Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Книга Жуманбаев каз..doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Аллергиялық синуситтер.

Мұрын қуысының аллергиялық ауруларына мұрынның қосалқы қуыстарының шырышты қабығының әртүрлі өзгерістерін рентгенологиялық (қалыпты және контрасты) зерттеулермен, немесе диафаноскоп және эхографиямен анықтайды. Томография мұрын қосалқы қуыстарының өзгерістерін жақсы көрсетеді. Кейде антроскопия жүргізіледі. Қосалқы қуыстың өзгерістері-аллергиялық гайморитті анықтайды. Аллергиялық риниттің маусымдық қозған кезінде науқастардың 65%-ында гайморит, кейде онымен бірге этмоидит, фронтит дамиды. Қуыстағы қабыну созылмалы және бір жақты, кейде тез қайтымды болады.

Инфекциялық ринитте қосалқы қуыстардың қабынуы - 85%. Көптеген синустер өзгеріске ұшырайды. Гайморит екі жақты болса, өзгерістері тұрақты.

Аллергиялық риниттің аралас (қосынды) түрінде екі жақты гиперсезімталдықпен (тозаңды және бактериальды, кейде үш антигенге қарсы) тыныс алу жолдарының шырышты қабығының клеткаларын зақымдап, ұлпаға қарсы аутоантиденелер құрылады. Аралас аллергиялық риниттің пайда болуы иммунитеттің төмендеуімен аллергиялық қабынудың күшеюіне байланысты. Бұларға жүре келе тағам және дәрі аллергиялары да қосылады. Қосынды (аралас) аллергиялық ринитте қабыну жоғарғы тыныс алу жолының барлық шырышты қабығына жайылады. Ринитке жөтелу, тұншығу ұстамасы, орталық отит симптомдары қосылады.

Қосынды аллергиясы болғанда, мұрын ішінде полиптер шығады. Науқастардың үштен бірінде пансинусит лабиринтетпен қоса дамиды. Гайморит - екі жақты, гиперпластикалық немесе полипозды. Ондағы өзгерістер аллергиялық реакцияның қай түрімен жүруіне байланысты. Егер қозу жаздыгүні дамыса, қабыну маусымды риниттегідей, егер қозу бактериальды инфекциялармен қыстыгүні дамыса, баяу аллергиялық реакцияның көріністері анықталады.

Қабыну көріністері аллергиялық реакцияның стадияларымен сипатталады. Вазодилятаторлық стадияның негізгі симптомы – мұрынның созылмалы бітіп қалуы. Гиперсекреторлы стадиясы –түшкіру ұстамасы жиі және мұрыннан сұйықтық мол ағады.

Ісіктік стадиясы – (созылмалы ісік) – мұрын кеуілжірлерінің күшті ісінуі, мұрын жолдарын толық жауып тастайды. Катаральды түрінде мұрын шырышты қабығы қызарған. Гиперпластикалық түрінде – мұрынның төменгі кеуілжірлерінің арт жағының және орталық кеуілжірлерінің алдыңғы жағы үлкейеді.

Полипозды стадиясында – көптеген уақ полиптер, әсіресе торлы лабирингтер маңында болады.

Аллергиялық риниттердің аса маңызды диагностикалық белгілері: аллергендермен қойылатын терілік және өршіту тесттері, мұрын жалқығында IgE-нің және секретінде эозинофилдер көбеюі. Әртүрлі риниттердің (атопиялық, инфекциялық, грибтік, химиялық препараттар) клиникалық көріністері бір-біріне ұқсас.

Мұрынның және оның қосалқы қуыстарының созылмалы аллергиялық қабынуы - тыныс алу жолының кең тараған патологиясы. Аллергендердің ингаляциялық жолмен түсуі, тыныс алу жолдарының басқа мүшелерінде сенсибилизацияға шалдықтырып, аллергиялық отит, фарингит (35%) тубоотит (8,3%) дамытады (В.С. Мошкевич).

Жедел аллергиялық фарингитті бірінші рет Квинке (1882) сипаттаған. Аурудың тілі, тілшігі, бадамша бездері, көмейдің кіреберісі ісінеді. Беті ісініп, есекжем пайда болады. Ісік кенет басталып, тез дамиды. Созылмалы аллергиялық фарингитте науқастардың көмейінде бір нәрсе тұрғандай, түкіріктің көбеюі, кейде жөтелуі, ауаның температурасы өзгерсе, көңіл күйі төмендейді. Суық су ішсе, фарингит тез қозады.

Көмейдің аллергиялық зақымдануы өте сирек, бірақ өте тез дамиды. Жедел ларингиттің үш түрі белгілі: диффузды, шектелген және сіңірасты. Диффузды аллергиялық ларингитте – тамағы жыбырлап, тамағында бір түйір бардай сезініп, жөтеліп, дисфония, дем алу қиындайды. Көмейдің шырышты қабығы ісініп, жалқық секретімен жабылады. Ісік тілшікті, кейде псевдодауыстың бүкпесін қамтиды. Шектелген аллергиялық ларингитте – дисфония, көмейінде бірдеме бардай жыбырлайды. Дауыс көп өзгермейді. Шын дауыс бүкпелерінің ісігі сирек кездеседі.

Сіңірасты аллергиялық ларингиті 5-7 жасқа дейінгі балаларда кездеседі. Көмей стенозы кейде трахеостомаға немесе кісі өліміне әкеледі.

Көмей ауруларының стадиялары: созылмалы аллергиялық катаральды ларингит, гиперпластикалық аллергиялық, ісікті-полипозды аллергиялық (Рейнике ісігі).

Халықаралық аурулар жіктемесі (1982) бойынша екі белгі ескеріледі: бірінші - нозологиялық түрі (аллергия), екінші – ақымдалған мүше немесе жүйе (мұрын, көмей).

Мошкевич В.С. (1992) жоғарғы тыныс алу жолдарының созылмалы ауруларының клиникалық жіктемесін жасаған, онда патогенезін, ағымын, түрін, стадиясын, патологиялық процестің қай мүшені зақымдағанын көрсетеді. Мысалы, диагноз – созылмалы аллергиялық ринит және синусит (гайморит), серозды түрі, (сенсибилизация өсімдіктердің тозаңына), қозу кезі, жеңіл ағымды, гиперсекрециялық стадиясы.

Аллергиялық риниттің емі. Қолданылатын бейспецификалық емдер көбінесе нейровегетативтік вазомоторлы ринитте көмектеседі.

Аллергиялық ринитті емдеу үшін арнайы аппаратпен мұрынның төменгі кеуілжірінің шырышты қабығының ультрадыбысты дезинтеграциясын жүргізеді. Мұрын ішінің дезинтеграциясы аллергиялы және вазомоторлы ринитте көмектеседі. Гиперсекрециялы ауруларды емдеуге атропин сияқты әсері бар беллоид тағайындайды. Аллергиялық ринитте дәрі электрофорез немесе фонофорезбен мұрын қуысына жібереді. Антигистаминдік дәрілер қышыну мен гиперсекрецияны басады. Эозинофилия жоғарғы сезімталдықпен мұрын арқылы дем алуды бұзса, баяу әсерлі субстанцияға және лейкотриендерге әсер ететін стероидтарды тағайындайды.

Аллергиялық риниттің симптомдарының дамуында негізгі рөл атқаратын - гистамин. Гистаминнің үш рецепторы белгілі, ауру басталғанда Н1, рецепторымен дамиды. Н1 – рецепторының антагонистері мұрын қуысының қышуын, ринореяны және түшкіруді азайтады, бірақ мұрынның бітуіне әсер етуі нашар. Бірінші шыққан антигистаминдік препараттар (супрастин, димедрол, тавегил) седативті және антихолинергиялық әсер етуінен және қысқа уақытта организмнен шығып кетуінен науқастарға қолданылмайды. (Н.Н. Речинская, 2001)

Кейін шыққан антигистаминдік препараттар (семпрекс, гисманал, аллергодил, цетрин, кестин және басқалар) жақсы нәтиже беруімен мұрынның ісінуін толық кетірмейді. Бұлар аллергиялық коньюнктивитті және есекжемді де басады. Бұл препараттар мұрын ісігін басатын препараттармен (псевдоэфедрин) қоса қолданылады. Псевдоэфедринді балаларға және жүйке жүйесі қозатын ауруларға беруге болмайды.

Қазіргі заманда аллергиялық ринитті емдеуге мұрын ішіне қолданылатын антигистаминдік препараттар (азеластин және левокабастин) жақсы және тез көмектеседі, ал күніне 2 рет алғанда аурудың алдын алуға да болады.

Кортикостероидтерді (будесонид, флунизолид, флукокортинбутил, флутиказон пропионат, мометазон фуроат, триамциналон) жергілікті мұрын ішіне пайдаланғанда, цитокиндер мен хемокиндердің шығуын және клеткалардың (Т-клеткалар мен эозинофильдердің) инфильтрациясын тоқтатып, қабынуды өте күшті басады. Мес клеткаларының саны шамалы азаяды.

Кортикостероидтерді жалпы (парентеральды және пероральды) қолдану - аллергиялық риниттер емінде ақырғы резерв. Керек жағдайда бір аптадай ғана беріледі. Сондықтан кортикостероидтерді аллергиялық риниттің ауыр ағымында жергілікті, үнемі қолдану керек.

Кромондар (кромолин және некромил натрий) мес клеткаларының мембранасын тұрақтап, медиаторлардың шығуын азайтады. Бұл препараттарды ауру басталардан 2-3 апта бұрын бергенде, жақсы нәтиже береді.

Ісінуге қарсы қан тамырларын тарылтатын препараттарға а1 – адренергиялық агонистер (мезатон) және а2 – адренергиялық агонистер (африн, галазолин, нафтизин), норадреналин босататындар (эфедрин, псевдоэфедрин, амфетаминдер) және норадреналиннің қайта сіңуіне кедергі болатын (кокаин, тримекс) жатады. Бұлар 7-10 күннен артық тағайындалмайды. Балаларға (1 жасқа дейінгі) және 60-тан асқан қарттарға, жүктілік кезінде, глаукомада, гипертонияда қолдануға болмайды.

Маусымдық аллергиялы риниттердің қозған кезінде аскорбин қышқылын, Р және Д витамин топтарын, рутин, натрий цитратының 10%-ертіндісін және май қосылған холестеринді алуды ұсынады. Е-аминокапрон қышқылының 5% ертіндісін қолдану және күкіртпен емдеудің бір курсын өткізу жақсы көмектеседі. Күкірт бүйрек үсті бездерінің қыртыстарының функциясын көтеріп, эндогендік кортикостероидтердің секрециясын көбейтеді.

Спленин, унитол, күкіртті магнезия инъекцияларын береді. Бета-адренорецепторларын белсендіретіндер (адреналин) жақсы көмектеседі. Тамыр тарылтатын дәрілердің емдік әсері 2-4 сағатқа ғана созылады. Бұл дәрілерді ұзақ қолданғанда қан тамырлары склерозға ұшырап, дегенеративтік процесс дамиды.

Созылмалы аллергиялық риниттің полипозды стадиясында хирургиялық емде орын алады. Полипотомиямен бірге антигистаминдік дәрілер, полипоздық аутоантигенмен арнайы гипосенсибилизация, кортикостероидтерді (парентеральді, фонофорезбен немесе мұрын ішіне) беру, спирт-новокаин блокадалары жүргізіледі. Қосымша трипсин тағайындау мұрын қабынуын азайтады. Трипсин стафилококк анатоксинінің иммуногендік қасиетін күшейтеді. Хирургиялық ем аллергиялық ринитте мұрын арқылы дем алуды қалпына келтіруге, инфекциядан тазарту және тітіркену ошақтарын алып тастауға бағытталады.

Антигендерді денеге, әсіресе өкпеге таратпау үшін радикальды операция жасамайды. Бірақ, конхотомияны, конкоантропексияны, төменгі кеуілжірге криотерапияны жүргізеді. Кейде хирургиялық операциядан кейін ауру қозуы болады. Сондықтан оны ауру қозудың алдын алатын дәрілерді (преднизолон) беріп емдеумен бірге жасайды.

Маусымдық аллергиялық ринитте гормонның аэрозолын қолдану көмектеседі.

Қосынды (аллергиялық, инфекциялық) аллергиялық ринитте оксикорт (тетрациклин+гидрокортизон) аэрозолы жақсы нәтиже береді.

Мошкевич В.С. қозған бактериальды аллергиялық ринитті емдеу үшін қысты күні аэрозольды беру схемасын ұсынады:

1,3,5,7 – тәуліктерінде құрғақ ингаляция комплексі – белсенді антибиотик – 0,1; сульфамид – 0,25; димедрол – 0,05; эфедрин – 0,012; аскорбин қышқылы – 0,2.

2,4,6,8 – тәуліктерінде – гидрокортизон – 0,025; димедрол – 0,05; хлорид натрий – 0,5% - 50.

9,10 – тәуліктерінде – димедрол – 0,05, эфедрин – 0,02.

Курортта шырышты қабықтың функциясын қалыптастыратын майлы ингаляциялары жүргізіледі. Ингаляция құрамына кіретін майлар: эвкалиптік, фенхел, шырғанақ, жалбыз, анис, лимон, лаванда, итмұрын және қызыл май. Аллергиялық риниттің қозуын комплексті емдеу керек.

Бұл айтылған емдеу әдістері аурудың қозуын басады. Бірақ аллергеннің жаңадан кіріп, рецидив шақыруынан қорғамайды.

Ең жақсы көмектесетін ем – аллергендерді аэрозолдік әдіспен беретін локальдық иммунотерапия.