Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
3-tom__1178_aza_1179__1241_debietini_1187_tarik...doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

Кунгулга дуниада сурур турур30, –

деп жазылса, 1873 жылғы Қазан нұсқасында осы өлеңнің алғашқы жолындағы “ахырадта” деген жер түсіп қалып, тек:

Ұғыл-қыз кузга нур турур,

Кунгулга дуниада сурур турур31, –

деп берілген. Ал, 1990 жылы Өзбекстан Ғылым академиясы жанындағы Х.Сулаймонов атындағы Қолжазбалар институты ғылыми қызметкерлерінің 1948 жылғы К.Гренбектің жинағы негізінде дайындаған кітапта бұл өлең мүлдем басқа мағынада берілген:

Уғул қиз гурга нур турур,

Кузга сурур турур32, –

деп, Қазан баспаларындағы “көзге” деген жер, мұнда “көрге” болып әрі қысқартылып жасалған. Сондай-ақ, араб тілінде жазылған ғазалдарда да аздаған өзгешеліктер ұшырасып отырады. Мысалы, Қазан баспаханаларында басылған “Иә, сәббах…” деп басталатын өлеңнің соңы “Ғашық ол мағшұқты көрсе жүз айырмас ышқыдан, Бек неше құлды сөксе құл қашан көңілін кесер” деген жол Британия музейіндегі нұсқаның негізінде жасалған кітапта “Рабғузи Насир қурурса жүз айырмас ышқыдан, Бек неше бушуб сөксе құл қашан көңілін кесер”33 деп берілген. Осындай өзгешелектерді мәтіндегі кейбір хикая, қиссалардан да аңғаруға болады. “Қисасул әнбияндағы” мұндай мәтіндік жекелеген айырмашылықтар нұсқалардың кейінгі дәуірлерде бірнеше рет көшіріліп, бұлардың лексикасы уақыт талабына сай өзгеріп отырғандығына тікелей байланысты.

Рабғұзидың “Қисасул әнбиясы” ислам өркениетінің аясында дүниеге келгендіктен сол кездегі жазба әдебиеттің дәстүрлі шарттарын қатаң сақтап отырған. Соңғы діннің кең қанат жайған орта ғасырлық шығыс мұсылман әдебиетінде шығарманың басында міндетті түрде әуелі бүкіл болмысты жаратқан жаратушыға хәмд, яғни мадақ айтып, одан соң пайғамбарға салауат айтылады, мұны нағт деп атайды. Үшінші бөлігі “мадхия” деп аталып онда еңбектің жазылу себебі және кімге арналғандығы баса айтылса, содан соң ғана негізгі бөлім басталады. Соңында ақын жаратушыға жалбарынып, бұл шығарманы жазу барысында біліп немесе білмей істеген күнәларына кешірім сұрайды, о дүниенің азабынан қорқып дұға оқиды. Мұны “мінажат” деп атайды34. Рабғұзи шығармасының басында да “есепсіз хәмді саналар, ол изи азза уә жәлла кәрим құдіретімен біздерді адам етіп жаратты”, – деп, әуелі Аллаға шүкір етуден бастаған. Содан соң, пайғамбардың атына он екі жолдан тұратын өлең жолдарын арнаған:

Дін шариғат руияты биік қылған Мұстапа,

Күпір мен зұлмат туларын жерге көмген Мұстапа.

Ол ата-анасын арттырып үммет үшін,

Жалбарып Хақтан шапағат дәрежесін алған Мұстапа.

Мұхаммедті мадақтап болған соң, Нәсруддин Тоқбұғабекке арнау арнаған. Онда оның тегі асыл текті моңғолдардан екендігі, ислам дінін қабылдап Мұхаммедке үммет болғандығы, Алланың кітабы – Құранды күндіз-түні бас алмай оқитындығы, “жасы кіші болғанымен жолы ұлық” екендігі баса айтылады. Негізгі бөлімде пайғамбарлар өмір тарихы үлкен тарау – қиссамен берілген. Шығарманың соңында Рабғұзи өз оқырмандарына арнап ақыл-кеңес жазған. Еңбектің соңын ол “Хатимату қисаси әл-Рабғузи” деп атап, онда бұл жәдігердің жазылуы туралы отыз жолдан тұратын өлең-жолдары берілген:

Міне бітірдім бұ кітапты, ей, жарандар ер бізі,

Бір жыл бойы өтті оның жайы қыс пен жазы һәм күзі.

Ұйқы бұздым, үзім үздім, сөзді түздім түнімен,

Ерте тұрдым, хама ұрдым, еңбектендім күн-түні.

Бақ қопардым тал ағашты жас жапырақ ол шешек,

Жемісі хикмет, керемет нышаны ахбар жұлдызы.

деп өзінің бұл жұмысты бір жыл бойына еңбектеніп жазғанын айтады. Шығармада Адам атадан Мұхаммедке дейінгі пайғамбарлардың өмірін қамтығанын және атақты төрт сахаба мен екі сиқыр хақындағы хикаяларды кіргізгенін жазады да, “таммат “Қисаси әл-Рабғузий” фи йәмис-сәбиғи уәлғишринә уәқт әз-зуха фиш-шахри әл-мубәрәки би тәуфиқил мәликил –уәххаб әлә йәди әз-зәғифи ән-нәхифи әр-ражий илә рахматиллахи тәғәлә хәжи… Мухаммад хажи уәзири ғафараллаху тәғәлә зунубахум уә нәууәрә қубурахум. Аллахумма ғафир ли катибихи уә лимән сәмиғә минху уә димән нәзәрә фихи” яғни “Ұлы жаратушы патшының қолдауымен Рабғұзи қиссасы қасиетті айдың 27 күні сәске уақтында Алла тағаланың рахметін үміт қылушы зағып хажы… Мұхаммед Уәзиридің қолымен тамам болды. Алла тағала олардың күнәларын кешірсін және қабірлерін нұрландырсын. Ей, Алла, бұл кітапты жазған, оны есіткен және бұ кітапқа назар салғандардың күнәсін кешір!”, – деп аяқтаған.

Шығарма негізінен ірі қиссалардан тұрады. Әр қисса белгілі пайғамбардың өмір тарихына арналған. Әр қиссада сол баяндалушы елшінің өміріне қатысты қызықты тәмсіл-мысалдар қысқа хикаялармен беріліп отырған. Сонымен бірге, ішінара пайда, мінажат, аңдату, риуаят, сұрақ-жауап секілді қысқа-қысқа әңгімелер де бар. Және мадақталушы Алланың елшісі хақында бірнеше өлең жолдардан тұратын арабша һәм түркіше ғазал, бәйт секілді жанрлар кездеседі. Мысалы, Лут пайғамбарға арналған қиссада оны былай мадақтаған:

Ибрахиниң хақ қардаши Хазар ұғлы ерди Лут,

Йарлиқ куп телим иллар қуаниб узи бирла турди Лут.

Жабраил келди йалоуачлиқ тегурди мәуладин,

Йарлиқ ешитиб куч кетурди еу таркрак барди Лут.

Таб қилиң, бутқа табунмаң, бат келиң иманға деб,

Қирқ ил емгаб туң, ариғсиз кафир ара турди Лут.

Анша тенңлиг буйнағуниң бири йулға кирмади,

Қазғулуқ болуб умид кесди улардин ерди Лут.

Бир йаратқан хаққа йанди йалбариб, қилди дуа,

Жабраил қанит тоқинди, кирди Алла, курди Лут.

Рабғұзидың бұл өлең жолдары аа, ба, ва, га болып өзара ұйқасып отыратын ғазал жанрымен жазылған. Бұл – араб, парсы және түркі тілдес халықтардың ақындық өнерінде кеңінен қолданылатын әдіптеме ұйқас немесе арабша редиф. Мұндағы әр екінші жол сайын қайталанып келіп отырған қосақ сөз – “Лут”35. “Қисасул әнбияда” бұдан басқа “Ибрахим”, “Жақып ол”, “Ол” деген сөздер кезекті қайталау (эпифора) ретінде қолданылған. Мұндай ғазал үлгісіндегі бір сөзді немесе сөз тіркесін қайталап отыру көбінесе шығыс мұсылман әдебиетіндегі арнау өлеңдерде қолданылады. Әсіресе, бұл үрдіс орта ғасырлық түркі ақындарында кездеседі. Сопылық дүниетаныммен алғаш қалам тербеген Қожа Ахмет Иасауи де осы үлгімен бұрынғы өткен Мұхаммед пайғамбар мен оның жарандарына арнау өлеңдер жазған. Мысалы, оның б.з. 632-634 жылдар аралығында билік құрған әділ халифтардың бірі – Әбубәкір Сыдық туралы мадақтау ғазалы былай берілген:

Көрген замат иланған Әбубәкір Сыдық дүр,

Ұстын болып тірелген Әбубәкір Сыдық дүр.

Мұңдасқанда жылаған, құлдыққа бел байлаған,

Іші-бауыры езілген Әбубәкір Сыдық дүр.

Бір бетінен қайтпаған, сырын жатқа шашпаған,

Ғапыл болып жатпаған Әбубәкір Сыдық дүр.

Сүйгеніне дос еткен, қызын қолдан тапсырған,

Қол қусырып жалбарған Әбубәкір Сыдық дүр.

Айтқан сөзіне жеткен, нәпсі-қызықтан кеткен,

Хақ Расулмен бір кеткен Әбубәкір Сыдық дүр.

Мұхамметке қиын-ды, атасы жоқ-ты расы,

Бұршақ салған мойнына Әбубәкір Сыдық дүр.

Құл Қожа Ахмет, белді бу, соқпақтардан сақ болғын,

Ғарыптікте адал болған Әбубәкір Сыдық дүр36.

Иасауидің бұдан басқа “Мұхаммед”, “әділетті Ғұмар дүр”, “Оспан сыпайы дүр”, “құдай шері Ғали дүр” секілді ғазалдары да осы үлгімен жазылған.

“Қисасул әнбияның” негізгі бөлігі насыр яғни қара сөзбен жазылған. Алайда, Рабғұзи осы прозалық шығарманың кейбір жерлерін ұйқаспен беріп отырған. Бұл туралы осы көне жәдігерді әдеби тұрғыдан алғаш зерттеген Алма Қыраубаева да баса назар аудара келіп:

“Зылиха қумаққа мыл қылды. Иүсф қашмақға мыл қылды.

Зылиха қумаққа амал қылды. Жүсіп қашпаққа амал қылды.

Қара сөздің өзін ұйқастыра, құлпыртып айту кездеседі. Мұндайда антоним сөздер де қолданылады37”, – деп жазған. Осы жерде ғалым орта ғасырлық автордың “қумаққа мыл қылды”, “қашмаққа мыл қылды” деген сөздерді өзара ұйқасқа құрғанын жазған. “Қиссасул әнбияда” мұндай саждық тұстар көптеп кездеседі. Мысалы, “Әммә бәғд, бу китабни тузган, тағат йулинда тизган, мағсият йабанин кезган, аз азуқлуғ, куп йазуқлуғ Рабат уғузиниң қазиси Бурхан уғли Насируддин уруғи, сатараллаху алайхи ассаламата вә рахима шиябаху андағ айтур. Ажал ут-тажул умара вә мухиббул улама беклар уруғи, игитлар ариғи, улуқ атлиғ, қутлуқ затлиқ, езгу қулқлиғ, ислам йариғлиқ, муғул санилиғ, мусулман динлиғ, адамилар инанчи, муминлар қуанчи, химмати адиз, ақли тегиз бегимиз Насируддин Туқбуға саббаталлоху ала динил-ислам вә саламуху38”, – деген жерлердегі бірнеше сөздердің өзара ұйқасқа құрылғанын аңғаруға болады. Осындағы біз астын сызып көрсеткен “тизган”, “кезган”; “азуқлуғ”, “йазуқлуғ”; “инанчи”, “қуанчи” деген ұйқасты сөздер біздің ойымызды айшықтай түседі. Ол мұнда сөздерді бірде ырғаққа салып, бірде іштей ұйқасқа құрып, әдемі қалап шыққан. Бұл шығарманы Насреддин Тоқбұғаға арнап жазған автор, өз ойын бүтіндей, өлең сөзбен жеткізбесе де, кейбір жерлерде осындай шеберлікті пайдалана білген. Сондай-ақ, мәтіндегі: “Бу кун туңғуздың ети харам булган сабаб ул турур, темишлар. Қачан алти ай тамам болды ерса…”, “Ул иулдин қунмишда унгунда, сунгунда бақар темишлар39”, – деген жерлерді де мысал ретінде келтіруге негіз бар.

“Рабғұзи қиссаларының” тематикасы, идеялық бағыты негізінен діни сипатта болғанымен, жазушының жеке дүниәуи әңгімелері мен өлеңдері көркем әдебиеттің дамуына игі ықпал етті. Рабғұзидың творчестволық қызметінде діни-мистикалық аңыз бен дүниауи өмір шындығы қатар беріле отырып, осы екі көзқарас өзара белгілі дәрежеде күресіп жатқаны байқалады”, – деп профессор Алма Қыраубаеваның жазғанындай, бұл әдеби жәдігер дәстүрлі ислам дінінің негізгі шарттарына арналмаған. Мұнда таза діни қағидалар мен шарттардан басқа ақынның өзі жанынан қосқан аңыз-әпсаналар да жетерлік. Әдебиеттанушы Ғ.Доскенов бұл шығарманың тақырыбы туралы: “Мұсылман дініндегі түркі халықтары әдебиетінде діни мазмұндағы, әйткенмен еркін жазылған хикаялар аз кездепейді. Олардан апокрифтерге ұқсас жанрлық белгілерді бажайлауға болады. Бұл орайдағы шығармалардың ең әйгілісі – Рабғұзидың “Қиссас үл-әнбиасы” (ХІҮғ.)”40, – деп жазады. “Апокриф” деп ғалам сыпаты, ұжмақ, тозақ, заманақыр, әулие-әмбиелер хақындағы библиялық аңыздардың негізінде туған, алайда мазмұны ресми діннің тұжырым, түсіндірулерімен сәйкесе бермейтін шығарманы айтады41.

Рабғұзи пайғамбарлар туралы қиссаны бастағанда, әуелі сол кейіпкер туралы мол мәлімет беріп отырады. Оның суреттеген образы Құран аяттарымен астарласып отырады. Мысалы, Аюб пайғамбарға арналған қиссада автор оны былайша суреттейді: “Ол алты мың жұп құрт бірлә мубтала болған, инни мусаннә зурру деп, қариад қылған, әннә уәжәднәһу сәбирән нәғмәл ғәбду қасиетімен қастерленген, уә әтәйнәһу уә әһләһу уә мисләһум мәғәһум рәхмәтән миннә дауысымен сүйіншіленген, уәхуз биәдикә зәғсән фәзруб биһи уәлә тәхнәс кереметі болған, Аюб пайғамбар әләйһи сәләм еді”42. Ал, Исмайыл пайғамбардың портретін былайша береді: “Уә илә Сәмудә ахахум Салихан хілғетін киген, фәстәғфируһу суммә тубу иләйһи, деп қаумына үгіт беген, ә тәнһәнә ән нәғбудә мә йәғбуду әбәунә жауабын есіткен, фә қәла ләһум расулуллахи нәқаталлахи уә суқихә құрметін бөлген,тастан дұға қылып інген шығарған, “рабби қарибун мужибун”, деп Хақ дінге үндеген Салих пайғамбар әләйһи сәләм”43.

Пайғамбарлар өмір тарихынан мол мәлімет беретін “Қисасул Рабғұзи” шығарамасын көтеретін тақырыбы жағынан үшке бөліп қарастыруға болады:

  1. Табиғат, дүние құбылыстары, жаратылыстың пайда болуы жайындағы діни-мифологиялық әңгімелер.

  2. Дінді таратушылар, халифалар, тарихи адамдар жайлы деректі, дерексіз әңгімелер, аңыз-әпсаналар.

  3. Ауыз әдебиет үлгілері, өлеңдер.

Рабғұзи қиссаларының ішінде кездесетін образдың бірі – шығыс мұсылман әдебиетінде көп жырланған Ескендір бейнесі. Орта ғасырлық жазба жәдігерлерді айтпағанның өзінде, қасиетті кітаптардан саналатын Тәурат пен Құранның ішінен бой көрсеткен Зұлқарнайын оқиғасы мұсылман әдебиетінде жағымды кейіпкер ретінде көрініс берді. Әлемді әділдігімен басқарып, Батыс пен Шығысты өз қарамағына қаратқан патша тұлғасы Шығыстың классик ақындарының шығармаларында жиі қозғалды. Солардың қатарында, Фирдаусидің “Шаһнама”, Низамидің “Иқбалнаме” мен “Шарафнама”, Әмір Хұсрау Дехлеуидің “Айна-е Искандари”, Әбдірахман Жәмидің “Херодноме-е Искандари”, сондай-ақ, Әлішер Науаидың “Сәдде Искандари” секілді шығармаларын атауға болады. Қазақ ақындарының ішінде Тұрмағанбет Ізтілеуов (“Ескендір хикаясы”), Шәді Жәңгірұлы (“Ескендір Зұлқарнайын”), Дулат Бабатайұлы (“Шаштараз”), Мағжан Жұмабаевтың (“Ескендірдің екі мүйізі”), Ыбырай Алтынсарин (“Өсиет өлеңдері”), Абай (“Ескендір”) сынды ақындар да Ескендір бейнесіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, Зұлқарнайын хақындағы діни аңыз-хикаялар ХІХ ғасырда жарыққа шыққан кітаптар мен мерзімді баспасөз беттерінде де ауық-ауық жарияланып тұрды. Мысалы, “Дала уалаятының газетінің” 1895 жылы жарыққа шыққан 5-ші санында “Ескендір Зұлқарнайын өзінің дұшпандарын неменен жеңгені” туралы мақала жарияланса, 1909 жылы Қазандағы Б.Л.Домбровский баспаханасынан 66 беттен тұратын “Хәзрәти Зулқарнайын хикматі тәфсирі ти-баянда баян қылынур” деген кітап шықты44. Құранда аты аталып, түсі түстелген Ескендір бейнесін Бурхануддин Рабғұзи мынадай дерекпен бастайды: “Хабарда айтылуынша, Мекке халқы Мұстапа әләйһи сәләмға қарсы болды. Хижазға адам жіберді. Мына Мұхаммед елшімін дейді, рас-жалғанын білмейміз. Жөйіттерде Тәурат бар еді. Ғалымдары: “Бізге дәлел алып келіңдер. Біз сөйлесейік, пайғамбарлықты талқылайық”, – деп Әбу Жәһілге ұсынды. Олар Тәуратты шығарып қарап, үш мәселе тапты. Бірі, “рух туралы сұраңдар, Тәуратта рух туралы, оның сипаты туралы дерек жоқ. Егер рухты суреттеп берсе, онда ол жалғаншы. Егер сипаттамаса пайғамбар. Және Зұлқарнайын, тағы асхаби кәһәф хақында сұраңдар”, – деді. Араб мүшіріктері келіп: “Ей, Мұхаммед, сенде де Мұсаныкіндей кітабың бар болса, Тәураттағы сұрақтарға жауап берсең, саған иман келтіреміз”, – деді. Ол уақытқа дейін Алла Тағала оған бұл қиссалар туралы хабар жібермеп еді. Кәпірлер сұраған соң, Расулалла: “Жаратушым маған хабар берсе, сендерге айтайын”, – деді. Бірақ “иншә Алла” сөзін айтпады. Абдолла ибн Аббас (р.ғ.)-тың айтуынша, Жебірейіл он күнге дейін уахи алып келмеді. Кәпірлер күнде келіп жауабын сұрайтын. Содан “Мұхаммедті Тәңірі ұмытты” деген қауесет тарады. Бір күні Жебірейіл келіп: “Тәңірі жарылқар, мүшіріктер айтқандай емес. Сені ұмытпадым”, – деген Жаратушының сәлемін жеткізді. Содан “Иә, Мұхаммед, сенен рух туралы сұрайды, оны Алла біледі де, бірақ Асхаби кәһф, Билқис оқиғасын айтып бер. Зұлқарнайын хикаясын баяндайын”, – дейді”.

Пайғамбарлар өмір-тарихына арналған орта ғасырлық тарихи еңбектердің бәрінде де Зұлқарнайын оқиғасы осылай басталған. Мысалы, Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген Мұхаммед ибн Абдолла Бәләмидің “Тарихнаме-е Табари” атты еңбегінде де осы мәлімет қамтылады.

Рабғұзи келтірген қиссадағы Зұлқарнайын мен Кәһф оқиғасы туралы бертін келе діни шығармалар жазылды. Әдебиеттанушы ғалымдар Ш.Елеукенов пен Ж.Шалғынбаевалардың “Қазақ кітабының тарихы” атты еңбегінде орта ғасырлық авторы белгісіз “Асхаб-ул-кахф” деген шығарманың барлығы туралы дерек берілген45. Татар ғалымы М.Әхмәтжановтың “Татар кулъязма китабы” атты кітабында 1329-1412 жылдары өмір сүрген түркі ақыны Әхмәдидің “Искәндәрнамә” атты әдеби шығармасы барлығын алға тартады46.

Орта ғасырда жағымды жағынан көп жырланған Ескендір бейнесі Рабғұзидың қиссасында да ел билеудегі әділдігімен көрініс тапқан.

“Рабғузи қиссасы” (“Қисас-и Рабғузи”) кітабының да творчестволық, тақырыптық-идеялық мәні ондағы халықтың ауыз әдебиеті үлгілерінен алынған, не сол үлгімен жазылған, аз да болса реалистік, шындық элементтері кездесетін өмірге жанасымды көркем әңгімелерден көрінеді. Ондай әңгімелерде қастық., достық, адамгершілік, зұлымдық, ізгілік, бірлік, қайырымдылық, қарапайымдылық, мақтансүйгіштік, көрсеқызарлық, махаббат мәселелері сөз болады. Кісінің бойындағы жақсы-жаман қасиеттері мен іс әрекеттері неше түрлі қысқа да қызық, тартымды қисса-әңгімелерде беріледі. Оларда достық қастықты, қарапайымдылық мақтансүйгіштікті, адалдық арсыздықты, әлсіз әлдіні жеңіп, салтанат құрып отырады. Бұл әңгімелердің нәр алған қайнар көзі халықтың ғасырлар бойы жасаған ауыз әдебиетінде, халықтың ақыл-ой мұраларында екенін осыдан да байқауға болады.

“Нұх қиссасында” қарлығаштың адамға достығы, істеген жақсылығы айтылады: Нұқтың кемесінің түбін тышқан тесіп қояды. Тесіктен кемеге су кіріп, ішіндегілер суға бататын болады. Суды сыртқа төге бастайды. Оған болмайды, кемеге су толып кетеді. Сонда Нұқ: “Кімде-кім тесікті бекітсе, тілегін орындаймын”, – дейді. Жылан тесікті бітейді. Кейін ол Нұхқа келіп, “Дүниеде ненің еті тәтті болса, соны бер”, – дейді. Ненің еті тәтті екенін дәмін татып білу үшін Нұх масаны жібереді. Күтеді. Ол кешігеді. Масаны тауып алып кел деп қарлығашты жұмсайды. Қарлығаш масаны тауып алады. Одан: “Ненің еті тәтті екен?”-деп сұрайды.

  • Бәрін татып көрдім, адамның қанынан тәттісін көрмедім, – дейді.

Қарлығаш:

  • Оның дәмі тіліңде бар болар, мен көрейін, аузыңды ашшы,-дейді.

Маса аузын ашады. Қарлығаш тұмсығымен масаның тілін жұлып алады. Екеуі Нұхқа келеді. Маса қатты-қатты үн шығарғанмен, быжылдап, ештеңе түсіндіре алмайды.

Нұх:

  • Бұл не айтып тұр, неге сөйлемейді? – деп сұрайды.

Қарлығаш:

– Маған жолда айтқан, құрбақаның еті тәтті деп тұр, – дейді. Содан жылан құрбақаның етін жейтін болады.

Бұл әңгіме-ертегі халық аузында көп тараған, бірнеше вариантпен айтылады. “Қазақ ертегілерінде” “Қарлығаштың достығы”47 – деп аталады.

Лұқман Хакім қиссасы. (Арабша Лұқман – данышпан деген сөз). Лұқман – шығыс әдебиетінде көп кездесетін, ақылды, дана, көп жасаған, көпті көрген көне қарттың бейнесінде жүретін сүйкімді, жағымды тұлға. Лұқман туралы аңыз-әңгімелер исламға дейінгі арабтардың ауыз әдебиетінде мол айтылған. Содан әртүрлі халықтың өзінікі, өзінің данышпан қарты болып кеткен. Бірте-бірте оның атына неше түрлі қызық, жанама әңгімелер қосылған.

Рабғұзи кітабында ауыз әдебиетінде айтылатын Лұқман туралы бірнеше әңгіме-хикаялар “Лұқман Хакім” деген атпен берілген.

Бірінші хикаят: Алла Лұқманға: “Тілесең – пайғамбарлық берейін, жоқ болмайды десең – ғылым берейін, қайсысын қалайсың?” – дейді. Сонда Лұқман: “Пайғамбарлық керек емес, ғылым, білім керек. Пайғамбарлық тым ұлық іс, онымен бірге болғанша, ғылыммен бірге болып, адал іс қылайын”, – деп ғылымды алады. Сөйтіп, білімдар, көреген, ақылды болады. Жұрттың бәрі келіп Лұқманнан ақыл сұрайтын болады.

Үшінші хикаят: Лұқман Хакім қарыз сұрап келген кісінің бетін қайтармайтын еді. Бір күні бір кісі келіп мың алтын алады. Іштей: “Қарызын бермей кетейін”, – деп ойлайды. Жолда бара жатып, бір жерге тоқтайды. Алтын қызыл жаулыққа ораулы болатын. Бір құс ұшып келеді де, тұмсығымен жатқан түйіншекті іліп алып, ұша жөнеледі. Құс Лұқманның үйінің төбесінен түйіншекті көріп таниды.

Қарыз алған кісі амал жоқ Лұқманға қайтып келеді. Жайын айтып, тағы мың алтын бер деп өтінеді. Ішінен: “Осы жолы берсе, мың алтынын екі мың қылып қайтарамын-ай”, – деп ойлайды. Лұқман сұрағанын береді. Алтын алған кісі сауда жасап, сол мың алтыннан он мың алтын пайда табады. Лұқманға екі мың алтын береді. Лұқман: “Бірінші мың алтынды алғанда, бермей кетейін деп арамдық ойлап едің, ол саған бұйырмады, екінші рет алғанда адалдық ойлап едің, пайда таптың. Бұдан былай қара ниет болма”, – дейді.

Төртінші хикаят: Лұқман Хакімнің қожасы Лұқманға ең жақсы ет асып бер дейді. Лұқман бір қойды әкеліп, бауыздап, тілі мен жүрегін асып береді. Біраз күн өткен соң ең жаман ет асып бер дейді. Лұқман тағы да қойдың тілі мен жүрегін асып береді. Қожасы мәнісін сұрайды. Сонда Лұқман: “Жақсы болмақ та тіл мен жүректен, жаман болмақ та тіл мен жүректен”, – деп жауап береді.

Бесінші хикаят: Лұқман ұзақ уақыт жол шекпекші болып, кетерінде ұлына үш өсиет айтады: Әйеліңе сырыңды айтпа, жаңа байығаннан қарыз алма, әкімнің нөкерімен дос болма.

Әкесі кеткен соң ұлы осы айтқандарының растығын тексеріп, білмекші болады. Бір жаққа кетеді де, келерде бір қойды сойып, қапқа салып, арқалап үйіне әкеледі.

Әйелі бұл не? – деп сұрайды. “Сен ешкімге айтпа, далада бір кісіні өлтіріп алдым, қаптағы соның денесі”, – дейді. Жаңа байығаннан қарыз алады, әкімнің нөкерімен дос болады. Күндерде бір күн әйелімен екеуі жанжалдасып қалады. Әйелі: “Құдайыңды біліп қой, әйтпесе мойныңнан байлатармын”, – дейді. Бұл сөзді қоңсы әйел естіп, “Оны неге байлатасың?” – деп сұрайды. Әйел: “Ау, халайық, бұл адам өлтірген, мені де өлтірейін деп жатыр”, – деп жылайды. Бұл хабар әкімге жетеді. Әкім нөкеріне бұйрық береді. Өзімен дос болған нөкер келіп мұны байлап алып кетеді. “Босат?” – деп өтінсе де, босатпайды. Жолда жаңа байыған: “Қарызымды беріп кет”, – деп жабысып, қарызын алып қалады.

Мұны дарға аспақшы бола бергенде әкім танып қалып: “Сен – Лұқман Хакімнің ұлысың, бұл іс саған лайық пе, неге істедің?”–дейді. Ол болған істі бастан-аяқ айтып береді. Әкім үйінен қапты алдырып, ашып қараса, қойдың еті екен. Босатып жібереді.

“Рабғұзи қиссаларындағы” Лұқман Хакім жайындағы хикаяттар тапқыр оқиғалармен, өте тартымды баяндалған. Олардың халық аузында әбден пісіп-шираған әңгімелер екендігі байқалады.

Қиссалардың барлығының бірдей көркемдік дәрежесі айтулы біршамада бола бермейді. Алғашқы діни қиссалардың көбі оқиғаның желісін баяндап қана беру деңгейінде жатса, автордың сүйсіне жазып, тілінің майын тамыза суреттейтін жерлері аз емес, олар: Жүсіп пен Зылиханың ғашықтық оқиғалары, біріне-бірі сай сұлу қыз бен сымбатты жігіттің сыртқы келбеттері, жан қиналыстары, шынайы өмірдегі адамның әр түрлі сезім-жанды әрекеттері, халықтың асыл арман-тілегіне жалғасқан ертегі-әңгімелері, жыл мезгілдерінің көңіл күйімен әдемі астасқан тұстары, т.б.

Рабғұзи кітабы сонау ескі заманда, ескі түркі тілінде жазылса да кейінгі қазақ арасында түгелдей жат сарын, түсініксіз, бөтен дүние саналмай, ертеден-ақ белгілі болған, көп таралған.

Құл Ғали

Ортағасырлық түркi халықтары ескерткiштерiнiң бiрегейi, XIII ғасырдағы түркi әдебиетiнiң көркем нұсқасы – “Қысса Жүсiп” дастаны. Шығарманың авторы Құл Ғали есiмдi ақын екендiгi зерттеушiлер тарапынан анықталған. Бiрақ, автор туралы нақты фактiлер мен тарихи құжаттар жоқтың қасы. Шығыс әдебиетiндегi дәстүрге берiк ортағасырлық ақын өз есiмiн шығармасының iшiндегi жыр жолдарында атап өтедi. Ол өзiн бiр тұста Құл Ғали, бiрде Ғали деп көрсетедi. “Бен Қошан зағиф бенде адым Ғали” деген жолдардағы “Қошан” сөзiн татар ғалымдары орта ғасырда Кама өзенiнiң жағасында болған Кашан48 қаласымен байланыстырады. Сондай-ақ, он сегiзiншi ғасырда өмiр сүрген татар ғалымы Таджетдин Ялчығолұғлының “Тауарихи Булгария” атты шежiрелiк еңбегiнде Кашан қаласынан шыққан Мирхаджи баласы Құл Ғали деген кiсiнiң шамамен 1195-1260 жылдар аралығында көне Бұлғар мемлекетiнде өмiр сүргенiн көрсетедi49. Осыған сүйенген татар зерттеушiлерi ескерткiш татар халқының мұрасы дегенге саяды. Бiрақ он сегiзiншi ғасырдағы Ялчығолұғлы дерегiнiң нақты шындық екенiне ешкiм де кепiл бола алмайды.

Ескерткiштiң жазылу мерзiмi көшiрме нұсқаларда әр түрлi жылдармен көрсетiлген. Алты қолжазбада хижраның 609 жылы жазылды десе, үш көшiрмеде 630 жыл көрсетiлген. Осыған орай дастанның қағазға түскен кезеңi деп хижраның 609-630 жылдары, яғни бiздiң жыл санауымыздың 1212-1233 жылдары50 белгiленген. Дастанның түпнұсқасы сақталмаған, оның қолда бар ең ескi көшiрмесiнiң өзi он сегiзiншi ғасырда көшiрiлген. Ескерткiштi негiзгi жеткiзушiлер татар-башқұрт халқының өкiлдерi болғандықтан, оның тiлi де бұрмаланып, кейiнгi көшiрушiлер тiлiне, яғни қазiргi татар, башқұрт тiлдерiне жақындап, түпнұсқа тiлден бiршама алшақтаған болса керек. “Қысса Жүсiп” дастанының Дрезденде – 1, Берлинде – 1, Санкт-Петербургте – 9, Қазанда – 13, Татарстанда – 5, Башқұртстанда – 5 негiзгi 34 көшiрмесi сақталған. Қайта жырланғандарын қосқанда барлығы 160-қа таяу қолжазба51 көшiрмелерi бар. Көшiрмелердiң көбi он тоғызыншы ғасырда жазылған, ең ертелерiнiң өзi он сегiзiншi ғасырдiкi. Негiзгi көшiрушiлерi татар, башқұрт халқының өкiлдерi.

“Қысса Жүсiп” алғаш рет 1839 жылы Қазанда басылып шыққан, кейiн 1839 жылдан 1917 жылға дейiн Қазанда 79 рет қайта басылған.

Құл Ғалидың “Қысса Жүсiп” дастанының тiлiн зерттей келе, оны әр ғалым түркi тiлдерiнiң түрлi тобына жатқызып, әртүрлi ұлттың мұрасына телiген. Кейiнгi кезде бұл ескерткiштi татар-бұлғар тiлiндегi немесе көне татар тiлiндегi мұра деп қарастыру үрдiске айналған. Дегенмен бұл пiкiрлермен келiспейтiндер де жетерлiк, мысалы Х. Флейшер оны татар-оғыз мұрасы52 десе, М. Хаутсма, Г. Газиз және Г. Рахим секiлдi ғалымдар қай тiлдер тобына жататынын көрсетпей-ақ “Ортазиялық ескерткiш”53 деп атаған. Ал, К. Брокельман “көне Осман тiлiндегi дастан”54 дейдi. Ф. Көпрулузаде, Е. Бертельс, Э. Наджип сынды белгiлi шығыстанушылар ескерткiштiң Хорезм түркiлерi тiлiнде55 жазылғандығын айтса, Ш. Маржани, Б. Яфаров, Я. Агишев, Х. Усманов т.б. татар ғалымдары дастанды бұлғар тiлiнде немесе көне татар тiлiнде жазылған56 деп есептейдi. Сондай-ақ Джавад Алмаз өз еңбегiнде “Қысса Жүсiптi” бұлғар-татар мұрасы деп қарастырған. Аз да болса ескерткiш туралы пiкiр бiлдiрген қазақ ғалымдары (Х. Сүйiншәлиев, А. Қыраубаева) мұны XII-XIII ғасырлардағы Хорезм Едiл бойындағы түркiлерге түсiнiктi тiлде жазылғандықтан және ол дәуiрде түркi халықтарында тiлдiк тұрғыдан бөлiну процесiнiң аяқталып болмағандығынан ескерткiштi түркi халықтарының ортақ мұрасы ретiнде қарастыруды ұсынады. Бұл көне дәуiрдегi мұраларды кейiннен пайда болған тiлдiк топтарға меншiктеу үрдiсiне қарсы объективтi пiкiр деп ойлаймыз. Бұған қосарымыз, Құл Ғалидың дастанындағы көптеген сөздер мен тiркестер қазақ тiлiнде бүгiнге дейiн қолданылады және дәл сол ескерткiште қолданылған мағынасында. Мысалы: ақырын, аңсыздан, мұң, алып,жазық, тәңiрi, оңалмақ, жауыз, анадан тумақ, алтын теңге, жырақ қалмақ, көңiл түспек, көңiл ашылмақ, сүрме тартпақ, әдеп сақтамақ т.б.

“Қысса Жүсiп” дастанының сюжетi түп негiзiн Тәурат, Iнжiл, Құран кiтаптарынан алатын дiни хикаялардан басталатыны көп айтылып, көп жазылған жай. Ежелгi тарихшылар оның iшiнде атақты Табаридың өзi осы сюжетке қатысты түрлi түсiнiктер берген. Табаридiң “Тәпсир әл-кәбирiнде” пайғамбарлар тарихында (“Қисса-ул-әнбия”) Жүсiп туралы сюжеттiң ең басты орын алатыны көрсетiлген57. Құл Ғали дастанының аталуына қарап, мұндағы басты желi осыған ұқсас дастандарда кездесетiндей махаббат тақырыбы емес, негiзiнен пайғамбарлар өмiрiн дәрiптеу екенiн көремiз.

Бұл сюжетке жазылған алғашқы әдеби еңбек парсы әдебиетiнiң классигi Фирдоуси Тусидiң “Жүсiп-Зылиха” дастаны. Фирдоуси нұсқасын Құл Ғали шығармасымен салыстырған А. Тагирджанов “Қысса Жүсiп” авторының өте бiлiмдi араб, парсы, түркi тiлдерiн жақсы меңгерген өз заманының алдыңғы қатарлы адамдарының бiрi болғанын атап айтады58. Құл Ғали өз шығармасын Фирдоуси поэмасына және парсы Абдолла Ансаридың “Әнис әл-муридин уа шамс әл-мәжәлис” еңбегiне негiздеп жазған. Өз жанынан түркiлер әдеби дәстүрiнен алып та бiрнеше мотивтер қосқан. Мысалы, Жүсiптiң ағаларымен қоштасуы, Жүсiп Нiл өзенiне шомылғанда оның денесiн кит пен күмбездiң сырт көзден қорғап тұруы, Жүсiптiң халыққа аштықты ұмыттыру үшiн өзiнiң сұлу жүзiн ашып көрсетуi т.б. секiлдi мотивтер тек Құл Ғали нұсқасында ғана кездеседi. Ал, Жүсiптiң патша болатындығы туралы болжам, Шамғұнның Жүсiпке қанжармен шабуыл жасауы, Жүсiптi құдықтан Башир мен Бушра секiлдi екi құлдың шығаруы т.б. жекелеген элементтер тек Фирдоуси мен Құл Ғали нұсқаларына ортақ.

Жүсiп-Зылиха сюжетi араб, парсы әдебиетiнен бастау алып, орта ғасырлық түркi поэзиясының ең көп жырланған тақырыбына айналды. Ортағасырлық түркi поэзиясында Құраннан алынған осы тақырыпқа ондаған түркi ақындары қалам тартты, нәзира жауаптар жазды. Бұл дәуiрдегi түркi әдебиетi ортағасырлық парсы әдебиетiнiң жеткен биiгiн игерiп , сол кезең тақырыптарын қайта көтеру арқылы жаңа көркемдiк шешiмдерге ұмтылды. Сондықтан, бұрыннан белгiлi тақырып арқылы әркiм өз жырының көркемдiк деңгейiн, өлең өлшемiн, идеялық өрiсiн өзгеден асыруға тырысты. Осындай додаға түскен тақырыптардың бiрi-Жүсiп-Зылиха сюжетi болатын. Түркi поэзиясында бұл тақырыпты алғаш жырлаған Құл Ғали едi.

Сюжеттiң түркi халықтарының ортасында кең таралғанына және бұл үрдiстiң басында Кұл Ғалидың “Қысса Жүсiп” дастанының тұрғанына төмендегi кесте дәлел болады.

№

Автор

ғасыры

Ұлты

1

Құл Ғали

13

Түркi

2

Бурханеддин Рабғузи

-

-

3

Шаййад Хамза

-

-

4

Шәмси

-

-

5

Бехишти Ахмет

14

Түркi

6

Дүрбек

-

-

7

Зерифи Арзуруми

-

-

8

Лигаи

-

-

9

Махмұт

-

-

10

Сули Фагиг

-

-

11

Әбдiлмәжис Керими

15

Түрiк

12

Ахмеди

-

-

13

Жигери Синан

-

-

14

Жевхери Тебризи

-

-

15

Мұстафа Шейхоғлы

-

-

16

Мұхаммед Сейiт Ордубати

-

Азербайжан

17

Мырза Алым Бек

-

Түрiк

18

Назым Гүлфағайни

-

-

19

Хамды Челеби

-

-

20

Хатаи

-

Азербайжан

21

Қожа Мақсұт Гуми

-

Түрiк

22

Қожа Мұхаммед Хызыр

-

-

23

Бурсаг Мелули

16

Түрiк

24

Ғадими

-

-

25

Ғазы Синан

-

-

26

Ғубари Абдрахман

-

-

27

Зия Юсуф Челеби

-

Азербайжан

28

Ибни Кашан

16

Азербайжан

29

Ками

-

Түрiк

30

Кемал Пашазада

-

-

31

Келами Самарханди

-

-

32

Көпүрлiзада Эсат Паша

-

-

33

Халифа Гарамади

-

-

34

Халилоғлы Әли

-

-

35

Халис Дашкенди

-

-

36

Шикари

-

-

37

Яхия Бек

-

-

38

Зехни

17

Түрiк

39

Нығметолла

-

-

40

Руфати Абдулхая

-

-

41

Сайхали

-

өзбек

42

Салахи

-

-

43

Әбдрахман

18

Түрiк

44

Әлем Диуана

-

өзбек

45

Жунейдулла Ислам

-

Түрiк

46

Земери Ефенди

-

-

47

Муршиди

-

-

48

Мұстафа бин Осман

-

Азербайжан

49

Нұрмұхаммед Андалип

-

Түркiмен

Түркi халықтарында Жүсiп-Зылиха сюжетiнiң жырлануы, әсiресе, сюжеттiң және мотивтердiң нұсқалардағы көрiнiсi туралы татар ғалымы Н.Хисамов көлемдi еңбек арнап, ғылыми монографиясын жариялады59.

«Қисас-ул-әнбияның» арап, парсы, түркi тiлiндегi нұсқаларында Жүсiптi пайғамбар етiп суреттегендiктен сюжет желiсiнде неше түрлi кереметтерге, ғажайып оқиғаларға көбiрек орын берiлген. Әбдірахман Жәмиден бастап көптеген софы ақындар Жүсiп пен Зылиханың махаббатын мистикалық кейiпте сипаттауға басымдық берген. Ал Құл Ғалидың “Қисса Жүсiбiнде” мистикалық элементтер көп кездеспейдi. Құл Ғали шығармасының реалистiк (шыншылдық) сипаты туралы кезiнде Е.Э.Бертельс, А.Тагирджановтар пiкiр бiлдiрген болатын60. Сондай-ақ «Қысса Жүсiпте» фольклорлық эпизодтар да көптеп кездеседi. Мысалы, Құл Ғали дастанында базардағы қарапайым халық өмiрi жиi сипатталады, саудагерлер Жүсiптi халуа мен нанға айырбастамақшы болады, тiптi бiр кемпiр Жүсiп үшiн бiр орам жiп ұсынады, Зылиха емдiк мақсатта өз денесiнен қан ағызады. Зылиханың орнына жынның қызы келiп көрiнедi, Жүсiп пен Жақыптың айырылуына фольклорлық мотив себеп болады т.б. Дастанда мұндай фольклор мотивтерiнiң көп кездесуi Құл Ғали шығармашылығының әлi түркi фольклоры дәстүрiнен толық қол үзiп кетпегенiн, тың тақырыпты игеру барысында төл әдебиет дәстүрiн де жалғастыра бiлгенiн көрсетедi.

Бұл сюжетке жазылған ХIХ ғасырдың екiншi жартысында өмiр сүрген қазақ ақындары Жүсiпбек Шайхисламұлы мен Құлмұхаммед Байғұлының дастандары туралы А. Қыраубаева бiршама ғылыми сараптама жүргiзген болатын61.

Құл Ғалидың “Қысса Жүсiп” дастаны силлабикалық өлең өлшемiне құрылған. Мұндай өлең өлшемi негiзiнен ортағасырлық сопылық әдебиетке тән. Бұл тұрғыдан ол Ахмет Иасауи, Сүлеймен Бақырғани секiлдi сопылық әдебиеттiң iрi өкiлдерiмен шендеседi.

«Қысса Жүсiптiң» қысқаша мазмұны. Жақып пайғамбардың екi әйелiнен он екi ұлы болған. Осылардың iшiнде Жүсiп атты ұлы ерекше жаратылады және оны әкесi бөлекше жақсы көредi. Бұған басқа балалары қызғанышпен қарайды. Бiр күнi он бiр жастағы Жүсiп түс көредi: түсiнде оған күн, ай және он бiр жұлдыз табынып, құрмет етiп иiлiп тұр екен. Түсiн әкесi Жақыпқа айтса, ол: “балам, биiк дәрежең болады екен, он бiр ағаң саған қызмет етедi екен” дейдi. Бiрақ түсiн ағаларына айтпай, сыр етiп сақтауын өтiнедi. Жақыптың өгей қызы бұл екеуiнiң әңгiмесiн естiп қалып, ағаларына айтып бередi. Ағалары Жүсiптен қалайда құтылуды ойластырады. Жақыпты алдап, Жүсiптi өздерiмен бiрге жолға алып шығады. Ағалары оған жолда түрлi қорлық көрсетiп, соңында өлтiрiп тастауды ойлайды. Бiрақ ағаларының бiрi бұған қарсы болған соң, оны бiр құдыққа тастап, әкелерiне Жүсiптiң қанды көйлегiн көрсетiп “бөрi алып кеттi” деп алдайды. Қайғы-қасiреттен жылай-жылай Жақыптың көзi соқыр болып қалады. Жүсiптi құдықтан бiр керуеншiлер құтқарады. Керуен Мысырға жетiп, Жүсiп базарда қымбат бағаға құл ретiнде сатылады. Оны Мысырдың патшасы сатып алады. Патшаның әйелi Жүсiптiң сұлулығына естен тана ғашық болады. Жүсiптi көндiре алмаған Зылиха оған өшiгiп күйеуiне айтып, жала жауып оны зынданға салдырады. Сол зынданда Жүсiп он екi жыл жатады.

Бiр заманда елдiң жаңа патшасы Раян деген кiсi бiр ғажап түс көрiп, оны ешкiм дұрыс жорып бере алмайды. Сол кезде Жүсiппен бiрге зынданда отырып шыққан шарапшы Жүсiптiң түс жорығыш қасиетiн патшаға жеткiзедi. Патша Жүсiптi зынданнан шығарып, түсiн жорытады. Көрген түстiң шешуiн тауып ”әуелi жетi жыл егiн жақсы болып, артынша жетi жыл аштық болады” деп жориды. Патша Жүсiптi өзiнiң шаруашылығына уәзiр етiп қояды. Ол жетi жыл аштықтың алдын алып, дайындалып елдi ашаршылықтан өз ақылымен құтқарып қалады.

Аштықтан қысылған ағалары Жүсiптiң елiне келiп паналайды. Олар Жүсiптi танымайды. Бiрақ, ол ағаларына үлкен сый-сияпат көрсетiп, келесi келгенде iнiсi Ибн Йаминдi алып келудi тапсырып жiбередi. Келесi келгенде ағалары Ибн Йаминдi алып келедi. Ағаларының келуiне қарсы Жүсiп керемет салтанатты сарай салдырады. Сарайдың iшiне өзiнiң құдықта қалғаны, ағаларының бұған жасаған қысастықтары туралы сурет салып, iшiне туыстарын кiргiзiп жайлайды. Ағалары суреттi көрiп қатты қысылады, бiрақ бұның Жүсiп екенiн бiлмейдi. Олар астық артып алып жолға шығады. Жүсiп астық тиегенде Ибни Йаминнiң жүгiне бiр алтын сауытты жасырып салады. Түйелер қақпадан шығар сәтте алтыным жоғалды деп жар салып, ол алтын сауытты Ибни Иаминнен тауып iнiсiн кепiл ретiнде алып қалады. Ағалары кетiп қалғасын iнiсiне өзiн көрсетiп, басынан кешкен оқиғаларын айтып бередi. Ағаларының жауыздығын, әкесi үшiн кешiрiм етедi. Оларды өз жанына шақырып алып, құрмет көрсетiп байлығынан бөлiп бередi. Жүсiптiң қанды көйлегiмен Жақыптың бетiн сүрткенде баласын сағынған оның көзi көрiп кетедi. Балаларының жасаған зұлымдықтарын естiп қайғырады.

Кезiнде жауапсыз қалдырған Зылиханы қырық жыл өткен соң кемпiр болғанда көрiп, қайран қалады. “Қырық жыл бойы күнi-түнi сенi ойлап осындай хәлге жеттiм”– дейдi Зылиха. “Дәлелiң не” дейдi Жүсiп. Зылиха: «Қамшыңды ұстап көр» – дейді. Қамшысын ұстаса Жүсiптiң қолы күйiп қалады Зылиханың ғашықтығына Жүсiп иланады. Зылиха баяғы сұлу қыз қалпына түседi. Екеуi некелесiп той жасап, бала сүйiп, бақытты болып барша мұраттарына жетедi.

Құл Ғали «Қысса Жүсiпте» негiзгi кейiпкер Жүсiп бейнесi арқылы, «әдiл де қадiрлi патша қандай болуы керек?» – деген сұраққа жауап iздейдi. Сөйтiп, мiнсiз патшаның тұлғасын жасап шығарды.

Жүсiп – сұлулық символына айналған кейiпкер. Өйткені, Тәурат, Құрандағы Жүсiптiң бiрiншi қасиетi – сұлулығы (Иосиф Прекрасный). Бiрақ Жүсiп пайғамбар бала күнiнде өзiн айнадан көрiп, таң қалғаны үшiн, мақтағанға салынғаны үшiн, Алла тағала жазалайды. Оны кейiн ағалары Мысырға құл қылып сатып жiбергенде, Жәбрейiл перiште былай дейдi:

Аудармасы: Иә, Жүсiп сен айнаға қарамап па ең,

Айнадан көркiң көрiп таңданбап па ең?

«мен сатылар құл болсам,- демеп пе едiң,

Менiң бағама кiм жетер!» – демеп пе едiң?

(Аударма А Қыраубаеванікі).

Сөйтiп, «бағама кiм жетер!» – деп мақтанған Жүсiптiң түкке тұрғысыз болып сатылғанын айтады. Патша болған кiсiге мақтаншылық жараспайтынын қиссада екi рет ескертедi. Екiншiсiнде Құддыс бегi Жүсiптiң жүзiн көрiп, ол келе жатқан керуенге айрықша құрмет көрсетедi, тiптi оны сатып алып келе жатқан Мысыр көпесiнен тартып та алмақшы болады. Сонда Жүсiптiң жүзiн бiр көрген 12 мың әскер түгел есi ауып, құлап қалады.

Алла тағала Жүсiптi онда да тәубасына келтiредi: керуен тағы бiр жерге барғанда, Жүсiпке ешкiм қарамай қояды, Сөйтсе ол қаланың адамдары Жүсiптен де сұлу екен. Оның себебiн түсiнген Жүсiп, Алла тағаланың iсiне шүкiршiлiк қылады. Осы екi мысал арқылы Құл Ғали – патшаға мақтансүйгiштiк жараспайтынын ұқтырады.

Көптеген авторлар Жүсiптiң қайраты, күштiлiгiне мән бередi. Табари «Тәфсирiнде» Жүсiп керуеннен Ибни - Иәмин атты iнiсiн алып қалу үшiн соғысады (Бұл жерде Жүсiп пайғамбарға Алла тағаланың көмек беруi деп түсiну керек). Фирдаусиде: пiлдей күркiреп тұрған кезде айналасындағылар қалтырап қоя бердi. Ал Дүрбек қиссасында ағаларымен әуелi Жүсiптiң ұлы Мишам жекпе-жекке шығады, Иаһуда мен Шамғұнды жеңген соң: «Әкем менен де күштi» - дейдi. Ағалары Жүсiптiң ұсынысымен, далада жатқан ауыр тасты көтерiп көрiп, орнынан қозғай алмайды, ал Жүсiп аяғымен түртiп қалғанда, тас қаңбақ құрлы болмай, шырқай ұшып, аспанға бiр-ақ шығады. Ғалымдар бұл бөлiгi түрiк фольклорынан енген дейдi.

Ал Құл Ғали мен Жүсiпбек Шайхұсламұлы («Жүсiп-Зылиха») қиссаларында патшаның аса күштiлiгi бiрiншi орында емес. Жоғарыда суреттеген он қасиеттiң ең негiзгiлерi: сұлу, жетпiс екi тiлдi бiледi, жұмсақ жүздi, мейiрiм шапағатты. Ғалида: «шапағатылы, марутлы». Жүсiптiң жетпiс екi тiлдi бiлуi сандық нышанға байланысты болып отыр.

Жүсiптiң адам ретiнде тағы бiр жақсы қасиетi әкесiмен қарым- қатынасы арқылы көрiнедi. Жақыптың Жүсiптiң жақсы көру себебiн қиссаларда баяндап жатпайды, оның төркiнi Жақып мифтерiнде сақталған. Жақып Жүсiптiң анасы Рахилдi жақсы көрiп, оны алу үшiн қыз әкесiне жетi жыл қызмет етiп, бiрiншi жолы ала алмай, Рахилдiң өзiнен үлкен апасы Лияға ерiксiз некелеседi. Рахил үшiн тағы жетi жыл қызмет етедi, сөйтiп сүйiктiсiне әрең қолы жеткен. Жүсiптiң ағалары Лия мен оның және Рахилдiң күңiнен туған болатын. Сол себептен Жақыптың Жүсiптi жақсы көруi өзiнен- өзi белгiлi жүйе болып есептелiнiп, қиссада дәлелденiп жатпайды. Өйткенi, бұл жердегi негiзгi әңгiме өзегi Жүсiпке байланысты өрбидi.

Жүсiп патшалығында елi мен билеушiсi үйлесiм тапқан бақытты халық өмiр сүредi. Жүсiптi Құл Ғали: «һеч кiмсеге чор жафа қылмаз емдi – Ешкiмге жапа- нала қылмас едi», немесе: «Тамам iшне ихсан иле iшлер емдi – Тамам iсiн қайырыммен iстер ендi», - десе Жүсiпбек оны:

Өзi ғалым, данышпан, ақылы кәмiл,

Қақ жарған қара қылды болды әдiл.

Аузынан шыққан сөзi шекер – балдай,

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]