Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
3-tom__1178_aza_1179__1241_debietini_1187_tarik...doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

Әйтеке би

Қазақ билері турады алғаш ғылыми пікір айтушылардың бірі Ш.Уәлиханов болатын. Ол өзінің «Сот реформасы туралы жазбаларың атты әйгілі еңбегінде: «...Билерді іс жүзінде ешкім ресми түрде бекітпейді. Олар Еуропадағы ақындар, ғалымдар мен адвокаттар сияқты жеке беделі арқылы ел арасына сыйлы болады. Шекспир мен Гетені жұрттың бәрі ұлы ақын деп таниды, бірақ олардың данышпандығы туралы пікір үкімет, декреттері немесе халықтың формальді сайлауы негізінде қалыптаспайды ғой, би беделі осыған ұқсас...» (1,77), деп жазған еді. Ғалымның дала шешендерінің дарынын Еуропаның аса үздік талаптарымен қатар ұлықтауы билер тұлғасына берілген лайықты баға екені шәксіз. Шоқаннан соң, ұзамай-ақ бір қатар орыс-шетел оқымыстылары қазақ билерінің шығармашылығына назар аударып, сахарадағы «би және билікң жөнінде еңбектер жазыла бастады. Мәселен, Макшеев, Добромыслов, Скороходов, т.б. орыс зерттеушілерінің кітаптарында қазақ хандығы тұсындағы билер сотының жүйесі, тарихы мен ұлттық ерекшеліктері жайында қызықты деректер мол ұшырайды.

Қазақ даласындағы шешендердің беделі мен сөз өнерінің құдіреті туралы В.Радлов, А.Янушкевич, Н.И.Ильминский, И.Харузин, т.б. ғалымдардың жұмыстарында да аз айтылмаған. Мәселен, сахарадағы сөз зергерлерінің соңғы тұяқтарының бірі Құнанбай қажы жөнінде поляк жиһангері: «Қазақтар оған минут сайын келіп, кеңес сұрап жатады, ол баха, ежелгі оракулдар (көріпкел-шешендер) сияқты белін таянған күйі суырыла сөйлеп отырады: үш ауыз сөзден соң шариғаттан тәмсіл айтады, оның зердесінің күштілігі сондай, үкіметтің жарлықтары мен пәрмендерін кітаптан оқып отырғандай жатқа соғады...» (2,184) деп жазды.

Жоғарыдағы бейнелеу тек Құнанбай ғана емес, өткен дәуірде өмір сүрген қазақтың барлық берен тілді, берік байламды аузынан аталы сөзі кетпеген би-шешендеріне берілген әділ де дәл мінездеме деп ұғамыз. Бұл орайда, төменде біз сөз еткелі отырған Алшын Әйтеке Байбекұлы да қазақтың сөз өнеріне үлкен үлес қосқан қабырғалы билерінің бірінен саналады.

Жалпы, «би» деген сөздің түпкі мағынасы бек (бег), яғни түркілердің билеуші сөзімен төркіндес екені еш дау туғызбайды. Ежелгі қытай жазбаларындағы деректерге қарағанда, ғұндар заманының өзінде-ақ «төбейң, «чешенң секілді тұлғалардың ел басқарғаны жайында мағлұматтар бар. Ғұндардың атақты билеушісі Мөде қағанның қытай империясының Қатын патшасына жазған хаттарынан билік, шешендік сөздер түркілердің қоғамдық өмірінен ежелгі замандардың өзінде-ақ мәртебелі орын иемденгенін аңғару қиын емес.

Түркі халықтарының одан бергі дәуірлерден кейінге аталы сөзі жеткен шешен-билерінен Тоныкөк, Жүсіп Баласағұни, Қорқыт, Майқы, Кетбұқа секілді билер мен аузы дуалы шешен-жырауларды атар едік. Ал қазақ хандығы тұсындағы сөз зергерлерінің өзі билік пен шешендіктің, сәуегейлік пен жыраулықтың іргесі ажырамаған, қаймағы бұзылмаған қалпын байқатады, тегі төркіндес тел өнерден қол үзбеген Асанқайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Марқасқалардың бойында сөз атасы осынау синкретті құбылыстың қайталанбас айшықтарымен жарқырай көрінгені де мәлім.

Десек те, қазақ билерінің қоғамдық қызметі мен әлеуметтік, һәм кісілік тұлғасының барынша айқындалып, мемлекет пен халықтық істерге көбірек араласқан тұсы XVІІ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Дәл осы уақытта қазақ ордасының билігіне Тәуке хан келді де көп ұзамай өзінің әйгілі ел басқару заңы ретінде «Жеті жарғыны» қабылдадым.

Міне, сол сын сағатта тарих сахнасына Ұлы жүз, Үйсін Төле би, Орта жүз Арғын Қазыбек би және Кіші жүз Алшын Әйтеке билер шыққан болатын. Өздерінің әділ төрелігімен, бұрусыз билігімен һәм кемел ойлы кемеңгерлігімен қалың жұртының құрметіне, бөленген бұл билер «Жеті Жарғың заңының ережелері мен оның түрлі қоғамдық және жеке дау-жанжалдарға қатысты баптарын жүйелеуге белсене араласады. Әрине, аталған билер құр билік айтумен ғана шектелген жоқ. Олардың әрқайсысының соңына еретіндей тұтас бір ұлыс, жұрт, ру-тайпалары болды. Яғни, ақылға кен, данышпан тұлғалар өз қарамағындағы қара халықты сүттей ұйытып, ел басына күн туған бұлғақ кезеңде жұртын бірлікке, ұлт батырларын ерлікке үндей білді. Қысқасы, сөзді қиында қиыстырды, елді жиында ұйыстырды, сөйтіп, үш жүздің баласын бір төбеге, бір тудың түбіне жиыстырды да, сиыстырды.

XVІІ-XVІІІ ғасырларда қазақ жеріне көз алартып, далиып жатқан даламызды жоңғар қосындары дамылсыз шабуылдады. Сайын дала төрінде тарыдай шашырап жатқан көшпелі қазақ жұрты көп шығынға ұшырады. Талай айдынды аруларымыз жау аттарының артына мінгессе, келер айбынды батырлардың бастары да қалмақ нояндарының қанжығасында кеткен кембағал уақыт еді ол. Әсіресе, 1723 жылғы Жоңғар қоңтайшысы – Қалдан-Сереннің тұтқиыл шабуылы кезінде қазақтар Қаратау – Сыр бойынан Кіші жүздің батыс бөлігіне қарай үдере көшті. Шындығында, бұл көш қазақ ұлтының тарихындағы ең бір қаралы көш ретінде есте қалды.

Атақты «Елім-ай» әні де сол сәтте туған, қазақ баласының басынан өткізген ауыр қасіретінің куәсі болатын.

Алты ата Әлім тайпасына жататын Төртқара руының түлегі Әйтеке би де осы «Ақтабан-Шұбырынды, Алқакөл-сұламаң атанған алмағайып заманның «бел баласың десек, артық айтқандық болмас. Өйткені Әйтекенің ат жалын тартып, жігіт атанғаннан бергі ғұмыры сол бір дүрбелең уақыттың дүрмегінде дерексіз кетті. Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық шайқастарын басқарып, елдік жолында ерлік көрсеткен көптеген қазақ батыр-билері секілді Әйтеке би туралы да тарихи мәліметтер өте мардымсыз. Иә, расында да біз, қазақ оқырмандары, сонау осыдан 300 жылдай бұрын өмір сүрген билеріміз бен батырларымыз туралы тарихшы ағайындарға аса жоғары талап қоямыз. Ал, сайып келгенде, күні кеше ғана өткен бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қаншама батыр боздақтарымыз із-түзсіз, тіпті, атаусыз кетті десеңізші!

Осы тұрғыдан келгенде, Әйтеке би мен оның замандастары жайындағы: деректер неге аз деуіміздің өзі орынсыз. Ең бастысы, олар мүлде жоқ емес. Егер сол бар мәліметтердің өзі сенімді болса, соның өзі жетіп жатыр. Себебі, кейбір дүмше тарихшы-әдебиетшілеріміздің қателігі де сонда – олар жоқтан бар жасағысы келеді, кейде, тіпті, өмірде болмаған адамның өзін қолдан жасауға еш шімірікпейді.

Жалпы, біздің білетініміз, Әйтеке би тарихта шын болған адам. Ол жайында қазақ оқымыстылары арасында тұңғыш мәлімет беруші – профессор Халел Досмұхамедұлы. Алаш қайраткері өзінің 1926 жылы Ташкент қаласында басылған «Аламан» атты кітабында Әйтеке би әулетінің толық шежіресін келтірген. Сірә, жазылған уақытына қарағанда, аталмыш шежіре 1920 жылғы Ә.Диваев экспеддициясы барысында жергілікті Сыр Шөмекейлерінің білгір шежірешісі Молдиман Шонтайұлынан алынған болуы керек. Ғалымның көлемді қолжазбадан келтірген мәліметі бойынша, Әйтеке бидің тегі былайша таратылады: Әлімнен – Жаманақ, Ұланақ, Қарамақ, Айнық, Тегінболат; Қарамашақтан (Төртқара руының лақабы – С.Қ.) – Оразгелді, Ораз, Жаншұқыр, Қараш; Ораздан – Ақбан, Тоқбан; Тоқбаннан – Тоғамыс, Шобан, Сейітқұл; Сейітқұлдың Сары бәйбіше атты қатынынан Сейтіибет, Төлес, Ақша би; Ақша биден – Байбек, Шалым; Байбектен - Әйтеке би (3,42). Осы аталған Сейітқұлдың Қаракемпір атты екінші әйелінен туған жеті ұлдың біреуі – Самарқанды билеген атышулы Жалаңтөс баһадүр. Айта кетер бір жай, Әйтекенің аталары Ораз, Тоқбан, Сейітқұл, Шобандар да, немесе ағасы Жалаңтөс те, өз әкесі Ақша да ел арасында сыйлы, беделді би, батыр ретінде аты шыққан, әрі түрлі мемлекеттік қызметтерге араласқан ұлысбегі, әскербасы, бек, яки қарадан шығып хан болған қадірменді, тілінен де, қолынан да келетін кемеңгер жандар екен. Төртқара руының жақсылары туралы сөз қозғай келе Халел: «Төртқара руы ерекше жауынгерлігімен көзге түседі, олардың арасынан атақты адамдар көп шыққан және қазақтардың аузы біріккенше Кіші жүз ішінде үлкен орны болды. Жалаңтөстің ағасы Ақша би өз кезінде атақты би болған. Ақша бидің немересі – Әйтеке би жарғы шығарушы үшеудің бірі еді» (3,43), – деп нақтылай түседі. Сондай-ақ, ғалым Сейітқұл әулетінің ұрпақтары қазіргі Ақтөбе облысының Темір, Ырғыз және Қызылорда облысының Қазалы аудандары мен Өзбекстан аймағында тұрып жатқаны жайында да жазған. Ал кейінгі кездерде жарық көрген бірқатар зерттеу мақалаларда жоғарыда айтылғандарға алып-қосарлықтай өзгеріс, не жаңалық жоқтың қасы. Демек, Әйтеке би Байбекұлының шыққан тегі, өскен ортасы туралы ғылыми жұртшылықтың пікірі де бір арнаға тоғысқаны аңғарылады. Тек ілгерідегі әдеби мақалаларда Әйтекені Шекті Қаражігіт бимен шатастырған жағдайлар болса да, кейін түзетілгенін білеміз.

Сөйтсе де, Әйтеке би өміріне қатысты шешілмеген түйіндер баршылық. Соңғы кездері жергілікті бұқаралық ақпарат көздерінде оның туған, өлген жылдары мен жерленген жері жөнінде әрқилы болжамдар ұсыныла бастады. Мәселен, 2005 жылдың қазан – қараша айларында жарық көрген «Ана тілің газетінің бірнеше санында «Әйтеке би қабіріне байланысты аңыз бен ақиқатң атты сериялық мақалалар топтамасы жарияланды.

Аталған мақалада өлкетанушылар мен зерттеушілердің Әйтеке бидің туған жылы ретінде топшылаған төрт түрлі мерзімді ұсынады:

а) 1644 ж.; ә) 1666 ж.; б) 1682 ж.; в) 1683 ж. Сондай-ақ, оның өлген мезгілі де 1700 жылдан 1766 жылға дейінгі алты түрлі уақыт межесін көрсетсе, тиісінше Әйтеке би 56, 63, 47, 80, 84 жастардың бірінде қайтыс болса керек. Дегенмен, бұл пікірдегілердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айыру әрі маңызды, әрі тым күрделі мәселе. Олардың арасында күмәнді яки қайшылықты дереккөздерге сүйеніп, қателікке ұрынатындары да жоқ емес.

Мәселен, Әйтеке биге байланысты әжептәуір жер төгіп, ізденістерге толы, іргелі еңбек жазған қаламгерлердің санатында жазушы Ә.Кекілбаев пен М.Есләмғалиевтерді атар едік. Алайда екеуі де Кіші жүз биінің туған-өлген жылдарын анықтау барысында Қожаберген жырау «шығарыптың делініп жүрген «Елім-айң жырындағы мәліметтерге сүйенген. Дастанда:

...Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,

Келгенде елу алты жасқа ажал жетті (4,160), –

деген жолдардың бары рас. Сонымен бірге, жырау өз туындысын 1723 жылы жоңғарлар қазақ даласына кенет шабуыл жасағанда жаудан қашып келе жатып шығарған. Жырдың әнін өзімен бір атқа мінгесіп келе жатқан сүйген жары Айша шығарып айтыпты-мыс делінеді. Сөйтіп, Әйтеке Байбекұлы жайындағы зерттеу мақаласында Ә.Кекілбаев жоғарыдағы жыр жолдарына сүйене отырып, би «Ақтабан Шұбырынды, Алқакөл Сұламаң оқиғасынан бір жыл бұрын қайтқан, демек Әйтеке 1722 жылы болуы мүмкін десе, енді бірде оның «Қарақұм құрылтайынанң бір жыл бұрын, яғни 1709 жылы опат болғандығын жазады және екі жағдайды да жазушы «Елім-айда» айтылатын «56 жастың тілге тиек ете келе, Әйтекенің туған-өлген жылдарын соған мөлшерлеп көрсеткенін көреміз. Ал екінші бір, Әйтеке би туралы көлемді тарихи эссе-роман жазған қаламгер М.Есләмғалиев те негізінен Қожаберген жырау дастанының деректеріне көбірек сүйенеді. Бұл пікірді қолдаушылар мейлінше көп. Олар Сыр өңірі мен Самарқан маңындағы шежіреші қазақтардың ауыз екі әңгімесіне сүйене отырып, «Жалаңтөс өлгенде (1756 ж.) Әйтеке 12 жаста болған», ендеше әйгілі бабамыз 644 жылы туып, 1700 жылдары 56 жасында өмірден озған деп есептейді. Сондай-ақ зерттеушілердің көбі Әйтекенің жасын Тәуке, Төле би, Қазыбек билермен салыстыра есептеп, бидің олардан үлкен, не кішілігін дерексіз дәлелдеуден аса алмағаны аңғарылады.

Шындығына келгенде, ғылыми ортаға тек 70-жылдардың соңында ғана мәлім бола бастаған. Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының екіұшты деректеріне қарап, Әйтеке секілді ата-бабалары сонау Сейітқұл, Ақша, Жалаңтөстерден бермен қарай ел билігіне белсене араласқан бүкіл Орта Азия аймағына мәшһүр әулеттің белгілі ғұмырбаянына тыңнан бірдеңе қосам деудің өзі әбестік. Біздіңше, Әйтеке би әулетінің шежіресі оның кейінгі ұрпақтарына дейін үзілмей жетті, демек, Алшын Төртқаралар арасынан шыққан осынау ордалы шаңырақтан тараған текті жандардың өмірі жайында өз жұрағаттарынан сұраған әділірек болар деп ойлаймыз. Екіншіден, соңғы уақыттары жұртшылыққа кең насихатталып жүрген Қожаберген жырау мен оның «Елім-ай» дастанына төлтума шығарма ретінде қарауға қандай ғылыми негіз бар?

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына 1974 жылы Қ.Биғожин дейтін ауыз әдебиетін жинаушы тапсырған «Елім-айң дастаны мен Қожабергеннің өзге шығармалары жөнінде институттың сол кездегі белгілі мәтінгер ғалымдары М.Ғұмарова, Т.Қанағатов, О.Нұрмағамбетовалар өте ауыр сын айтқан. Шынында да ӘӨИ-дың Сирек қордағы 863, 853, 766-нөмірлі бумаларында сақтаулы Қожаберген, Сегіз Сері шығармаларының қолжазбалары мәтіндік жағынан да поэтикалық тұрғыдан да еш сын көтермейтін дүбәра дүниелер екенін көпшілік ғалымдар мен әдебиетшілер қауымы ескере бермейді.

«Елім-ай» дастанының мәтінінде мынадай өрескел қайшылықтар ұшырайды. Мысалы:

Еділ мен Жайық жақтан көш келеді. //

Көш бас сайын бір топ нар бос келеді (5, 159), –

деп келетін жолдардың шынайлығы күмән тудырады. Немесе осы беттегі:

«...Басынан Алатаудың көш келеді, //

Көшкен сайын жорғалар бос келеді.ң

Сондай-ақ, 162-беттегі «Басынан Қаратаудың көш келеді, // Көш бас сайын тайлақтар бос келедің деген жолдардың тарихи шындыққа да, эстетикалық талғамға да еш жанаспайтын оғаш тұстары бар. Себебі қазақ халқының басына үлкен нәубет әкелген Жоңғар шапқыншылығының қасіретін бейнелейтін осынау тарихи жырдың мазмұны бойынша Қаралы көш Қожаберген жырау жазыпты-мыс дегендей Алакөл, Алатау, яки болмаса Еділ – Жайықтан емес, Қаратаудың басынан келгені, қазақ тайпаларының Сырды жағалай Оңтүстікке – Орта Азия бағытына және батысқа – Жайық – Ор тарапына қарай бет алғаны басы ашық мәселе. Сонымен бірге, көш жағалап жалғыз келе жатқан тайлақ – ол түйе төлі емес, образ арқылы өрнектелген, метафоралық мәні түздіктерге ежелден етене болып кеткен адамзат баласы. Әйтпесе, «тайлақтан» кейін «Қарындастан айрылған жаман екен, // Қара көзге мөлтілдеп жас келеді» демес те еді. Яғни, тайлағымыз – енесінен адасқан ботадай ата-ана, туыс-бауырдан айырылған мұңлық сәби, шапқыншылықтың зардабынан жапа шеккен, жаны жаралы жетімек болса керек. Халық әндерінде бозбала жасты кертайлақ, бозтайлақ дейтін сөздермен ауыстырып, айшықтап әнге қосу жиі кездесетіні белгілі. Сондай көне әндердің бірінде «Жігіттің мен де өзіңдей бозтайлағы» деп те айтылады (6,). Шынында, жас адамның қайғылы қабағы мен жас толы жанарын қазақтар жас тайлақ пен ботаның аялы көздеріне ұқсатып, «Көзі боталап тұрң деп астарлайтыны рас. Ал Қожаберген жыраудың «Елім-айындаң көш бас сайын қаптап келе жатқан «бұл неғылған жорғалар, нарлар мен тайлақтар?ң деп қатты таң қалдым. Бұл арада қазақтардың дәл осы жолы Қаратаудан тоз-тозы шығып босқан көшінде «бұт артарғаң көлік болмай, атақты Арғын Әнет бидің жаяу жүруге жарамай жұртта қалып кететін еске еріксіз түседі. Ат былай тұрсын, есек те болмағандықтан табандары тозып, жаяу шұбырған көштің алды Сыр бойындағы «Алқакөлң деген жерге жетіп, сұлаған екен дейді ескі ел әңгімесі. Сол себептен аталмыш тарихи оқиға қазақ халқының санасында «Ақтабан-Шұбырынды» деген атаумен әйгіленіп, мәңгі жатталып қалған болатын. Осы айтылғандардың өзінен-ақ, Қожабергенге телінетін «Елім-айң жырының мәтіні өте сенімсіз, кейінге кезеңнің лексикалық, грамматикалық және стилдік таңбасы мол орынсыз бұрмалаулар мен жадағай қоспалары көп қолдан жасалған татымсыз туынды екендігі көрініп тұр.

Біздің бұл ойымызды белгілі қаламгер, жыраулық поэзия жәдігерлерін жанын сала зерттеген ғалымдардың бірі М.Мағауиннің мына пікірі де қуаттайды: «Керей Қожаберген деген жырау болған. Алтынсарин хрестоматиясында аты аталады, бір үзік толғауы жүр. Бірақ белгілі Бұқарды қайталайды. Мүмкін, ортақ сарын. Мүмкін, әуелде Қожабергенге тиесілі тіркестер. Алайда, Бұқарға біржола кіріккен. Ал Қожаберген атына қатысты басқа бір нұсқалар кейінгі кездің жамауының астында қалған. Аршып алу мүмкін емес. Сөйтіп, Қожабергенмен қоштастым» (7, 33). Демек, әдебиет тарихындағы есімі елеусіз, кейінге қалдырған мұрасының мәтіні көмескі, қолжазба материалдарының көпшілігі күмәнді болып келетін жырау шығармасының екі ұшты мәліметіне сүйеніп Әйтеке би өмірінің ақтаңдық тұстарын анықтаймыз деу – ғылыми тұрғыдан алғанда еш негізсіз деп білеміз.

Жоғарыда жазғанымыздай, көптеген зерттеушілер Әйтекенің 1723 жылғы жоңғар шабуылына дейін-ақ дүниеден өткенін, яғни 1700-1722 жылдар аралығында бақилық болғанын көрсеткен. Мәселен, Ә.Кекілбаев 1748 жылдың күзінде Әбілқайыр хан өлгеннен кейін, оған тікелей кінәлі адам Барақ сұлтанды жазаға тартқан билердің қатарында Әйтекені де атаған Ш.Уәлихановтың пікірімен (1, 33) келіспейді. Жазушы: «Өйткені, оның тізелестері Төле мен Қазыбек билердің «Ақтабанң оқиғасынан кейінгі өмірінің негізгі сипатын сол кездегі орыс-қазақ қатынастары құжаттарынан ұшырастыруға болады. Олардың қай жылы туып, қай жылы өлгені де сол деректер бойынша айқындалып отыр. Ал, аталмыш кезеңдегі орыс-қазақ қатынастары жайындағы деректерде Әйтекенің аты ұшыраспайтынынң (8, 116) айта келіп, «Алты алашты аузына қаратқан әкелері тұрғанда Жалтыр мен Қонысбай білектерін сыбанып, талас-тартыстың ортасында жүрер ме еді? Жан-жаққа хабар шаптырып, аузы дуалылардың лебізіне құлақ тосқан Барақ сұлтан мен Әбілқайыр балалары Әйтекеге нағып хабар салмайды? Хабар салса жауабы қайда? Жоқ қисынға келмейді. Соған қарағанда, ол кезде Әйтекенің көзі тірі болмаса керек» (8, 120) деген қорытынды жасайды.

Аталған кітапта Қазыбектің Төле биден төрт жастай кіші екендігі, ал Әйтекенің олардан едәуір үлкен болуы мүмкіндігі де айтылған.

Тарихи жағдайларға және қисынға сүйенсек, жазушы пікірлерінің жаны бар. Дегенмен, ойланатын тұстары да жоқ емес. Мәселен, Ә.Кекілбаевтың жазғанындай, 1748 жылдың 27 қыркүйегінде Бопай үйінде Шақшақ Жәнібек батыр қатысқан Орта, Кіші жүз ру басыларының кеңесіне Барақтың одақтасы Батыр сұлтанды да шақырып келу үшін әлгі төрт би жұмсалады. Олар барса Батыр сұлтанның үйінде Әйтеке бидің балалары Жалтыр мен Қонысбай, Шекті Тілеміс билер бастаған игі жақсылар отыр екен (8, 119). Ендеше, біз де деректі қисынға сүйеніп көрелік. Соңғы пікір бойынша Әйтеке би Байбекұлы 1700-1710 жылдар аралығында қайтыс болған. Олай болса, 1644 жылы туған делінетін бидің үлкен балалары Жалтыр мен Қонысбай шамамен 1670 жылдары дүниеге келген деп есептейміз. Сонда Жалтыр мен Қонысбай Әбілқайыр хан өлетін 1748 жылы жетпісті еңсеріп сексенге таяп қалған қарт билер екендігі аңғарылмай ма? Бұл жағдайда Кіші жүз ішінде ғана емес, қазақ арасында ықпалы жүретіндей аталық жастағы Жалтыр мен Қонысбайдың сол оқиғадан жарты ғасырдай бұрын ақилық болған әкелерінің атымен «Айтекбиевые дети» делініп жүруі де күдік тудырады. Өйткені, әлдеқашан өмірден өткен Әйтекенің есімін орыс елшісінің білмеуі былай тұрсын, «елу жылда – ел жаңа» дейтін қазақтардың өздері үшін де «көзден таса, көңілден ұмыт» болатындай уақыт еді бұл. Расында да қазақ жеріне алғаш рет, қорқыңқырай қадам басқан Тевкелевтің де, тілмаш Гуляевтің де Әйтекенің марқұм болғандығы турасында еш сілтеме жасамай-ақ, құдды бидің көзін көрген жандай кесіп-пішіп жазуы қалай? Шынында да зерттеушілер айтқандай, бұл кезеңде Әйтеке туралы ешбір тарихи мәлімет болмаса, тіпті оның аты да аталмаса, әлгі орыс келімсектері Әйтекені қайдан білген, не болмаса, оларға хабар әкелуші қазақтардың танымайтын елшілерге ілгеріде сүйегі қурап қалған Әйтекенің атын атап несі бар? Демек, біздіңше, 1748 жылдың шамасында Әйтеке әлі тірі, не болмаса би жақын арада ғана пәниден қайтқан сияқты. Оның үстіне өзгелерді Шөмекей Жалған би, Шекті Сырлыбай би, Мөңке би, Ысық Көбек би, Бағаналы Өтебай би, Төртқара Қаратоқа би деп ру-ныспыларымен айтқанда Әйтеке балаларының шыққан тайпа-әулетін білмеді деуге келмейді. Бізге белгілісі, тарихи деректер бойынша Орта жүздің ұлысбегі Қазыбек бидің баласы Бекболат би де Қонысбай мен Жалтыр сияқты әкесінің тірі күнінде ел билігіне араласып, орыс мұрағаттарында «Қазыбек бидің баласы» деген анықтамамен берілгенін көреміз.

Сонымен қатар ОҒК Сирек қорында сақтаулы Жаңқожа батыр жайындағы қолжазба материалдарының арасында Әйтеке биге қатысты мынадай бір аңыз-дерек кездеседі. Онда 1748 жылы Әбілқайыр хан өлгеннен кейінгі Барақ сұлтан мен Арғын Сырымбет батырдың үстінен қозғалған билік істері жөнінде де айтылады. Бұл аңыздың айтуы бойынша, Әбілқайыр өлтірген кезде оның жанында бірге көшіп жүрген рулар ханның құнын даулап, билердің алдына жүгінсе керек. Сірә, бұл кезде қылмыскер Барақ сұлтан Жоңғар жеріне қарай қашып кеткен де, оған тікелей көмектесіп, Әбілқайырдың басынан айбалтамен ұрған, оны ат үстінен құлатып, ханның өліміне себепші болған Сырымбет батыр да ажал құшса керек. Сонда билердің бірқатары кімді кінәләп, кімнен және қанша құн даулау керектігі турасында келісе алмай дағдарысып қалыпты. Осындай қысылтаяу сәтте ортаға қамшы тастаған Әйтеке би дауды қиыннан қиыстырып, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіпті-мыс.

Әйтекенің кесімі мынау: Ханның құны жеті адамның құнына, ал батырдың құны үш кісінің орнына жүреді. Арғын Сырымбет батыр Әбілхайырды өлтірсе, сіздер жақтың кісілері Сырымбетті ажалға байлады. Олай болса, мен батырдың айырмасы – екі кісінің құны болмақ. Арғын-қыпшақ жағы жаппастарға екі адамның құнын төлесін, – депті міс (8,12).

Осы сияқты ауыз екі әңгімелер мен тарихи аңыздарға қарап, Әйтеке бидің XVІІІ ғасырдың 40-50 жылдарына дейін өмір сүруі мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Соған орай, оның өмірбаяндық шежіресін әлде де зерттеп, толықтыра түсу қажеттігі күн тәртібінен түспеген мәселе. Қалай болғанда да “ел басына күн туып ер етігімен су кешкен” алмағайып дәуірдің дана перзанті, қазақ халқының аса қадірлі ұлдарының бірі Әйтеке бидің шешендік сөздері жұрт жадында сақталып, есімі ел есінде дәріптеліп келгені мәлім.

Әйтекенің алғашқы билік айтуы ат теуіп өлтірген баланың құн дауына байланысты баяндалады. Дау көтеруші жақтың кісілері Әйтекенің аулына келіп, алдарынан кезіккен баладан Қосуақ бидің үйін сұрайды.

Сонда Әйтеке: – Балаңызды ат босағада тепсе бүтін құн, төрде тепсе, төрттің бірін аласыздар. Қосуақ би де осыны айтар, осыны айтпаса қосып айтар. Бидің ауылы-анау, жолдарыңыз болсын! – деген екен.

Шынымен де баланың айтқаны дөп келіп, Қосуақ би де осындай кесім айтыпты. Болашақ ұлыс биінің тырнақалды төрелігі осы болса керек.

Әйтекенің есімі ел-жұртқа көрегендігімен, тапқыр шешендігімен һәм бұрусыз билігімен кең танылған. Сондай-ақ, Кіші жүз биінің жасанған жауға қарсы қол бастап шыққан ерлігі де халық арасында аңыз болып тараған. Ауызша айтылатын ел әңгімелері Әйтеке би ол төрелік жасаған дау-бітімдердің бірқатарын Төле, Қазыбек билердің есімімен байланыстыра баяндайды.

Бір аңызда Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек ертеректе өлген бір кісінің құнын даулап кіші жүзге келеді. Дау бірнеше күнге созылып, екі жақ келісе алмайды. Бір күні есік жаққа отырған бір жігіт:

  • Асқар тау, сенде бір мін бар-асу бермейсің, тасқын су сенде бір мін бар-өткел бермейсің, билер, сендерде бір мін бар – басқаға сөз бермейсің! – деп әріптестерін сабырға шақырған екен.

Әсіресе Әйтекенің Орта жүз Орманбет биге айтқан мына бір сөзі өткірлігімен де, үлгілі өнегесімен де ел жадында мәңгі сақталып қалды. Ұлы жүз, Орта жүз билері қатысқан “Қасқакөл” дауына Әйтеке би Орманбетке:

  • Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, дұшпанға пайдаң тисін, бай болып пайдаң тимесе, батыр болып жауға пайдаң тимесе, жұрттан ала-бөтен үйің күйсін! – депті-міс.

Жалпы, Әйтеке әулеті арғы аталарынан бері биіліктен қол үзбеген, руымен ұлысына, қала берді жалпақ жұртына жөн көрсетерліктей туымды да текті шаңырақ болып саналады. Тарихы мұрағат деректеріне қарағанда Төртқара Сейітқұлдан өрбитін Қаратоқа бидің есімі де елге қадірлі, аса беделді, дана кісі болған. 1748 жылы Әбілқайыр ханды өлтірген Барақ сұлтанның өз басына төрелік айтсын деп сұраған төрт бидің бірі және төбе биі – осы Қаратоқа. Ал Әйтеке бидің өз кіндігінен тараған ұлдары елдің тізгінін, сөздің шылбырын ұстаған турашыл, ер мінезді жандар болғандығы тағы белгілі.

Жалтыр мен Қонысбай Әбілқайр ханның Ресеймен жасаған бодандық туралы келіссөздеріне о бастан қарсы шығып, оның қарсыласы Шекті руының билеушісі Батыр Сұлтанның жағына шығып кеткенін көреміз. 1748 жылы Батыр сұлтанды хан көтеруші топтың арасында белсенділігімен көзге түсушілердің бірі – сол Әйтеке ұрпақтары. Сірә, бидің төрт баласы да әке тәрбиесінен үйреніп, ішіндегі дау-шарға жастайынан-ақ төрелік етсе керек.

Әйтеке ұрпақтары – Жалтыр, Қонысбай, Көбек, Өміртайлардың билік сөздерін Кіші жүз ғана емес, Орта жүз қазақтары да жыр ғып айтып жүргендігін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинаған халық аңыздары да растай түседі. Мысалы. Бір әңгімеде Орта жүз батырлары мен билері Арғын Қаракесек пен Күлік арасындағы барымта дауына келісе алмай керілдесіп ұзақ отырып алады. Орталарына атақты Едіге, Жаңабатыр, Олжабай, Жарылқап сынды батыр-билер де бар екен. Сонда жолаушылап келе жатып, сәлем бере тоқтаған төрт кісінің бірі:

Асқар тау, сен де бірлік бар,

Асуыңды бермейсің.

Аққан су сенде бір мін бар,

Кешуіңді бермейсің.

Жарылқап, сенде бір мін бар,

Көлденең неге бермейсің?

Едіге, сенде бір мін бар

Көпке неге тізгін бермейсің?! –

деп жүре берді, – дейді.Отырғандар бұлардың кім екенін біліп қалайық десіп, жүгіріп барып, жөн сұрасып, тіл қатысты дейді. Сөйтсе, ол жолаушылар Кіші жүз Алшын Әйтеке бидің баласы Өміртай деген екен. Сонан соң Едіге баласы Өміртай деген екен. Сонан соң Едіге көпке тізгін беріпті де, Жарылғап көлденең беріпті-мыс. Бұл шешендік сөз ілгеріде Әйтекенің Төле, Қазыбек билерге айтқан белгілі сөздеріне ұқсағанмен, одан гөрі нақтырақ, әрі толығырақ екені көрінеді. Оның үстіне Өміртаймен бірге әлгідей тарихи төлғалардың қатар аталуы – аңыздың шынайылығын әйгілеп тұр. Тағы бізге кіші жүздің кісілері Қаракесек Арғынның бір батырын өлтіріп, екі жақ барымталасып, соның дауын бітіру үшін бала жігіт Өміртай Қазыбек бидің үйіне келіп түсіпті. Бидің өзі жоқ екен, бәйбішесі жас биді қонақ етіп жөн-жосық сұрапты. Жұмысын білген соң:

  • Балам, биге жолығам деп отырған жеріне бармай-ақ қой, осында жат. Көп басы қосылған жер жынның ойнағындай болады. “Ішкен мас, жеген тоқ” деген сөз бар. Кіші жүзбін деген соң, бір ит тарпа бас салар, – депті. Өміртай:

  • Уай, шеше, көп басы қосылған дуда “жақсының күйі түседі, жаманның сыйы түседі” деген, көп отырса барайын, – деп жүре беріпті. Көп ортасына кіріп барып, биге сәлем беріп алдына тұра қалыпты.

  • Қай бала боласың, қарағым, – дегенде:

  • Ұрығым – кіші жүз, Алшын, атам-Өміртай, Әйтекенің баласы болармын, - депті.Сонда естіген біреу:

  • Өміртай болсаң, өлмеймін, – деп келдің бе? – дегенде

  • Өтетұғын кісі осынша жерге келе ме, өзі, – депті.

Сонда би:

  • Балам, жарайды, жарайды. Өзіңе де болайын, сөзіңе де болайын, - деп оң тізесіне алыпты /9,72-73/. Мұндай мысалдар өте көп. Осылардың бәрі қазақтың Қабырғалы билерінің бірі, от ауызды, орақ тілді шешен һәм мемлекет қайраткері Әйтеке байбекұлының соңына өлмес мұра, өнегелі өсиет қалдырған кемел тұлға екенін дәлелдейді. Қорыта айтқанда, Әйтеке би мен оның дәстүрін жалғастырушы ұрпаұқтарының ғұмырбаянын толықтырып, әдебиетіміз бен мәдениетімізде алатын орнын тереңірек пайымдайтын іргелі зерттеулердің мезгілі жеткен сияқты.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]