра Шәлгез (Шалкиіз) жырларынан да ұшырасады. Ол – әдебиетімізде енді ғана туып, орныға бастаған толғау жанрының өркендеп дамуына ерекше үлес қосқан ірі жырау.
Шәлгездің «Би Темірге айтқан бірінші толғауың – мазмұны мен құрылысы жағынан өзге шығармаларынан оқшау тұрған, елеулі туынды. Мұнда ол өз дәуіріндегі сан қилы құбылыстар мен адамдар арасындағы қарым-қатынасқа баға беріп, әр алуан адамгершілік мәселелерін санап саралайды. Жырау осының бәрін Би Темірге арнау түрінде айтып, соған орай өз басының көңіл-күй, ой-сезімін де бүкпей білдіреді.
Ал енді, Шәлгездің «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны» атты толғауы өз әміршісінің ел-жұрттың талап-тілегінен табылатын әділ басшы екенін ашуға арналған.
Жырау мұнда айтайын деген түпкі ойын (Би Темірді хаж сапарынан тоқтату мақсатында) бірден қысқаша тұжырып айтып алады да, соның себеп-салдарын кейінгі тармақтарда әр қырынан ашып, кеңірек баяндауға зер салады. Шәлгездің осы орайдағы салыстырулары мен дәлелдеме, түсініктері қисын ұстамдылығымен, көркем теңеу баламаларымен бастапқы мүддеге қызмет етіп отырады. Осы көркемдік тәсіл, бейнелік амалдар кейде өзінен бұрынғы жыраулармен терең үндесіп те келеді. Мәселен, ол Асан Қайғы секілді жақсы мен жаманды қарама-қарсы қойып шендестіре сипаттағанда, «қу алатын сұңқар мен тышқан ілетін құладынң бейнесін қатар алады да, «құладын қу мен сұңқардың теңі емесң деген шешендік ұтқыр пікір ұсынады. Дәстүрлі толғаулардың тұрақты қайталаулары мен («Жүрегім аяман, жаным аяман», т.б.) өзара астасқан салыстырулары да («Ақ ала таудың басында ақ ала жылқы жусайды, айналдырып қарасам, сол жылқының ішінде ат тапқандай бие жоқ») жырау ұтымды қолданады. Осының бәрі, сайып келгенде, әмірші Би Темірдің жұрт қорғаны екенін ашуға бағытталады. Жырау осыған орай: «Енді өзіңнен соң артыңда жұртқа бір лайық ие жоқ» деп ой түйеді. Өзін бір кезде жазықсыз қудалаған Би Темірге ол әлі де үлкен үмітпен қарайды. Жыраудың бірбет, қайтпас-қайсарлығы мен үлкен адамгершілігін танытатын мына бір әсем жолдар біздегі толғау жанрының сол кездегі қол жеткен табысын да аңғартады дер едік:
Сен алтынсың – мен пұлмын,
Сен жібексің – мен жүнмін.
Сен сұлтансың – мен құлмын,
Сен сұңқарсың – мен қумын.
Жемсауыңа келгенде,
Сұлтан ием, сом жүрегім аяман.
Саған дұшпан – маған жау,
Керекті күні алдыңа
Ғазизлеген сұлтан жаным аяман!341
Сонымен, толғау жанрының қалыптасып даму, жетілу кезеңінің ірі өкілдері болып табылатын Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шәлгез шығармалары өздерінен бұрынғы Сыпыра жырау негізін қалаған әлеуметтік, дидактикалық сипат-белгілерді тұрақтандырып қана қойған жоқ, оған кезінде көңіл-күйін білдіретін жаңа әуен де бере білді. Соның нәтижесінде жанрдың тақырып ауқымы мен мазмұндық ішкі мүмкіндіктері артып, мұндағы әлеуметтік әуен көбінесе сезім мен сыршылдыққа ұласып отырады. Қазтуған, Доспамбет жырларындағы кешегі мен бүгінгіні салыстыру тәсілі өз өмірінің күреске толы елеулі кезеңдерін оймен шолып бағалау – атамекен, құтты қонысты қорғау талабымен өріліп айтылады. Ел тағдырын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» қоныс-жер мәселесімен бірлікте алып, астастыра жырлау Асан Қайғы толғауларында өз шешімін тапса, Шәлгез толғаулары дәуір талабына орай сыршылдық сипатты әлеуметтік мазмұнға ұштастыра, жалғастыра білді. Сондай-ақ, бұлардағы дидактикалық мазмұнның жалпы жыраулар поэзиясының бөліп-жаруға болмайтын басты бір сипатына айналғанын көреміз. Жыраулар адам өмірі мен табиғи болмыстағы бір-біріне жақын, ұқсас та егіз құбылыстарды талғап таңдап алып, оларды өзара салыстыру арқылы дәлелдеуді қажет етпейтін кесімді тұжырымдар жасауға бейім. Бұл – осы жырлардың нақыл-насихаттық, тәрбиелік мәнін арттырумен қатар, солардың кең таралып, айтыла, сомдала келе кейбір жолдары мақал-мәтел болып қалыптасатынын көреміз. Сөйтіп, бұл кезеңде толғау жанры өзінің мазмұны мен түрі, тақырып ауқымы мен өмірді көркем бейнелеу тәсілдері жағынан да жетіліп толыса түсті. Бұл – толғаудың дәуір талабына сәйкес өркен жайып, толыса дамуына қажетті жағдай жасады.
Толғау жанрының толысып кемелденуіне кезінде елеулі үлес қосқан Жиембет, Ақтамберді, Марғасқа, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар жырау шығармалары өзінің мазмұндық құрылысы мен көркемдік тәсілдері жағынан да, түр-стильдік сипаты мен адам бейнесін жасау ерекшеліктері тұрғысынан да жетіліп, даралана түсті. Осыған орай жыраулар поэзиясының әлеуметтік мазмұны байып, ел қорғау тақырыбының тұрақтап, көркемдік тәсілдерінің кемелденгенін көреміз. Осы белгілеріне қарап бұл шығармаларды жаңа кезеңде өмірді шындық күйінде бейнелейтін соны сипатты поэзия деп айта аламыз. Мұны жыраулардың адам кейіптемелерін жасаудағы талпыныс-талаптарынан да айқын аңғарамыз.
Жыраулар шығармашылығың қалыпты бейнелеу жүйесінен солардың көбіне тән мынадай бір ортақ белгілерді көре аламыз. Бұлар қашан да белгілі бір кісіге (ханға, яки, биге) арнау үлгісінде айтылады да, жырдың ішкі иірім, заңдылықтарына сәйкес өзгенің бейнесін жасау үстінде өз бейнесін ашуға да зер салып отырады. Тіпті, Қазтуған, Доспамбет, Шәлгез толғауларындағы («Бұдырайған екі шекелің, «Салпаң да салпаң жортармынң, «Би Темірге бірінші толғауң) дәстүрге айналған метафоралық сипат («Айдаса қойдың көсемі, сөйлесе қызыл тілдің шешені»– Қазтуған, «Тұрлаусыз өскен құланмын, мезгілсіз жусап өрермін» – Доспамбет, «Сен жібексің – мен жүнмін. Сен сұлтансың – мен құлмын» – Шәлгез) Жиембет жырларында теңеудің күрделірек түрлеріне ауысып, біршама сапалық өзгерістерге ұшырайды. Сөйтіп, бұл – жыраудың бірыңғай өзін-өзі сипаттап, мінездейтін ұтымды жырларына ұласады.
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пенен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай.
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай.
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай...
Сырым саған түзу-ді,
Садаққа салған бұлыңдай.
Жұмыскерің мен едім,
Сатып алған құлыңдай342.
Бұл іспеттес кейіптеу-мінездемелер, жоғарыда айтылғандай, Ер Шобан, Қазтуған, Жиембет, Доспамбет, Шәлгез толғауларында көбінесе тізбектеп сипаттау тәсілімен жасалса, Тәтіқара жырауда аз сөзбен түйіп айтылатын жинақтау үлгісінде келеді. Айталық, жырау қалмақ басқыншыларына қарсы әділ күресте көзге түскен Жәнібек батырдың тарихи ерлігін «Жәнібек Шақшақұлы болат найзаң деп әрі ұтымды, әрі қысқа тұжырып сипаттаса, уақтағы Сары менен Баян батырды «Өзге батыр қайтса да, бір қайтпаған» деп бейнелейді. Дәл осындай сипат оның Керейдегі Еменәлі, Ер Жабай туралы айтқан жыраулық мінездемелеріне де тән.
Сонымен, жыраулық поэзияда батырлардың іс-әрекет, кескін-келбетін, ерлік істерімен астастыра баяндау жүйелі дәстүрге айналған. Бұл әр алуан ерекшеліктерімен көрінсе де, осылардың бәріне тән ортақ белгілер де жоқ емес. Авторлары әрі жырау, әрі жауынгер батыр болғандықтан, бұлар өз жырларында, жоғарыда айтылғандай, өзгелермен қатар өз бейнесін жасауға да мән беріп келген. Осының өзінен-ақ жыраулар поэзиясындағы қиял мен шындықтың ара қатынасын ашуға да септігі тиетіні мәлім. Бұған Үмбетей жыраудың «Бөгембай өлімінең деген толғауы да дәлел бола алады.
Үмбетей жырау «Бөгембай өліміне», «Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту» деген екі жырында басқыншы жауға қарсы жанқиярлық үлкен ерлік көрсеткен айбарлы батырдың асқақ тұлғасын шабыттана жырлайды. «Бөгембай өліміне» атты қысқа ғана (бас-аяғы 30 жол) жырда ол елі үшін туған Бөгенбай батырдың заңғар таудай тұлғасы мен өшпестей ерлігін шеберлікпен жинақтай түйіп, әсерлі сипаттай алған. Жыраудың бұл толғауы батырдың сол тұстағы ұмытылмас ерлігінің куәсі, халық махаббатының жарқын көрінісі деуге тұрарлықтай:
Уа, Алатаудай Ақшадан
Асып тудың, Бөгембай!
Болмашыдай анадан
Болат тудың, Бөгембай!
Қалақайлап дулатқан,
Қалдамаңдап шулатқан
Қалмақты қудың, Бөгембай!
Құбыла көшкен байтақтың
Ордасындай Бөгембай!
Темір жұмсап, оқ атқан
Қорғасындай Бөгембай!
Қолтығы ала бұғының
Пәйкесіндей Бөгембай!
Жалаң қия жерлерден
Жазбай түсіп түлкі алған,
Білегі жуан бүркіттің
Тегеурініндей Бөгембай!343
Адам бейнесін жасау талабы Бұқар толғауларының да басты бір ерекшелік белгісін құрайды. Үмбетей жырында аталатын қазақтың сол тұстағы әйгілі батырларын ол Абылай бейнесімен тығыз бірлікте алып, бұларды бірін-бірі толықтырып отыратын егіз тұлғалар кейпінде жырлайды.
Бұқар жырау өз замандасы Үмбетеймен қатар жоғарыдағыдай Бөгембай батыр бейнесін жасауға да айтарлықтай үлес қосты. Оның «Қазақ ханы Абылай» атты толғауы Үмбетей жырына өзінің мазмұны мен жалпы сипаты жағынан көп ұқсас болып құрылса да, жырау онда Бөгембай өліміне орны толмас ауыр қаза тұрғысында көңіл айта келіп, оны ел қорғаны, халық тірегі еді деп жоғары бағалайды. Бұл ойын ол небір көркем де әсем салыстырулар арқылы шебер сипаттайды:
Қазақтың ханы Абылай
Ақиықты аспанға
Ұшпастай ғып торлады.
Құлағанға ұқсайды
Қазақтың қамал, қорғаны.
Қайғырмаңыз, ханзадам,
Айтпасыма болмады...
Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған.
Қисапсыз қол көрінсе,
Қорқып жаудан қайтпаған...
Еңбек қылған ел үшін
Жауда кеткен кек үшін,
Қазақтың абырой-арына
Сарып қылған бар күшін.
Қайырлы болсын халқыңа,
Сабыр қыл, ойлап келмесін,
Қарияң келіп жырлап тұр,
Еңбегі сіңген ер үшін!344
Ал енді, жыраудың Абылай бейнесін жасауы сол кездегі толғау жанрындағы елеулі құбылыс, сәтті қадам болды дей аламыз. Ол Абылай ханның халық тағдыры шешілер жауапты кезеңде көрсеткен жанқиярлық ерлігі мен жауға қарсы күресті ұйымдастырудағы орасан зор еңбегін шалқыта сипаттауға айырықша мән береді. Жырау ел тәуелсіздігін қорғауда көзге түскен ханның әдепсіз іске баспаған әділдігі мен алдын болжағыш ақылдылығын, көрегендігін әр қырынан ашып көрсету үшін, оның өткендегі жоқшылық пен қиыншылыққа толы өмірін әдейі еске салып, бүгінгі басына бақ қонған дәуірімен екеуін салыстыра, шендестіре жырлайды. Осы орайда ол әуелі:
Ей, Абылай, Абылай,
Сені мен көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің.
Әбілмәмбет патшаға
Қызметші болып тұр едің,
Сен қай жерде жүріп жетіктің?
Үйсін Төле билердің
Түйесін баққан құл едің! – 345
дейді де, кейінгі хандық дәуіріне келгенде:
Жиырма беске келгенде
Бақты берді басыңа,
Тақты берді астыңа.
Отыз жасқа келгенде,
Дүниедей кең едің.
Отыз бес жасқа келгенде,
Қара судың бетінде
Сығылып аққан сең едің.
Қырық жасқа келгенде,
Алтынды тонның жеңі едің.
Қырық беске келгенде,
Жақсы-жаман демедің.
Елу жасқа келгенде
Үш жүздің баласының
Атының басын бір кезеңге теңедің! – 346
дейді. Жырау мұнымен де шектеліп қалмайды. Ханның әділетсіздікке баспай, жетім-жесірге, қалың бұқараға қамқоршы болғанын да оның бойындағы асыл қасиет ретінде бағалайды:
Жетім менен жесірге
Ешбір жаман қылмадың,
Әділетпен жүрдіңіз,
Әдепті іске кірдіңіз.
Арманың бар ма, хан ием.
Мәртебелі төбеге
Жауыңды алып жайладың
Жеті күн кіріп ұрысқа.
Өлімге басты байладың!347
Рас, адам бейнесін мұндай дәрежеде сипаттау өзінен бұрынғы жыраулық поэзияда некен-саяқ еді. Мәселен, өз бейнесін өзі жасау талабы Қазтуған жырларынан басталса, одан кейінгі Шәлгез (Шалкиіз), Доспамбет, Ақтамберді толғауларында бұл дәстүр біршама тереңдеп, даралана түседі. Ал енді, Бұқар шығармаларына келсек, сол адам бейнелері өзінің іс-әрекет, мінез-құлқымен астастыра беріледі. Сөз жоқ, бұларда жазба әдебиеттегідей жинақталған, сараланған адам сипаттамалары жетісе бермейді, алайда осының өзі сол дәуір үшін аса елеулі құбылыс еді.
Жырау Абылай ханның төңірегіндегі аты-шулы батырларды да тұтастай алып, оларды Абылай бейнесін ашуға ұтымды пайдаланып:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай,
Қаздауысты Қазыбек,
Шақшақұлы Жәнібек,
Тұғыр болған сол еді
Сіздей төре сұңқарға!348 –
дейді.
Жырау тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаң аталған аумалы-төкпелі заманда қазақ елінің басын қосып, жоңғарларға қарсы халықтық күрестің ұйтқысы болған Абылайды әрі батыр, әрі білгір көсем, әрі даңқты қолбасы ретінде сипаттайды. Бұл арқылы Бұқар жырау өз мүддесі мен халық мүддесін шебер ұштастыра білген.
Сонымен, жыраулық поэзия өзінің көркемдік ізденістері мен өмірдің шындық көріністерін бейнелеуде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Жыраулар негізін қалаған толғау жанры жеке түр ретінде қалыптасумен қатар, ең алдымен, әлеуметтік-қоғамдық өмірді, сондағы әр алуан адамдар қатынасын сараптап, ертеңгі болашақ туралы ой түйді. Мұның бәрі дерлік ақыл-нақыл, насихаттық сипаттары арқылы көрініп, әдебиетіміздегі дидактикалық мазмұнды жырлардың сапасын арттырды. Бұл дәстүр кейінгі, жаңа жазба әдебиет өкілдері Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт жалғастырған бұқарашыл ағартушылық бағытқа жол салды. Сондықтан бұған Асан Қайғыдан басталып, Бұқармен шектелетін жыраулар шығармашылығынан тыс, жаңа мазмұнды әдебиетіміздің қалыптасу қарсаңында тұрған ақындық поэзияның ірі өкілдері – Көтеш пен Шал ақындардың қосқан үлестері де аз емес. Бұлар, әрине, өзінің ұстанған ақындық дәстүрі мен өмірді көркем бейнелеу тәсілі жағынан Абай негізін салған жазба әдебиетке дәуірі жағынан жақын тұрғанымен, дәл сол деңгейге иық тіресіп көтеріле қойған жоқ. Алайда, бұлар суырыпсалма дәстүрінің өкілдері болғандықтан, жыраулық поэзияның қол жеткен табыстары мен игіліктерін игере отырып, соны ілгері қарай дамыта білді.
Солай дегенмен ақындық поэзияның жыраулық туындылардан бөлініп, дараланатын өзіндік белгілері де аз емес. Мұнда жыраулық поэзияда сирек ұшырасатын адамның ішкі сезім-күйі мен ой-толғанысына айырықша мән берілетіні мәлім.
Өмір талабына орай бұл екі сала да нақыл-насихат, тәрбиелік дидактикаға да мән беріп отырған. Алайда, соңғысында жыраулық поэзиядағы секілді үлкен түйіндеу, жинақтаулар жасала бермеген. Тіпті ерлік, бірлік жайы сөз бола қалған тұстарда да, соның нақты бір оқиғаның орайымен ғана қосалқы мәнде, жарыстырыла сөз болып келгенін көреміз. Мұның бір үлгісі Көтеш ақынның «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің» деген өлеңінен де көруге болады. Мұнда ақын ел бірлігі мәселесіне арнайы тоқтала қоймаса да, ел наразылығының неге әкеліп соғатынын ашық аңғартып, зілмен сөйлейді.
Мұндай белгі-сипаттар Шал ақын творчествосынан да кең орын алады. Ақын шығармалары тақырыбы мен мазмұны, көркемдік және сурет жасау жүйесі жағынан жазба әдебиетке жуық тұрса да, оның жыраулық поэзиядан да құр алақан еместігі анық байқалады. Мұның бәрі, сөз жоқ, суырып салма дәстүрінің табиғатынан туған ортақ белгілер еді.
Шал шығармаларының сыр-қырлары да әр алуан. Ол ертеден келе жатқан дәстүрлі ауызекі үлгілердің жетістіктерін еркін игере отырып, поэзиямыздың түр, мазмұн, көркемдік жағынан толысуына елеулі еңбек етті.
Ақын қисыны мен үйлесімі жарасқан ұтымды суреттеулер жасауға да шебер. Олардың сыртқы түр-құрылысында айтарлықтай жаңалық ұшыраса бермейді, тіпті бұлардың насихаттық мазмұнының басымдығы байқалады, осының өзі мақал-мәтелге барабар қызмет атқаратынын аңғартады. Мәселен, ақын адам өміріндегі білімсіздік пен надандықты тап басып түйреп:
Күні суық болғасын, түні қайтсін,
Жеңі шолақ болғасын, қолы қайтсін,
Өзі жаман болайын деген бар ма,
Білімі, өнері жоқ, оны қайтсін!349-
дейді.
Шал ақын кейінгі дәуір ақындарындай өмір көріністерін көркемдік деңгейде суреттеп бере алмаса да, өз дәуіріндегі әлеуметтік тұрмыстың шындығын ашып сипаттауға елеулі үлес қосты. Сондықтан Абай өзіне дейінгі әдебиет үлгілерін қайта қарағанда, Шал ақынның өлеңдеріне де зер салған тәрізді. Мәселен, Шалдың «Қазаққа пайда мынау – малын бақсынң деп аталатын өлеңіндегі түпкі ой ұлы Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі айң атты өлеңіндегі пікірмен біршама үндес келеді. Рас, Шал Абай секілді «Жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырған» бай мен «үйінде отыны жоқ, қара суықта бүрсең қаққанң кедейдің күйкі бейнесін нақтылап бере алмаса да, «кедейді пайда үшін жалдаған жаман байң мен «өлмес күнін ойлаған» кедейдің еңбекке деген көзқарасы мен ой-түсінігін дұрыс ашып сипаттайды. «Өз малын өзі бағуға жарамай, жанын күйттеген оңбаған байды» ақын Абайша түйреп, батыл әшкерелейді. Осы орайда Шал ақынның:
Байлар малын бақса екен өзі жүріп,
Кедей де өлмес еді күнін көріп.
Өз малын өзі бақпай бос қаңғырып,
Бір кедейді жалдайды пайда көріп.
Жаман бай кімді оңдырар өзі оңбаған,
Жанын күйттеп суыққа бір тоңбаған.
Ішпей, жемей, киместен кетеді өтіп,
Кей жаман мал бітсе де бақ қонбаған,350 –
деген жолдары ұлы Абайдың:
Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны...
Байда – мейір, жалшыда бейіл де жоқ,
Аңдастырған екеуін құдайым-ай!351
деген ұтымды тіркестерін еске түсіреді.
Сонымен, суырып салмалық дәстүрдің соңғы дәуірдегі көріністері кейінгі Махамбет, Шернияз, Шортанбай, Дулат, Мұрат ақындар шығармашылығынан да аңғарылады. Өмірді бейнелеудегі көркемдік тәсілдері мен мазмұндық сипаттары жағынан да бұлар жазба әдебиетке біршама жақын тұрды. Әсіресе халық өмірі мен оның жарқын болашағын жырлауда дәстүрлі поэзияның көркейе дамуына елеулі үлес қосты.
Қорыта келгенде мыналарды атап көрсеткен жөн: ең алдымен, толғау түріндегі туындылардың жанр ретінде туып қалыптасуы тікелей жыраулар шығармашылығымен байланысты іске асты. Жыраулар өз шығармаларын, көбінесе, ауыз әдебиеті дәстүрінде тудырып отырғанымен, бұлар өзінің құрылысы мен көркемдік тәсіл, бейнелеу мүмкіндіктері жағынан бірден-бір даралық әдебиеттің өкілдері ретінде көрініп танылды. Мұны әдебиетіміздің даму жолындағы басты бір ерекшелігі деп атап көрсеткен жөн.
