Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
зін-зі тану маліміне арналан хрестоматия I ТОМ СИЕТ ГІМЕЛЕР.docx
Скачиваний:
7
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Түскі тамақ пен кешкі тамақ

С. Көбеев

Таңертең бала ешбір жұмыссыз үйде отырды. Түскі асты ішетін уақытта шешесі ет пен сорпа әкелді, бала сорпаны татып алды да: «Бүгін сорпа дәмсіз екен», – деді. Шешесі айтты: «Бұл дәмсіз болса, кешке дәмді сорпа пісіріп берермін»,–деп. Түскі тамақтан соң әкесі шөп тасыды. Баласы аттың басына мініп, шөптің төбесіне шығып, шаршап кешке үйіне келді. Кешкі тамаққа түстен қалған сорпаны, нанды, дастарқанның үстіне қойды. Баласы сорпаны татып байқады да айтты: «Түстегі сорпаңнан мына сорпа дәмдірек», – деп.

Сонда шешесі: «Бұл түстегі сорпаның қалғаны еді. Саған бұл сорпаның дәмді болғаны – сен түстен кейін жұмыс қылып, шаршадың. Таңертең ешбір жұмыссыз үйде отырған соң, ас саған дәмсіз көрінді», – деп айтты.

  • Неліктен балаға кешкі ас дәмдірек болып көрінді?

  • Еңбек еткен кезде сен өзіңді қалай сезінесің?

  • Сен үлкендерге қолғабыс жасай алып жүрсің бе? Әңгімелеп бер.

  • Әңгімеден қандай ой түйдіңдер?

Үш ұл

В. Осеева

Екі әйел құдықтан су тартып тұр екен, бұлардың қасына тағы бір әйел келіпті. Құдықтың тұсынан өтіп бара жатқан бір қарт кісі де дем алмақ болып, таяп келіп, құдықтың маңындағы тасқа отырыпты.

Әйелдердің біреуі:

– Менің ұлым батыл дакүшті. Төбелесе қалса, ешбір бала оған шақ келмейді, – депті.

Екінші әйел:

– Менің ұлым ән салғанда бұлбұлдай сайрайды. Ешбір баланың даусы даусына жетпейді, – депті.

Ең соңынан келген әйел үндемей тұра беріпті.

– Сен неге өз ұлың туралы бірдеңе айтпайсың? – деп сұрапты екі әйел.

– Не айтайын, баламның ешқандай ерекшелігі жоқ, – деп жауап беріпті ол.

Әйелдер шелектерін суға толтырып, үйлеріне қарай беттейді. Әлгі қарт та бұлардың соңынан жүріп отырады.

Жолда әйелдер шаршаған соң, шелектерін жерге қойып, әңгімеге кірісіпті. Қарт бұларды сынай қарап, бақылап тұрыпты. Осы кезде бұлардың алдынан жарыса жүгірген үш бала шыға келеді.

Балалардың біреуі жолдағы тастарды аяғымен зулата ұшырып келе жатады. Мұны көрген шешесі қатты қуанып, көңілі көтеріліпті.

Екіншісі бұлбұлдай сайрап, өлең айтып, өзінен-өзі құтырынып келе жатады. Оның шешесі де баласының мұнысына шаттанып, көңілі өсіпті.

Үшінші бала болса, жүгіріп келіп шешесінің қасына барыпты да:

– Апа, әкел, маған бер, – деп, шешесінің қолындағы су толы шелекті алып, үйіне қарай жүре беріпті.

Әйелдер қартқа бұрылып:

– Қалай, біздің балаларымыз сізге ұнай ма, қария? – деп сұрапты.

– Қайдағы балалар? Мен тек бір-ақ баланы көріп тұрмын, – деп, қарт шешесінің қолынан шелекті алып, өзі көтеріп бара жатқан баланы нұсқапты.

  • Аналары балаларының өнерлері туралы не айтты?

  • Қай бала анасына деген сүйіспеншілігін іспен көрсете алды?

  • Сендер үлкендерге қалай және қай жағдайда көмектесесіңдер?

  • Өзгелерге көмектескенде қандай күйде боласыңдар?

Сәулет пен Дәулет

А. Ормантаев

Дәулет жетіде, Сәулет алтыда. Түс ауа Дәулет сыртта ойнап жүрген.

– Сәулет қайда? Ойынға неге келмеді? – деді кішкентай Зәуреш Дәулетке.

– Білмеймін.

Ол жүгіріп үйге кірді. Сәулет еден жуып жатыр екен.

– Бүгін мамамның туған күні. Жұмыстан шаршап келеді. Үйді тазалап, еденді жуып қояйын деп жатырмын.

Дәулет қатты ұялды.

– Кел, екеулеп жуайық, – деді қызарақтап.

– Жарайды.

Олар еденді екеулеп жуды. Үйді жинастырды. Сай жағасынан гүл теріп әкелді.

– Мама, туған күніңіз құтты болсын! – деп, екеуі жұмыстан келген мамаларына гүл ұсынды.

– Рақмет, рақмет, құлыншақтарым! – деді мамалары екеуінің бетінен кезек сүйіп.

– Мама, бұдан былай күн сайын еденді біз жуып қоямыз. Жарай ма? Түк те қиындығы жоқ екен, – деді Дәулет.

– Иә, мама, түк те қиындығы жоқ.

Сәулет те оны қоштап жатыр.

– Міне, адам болды деген. Айналып кетейін сендерден! – деп, аналарының көзінен ыстық жас ыршып кетті.

  • Сәулет пен Дәулет аналарына қандай тосын сый жасады?

  • Сендер айналаңдағыларға қалай қуаныш сыйлайсыңдар?

  • Басқаларды қуанышқа бөлеу үшін адамға қандай құндылықтар ықпал етеді?

  • Өзіңнің жақындарыңды қуантқан кезің туралы әңгімелеп бер.